серия языка и литературы. 1944, М., 150-бет.
атауларын білдіретін сөздердің түп-төркіні бұлар тәрізді
түсінікті бола бермейді. Мысалы, Марток деген атау қандай
мағынаны білдіреді? Жер аты неге Марток аталған? Академик
М. Әуезов кейбір атаулардың тарихына, неге бұлай
аталатындығына назар аудара келіп, мәртүк шөбі көп
шыққандықтан, бұл өлке Мәртүк аталған дейді. Шындығында,
мортық, мортық боз деп аталатын шөп аттары осы мәртүк
сөзінің жуан варианты болуы ықтимал.
Қазақстан жерінде Қарқаралы, Қарқара (Алматы облысы)
деген топонимдер бар. Қарқаралы, Қарқара атауы жөнінде ел
арасына тараған әр түрлі аңыз бар. Сондай бір аңыздың
арнасына қарағанда, бұл атау баяғы қилы заман – Жоңғар
жаугершіліктері тұсында дүниеге келіпті. «Кезекті бір жорық
үстінде қалмақтың қызы қазақтар жағына қашып өтіп,
ақсақалдар алдында өзінің анасы қазақ қызы екендігін айтып,
өзінің ақыл-парасатымен нағашы жұртын кайран қалдырып, риза
еткен көрінеді. Сонымен, ақылгөй ақсақалдар әлгі қызды
қазақтың бір батыр жігітіне қосып, осы жерді еншіге беріп, оған
Қарқара деген қалмақ қызының атын қойған екен дейді»
(газеттен)
1 3
.
Сол Айбас тоқтамады тағы шапты,
Тамам жолдың мәнісін оймен тапты.
Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
Қарқаралы тау атын қоя сапты
(«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»)
Жер-су аттары жөнінде осындай әр түрлі аңыз-әңгімелер –
халықтың сөз тарихын танып, сырын білуге деген ынта-
тілегінен туып жатады. Қарқара – «қыздар киетін бас киім».
Бірақ бас киімге ұқсас болғандықтан, Қарқаралы аталған десек,
жаңсақтық болар еді. Бас киімнің қарқара деп аталуының
мынадай себебі бар. Ерте кезде ырым етіп қыздардың,
балалардың киімдеріне үкі тағатын. Қарқара – құстың аты. Бұл
құсты да бұрынғы кезде қасиетті көріп, бас киімге қауырсынын
тағатын болған. Қарқара қауырсыны кейініректе әшекей ретінде
қолданыла келіп, бас киім атауына айналған. Сонымен,
қарқараның (құстың) мекен еткен жерлері Қарқаралы, Қарқара
деп аталғандығы белгілі.
Қазақстан жерінде кездесетін топонимдердің бірі – Жауырдың
асуы, Жауыртау (Теміртау). «Қызылберіктің сойыл ұстауға
13 М . Ә у е з о в . Шығармалар, 12-том, Алматы, 1969, 78-бет.
жараған азаматы жаңа тегіс аттанып, мына Жауырдың асуына
қарай беттеп, қарағайға кірді (М. Әуезов). Жауыртау жөнінде
де ел арасына тараған аңыз бар. «Айбас ай жүреді апта жүреді.
Бір жерлерге келгенде мінген атының тұяғы сөгіліп, арқасы
ошақтай жауыр болып, мүлдем міністен қалған екен. Осынау
жауыр аттың қалған жері содан бері «Жауыртау» атаныпты дейді қыр
аңызы»
14
. Бұл – аңыз. Бірақ аңыздағы ақиқатты анықтай түсу керек.
Жауыртау, Жауырдың асуы дегендегі жауыр аттың арқасындағы
жара емес. Жауыр – анатомиялық атау, кәдімгі – жауырын. Қазіргі
жауырын сөзі байырғы тіл деректерінде йағыр (жауыр) түрінде
ұшырайды
15
. Жауыр, жауырын сөздері әуелде жарыса қолданыла
келіп, дербес мағынаға ие болған: жауырын – «анатомиялық атау»,
жауыр – «ат арқасындағы жауыр». Бірақ тіліміздегі жарыспалы
сөздердің барлығы бірдей мағыналық жақтан дараланып кеткен жоқ.
Мысалы, сауыр, сауырын сөздерінің білдіретін мағынасы бір.
Бұлардың үш буындысынан гөрі жауыр, сауыр тәрізді екі буынды
көне түрі жер-су аттарына негіз болатындығы да назар аударады.
Мысалы, Сауырдың тауы, Сауыр Азия (Орталық Азия) т. б.
Жер-су атауларын, онда өсетін өсімдік, жүгірген аң, ұшқан құсын
өлеңге қосып, өнер жарыстыру – Жетісу өңірі айтысының ерекше
түрі. Сондай айтыстарда сол өлкедегі өзен-су немесе тау, қоныс
атауларын жүйесімен баяндап, жіпке тізгендей етіп айтып шығу
шарт. Егер айтысушылардың бірі ондай атаулардың бірін қалдырып
кетсе, әріптесінен ұтылғаны. Ел аузынан жазылып алынған сондай
айтыстардың бірінде:
«Тау-таудан Талғар таудың басы биік,
Тұрады Алмалытау оған тиіп
Көктауды көлденеңдеп өлең кылсам,
Күнгейде Шұбарағаш күнге күйіп.
Көрінген бұдан былай Лабасы
Іленің Алтынемел бергі қасы.
Көктауды көлденеңдеп өлең кылсам,
Быжының Өгізөкірген, Үңгіртасы.
Жайлауы біздің елдің Сарыжазық
Көпшілік кедейлерге болған азық» –
14А. С е й д і м б е к о в. Күнгір-күңгір күмбездер. Алматы, 1981, 91-бет.
15
Древнетюркский словарь. 224-бет.
делінеді. Осы тәрізді айтыстар мен өлең-жырлар ертеде
жеткіншектерді ел біліп, жер тануға баулыған. Ондай айтыс,
өлеңдерді естіп, көңіліне тоқып өскен жас туған жер, кеңістік, бағыт-
бағдар туралы ұғымын кеңейте түскен. Тілдің қазақ топонимдері деп
аталатын лексикалық байлығы тек ауыл-аймақтағы атаулардан ғана
құралмайды. Тілімізде кейбір географиялық атаулардың
оқулықтарда, ғылыми әдебиетте, мерзімді баспасөзде ресми
қолданыста кездесетін атауларынан басқа халықтық нұсқалары да,
ескі мұралар тілінде кездесетін көне түрлері де бар: Византия –
Үрім, Рум; Кавказ – Қап; Иран – Ажам; Қытай – Шын; Дамаск –
Шам; Қызыл теңіз – Күлзім; Палестина – Қінған; Шри-Ланка
(Цейлон) – Сәрәнділ т. б. Бұлар – халықтың байырғы кезде
шартараптағы елдер жайында білігінен бүгінгі ұрпаққа хабар беретін
деректер. Байырғы атауларды (топонимдерді) әсіресе тарихи
тақырыпқа жазылған повестерде қаламгерлеріміздің көркемдік
мақсатта қолданып отыруының өз ұнасымы бар.
Тіл-тілдегі лексикалық байлықтың бір алуаны – кісі есімдері. Кісі
есімдері, бәрімізге белгілі, (атауыштық қызметтен басқа)
лингвистикалық, тарихи, этнографиялық информацияға бай. Ел
ішінде небір қызықты сөздерден қойылған кісі есімдері бар. Ондай
есімдерді әсіресе ертегі, жыр мұраларынан да кездестіреміз:
Төстік, Көкше, Қосай, Тарғын т. б. Осы тәрізді «азан шақырып,
қазанның құлағын қағып» койған ат, әр түрлі қызық есімдер тек
«көз тию» немесе өзге де діни наным, сенімге ғана емес, ел
ішіндегі байырғы салт пен дәстүрлерге де байланысты болып
жатады. «Қорқыт» жырында ұланға бірінші ерлік қадамын
жасағанша ат қойылмайды. Оғыз бен қыпшақтарда, тағы басқа
түркі тайпаларында ұлан белгілі сыннан өткенше, бірінші ерлік
ісін өзі көрсетпейінше – оған ат қойылмаған. Ол 12-14 жасқа
дейін шартты атпен (Боқмұрын, Итбай) жүрген. Немесе ұланның
көрсеткен ерлігі, жаужүректігіне орай оның есіміне түрлі эпитет
сөздер (батыр, ер, қабылан т. б.) қосылып айтылатын болған:
«Сүйініштің жасы қырыққа келгенде бала көрмей жүріп барып
бір балалы болады. Ол баланың атын ноғайлы елі жиналып
отырып: «Арғы атасы Қарадөң, одан туған Жұбаныш, өз әкесі
Сүйініш қатарынан асқан ерлер еді. Мұнан туған бала да ер
болар, мұның атын Бегіс қоялық. Егер ер болса, қатарына ер
атағын қосармыз», – деп ойлайды да, бұның атын Бегіс қояды»
(«Қарадөң батыр»).
Ана тіліміздегі сөздердің тағы бір ерекше тобы бар. Бұл топқа
жататын сөздер халықтың байырғы өткен өміріне байланысты
салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, билік жүргізу, сот құру,
шаруашылық ұйымдастыру т. б. әрқилы қоғамдық институттарға
қатысты. Зерттеуші небір тарихи документ, археологиялық
деректер арқылы қоғамдық институттардың принциптерімен
заңдарын ашады. Ал тарихи, археологиялық деректер үнсіз
қалған тұста ше? Онда сөздер сөйлейді. Мысалы, сауын айту.
«Күні кешеге дейін қазақ қауымында сауын айту дәстүрі болған.
Сауын айту – жай хабар айту емес, белгілі бір салттың ритуалы
ретіндегі хабар. Сауын айтылған жақ сол үлкен жиынға өз
үлесін, өз қатысын көрсетуге тиіс болған. Сондықтан сауын кез
келген адамға емес, байлар мен билерге, батырлар мен
белділерге айтылады, олар сол ұлы жиынға өз үлестерін қосқан.
Саба-саба қымыз бен сойылар малын, бәйгеге шабатын
жүйріктерін, күреске түсетін балуандарын т.т. апарады. Бұл
тіркестегі сауын сөзінің сауу етістігіне қатысы жоқ. Оның түбірі
– көне түркі тілдеріндегі саб/сап (5ау) сөзі... қазақтың сауын
айту, сөз саптау мен сәуегей сияқты сөздерінде сақталып
қалған». Сауын айту тіркесінің «хабар айту» деген мағынасы
кейбірімізге бейтаныс болмағанымен, қоғамдық термин
функциясында жұмсалғандығын осындай зерттеулер арқылы
танимыз.
Тіліміздегі көптеген сөздің дыбыстық тұрпаты, байырғы
мағыналары өзгеріп, жаңа мазмұнға ие болып жатады. Ондай
өзгерістер көбіне-көп тіл-тілді салыстыру, байырғы жазба тіл
деректеріне сүйену т. б. арқылы анықталады. Қазіргі дарқан
дала, дарқан дастарқан, дарқан адам т. б. тізбектегі айтылатын
көтеріңкі лептегі дарқан байырғы мағынасынан өзгеріп қана
қойған жоқ, терминдік функциясын жоғалтқан сөз екен. «Дарқан
сөзінің бастапқы мағынасы – қару-жарақ, сауыт-сайман
жасайтын шебер, ұста. Мұндай ұсталар – хан, батыр-
бағландардың қолдан-қолға тигізбейтін адамдары. Барабара бұлар
барлық алым-салықтан босатылып еркін жүріп, еркін тұратын қауым
мүшелеріне (сословияға) айналды. Тіпті кейбір шығыс елдерінде
тарқан деген атақ, лауазымдар пайда болды. Ұсталарға тиген осы бір
емін-еркіндік, бостандық, колы жеткен молшылық, баршылық –
осынын бәрі бұл атауды жаңа мағынада қолдануға себеп болды.
