26. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың ақындық әлемінің қуаттануына әсер еткен себептерін талдап жаз
«Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетінің алтын ғасырында дүниеге келіп, әдебиетіміздің алтын қорын байытқан теңдессіз шығарма. «Абай жолы» романында автор ұлы ақынның жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір кешкен сол дәуірдің шындығын мейлінше мол әрі терең бейнелейді. Абайдың өмірі мен күресін шынайы суреттеу арқылы жазушы бүкіл халықтың өмірі мен тағдырын, күресі мен ілгері ұмтылуын және соның тарихи перспективасын ашып көрсетеді. Романда Абай алуан түрлі қыры бар, шытырман, қат-қабат өмір кешеді. Автор оны сол заманның сипатын белгілеген кесек те күрделі оқиғалардың қалың ортасында көрсетеді. Абай романның әрбір тарауында өсіп, кемелденіп отырады. Автор аталмыш романда Абайдың ақындық әлемінің қуаттануына әсер еткен бірнеше кейіпкерлерді, жағдайларды оқырман назарына ұсынады. Олай болса, ақынның ақындық әлемінің қуаттанына түрткі болған себептерді талдап көрейік.
Біріншіден, ұлы ақынның ілім-білімге деген махаббатының ашылуына, ғылым жолын іздеп жүріп, ақындық жолға бет алып, ақындық қуатының артуына түрткі болған бірден-бір тұлға – Михайлов. Абай мен Михайловтың кедесулері – романның ең бір жарқын, бояуы қою беттері. Абайдың әділетті жақтайтын гуманистігін аса жоғары бағалаған Михайлов оны тайыз жатқан жерін де тез таниды және Абайға деген кеңесін сол арнада, сол бағытта береді. Михайловпен сөйлесе, пікірлесе жүрген Абай көп биіктейді. Әлеуметтік теңсіздіктер мен әділетсіздіктердің түп негізін, себебін ол енді терең, дұрыс түсінеді. Михайлов – Абайдың оқу-білімге көзін ашып, өмірлік азығын табу жолындағы басты бағдар беруші компас болды десек, қателеспейміз. Міне, Абайдың орыс достарынан алған үлгі-нұсқасы – осы. Бұл – қазақ ақынының бұдан кейінгі қызметінің программасы іспетті.
Екіншіден, жазушы Абайдың Пушкинмен жақындығын алғаш рет қазақ ақынының «Дубровскийді» оқып отырған сәтін суреттеу арқылы аңдатады. Бұл Пушкин творчествосының тереңіне Абайдың жаңадан бет қоя бастаған кезі еді. Ал романның екінші томының «Биікте» деп аталатын тарауында ұлы ақынның Пушкин поэзиясымен айырылмастай табысып, туысып кеткенін көреміз. Демек, Пушкин поэзиясы да Абайдың ақындық қуатының шыңдалуына негіз болғандығы дәлелдеуді қажет етпейтін аргумент деп білеміз.
Үшіншіден, Абайдың білім жолында жүріп, өз балаларын, ауылдағы жатақтардың, кедей-кепшіктің балалары Дәрмен, Данияр,т.б оқуға беруі, Әбіш, Мағаш, Күлбаданды жастайынан өнер-білімге жақындату үшін училищеге, Әбішті орыс досы Михайловтың кеңесімен жеке оқуға беріп, бала зейіндерін ашып, болашағына алаңдаушылық танытып, бар жағдайларын жасауы – Абайдың теңдессіз әкелік образы болатын. Абайдың ізімен ерген жас буын – Кәкітай, Мағаш, Дәрмен, Мұхаметжандарға асқан байыптылықпен бар білгенін үйретуі – Абайдың адамдық, ұстаздық, ақындық парызының орындалғанындай көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |