Қорытындылай келе, «Абай жолы» романындағы Абай образы – теңдессіз образ. Ұлы жазушы Ұлы ақынның образын жасауда асқан шеберлік пен қырағылық, тарихилық пен дәлелділікті алға тартқаны, бәрі – бәрі жоғары деңгейде екенін асқан ұқыптылықпен байқаймыз. «Абай жолы» романындағы Абай бейнесі – бүкіл бір халық бейнесі, Абай бейнесі – ұлт бейнесі, Абай бейнесі – мәңгілік өлмейтін, өшпейтін, асқар таудай алып бейне болып қала береді. «Абай жолы» романы арқылы ұлы жазушы М.Әуезов қазақтың ұлы ақыны Абай бейнесін сан ғасырлар өтсе де ұмытылмастай етіп, уақыт та уытын дарыта алмайтын, жоқтық та таңбасын түсіре алмайтын Абай бейнесіне мәңгілік ескерткіш орнатты.
27. Е.Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесінде көтерілген баспана
мәселесінің қазіргі күндегі өзектілігі қандай?
Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» атты әңгімесі – тілі жеңіл, түсінікті жазылған шығарма. Осы шығарманың негізгі кейіпкерлері – жас жұбайлардың пәтер, баспана мәселесіндегі қиындықтары арқылы автор қысқа ғана әңгімемен өмір шындығын айнытпай баяндайды. Шығарма басталысымен пәтер іздеп жүрген жас жұбайлар әңгіменің ең соңғы сөйлемін де «пәтер іздеп жүр едік» деп аяқтайды. Шығармадағы жас отаудың басынан кешкен қиындықтары, пәтер берушілердің жасаған озбырлықтары, жалпы баспана мәселесі тек шығармада ғана емес, бүгінгі қоғам өмірінің де жай-күйін айшықтап көрсетеді. Бұған шығарманың өн бойынан бірнеше мысалдар алып, қарастыруымызға болады.
Біріншіден, әңгіме басында кездескен делдал мәселесі қазіргі реалды өмір шындығының да бір бейнесі іспетті. «Шаңырақта 3 бөлмелі пәтерді 10 000 теңгеге аласыңдар» деп жас жұбайларды алдап кеткен делдал келіншектің образы бүгінгі таңда үлкен қаладан пәтер іздестіргенде көмектесеміз деп, сан соқтырып кететін риелторлардың бейнесін дәлме-дәл келтіреді.
Екіншіден, пәтер іздеп жүріп, барахолка базарын жағалаған жас жұбайлардың кездестірген ұйғыр әйелдің пәтерінің де жағдайы, ішкі аурасы қазіргі уақыттағы пәтерлерден де кездесіп жатады. Терезесі жоқ, бір бөлмелі, ит байласа, ит те тұрғысыз пәтер кейпі «баспана» деп атауға ауыз бармайтын жағдайда еді. Иә, бұндай пәтерлер қазіргі дамыған заманда да кездесіп жатады, баспанасыз жүрген жандар ақшасының аздығы, амалының жоқтығынан осындай пәтерлерді жалдап тұруға мәжбүр екенін көз көріп, құлақ естіп жүр.
Үшіншіден, шығармадағы назар аударарлық, бүгінгі күні де пәтер мәселесінде өзекті болып тұрған проблема – қымбатшылық. Жақсы пәтердің бағасының қымбаттығы жас жұбайлардың қолын байлап, біраз әбігерге түсіреді. Дәл осы мәселе бүгінгі қазақ қоғамында да өте актуалды тақырып болып саналады. Себебі, пәтер бағасының қымбаттығы үлкен қалалардан жайлы қоныстан орын тебуге мүмкіндік бере бермейтіні бәрімізге аян.
Төртіншіден, әңгімедегі пәтер алушылар мен пәтер берушілердің образы заман шындығына лайықталып суреттелген. Пәтер иелерінің қатаң талаптары көптің көңілінен шыға бермейтін талаптар десек те болар. Ұйғыр әйелдің жас жұбайлардың достары келгендегі сүйкімсіз әс-әрекеті, «темекі шегесіңдер» деп айыып тағуы, күндіз жарықты сөндіріп тастауы, терезесі жоқ, құрт-құмырсқа өріп жүретін пәтердің бағасын аспандатуы бүгінгі күнгі баспана мәселесінің де өзекті проблемалары іспетті. Шығарма соңындағы пәтер беруші шалдың «тамақ істегенде ыдыс-аяқты тарсылдатпайсыңдар, әйелің биік өкшелі аяқ киім кимесін, аяқтың ұшымен кіріп, ұшымен шығасыңдар, бала-шағаларың болмауы керек» сынды бір бөлмелі пәтерді жалға беру үшін қойған талаптарын жіпке тізе берсек, соңына жете алмастаймыз. Дәлосы мәселелер де бүгінгі таңда пәтер жалдап тұрушыларды сырт айналып кетер мәселелер емес. Заман шындығы, қоғам шындығы, бүгінгі таңдағы баспана мәселесі осы туындыда айна қатесіз суреттелген.
Қорытындылай келе, автор «Пәтер іздеп жүр едік» атты әңгімесі заманның, қала өмірінің шындығын арқау еткен шығарма. Осы әңгімесі арқылы автор баспана мәселесінің қоғам өміріне, адам өміріне тигізер кері ықпалын да көрсете білген. Жанұядағы ер мен әйелдің келіспеушіліктері де, кей жағдайда, баспана мәселесінен болатыны рас. Осы жәйт арқылы да автор тек пәтер, баспана мәселесін көрсетіп қоймай, қоғамдық маңызы бар проблемаларды жаңа сатыға шығарып, суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |