НҰРГЕЛДІ УӘЛИЕВ
СӨЗ МӘДЕНИЕТІ
Редакциясын басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясының
корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы
Р.Сыздықова
Алматы «Мектеп» 1984
АЛҒЫ СӨЗ
Әңгіме өзегі – сөз мәдениеті. Соңғы тіркес күрделі ұғымды
қамтиды. «Сөз» деген сөздің өзі – мағыналық өрісі кең дүние. Тіл
жеке сөздерден тұрады, яғни сөз – тілдің бір элементі. Бұл – оның
түпкі мәні. Ал қазақ тілінде «сөз» сөзінің қосалқы, ауыспалы
мағыналары және бар. Мысалы, ақындар «сөз» деп поэзияны, өлеңді
ұғынған. Ұлы Абай «Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз» немесе
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» десе, айтпағы – өзінің жаңа
мазмұндағы, өзгеше сападағы поэзиясы жайында. Сонымен қатар
қазақ «сөз» деп адамның ой-пікірін, көзқарасын, идеясын да атайды.
Мысалы, біреу туралы «ол артына сөз қалдырды» десек, оның
кейінгі ұрпаққа белгілі бір ой-пікір, идея қалдыруы деп ұғамыз.
«Сөзі өтімді» дегенде де әңгіме біреудің көзқарасы, пікірі туралы
екені аян.
«Сөз» деп әңгіме, хабарды да айтады. Айталық, «бос сөз»,
«қыдырма сөз» дегендерді бос әңгіме, қыдырма әңгіме деп ұғамыз.
Қысқасы, санай берсек «сөз» сөзінің беретін ұғымы көп. Ал біз оның
дәл осы кітаптағы қолданысы жайына келсек, «сөз мәдениеті»
дегенді «сөйлеу», яғни «тілді жұмсау» (пайдалану) тәртібі
(дұрыстығы, мәдениеті) деп танимыз. Демек, бұл жердегі «сөз» –
орысша «речь» дегеннің баламасы. Ал соңғы термин «тілдің
қолданыстағы көрінісі» дегенді білдіретіні мәлім. Әдетте, бізде,
ғылымның бұл саласын атауда «тіл мәдениеті» деген тіркес жиірек
қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – «сөз
мәдениеті». Бұл – тілдің жеке элементтерін, тұлға-тәсілдерін оның
тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған
заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз
мәдениеті» – тек тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық
нормаларын бұлжытпай («сықитып») дәлме-дәл сақтау ғана емес,
айтпақ ойды тыңдаушыға (оқырманға) жүрекке жылы тиетін,
«айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі етіп жеткізу жайын да
қамтуға тиіс.
Міне, осы әңгіменің барлығы – қазіргі таңдағы қауымымыз үшін
ең бір зәру, көкейкесті мәселелер. Өйткені сөз мәдениеті жайындағы
әңгіме қоғам пайдаланып отырған тілдің кемелденген, жазба әдеби
сипат алған, яғни нормалары бірқыдыру орныққан кезеңінде
көтеріледі. Қазіргі қазақ тілі – сондай тілдердің бірі. Бұл күндердегі
сөз мәдениеті – социалистік мәдениетіміздің бір саласы, өмірлік
мәнді саласының бірі. Қолдарыңыздағы шағын кітапша – сол
зәруліктің бір өтеуі.
«Мәдениет» дегеніміз «дұрыстық, тәртіпке бағыну, заңдылықты
сақтау» деген мәнде. Демек, сөз мәдениеті – норманы сақтау
дегеннің баламасы. Ал норма деген не, оның түрлері қандай? Автор
алдымен осыны сөз етіп алады. Тілдің жүйелілігінен туатын
біркелкілік (норма) мен ғасырлар, дәуірлер бойындағы қолдану
тәжірибесінде орын тепкен дәстүрдің сайма-сай келе бермейтінін
айтады, осыған орай тіл деп о б ъ е к т и в т і н о р м а , б о с а ң
н о р м а дегендердің сырын ашады. Қалың жұртшылықтың, әсіресе
жасөспірімдердің осылайша «лингвистикалық сауатын» көтеру – өте
қажет шаруа. Бұл тұста олар тек норма жайында ғылыми түсінік
алып қана коймайды, өздері айтып жүрген сөздердің қызық
қырларын көреді, көптеген дүниеліктер (сөздер, сөз тұлғалары)
салыстырылады, нәтижесінде олардың қайсысы нормаға сай, қай
варианты қайшы екенін таниды.
Вариант демекші, осы кітаптың өн бойында варианттылық әңгіме
болады. Ол заңды да. Өйткені тілде жарыспалылық, қосарлылық
болмаса, әдеби тіл нормасы деген ұғым да болмас еді. Егер сөздер о
баста бір ғана қалыпта (түрде) дыбысталатын (сондай-ақ, айтылатын,
жазылатын) болса, немесе белгілі бір ұғымды бір ғана сөз бірден
білдіретін болса және, керісінше, бір ұғым әрдайым тек бір ғана
сөзбен айтылатын болса, сол сияқты жарыспалы грамматикалық
тұлғалар да, олардың қолданылуы да тәжірибеде орын алмаса,
тілдегі құбылыстың баршасы бірден норма болар еді де, оны сақтау,
сақтамау (ауытқу, бұзу) деген әңгіме көтерілмес еді.
Варианттылық – тіл-тілдің барлығында болатын және бар
құбылыс. Ол – заңдылық. Бірақ тіл өзінің даму барысында және сол
дамуға қоғамның саналы түрде араласуы нәтижесінде
жарыспалылықтан арыла түсуге тиіс. Әсіресе білместіктен,
ұқыпсыздықтан болатын варианттардан тілді азат ету – тек
ғалымдардың ғана міндеті емес, сол тілді пайдаланушы қалың
қауымның, бүкіл жұртшылықтың ісі. Тек ісі емес парызы,
мәдениетті, саналы қоғам мүшесі ретіндегі азаматтық борышы.
Кітапта осы баса айтылады. Әрине, автордың бұл пікірі жалаң
насихат, ереже түрінде ұсынылмайды. Бұл ойды білдіру үшін «Сөз
байлығы» сөз болады, мұнда қазақ тіліндегі әрбір сөздің мағынасын
тап басып, өз орнына дұрыс жұмсау, ол үшін сол мағыналарды білу
кажеттігі айтылады. Осы орайда автор қазақ халкының күнделікті
тұрмысына, негізгі күнкөріс шаруашылығына қатысты көптеген
сөздің сырларын қызғылықты түрде ашып береді. Қара мал, аяқты
мал, ақ мал, қазан ат, жабы, шобыр, қойторы, Көрік сияқты
атаулардың беретін мән-мағынасын саралап көрсетеді. Жер-су
аттарында қаншама сыр жатқанын мысалдармен таныту арқылы
оқырман қауымды тілге, сөзге қызықтырады.
Жоғарыда айттық, сөз мәдениеті дегеніміз тек «тіл түзулігін»
(норманың сақталуын) ғана көздеу емес, «тіл әсемдігін» де нысанаға
алу. Кітапта мәселенің бұл қыры да қағыс қалмаған. Әсіресе,
функционалдық стилдердің әрқайсысына тән тұлға-тәсілдерін өз
орындарында жұмсау керек деген «оп-оңай, ап-анық» кәнігі
қағиданың төңірегінде көп пікір айтылады. Осы орайда жергілікті
сөздерді (диалектизмдерді), дөрекі сөздерді жұмсау-жұмсамау,
оларды қолдана қалғанда қай тұстарда орынды-орынсыз
шығатындығы, тілге де әдептіліктің қажеттігі жақсы айтылады.
Кітаптың ұтымды тұстарының бірі – нақты мысалдардың (тіл
фактілерінің) молдығы және сәтті таңдалынып, теріліп алынғандығы.
Бұл – автордың көп жылдық іздену жемісін, әрі «тілді түйсіне»
білетіндігін танытады.
Соңғы жайттар, әсіресе, қалам тартатындардың, радио,
телевизиядан сөйлейтін кісілердің назарын аударуға тиіс.
Қазақ мәдениеті мен білім-ғылымында сөз, жазу мәдениеті едәуір
айтылып келеді, әр алуан анықтағыш құралдар (сөздіктер, ережелер
т. т.), жеке кітаптар, зерттеулер жарық көріп отыр.
Бірақ тіл сияқты халқымыздың ғасырлар бойы жиналған асыл
мұрасын дұрыс, әсем жұмсаудың жөн-жосығын көрсету, дұрыс-
бұрысын ажыратып отыру, жалпы сөз мәдениетін насихаттау жағы
бізде әлі де жеткіліксіз. Әсіресе, тілді тұтынушылардың мектеп
балалары, студент жастар, ақын-жазушылар, журналистер, топ
алдыңа шығатын шешендер, радио, теледидардан сөйлеушілер т.т.
сияқты топ-топтарына арнайы жазылған дүниелер кемде-кем. Бұған
енді-енді кірісе бастадық деуге болады. Қолдарыңыздағы кітап
осының куәсі және оның әдеби тілімізді дұрыс жұмсап, әдемілігін
арттыра түсуге септігін тигізетіні хақ.
Әрі қарай қалың жұртшылықтың да, оның жеке-жеке
топтарының да ана тілі туралы білім-танымдарын толықтырып, әр
алуан тілдік-структуралық, бейнелі-көркемдік заңдылықтарын
таныттыра түсетін, сол арқылы халқымыздың тіл мәдениетін арттыра
беретін зерттеулер, кітаптар, құралдар жиірек ұсыныла бермек деп
ойлаймыз.
Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі
Р.Сыздықова.
СӨЗ БАСЫ
Тіл – адам қатынасының, ойлаудың, мәдениеттің аса маңызды
құралы, өмірдің ұлы қаруы. Қарым-қатынас майданына түскен сайын
бұл құралдың икемділігі артып, шындала береді. Бірақ тілдің мұндай
қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі мен дамуына айырықша көңіл
бөліп, шынайы қамқорлыққа алып отырудың барысында ерекше
жандана түседі.
Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрін қатар дамытып, оның
қоғам өміріндегі қызметінің өрістей түсуіне мүмкіндік жасау, түрлі
ауытқулардан арылтып отыру, небір күрделі ойдың әр қилы нәзік
айырымдарын тіл арқылы дәл, анық жеткізе білуге көпшілікті
тәрбиелей түсу т. б. тіл мәдениетін көтеру деген ұғымды білдіреді.
Тіл мәдениеті мен сөз мәдениеті деген терминдер кейде тайталас
ұғымда жұмсалады
1
. Өзара мағыналас болғанмен, бұлардың бір-
бірінен айырмасы да жоқ емес. Тіл мәдениеті дегеннің ұғымы кең.
Ол көбіне-көп қарым-қатынас құралы болып табылатын, тілді
жетілдіре беру, ұштай түсумен қатар сөз шеберлігі, сөйлеудегі
әдептілік тәрізділерді де қамтиды. Әсіресе, соңғы ұғымдарға
қатысты қарасақ, сөз мәдениеті дегеніміз қарым-катынас құралын
қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы амал-
тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп
жұмсай алдық па дегенге саяды. Сонымен, сөз мәдениеті алдымен
әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, стилистикалық,
орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын меңгеру, сонымен бірге
бейнелеуіш, көріктеуіш амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың
мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу дегенді білдіреді.
Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге дағдыланған, әдеби тіл
нормасына төселген адамның сөйлеген сөзі де, жазғаны да кедір-
бұдырсыз болып, жатық шығып жатады. Тіл амалдарын дұрыс
қолданып, әдеби тіл нормасын сақтап, одан жөнсіз ауытқымауды сөз
жатықтығы деп түсінуге болады. Тіл амал-тәсілдерін дұрыс
жұмсауға, сөз жатықтығына ғана қанағат етіп қою жеткіліксіз.
Сөйлеушінің сөзі әдеби тілдің нормасына сай, дұрыс жұмсалуы және
«тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей», ой мен сөзімді дәл жеткізе
алатындай әсерлі болуы да қажет. Тілде толып жатқан амал-тәсілдер
бар. Солардың ішінен қарым-қатынас жасаудың мақсатына сай
1 Қазақ тілі мәдениеті – қазақ тіл білімінің жаңа бір саласы. Дербес пән ретінде оның
кейбір мәселелері (әдеби тіл нормасы, сөз тазалығы, грамматикалық тәсілдерді қолдану
өрнегі, сөз қолдану мәдениеті т. б.) М. Б а л а қ а е в тың «Қазақ тілі мәдениетінің
мәселелері» (1965 ж.) деген кітабында арнайы қарастырылды. Қазақ тілі мәдениетіне
арналған «Тіл мәдениеті және баспасөз» (1972 ж.), «Өрелі өнер» (1976 ж.), «Сөз өнері»
(1978 ж.) тәрізді жинақтар шығып, газет-журнал беттерінде мақалалар жарияланды.
Қараңыз: Ш. Ш. С а р ы б а е в . « Қ а з а қ тіл білімі әдебиетінің бнблиографиялық
көрсеткіші»: 4-бөлім. Алматы, 1982.
келетін аса қажеттісін талғап ада білу арқылы ой мен сөзімді дәлме-
дәл жеткізе білу шеберлігі – сөз мәдениетінің биік шыңы. Мұндай
шеберлік ең алдымен тіл амалдарын әдеби тіл нормасына сай, дұрыс
қолданудан, сөз жатықтығынан басталады. Ондай қасиетке ие
болғанда ғана барып сөйлеуші, жазушы сөз байлығы, сөз тазалығы,
сөз дәлдігі, сөз әсерлілігі тәрізді т. б. сапалармен тыңдаушысын я
оқушысын баурап алып отырады.
СӨЗ ЖАТЫҚТЫҒЫ
(әдеби тіл нормасы)
Әдеби тіл нормасы – сөзді дұрыс қолданудың, грамматикалық
амал-тәсілдерді дұрыс пайдаланудың көпшілік таныған, тіл
тәжірибесінде сыннан өткен қағидалары. «Тіл мәдениеті» әдеби
тілдің нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғаны мәлім.
Тілдік норма – әдебиет тіл туралы ұғымның ең бір өзекті элементі.
Сөйлеуде, жазуда тіл амалдарын дұрыс қолдана білу әдеби тіл
нормасын сақтау дегенге саяды. Ал әдеби тілдің нормасы дегеніміз
не? Бұл жайында түрлі зерттеулерде әр қилы пікір айтылып, әр түрлі
анықтама беріліп жүрсе де, табиғаты күрделі бұл құбылыстың сыры
бірден және толық ашыла қойған жоқ.
Бастапқыда әдеби тіл нормасы өзгермейтін, сірідей сіресіп қалған
нәрседей көрінгені де шындық. Бертінде әдеби тіл нормасының
динамикалық қасиеті ашылды. Тілдік норма алғаш сөз бола бастаған
тұста ол алдымен тілдік жүйемен (системамен) салыстырыла
қарастырылды. Тілдік норманы бұлай тану, шындығында, дұрыс
тәрізді де көрінеді. Мен оқыдым, сен жаздың, ол үйге барды тәрізді
құрылымдардың жақтық мағыналарын өзгеше қиыстырып айтуға
болмайды. Затты тәуелдеп айтып көріңіз: менің кітабым, сенің
кітабың, оның кітабы. Қазақ тілінде сөйлеушілердің бәріне ортақ
септеудің де жүйесі бар. Міне, осыған қарағанда, жүйеден
ауытқымау дегеніміз нормадан ауытқымау сияқты болып көрінеді.
Сонда тілдік жүйе мен тілдік норма тепе-тең құбылыс болғаны ма?
Жоқ. Бұл – тек тілдік жүйе мен тілдік норманың бірлікте болуы ғана.
Тілдік норманың арқауы – тілдік жүйе.
Тіл – жүйелі кұбылыс. Қазақ тілінің сөз жасау жүйесінде -ла, -ле,
(-да, -де, -та, -те) сияқты аса құнарлы қосымшалар есім сөздерден
етістік тудырады: аяқ-та, бас-та, көз-де, су-ла, ау-ла, шөл-де, т. б. Сөз
тудырудың дәл осы жүйесі бойынша -да, -де зат есімге жалғануға
тиіс. Бұл жүйе бойынша кез келген зат есімге -ла, -ле (-да, -де...)
қосымшасын жалғауға болады. Бірақ жүйе бойынша баула, жүкте,
сыйла деп айтқанымызбен, кірпікте, соғымда, кітапта деп айтуға
болмайтыны белгілі. Неге? Себебі бұлай деу жүйеге (системаға)
қайшы болмағанмен, норма емес. Міне, осыған байланысты белгілі
бір тіл қолданысты норма деп тану үшін оның тілдік жүйеде болуы
(немесе норманың тілдік жүйемен коррелят болуы) жеткіліксіз.
Бұған қоса ондай қолданыс тілдік дәстүрде болуы, сондай-ақ
дағдыға енуі қажет.
Кей сөздерді тілдік жүйе бойынша тізгінде, шылбырла, арқанда,
бұзаула, ботала деп қолданып жатамыз. Бірақ осындай сөздерді тілдік
жүйеге сай қолданғанымызбен, сөз жұмсауымызда ара-тұра
нормадан ауытқу кездесіп те қалады. Оның негізгі себебі ондай
қолданыстың дәстүрде бар не жоғын елеп-ескермеуден туып жатады.
Мысалы, ат тұсады дегенді ат тұсаулады, қой қоздады дегенді қой
қозылады деу – тілдік жүйеге кереғар болмағанмен, бірақ дағдыға
айналып, дәстүрге енген қолданыс емес. Кейбір сөздерді қолдануда
тілдік жүйе мен тілдік дағды қайшы келіп те жатады. Қозыла деп
қолдану тілдік жүйенің қысымы, әсер-ықпалы екендігін байқау қиын
емес. Ат ертте дегендегі ерттені ерле деп қолдану да соған ұқсас:
«Көкем атты ерледі, ерлеп жүріп терледі» («Манашы ұлы Тұяқбай»).
Абдырап, басын қосып жиылғанша,
Бір жерге уағдасы құйылғанша.
Ат ерлеп, түйе комдап, жігіт жинап,
Үйлері аруанаға буылғанша
(Нұрхан Ахметбеков).
Тілдік жүйе бойынша, дұрысында,
ерле
болуға тиіс
(салыстырыңыз: шідер-ле, жыр-ла, қырла, түр-ле («текеметке түр
басу» т. б.). Кей жағдайда тілдік жүйе мен тілдік дағды айнымас
бірлікте болса, кейде өзара кайшылықта болып, күреске түседі.
Мұндайда бірде жүйе басым болып, дағды ығысады да, қайшылық
шешіледі, қарама-қарсылық бірлікке айналады. Кейде тілдік
жүйеден тілдік дағды басым түсіп, қайшылық тереңдей түседі.
Тілдік жүйе бойынша ерле болуға тиіс сөздің ертте болуы жүйеге
қарағанда дағдының басым түсуінен деп түсіну керек.
Ертте сөзінің түбірі – ер, ал -те есім сөзден (ер) етістік тудыратын
қосымша екендігі айдан анық. Бірақ түбір сөз (ер) бен қосымшаның
(-те) аралығындағы т қандай элемент? Қайдан пайда болған?
Көне тіл деректерімен салыстыра қарағанда, бұл құпия т-ның -ла,
-ле (-та, -те) аффиксімен синонимдес қосымша екендігін байқаймыз.
XI ғасырдағы әйгілі ғалым М. Қашғаридің сөздігінде йағырыт,
теріт
2
түрінде кездесетін қолданыс бар, олар, қазіргіше айтсақ,
жауыр-ла, терле сөздерінің эквиваленттері. Осымен салыстырғанда,
қазіргі ертте сөзі бұрын ер-іт делініп айтылуы ықтимал. Есім
сөздерден етістік тудыратын байырғы бұл қосымшаның (-ыт, -іт, -г)
қызметі қазақ тілінде әлсіреп, мағынасы көмескі тарта бастаған
( тұман-ыт, шаң-ыт тәрізді бірер сөздің құрамында ұшырасады). Бұл
жағдай әрі актив, әрі өнімді қолданылатын -ла, -ле (-да, -де)
қосымшасының қабаттаса жалғануына себеп болса керек. Қызметі
әлсіреп, мағынасы көмескіленген бір элементтің үстіне екінші бір
форманың қабаттаса жалғануы – өзге орайда да кездесе беретін
құбылыс.
2 Древнетюркский словарь. Ленинград, 1969, 504-бет.
Жүйе бойынша реттік сан есімдерге қосымша -ыншы, -інші (-ншы,
-нші) түрінде жалғанады: бірінші, екінші, үшінші, төртінші... Олай
болса, жиырмасыншы (июнь) емес, жиырманшы (шонь) болуға тиіс
қой? Ескіше уақыт есептеуде сан есімдер тәуелділік тұлғада
қолданылған: қараша жұлдызының бесі, қазан жұлдызының он алтысы
т. б. Кейде айдың ескіше аттары орысша атаулармен ауыстырылып,
сентябрь жұлдызының жетісі, ноябрь жұлдызының жиырмасы делініп
те айтылған. Кейіннен күнді реттік сан есіммен (сегізінші июнь,
бірінші июль, жиырма алтыншы октябрь т. б.) айту нормаға айналды.
Жиырманшы деп жүйе бойынша айтпай, жиырмасыншы деп
қолданудан да тілдік жүйеден тілдік дағдының басым түсіп
жатқандығын байқаймыз.
Дағды үнемі тілдік жүйеден басым түсе бермейді. Тілдің даму
барысында кейде екі түрлі (не одан да көп) жүйе қатарласа
қолданыла келіп, оның ішінде тілдің даму тенденциясына сәйкес
келген біреуі жалпы халықтық сипат алып, тілдік норма ретінде
танылады да, өзгесі тіл майданынан ығыстырыла бастайды. Тіл
қолданысынан ығысқан жүйенің кейбір көріністері нормаға айналған
жүйемен қатар дағды бойынша қолданылып та отыруы ықтимал.
Бірақ оларды белгілі бір мақсатсыз жұмсау – әдеби тіл нормасын
бұзу.
Қазақ тілінде сөздерге тәуелдік жалғауының жалғануын еске
түсірсек, дауыстылардан соң бұл қосымша -сы, -сі (бала-сы, күлкі-сі,
дала-сы т. б.), ал дауыссыздардан кейін -ы, -і (үйі, қыс-ы, жаз-ы, тау-ы
т. б.) түрінде келуі – бұлжымас жүйе. Осындай жалпыға ортақ
жүйені ескермей, біреуі, екеуі, үшеуі, төртеуі, көбі, уақыты, бәрі
дегендерді біреу-і-сі-біреусі, екеу-і-сі-екеусі, үшеу-і-сі-^-үшеусі, төртеу-
і-сі-төртеусі, көбі-сі, уақыт-ы-сы-уақтысы, бәрі-сі деп қолданушылық
бар.
Бұл жерде мұндай жөнсіз қабаттастырудан сырттай осыған ұқсас
құбылыстың парқын айыра білу абзал. Отағасы, қолбасы, елубасы
тәрізді бірер сөздерде тәуелдік жалғауы айтыла келіп, сол сөздің
құрамына сіңіп кеткен. Ондай сөздердегі тәуелділік жалғауы (отаға –
сы) меншіктілік мағынаны білдірмейтіндіктен және бір тәуелділік
көрсеткіші үстемелене жалғанады: отағасысы, қолбасысы, елубасысы
т. б.
Бұл айтылғандар объективті нормаға тән касиет. Объективті норма
тіл жүйесімен бұлжымас бірлікте болады. Тілдік нормаға жаттыққан
сөйлеуші бұл жерде еш дағдармайды. Сөздің әдеби тіл мүддесіне
лайық вариантын тап басып тани біледі. Теориялық зерттеулерде
айтылып жүргендей объективті норманың катаң түрі де болады.
Тілде белгілі бір тәсілді берудің әр түрлі варианттары болуы
ықтимал. Мысалы, қазақ тілінде бұйрық райдың екінші жағы үш
түрлі тәсіл арқылы беріледі: сен бар, сен барғын, сен барың. Қазіргі
әдеби тілдің қатаң нормасы бойынша бұйрық райдың екінші жағы
етістік түбірге сәйкес сен бар түрінде айтылатындығы мәлім. Ал сен
барғын, сен барың Қазақ тілі диалектілері мен ауыз әдебиеті
мұраларының тілінде кездесетіндігі белгілі. Мұндай варианттарды
талғап, таңдап қолдану сөйлеушінің ырқында болмайды. Тіл
тәжірибесінде сыннан өтіп, жұртшылық таныған түрін ғана сөйлеуші
коммуникациялық мақсатта қолдана алады. Бұл – әдеби тілдің қатаң
нормасының бір ғана мысалы. Қатаң нормалардың түрі фонетика,
лексика саласында да кездеседі.
Әдеби тіл нормасының бұдан өзгешелеу түрі де бар. Кейде тілдегі
сан алуан варианттарды талғап-таңдауда аса қатаң талап
койылмайды. Ондай варианттардың қай түрін қолдану сөйлеушінің
(жазушының да) өз ырқында (мысалы, тірідей – тірілей, айқай –
айғай, азар – әзер, түгендеу – түгелдеу т. б.). Әдеби тіл нормасының
мұндай түрі босаң норма деп аталады. Тілдегі бұл тәрізді варианттар
кейбіреулерге тілдегі мүкістіктей болып та көрінеді. Шындығында,
олай емес. Бұл – тілдің жанды дүниедей түлеп, өзгеріп отыруының
белгісі. «Өлі тілде» ғана мұндай құбылыс болмайды. Өзге де
қоғамдық құбылыстар тәрізді тілдің де өзгеріп, дамып
отыратындығы белгілі. Бірақ тіл «ескіні» бірден аластай алмайды.
«Ескі» мен «жаңа» біразға дейін ілесе жүреді. «Ескіден» бірден қол
үзіп, «жаңаға» бірден ойысса, тілдің ұрпақ пен ұрпақты, аға буын
мен іні буынды жалғастырып жататын қызметі әлсірейді. Онда әр
ұрпақтың өзінше тіл жасауына тура келер еді. Тілдегі сан алуан
варианттардың жарыса қолданылу себебі «кеше» мен «бүгінді»,
«бүгін» мен «ертеңді» ұластыру қызметіне байланысты болып
жатады. Бірақ осыған қарап босаң нормаға байланысты
варианттарды қолдануда талғау, саралау деген мүлде жоқ деуге
болмайды. Босаң нормаға катысты вариантты қолданудың,
таңдаудың өз ерекшелігі мен қиындығы бар.
Варианттардың тілдің даму тенденциясына лайықты түрін
өрістете жұмсап, артықшылық беріп отыру, олардағы нәзік
айырма, реңдерді дер кезінде тап басып тани білу т. б.
мәселелер тіл құрылысында оңай шаруа емес. Тілдегі
варианттар құбылысына лингвистикалық барлау жасап көруге де
болады. Жарыспалы жүйенің мынадай түрін газет-журналдардан
жиі кездестіріп жүрміз: ақшалай – ақшадай, барлы-жоқты –
барды-жоқты, бірлі-жарым – бірді-жарым, екіншілей –екіншідей,
ескілей – ескідей, жылылай – жылыдай, жаңалай –жаңадай, кәрлен
– кәрден, қаралай – қарадай, немқұрайлы – немқұрайды, өлілей –
өлідей, пісілей – пісідей, тірілей – тірідей, шикілей – шикідей,
ыссылай – ыссыдай т. б. Жалпы халықтық тілдегі мұндай
жарыспалы қолданыстың қайсысын әдеби тілдің нормасына
лайық деуге болады? Осындай сұрауға келгенде, нормалауыш
сөздікке қол созамыз. Нормалауыш сөздіктің бірі – «Қазақ
тілінің орфографиялық сөздігі». Бұл сөздіктен «д» вариантты да
(кәрден, кәрлен емес, тірідей, қарадай), «л» вариантты да
(жылылай, тірілей, шикілей) ұшыратамыз. Екі түрлі жүйенің
аралас-құралас жүргендігінен «л» мен «д» варианттың қайсысы
әдеби тілдің ішкі даму тенденциясына сәйкес келетіндігі әлі
анықтала қоймағандығын байқаймыз. Тілдің ішкі даму күйіне
қандай жүйенің («л» немесе «д» варианттың) сәйкес
келетіндігін анықтап, тиянақтай түсу үшін, алдымен мынадай
заңдылыққа назар аударып көрейік. Лингвистика ғылымында
аналогия заңының айрықша мәні бар. Бұл заңдылық бойынша
тілдегі аса өнімді модель өнімсізге ықпал етіп, теңестіріп
отырады (тілде кейбір құбылыстар аналогия заңы арқылы
айқындалатындығы да мәлім.
Қазақ тілінде сөздердің көптік қосымшамен түрленуі – аса
өнімді әрі көне модельдердің бірі. Осы қосымша
варианттарының жалғану жүйесіне назар аударып көрейік. Бұл
қосымша дауыстылар мен р, й, у дыбыстарынан соң -лар, -лер
(балалар, қарлар, сайлар, баулар), ұяңдар мен үнділерден соң -дар,
-дер (күндер, шамдар, жолдар, тұздар т. б.) қатаңдардан соң -тар,
-тер (аттар, кітаптар т. б.) түрінде жалғанатындығы белгілі.
Әрі сөз тудырушы, әрі форма тудырушы
-лық, -лік
қосымшасының; -ла, -ле аффиксінің жалғану жүйесі де осы
тәрізді. Бұлар да аса өнімді, абстракциялау қасиеті жоғары
қосымша. Бұндай өнімді қосымшалардың «л» вариант және «д»
вариант түрінде саралануы, қатаң жүйеге түсуі бірден пайда
бола қойған жоқ. Бұл – тілдегі (ұзақ уақыт барысында пайда
болған) ең бір ықпалды жүйе. Ол алдымен көптік категориясы
көрсеткішінде, өнімді қосымшалардың (-лық, -лік, -ла, -ле)
сөздерге жалғануында саралана түскен осы модель жалғану
өрісі шектеулі аффикстерге де аналогия заңы бойынша ықпалын
тигізе бастаған.
Ассимиляцияның бұл түрі қосымшалардың жалғану
жүйесіндегі негізгі бағытты байқатады. Осы бағытқа табан
тіресек, л/д дыбыс алмасуына байланысты екі түрлі жүйенің
әдеби тіл нормасына лайықтысын былайша көрсетуге болады:
ақшалай (ақшадай емес), бірлі-жарым (бірді-жарым емес),
жылылай (жылыдай емес), тірілей (тірідей емес), ұшты-күйлі
(ұшты-күйді емес), кәрлен, (кәрден емес), немқұрайлы (немқұрайды
емес) т. б.
Осылайша тілдің өзгеру, даму бағытына сай тенденцияны арқау
ете отырып норманың кейбір босаң түрінен катаң нормаға көшуді
жеделдетуге де болады.
Босаң нормадан катаң нормаға ауысу -шы, -ші қосымшасы
жалғанған белгілі бір сөздер тобына да қатысы бар. Қазақ тілінде
сөз жасауда потенциялық мүмкіндігі айрықша қосымшалардың бірі
шы, -ші. Бұл қосымша арқылы жасалған сөздерді есімізге түсіріп
көрейік. Қай-қайсымыз болмасын қиналмай-ақ ондаған сөзді
тізбегімен айтып бере аламыз: егінші, малшы, суретші, әнші, биші,
қойшы, сиыршы, бұзаушы, қозышы т. б. Ал боташы, құлыншы деп
айтыла ма? Айтылмайтын себебі – тілдік дағдыда жоқ. Тілдік
дәстүрде болмайтыны – шаруашылық өмірде жоқ. Ал бұзаушы,
қозышы деудің жөні бір басқа. Енелеріне жамырап кетпеу үшін
мұндай төлдер бөлек жайылады да, оларды бағып-қағушыны
бұзаушы, қозышы деп арнайы атайды. Сөзді бұлайша белгілі жайдан
бастап отырған себебіміз бар. Бас-аяғы бес-алты сөзге жалғанатын
-кеш (арбакеш, түйекеш, кірекеш т. б.), -айт, -ейт (құмайт, шөлейт т.
б.) тәрізді сөз тудыру мүмкіндігі шектеулі қосымшалармен
салыстырғанда, потенциялық мүмкіндігі мол қосымшаларды
қолдануда нормадан ауытқу әлдеқайда жиі кездеседі. Жалғану өрісі
кең қосымшаларға келгенде, «осылай айтыла ма, тілдік дәстүрде
бар ма?» деп қадағалап, пысықтап отыруға тура келеді.
Жоғарыдағы тізбекті қайта жалғастырып көрейік: тарихшы, тілші,
емші, аспапшы, құрылысшы, тәрбиеші, аспазшы, диқаншы, наубайшы,
бағбаншы, тәуіпші т. б. Осы тізбектің өзі қазіргі сөз қолданыс
нормасына лайық және нормаға лайық емес деп екіге бөлінеді.
Өйткені аспаз, диқан, наубай т. б. тәрізділер түбір күйде тұрып-ақ
мамандық иесін білдіреді. Рас, диқаншы, аспазшы, наубайшы тәрізді
сөздер кейбір ақын-жазушыларымыздың шығармаларында
кездеседі. Диқаншы, бағбаншы сөздерінің ертеректе қолданылуы, бір
жағынан, заңды әрі кешірімді. Олай дейтініміз әдеби тілдің
кешегісі мен бүгінгісі, ондағы тіл амал-тәсілдерінің қолданылу
күйі қазіргімен дәлме-дәл емес. Басқасын айтпағанда, оны -шы, -ші
қосымшасының өзінен-ақ байқауға болады. Бұл қосымшаның
бұрынғыға қарағанда сөз тудырудағы белсенділігі әлдеқайда арта
түсті. Ертеректе кездесетін егінші, малшы, әнші, қайықшы, жаушы
т.б. типтес сөздердің қатары қызылшашы, қоғамтанушы, зерттеуші,
шахматшы, бессайысшы т. б. сияқты қолданыстармен молыға түсті.
Стахановшы, жақаевшы түрінде жалқы есімге жалғанып белгілі бір
адамдардың мақсат-мүдде, қызмет-кәсібін жалғастырушы,
ізбасарлары деген ұғымды аңғартуы да бұл қосымшаның жаңа бір
қыры екендігін танытады.
Ғасырға толар-толмас уақыттың ішінде -шы, -ші қосымшасының
жалғану өрісінің бұлайша кеңейе түсуі жаңа бір тенденцияның пайда
болуына әсерін тигізді: бұл жұрнақ кейбір сөздердің құрамынан
шыға бастады (диқаншы>диқан, аспазшы>аспаз, бағбаншы>бағбан,
шаштаразшы>шаштараз т. б.). Қандай да болмасын тілдік амал-
тәсілдердің белсенділігі артқан сайын басы артық қолданыстан
арыла түсуіне де жағдай жасалынады. Олай болса, бұрынғыша босаң
норма ыңғайымен бірде аспаз, бірде аспазшы, бірде бағбан, бірде
бағбаншы деп қолдану лексикалық нормадағы жаңа құбылысты елеп-
ескермеуге саяды.
Қазіргі тілімізде кейбір тілдік амал-тәсілдердің жұмсалуына көңіл
аударып, зер сала бастасақ, «бұлай қолдану дұрыс па?», «осылай деу
нормаға лайық па?» деген де көлденең сұраулар көбейе береді. Газет-
журнал оқып отырғанда, радио тыңдап, телевизордан айтылатын
сөзге құлақ салғанда мал өсірушілердің қаһарлы қысқа әзірлігі,
қызылша өсірушілердің аудандық елеті, сүт саушылардың озат
тәжірибесі дегендерді ара-тұра ұшыратып та қаламыз. Малшы
қызылшашы, сауыншы тәрізді дағдылы синтетикалық тәсілмен (туынды
сөзбен) жеткізілетін ұғымдар аналитизмдер (сөз тіркесі) арқылы
берілген. Қазақ тілінің бітім тұлғасы жалғамалы (агглютинативті).
Сондықтан да мұндай қолданыстарды қосымшалар арқылы беру –
бұл тіл үшін табиғи нәрсе. Осы себептен бұрын-соңды ешбір
қазақтың түйешіні түйе өсіруші, жылқышыны жылқы өсіруші,
сауыншыны сүт сауушы демегені белгілі. Сөзді бұлайша қолдану –
аналитизмге көзсіз бой ұрып, сөзді табиғи қалпынан айыру,
нормадан қиыс кету. Аналитизмнің де өз кезегінде жұмсалар жері
бар. Бірақ оған шектен тыс жүгіне беру де орынды көрінбейді. Ал
қажетті жерінде аналитизмді қолданудың жөні мүлде басқаша. Газет
бағанасынан алынған мынадай шағын текстен осы айтылғанның
екеуін де кездестіресіз. «Талдықорған облысындағы Еңбекші
совхозының қызылша өсірушілері, Алматы облысындағы Еңбекші
қазақ ауданының Ленин атындағы колхозының жүгері өсірушілері,
қарағандылық картоп өсірушілер мол өнімге қыс айларында ие болу
үшін ат салысуда» (газеттен). Әрине, жүгері өсіруші, қызылша өсіруші
тәрізді орынсыз қолданылған аналитизмнен картоп өсіруші деудің
жөні басқа. Сәбіз, пияз, қартоп тәрізді көгөніс түрлерін білдіретін
сөздерді сәбізші, пиязшы, картопшы деп айту тілдік дағдыға ене
қоймаған. Мұндайда картоп өсіруші деп қолданылған аналитизм
орынды көрінеді.
Әр тілдің өзіне тән төл заңдылығы бар. Сонымен бірге тіл-тілге
ортақ заңдылықтар да бар. Тіл тарихын зерттеуші белгілі тіл
білімпаздарының көрсетуінше, сондай заңдылықтардың бірі – кейбір
сөздердің аяққы дауыстыны жоғалтып отыруы. Зерттеушілер бұл
құбылысты тілдегі ашық буынды сөздердің шектен тыс көбейіп
кетпеуі, сөздің дыбыстық жағынан ықшамдалуы тәрізді заңдылыққа
байланыстырады. Тілдегі ашық буынды сөздер мен өзге буынды
сөздердің, аз буынды сөздер мен көп буынды сөздердің қалыптасқан
белгілі бір арасалмағы болуға тиіс. Егер олардың арасалмағы
бұзылса, бірінен екіншісіне ауытқудың пайда болуы ықтимал.
Ондайда ашық буын тұйық буынға, көп буынды сөз аз буынды сөзге
айналу тенденциясы пайда болады. Тіл қолданысымызда жиі
кездесетін варианттардың бір типін осы құбылысқа қатысты
қарастыруға болады. Олар: тәңір – тәңірі («иттің иесі болса, бөрінің
тәңірісі бар»), сауыр – сауыры, беймаз – беймаза, дағар – дағара, көкпар
– көкпары, қодық – қодығы, алхор – алхоры, баған – бағана, бидай –
бидайы (жастықтың бидайысы) дабыр – дабыра, бекзат – бекзада,
нысан – нысана, ертек – ертегі, шабдал – шабдалы, шаштараз –
шаштаразы, заман – замана т. б. Егер сөздіктердің біріне немесе
күнделікті тіл қолданысымыздағы тәжірибемізге зер салсақ, осы
варианттардың соңғы дауыстысыз түрі (тәңір, сауыр, көкпар, шабдал т.
б.) қалыптасып, не қалыптаса бастағандығы байқалады. Бұлардың
ішінде мағыналық айырым, стильдік рең алып, дербес қасиетке ие
болғаны не соған бейім тұрғандары да бар. Дабыр – «даң-дүң», «у-
шу»: Тыстан кірген суық пен көп кісінің дабырынан тынышы кеткен
Ділдә басын көтерді (М. Әуезов). Дабыра – «даурықпа сөз», «дабыра
қылу», «жұртқа жаю»: Шырағым, мұндай даулы мәселені сен жұрт
арасына әзірге дабыра қыла көрме (С. Мұқанов).
Осы жарыспалы қолданыстардың қатарында стильдік рең алған
вариантқа заман – замана сөзін жатқызуға болады. Заман – әртарап
стиль. Замана – біртарап стиль, көтеріңкі реңде жұмсалады: замана
келбеті, замана үні, замана талабы т. б.
Өзге тілдік нормалардан (диалект, наречие) әдеби тіл нормасының
өз ерекшелігі бар. Әдеби тіл нормалары оқулықтарда, сөздіктерде
тіркеліп отырады. Ал тиісті әдебиетте көрсетілген қағида,
ережелерді сақтамау – нормадан ауытқу. Бірақ сөздіктерде
тіркелмеген, түрлі оқулық пен анықтағыштардан ұшырата алмайтын
сөздерді де күнбе-күн кездестіреміз.
Әрине, әңгіме бұл жерде қоғамдық өмірдегі сан алуан
жаңалықтарға байланысты пайда болып, жаңа мағыналық сипат
алған сөздер жайында болса бір басқа. Тиісті әдебиетте
кодификацияланбаған сөздерді кітаптардан, күнбе-күнгі газет-
журналдардан оқып, радио, телевизордан да естіп жүреміз.
Ардагер (ветеран), тәлімгер, ұстаз (наставник), тыңгер, тыңжерші
(целинник), баспагер, басылым, ғарыш (қосмос), теледидар, әрлеуші,
азпазшы, лездеме (летучка), айдар (рубрика) т. б. қолданыстар
лингвистика тұрғысынан жаңа болғанымен, кейбірімізге құлаққа
сіңді, көз үйренді болғандығы сондай, соны сөз жаңа сөз ретінде
қабылданбайды. Ондай сөздер сонда да бірден оқулықтарға еніп,
сөздіктерде тіркеле қоймайды. Оның себебі мынада: жаңа қолданыс
тіл жұмсау дүкенінде сыналып, байқалуы, тәжірибеден өтуі керек.
Олардың құбылысты дәл, дұрыс бейнелей алатындары өміршең
болып қалады да, лингвистикалық зерттеу елегінен өткен соң,
сөздіктерде тіркеліп, оқулықтарға енеді.
Тіл жұмсау дағдымызда жиі қолданылатын сөздің бірі – ұстаз. Бұл
сөз – «оқытушы», «мұғалім
» дегенмен синонимдес. Соңғы жылдары
жас ұрпақты мамандыққа баулу ісінің елімізде өрістеп, кеңінен қанат
жаюына байланысты жастарды мамандыққа, еңбекке баулушы,
тәрбиелеуші адамдарды, еңбек озаттарын ұстаз, ұстаз жетекші,
ақылшы ұстаз деп атай бастады. Ұстаздық деген жаңа ұғымдағы сөз
пайда болды. «Комбинаттың әр цехында алдың ала ойластырылып
жасалған жоспар бойынша жұмыс істейтін ұстаздар советі бар. Бұл
советтерге өмір тәжірибесі мол, еңбекте ысылған коммунист
жұмысшылар басшылық етеді» (газеттен).
Тәжірибеде жиі кездескенмен, ұстаз сөзінің бұл мағынасын тиісті
әдебиетте кодификациялау асығыстық болар еді, өйткені тіл
қолданысымызда ұстаз сөзімен тайталас тәлімгер сөзі де жұмсала
бастады. «Тәлімгерлердің ішінде 28 Совет Одағының Батыры мен
Социалистік Еңбек Ерлері бар. 16-сы бүкілодақтық «Жастардың
ұстазы» деген белгіге ие болды» (газеттен). Тәлімгер сөзінің
«ұстазбен» жарыса қолданылуы, әрине, кездейсоқ емес. Сөз себепсіз
пайда болмайды. Ұстаз – ұғымы кең, әрі көп мағыналы сөз. Ал ондай
сөзге мағыналық жүк арта беру коммуникациялық жақтан қолайсыз
болуы ықтимал. Мұндайда тіл белгілі бір ұғымдарды тәлімгер тәрізді
дара мағыналы сөзбен белгілеуді қажетсінеді. Сонымен, жаңа сөздер
тіл тәжірибесінен өтіп, қолданыс тезінен шыққанша белгілі бір
уақытты қажет етеді. Сол уақыттың ішінде жаңа сөздің кейбірі
орнын тауып, орныға түссе, кейбірі өтпелі ғана сипатта болып,
ығыса бастайды. Күнделікті тіл қолданысымызда пайда болған
жаңалықтарды кодификациялау ісінің тәжірибемізде кенжелеп
отыратындығы да осы себептен.
Арнайы зер салған адамға, тіл жұмсауымызда пайда болып жатқан
жаңа сөздер аз емес. Бірақ олардың кейбірінің құрылымдық жүйесі
ана тіліміздің сөз тудыру нормасына сәйкес (тыңгер, теледидар,
хабарлама т. б.) болса, кейбірі олай емес. Мысалы: Соңғы кезде
Балғабай лездемені тіпті қысқа қайыратын болып жүр (газеттен)
дегендегі лездеме – тілдің құрылымына жат «жаңалық». Лезде –
жатыс септігінің жалғауы арқылы жасалған үстеу. Мұндай типтегі
сөздерге етістіктен есім тудыратын -ма, -ме (бөлме, үйме, тартпа,
қойма т. б.) тәрізді қосымша жалғанбайтындығы белгілі. Мысалы,
демде, әп-сәтте, әуелде, әуел баста тәрізді жатыс жалғаулы үстеулерді
демде-ме, әп-сәтте-ме, әуелдеме, зуел баста-ма деп, -ма, -ме
қосымшасын жалғап айтуға болмайтындығы өз-өзінен түсінікті.
Сондықтан лездеме деу қазақ тілінде сөз жасаудың объективті
нормасына сәйкес келмейді.
Жасыратыны жоқ, кейбір жаңа сөздер уақыт сынынан өтіп тіл
қолданысымызда орныға түскенімен, сүрленгенше сөздіктерге енбей,
тиісті лингвистикалық әдебиетте көрсетілмей де жатады. Бұлай
болуы кейбірімізге ондай жаңа сөздердің құрылымы тілдік жүйеге
сай болмай, даулы көрінуінен.
Кезінде тек тіл мамандары ғана емес, өзге де жұртшылық назарын
аударып, пікір таласын тудырған оқырман, көрермен тәрізді сөздер
тілдік дағдыға енсе де, кодификацияланбағандығын орфографиялық,
орфоэпиялық сөздіктерде, грамматика оқулықтары мен оқу
құралдарында, анықтағышта әдеби тіл фактісі ретінде
тіркелмегендігін байқаймыз.
Оқырман, көрермен тәрізді қолданысты сөз етпес бұрын мынадай
жинақтауыш пікірге назар аударайық. «Қазіргі ғылым мен техника
заманында дүниедегі, айналадағы, ой-санамыздағы әрбір зат, әрбір
құбылыс, әрбір ұғым өзгелерден ажыратылып, өз атауымен аталуы
орын алды, өйткені бұл күнде әрбір зат (құбылыс, ұғым) түгіл, оның
ұсақ бөлшектерінің (детальдарының) өз орны бар, ол орынның мәні
бар, оларды өзге, мейлі тіпті өте жақын, ұқсас заттармен (құбылыс,
ұғымдармен) шатастыруға мүлдем болмайды. Мұны номинация
тенденциясы деп атап жүрміз, осы тенденция қазіргі орыс тілінде
өте күшті. Қазақ тілі үшін бұл бағыттың жеке күші бар ма, әлде тек
орыс тілінде байқалғандықтан, қалька арқылы көшіре салынуы керек
пе? Біздің ойымызша, қазақ тілі өз бетімен әр нәрсені дербес атау
(номинация) әрекетіне ие бола алады. Өйткені қазақ халқының да
бастан кешіріп отырған дәуірі – НТР заманы, орыс тілін
тұтынушылармен қоғамымыз бір, өміріміздің салты, темпі, талабы
бір. Демек, мектепте оқитын оқушыдан жалпы кітап (газет, т. б.)
оқитын адамды ажыратып, оны өз атауымен білдіру үшін оқырман
сөзін жасауға тіліміздің даму принциптерінің өзі мәжбүр етіп отыр»
Белгілі бір экстралингвистикалық мотивтің нәтижесінде пайда
болған оқырман тәрізді қолданысты, сырт қарағанда бөтенсінудің де
реті бар сияқты. Жыларман, өлермен, күлермен, білермен т. б. тәрізді
сөздердегі -ман, -мен тұлғасы іс-қимыл, процестің өзі емес, соған
шектес, жақын әрекетті білдіреді. Көркем сөз зергерлерінің де бұл
тұлғалас сөздерді осындай мағынада қолданғандығын көреміз. «Жөн
айтыса ма олар, адамша? Бірін-бірі боқтап, төбелесермен болып
жатыр» (М. Әуезов). Мұндағы төбелесермен «төбелесудің» өзі емес,
«төбелесетін шаққа жету» деген мағынаны аңғартады. Бұл тұлғалас
сөздердің (жыларман, сабарман, білермен т. б.) білдіретін
мағынасына қарағанда, оқырман деу қисынсыз қолданыс тәрізді
көрінеді. Бірақ бұл жерде екінші бір құбылысты да ескеру қажет.
Ол – ман тұлғалы сөздің тілімізде субстанцияланып, заттың аты
ретінде жұмсалу фактісінің де бар екендігі, мысалы, атарман
(стражник), шабарман. «Жаһангер сонда да жай жата алмады, бар еді
атақты көп атарманы. Олардың екі жүзін ертіп алып, Ой қылды
залдан барып бата алғалы (Т. Ізтілеуов)
3
.
«Бірең-саран шабарман старшынды өз қолымен де ұрып жіберіп,
болыс, би, қарияларды бойын жазғызбай ақыра ықтырып бет
қаратпай жасқандырып тұрды» (М. Әуезов).
-Ман, -мен тұлғалы сөз кейде септік жалғауы не өзге де
қосымшалар арқылы субстанцияланған күйде де жұмсалады:
Берерменге бесеу көп, аларманға алтау аз (мақал). -Ман, -мен
тұлғалы сөзді субстанциялап жұмсау жазушының өзіндік тіл
қолданысында да кездеседі. «Әуелі жылда екі рет егін салып, содан
ішермендік, тұқымдық алған соң, жер емшегін емуден дәндей берді
(М. Әуезов).
-Ман, мен тұлғалы сөздердің тілімізде осылайша субстанциялану
ерекшелігін ескерсек, оқырман, көрермен сөздерін кодификациялау
(орфографиялық сөздік, анықтағыштарда тіркеп, заңдастырып
отыру), норма ретінде мойындау қажеттілігі байқалады.
Жоғарыда сөз болған неологизмдердің дені қоғамдық өміріміздегі
жаңа ұғым, жаңа құбылыстарға, содан туып отырған номинация
тенденциясына байланысты пайда болса, тілдегі кейбір
жаңалықтардың өмірге келуінің себеп-салдары кейде бұдан
өзгешелеу болып та жатады. Кейінгі жылдарда тіліміздің сөздік
құрамы
космос, космонавт, космос кораблі, орбита т.б.
терминдерімен, номенклатуралық сөздермен толыға түскені мәлім.
Олай болса, телевизор сөзі тұрғанда неге теледидар деп жаңа сөз
жасаймыз, немесе космос сөзінің қолданылып жүргендігіне
қарамастан оған ғарышты неге қосақтаймыз? Сөзді басы артық
қолданып жүрген жоқпыз ба? Газет-журнал беттерінде кейде осы
тәрізді пікірлер де шаң беріп қалады.
Ғарыш сөзінің төркін тіліндегі (араб тіліндегі) мағынасы діни
ұғымға қатысты сөз, сондықтан да бұл сөздің космос мағынасында
жұмсалуы, сырт қарағанда, орынсыз көрінуі де ықтимал. Алайда шет
тілден енген сөздер өзге тілге келіп жерсінгенде, бастапқы
мағынасының ескерілмейтіндігі де белгілі. Бөтен тілден енген сөзге
3 Р. С ы з д ы қ о в а. Қазақ әдеби тілі – 60 жылда (Дамуындағы тенденциялар мен принциптер)–
Достарыңызбен бөлісу: |