Тіліміздегі дарқан сөзінің емін-еркін, кең-мол деген «жаңа»
мағынасы о бастағы «ұста», «шебер» деген ұғымнан қанша қашықтап
кеткенің де, бірақ белгілі байланысын үзбегенін де түсінуге болады»
(проф. Қайдаров Ә. Т.).
СӨЗ ТАЗАЛЫҒЫ
Тіл мәдениетіне қажетті аса маңызды сапалардың бірі – сөз
тазалығы. Сөз тазалығы дегенде алдымен ойымызға оралатыны тіл
тазалығы, сөзімізде бөгде тілдік элементтердің болмауы. Бірақ әдеби
тілімізде өзге тілдерден енген сөздер, тіпті сөз тудырушы
қосымшалар да бар екені мәлім. Ондай кұбылысты тіл-тілдің
барлығынан дерлік кездестіруге болады. Өзге тілден сөз алмаған,
ауыс-түйістігі жоқ «таза» тілдер кемде-кем.
Сөздердің мәдени лексика деп аталатын тобына жататын дәптер
сөзі әуелде грек (дифтера) одан, иран тілдері (дафтара) арқылы
түркілер мен монғол (дэвтэр), тибет (девтһер) тілдеріне тараған.
Мұндай мәдени лексика тіл-тілдің барлығында дерлік кездеседі
деуге болады. Бірақ өзге тілден енген сөздердің кейбірі төркін
тілдегіден өзгеше мағынада жұмсалып жатады. Мәселен, стилистика
(пән аты) тәрізді сөздің қазіргі мән-мағынасы көпшілікке түсінікті.
Француз тілінен тараған бұл атау ертедегі гректердің «Stуlоs»
сөзімен төркіндес. Ол – «ұшталған таяқша» деген мағынаны
білдіреді. Ол кезде балауыз жағылған тақтайша жазу-сызу үшін
пайдаланылған. Ойды дәлірек жеткізу үшін таяқша арқылы
тақтайдағы жазуды әлденеше өшіріп, қайта жазуға, түзетіп отыруға
да тура келген. Таяқшаны (стильді) пайдалана білу өнері кейіннен
сөз шеберлігін, тіл мәдениетін арттыра түсу деген мағынада ұғыныла
келіп пән атауы ретінде қалыптасқан.
Өзге тілден еніп, заңды түрде орныққан осы тәрізді сөздерден
кейбіреудің дағдысына енген мүкістіктер (остановқаға барамын,
субботада келді, звонит ет т. б.) мүлде басқа. Дағдының да дағдысы
бар. Жұртшылық қабылдаған, тілде орныққан, дағдыға енген шет
тілдік сөздің орны бөлек. Ал ондаймен санаспай, бөгде
«элементтерді» оңды-солды жұмсау сөйлеушінің сөзге
ұқыпсыздығын көрсетеді.
Ана тілге деген сүйіспеншілік, ыстық сезімнің лебі таза сөйлеуден
де байқалып тұрады. «Ана тілің, қайткенде де, ана тілің болып қала
береді. Жан-тәніңді салып сөйлеген кезде, басыңа бірде-бір француз
сөзі келе қоймайды, ал жарқылдата сөйлеуді қаласаң, оның жөні бір
басқа», – дейді Л. Толстой. Бір тілден екінші тілге сөз енуі тәрізді
ауыс-түйістердің болуы – тіл-тілде кездесетін құбылыс. Сондай-ақ
мұндай ауыс-түйістік ұғымдарда да болады. Ондай ұғымдар калька
тәсілімен аударылып та алынады. Орыс тіліндегі земледелие сөзі,
зерттеушілердің көрсетуінше, латын тілінен алынған калька,
(қазақша егіншілік), ал принять меры француз сөзінің көшірмесі,
(қазақша шара қолдану) т. б. Мұндай мысалды келтіре берсек, калька
сөздердің не бір түрлерін табуға болады: қанатты сөздер (крылатые
слова), қарулы күштер (вооруженные силы), ақтар (белые)
қызылдар (красные), жартылай қорғаушы (полузащитник) т.б.
Ел мен елдің аралас-құраластығы, қарым-қатынасының барысында
бір тілден екінші тілдің сөз алуы, жаңа ұғымның пайда болуы тәрізді
заңды құбылыстың шылауында ілесіп жүрген жөнсіз калькалар тіл
тазалығына нұқсан келтіреді. Тіл мәдениетін сөз еткен мақалаларда
жарты арал (дұрысы түбек), аналық қой (дұрысы саулық, саулық
қой), елу бас қой (елу қой), қой өсіруші совхоз (дұрысы қой совхозы)
тәрізді көзсіз калькалардың тіл шұбарлау екендігі орынды
көрсетіліп, дұрыс сыналып та жүр.
Белгілі бір халықтың жасаған мәдени қазынасы, рухани
мұрасымен екінші бір халық аударма арқылы да танысады. Тіл
ұстартып, көркем ойды ұштайтын, халық пен халықты
табыстыратын, мәдениет пен мәдениетті жалғастыратын –
аудармашылық өнер. Аударма әдебиетті қаламгерлер алтын көпір деп
атайды. Әсіресе СССР халықтары үшін орыс тілінің бұл саладағы
қызметі өлшеусіз. «XX ғасырдағы ұлы шығармалардың бірі» (Луи
Арагон) деп танылған «Абай жолы» эпопеясының 30-дан астам тілде
сөйлегені белгілі. Орыс тілі өзге елді қазақ әдебиетінің М. Әуезовтей
классигімен таныстырды. Ал қазақ оқушылары орыс тілі арқылы
шығармалары ана тілімізге аударылған дүние жүзілік әдебиеттің
жарқын жұлдыздарымен танысып, бауырласып өсті. Аудармашылық
– үлкен өнер. Ондай өнерлі қолдан шыққан еңбектерде кей сөздің
мағынасы қайта жаңғырып, жаңа қызмет атқарып жатады. Аударма
әдебиет арқылы бір тілден екінші тілге жаңа сөз, жаңа ұғым да енеді.
Тілді нәрлендіру, байытудың бір кезі аударма әдебиет деп
есептейтіндер өз пікірлерін осыларға сүйеніп айтса керек.
В. И. Ленин ғылыми коммунизмнің негізін салушылар – К.Маркс
пен Ф. Энгельс еңбектерін, түпнұсқадағы пікірлерін дәл, мүлтіксіз
аударудың маңыздылығын көрсетіп отырған. «Коммунистік
манифестің» кейбір жерлерін В. И. Лениннің өзі түпнұсқа тіліне
сәйкестендіріп қайта аударған болатын. Ф. Энгельс пен В. И. Ленин
түпнұсқадан алшақ кететін еркін аудармаға, сөзбе-сөз, сіреспе
аудармаға мүлде қарсы болған. Өйткені еркін аударма түпнұсқадағы
ой, пікірді дәлме-дәл бере алмай, бұрмалап жіберсе, сіреспе аударма,
орынсыз калька мазмұнды бұлдыратып, айтылар ойды түсініксіз етуі
мүмкін.
Өзге халықтың тілінде кездесетін мақал-мәтел, тұрақты сөз
тіркестерін тәржімалауда белгілі аудармашыларымыз осындай
тәжірибені орынды ескеріп отырады.
Көркем әдебиет пен қоғамдық-саяси әдебиеттерде кездесетін
қалька-фразеологизмдердің саны да едәуір. Әсіресе қоғамдық-саяси
әдебиеттерді аудару барысында орыс тілінен калька жолымен
алынған балықшы балықшыны алыстан көреді (рыбак рыбака видит
издалека), ештен кеш жақсы (лучше поздно, чем никогда), лай судан
балық аулау (ловить рыбу в мутной воде) т. б. сөз тізбектері тілімізде
тұрақты қолданысқа айналды. Марксизм-ленинизм классиктері
еңбектерінде кездесетін кейбір өрнекті сөз орамдарын аударуда
тәжірибелі тәржімашыларымыз, белгілі журналистеріміз калька
тәсілін де кәдеге жаратқан. Орыс тіліндегі кейбір тұрақты сөз
тіркестерінің қазақша баламасы бола тұра, журналист,
аудармашыларымыз түпнұсқа тіліне жақындай түсу мақсатымен
волков бояться в лес не ходить – қасқырдан қорыққан тоғай араламас
(шегірткеден қорыққан егін екпес); не приметить слона – көрмес пілді
де көрмес (көрмес түйені де көрмес); черепаший шаг – тасбақа аяң, адым
(өгіз аяң) т. б. аударды. Көркем әдебиет, саяси публицистикалық
әдебиетті тәржімалауда аудармашыларымыз алдымен халық тілінен
дәлме-дәл балама іздейді. Әсіресе тұрақты сөз тізбектерін
қазақшалауда олар калькаға орынсыз бара бермей, халық тілінен
дәлме-дәл балама таба білді: своя рука владыка – қазаншының еркі бар,
қайдан құлақ шығарса; откладывать в долгий ящик – сөз бұйдаға салу;
утопающий и за соломенку хватается – суға кеткен тал қармайды т. б.
Аударма әдебиет арқылы тұрақталып, тілімізде тиянақ тапқан
қолданыстардың қатары соңғы жылдарда тарих сахнасына шықты; екі
арасын қытай қорғанымен бөліп тастауға болмайды; америка ашты
(ашқан жоқ); екінші тыныс (мартен пешінің екінші тынысы) тәрізді
тұрақты тізбектермен көбейе түсті. Осындай тізбектерден тіл
шұбарлайтын тіркестерді ажырата білу – сөз тазалығына қойылар
талаптың бірі. Кейінгі жылдарда тіл шұбарлайтын тіркестің мынадай
түрлері ұшырай бастады: «Ол түнгі тосқауыл рейдіңе
қатысушылардың қоғам мүлкіне қол сұғушыларды қалай су бетіне
шығаратынын соңғы екі-үш жыл ішінде көп естіп те, оқып та жүрді»;
«Бүкіл адамзатқа келген қару ешқашан бір елдің ішкі ісі болмақ
емес. Ондайды «ішкі іс» деп сылап-сипаушылар американ
саясатының диірменіне жел береді»; «Қаламқас поселкесінің аумағы ат
шаптырым. Көшпелі вагондар, егіз тамшыдай ұқсас үйлер», «мәселені
қабырғасынан қою» т. б. Осы мысалдардағы су бетіне шығару,
диірменіңе жел беру, егіз тамшыдай тәрізді тіркестер, сырты қазақша
болғанмен, кез келген оқушыға түсінікті ме? Тіпті оқушы автордың
айтпақ ойын әйтеуір аңғарғанмен, мұндай тіркестерді екінші бір
тілдің көмегі арқылы зорға түсінсе керек. Содан кейін ғана су бетіне
шығару дегеннің «бет пердесін ашу» екенін, диірменіңе жел берудің
«отына май кұю» екенін, егіз тамшыдай деп отырғаны «егіздің
сыңарындай» деген сөз екенін байқайды. Оқушысын бұлайша
шатастыру – сөз шұбарлау. Тілімізде осы ұғымдардың дәлме-дәл
баламасы бола тұрса да, оны елеусіз қалдырып, өзге тілдегі бейнелі
қолданыстарды сөзбе-сөз қазақшалай беру түсініксіз, тіпті түсінікті
бола койғанның өзінде әсерсіз, нәрсіз сөз тізбегін құр көбейте түсер
еді. Мазмұн-мағынасы шала-шарпылау ғана ұғынылатын, бедер,
өрнегінен айрылған мұндай тіркестер сөз тазалығына мүлде жат
элементтер.
Қазақ әдеби тілінің байып, әрленіп отыратын негізгі арналарының
бірі – жалпы халықтық тіл. Жалпы халықтық тілдің бір түрі –
диалект. Диалектизмдердің әдеби тілге қарым-қатынасы бір жақты
ғана деп үзілді-кесілді айтуға болмайтыны белгілі.
Қазақ әдеби тілінің жалпыға ортақ қасиеті – тұтастығы, бірлігі.
Бұл – ғасырмен өлшенетін ұзақ уақыттың жемісі. Ал оны елеп-
ескермей, әркім өз аулына тарта сөйлесе, әдеби тілдің ұзақ жылдар
бойы қалыптасқан тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келмей ме? Ал
бірлік, ынтымақ – ұлы күш. Міне, тіл тазалығы дегенді әдеби тілдің
бірлігі мен тұтастығы үшін күрес деуге болады. Бірақ
диалектизмдердің әдеби тілге қатынасының екінші жағын, аса мәнді
жағын ескермеу әдеби тілді нәрлендіретін, байытатын арналы
бұлақтың көзін жапқанмен бірдей көрінер еді. Тілден заңды түрде
орын алуға тиіс ұғымдар, зат пен құбылыс атаулары әдеби тілде
болмай жатса ше? Ондайда жергілікті сөздер әдеби тілдің керегіне
жарап, мұқтажын өтеуі мүмкін.
«Қазақ говорларында кәдеге жарайтын, тіліміздің, лексикамыздың
баюына қажетті, ал әдеби тілде баламасы жоқ сөздер кездеседі.
Мысалы, мал егіз тапса, егіз дейміз, үшеу, төртеу тапса, оны бір
сөзбен атайтын әдеби сөз жоқ. Ал Ақтөбе, тағы басқа облыстарда
мұны үшен, (үшем), төртен дейді. Еркектің көйлегін де, әйелдің
көйлегін де көйлек дейміз. Ал Жетісу тұрғындары әйелдердің
көйлегін көйлек дейді де, еркектің көйлегін жейде деп екеуін екі
атаумен атайды. Сол сияқты зембіл (носилка), арасан (минералды бұлақ)
деген сияқты говорлық атаулар бар. Әдеби тілімізді байытатын
осындай сөздерді орнықтыруға, қалыптастыруға тиістіміз»
Әдетте, әдеби тілдің өзге тармақтарына қарағанда, көркем әдебиет
тілінде жергілікті ерекшеліктерді, сөйлеу тілінің әдеби түрінен
тысқары жатқан элементтерін қолданудың үлкен мүмкіндіктері бар.
Мұндайда бейәдеби элементтер (әдеби тіл нормасы ретінде
танылмаған шет тілдік сөздер, диалектизмдер, ауызекі тілге тән,
қарабайыр сөздер) екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, олар ең
алдымен коммуникациялық қызмет атқарады (ойды хабарлау, сөзімді
білдіру т. б.). Екіншіден, эстетикалық қызметте жұмсалады. Белгілі
қаламгерлеріміз әдеби тілден тысқарылау жатқан бейәдеби
элементтерді кейіпкер тілін даралау, тілдік мінездеме беру,
персонаждардың білім дәрежесін, ой-өрісін, мәдени деңгейін
көрсету, ауызекі тілге тән сипат беру мақсатымен эстетикалық жүк
арта қолданады. Бейәдеби элементтерді ретсіз, жөн-жосықсыз
қолдану тіл көркемдігіне нұқсан келтіреді. Өйткені бойлай, бәткерде
қылу, шекейін дегендердің әдеби тілдегі баламасын толық бере
алатын, жалпыға ортақ эквиваленттері бар (үнемі, әшкереледі, дейін,
шейін). Мұндай сөздер эстетикалық қызмет атқарып тұрса, онда
әңгіме басқа
16
.
Бейәдеби сөздердің көбіне диалогта қолданылуы да жайдан-жай
емес. Шебер құрылған диалогтан оқушы түсінер нәрсе аз болмайды.
Кейіпкер кім, ескінің көзі ме, жаңаның өзі ме? Білімі мен білігі
қандай? Автор кейіпкердің аузына түзу сөз салып отыр ма? Әлде
әдейі бейәдеби сөздермен бұра тарта сөйлетіп отыр ма? Қысқасы,
қалауын тауып қолданса, кейіпкер тілінде кездесетін бейәдеби сөздер
шығармаға әр береді.
Ешбір оқушы ондай шығарманың тілін сөз шұбарлау деп
түсінбейді. Кейіпкер тілінің сипаты да әр түрлі. Олар бірде қысқа
қайырым, диалогқа құрылса, бірде кейіпкердің ой тербеп, сыр
қозғайтын, сөзім күйін ақтаратын толғаныстары арқылы да беріледі.
Ондайда жазушы диалектизмге де, сөйлеу тілінің әдеби түрінен
тысқары жатқан өзге де тілдік амал-тәсілдерге жүгінуі мүмкін.
Тәжірибелі қаламнан шыққан шығармаларда бейәдеби сөздер
эстетикалық қызметте жұмсалып, жарасымын тауып жатады. Енді
бір шығармаларда бейәдеби сөздерді қоюлата қолданудан оқушы
жасандылықты, кейіпкер табиғатына үйлесімсіздікті аңғара
бастайды. Журналдарымыздың бірінде жарияланған бір повесте
нәйеті, кермалдасып, шеккі емес, бәткерде қылды, кеспір, үзір т. б. деп
сөйлейтін кейіпкерді ұшыратасыз. Институт бітірген, жас шамасы
қырықтан енді асқан жетпісінші жылдардың білімдар жігітінің
аузына автор осындай сөз салып, ерекше сөйлеткен сайын,
шығарманың шынайылығына оқушы күдік келтіре бастайды. Ой
тұтастығы бұзылып, сөзім селкеуленеді. Сырт қарағанда, бейәдеби
элементтерді қолданудың шарты бұзылмаған да сияқты. Бірақ
оларды қисапсыз көп қолдану, орынсыз жұмсау оқушының
эстетикалық талғамын мұқалтады. Ондай халдегі оқушыға сөз
өнерінің де әсері айтарлықтай болмайтыны белгілі.
Сөйлеуде немесе жазуда болсын әр сөз айтылар ойға, мазмұнға
қатысты болып, мағыналық жүк арқалап тұруға тиіс. Бірақ кейбір
адамдардың сөйлеу дағдысында сөз тазалығына нұқсан келтіретін,
сөзді әсерлілігінен айыратын «қызметсіз» қыстырынды сөздер жиі
кездеседі. Сөз арасында қызметсіз қыстырылып жүретін жаңағы,
кетіп, әлгі, мәселен, ал енді, сонымен тәрізділерге аузы үйір адам
16 Ғ . Қ а л и е в , Ш . С а р ы б а е в . Қазақ диалектологиясы. «Мектеп» баспасы,
Достарыңызбен бөлісу: |