45. «Табиғат тағдыры – адам тағдыры» мәселесі бойынша өз ойыңызды пайымдап жазыңыз. Мына жарық дүниенің бар жақсысы, ең сұлуы, ең таңдаулысы, ең қолайлысы – адам үшін жасалған. Адам қажеттілігін өтеп, бар мүмкіндік сыйлап, жағдай жасаған – ол табиғат. «Жер-ана» деген тіркес бекерден бекер шықпаған. Жер бізді мәпелеп, аялап, жағдайымызды жасап, өміріміздің соңына дейін керемет өмірді сүруге мүмкіндік беретін анамыз секілді. Ана мұңайса- балаға мұң, бала мұңайса – анаға қайғы. Бірақ адамдар «қанағат» ұғымын ұмытып, «Жер-анасына» көп қайғы әкеліп жүрген секілді.
Адамның тағдыры табиғатқа байланған. Табиғат болмаса, адам өмір сүре алмақ емес. Таза ауасы мен шипалы суы, ну орманы мен асқар тауы жоқ мекеннің қадірі де аз. Ағашы оталып, суы тартылған табиғаттың адамзат үшін берері де жоқ. Ал берері жоқ табиғатта адам қалай тіршілік кешпек. Судың да сұрауы бар емес пе?! Біз өзіміз қазған орға өзіміз түсіп, өзіміз зардабын тартып жүрміз.
Соңғы уақытта не себепті өлім-жітім, ауру-сырқау көбейіп кетті? Неге таза ауамен тыныстау таптырмайтын дүниеге айналды? Жануарлар неге қырылып, ұзақ өмір сүре алмай жатыр? Неге? Сансыз сұрақ, бір жауап. Себебі – адам. Табиғатқа адам қолымен жасалған дүниелердің соңы табиғаттың бұзылуына, Құдай жаратқан шұрайлы қоныс, сұлу жеріміздің ластанып, қара түтінді аймаққа айналып бара жатқаны қынжылтады.
Артық қоқыс, зиянды заттардың кесірі таза ауаның, ауа, су айналымының бұзылуына, атмосфера қабатының ластануына әкеліп соқтырды. Қазақстан бойынша ең лас қалалардың көшін Жезқазған, Қаратау, Қарағанды, Шымкент, Теміртау, Өскемен бастап тұр. Көмір өндіріп, металлургия саласының дамыған аймағы дегенмен, ауа ластануы ауру-сырқау көбейіп, демографияға тікелей әсер етеді. «Не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаған. Дамыған елдерде қарапайым ғана қоқысты лақтыратын үш түрлі контейнерлер тұрады. Корея елінде үйден шыққан пластик ыдыстарды жуып, ішіндегі тамақ қалдықтарын бөлек жуып,тазалап, лақтыру керек. Олай жасамаса, үлкен көлемде айыппұл салынады. Соның арқасында, көшеде қағаз,пакеттер ұшып жүрмейді, ауа таза, адамдардың дені сау, артық мәселе жоқ.
Екіншіден, су және жарық энергиясын үнемді пайдалану. Бұл табиғатқа ғана емес, қаржы жағдайымызға да әсер етеді. Барлық электр құрылғыларын өшіру, үйден шыққан кезде әрдайым шамдарды сөндіру, энергия үнемдейтін шамдарға ауысу да табиғатқа жасаған жақсылығымыз, өзімізге деген құрметіміз болары анық. Себебі. адам өмірі табиғатқа, табиғат жағдайы адамға тікелей байланысты. Табиғи ортаның ластанбауына адамдардың терең түсінік-пайымы керек. Біз қоршаған ортаны қорғаймыз десек, балабақшадан бастап экологиялық тәрбиені үйреткеніміз дұрыс. Ата аналар тазалық сақтауды балаларының бойына неғұрлым ерте сіңірсе, соғұрлым іс алға басып, бүгінгідей күрделі жағдайлардың алдын алуға септігі тиеді.