Негізгі әдебиеттер



бет13/21
Дата14.09.2023
өлшемі0,73 Mb.
#107919
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21
Байланысты:
Жахандану УМК

Бақылау сұрақтары
1. Жаһандану мен мәдениеттің өзара арақатынасы туралы батыстық
концепциялардың айырмашылығы.
2. Жаһандануды типологизациялау негіздерін атқару.
3. Өркениеттің техногендік жєне дәстүрлі кодының негізгі сипаттамасы
қандай?
4. Жаһандануды әлеуметтік-генетикалық код деп түсінуді негіздеңіз.
5. Адамдар өркениеттік дамуға қалай әсер етуі мүмкін?


Ұсынылған әдебиет
Негізгі әдебиет:
1. Степин В.С. Проблемы цивилизационного развития и глобальные процессы // Диллемы глобализациии. Социумы и цивилизации: иллюзии и риски. – М.: Вариант, 2002. – С. 248-249.
2. Глобалистика: Международный междисциплинарный энциклопедический словарь / Гл. ред.: И.И.Мазурь, А.Н.Чумаков. – М.- СПб.: ИЦ «Елимаң, 2006. – 321 с.
3. Златев В.В. Вектор перемен и глобализация. // Диллемы глобализации. Социумы и цивилизации: иллюзии и риски. – М.: Вариант, 2002. – С. 52-63.
4. Вебер А.Б. Глобализация и устойчивое развитие: проблемное поле // Диллемы глобализации. Социумы и цивилизации: иллюзии и риски. – М.: Вариант, 2002. – С. 283-298
Қосымша әдебиет:
1. Лебедева Т.П.. Глобализация и проблемы национальной идентичности // Полис. - 2003. - № 2. - С. 48-57.
2. Чешков М.. О видении глобализирующегося мира // МЭ и МО. – 1999. - № 6. - С. 46-54.
3. Неклесса А.И.. Актуальные проблемы глобализации // МЭ и МО. - 1999. - № 4. – С. 42-43.
4. Покровский. Н.Е.. Глобализация. Модернизация. Россия // Полис. – 2003. - № 2. - С. 35-43.
5. Ульрих Бек. Что такое глобализация? – М.: Прогресс-Традиция, 2001. – 372 с.
1.3. Жаһандану үрдісіндегі батыстық және шығыстық құндылықтар

ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. Батыс Еуропа елдерінде буржуазия ұлттық мемлекет құру ұранын көтерді. Және осы ұранның арқасында Еуропада ұлттық мемлекеттер пайда болды да. Бұл ұлттық мемлекеттер ұлттың өзін-өзі сақтау құралы ретінде дүниеге келді. Бірақ, халықаралық құқық жүйесі ұлттардың егемендігін бекіткенімен, мемлекет ұлттың өзін-өзі сақтау, даму құралы болғанымен нақты өмірде бұлай болмады. Мұндағы бір парадокс ұлттық мемлекеттер дәуірінде мемлекеттердің көбі түрлі ұлыстардан, этностардан құралды. Барлық мемлекеттер осы ретте осы ұлыстардың әсіре ұлтшылдыққа ұрындырмауға, сөйтіп, мемлекеттің тұтастығын бұзып алмауға ұмтылды. Ғылыми теориясына жүгінсек ұлтшылдық дегеніміз бір мемлекетте тұратын екі немесе одан да көп этностардың біреуі немесе барлығы бірдей өз ұлтының тілін мемлекеттік тілге айналдыруды, билік органдарын өз өкілдерінің басқаруын, мемлекеттің өзінікі болуын қалайды, сол үшін саяси тәсілдермен күреседі. Ұлтшылдық кейбір тарихи кезеңдерде, бірде тұрғын халық отарлаушылардың кетуін талап етіп, бірде екі ұлыс мемлекеттегі билікке, саяси ықпалға таласып ел тұтастығына, ішкі тұрақтылық пен дамуға қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай ұлтшылдықтың тамырына Еуропада ертерек балта шабылды. Яғни, өндірістік-индустриалдық мәдениет қалыптасып, этникалық мәдениеттерді ығыстырып шығарды. Сондықтан, Еуропалықтар этникалық тұтастықтан гөрі, мемлекеттік тұтастық, саяси бірлікті «ұлт» деп таныды. Батыс Еуропаның қоғамдық ғылымында да бірнеше этнос бір мемлекетте бейбіт қатар өмір сүретін болса, ол мемлекеттің жұртшылығы біртұтас ұлт болып есептелді.


Ал, Шығыс елдерінің тарихы, мәдениеті, индустриясының даму деңгейі Еуропа мемлекеттерінің тарихынан, даму дәрежесінен, өркениетінен, діни түсінігінен бөлек еді. Бұл елдердің мәдениеті де, ондағы ұлттардың қалыптасу тарихы да басқаша өрбіді. Сондықтан, ұлт пен мемлекеттің жігін ашып, ұлттық мемлекет деген ұғымды толық түсіну үшін біз ұлт, этнос жайындағы ғылыми теорияларды шолып шығуға тиіспіз. «Жаһандану жағдайында көпұлтты Отанымызда қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшін ұлттық саясатта қандай мақсаттарды таңдауға тиіспіз? Қазақстан халықтарын біріктіру үшін қандай құндылықтарды насихаттау керек? Бізге бір ұлт болып ұйысу мүмкін бе?»,- деген сұрақтарға жауап беру үшін осы «ұлт» ұғымының ғылыми тұжырымдамаларын сүзіп шығуға міндеттіміз. Батыс ғалымдарының түсінігі бойынша және Батыс Еуропаның бүгінгі өмірінің ерекшеліктеріне қарағанда ұлт дегеніміз – дамыған қоғамдағы этностың жетілген түрі. Ұлт дегеніміз - феодалдық ыдыраңқылық жойылып, капитализм орнаған кезде, яғни шаруашылық және басқа да экономикалық-кәсіби қатынастар күшейген кезде, жаппай сауаттылық тарап, бір тілде әдебиет жазылып, білім беру мен өндірістік қатынастар бір тілде жүргізілгенде, сол тіл арқылы ұлттық сана-сезім пайда болғанда қалыптасатын тұтастық. Бұл анықтама Шығыс елдеріндегі ұлт анықтамасына сәйкес келмегенімен, Еуропа елдерінің тарихына сәйкес, дұрыс анықтама.
Шындығында, Батыс Еуропа ұлттары капитализмнің арқасында қалыптасты. Капитализм жеке меншік пен саудаға негізделген құбылыс, сондықтан ол демократия шеңберінде ғана дамиды. Ал, демократиялық мемлекет бейбіт өмір сүре алатын, біртұтас халықтың мемлекетінде ғана орнығады. Батыс Еуропада жеке меншік сезімі, нарықтық қатынастар ерте бастан бекіді. Мұнда әр адам еңбегі мен өнімін сатып, қаражат қорын жинайды. Ал, сауда жүру үшін бір ғана тауар емес, алуан түрлі бұйымдар сатылуы керек. Бәсекеде озып шығу үшін қаражат қорын өндірісті кеңейтуге салу қажет. Бұл капитализмнің бастапқы талаптары ғана еді. Сауда мен бәсеке адамдарды өндірістің тиімді жолдарын іздестіруге итермеледі. Адамның ғылымға құмар табиғаты да индустрианың дамуына әсер етті. Осының өзі Батыс Еуропадағы ұлттық мемлекеттердің нығаюына әкелді. Мысалға, Ұлыбритания мен Францияда ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.ғ. негізі қаланған ұлттық мемлекетті мықты державаға айналдырды. Буржуазия бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті орнататын мемлекетті пайдаланып қоғамды ұйымдастыруды, сол арқылы өздерінің мәртебелерін, байлықтарын көбейтуге мүдделі болды. Бұған, олардың патриоттық сезімдерін қосамыз. Сонда, капитализм мен өндірістік технологияның дамуы ұлттық мемлекеттің негізгі институттарын, мысалға, экономикада ішкі нарық пен өндіріс стандарттарының, әлеуметтік-мәдени салада ортақ баспасөз бен білім беру жүйесін, саясат саласында бюрократиялық орталық үкімет пен ортақ заңдарды, идеологиялық салада ұлттық бірлік идеологиясын қалыптастырды [12, 91 б.]. Сондықтан, ұлттардың пайда болуы Еуропада демократиялық мемлекеттердің құрылуымен тікелей байланысты болды. Ал, капитализм мен ұлттың қайсы бірінші пайда болды деген сұраққа тарих әрқалай жауап береді. Мысалы, бірінші мәдени туыстық бойынша саяси билік орнайды (Франция), содан кейін бұл билік тілді, мәдениетті, әдебиетті барлық ұсақ ұлыстарға ортақ дүниеге айналдырады. Екінші бір елде тілі, діні бөлек ұлыстардың үстінен бірінші саяси билік орнап, одан кейін ортақ тіл, ұлттық символдар пайда болады (Италия). Дегенмен екеуі бір-бірімен диалектикалық байланыста өріліп жатқан дүниелер. Феодалдық ыдыраңқылық жойылғанда қай ұлыс қай астанаға бағынып кетті сол күйі ұлттық мемлекет құруға кірісті. Мысалға, Италиян ұлтында түркі халықтарындағыдай бір адамнан тараймыз деген аңыз да, ұлттық тұтас мәдениет те болмаған. Италиян ұлты ХІХ ғасырда орталық үкімет пен халық арасындағы клиенттік қатынастар арқылы бірікті. Яғни, ортақ нарық, ортақ саяси биліктің, ортақ заңдардың арқасында ала шұбар халық бір ұлтқа айналды. 1860 жылы халықтың 3 пайызы ғана италиян тілінде сөйлейтін. Өндірісті, ғылымды, білім жүйесін, баспасөзді, заңдарды орталық үкімет италиян тілінде дамытып әкеткендіктен ғана қазіргі Италиян ұлты пайда болды [13, 95 б.]. Үкіметтің ұлтты қалыптастыруының жарқын мысалын біз Францияның тарихынан да көре аламыз. 1789 жылы Франция халқының жартысы француз тілін білмейтін.
Францияда 1833 жылы әрбір коммуна бір мектеп ашсын деген заң шығады. 1847 жылы мектептер екі есе көбейді. Мектептерде сабақ тек француз тілінде жүрді. 1881 жылы бастауыш мектепте оқу тегін болды да, 1882 жылы бастауыш мектепте оқу міндетті деп жарияланды. Сөйтіп, 1863 жылы халықтың 80 пайызы французша сөйлей алатын дәрежеге жетті. 1880 жылы Бретон түбегіндегі жағдай туралы Франция Үкіметіне берілген есепте түбекті Францияның құрамына қосып алу үшін алдымен мектептер салу керектігі жазылған. Мектеп салудың маңызы «түбекті Францияға толық қосып береді және тарихи аннексия, мәдени тұтастану процесін аяқтайды» деп анықталған. Бірақ, бұл ғасыр демократияның орнығуының алғашқы сатысы болғандықтан, француз тілінде оқытатын мектептер зорлықпен салынды және балалардың санасына ұлттық патриотизм мектептер арқылы «қолдан» сіңірілді. Француз тілін үйрене алмай, бретон тілінде сөйлеп жүрген балаларды кемсіту, тіпті әкімшілік шара қолданып жазалау тәсілдері кеңінен қолданылды [14, 61 б.]. Сөйтіп, Батыс Еуропа елдерінде ұлттар азаматтық негізде, саяси бірліктің арқасында қалыптасты. Мемлекет базарларында адамдар өз өнімдерін сату үшін немесе білім алып, заңдарды пайдаланып, саяси карьера жасау үшін сол мемлекеттің заңдарын, тілін, білім стандарттарын, яғни жоғары мәдениетін қабылдауға мәжбүр. Мұның атын ағылшын этнологы Энтони Д. Смит «азаматтық ұлт» деп атады. Капитализм белгілі бір территорияда экономикалық интеграцияны күшейтіп, сауда мен айырбастың дамуына жағдай жасады. Мемлекет салық жинау мен кейбір салаларда өзінің монополиясын орнатудың, күш қолдану құқының арқасында қоғамда билігін күшейте түсті. Біртіндеп мемлекеттің билігі жүретін жердің барлығына бірдей стандарт кәсіптер мен біліктілік жүйесі орнады. Адамдардың білім алуын, экономикалық машығын қалыптастыруды өз қолына алған мемлекет ұлтты жасап шығатын қуатты тәрбие орны ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасып болды. Мысалға, ХХ ғасырда Франциядағы негрлер мен еврейлерге үкіметтің сыңаржақ саясаты қатты әсер етті. Олардың мәдениетін, тілі мен дінін үкімет мүлдем ескерген жоқ. Олар сол әлеуметке сіңіп, өмірде өз орындарын тауып кету үшін француз мәдениетін игеруге мәжбүр еді. Сөйтіп, француз еврейлер, француз негрлер пайда болды. Бұл Францияның капиталистік, индустриалдық мәдениетті француз мәдениетінің, француз тілінің негізінде қалыптастырғанынан болды. Осындай индустриалды мемлекеттік мәдениетті Еуропа «ұлтң деп түсінеді. Осы француз мәдениеті арқылы біріккен құрама халық – Франция егемендігінің негізі болды. Яғни, заңдар мен әлеуметтік, құқықтық институттардың ортақтығы ұлттық бірлік деп түсінілді. Батыс Еуропаның ұлтты экономикалық-саяси бірлік деп түсінуіне тағы бір аса маңызды фактор әсер етті. Бұл ХVІ ғасырда басталған процесс еді. Осы уақытта рухани сала Еуропада реформацияның ықпалына түсті. Шіркеуді тәркілеумен бірге, қоғамдық сананың діннен ажырауы жүріп жатты. ХVІІ ғасырдың ортасынан бастап христиан әлемінде латын тілінің ролі төмендеді. Бұл біріншіден христиандық шіркеудің өз ішінде жүріп жатқан ыдыраңқылыққа байланысты болса, екінші жағынан буржуазия мен сауданың ықпалы артып, Еуропаның жеке-жеке аймақтарындағы саяси һәм шаруашылық коммуникациялардың күшейе бастағанына да байланысты еді. XVII ғасырдың ортасынан бастап Еуропада латын тілінде кітап басу азайды. Еуропаны біріктіріп тұрған дін тілінің құлдырауы өте терең тарихи процестің басталуына түрткі болды. Еуропаның діни тұтастығы бұзылып, мұның соңы бұрынғы мемлекеттік-аймақтық жікшілдіктің күшейе түсуіне ұласты. Сөйтіп, секуляризация процесінің ықпалымен аймақтық діндер Еуропа ұлттарының қалыптасуында негізгі рөл ойнаған жоқ [15, 78 б.]. Сондықтан, Еуропада дін ұлттың негізгі белгісі саналмайды. «Ұлт» ұғымы экономикалық-саяси бірлік тұрғысында ғана қаралады. Ұлт сөзі Шығыстағыдай бостандық, ар-ождан, намыс, имандылық, адалдық, айнымастық сияқты рухани-моральдық категорияларымен байланысты емес. Батыс Еуропадағы тілдік бірлік негізінде қалыптасқан азаматтық ұлттардың ортақ саяси биліктің ықпалымен қалыптасуының сыры да осында. Яғни, әр түрлі ұлыстардың ұлттық мемлекеттерге бірігу кезінде діннің жіктеуші, жауластырушы ықпалы болған жоқ. Сөйтіп, мұнда ұлттың азаматтық негіздегі түсінігі қалыптасып шықты. Мысалға, қазір Шығыс елдерінен барған адамдарды Франция азаматтығын алған соң француз деп атай береді. Олар өздерінің мүдделерін мемлекеттік саясатқа енгізіп, мәдениетін, тілін дамыту құқықтарын саудалай алмайды. Өйткені, мұндағы мемлекет пен ұлттың арасы ажырағысыз. Индустрия жұмысының, кәсіби қатынастар мен білім жүйесінің бір тілде қалыптасып қалған коммуникациялық әдетін иммигранттарға бола өзгерту мүмкін емес. Сондықтан, адамдардың ұлты азаматтығына, яғни сол мемлекетте қалыптасқан индустриалды жоғары мәдениетті қабылдауына қарай анықталады. Батыс Еуропа мемлекеттерінде ХХ ғасырда халықтың ортақ идентификациясын арнайы «қолданң қалыптастыру проблемасы болған жоқ.
Осындай тарихи үрдістің нәтижесінде ұлттың қалыптасуын әр түрлі тұрғыда қарастыратын түрлі концепциялар пайда болды. Бұл теориялардың бәрін болмаса да негізгілерін талдап шығу бізге Еуропадағы мемлекеттердің мәдени тұтастығының негізі, яғни мемлекеттік егемендік принципінің ерекшелігі мен Шығыс елдерінің, соның ішінде Қазақстанның ұлттық егемендігінің идентификациялық негіздерін түсіну үшін қажет. Ұлтты саяси-экономикалық феномен деп санайтын тұжырымдамаларды конструктивистік теориялар деп атайды. Осы теориялардың ішінде Еуропаның ұлт жайлы түсінігін біршама толық сипаттаған Эрнест Геллнердің тұжырымы болды. Э. Геллнердің «Ұлт және ұлтшылдық» атты еңбегінде ұлттың қалыптасуының Еуропаға тән себептері талданған. Оның тұжырымы бойынша ұлттың пайда болуы индустрияның дамуымен байланысты. Э. Геллнер кез-келген қоғамның ұлтқа айналуы жазу-сызудың, стандарт кәсіптердің (индустрияның), сол кәсіптерді үйретіп, өндіріске маман даярлап отыратын білім жүйесінің пайда болған кезінде іске асады деп қорытады. Яғни, индустрия дамымай тұрып ұлт қалыптаспайды. Өйткені, ұлттың түрлі кәсіп игеруге негізделген және жалпы ұлттық білім, заң стандарттары арқылы интеграцияланған индустриалды мәдениетін тек ұлттық білім жүйесі мен ортақ заңдары арқылы жасауға болады. Ал, бүкіл ұлттың білім жүйесін қаржыландыру, яғни, оның мамандарын дайындау, кітабын шығарып, жекелеген пәндерін дамыту, ғимаратын салып, методикасын жетілдіріп отыру мемлекеттен басқа ешкімнің де қолынан келмейді. Жеке кәсіпкер болсын, мектеп пен жоғары оқу орындарында балаларын оқытатын ата-аналар болсын мұндай аса маңызды және сала-салаға бөлінген тармақты жүйенің жұмысын тұрақты түрде қаржыландырып отыра алмайды. Сондықтан, мемлекет пен ұлт ажырағысыз ұғымдар және индустриалды қоғамның ғана ұлт болып саналуға хақысы бар. Ал, аграрлы немесе жартылай индустриалды мәдениеттер көп салалы, жоғары индустриалды мәдениеттердің ықпалына төтеп бере алмай тарих сахнасынан кетеді [16, 110 б.]. Э. Геллнер ұлттың қалыптасуын индустриалды мәдениетпен байланыстырғанымен, кез-келген ұлттың тамыры ежелгі этнографиялық-дәстүрлі мәдениетте жатыр деп санайды. Бірақ, дәстүрлі этнографиялық мәдениеттің толыққанды ұлттың қалыптасуына жеткіліксіз екенін айтады. Э. Геллнердің пікірінше, индустриалды мәдениет жазу-сызудың пайда болуына, іргелі ғылымдар мен білім стандарттарына тәуелді. Яғни, ұлттың кез-келген өкілі сол ұлттың мемлекеттік мәдениетін, ұғымдарын, стандарттарын қолданып қана өмір сүре алады [16, 119 б.]. Мемлекеттің міндеті де қоғамда мәдени ерекшелік, түсініспеушілік тудырмау. Өйткені, көп салалы индустрия адамдар бір-бірін еркін түсінген жағдайда ғана дамиды. Егер, мәдени ерекшелік туындаса ол мемлекеттің, немесе білім жүйесінің өз жұмысын дұрыс атқармағаны болып саналады. Білім жүйесінің міндеті өз кәсібін шебер меңгерген, тұтынушы қоғаммен тығыз жұмыс істей алатын мамандар дайындап шығару. Сөйтіп, тіл мен мемлекет Геллнер концепциясы бойынша ұлттың іргетасы. Бұл тұжырым ұлттың бірлігін қамтамасыз етуді маңызды мақсат ретінде белгілегенімен адамдардың этникалық ерекшеліктеріне мән бермейді. Тұжырымдаманың мазмұны шыққан тегіне қарамастан адам белгілі бір қоғамның мәдениетін, тілін меңгерсе ол сол ұлттың өкілі болып шыға алады, сондықтан, ұлттық мәдениетті қолдан жасауға да болады деген пікірге саяды.
Ұлтты азаматтық негізде, мемлекеттен ажырағысыз етіп түсіндіретін тұжырымдардың ішіндегі қабырғалысы Бенедикт Андерсонның «ұлттық тұтастықтың елесі» концепциясы. Б. Андерсон бойынша, антропологияға сүйеніп ұлттың мынадай анықтамасын ұсынамын: ұлт дегеніміз адамдардың ойындағы тұтастық елесі және ол тұтастық егеменді қоғам түрінде елестейді. Яғни, ұлт деген - елес. Өйткені, ең шағын ұлыстың адамдары да бірін-бірі түстеп танымайды. Тіпті түгелі бір уақытта бір жерге жиналмайды. Ұлт өкілдерінің тағдыры туралы да жекелеп білмейді. Бірақ, ұлыс өкілінің есінде өзінің ұлт мүшесі екені сақталады. Және ұлт әрқашан достық, туыстық қатынастар түрінде елестейді. Дәл осы елес мыңдаған жылдар бойы адамдарды ерлік жасауға, жан қиюға, бірін-бірі өлтіруге итермелеп келеді. Сондықтан болар белгісіз солдаттан артық қазір ұлттық символ жоқ. Оның қабірінде ешкім жатпауы да мүмкін. Бұл ұлттың адамдар санасында елес, идеал ретінде өмір сүретінінің белгісі [17, 78-79 бб.]. Андерсонның айтуынша, бұл елестің күшті болатын себебі «адамдардың түсінігінде ұлт - киелі феномен». Адам дүниеге келгенде ұлтын таңдамайды. Сондықтан, ұлтты өзінің пешенесіне жазылған тағдыры, құдайдың сыйы деп түсінеді. Сөйтіп, өз болмысына, өзінің жоқтан бар болып жаралғанына құрмет сезімімен, аялай қараса, өзінің ұлтына да сондай ыстық сезіммен қарайды. Кейде бұл өзін-өзі сақтау түйсігімен астасып та жатады, адамдардың санасындағы ұлттық тұтастықты сақтауға баспасөз бен әдебиет еңбек етеді. Әсіресе, роман кейіпкерлері тарих пен ұлттық мінездің елесінен туындайды. Кейіпкерлер дәл солай өмір сүрмеген болуы, тіпті ондай адамдардың болмауы да мүмкін. Бірақ, ұлттық роман ұлт тағдырындағы тауқыметтің, болмаса ерлік кезеңнің нақты елесін береді. Газет оқу да іштен, үндемей отырғанда жүретін процесс. Газет оқыған адам өзі сияқты миллиондаған адамдардың да сол мезетте тура сол газетті оқып отырғанын бейсана түрде сезеді. Андерсоннның айтуынша осы баспа ісі пайда болған кезде ұлтшылдық та адамдардың санасына сіңе бастады. 1520 жылдан бастап Батыс Еуропада кітап басу ісі қарқынды дамыды. Кітап басу дамыған сайын ұлттардың топтасуы да күшейді. Баспа ісі туыстас диалектілердің бірігіп, ұлттық тілге айналуына әсер етті. Біртұтас тіл ортақ сана-сезімнің қалыптасуына жағдай жасады. Бірінші, бірегей ұлттық коммуникация өрісі пайда болды. Екінші, тіл тарихты, ұлттың өткенін, болашағын суреттеудің құралына айналды. Тарихпен бірге ел қорғаған батырлар бейнесі, ұлттық мінез түйткілдері, ортақ құндылықтар айқындалды. Үшінші, баспа тілі миллиондаған адамдарға ортақ әкімшілік, билік органдарының ортақ тілін жасап берді [18, 35-36 бб.]. Сөйтіп, Б. Андерсон тілдері бір-біріне ұқсамайтын тайпалар баспа тілі арқылы бірігіп ұлтқа айналды дейді. Яғни, бұл жерде де Э. Геллнердің тұжырымындай адамның ұлтын анықтауда шыққан тегінен гөрі өзі саналы түрде таңдап алған мәдениетіне мән беру басым. Геллнердің тұжырымдамасы мен Андерсонның тұжырымдамасының ұқсастығы - ұлтты мемлекетпен, капитализммен, территориямен біріктіріп түсіну, қан, тұқым бірлігіне мән бермеу. Екі зерттеуші де мәдениет бірлігін қалыптастыру мен сол мәдени бірлікті сақтаудың маңыздылығын анық көрсеткен. Бұл жалпы мемлекетті сақтаудың, егемендікті нығайтудың әмбебап жолы. Мұны ескермесе бұл тұжырымдар саяси жағынан піспеген, шикі тұжырымдар болар еді. Оның ішінде екеуінде де тіл бірлігіне көп көңіл бөлінеді. Жалпы конструктивистік теориялардың барлығы да ұлт мәдениетті қолдан жасау арқылы қалыптасады деген тұжырымға негізделген. Бұл және өзінің жемісін берген, нақты өмірде дәлелденген тәсілдер.
Жоғарыда сипатталған тұжырымдарды толықтыра түсетін тағы бір зерттеуші К. Хэйес. Оның пікірінше, ұлт деп тілі мен мәдениетінің айырмашылығына қарамастан бір мемлекетті мекендейтін халықтарды айта береді. Мемлекет тұтастығын сақтау үшін барлық азаматтардың өздерін белгілі бір мәдениетке жатқызғаны ауадай қажет. Ал, бұл ұлттық идентификация егемендіктің негізі. Бірақ, ұлттар ұлттық мемлекетсіз де өмір сүруі мүмкін. Хэйес «ХV-ХVІІ ғ.ғ. ұлттық сананың қалыптасуына Еуропаның монархтары көп ықпалын тигіздің - дейді. Яғни, «Монархты ұлттық бірліктің символы деп қарау арқылы алғаш ұлттық сана қалыптаса бастады», - дейді. Бірақ, ұлттық сана-сезімнің кемелденуі тек ұлттық білім беру жүйесі құрылғанда, барлық адамға бірдей әскери борыш жүктелгенде, бір тілде арзан һәм ықпалды газет-жорналдар тараған кезде ғана іске асады. К. Хэйес, «Мемлекет қаржыландырып, басқарып отырған білім жүйесі арқылы ұлттылық қалыптастың [16, 75 б.], - деп қорытады. Яғни, ғасырлар бойы жергілікті аймақтарда қалыптасқан менталитет пен тарихи дәстүрлердің басын біріктіріп мемлекет мәдениет жасайды да, соны бір тілде туыстас халықтардың бойына сіңіреді. Француз революциясынан кейін бұл тәсілді (білім беру жүйесі мен газет-журналды) басқа халықтар да қолдана бастады. Сөйтіп, К. Хэйестің тұжырымы бойынша, ұлт бір мемлекетті мекендейтін халықтардың жиынтығы, жасанды мәдени тұтастық. Мәдени тұтастық табиғи емес, жасанды болған соң, сол ұлттылықты этникалық, генеалогиялық ерекшелігіне қарамастан білім жүйесі арқылы бойына сіңірген адамдардың бәрі ұлттың құрамына кіре береді.
Ұлт ұғымын Еуропалық тұрғыда түсінудің тағы бір классикалық тұжырымын Фред Риггс жасады. Оның пікірі ғылымда қалыптасқан ұлтты этникалық және азаматтық негізде жіктеу принципіне бағынбайды. Ф. Риггс «Адамның сыртқы пішіні, мысалға түр-түсі, тілі мен діні, ата-тегінің шежіресі, туған жері оның қай ұлттың өкілі екенін білдірмейді. Біз оның бойына сіңірген мәдениетіне қарауымыз керек. Яғни, адамның қай этностың өкілі болатындығы оның табиғи жаратылысымен емес, психологиялық, моральдық, интеллектуалдық қасиеттерімен анықталады», - деп жазды [19]. «Өзін-өзі бір этносқа жатқызу әлеуметтік қарым-қатынастардан шығатын дүние. Яғни, адамдар ұлтын өздері анықтайды. Бірақ, кейде этнос ол адамды қабылдамауы мүмкін»,- дейді. Сондықтан, адамдар өзінің ұлтын анықтаған кезде бұл мәселені өзі ғана шешпейді, «...ең соңғы сөзді этносқа бұрын қабылданған адамдар айтады». Ф. Риггс ұлттың пайда болуын жеке адамдардың шешімі, психологиялық талғамы деп санайды. Жалпы қисыны бойынша бұл да ұлтты қолдан жасауға, ұлттылықты таңдауға болады дейтін азаматтық ұлт теориясының бір түрі.
Ұлт мәселесін классикалық тұрғыда зерттегендердің бірі Ханс Кон. Ол ұлт демократия мен индустрия пайда болған кезде шықты дейді. «Ұлт, - дейді Х. Кон, - ХҮІІІ ғасырдан екінші жартысында ғана пайда болды. Пайда болуының алғышарттары, мүмкін, арғы ғасырларда қалыптасқан шығар. Бірақ, бұл бертінгі құбылыс». Оның пікірінше ұлт пайда болуы үшін халық егемендігі идеясы мен қоғамдық сананың секуляризациясы, индустриалдық өндірістің орнығуы мен орта таптың күшеюі керек. Х. Кон тарихшы ретінде «Ұлт дегеніміз табиғи құбылыс немесе мәңгілік бір заңдылықтың салдары емес, ол тек белгілі бір тарихи кезеңдегі әлеуметтік қатынастардың сипаты»,- дейді. Х. Конның пікірінше, халықтардың этникалық ерекшеліктері ұлттың қалыптасуына керекті «этнографиялық материал» ғана. Сондықтан, ұлт деген қан, тек, тұқым бірлігінің әсерінен емес идеяның, мұрат-мақсаттардың бірлігінің ықпалымен қалыптасады, яғни, ұлт дегеніміз интеллектуалдық, әлеуметтік конструкция. Егер кез-келген адам сол конструкцияның, яғни мемлекеттің заңдылықтарын, тілін, мәдениетін игерсе, сол ұлттың өкіліне айналады.
Ұлттың конструктивистік тұжырымдары Еуропа ұлттарының тарихи қалыптасу ерекшелігінен шықты дегенімізбен бұлардың Шығыс елдері үшін де өзекті, қажетті болуы мүмкін. Өйткені, Азия елдерінің көбі, тіпті барлығы дерлік көпұлтты немесе қосұлтты екені белгілі. Осы жағдайда бір мемлекетте тұратын әр түрлі этностардың бір «ұлтқа» айналу тұжырымдамасын Эрик Хобсбаум жасады. Оның пікірінше либерализм мен ұлтшылдық, демократия мен революциялар дәуірінде Үкімет ешқашан ештеңеден қауіптенбей, қаннен қаперсіз отыра алмайды. Оның пікірінше біртұтас ұлттың басы құралуы үшін жұрттың ақырындап ортақ тарихи жадысы, құндылықтары, символдары, ортақ кейіпкерлері мен батырлары пайда болады. Бірақ, Э. Хобсбаум Э. Геллнер сияқты әр түрлі этностардың бір ұлтқа айналғанға дейінгі тарихи мұрасын жоққа шығармайды. Дегенмен, осы этникалық мәдениеттерге сүйене отырып, барлық азаматтарға ортақ құндылықтар, символдар қалыптастыру, яғни ортақ жаңа мәдениет қалыптастыру, «дәстүрлерді қолдан жасау» ұлттың пайда болуының бірден-бір жолы дейді. Бірақ, Э. Хобсбаум өз тұжырымын таза Еуропалық менталитетке есептеп, секуляризацияланған санаға лайықтап құрған. Оның бұл тұжырымы индустриалды мемлекетте ғана іске асуы мүмкін. Ал, Шығыс елдерінің индустриалды даму сатысына әлі жетпегені белгілі.
Қазіргі тарих биігінен қарағанда ұлт жайындағы бұл тұжырымдамалардың Еуропа өркениетінің әлеуметтік шындығынан туындағанын көруге болады. Ұлттық мәдениеттердің тек конструкция болып саналуы, адамдардың ұлтын айрбастағаны үшін моральдық жауапкершілік көтермеуі, ұлттылықтың ар-ождан, сенім, айнымас адалдық деген сияқты моральдық категорияларымен өлшенбеуі, рухани құбылудың, мәдениет айырбастаудың «сатқындықң категориясына жатпауы Батыс өркениетіндегі бейбітшілікке себін тигізгенімен, бүгінгі ұлттық ыдырау, бұқаралық мәдениетке бет бұру процесіне ықпал етіп отыр. Бүгінгі Еуропа ХХ ғасырда екі дүние соғысын туғызған ұлтшылдық санадан айығып, космополиттік қоғамға аяқ басты. Постмодерн ізденістері ұлттық дүниетаным шеңберінен шығып, мүлде жаңа интеллектуалды позициялар мен конструкцияларға көшті. Бірақ, секуляризацияның кесірінен болар, Еуропа жастарының көкірегінде әлеуметтік парыздар, қоғамдық борыштар тізімі қысқарып барады. Қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық талаптарына енжар қарайтын адамдарға нашақорлар мен отбасын құрмаған, түрлі субмәдениет өкілдерін, яғни хиппи, рокер, рэпер, сайтанға ергендер (сатанистер) т.б. анти әлеуметтік дүниетаным өкілдерін қоссақ, отбасы институтының мәні мен қажеттігінің Батыс елдерінде әлсіреп бара жатқанын көруге болады. Яғни, кейінгі жастар үшін отбасын құру, бала-шағаны жеткізу сияқты адамдардың ежелден келе жатқан әлеуметтік тілек-мақсаттары қоғамды дамытатын ынталандырушы фактор болудан қалды [20, 213 б.]. Жалпы индустриалдық қоғамға өту үшін негізгі алғышарттары толыспағанмен Шығыс елдерінің әзірге әлеуметтік ұйымдасу потенциалы жойылған жоқ. Бұған ықпал еткен ұлттың примордиалистік тұжырымдамасы немесе ұлтты бабалардың рухани тәжірибесіне құрмет, рухани сабақтастық, айнымас адалдық деп түсіну, яғни ұлтқа қызмет ардың ісі деген ұғым деп болжауға негіз бар. Бірақ, Шығыстағы ұлтшылдық діни фанатизммен ұштасып, шектен шыққан радикалды қимылдармен өз мемлекеттеріндегі саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға зиянын тигізіп отырғанын да ескеруіміз керек.
Сонымен, біз ұлттық тұжырымдарды азаматтық негіздегі ұлт теориясы және этникалық негіздегі ұлт теориясы деп жіктедік. Және осыған орай конструктивистік тұжырым мен примордиалистік тұжырымдарға бөлдік. Әлбетте, бұдан басқа көптеген типологиялар да бар. Мысалға, ұлттың контекстуалды, инструментальді теориялары, тіпті ешқандай тұжырымға жатпайтын қысқа-нұсқа анықтамалары да жетерлік. Біз бұл жерде ұлттың мағынасы мен мемлекеттің мағынасын анықтап алуды мақсат тұтамыз. Өйткені, Еуропа ұлттарының қалыптасу тәжірибесі - ұлт мәселесі саясаттың маңызды факторы болып отырған жаһандану заманында төтенше керек дүние. Мемлекеттің ұлттық саясатының бағыты айқын болмаса немесе Қазақстан халықтарының «примордиалистікң менталитетін мүлде ескермей, жұрттың бойы үйренбеген азаматтық ұлт идеясын дүркін-дүркін ел алдына ұсына берсек қоғамдық тұрақтылыққа сызат түсуі де ғажап емес. Оның үстіне елімізде Еуропалық ұлттардың қалыптасуына негіз болған алғышарттар жоқ. Еуропа мемлекеттерінде тілдік бірлік мектептерді күштеп салып, тіл үйренбегендерге әкімшілік жаза қолдану сияқты авторитарлы тәсілдер арқылы қалыптасса, сонау ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.-да бұл қалыпты жағдай саналатын еді. Қазіргі демократиялық-нарықтық жаһандану заманында біз мұндай тәсілдерді қолдана алмаймыз. Біздің этникалық тарихымыз да басқаша өрбіді. Осы жағдайда Қазақстан халқының мәдени тұтастығын қалыптастыру мәселесіне қандай тұрғыда қарауға тиіспіз? Осы сұраққа жауап беру үшін біз әрине ұлттық мемлекет пен ұлттық тұтастық феномендерін барлық қырынан зерттеуге тиіспіз.
Шығыс адамдары өз елдерінде секуляризацияға ұшыраған ортақ білім жүйесі, индустрия мен ортақ заңдар жүйесі ежелден қалыптаспағандықтан ұлттық ортадағы этникалық дәстүрлі қарым-қатынастар мемлекеттік тұтастықтың кепілі деп түсінді. Шығыста заң кодекстері мен билік институттарын, білім жүйесін Еуропалық тәжірибеге ұқсатып құрғанда әдет-ғұрыптарды, мистикалық түсініктерді де араластырып, кірістіріп отырды. Ислам елдеріндегі, Қытайдағы құқықтық қатынастарды реттеу тәжірибесінен осыны көреміз. Бұл этникалық ұлттардың мемлекеттерінде стандартты кодекстер мен институттар болмайды деген сөз емес, тек олар Шығыс халықтарының идеологиялық ұлттық бірлігін қамтамасыз етуде шешуші роль атқармайды. Шығыс елдерінде стандартты құқық кодекстері мен мемлекеттік институттардан гөрі этнографиялық дәстүрлер мен діни түсініктер, дәстүрлі институттар (ақсақалдар соты, шариғат, мешіт, ұлттық аңыздар т.б.) ұлттық тұтастыққа пайдалы әсер етеді. «Бірақ, - дейді Э.Д. Смит, - Шығыс елдерінің көбіне этнос пен мемлекеттің тұтастығы бірдей нәсіп болмаған. Мысалы, Түркия көпұлттылық әсерінен этникалық пантүркизм идеясынан бас тартуға мәжбүр болды. Шағын территорияға, азаматтық құқықтарға, бірыңғай азаматтық кодекске, зайырлы саяси мәдениетке және азаматтардың сенім бостандығына сүйеніп қазір қуатты мемлекет құрды. Бірақ, ұлттың территориялық және этникалық тұжырымдарының дуализмі әлі шешілген жоқ», - дейді. Түркия қоғамында да қақтығыс қаупі жоғары.
Батыс елдерінде бір тілде жүретін капиталистік қатынастарға, индустрияның ортақ стандарттарына, кәсіп игеру үшін сол елдің білім жүйесіне адамның сіңіп, жұтылып кетуі мүмкін. Еуропада қалыптасып қалған индустриалдық мәдениетке енді этникалық мәдениетті енгізу, таңу мүмкін емес. Бірақ, ұлтты басқаша түсінетін Шығыс адамы стандартты кодекстер мен зайырлы әкімшілік тәртіпке, белгілі бір ұлттық тілге негізделген индустриалды мәдениетке өзін жатқыза алмайды. Бәрібір оның этникалық идентификациясы индустриалды мәдениетке деген құрметінен жоғары тұрады. Сондықтан, Шығыс елдеріндегі ұлт тұжырымдамасы мемлекет халқының егемендігі, яғни территориялық тұтастығы принципімен санаспайды. Шығыста халық егемендігі емес, этникалық мемлекет деген түсінік орныққан. Азиядағы мемлекеттердің ішінде жүріп жатқан ұлттық қақтығыстардың өршіп кетуі осыдан.
Жаһандану арқылы индустриалдық мәдениет талаптары, демократия мен плюрализм принципі Шығыс елдерінің қоғамдық санасына еніп жатыр. Бірақ, жаһандандық капитализм Шығыс елдерін Батыс Еуропа мен АҚШ-қа, әлемдік қаржы институттарына кіріптар етуде. Осындай әлеуметтік-экономикалық, технологиялық дағдарыс жағдайында көптеген Шығыс елдерінде (Түркия мен Ирандағы күрдтер мәселесі, Ирактағы күрдтер мен парсылар және арабтар, Ауғанстандағы өзбектер мен тәжіктер, пуштундар, Пәкістандағы кашмирліктер мен үндістер, Қытайдағы Шыңжаң мәселесі, Ресейдегі шешендер проблемасы т.б.) ұлтшылдықтың агрессиялық формасы осы Шығыстағы «ұлтты» этникалық негізде түсіну әдетінен шығып отыр. Э. Смит «Барлық мемлекеттер өз іштерінде біртұтас мәдениет құруға ұмтылмайды, көп елдер өз ішіндегі саяси тұрақтылықты нығайту үшін аз ұлттардың да мәдениетін дамытуға құқық береді», - деп жазады. Э. Смиттің бұл ойы Шығыс елдеріндегі бір мемлекетте тұрып жатқан әртүрлі ұлттардың бір тілге қантөгіссіз өтіп, біртұтас мәдениет құрып кете алмайтынын түсінгеннен кейін айтқан пікірі болуы керек.
Жаһандануды ұлттың Еуропалық конструктивистік теориясы мен Шығыстағы примордиалистік тұжырымының қақтығысы деп те айтуға болатын сияқты. Өйткені, ұлтты примордиалистік тұрғыда түсіну жалпы Шығыс халықтарына тән. Және ұлттық эстремизм, ұлтаралық қақтығыстардың да ушығып тұрған аймағы - Азия. Себебі, ұлттың примордиалистік тұжырымы бойынша адамның ұлты оның табиғи жаратылысымен анықталады. Этностар тарихта ежелден шешуші роль ойнап келеді, болашақта да солай болады. Тіпті, кейде примордиалист ғалымдар жануарлардың тұқымдары сияқты ұлттар та адамның түрлі тұқымы деген пікірлер айтады. Мысалға, сиырдың ешқашан жылқылардың арасына сіңбейтіні сияқты этностар да бір-біріне сіңбейді. Мысалға, Уоллерштейн «Этникалық сана-сезім латентті түрде барлық қоғамда болады. Бірақ, тыныш жатқан осы сезім ұлт басына қауіп төнген сын сағатта ғана іске қосылады. Әсіресе, ұлттың саяси құқықтарын кеңейтуге мүмкіндік туып тұрған кезде күшейеді», - дейді. Егер ұлттық сана-сезім «барлық халықтың бойында латентті түрде жасырынып тұратын болса, оның іске қосылуы үшін алдыңғы заманда болған бір мәдени қуат керекң. Яғни, ұлтты күреске шығару үшін тарихтан қазып ұлттық батырлардың бейнесін, немесе ерлік символдары мен халықтық ұрандарды алып шығу керек. Дәл осы механизммен ғасырлар бойы ұлттық қақтығыстар тұтанып, ұлт-азаттық күрестер жүріп келеді. Олай болса, ұлттың примордиалистік концепциясы бойынша ұлттық сана-сезім -ешқашан жойылып кетпейтін, адамдардың санасын билейтін құбылыс.
Примордиалистік теорияны дәлелдеу үшін неміс ойшылы И.Г. Гердердің айтқаны біршама ақылға қонымды. Бір қызығы примордиалистік тұжырымдарды да көбінесе Батыс Еуропа ғалымдары жазған. Көбі неміс ойшылдары (фашизмнің ықпалы болуы мүмкін). Дегенмен, бұлардың ұлтшылдығы Германияның қазіргі қоғамына сәйкес келмегенмен Шығыс елдерінің дүниетанымына сай келеді. И. Гердер «Ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Сондықтан, кез-келген ұлт жасанды (мысалға, түрлі субмәдениет стильдері) ережелерге бағынса, тілі мен діні жат халықтың тарихи тәжірибесін қайталауға ұмтылса ондай ұлт ыдырап, жойылып кетедің,- дейді. «Табиғат адамдарды отбасы арқылы тәрбиелейді. Сол табиғи отбасының ең үлкені мемлекет. Қоғамға соғыс қаупін төндіретін ең қатерлі нәрсе бір шатырдың астында алуан түрлі нәсілдердің араласып тұруы», - дейді. Шынында да ұлттық дүниетанымының негізінде дін жатқан Шығыс халықтары бір мемлекет ішінде өзара бәсекеге түсіп қалса, ол ұзақ теке-тіреске айналса, онда сол ұлттардың бітісе қоюы қиын. Өйткені, Шығыстағы әр ұлттың бойына әр алуан дін сіңген. Қай дінде болмасын «иманң деген мызғымас, құбылмас дүние және күмән келтіруге төзбейтін құбылыс. Сондықтан, секуляризацияға ұшырамаған ұлттар бір мемлекеттің ішінде біртұтас ұлттық мәдениетке өте алмайды. Бір діннің екінші дінге ең дұрыс қарағаны - дүниеде ол діннің, сондай халықтың бар екенін мойындап, бейбіт қатар өмір сүруге келісуі. Діндер арасында бірігуді айтпағанда диалогтың өзі қиын шаруа [21, 75 б.]. Барлық ұлттардың табынатын киелі мәтіндері, әулие-әнбиелері, пайғамбарлары бар. Бұл мәтіндерде көбінесе Құдайдың бар екені, дүниеқоңыздықтың, нәпсі мен сайтанның азғырғанына ерудің ауыр күнә екені баса айтылады. Бір ұлттың әдет-ғұрпы, киімі мен тағамы екінші халық үшін күнә, Құдайға емес басқа нәрсеге табыну, сайтанның сайқымазағы болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, Еуропаның индустриалды, либералдық, зайырлы мәдениеті мен сексуалды революциясы Шығыс халықтарының бойында ксенофобия мен діни сезік, күнәліден аулақ жүруге тырысушылық сезімдерін тудырады. И. Гердердің айтып отырған «Кез-келген ұлттың өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан, бір ұлттың жасанды (индустриалды мәдениеттің этикасы, түрлі субмәдениет стильдері) ережелерге бағынуы, жат халықтың тарихи тәжірибесін қайталауға ұмтылуы оны іштен ірітіп, ыдыратып жіберуі мүмкінң деген пікірі шындығында да нақты өмірде жоғарыдағы себептермен болуы мүмкін. Яғни, Шығыс халықтары өзінің ұлттық дүниетанымына араласа бастаған Батыстағы тұтынушы индустриалды қоғамның мәдениеті мен сексуалды революциясының ықпалын өз еліне кіргізбеуге, аластауға тырысады. Осындай жағдайда бабасының сенім-нанымын, ғұрыптарын айырбастаған адам «мунафиқң, «сатқынң немесе «мәңгүртң аталады. Шығыс этностарының сана-сезіміне ұлттың азаматтық концепциясының сәйкес келмейтіні осыдан.
Шығыс халықтары ұлтты примордиалистік тұрғыда түсінетін менталитеттерінен бас тартпаса да, конструктивистік тұжырымдаманың пайдалы жақтарының бар екенін мойындаулары қажет. Өйтпеген жағдайда, әсіре ұлтшылдық пен фундаменталистік догмаларға ұрынған халық міндетті түрде жаһанданудың ұлттық егемендікті әлсіретуіне қарсылық көрсетіп, жабық жүйеге, ұлттық диктатураға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан, Шығыс мемлекеттерінің азаматтары өзінің ішкі ұлттық-діни мәдени мазмұнын өзгертпесе де «бостандық», «теңдік», «махаббат», «бейбітшілік» сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды бойларына сіңіруге тиіс. Ұлттың конструктивистік тұжырымдамасына негізделген менталитетті бойына сіңіру менталиеті «примордиалистік» халықтар үшін қиын шаруа. Әсіресе, ислам елдерінің азаматтарына діни ксенофобиядан құтылу кәдік дүние. Діни фанатизмге ұшырамаған қазақ халқына да өзіндік «примордиалистік» менталитетінен арылу оңайға тимейді. Өйткені, қазақтардың ұлттық дүниетанымында примордиалистік тұжырымға сай келетін сенім-нанымдар, әдет-ғұрыптар мол. Топырақтан жұғатын мінезден, батырлық дәстүрден бастап, ата-баба сүйегі мен ана сүті арқылы даритын тектілік, рулық шежіренің әсері, қаншылдық, туысқандық ұғымы қазақ менталитетінің мызғымас салттары іспетті. Оның үстіне қазақ халқының тарихы кісінің көңілін босататын тауқыметке толы. Мұның қазақы ділін күшейтпесе, әлсіретпейтіні белгілі.
Қазір әлемдік экономиканың талаптарына өз экономикасын сәйкестендіру үшін Шығыс Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттері, кейбір ислам елдері саяси жағынан өзара жақындасып, өзара тиімді келісімдерге отырып жатыр. Өзара тиімді деген есеппен бір келісімге біріккен мемлекеттер мойындарына экономикалық, саяси міндеткерліктер алып отыр. Және жаһандану дәуіріндегі мемлекетаралық қатынастар халықаралық терроризм, есірткі саудасы, босқындар проблемасы, жасырын қару сату т.б. мәселелермен шиеленісе түсті. Бұл қауіптермен күресуде де мемлекеттер бір-біріне тәуелді. Осы жағдайда мемлекеттердің өзара деген сенім талаптары, бірігіп қимылдауға деген мұқтаждықтары артты. Өзара сенім шараларын өңдеп шығаруға, ендігі заман өзара қарым-қатынаста осы сенім шараларына сүйенуге ынталы мемлекеттер күн санап көбейіп келеді. Осы қажеттілікті аңдап, Азия мемлекеттері арасындағы сенім шараларын нығайту бастамасын Қазақстан (СВМДА) көтеріп отыр. Бұған еңбек бөлінісінен туатын еларалық экономикалық кооперация талаптары мен тауарларын өткізу үшін ортақ рыноктік кеңістіктерге бірігуді қосамыз. Осының барлығы жиылғанда мемлекеттік биліктің ядросы – ұлттық егемендік толық жойылып кетпесе де, біршама дәрежеде әлсірейді. Ұлттық биік рухтың орнына ғаламдық экономикалық институттардың көңілін аулау, соларға жағыну дәуірі келе жатыр. Ал, егемендік ұғымы мемлекет билігін белгілі бір территориядағы бөлінбес, мызғымас билік деп қарастырады. Жаһандану жағдайында ұлттың егемендігі мемлекеттің кейбір міндеттерін дұрыс атқара алмағандығынан; мысалға қауіпсіздікті дербес қамтамасыз ете алмағандықтан, өндірісті дамытуда, сауда-саттықта жеке дара саясат ұстана алмағандықтан халықаралық, аймақтық, ұлттық ұйымдардың арасында бөліске түседі. Яғни, кейбір мәселелерде (қорғаныс, қауіпсіздік саласында, халықты жарықпен, газбен қамтамасыз ету т.б.) ұлттық биліктің өкілеттігі Үкіметтің құзырынан алынып, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық келісімдерге тапсырылады. Мемлекеттің кейбір реттеуші қызметтерін әлемдік рынок, тарнсұлттық корпорациялар атқара бастайды. Сондықтан, ендігі жаһандану заманында мемлекеттік егемендік деген ұғымның мағынасы біршама өзгереді. Яғни, егемендік болған күннің өзінде ол шектеулі, әр түрлі халықаралық ұйымдар арасында мемлекет билігі бөлінгендіктен жартыкеш немесе формальді егемендік болады. Бұл жағдайға әрине ұлтты конструктивистік тұжырым тұрғысында түсінетін халықтар дайын да, ал примордиалистік менталитеттегі ұлттар әзірге дайын емес. Бейбітшілік философиясы мен ымырашылдық мәдениетін игермеген ұлттардың жаһандық капитализмнің ықпалында отырып ішкі тұрақтылығын сақтауы қиын мәселеге айналмақ.
Шығыс елдерінің көпшілігінің экологиялық һәм экономикалық сауатсыздығы, өз ішінде тұрақтылықты сақтауға қабілетсіздігі, әсіре ұлтшылдықпен аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіруі адамзат тағдырына алаңдап отырған ірі елдерді ақыл-кеңес айтуға, тіпті болмаса дамушы елдердің ішкі ісіне араласуға, сауда-саттық арқылы, саяси-экономикалық тетіктер арқылы ықпал етуге мәжбүрлейді. Экологиялық сауаттылықты көтеріп, діни фанатимзнен арылу, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дамушы елдердің халқының менталитеті, дүниетанымы, рухани ахуалы өзгеруі керек. Дамушы елдердегі демократияның орнауын Батыс Еуропа мен АҚШ-тың қадағалауы үш түрлі мемлекет моделін туғызды. Бірінші, нақты-саяси модельдегі мемлекет. Бұлар Шығыстың теократиялық елдері. Бірақ, бұлардың жабық мемлекеттілікті сақтап қалу мүмкіндігі жаһандану процесі тереңдеген азая түсетін сияқты. Ерекшеліктері: егемендікті негізгі фактор деп түсінеді. Адам құқы бұл елдерде мемлекеттік сот жүйесінің шаруасы. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар кеңес берушінің қызметін ғана атқара алады. Екінші, мемлекеттің интернационалдық моделі. Мұнда адам құқын қорғауда мемлекет басты роль атқарады. Дегенмен, мемлекет басшылыққа адам құқының халықаралық стандарттарын алады. Мысалға, БҰҰ адам құқын қорғау комиссиясының Қытайға қарағанда Канадаға ықпалы көп. Үшінші модель - космополиттік мемлекет. Космополиттік модельді жақтайтындар барлық мемлекеттерде БҰҰ-ның адам құқын қорғайтын институттары орналасуы қажет деп санайды. Қазір, саяси режимі демократиялық принциптерге сәйкес келмейтін елдерге дүниежүзілік қауымдастық тарапынан, болмаса АҚШ пен Еуропа комиссиясы тарапынан ескертулар айтылып, саяси қысым жасалады. Тіпті экономикалық блокада тәсіліне дейін қолданылады. Бір жағынан бұған теократиялық ислам елдеріндегі халық менталитеті де кінәлі. Бәлкім бұл елдердің азаматтары өздерінің құқықтары бұзылып жатыр деп ойламайтын да шығар. Бәлкім, діни фундаментализм ықпалына түскен көпшілікке керегінің өзі сол теократиялық жүйе болуы ықтимал. Яғни, бұл жерде экономикалық немесе жалпы адамзаттық мүдделермен қатар өркениеттердің мәдени қайшылығы да бар. Сондықтан, жаһандану процесі капиталистік индустриалды қоғамның, Еуропа өркениетінің, қала берді ұлттың азаматтық тұжырымының жер бетіне таралуының көрінісі сияқты. Қазір, Шығыс елдеріне трансұлттық корпорациялардың, әлемдік қаржы рыногінің, түрлі саяси комиссиялардың қысымының, халықтың рухани-интеллектуалды потенциялының әлсіреуінің кесірінен Батыстың оларға қойған талаптарының бірқатары орындалмай келеді. Дамушы елдердің түгелге жуығы қазір өздерінің халқын баспанамен, азық-түлікпен, кәсіби біліммен қамтамасыз ете алмайды, жұрттың денсаулығын жақсартуға мүмкіндіктері аз. Кенже қалған елдердің барлығының да қарыздарын қайтарып, бюджет тапшылығын жоюға жағдайлары жоқ. Дамушы елдердің түгелге жуығы өз экономикасының инфрақұрылымын жаңартуға шамасы келмейді. Көптеген Азия, Африка, Күнгей Америка елдері өз іштеріндегі билікке күш, қару қолдану арқылы ықпал етуге тырысатын топтарды ауыздықтауға құзырлары жетпей жатыр. Қазір әлемдегі барлық мемлекеттер ақшаның, жұмыс күшінің, материалды және рухани құндылықтардың ел аралық қозғалысын қадағалай алмайды. Осындай әлеуметтік қиыншылықтардан бұл елдер әлемдік нарықтың кез-келген түкпірін қадағалап отырған Батыс өркениетінің ықпалымен, өзара тиімді жағдайда ынтымақтаса отырып қана шыға алады. Егер дамушы елдер Батыс корпорацияларына және мамандарына есікті айқара ашпаса әлемдік нарық постиндустриалды мемлекеттерге ғана қызмет етуі мүмкін.
Дегенмен, Батыс елдерінің өздері де алдыңғы бөлімде айтып өткендей проблемасыз емес. Олардың ең басты қиыншылығы - қол еңбегін білім мен капиталдың алмастыруы. Еңбек рыногінен босап қалған адамдар өздерінің әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмау қатері бар. Еуропа Одағы елдері соңғы 20 жылда 50-70 пайызға байыды. Экономиканың өсу қарқыны халық санының өсімін он орайтын жағдайда болды. Бірақ, сонда да Еуропа Одағы елдерінде бүгінде 20 миллион жұмыссыздар, 15 миллион кедей адамдар, 5 миллион үйсіз-күйсіз кезбелер бар. АҚШ-та соңғы жылдары жиылған байлық бүкіл халықтың 10-ақ пайызының арасында бөлінген. Бұл 10 пайыз адамдар байлықтың 96 пайызын жамбасқа басқанда, қалған ел 4 пайызын місе тұтқан. Еуропада да жағдай осындай. Мысалға, Германияда 1979 жылдан бері кәсіпорындардың түсімі 90 пайызға өскен, бірақ жалақы 6 пайызға ғана көбейді. Осыған қарамастан адамдардың жеке пайдасынан, яғни айлығынан алынатын салық екі есеге өсті, ірі корпорациялардың төлейтін салықтары керісінше азайды. Және ірі концерндер дамушы елдерге көшіп жатыр. Олар ол жақта да салықты төмен мөлшерде төлейді. Нәтижесінде дамыған елдерде де, дамушы елдерде де шағын және орта бизнес пен табысы әлі көбеймей келе жатқан жеке адамдар трансұлттық корпорациялардың мүддесіне ыңғайланып құрылған тиімсіз салық жүйесінің салмағына жаншылып, болашақта да ауыр салықты төлеп отыра бермек. Ал, жаңағы әлемдік рынок барлық жағдайын жасап берген ірі концерндер байлыққа кенеле бермек. Құдды бір тарихтың әжуа-тәлкегіне ұқсайтын мынадай жүйе қалыптасып келеді: жаһандану процесінде ұтылатын қарапайым халық сол мемлекеттің барлық әлеуметтік қызметіне керекті қаражатты мол салық төлеу арқылы беріп отыр. Ал, жаһанданудың тетіктерін пайдаланып байып жатқан ірі корпорациялар демократияның, яғни халыққа қызмет көрсететін мемлекеттің қоржынына қаражат салмайтын болды. Өте бай концерннің менеджерлері, мысалға, салықты аз салатын Үндістанға офистерін көшіріп, бірақ баласын халық берген салық арқылы жұмыс істейтін Еуропа университеттерінде оқытады. Бұл бала күтімі мен дамуына қыруар қаражат кететін қымбат театрларға барады, таза көшелер мен саябақтарда жүреді, жақсы жабдықталған аудиторияларда білім алады. Ал, сол саябақтар мен театрды мемлекетке салық төлеу арқылы қаржыландырып отырғандар - табысы көбеймейтін, тіпті қол еңбегін капитал мен технология алмастырған соң жұмыссыз қалып, кедейленіп бара жатқан қарапайым халық, қатардағы азаматтар. Шығыс елдерінде де осы жағдай орнап келеді. Онсыз да дамымай жатқан отандық өндіріс салықтың астында жаншылып отыр да, өзінің мүддесін ғана ойлайтын трансұлттық қаржы ұйымдары мен шетелдік ірі корпорациялар аз мөлшерде салық төлеп отыр. Осының кесірінен мемлекеттер өздерінің әлеуметтік қызметтерін толық атқара алмайтын, халықтың әжептәуір бөлігі, 20-30 пайызы еңбексіз, жұмыссыз қалатын заманға жақындап келеміз.
Дамушы елдерде халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлап, рухани-интеллектуалдық тұрғыда құлдырауы мәдени-этникалық жікшілдікке ұласып, қарулы қақтығыстарға шиеленісуде. Осы жағдайда кенже қалған елдердің алдында жаһанданудың саяси-экономикалық талаптарына (демократия, ашық қоғам принциптерін қабылдау) бейімделумен қатар, оның антиәлеуметтік мәдени ықпалымен күресу, бейбітшілік құндылықтарын анықтау, сол символдар мен құндылықтарды жұрт санасына сіңіру, яғни өз халықтарының мәдени бірлігін нығайту міндеті тұр. Ендігі заманда бұл мемлекеттердің толыққанды егеменді елге айналуы олардың осы міндеттерді шешуіне байланысты болып тұр. Егер дамушы мемлекеттер аталған міндеттерді дұрыс атқара алмаса, саяси еркі, экономикалық дербестігі жоқ, егемендігі күмәнді құрылымдарға айналады. Және бұл процесстің тамыры тереңге кететін түрі бар. Біз дамушы елдердің өзінің саяси тұрақтылығы мен егемендігін сақтау үшін жаһанданудың талаптарына бейімделе отырып, қандай қимылдарға баруы керектігі жөніндегі стратегиялық сұрақтарға жауап іздемейміз. Біз тақырыпқа қатысты - Қазақстанның көп ұлтты халқының мәдени тұтастығын жаһандану жағдайында сақтау, ұлтаралық өркениеттік қайшылықтар мен қақтығыстарға жол бермеудің амалдарын қарастырамыз. Сол амалдарды анықтау барысында біз осыған дейін анықталған жаһандану үрдісінің заңдылықтары мен ұлт ұғымының конструктивистік жене примордиалистік концепцияларына сүйенеміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет