МОЙЫН ӨРІМІ
Мойын өрімі, plexus cervicalis (СI-CIV), мойынның терең: m.levator scapulae, m.scalenus medius, m.splenius cervicis, бұлшықеттерінің алдыңғы латералды бетінде орналасады. Өрімді алдыңғы жағынан m.sternocleidomastoideus, жауып жатады. Мойын өрімінің қосымша, тіласты нервтерімен байланысы бар. Өрімнен кететін тармақтар: бұлшықеттік, терілік (сезімтал) және аралас нервтер болып бөлінеді.
52-сурет. Мойын және иық өрімдері.
1 – мойындық жұлын нервтерінің ( СV – CVIII) алдыңғы тармақтары; 2 – омыртқалық артерия; 3 – бұғанаастылық артерия; 4 – бұғана; 5 – иық өрімі; 6 – мойын өрімі; 7 - мойындық жұлын нервтерінің ( СI – CIV) алдыңғы тармақтары.
Терілік (сезімтал) нервтер мойын өрімінен төс – бұғана - емізіктәрізді бұлшықеттің ортаңғы бөлігінен жоғарырақ шығады да теріастылық бұлшықеттің, m.platysma, астында орналасады.
Құлақтық үлкен нерв, n.auricularis magnus (С3), құлақ қалқаны мен сыртқы құлақ өтісін нервтендіреді.
Шүйделік кіші нерв, n.occipitalis minor (С2-С3), төс – бұғана - емізік тәрізді бұлшықеттің артқы жиегін бойлай жоғары көтеріліп, шүйде аймағының латералды бөлігін және құлақ қалқанының артқы бетін нервтендіреді.
Мойынның көлденең нерві, n.transversus coli (CII-CIII), көлденен бағытта алдыға қарай жүріп, мойынның алдыңғы және латералды аймағының терісін нервтендіреді.
Бұғанаүстілік нервтер, nn.supraclaviculares (С3-С4), төмен қарай жүріп, делтатәрізді және кеуделік үлкен бұлшықеттер аймағын жауып жатқан теріні нервтендіреді.
Бұлшықеттік ( қозғалтқыш) нервтер. 1. Олар: бастың және мойынның ұзын бұлшықеттерін, mm.longi capitis et colli; алдыңғы, ортаңғы және артқы сатылық бұлшықеттерді, mm.scaleni anterior, medius et posterior; жауырынды көтеретін бұлшықетті, m.levator scapulae, бастың алдыңғы және латералды тік бұлшықеттерін, mm.recti capitis anterior et lateralis; көлденең өсінді аралық алдыңғы бұлшықеттерді, mm.intertransversarii anterioses, нервтендіреді.
2. Мойын өрімінің тармақтары, мойын ілмегін түзеді. Оны құрастыруға тіласты нервінен кететін жоғарғы түбіршік, radix superior , мен мойын өрімінен шығатын төменгі түбіршік, radix inferior, қатысады. Тіласты нервісінен кететін жоғарғы түбіршік мойын өрімінің (С1- С2) тармақтарынан түзілген.
Мойын ілмегі жауырын - тіласты бұлшықетінің аралық сіңірінің үстінде орналасқан. Мойын ілмегінің тармақтары, тіластылық бұлшықеттерді: m.sternohyoideus, m.sternothyroideus, m.omohyoideus, және m.thyrohyoideus, нервтендіреді.
3. Мойын өрімінің тармақтары бассүйек нервтерінің XI жұбы -қосымша нервтің тармақтарымен бірге m.sternocleidomastoideus, пен m.trapezius бұлшықеттерін нервтендіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |