Халықаралық қатынастар жөніндегі
Нью-Йорк кеңесінде
СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
АҚШ, Нью-Йорк қаласы,
1992 жылғы 23 мамыр
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Осынау биік мінберден сөз сөйлеу құрметіне ие
болып, өздеріңізбен кейбір әлемдік және өңірлік
проблемаларға деген пайымымды бөлісу мүмкіндігін
алғаным үшін алғысымды білдіремін.
ХХ ғасырдың геосаяси жағдайын, ең алдымен, екі
оқиға: 1922 жылы Кеңестік Социалистік Республи-
калар Одағы құрылып, содан соң оның құлауы әрі
Шығыс Еуропадағы тоталитарлық режімдердің де
күйреуімен бірге жүруі айқындағаны енді даусыз
болып отыр.
107
«Темір құрсаудың» құлауымен және коммунистік
КСРО бейнесіндегі неғайбіл қарсыластың жойылуымен
байланысты бүгінгі күнге және балалардың болашағына
деген алаңдаушылық та өткенмен бірге кетті. Алайда
енді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дейтін жұрттың
көбіне түсініксіз құбылыстың пайда болуымен бірге
көптеген адамдарда жаңа қауіптену сезімі туды.
Оған өз көзқарасымды айтпай тұрып, әуелі саяси
одақтың жаңа түріне барар жол әрі ұзақ, әрі тайғақ
кешулі болғанын атап көрсеткім келеді.
1980-ші жылдардың соңына қарай бұрынғы КСРО-да
одақтас республикаларға өз аумақтарындағы ұлттық
байлықты иеленудің, пайдаланудың және билеудің
айрықша құқығымен қоса кең өкілдіктер бере отырып,
орталықтың жаппай өктемдігінен бас тартуды көздейтін
федерацияның сапалық жаңа формасын іздеу белсенді
түрде жүргізілгені белгілі. Ал орталық болса, респу-
бликалардың оған өз еркімен беретін өкілдіктердің
нақпа-нақ келісілген ауқымына ие болуы тиіс еді. Осы
көзқарастар мен қағидалардың бәрі жаңа Одақтық
шартта бейнеленуі керек-ті. Алайда оған қол қоюдың
реті қайта-қайта бұзылып, кезекті бір сағымға айналу-
мен болды.
Ал Ресейдің, Украинаның, Қазақстан мен Беларусь-
тің ынтасымен басталған Ново-Огарево үдерісі 1991
жылғы тамыздағы мемлекеттік төңкеріс әрекетіне
байланысты үзілді де, өзгеше құндылық пен уақыт
өлшеміне тап келдік.
Әйтсе де ақылға қонымды интеграцияны іздеу
жалғаса берді. Сірә, желтоқсанда Беловежье орманында
өткен кездесуге сол себепші болып, ол алуан түрлі
әсер туғызғаны естеріңізде шығар. Базбіреулер славян
108
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
мемлекеттік құрылымының «жауыр болған» идеясын
жаба тоқымдаса, оған қарама-қарсы, дереу Түркістан
конфедерациясын құруды ұсынушылар да болды. Біз
өз халықтарымызды этностық және конфессиялық бел-
гілері бойынша бөлшектеуге тырысқан осындай аран-
датушылардың жетегінде кетсек, не боларын ойлаудың
өзі қорқынышты. Алайда баламалы одақ құру туралы
ойды үзілді-кесілді серпіп тастап, қазіргі жағдайға пара-
сатты, салмақты көзқараспен қарауға біздің ақылымыз
бен жігеріміз толықтай жетті.
Соның нәтижесінде, 21 желтоқсанда Алматыда
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Бұрын
КСРО-ға кірген 11 республиканың ерікті таңдауы
негізінде оның құрылуы қалыптасқан жағдайда жал-
пыға бірдей болашақ үшін тез арада қажетті ымыраға
келу мақсатындағы бірден-бір ақылға қонымды шешім
болды деп батыл түрде айта аламын.
Қазақстан интеграциялық үдерісті қашан да әлемдік
өркениеттің объективті дамуы ретінде санаған бола-
тын, әйткенмен, елдің бейберекет ыдырауына жол
бермеу үшін, әрбір сәттегі мейлінше мүмкін нәрсені
басшылыққа алуға тырысты.
Өте-мөте өкініштісі, Достастықтың саяси алаңын-
дағы көптеген оқиғалар ТМД-ны құрумен ыдыраудың
барысын тоқтатуға болмағанын айтады. Кеңес Одағы
мирасқорының болашағы күн асқан сайын бұлдыр-
ланып барады. Келмеске кеткен Кеңестер Одағының
саяси алаңында тәуелсіз жас мемлекеттердің кейбір
басшыларының әрекетімен ықылас пен мүмкіндіктің
арасындағы, интеграцияны тереңдете беруге деген
уақыт талабы мен салиқалы мемлекет қайраткерлеріне
емес, кеудемсоқ саяси желбуаздарға тән көрсоқыр
109
томаға-тұйық бағыттың арасындағы жанжал өршітіле
түсуде.
Бүгінде реттелмеген саяси мәселелер, екіжақты және
көпжақты мемлекетаралық қатынас тәжірибесінің
жоқтығы сарабдал әлеуметтік-экономикалық интегра-
цияға кедергі болып отыр. Бұған интеграциялық байла-
ныстардың үзілуі өндіргіш күштерді дамытуды елеулі
түрде қиындатып, экономикалық дағдарыстан шығу
үдерісін күрделендіретінін және онсыз да мардымсыз
қарқынды одан әрі бәсеңдететінін базбір мемлекет қай-
раткерлерінің түсінгісі келмей қасарысатынын да қосу
керек. Әзірге саяси мақсатқа жетудің құралы ретіндегі
екіжүзділік пен әуегейлік, яғни популизм байыпты
экономикалық көзқарастан көрінеу үстем тұр. Осының
бәрі, түптеп келгенде, жасанды автаркияға, бүгінге дейін
мыңдаған алуан түрлі саяси, экономикалық, мәдени тін-
дермен байланысып келген республикалардың оқшау
өмір сүруіне соқтыруы мүмкін.
Өкінішке қарай, тарих әмісе дұрыс мағыналы арнада
дами бермейді, әйтсе де мен әлі де болса ТМД-ның
нығаятынына, оның шеңберінде ЕО-ның тиісті орган-
дарына ұқсас жалпыұлттық үйлестіруші құрылымдар
түзілетініне сенемін. Оларсыз Достастық бос даңғыра,
нақты мазмұнмен толтырылмаған әдемі қалып болып
қала бермекші.
Еуроазиаттық нәзік альянстың одан әрі өзгеруі,
әрине, құрылықтың алтыдан бір бөлігінің «жеке ісі»
емес: ядролық фактор дүниені әлдеқашан-ақ өзара
тәуелді етіп, жалпыпланеталық проблемалар шеңберін
елеулі түрде кеңейтті. Бұрынғы КСРО-ға тиесілі ядро-
лық қарудың тағдыры жұрт назарының бел ортасында
болуы әбден заңды. Егер Батыстың алаңдаушылығын
110
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
негізсіз деп атасам, мен жалған айтқан болар едім,
өйткені оны бұрынғы Кеңес Одағының аумағындағы
қоғамдық-саяси тұрлаусыздық, қазірдің өзінде буырқа-
нып жатқан бірсыпыра жанжалдардың реттелмеушілігі
және кейбір ықтималды шиеленістердің басқарылма-
ушылығы қоздырып отыр.
Бұдан басқа тағы бір жағдай бар, бұқаралық ақпа-
рат құралдарына келесі бір логикалық пирамиданы
тықпалап жүрген батыстық кейбір сарапшылар оны
ерекше атап айтады. «Қазақстан – ядролық қаруы бар
тұңғыш мұсылман мемлекеті. Біріктіруші пантүркілік
(немесе одан да сорақысы – панисламдық) идея іске аса
қалған жағдайда коммунизмнің Батыспен текетіресінде
құлаған қызыл туы исламның одан да алмағайып әрі
қауіпті жасыл туымен алмастырылады».
Бұған қатысты не айтуға болады? Сөз жоқ, мұсылман
дүниесінде мұндай сценарийдің дамуын жақтаушы-
лардың бар екені рас, бірақ нақты жағдайға қатысты
екі діни конфессияның ықтималды ядролық тайталасы
дейтін – ойдан шығарылған пайымдаудан басқа түк те
емес. Мұның дәлелі – Қазақстанның ислам фундамен-
тализмі идеяларына тарихи ықылассыздығы, респу-
бликада христиан жұртшылығы үлесінің молдығы
және оның басшылығының демократияны тереңдету
мен нарықтық қатынастарды дәйектеуге табанды бағыт
ұстап отырғандығы.
Егер Қазақстанның ядролық қару мәселесі жөніндегі
ұстанымына эмоциясыз және риясыз қарайтын болса,
онда, менің ойымша, бізді әлденеге кінәлау қиын.
Біріншіден, республика аумағында ядролық қару
оның өз ықтиярымен емес, Кеңес Одағының құрамдас
бөлігі болған кезінде пайда болды. Әрі КСРО ядролық
111
қаруының тәуелсіз төрт мемлекеттің арасында бөлінуіне
жеткізген де біздің әрекеттеріміз емес екені белгілі.
Екіншіден, орталық биліктің күшті қарсылығына
қарамастан, менің алғашқы жарлықтарымның бірімен
Семейдегі аса ірі сынақ полигоны жабылды.
Үшіншіден, қарусыздану жолының республика
үшін баламасы жоқ екеніне сүйеніп, мен Қазақстанның
жаппай қырып-жоятын қаруларды қысқартуға қатысты
барлық халықаралық келісімдерге бейілділігі, страте-
гиялық шабуыл қаруларын (СШҚ) қысқарту туралы
кеңес-американ шартын бекітуге біздің әзір екендігіміз
туралы талай рет мәлімдеген болатынмын. Осы құжат-
тың ережелеріне сәйкес, жойылуға тиісті ядролық
оқтұмсықтардың басым бөлігі Қазақстан аумағында
шоғырланғанын ескерте кетейін.
Әрине, жұрттың көбі республиканы ядролық қару-
дан ада аймаққа айналдырудың жеделдетілген үдерісі
қашан басталатынын білуге өте құштар. Бірақ бүгін
ондай шешім көп ретте бос мәлімдеме болып шығар
еді: тіпті басталып кеткен стратегиялық қаруларды
50 %-дық қысқартудың өзін іске асыруға 7 жыл уақыт
керек. Оның үстіне, Қазақстанда орналастырылған ядро-
лық қарудың ерекшелігі оны тасымалдау мүмкіндігін
жоққа шығарады деуге болады.
Тағы бір мәнді нәрсе бар. Қазақстанда «ядролық
шабадан» жоқ екені және ол бұрынғы КСРО-ның стра-
тегиялық күштері ортақ бір қолбасшылықтың қолында
болуы үшін барынша күш салумен келе жатқаны бел-
гілі. Ол ол ма, тіпті қандай да бір кездейсоқтықтан берік
кепілдікті қамтамасыз ету үшін, біз Украина, Қазақстан
және Беларусь президенттерінің ядролық ұшыруынан
тосқауылдың тиімді жүйесін енгізуді талап етумен
келеміз.
112
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Және ақырғысы. Қазақстанды тез арада «ядро-
сыз клубқа» кіруге үндеушілер өз халықтарының
қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, өз мемлекеттерінің
стратегиялық мүдделерін сақтауды басшылыққа
алады. Бірақ біздің іс-әрекеттеріміздің қисыны да
содан туады. Қазақстан Республикасы ядролық екі ірі
державаның ортасына орналасқан, солардың біріндегі
жағдай өте тұрақсыз, ал екіншісінде, біздің шекара-
ларымызға тікелей жақындықта ядролық қаруларды
сынау өткізілуде. Біздің әп-сәтте балға мен төстің
арасында қалғандай жағдайда болғымыз келмейді,
сондықтан біздің ядролық қалқанымызды жоюы-
мыз Ресейден, Қытай Халық Республикасынан және
Америка Құрама Штаттарынан тиісті кепілдіктер
болуын талап ететінін сіздер қисынды деп табатын
шығарсыздар деймін.
Әрине, осының бәріне қарамастан, Батыс әлемінде
Қазақстанға тізесін батырғысы келетін идеологтар табы-
лады, бірақ олар үкіметтік және іскерлік топтардың қол-
дауына ие бола қоймас деп ойлаймын, өйткені ондай
саясаттың кері әсер туғызатыны айдан анық. Батыстың
экономикалық санкцияларының қатаң қысымы респу-
бликаның объективті көптарапты бағдарламасын жоққа
шығарады, оның байланыс аясын қолдан тарылтып, бір
ғана Шығыспен шектейді. Ал оқиғалардың мұндай даму
барысы жоғарыда мен айтып кеткен ойдан шығарылған
пайымдауларды іске асыруға негіз жасайды.
Осы аралықта, менің кәміл сенімім бойынша, белгілі
саясаткерлердің біздің республикамызға деген көзқа-
расында ядролық қару алдындағы үрейден гөрі үміт
көп. Объективті жағдайлардың талайымен Қазақстан
әлемдік оқиғалардың нақ ортасынан табылды, бұл
113
тіпті де ұлылық дерті емес. ХХІ ғасырға ой жіберген
мемлекеттік қайраткерлер мен сарапшылар Азияның
қайтадан оянатынын мейлінше сенімді түрде айтып
жүр және Солтүстік пен Оңтүстіктің, христиан әлемі
мен мұсылман әлемінің ықтимал тайталасынан іш
жияды. Қазірдің өзінде-ақ олар геосаяси тұрақтылықты
қамтамасыз етудің ықтимал жолдарын іздестіріп, діни
негіздегі жергілікті жанжалдарды жоюға көңіл бөлуде.
Осыған орай жұрттың көбі бүгін Қазақстанды Еуропа
мен Азияның, христиандар мен мұсылмандардың ара-
сындағы нақты келісімнің нышаны ретінде қабылдайды.
Солтүстік пен Оңтүстік арасында бейбітшілікті қамта-
масыз етуде Қазақстан – Америка Құрама Штаттары-
ның стратегиялық одақтасы екеніне мен бек сенімдімін.
Халықаралық қатынастардың жаңа субъектісі ретінде
біздің алдымыздан ынтымақтастықтың кең көкжиектері
ашылуда. Оны дамыта отырып, біз өзге дүниеден жасан-
дылықпен жасырынып, қандай да бір идеологиялық
немесе конфессиялық одақтарға қосылмаймыз, қайта
Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы құрлықтық
байланыстырушы көпір ретіндегі мейілінше тап-
тырмас мүмкіндігін пайдалануға ұмтылатын боламыз.
Сөз жоқ, жоғарыда айтқанымдай, біз Америка
Құрама Штаттарымен өзара байланыстарға бірінші
дәрежелі мән береміз және тәуелсіз Қазақстан аумағын-
дағы тұңғыш елшілік АҚШ-тікі болуы да тегін емес.
Біз біртіндеп Ұлыбританиямен, Франциямен,
Австриямен, Германиямен, басқа да Еуропа елдерімен
көпжақты ынтымақтастықты жолға салып келеміз.
Сонымен бірге, қазақтар – түркі тілдес ұлт, сон-
дықтан Шығыс халықтарымен бізді этностық жақындық
пен мәдениеттер ортақтығы байланыстыратыны әбден
114
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
табиғи нәрсе. Оның үстіне Азия елдерінің нарықтық
тәжірибесі біз үшін неғұрлым етене. Көп ретте біздің
проблемаларымыз Батыстың жоғары дамыған елдері-
нен гөрі соларға түсініктірек. Бүгінде біз ең жақын көр-
шілерімізбен байланыстарымызды соншама қадірлей-
тініміз осыдан. Қытаймен, Түркиямен, Корея Республи-
касымен, Сингапурмен экономикалық келісімдеріміз
нақты жемісін бере бастады.
Дегенмен, бұл байланыстарды дамыта отырып, біз
әлеуметтік-экономикалық дамудың кез келген, тіпті ең
сәтті үлгісін экспорттау іс жүзінде мүмкін еместігі туралы
белгілі шындықты теріске шығармақшы емеспіз. Өзіміз
қаласақ та, қаламасақ та, бізге жинақталған әлемдік
тәжірибеге сүйеніп, көпұлтты республика халықтары-
ның ұлттық мінез-құлық ерекшеліктерін, салттары мен
дәстүрлерін ескере отырып, міндетті түрде өз тұжы-
рымдамамызды жасауға тура келеді.
Кеңес қоғамында болған жалған демократиялық
институттар құмнан соғылған сарайлар болып шықты
да, өзгерістер ағынымен бір-ақ сәтте шайылып кетті.
Бүгін біз, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституция-
сын қабылдауға қадам басып бара жатып, республикада
нақты өмірден, жалпыадамзаттық және, сонымен бірге,
әрдайым қазақстандық негізден өсіп шығатын көрнекті
демократия құрғымыз келеді. Бұл біздің республика-
мызда өмір сүретін барлық адамдардың нәсілдік және
ұлттық қатыстылығына, жынысына, тіліне, әлеуметтік,
мүліктік және лауазымдық жағдайына, дінге қатысына,
саяси нанымдарына және басқаларына қарамастан,
толық теңдігі мен бірдей бостандығын қамтамасыз
ететін демократия болмақшы. Басқаша айтқанда, біз
әрбір адамның әлеуетті мүмкіндіктерінің бәрін іске
115
асыру үшін жеке тұлғаның экономикалық, рухани және
саяси бостандығын қамтамасыз етпекшіміз.
Біз нақты демократия жүйесін орнатпайынша, мем-
лекет әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі
бола алмайтынын ескереміз. Үшінші мыңжылдықтың
табалдырығын аттауға дайын тұрған өзара тәуелді
тығыз дүниеде жұмыр жердің бір қиырында демокра-
тиясы ақаулы өңірлер болса, ол жалпыадамзаттық орга-
низмнің ерте ме, кеш пе ғаламдық күйзеліске соқтыруы
мүмкін сырқаты болғаны деп дұрыс пайымдап, әлемдік
ауқымда ойлай білетін адамдар қатары барған сайын
артып келеді.
Демократия – тоталитаризмге қарсы медициналық
егу емес, бала кезінен дімкәс адам қабылдай салысымен
сауығып кететін дәрі де емес. Жұрттың бәрі демократи-
ялық қоғам мен нарықтық экономиканы саналы түрде
аңсайды деп ойлау – аңғалдық. Жұртқа керегі – тұрақты
тоқшылық. Бірақ Батыста ол демократия мен нарықтан
шығады, ал бізде әлемдік өркениеттің бұл ұстындары
экономикалық дағдарыспен және әлеуметтік былықпен
ұқсастырылады. Эрнест Хемингуэй айтпақшы: «Тез
арада игере салуға болмайтын нәрселер бар, ал ондай
жағдайда біз үйренуге тым көп ақы төлейміз, неге
десеңіз, біздің жалғыз байлығымыз – уақыт».
Осы себепті ондаған жылдар бойы қатаң теңгер-
мешілік жағдайында өмір сүрген адамдардың дүние-
танымдық және психологиялық таптаурындарын
біз жүргізіп жатқан, түбегейлі мақсаты мен бағдары
нарық, жеке адамның экономикалық еркіндігі, тауар
өндірушілердің дербестігі, бәсекелестігі болып табыла-
тын кең ауқымды экономикалық өзгерістердің ең басты
кедергісі десе де болады.
116
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Біз жүргізіп жатқан бағыттың басымдықтары ретін-
дегі экономикалық тұрақтылық, бағаны ырықтандыру,
мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру, шетелдік
инвестицияларды кеңінен тарту қазірдің өзінде-ақ
алғашқы нәтижелерін бере бастады. Бірақ атқарылатын
іс одан әлдеқайда көп.
Солай болса да, мен егемен мемлекет ретіндегі
Қазақстанның алға қойған міндеттерін ойдағыдай
іске асыратындай барлық мүмкіндіктері бар екеніне
сенімдімін. Бізде айтарлықтай табиғи ресурстар, білікті
жұмысшы кадрларымыз бен мамандарымыз және ең
бастысы – өмірді коммунистік идеология сәуегейлік
еткендей алыстағы «жарқын болашақта» емес, бүгіннің
өзінде, қазір-ақ жақсы жағына өзгертсек деген асқан
құлшынысымыз бар. Өзі 48-ге толатын жылы Марк
Твен: «Жасы 48-ге келгенше пессимист болған адам тым
көп біледі, ал 48-ден кейін оптимист болатын адамның
білетіні тым аз», – деп жазған екен. Ұлы жазушының
сөзін теріске шығарғым келмей-ақ айтатын болсам, одан
гөрі менің аздап та болса жолым болыңқыраған сияқты.
Жасым 52-ге тақаған шағымда мен өз республикамның
болашағына сеніммен қараймын.
117
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі
он екінші шақырылымының VIII сессиясында
«Қазақстан Республикасы Конституциясының
жобасы туралы»
СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Алматы қаласы,
1992 жылғы 1 маусым
Құрметті халық депутаттары!
Тарихтың өкіміне қарай сіздер мен біздер Біріккен
Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі ретінде өзінің
алғашқы қадамын жасап жатқан егемен жаңа мемлекет
– тәуелсіз Қазақстан Республикасының өмірге келуінің
бастауында тұрмыз. Ал бүгін біз еліміздің қоғамдық-са-
яси құрылысының дамуындағы маңызды кезең – оның
конституциялық ресімделу кезеңін ашып отырмыз.
Мұның өзекті сәттерінің негізі Мемлекеттік егемендік
туралы декларацияда және «Қазақстан Республикасы-
118
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституция лық
заңда, бірқатар негізгі құқықтық актілерде қаланған,
олардың қатарында меншік, азаматтық, қоғамдық
бірлестіктер, Министрлер Кабинеті туралы заңдар
бар. Меншіктің барлық түрлерінің теңдігі заң жүзінде
танылып, жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алуды
ілгерілету, кәсіпкерлік пен нарықтық қатынастар-
дың алуан формаларын дамыту үшін құқықтық негіз
жасалды. Демократиялық қоғамның ажырағысыз эле-
менті – нақты көппартиялық өмірге келіп жатыр. Жеке
адамның, қоғамның және негізгі міндеті адам құқығын
қорғау болып отырған мемлекеттің өзара қатынастары-
ның сипаты өзгеруде.
Бүгін, дәуірлер тоғысында, мемлекеттіліктің айтар-
лықтай тозған құқықтық базасын «боямалаумен» шек-
телуге болмайды, өйткені одан әрі даму перспективасын
жоғалтудың нақты қаупі бой көрсетеді. Сондықтан да
жаңа Конституцияға деген өмірлік қажеттілік айдан
анық.
Қазақстан Республикасының егемендігін жоғары
құқықтық деңгейде баянды ету қажет. Егемендік туралы
декларациялардың, жаңа мемлекеттердің өмірге келуін
жариялайтын басқа да құжаттардың маңыздылығына
қарамастан, конституциялар мемлекеттердің дәйекті
даму кезеңіне кіргендігін айқындайтын ең басты актілер
болып келеді және солай болып қала береді. Тарихи
тұрғыдан алып қарағанда, конституциялар қашан да
декларация негізінде қабылданып келгені тегін емес.
АҚШ-тың 1787 жылғы конституциясынан бұрын тә-
уелсіздік туралы декларация, 1791 жылғы француз кон-
ституциясынан бұрын адам және азамат құқықтарының
декларациясы қабылданған болатын.
119
Біз нақты демократия жүйесін орнықтырмайынша,
мемлекет әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі
бола алмайтынын ескерудеміз. Үшінші мыңжылдықтың
табалдырығын аттауға әзір тұрған өзара тығыз байла-
нысты дүниеде Жердің бір қиырында демократиясы
сетінеген өңірлер бар болса, ол жалпыадамзат ағза-
сының сырқаты болады да, ерте ме, кеш пе ғаламдық
сілкіністерге апарып соқтырады деген оймен әлемдік
ауқымда пайымдайтын адамдар қатары барған сайын
көбейіп келеді.
Өткеннің тек жалпыадамзаттық құндылықтарын
ғана алып, бұрынғы таптаурындардан, таптық дог-
малар мен жалған мұраттардан баз кешуді түбегейлі
жариялаудың маңызы зор. Біздің қолданыстағы Кон-
ституциямызда уақыт сынына төтеп бере алмаған,
миллиондаған адамдарға қайғы болып, қасірет
шектірген «кеңес халқының мемлекеттік бірлігі»,
«социалистік жалпыхалықтық мемлекет» және басқа
да «социализм жеңістері» жарияланған. Осының
бәрі ұзақ жылдар бойы бос даңғаза, тоталитарлық
режімнің конституциялық тұғырдан алып тасталуға
тиісті жылтырақ әшекейі болып келген еді.
Жаңа Конституцияны қабылдау қоғам дамуы-
ның ұзақ мерзімді мақсаттары мен басымдықтарын
анықтап, оларды халықтың өмірлік маңызды мүдде-
лерімен салыстыру үшін қажет. Ұлттық мемлекет-
тілікті дамыту, адам құқықтары мен бостандықта-
рының кепілдігі, азаматтық қоғам мен құқықтық
мемлекет орнату, азаматтық татулық пен ұлтаралық
келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін ла -
йықты өмірді қамтамасыз ету – тұжырымдап айтқанда
біздің стратегиялық міндеттеріміз, міне, осындай.
120
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Конституция алға қойған мақсаттарға: мемлекеттік
және халықтық егемендікті, мемлекеттік өкімет билі-
гін жүзеге асырудағы саяси алуантүрлілікті, адам мен
азаматтың бостандығын, мемлекеттің құрылысы мен
қызметінің негізі ретінде билікті бөлісу қағидаттары-
ның салтанатын қамтамасыз етуге жетудің құқықтық
негізін тұрақтандыру мен конституциялық-құқықтық
амалдарын нығайту үшін қажет.
Және, ақыр соңында, Конституция республиканың
көпұлтты халқының ой-арманы мен күш-жігерін жаңа
саяси негізде біріктіру үшін керек. Өмірлік маңызды
мәселелеріне жауап тапқан соң адамдар ертеңгі күніне
деген сенімге ие болады, ал бүгінде біздің көбімізге сол
жетіспей отыр.
Мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысты қаты-
настар кез келген конституцияның басты мәселесі
болады. Солардың негізінде азаматтың мәртебесі
орнығып, азаматтық қоғамның және, әрине, мемлекет-
тің әртүрлі институттарының жұмысы жүзеге асыры-
лады. Егер қазіргі жағдайға осы тұрғыдан көз салатын
болсақ, онда біздің практикалық іс-қимылымыз мем-
лекет пен саяси жүйенің өзге де субъектілері арасында,
республика мен оған кіретін әкімшілік-аумақтық бір-
ліктердің арасында, заң шығарушылық, атқарушылық
және сот биліктері арасында билік көлемін қайта бөлі-
суге байланысты екені айқын көрінеді. Осы аса маңы-
зды қатынастарды даусыз конституциялық тұрғыдан
баянды етпейінше, азаматтық қоғам құру, мемлекеттік
тетіктің тиімді қызмет етуіне үміт арту мүмкін емес.
Конституцияның қабылдануын қажет ететін тағы
бір елеулі себеп бар. Мен бүкіл құқықтық базаның
кетеуі кетіп жатқанын айтып тұрмын. Жекелеген
121
заңдарды қабылдап, олардың нақты жағдайдағы мақ-
сатын түсіне отырып, біз белгілі бір проблемалардың
жекелеген түбегейлі тұстарын кейбір дәрежеде «ойда
сақтап», «кейінге» қалдыратынымыз бар. Оларды тіпті
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі
туралы» Конституциялық заң арқылы да өзара байла-
нысты бір жүйеге жинақтау мүмкін болмады. Қазіргі
уақытта, бейне бір екі Негізгі заң қосарлас қолданылып
жүрген сияқты жағдай қалыптасты, ал бұған мүлдем
жол беруге болмайтынын өздеріңіз түсінесіздер.
Болашақ Конституция төңірегіндегі қоғамдық
пікірдің алуан түрлі екені барлық жайдан сезілуде.
Негізгі заңның қабылдануы біздің көпұлтты мемле-
кетіміз үшін қуатты топтастырушы фактор болар еді.
Осы тұрғыдан алғанда, Орал облысының «Азаматтық
келісім үшін» қоғамдық бірлестіктері кеңесінің Пре-
зидентке және халық депутаттарына жолдаған үндеуі
мейлінше назар аударарлық. Әртүрлі бағдардағы жеті
қоғамдық бірлестіктің басшылары жобаның демо-
кратиялық жолмен талқылануын қамтамасыз етуге,
халықтың пікірлерін жан-жақты ескеруге шақырған
үндеуге өздерінің қолдарын қойған. Мұндай өтініштер
мен талаптар басқа да қоғамдық ұйымдардан, жекеле-
ген азаматтардан келіп түсуде.
Мен тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа Кон-
ституциясын қабылдаудың қажеттігіне және оның дер
шағы осы екеніне кәміл сенемін.
Өздеріңіз білесіздер, Жоғарғы Кеңестің қаулысымен
1990 жылғы желтоқсанда конституциялық комиссия
жұмысын бастаған болатын. Конституция жобасын
әзірлеуге халық депутаттары, республикалық басқару
органдары, белгілі құқықтанушы ғалымдар, қоғамдық
122
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
бірлестіктердің өкілдері тартылды. Жұмысшы және
сарапшы топтарды тиісінше Жоғарғы Кеңес Төраға-
сының орынбасары З. Л. Федотова мен республиканың
халық депутаты академик С. З. Зиманов басқарды.
Конституциялық комиссия, жұмысшы және
сарапшы топтар бір-бірімен байланыс жасай отырып
жұмыс істеді, пікір сайыстары мен таластар үстінде
оңтайлы шешімдер іздестірумен болды. Бұл орайда
әрқашан да жоғары дамыған елдердің тәжірибесі басты
дәлел болып отырды. Өткен уақыт ішінде Конституция
жобасының бірнеше нұсқасы әзірленіп, қаралды.
Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған құжат
жеткілікті дәрежеде сынақтан өткізіліп, ғылыми сарап-
қа салынды. Ол «дөңгелек үстелдер» мен конференци-
яларда талқыланды, оларға бұрынғы Одақ республика-
ларының көпшілігінен келген жетекші ғалымдар мен
практиктер қатысты. 1992 жылғы қаңтарда Қазақстан
Республикасы Конституциясының проблемалары бо-
йынша Қазақстан-Америка кездесуі өткізілді. Сонымен
бірге, жобамен адам құқықтары мен бостандықтары
проблемаларына маманданушы үкіметтік емес
«Халықаралық амнистия» ұйымы таныстырылды.
Азаматтың құқықтық жағдайының үлгісі ретінде
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларация-
сында, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени
құқықтар туралы халықаралық пактіде, Азаматтық
және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде
бекітілген стандарттар алынды.
Билікті бөлісу мен басқару формасы жайында айта-
тын болсақ, бізге АҚШ-тың, Францияның, Финляндия-
ның, Португалияның тәжірибесін зерттеу елеулі көмек
көрсетті. Конституциялық қадағалау органдарына
123
қатысты ГФР мен Италия конституциялық соттарының
мәртебесіне жасалған талдауға баса көңіл бөлінді.
Еуропаның жоғары дамыған елдеріне бағдар ұстай
отырып, біз, әлбетте, Азиядағы көршілеріміздің – Жапо-
нияның, Оңтүстік Кореяның, Үндістанның, Пәкстанның,
Түркияның, басқа да елдердің тәжірибесін ескереміз.
Бұл арада мен біздің тұрақты пікір алмасуымыз жолға
қойылған Достастықтың тәуелсіз мемлекеттері жа-
йында айтып та тұрғаным жоқ.
Әлбетте, әңгіме бас-көз жоқ көшіріп алу жайында
болып отырған жоқ, өйткені біз үшін «американ»
нұсқасы да, «жапон» нұсқасы да, «түрік» нұсқасы да,
басқа қайсыбір нұсқа да мінсіз емес. Өздеріңіз түсініп
отырғандай, мен мұны біз таңдап алған шешімдердің
классикалық үлгілермен сәйкестігін тексеріп, мәтіннің
айнадағыша айнымай шықпағанына ренжуі мүмкін
адамдар үшін айтып тұрмын. Біздің ең басты назар
аударған нәрсеміз – нақты мәселелерді өз өмір шын-
дығымызға жақындатылған тарихи жағдайларда кон-
ституциялық жолмен шешудің әдістемесі. Нақ сон-
дықтан да біз, бірінші кезекте, республика халқының
әлеуметтік-экономикалық дамуының, саяси мәдени-
етінің, ұлттық және діни ерекшелігінің жеткен деңгейін
негізге алдық.
Біздің Қазақстан Республикасы тәуелсіз демокра-
тиялық мемлекетінің іргетасын күрделі ішкі және
сыртқы саяси жағдайда салуымызға тура келіп отыр,
бұл жағдай, әрине, Конституцияны әзірлеу үдерісіне
өз ықпалын жасады, ал кейбір реттерде тіпті белгілі бір
ережелердің мазмұнын да айқындап берді.
Жобаның мазмұны жайында айтпас бұрын оның
авторлары Конституцияның адам, қоғам және мемлекет
124
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
өмірінде атқаратын сапалық жағынан басқаша бір рөлін
негізге алғанын атап көрсетейін.
Конституция жобасы теориялық үлгісінің негізіне
халық билігінің, жалпыадамзаттық құндылықтар мен
жалпы жұрт таныған халықаралық құқық нормалары-
ның идеяларын тану, азамат құқықтарының басымдығы
және мемлекеттің халық бақылауындағы институттары
мүддесін көздейтін азаматтық қоғам орнату ынтасы
алынған.
Конституцияның қамту ауқымы түбегейлі өзгертіл-
ген. Іргелі маңызы жоқ, бірақ бұрын дәстүр бойынша
Конституция реттеп келген көптеген қатынастар
неғұрлым төмен заңнамалық деңгейге берілді. Екінші
жағынан, азамат, экономикалық жүйе, мемлекет инсти-
туттары мәртебесінің, сот әділдігін лайықты жүзеге
асыру кепілдіктерінің жекелеген қырлары тұңғыш рет
конституциялық сипат алды.
Егер қолданыстағы Конституция жалпы саяси декла-
рацияларға, идеологиялық кепілдіктер мен уәделерге
лық толы «саяси-құқықтық акт» болса, бұл жоба қандай
да бір «измдерден» толық ада, белгілі бір ережені мей-
лінше нақты түсіндіруге және оны, негізінен алғанда,
құқықтық құралдармен қорғауды қамтамасыз етуге
мүмкіндік беретін қатаң заң тілімен баяндалған.
Конституция нормалары тікелей қолданылады, ал
бұл әсте де құқықтық құрғақ сипатта емес. Мұндай
жазба Конституцияға өмірлік күш береді, оны өмір
шындығымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын
жылтырақ экспонаттардың бірі ретінде пайдаланудың
кеселді практикасынан арылтады, азаматтардың өз
құқықтарын Конституцияның көмегімен қорғауға мүм-
кіндік береді, және, сөз жоқ, оның беделін де арттырады.
125
Мәтінде «Конституцияны сақтау кепілдіктері» деген
арнаулы бөлімнің болуы, конституциялық құрылыс
тұрғысынан алғанда, жаңалық. Конституцияның
тұрақтылығы оны өзгертудің ерекше тәртібімен, жеке-
леген конституциялық ережелерді қайта қараудың
қиындатылған рәсімімен қамтамасыз етіледі. Ықти-
малды жалған конституциялық реформалардың алдына
қосымша кедергілер қоя отырып, біз бұған саналы түрде
барып отырмыз. Халық стратегиялық бағытты біржола
және түпкілікті таңдап алып, ертеңгі күні мемлекет
басына келетін жаңа саясатшылардың оны өзгерте
алмайтынына сенімді болуы тиіс.
Айтпақшы, осы тұрғыдан алғанда, америкалықтар-
дың өз конституциясына көзқарасы мейлінше назар
аударарлық. Кейде осы бір ұлт үшін қастерлі ешнәрсе
жоқ сияқты болып көрінеді: конгресс, президент, кез
келген лауазымды адам, заңның қандайы болса да,
екінің бірінде қатаң сынға алынып жатады. Бірақ олар
үшін конституциядан қастерлі нәрсе жоқ, оны АҚШ-
тың барлық азаматтары әспеттеп қорғайды. Икона
сияқтандырып емес, демократиялық жолмен ұйымдас-
тырылған құрылыстың кепілі мен пәрменді жұмыс
істейтін құралы ретінде қорғайды.
Уақытымыздың күрделі екеніне қарамастан, біз Кон-
ституцияны ұзақ мерзімге әзірлеп отырмыз. Сондықтан
жобаның жекелеген, ең алдымен, кейбір мемлекеттік
институттарға қатысты ережелері іске асырылу бары-
сында икемділік пен ептілікті қажет етеді. Мұндай
жағдайда шешімдерді конституциялық немесе әдеттегі
заңдар түрінде Жоғарғы Кеңес қабылдайтын болады.
Мұндай тәжірибе Конституция мәтінінің «сақталуын»
қамтамасыз ету мақсатында көптеген елдерде пайда-
ланылады.
126
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Арқаулы конституциялық қағидаттар «Конституци-
ялық құрылыс негіздері» бөлімінде баяндалған.
Мұнда Қазақстан Республикасына тұңғыш рет тә-
уелсіз, демократиялы және унитарлы мемлекет ретінде
сипаттама беріледі. Қазақстанның егемендігі шектел-
меген, оның аумағы тұтас, бөлінбейтін және қол сұғыл-
майтын болып табылады. Осылайша, республикаға
аумақтық тұрғыдан талап қоюдың кез келген жолы
біржола кесіледі.
Жобаның бастау көзі – біздің конституциялық
құрылысымыздың тәжірибесінде бұрын белгісіз болған
азаматтық қоғам құру мұратымен бірліктегі ұлттық
мемлекеттік идеясы. Қазақстанды қалыптастыру мен
дамытудың өзім ұсынған стратегиясында мен ұлт мем-
лекеттіліксіз өмір сүре алмайды, ол өзінен өзі құрып
кетеді дегенді басшылыққа аламын. Өз кезегінде,
ұлттың құрып кетуі оның мемлекетінің өмір сүруін
мағынасыз етеді.
Мемлекеттілік тілмен және ұлт пайда болып, орныққан
аумақпен табиғи байланысты. Қазақтар үшін бұл –
Қазақстан Республикасы, мұнда қоғамның түрлі ұлттар
мен ұлыстарға жататын барлық мүшелерінің теңдігі мен
бостандығы етілген және қамтамасыз етіле береді. Ұлт-
тық мемлекеттіліктің негізгі белгілері Конституцияның
кіріспесінде, конституциялық құрылыстың негіздерінде
және басқа да нормаларда баянды етілген.
Конституция ережелерінің мәнмәтінінде біз әрбір
ұлт пен ұлыстың дамуын, олардың мәдениетінің өзара
баюын қамтамасыз ететін нормаларды бекітетінімізді
атап өту керек. Республиканың кез келген азаматының,
ол қандай ұлтқа жататынына қарамастан, қазақтың ұлт-
тық мемлекетін өз мемлекетім деп есептеуі және оның
толық қолдауына сенім артуы табиғи нәрсе.
127
Бұрын да талай айтқанымды қайталағым келеді. Біз
басқа ұлттар мен ұлыстардың құқықтарын кемсітпей
және олардың есебінен жүргізбей-ақ қазақ этносын
сақтап, дамыту жөнінде шаралар қолданамыз. Бұл
бағытты Қазақстанда тұратын адамдардың басым
көпшілігі қолдайды және олар өз мұқтаждарымыз
бен арман-тілегімізді тек бірге болып, бір шаңырақ
астында ғана қанағаттандыра алатынымызды түсінеді.
Қарапайым адамдардың бөлісе алмай жатқан ештеңесі
жоқ. Қазақ, орыс халықтары мен республиканың басқа
да барлық халықтарының қас дұшпаны ғана ұлттық
алауыздыққа шақыруы мүмкін.
Конституция жобасы адамды, оның өмірі мен бостан-
дығын ең асыл қазына деп таниды. Республика өзінің
қызметін азамат пен қоғамның мүдделеріне сай жүзеге
асырады. Қазақстанның көпұлтты халқы егемендіктің
иесі әрі саяси алуантүрлілік негізінде және әртүрлі
ұйымдық формаларда жүзеге асырылатын мемлекет-
тік өкіметтің бірден-бір қайнар көзі болып табылады.
Бұл орайда халық атынан сөйлеу құқығына қандай
да бір қоғамдық бірлестік емес, қандай да бір аудан
немесе қала емес, қандай да бір адамдар тобы емес,
тек Жоғарғы Кеңес пен Президент ие болады. Мұндай
ереже өте маңызды, өйткені ол өздерінің жеке немесе
тар өрісті топтық мақсаттарын көздей отырып, бүкіл
халықтың атынан ділмарсығысы келетін жаңа шыққан
саясатшысымақтардың желігін басады деп ойлау керек.
КОКП-ның идеологиялық монополиясының жетпіс
жылдан астам тәжірибесі бізді «саяси партиялардың
және өзге де қоғамдық бірлестіктердің, оның ішінде
діни бірлестіктердің де идеологиясы мемлекеттік иде-
ология ретінде орныға алмайды» деп бірмәнді жари-
ялауға мәжбүр етті. Бұдан былай біз ақиқатқа деген
128
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
құқықты ешкімнің де озбырлықпен тартып алуына
жол бермейміз.
«Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімі «Аза-
мат», «Қоғам», «Мемлекет» деген үш топтамадан
тұрады. Бұрынғы конституциялардан өзгешелігі –
жобада, көріп отырғанымыздай, ең алдымен азамат-
тың құқықтық мәртебесі, содан соң одан туындайтын
қоғамдық құрылыс негіздері анықталады да, тек содан
кейін ғана мемлекет пен оның институттары туралы
сөз болады.
Бұрын қолданылып келген кеңес конституциялары
ең демократияшыл деп есептелуші еді, өйткені әле-
уметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтар
мен бостандықтардың кең шоғырын жариялайтын.
Алайда өмір жекені мемлекеттікінен бөлек қарастыр-
майынша, ешқандай декларациялар нағыз бостан-
дықты алмастыра алмайтынын дәлелдеп берді. Жоба-
да бұл ескерілген.
Қоғам мен саяси жүйедегі азаматтың және мем-
лекеттің орны мен рөлінің өзгеруі, нарықтық қаты-
настарды қалыптастыру мен дүниежүзілік өркениет
құндылықтарына қол жеткізуге бағдар ұстау жеке адам
мен мемлекеттік билік арасындағы қатынастарды қайта
қарауды талап етті.
Конституция жобасында адамның және азаматтың
құқықтары мен бостандықтарының дүниежүзілік нор-
маларға сай келетін жаңа тұжырымдамасы берілген.
Жаңа құқықтар мен кепілдіктердің арасында өмір сүру,
жеке меншік, ақпарат алу мен тарату, еркін жүріп-тұру
мен тұрғылықты жерді таңдау, мемлекеттік қызметке
қол жеткізу және басқа да құқықтарды баянды ету
көзделеді. Міндеттердің арасында заңдарды орындау,
129
басқа азаматтардың ар-ожданы мен абыройын құр-
меттеу, белгіленген салықтар мен алымдарды төлеу,
Қазақстан Республикасын қорғау бар. Адам және азамат
құқықтарының кепілдіктері жаңадан тұжырымдалған,
бұл орайда басты назар құқықтық кепілдіктерді нығай-
туға аударылған.
Адамдардың бостандығы мен теңдігі жағдайында
Қазақстанның дамуында экономиканың мемлекеттік
және жекеменшік секторларының таңдап алынған кез
келген саласындағы жеке бастаманы қамтамасыз ететін
меншік қатынастары, кәсіпкерліктің кез келген заңды
түрімен айналысу шешуші мәнге ие болады.
Меншікті өз қорғауына ала және одан өз еркімен айы-
рылуға тыйым салу кепілдігін бере отырып, мемлекет
сонымен бір мезгілде белгілі бір шектеулер де енгізеді.
Біріншіден, тек қана Қазақстан Республикасының
игілігінде болатын объектілердің: жердің, оның қойна-
уының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің, басқа да
табиғи ресурстардың тізбесі айқындалған.
Екіншіден, меншіктің қоғамдық мәні, оның жасам-
паздық сипаты атап көрсетіледі: «Мүлікті пайдалану
экологиялық ортаға нұқсан келтірмеуге, азаматтардың,
заңдық тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын және
заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс».
Жеке меншіктің тууына, жекешелендіру мен
мемлекет иелігінен алуға өндіруші-монополистер-
дің рыноктағы тежеусіз билігі тұсау болуда. Осыған
байланысты Конституция заңды бәсекелестікті шектеу-
ге немесе жоюға, тұтынушылардың құқықтары мен
заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған моно-
полистік және басқа да кез келген қызметке тыйым
салады.
130
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Шетелдік инвесторлар үшін бизнестің тұрақты
жағдайына, өздерінің мүдделерін мемлекеттің қорға-
уына кепілдік беретін қағиданың принципті маңызы
бар – шетелде бұл туралы менің талай рет естуіме тура
келді.
Жобаға енгізілген адамгершілік әлеуетті «Неке және
отбасы» тарауының нормалары айқын қуаттайды.
Мұнда өзара келісім бойынша некеге тұру мен ерлі-за-
йыптылардың теңдігі, ата-аналардың балаларды асы-
рау, оқыту және тәрбиелеу міндеті, еңбекке қабілетті
балалардың өз ата-аналарына қамқорлық жасау мен
оларға көмек көрсету міндеті сияқты жалпы жұрт
таныған ережелер бекітілген. Мемлекет пен қоғам
жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынан
айрылған балаларды асырауды, тәрбиелеуді, оқытуды
қамтамасыз ететіні, балаларға қатысты қайырымдылық
қызметті қолдайтыны тұңғыш рет атап көрсетілген.
Ең жаңа саяси өмірдің нақты факторы қоғамдық
бірлестіктер болып отыр. Олар қоғамдық пікірді
анықтауға жәрдемдеседі, түрлі мемлекеттік қызметке
кандидаттарды іріктеуден өткізетін өзіндік бір сүзгі
қызметін атқарады. Саяси партиялар мемлекеттік билік
пен халықтың өзара байланысын қамтамасыз ететін
құралға айналуда. Соған байланысты оларға депутат-
тыққа кандидаттар ұсыну, парламенттік фракциялар
құру құқығы және басқа мүмкіндіктер беріледі. Жобада
қоғамдық бірлестіктерді шүбәсіз өз орындарына қоюға
әрекет жасалған: саяси партияларға – саясат саласы,
кәсіби одақтарға – азаматтардың әлеуметтік-экономи-
калық құқықтарын қорғау, діни бірлестіктерге – дін
тұту бостандығын қамтамасыз ету, шығармашылық
одақтарға – өнер саласындағы мүдделерді білдіру және
131
тағысын тағылар. Ал мұның өзі, менің ойымша, өте
әділетті. Әркім өзінің ісімен айналысуға тиіс.
Қоғамдық бірлестіктердің мәртебесін анықтай
отырып, жоба оларға мемлекеттік органдардың
функцияларын беруге тыйым салуды орнықты-
рады. Бізде қажетті өкілеттіктерді иеленген тиісті
билік құрылымдары бар. Сондықтан жөнді-жөнсіз
қоғамдық бақылаушыларды қаптата берудің, мемле-
кеттік құрылыстың үстіне қандай да бір қосымшасын
тұрғызудың қажеті жоқ. Демократияның, деп айтар
болсақ, мұндай формалары тұлғасыз қоғамдық-мем-
лекеттік құрылымдардың пайда болуына, лауазымды
адамдар жауапкершілігінің берекесізденуіне, қоғамдық
өзін өзі басқару бірлестіктерінің төрешілденуі мен
мемлекеттің қосарласына айналуына соқтырған
көптеген мысалдарды тағы да өз тәжірибемізден
көреміз.
Бүгін тағы бір жағдай туралы да айту қажет. Саяси
бостандық пен қоғамдық мінез-құлықтың жалпыадам-
заттық нормаларын арсыздықпен аяқасты етуді соның
орнына санаудың арасында ортақ ештеңе де жоқ.
Бірқатар қоғамдық бірлестіктер мәдениетті, тілдерді
қайта түлету, адамдардың өмір сүруінің экономикалық
жағдайларын жақсарту сияқты ұлттық идеяларды қару
етіп алды. Мұның өзі жақсы да. Басқа бір нәрсе қатты
алаңдатады. Жекелеген қоғамдық бірлестіктер, ұлт-
тық-мәдени орталықтар ұлттық оқшаулыққа, ұлттық
артықшылықты насихаттауға, ортақ проблемаларды
басқа ұлттар өкілдерінің заңды құқықтары мен мүдде-
леріне нұқсан келтіру есебінен шешуге жиі-жиі басым-
дық беріп, қауесеттерді таратудың көзіне айналып
отыр. Яғни, өздерінің адамгершіл жарғылық міндет-
132
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
терінен барған сайын алшақтай түсіп, ұлтаралық қарсы
тұрушылықтың тірегі болуда. Ал шынтуайтында олар-
дың белсенді қатысушыларының әрқайсысы жасампаз
идеяны күйретуші идеядан бөліп тұратын шекті білуі,
сол жөнінде өзіне есеп беруі қажет еді.
«Алаш», «Желтоқсан», жерлестер ұйымы, Сібір
казактарының одағы қоғамдық бірлестіктерінің есебінде
бір жыл ішінде рұқсатсыз өткізілген 130 митингі мен
басқа да шаралар, қоғамға қарсы әртүрлі әрекеттер
бар. «Алаш» та, Казактар одағы да заңда белгіленген
тәртіппен тіркелмеген. Бұлардың екеуі де Қазақстанға
басқа өңірлерден әкелінген баспасөз өнімін пайдала-
нады. Осының өзі-ақ олардың әрекеттері Конституцияға
қарсы екендігін айғақтайды. Мен бірқатар жерлердегі
казактар қозғалысы барған сайын әскери құрамалар
сипатына айқын ие бола бастағаны туралы айтып та
тұрғаным жоқ, ал ондай құрамалар құруға заң бо-
йынша тыйым салынған. Және де біз Оралдағы қақты-
ғысты қандай қиындықпен тоқтатуға тура келгенін әлі
ұмыта қойған жоқпыз ғой.
Бұл екі арада прокуратура, басқа да құқық қорғау
органдары «алдын алу» сипатындағы шаралармен
ғана шектелуде, ал ондай шаралар бұл органдардың
халық арасындағы беделін жоғалтудан басқа ештеңе
де бермейді. Қоғамдық ахуалды тұрақсыздандыратын
адамдардың үзілді-кесілді арсыз мәлімдемелеріне
және тіпті іс-әрекеттеріне құқық қорғау органдарының
тарапынан барабар шұғыл шаралар қолданылуға тиіс.
Адамдар олардан нақ осыны күтіп отыр. Әңгіме барлық
партиялар мен қозғалыстардың өз жұмыстарын заң
шеңберінде жүргізуі жайында болып отыр. Біздің ортақ
үйдегі тыныштық пен келісім баршамызға да қымбат
133
екеніне күмәнім жоқ. Міне, сондықтан да бұл туралы
Парламент мінбесінен айтып тұрмын.
Осы тақырыпты аяқтай келе, демократияны алаң
мен тобырдың билігі – охлократиямен алмастырғысы
келген жерлерде оның алдын алмайынша болмайтынын
тағы да атап көрсетпекпін. «Алаулаған» бір оқиғаға
жол беріп алсақ, бітті, одан кейін басқаруға көнбейтін
нөпір-апат лап қояды. Сондықтан да ұлттық, таптық
және діни төзбеушілікті уағыздайтын, егемен мемле-
кетіміздің конституциялық құрылысы мен аумақтық
тұтастығына қатер төндіретін саяси партиялар мен
ұйымдар қызметінің жолын батыл түрде кесу үшін
заңнамада көзделген шараларға көшетін уақыт жетті.
Республикада белгіленген тәртіп бойынша тіркелместен
әрекет етіп жүрген қоғамдық бірлестіктердің көпшілігі
тіркелуден қасақана жалтаратынын байқамау мүмкін
емес. Тегінде, тіркелмеген қоғамдық бірлестіктерге бас-
шылық жасағаны және олардың қызметіне қатысқаны
үшін заң алдында жауапкершілік белгілеу қажеттігі
пісіп-жетілген болса керек.
Конституция мен заңдардың екі жақтылығы,
халықтың құқықтық көзқамандығымен ұштаса келіп,
құқық бұзушылыққа оңтайлы жағдай туғызып отыр-
ғанына назар аударғым келеді. Бұл – республика Кон-
ституциясын сындарлылықпен талқылап, қабылдауды
қажет ететін тағы бір дәлел.
«Конституциялық құрылыс негіздері» тарауында:
«Қазақстан Республикасындағы мемлекет билігі заң
шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөліну
қағидатына негізделеді» деп жазылған. Біздің кейбір
ғалымдарымыздың және істің байыбына бармаған
саясаткерлеріміздің күш-жігер жұмсауымен биліктерді
134
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
бөлу қағидаты іс жүзінде олардың арасына қайдағы
бір «қытай қорғанын» орнатуға ұласып бара жатқанын
алдын ала атап көрсеткім келеді. Айтқандай, менің
шетелдерге сапарларым кезінде әріптестерімнің, ең
алдымен, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі
органдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы
секілді маңызды элементті атап көрсеткені бар.
Біздің мемлекеттің қазіргі кезеңі мен алдағы бола-
шағын сипаттай келіп, нарықтық экономика құрудағы
елеулі қиындықтар, өркениетті көппартиялылық пен
нақты демократия жағдайында өмір сүру тәжірибесінің
жоқтығы президенттік республика қалыптастырудың
сөзсіз қажеттігін талап етіп отырғанын айту керек. Оның
бастауы 1990 жылы қаланған болатын, ал қазірдің өзінде
ол бірнеше кезеңнен өтті.
Президенттік қызмет тағайындалып, оған мемлекет
басшысы, республиканың ең жоғары атқарушы және
өкімші билік қызметі жүктелді, үкіметтің – Министр-
лер Кабинетінің қызметіне басшылық ету тапсырылды.
«Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті
туралы» Заңға сәйкес, Президенттің Кабинетке қатысты
өкілеттігі күшейтілді. Алқалық негіздің аясы тарылып,
Үкімет мүшелерінің рөлі мен жеке жауапкершілігі
күшейтілді.
1992 жылғы ақпанда Президент Жарлығымен атқа-
рушы биліктің бірыңғай тұтас жүйесін қалыптастыру
аяқталды.
Өткен жолды және болашаққа арналған жоспар-
ларды ескере келіп, конституциялық комиссия сіздердің
қарауыңызға басқарудың президенттік формасына көп
деңгейде жақындатылған органдар жүйесін қарауды
ұсынады. Бұл орайда кім кімді құр қалдырды дегенді
135
анықтау мақсатымен жоғары органдардың өкілеттілік
ауқымын таразыға тартпақ ниеттегі аңғырт әрекет-
тердің жөнді бола қоюы екіталай ғой деп ойлаймын.
Жоғарғы Кеңестің де, Президенттің де, Министрлер
Кабинетінің де жоғалтқан ештеңесі жоқ. Ал егер жаңа
бірдеңеге ие болса, оның өзі де бір-бірінің есебінен
емес, дүние жүзінде қолданылып келе жатқан, бізде де
жарияланып, ішінара жүзеге асырылған билікті бөлісу
қағидатына көшу шеңберінде өтті.
Заң шығарушы билікті кәсіптік негізде әрекет ететін
Жоғарғы Кеңес жүзеге асыруға тиіс. Парламент депу-
таты одан тысқары лауазым атқарып, басқа өкілетті
органның мүшесі бола алмайды. Ол тәжірибелі сая-
саткерлерден, заң шығарушы саланың мамандарынан
тұратын, жұмысын тұрақты түрде істеп, тек каникулға
шыққанда ғана үзетін Жоғарғы Кеңес болады. Конститу-
циялық комиссия мен жұмыс тобы мүшелерінің бірлік
танытқан жері: бізге заңдарды жартылай қоғамдық
негізде жасап, қабылдаудан бас тартатын уақыт жетті.
Тұрақты түрде жұмыс істейтін парламент, қажет болған
жағдайда, ескірген заңдарға жедел түзетулер енгізіп,
жаңа заңдар қабылдап, олардың іске асыруын бақылау-
ға, атқарушы билік органдарымен тұрақты өзара іс-қи-
мыл жасауға мүмкіндік береді. Жоғарғы Кеңес жүзеге
асыратын бақылау бернесінің кепілдігі күшейтілді.
Жобада Президенттің Мемлекет басшысы мен Үкімет
басшысы ретіндегі міндеттерін бір мезгілде дәлдей
отырып, жоғары атқарушы билікті одан әрі топта-
стыру көзделген. Әсіресе, бұрынғы Одақ халық депу-
таттарының бұдан аз ғана уақыт бұрын жоғары билік
органдарының арасына сына қағу жөніндегі табыссыз
да болымсыз әрекетінің мысалдарын еске алсақ, мұның
136
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
өзі аса маңызды жағдай. Бұл қайрап салудың қайғылы
қорытындысы жақсы белгілі: біреулер үшін ол тамыз-
да аяқталса, енді біреулер үшін оқиға «Матросская
тишинада» осы уақытқа дейін созылуда. Ал мұның
салдары тым қасіретті. КСРО-ның барлық жоғары
органдары, Одақтың өзі сияқты, келмеске кетті. Алды-
мызда алапат экономикалық апаттан шығу сияқты
басты міндет тұрғанда, өз мемлекетіміздің шеңберінде
мұндай «ойынға» жол беруге біздің қақымыз бар ма?
Осыған ұқсас мысалды Италиядан да көруге болады
– онда соғыстан кейінгі кезеңде 40-тан астам үкімет
ауысты. Түркия мен Пәкстанда дәл осындай үдеріс-
тер азаматтық тұлғалардың арындаған сезімдері мен
қызбалықтарын жөнге салып отыратын әскери дик-
татураларды саясаттың оқтын-оқтын жүзеге асатын
факторына айналдыруда.
Оның үстіне, президенттік республика тек Президент
үшін ғана пайдалы деп ойламау керек. Басқарудың
парламенттік формасы жағдайында парламенттің
орасан зор рөлі тек сыртқы көрініс, қиял ғана. Сайлау-
да жеңіске жеткен партияның бағытын сөзсіз жүзеге
асыратын парламенттегі және үкіметтегі бірыңғай
партиялық көпшіліктің есебінен партияның өзінің рөлі
күрт артады, ал жоғары мемлекеттік органдар оның
саясатын жүзеге асырушыларға айналады. Ұлыбрита-
нияның, Жапонияның, Германияның тәжірибесіне зер
салыңыздаршы. Басқарудың президенттік формасы
мұндай шиеленістерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Нақ осы себептен ол біздің болашағымыз ретінде таңдап
алынды.
Конституция жобасында Министрлер Кабинетінің
Жоғарғы Кеңес алдындағы ұжымдық жауапкершілігі
137
институтын алып тастау, Министрлер Кабинеті өкілет-
тігінің мерзімін Президенттің сайлануымен ұштастыру
ұсынылады. Президент Кабинетті басқарады және
Премьер-министрге үкіметтің қызметіне тікелей жедел
басшылық жүргізуге өкілеттік береді деп көзделген.
Мәтіннен Министрлер Кабинетінің жұмыс аясын,
құзырын және қызметін ұйымдастыруын реттейтін
нормалар алып тасталды. Оларды күнделікті заңдарда
Жоғарғы Кеңес пен Президент реттей алады.
Осы ұсынылған шаралардан атқарушы билік бақы-
лаусыз қалмайтынын ерекше атап өтемін. Жоғарғы
Кеңестің республика тыныс-тіршілігінің түбегейлі
проблемаларын шешумен байланысты өкілеттіктеріне
күмән келтіріліп отырған жоқ. Депутаттар Қазақстан
Конституциясы мен заңдарын бұзған Министрлер
Кабинетінің мүшелерін қызметінен босату мүмкінді-
гін алады. Демек, биліктің тепе-теңдігі сақталады, оған
республикада құрылып отырған Конституциялық сот
айтарлықтай дәрежеде жәрдемдеседі.
Жобада мемлекеттік биліктің аумақтық ұйымына,
жергілікті өкілетті және атқарушы органдарға сапа-
лық тұрғыдан басқадай рөл беріліп отыр. Жаңа Кон-
ституция қабылданғаннан кейін әкімшілік-аумақтық
құрылымның басты мақсаты оның басқарушылық
функциясы болмақ. Заң шығару қызметі мен норматив-
тер жасау республика деңгейінде шоғырландырылады.
Жергілікті Кеңестер, халықтың өзін өзі басқару орган-
дары ретінде, өз істерін шешумен айналысады. Орталық
және жергілікті органдардың рөлін осылайша дәлдеу
өзін өзі басқарудың басты элементтерін сақтай отырып,
жікшілдік пен жершілдіктің белең алуына жол бер-
мейді.
138
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Жоба заң шығарушы және атқарушы билікпен қатар,
азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңның
салтанат құруын қамтамасыз етуге тиісті сот билігінің
орнын айқын белгілейді.
Конституция жобасының негізгі мазмұндық қыр-
лары, қысқаша айтқанда, осындай. Ал енді рәсімдік
жайларға тоқталуға рұқсат етіңіздер. Олар да өте маңыз-
ды, өйткені, республиканың қалыптасуындағы қазіргі
күрделі де аса жауапты кезеңде өмір шешуі барабар
түсетін, бірақ дәстүрлі емес қадамдарды талап ететін
қиын проблемаларды алға тартуда.
Қазір қолданылып жүрген және оның алдындағы
барлық кеңестік конституцияларды Жоғарғы Кеңес
қабылдады. Алайда әлемдік тәжірибе мейлінше әртүрлі
тәсілдердің бар екендігін айғақтайды. Бұл, мысалы, Кон-
ституцияны және сайлау туралы Заңды қабылдаған соң
таратылатын арнайы сайланған құрылтай жиналысы
немесе референдум жолымен, яғни халықтың тікелей
өзі сайлауы арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Президенті, консти-
туциялық комиссияның төрағасы ретінде Жоғарғы
Кеңестің қарауына мынадай ұсыныстар енгіземін.
Осы сессияда негізгі ережелер бойынша бір тоқтамға
келіп, оларды бірінші оқылымында мақұлдап, Консти-
туцияны бүкілхалықтық талқылауға шығару туралы
шешім қабылдау жөн болмақ. Халық депутаттарының
жергілікті Кеңестеріне, әкімшілік басшыларына жобаны
сессияларда қарау, халық арасында және бұқаралық
ақпарат құралдарында талқылауды ұйымдастыру
тапсырылсын. Сіздер Конституцияны қабылдауды
соза беруге болмайтынымен, сонымен бірге, асығыстық
жасамау керектігімен де келісесіздер ғой деп ойлаймын.
139
Жобамен бұдан арғы жұмыс былайша құрылуы
мүмкін. Бүкілхалықтық талқылаудан кейін оның қоры-
тындыларын ескере отырып, конституциялық комиссия
жобаны пысықтауы және Жоғарғы Кеңес сессиясының
қарауына енгізуі керек, онда Конституцияны екінші
оқылымында қабылдау қажет.
Сөзімнің соңында жаңа Конституцияның бізге
өмірлік қажеттігі бар екенін тағы да атап көрсетемін.
Ол қоғам өміріне айқындық енгізіп, азаматтардың
құқықтары мен міндеттерін нақты белгілейді, билік
институттарына, әкімшілік және сот органдарына
сенімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Қысқасы, қоғам
мен мемлекет өмірінде біздің әрқайсымыздың құқығы-
мыз бен бостандығымызды қорғау үшін, қазақстан-
дықтардың жақсы өмірі жолында республикада
жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалардың табысты
болуы үшін қажетті тәртіп орнатуға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |