Жүрек жиырылып босаңсығанда дыбыс ( тон) естіледі. Жүрек дыбыстарын фонендоскоп не стетоскоп арқылы тыңдайды.
Жүректің екі негізгі тоны бар:
І тон – систолалық ( төмен, қатқыл, созыңқы).
ІІ тон – диастолалық ( жоғары, ашық, қысқа).
Систолалық тон қарынша систоласы басталған кезде, жақтаулы қақпақшалардың жабылуынан, қарынша етінің ширығып қатаюынан,емізікше еттердің сіңір жіпшелерінің тартылуынан пайда болады.
Диастолалық тон диастола басталған кезде қолқа мен өкпе сабауының жарты ай тәрізді қақпақшаларының жабылуынан пайда болады.
Жүрек дыбысы қақпақшалардың проекциясы тұсында тыңдалады:
Митралды ( екі жақтаулы) қақпақша – жүрек ұшы тұсында ( сол жақ бесінші қабырға аралықта, ортаңғы бұғана сызығынан 1-2 см ішке қарай );
Қолқа қақпақшасы – екінші қабырға аралықта төстің оң жақ жиегіне таяу жерде;
Өкпе сабауының қақпақшасы – екінші қабырға аралықта төстің сол жақ жиегіне таяу жерде.
Белгілі бір ауру салдарынан жүрек қақпақшалары толық жабылмай қалса, систола кезінде қанның кері ағуынан немесе жүрекше-қарынша тесігі тарылса, онан өтетін қанның көлемі азаяды да , қан қысымы күшейіп, систолалық шуыл пайда болады.
Жүректің систолалық және минуттық қан көлемі Жүректің негізгі қызметі қан тамырлар жүйесіне қан айдау.
Тыныштық күйде систола кезінде әр қарыншадан шыққан қан көлемі 60-70 мл – бұл жүректің систолалық қан көлемі(СҚК). Ол оң және сол қарыншада бірдей болады. Систолалық қан көлемін жүректің соғу жиілігіне (пульс) көбейту арқылы жүректің минуттық қан көлемін(МҚК) есептеп шығаруға болады. Сонымен бір минутта әр жүректен шыққан қанның көлемі жүректің минуттық қан көлемі(МҚК) деп аталады. Ол тыныштық кезінде 5 л тең. Жүктеме түскенде жүректің соғу жиілігі мен систолалық қан көлемі жоғарлауы мүмкін. Шыныққан организмде жүрек жұмысы СҚК көбеюі арқылы, ал шынықпағандарда – жүректің соғуының жиілеуі арқылы күшейеді.