НҰргелді уәлиев сөз мәдениеті



Pdf көрінісі
бет6/6
Дата03.01.2017
өлшемі450,47 Kb.
#1067
1   2   3   4   5   6

СӨЗ ӘСЕРЛІЛІГІ

Кейбір  адамдардың  сөйлеген сөзі  жұртты ұйытып, тыңдаушының

айызын   қандырады.   Ой   мен   сөзімге   бірдей   әсер   етіп   жатқан   топ

алдыңдағы сөзді (публичная речь) тыңдай беруден еш жалықпайсыз.

Ал   кайсыбір   сөйлеушілердің   сөзі   әсерсіз   болып,   отырған   жұрт

ықылассыз   тыңдайды.   Енді   бұл   екі   сөзді   іштей   салыстырсаңыз,

әсерлі сөйлеген шешеннің сөзінде нанымды фактілер, соны деректер,

логикалық   жүйе   барлығын   байқайсыз.   Ол   жұрт   білетін   жайды

тәптіштеп жатпайды. Бұлар – әсерлі сейлеудің тілден тыс шарттары.

Әсерлі   сөйлеудің   тілге   тікелей   байланысты   шарттары   бар.   Сол

шарттардың бірі зерттеушілердің көрсетуінше, алдымен сөзді сазына

келтіріп айтуға (сөз сазына) байланысты.

Басқаша   айтқанда,   әдеби   тілдің   көпшілікке   ортақ   орфоэпиялық

(сөздерді   дұрыс   айту)   қағидасының   бұзылмауын   естен   бір   сәт

шығармау керек. Әр тілдің өзіне тән дыбыстық заңдылығы бар. Оны

сақтамай,   бұзып   сөйлеу   тыңдаушының   құлағына   түрпідей   тиеді.

Мысалы,   қазақ   тілі   үшін   ондай   заңдылық   дауыстылардың   үндесіп,

дауыссыздардың   бір-біріне   ықпалын   тигізе   айтылуында   көрінеді.

Дауыстылардың   үндесуін   сақтамаған   адамның   сөзі   кедір-бұдыр

шығып   жатады,   әрі   сөз   сазы   бұзылады.   Ондайда   сөздің   кей   буыны

жіңішке,   келесі   буыны   жуандап  (сійыр,   тиын  т.   б.)   жағымсыздау

естіледі   (ал   дұрысы:  сыйыр,   тыйын).  Ерін   үндестігімен   айтылатын

сөздердің екінші буынын «жазылуынша» бұлжытпай езулетіп айту да

(үкі,  дұрысы   –  үкү;   көңіл,  дұрысы   –  көңүл  т.   б.);   ритмикалық

мелодикалық ерекшелігін ескермеу де сөз сазына сызат түсіреді.

Әдеби   тілдің   орфоэпиялық   қағидасын   сақтамай,   диалекті

ыңғайында   сөйлеу   де   сөздің   әсерлі   естілуін   күрт   төмендетеді.

Кейбіреулердің   сөз   басындағы,   сөз   ортасындағы  ш  дыбысын  ч-мен

айтуы да  (чам, чаш; бірінчі, екінчі  т. б.), «д»-ның орнына қолдануы

да  (маңлай,  дұрысы  маңдай  т.   б.)   оның   әдеби   тіл   нормасына

дағдыланбағандығын   байқатады.   Сонымен,   сөзді   сазына   келтіріп,

нақыш   өрнегін   сақтап   айту,   сөйлейтін   сөзіне   (жазатын   сөзіне   де),

тыңдаушысына   селқос   қарамау,   әдеби   тіл   нормаларын   сақтап

сөйлеуді мақсат ету т. б. сөз әсерлілігінің кіріспесі іспетті. Ал сөзді

әсерлі ететін амал-тәсілдердің өзге түрлері де аз емес.



Кейде   белгілі   бір   тексті   окып   отырсақ,   автордың   сөйлем

құрауында,   грамматикалық   амалтәсілдерді   қолдануында   «дұрыс

емес-ау»  дейтіндей   мін  байқалмауы  ықтимал.  Сөйлемдегі  сөздер   өз

мағынасына   сай   қолданылған   сияқты   болып   көрінеді.   Енді   сол

текстен мынадай үзіндіңі оқып көрейік:

«Ауылдың жан-жағы таумен шектеліп жатыр. Онда неше түрлі аң,



құс  кездеседі. Егер тауға шыға қалсаң, неше алуан  гүл  аралас өскен

өсімдіктің жұпар исі танауыңды қытықтап, тынысыңды кеңейтеді...»

(студент   дәптерінен).   Автордың,   бұл   жерде   алдымен,   сөзді   көркем

тіл кестесіне лайық талғай білуге назар аудармағандығы байқалады.

Көркем   әдебиет   стилінде   дерексіз   ұғымдағы   сөздерге   қарағанда

деректі ұғымдағы сөздерді қолдану орынды болып есептеледі. Бұлай

болу себебі көркем шығарма табиғатының ерекшелігіне байланысты.

Көркем   шығармада   баяндалған   нәрсені   оқушы   елестету   арқылы

қабылдайды. Сондықтан деректі ұғымды білдіретін лексика арқылы

затты көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай, шындық өмірдегідей

сөзінуге   болады.   Мысалы,   «аң»,   «құс»   дегенді   «көруге»   болмайды,



қасқыр,   түлкі,   қоян  немесе  бүркіт,   жапалақ,   тазқара,   шәулі

дегендерді   «көруге»   болады.   Міне,   осындай   «көруге»   болатын

нәрсені   оқушы   көркем   шығарма   тілінен   елестету   арқылы

кабылдайды.   Ал  аң,   құс,   өсімдік  тәрізді   дерексіз   ұғымдар   ой-сана

арқылы   қабылдауға   бағытталған.   Көркем   шығарманы   тек   бірынғай

дерексіз   ұғымдағы   сөздермен   құру   –   оқушынын   елестету   арқылы

қабылдауына   кедергі   болып,   текстін   көркем   тіл   стиліне   тән   жігі

бұзылады.   Егер   көркем   текст   пен   ғылыми   тексті   салыстырсақ,

алдыңғысында   деректі   ұғымдағы   сөздер   жиі   қолданылады   да,

соңғысында дерексіз ұғымды білдіретін сөздер жиі ұшырайды.

Көркем тексте тіпті деректі ұғымдағы сөзді әдеттегідей бәрімізге

үйреншікті   қалпында   қолдану   жеткіліксіз.  Жел   соқты,   қар   жауып,



боран   болды  деп   айтудың   ешкімге   қиындығы   жоқ,   таңсық   та   емес.

Шығарма тілі (текст) бастанаяқ осындай дағдылы сүрлеуден шықпай,

үйреншікті   қолданыска   құрылса,   ешкімді   қызықтырмайтындығы,

әсерсіз болатындығы айдан анық. «Тілі тартымсыз», «сөзі бедерсіз»

деген   үлкен   мін   тағылып,   ондай   шығарманың   сыналып   та

жататындығы   белгілі.   Сөз   шеберлерінің   қолданысында   сөз   әдеттегі

қызметінен   басқа   күйге   көшіп,   тосын   құбылысқа   тап   болады.

Мұндай   тосын   қолданыстың   әсері   айрықша   болып,   шығарма   тіліне

шырай беріп отырады.

«Боран үскіріп соғып тұр.  Асау жел ащы күйінен жаңылған жоқ,



ойнақ   салып   ысқырып   тұр.  Ақ   дала   меңіреу   болып   түнеруде.

Қайғылы сары бел боран әкеліп тұрған ақ киімін қымтай түсіп, жата



берді» (М. Әуезов).

Өздеріңіз   байқағандай,   алғашқы   сөйлемдегі   сөздер   әдеттегі

мағынасына сай, үйреншікті қалыпта жұмсалса, оған ілесе айтылған

сөйлемдегі   сөздер   өзгеше   күйге   түскен.   Арнайы   назар   аударған

оқушы  асау  сөзінің   тосын   сипат   алғандығын   бірден   аңғарады.

Өйткені   әдеттегі   тіл   жұмсалуымызда  асау  жел   деп   ешкім

қолданбайды.   Сондай-ак   сөз   арасында   бір-бірімізге  сары бел киімін



қымтады  десек,   түсініксіз   болып   шығар   еді.   Бұлай   болуы   сөздің

әдеттегі күйін өзгертіп (контексте) тосын сипат алуына байланысты.

Алайда жансызға жан бітіру немесе сөзді тосын қолдану күр мақсат

емес. Сөзді әдемілеп, әшекейлеу де емес. Бұл – болмысты нақты, дәл

бейнелеудің   айрықша   тәсілі.   Осылайша   нақтылы,   дәлме-дәл

бейнелеген   зат,   құбылысты   оқушы   елестету   арқылы   қабылдап,

«көзбен көріп, қолмен ұстағандай» күй кешеді. Суреткер қаламының

оқушыны   әсерге   бөлейтіндей   сиқырлы   болатыны   да   сондықтан.

Осылайша   тіл   әсерлілігін   арттыратын   бейнелеуіш   тәсілдердің

метафора,   эпитет,   теңеу   тәрізді   небір   айшықты   үлгілері   сөзді

әдеттегіден тыс тосын қолдану арқылы жасалады.

Жаңа жыл. Қар аппақ.

Талаурап, талмаусырап күн шықты.

Тиісерге қара таппай жалақтап,

Тентек аяз өз деміне тұншықты.

(М. Мақатаев).

Тентек бала, тентек кісі  делінсе, дағдылы қолданыстағы сөз тіркесі.

Бүндағы анықтауыш аяз сөзімен тіркесіп тосын күйге тап болады да,

эпитеттік   қызметке   көшіп,   «аязды»   тиісерге   қара  таппай   жүрген

адамға  айналдырды.  Сөздің  ауыс   мағынада  қолданылуы  сонылығы,

жаңалығымен   ғана   емес,   дәлдігімен,   заттың   белгілі   бір   қасиетін

айқын,   накты   көрсете   білуімен   әсерлі.   Олай   болмаған   жағдайда

теңеудің,   оның   ішінде   метафоралы   түрінің   әсері   айтарлықтай   бола

қоймайды.   Суреткер   қаламы   зат   пен   құбылысты   оның   ерекше

қасиетін   тап   басып,   дәл   көрсетсе,   жарқылы   ерекше   болып,   оқушы

сөзіміне дөп тиіп жатады. Көркем шығармада сөз осылайша образды

қасиетке  ие  болады.  «Адасқан  күшік  секілді,  ұлып  жұртқа   қайтқан

ой» (Абай) дегендегі образдылық жай әшекей емес, – жаңалық ашу.

Оқушы өзіне таныс құбылысты қайта «ашады», жаңа қырынан көре

алады.  Ондай  жаңалық  оқушы танымын тереңдетіп,  қиялына  қанат

бітіреді.

Көркем   тілде   қолданылатын   түрлі   метафора,   эпитет,  теңеулердің

ролі   айрықша   зор.   Олардың   басты   қызметі   сөзге   тек   бояу   дарыту

ғана емес. Бұлар – өмір құбылыстарын бейнелі түрде танытудың аса

тиімді   тәсілдері.   Жазушыдан   көріктеудің   мұндай   тәсілдерін   талап

етпей, тек сырты сұлу сөз қолданыстарды бейнелі тілге балап, хош



ала   берсек,   көркем   тілге   қойылар   талаптың   деңгейін   мүлдем

төмендетіп алар едік.

Әдетте  Б.   Майлин,  М.  Әуезов  тәрізді  аса   шебер  қалам  иелерінің

сөз   жұмсауындағы   өрнекті   сөз   орамдары   тіл   ажарын   ашып,

эмоциялық   зарядты   күшейте   түседі.   Бұл   қасиет,   әрине,   сөз   зерін

мөлшермен,   дәл   сөзіне   қолданатын   суреткер   зердесіне   тәуелді.

Алайда   тұрақты   сөз   тізбектерін   тактіден   тыс,   бірінен   кейін   бірін

бастырмалата   қолданудың   әсері   басқаша   болуға   тиіс.   Байқап

отырсақ,   басы   артық   бейнелі   қолданыс   оқушы   ойын   алаңдатады

екен. Өйткені үстін-үстін, іргелес қолданылған тұрақты тізбектердің

бояуы  шымкай,  жылтыры  басым  болған   сайын  өзара  «бәсекелесіп»

бірін-бірі   көмескілейді,   біріне-бірі   бөгесін   болады.   Басқаша

айтқанда,   тіл   көркемдігіне   кері   әсерін   тигізеді.   Осы   ойымызды

мынадай   сөз   қолданыс   дәлелдей   түседі   ғой   деп   ойлаймыз:

«Жанымызды   шүберекке  түйіп,   қанымызды   торсыққа   күйып,   басты

оққа   байлап,   қыз   асылатын   мойнымызды   қылышқа   тосып,   тәуекел

деп,   жалаңдаған   қылыш,   жасанған   жаумен   жамыраған   қойдай

араластық   та   кеттік»   (журналдан).   Оқушы   түйсігі   сынап

бағанасындай   сөзгіш.   Тұрақты   сөз   тізбектерін   бұлайша   «күреп»

қолданудан   безбеннің   тілі   жарасымдылыққа   емес,   жасандылыққа

қарай   ауатынын   бірден   байқар   еді.   Бәлкім,   жазушы   өзін   бейнелі

тілмен   сөйлеп   отырмын   деп   ойлауы   да   мүмкін.   Бірақ   «жасанған

жаумен   жамыраған   қойдай   араластық   та   кеттік»   тәрізді   қолданыс

қой   қоралап,   көгеннен   қозы   ағытып   көрген   қазаққа   сүйсінер   сурет

бола қояр ма екен деп күдіктенеміз. Шындыққа жүгінсек, қой емес,

қозы жамырайды ғой. Көгеннен ағытылған қозылар өрістен қайтқан

енелерімен жапатармағай, емірене табысып жатпаушы ма еді? «Жас

теректің   жапырағы   жамырайды   сокса   жел»   (Абай)   дегендегі

жапырақтың   бірімен-бірі   жаңаса,   сыбдыр   қағып,   сыбырласа

жөнелетін   жанды   суреті   осы   бір   көріністі   еске   түсірмей   ме?   Олай

болса,   жалаңдаған   қылыш,   жасанған   жаумен   сарбаздардың   қоян-

қолтық айқасын автордың жамыраған қой арқылы бейнелеймін деуі

құр сөз әурешелігі сияқты көрінеді. Реті келгенде айта кететін тағы

бір   сөз   –   кейбір   әңгіме,   повестерді   оқып   отырғанда   кездесетін



сыңғырлаған күлкі, ғашықтық сыры, жалаңдаған қылыш, жасанған жау

тәрізді дағдылы тіркес, дайын теңеулердің қисапсыз қолданылуы тіл

шеберлігін   таныта   бермесе   керек.   Болмысты   өзіндік   көзбен   көріп,

оны өзіндік тіл өрнегімен жеткізе білу жазушының дүние танымын

ой   өрісін,   стиль   құрауын,   эстетикалық   талғамын   көрсетіп   қана

коймай,   көркем   сөз   шебері   аталуының   мықты   бір   дәлелі   де   бола

алады.

Жазушы кейіпкер тілін даралау арқылы оның түсінік-түйсігін аша



түсіп,   бітім-болмысын   айқын   көрсетуді   мақсат   тұтады.   Әр

кейіпкердің   іс-әрекетіне   орай   сөйлеген   сөзі   де   оларды   бір-бірінен

өзгешелеп   тұрады.   Ұлы   суреткер   Мұхтар   Әуезовтің   «Дос-Бедел

досында»   кейіпкердің   тілдік   мінездемесі   әр   түрлі.   Жазушы   әр

кейіпкерді өз мінезіне, өз әрекетіне лайық нанымды сөйлетеді. Бедел

терең  пайыммен,  толғамды  оймен сөз  айтса,  Жаппас  байбаламшыл,

жала   жауып,   күйе   жағып   сөйлейтін,   дөрекі   тілді,   домбытпа   сөзді.

Жазушы   кейіпкерлер   тілін   бұлайша   даралаумен   шектелмей,

шығарманың   композициялық   иініңе   орай,   өзге   стильдік   арналардан

да   бояу   тартып,   шындықты   өз   өңімен,   шын   сырымен   шебер

өрнектейді.



Социалистік   мәдениет,   тарихи   диалектизм,   тарихтық   документ,

коммунистік   тәрбие,   маркстік-лениндік   ілім  т.   б.   кейіпкер   тілінің

ғылыми   сипатына   тән   бояуды   аша   түссе,  ...революцияның  нұр  күні



тоңдарды жібітіп, мүздарды еріте отырып адамзат көктемін әкелгені

кәні  ...тәрізділер публицистикалық қолданысқа тән реңк үстейді. Ал

құттықтау телеграмдар, күн тәртібіндегі мәселе  т. б. ресми сипатты

танытатын бояулар.



Дүнияуи,   жаһил,   мағлум,   мәжбуғат,   мәсжид,   мужтаһид,   тауарих,

уәзифа,   шәһәр,   һәмәнда  т.   б.   сөздерді   жазушы   кейіпкерлер   аузына

кездейсоқ салып отырған жоқ. Мұндайлар – кейіпкер сөзіне ескіше

ең беретін тілдік маскалар. Орфографиялық қағидадан әдейі ауытқи

отырып   жазушы   кенелік   реңкті   графикалық   тәсілмен   де   беріп

отырады (ғауым – қауым, хазір – қазір, хиянат – қиянат, фиғыл – пиғыл,

шарафат – шарапат, әлбетте – әлбетте т. б.).

Саналы   түрде   көркемдік   мақсатқа   орай   алынған   мұндай   бөгде

стильдік   элементтер   оқиғаның   қай   дәуір,   қандай   ортада   өтіп

жатқандығын,   соған   тән   бояуларды   көрсетеді.   Кейіпкер   тіліне

әлеуметтік-типологиялық   мінездеме   береді.   Суреткер   қаламы   бөгде

стильдік   элементтерді   таза   коммуникациялық   мақсатта   жұмсамай,

эстетикалық   қызметке   жеккен.   Жазушының   стиль   тезіне   түскен

(стилизацияланған)   мұндай   қолданыстары   өзге   сөздермен   тіл

табысып барып, шығарма тілінің керкемдік кестесін құрайды.

Көріктеуіш   тәсілдердің   Ғабит   Мүсіреповтің   қалам   өрнегіне   тән

небір   құнарлы   түрлері   бар.   Суреткердің   әдеби   тілдің   әр   стилінен

бояу   алып,   салған   өрнегі   де   шебер   жасалған,   сан   тарау   көркем

үлгілердің бірі. Осындай өрнек жазушының «Болашаққа аманат» деп

аталатын тарихи драмасынан да айқын байқалады. Драмадағы негізгі

тұлға – Сырым. Оқиғаның өрістер тұсындағы Сырымның ханмен сөз

кақтығысуы халық ұғымындағы тарихи Сырымның шешендігін еске

түсіреді.

«X а н – Тегі, бала жасынан би атанған Сырым қырықка жете бере

қартаяйын   деген-ау,   сірә!   Ханмен   жауласпаймын,   хандығымен


жауласамын   деген   сөз   бола   ма   екен?   Ханы   бар,   хандығы   жоқ   ел

болғанын қайдан естіп жүрсің?

С   ы   р   ы   м   –   Тегінде,   екінің   бірі   дұрыс   болар:   не   мен   кырыққа

жетпей   қартайған   болармын,   не   кейбіреулер   қырыққа   жеткенше

қырқынан шыға алмай қойған болар...»

Сырым   бейнесі   бұдан   әрі   қарай   да   осылайша   шешендік   тілмен

даралана түсуге тиіс тәрізді көрінеді. Бірақ оқушы күтпеген жерден

тіл   контрасына   тап   болады.   Жаңағыдай   ұтқыр   уәжбен   ұтымды

сөйлейтін   шешен   Сырымның   сөз   желісі   өзге   мәнерге   ауысып

отырады.


«Жер-су   мәселесі   әділетпен   шешілмеген   болса,   халық   кеңесі   өз

міндетін   атқара   алмаған   болар   еді...   Халық,   кеңесінің   кезекті

жиналысын   ашық   деп   жариялаймын...»  т.   б.   Біздіңше,   сөз   желісінің

бұлайша   өзгеріп   отыруының   өзіндік   көркем   шешімі   бар   тәрізді.

Бұдан   түйсінеріміз   –   жазушы   Сырымды   бастан   аяқ   ескі   бидің

мақамымен   сөйлете   бермейді.   Сырым   батыр,   шешен   ғана   емес,   ел

билеудің   ескі   тәсілі   –   хандыққа   қарсы   шыққан,   күрескен   халық

кеңесінің   төр   ағасы.   Әсіресе   ресми   сипаттағы   бөгде   стильдік

қолданыстар   кейіпкер   тіліне   ел   басқарудың   демократиялық   түріне

лайық   мазмұн   үстеп   тұрғанға   ұқсайды.   Жазушының   тіл   бояуы

осындай басты идеяға бағынған тәрізді.

Сөйлеу тілі фонында шешендікке тән сөз орамдары (...қара қанжар



қайраулы...,   ер   жүректің   шайылғаны,   ер   Сырымның   тайынғаны...,

...еркелеттің – уандым, жан серігім дедің – бұрын естімей жүргендей

қуандым...  т.   б.);   дипломатиялық   мәнердегі   сөз  ө р н е к т е р і

( Г у б е р н а тор   –   ...Ең   алдымен   халық   кеңесі   деген   ел   басқарудың

жаңа   түрін   тапқан,   Сырым   би,   сізді...;   ...сіздің   осындай   пікірді

аянбай   жақтаған   сіздің  халқыңызды   кұттықтаймын...   Бұдан   былай

Россия   халықтарының   арасында   достық   күшейе   беруіне   халық

өкіметі тізе қосар деп үміт етеміз. С ы р ы м – Рахмет, Барон мырза,

мен барлық халқымыздың атынан рахмет айтып, Сізді құттықтағым

келеді...  Сізге  деген   біздің   алғысымызды   да  ауызбен  айтып  жеткізу

маған   да   оңай   болып   тұрған   жоқ);   кейіпкер   тіліне   ескілік   сипат

үстейтін «гримдер» (улуғ мәртебелі; мархаматыңызға мауафих; Кіші

жүз   халықтарының   бахытына   уаһам   хурмет   уғиззатын

бағышланмыш)   т.  б.   стильдік   бояулар   контраст   тудырып,   шығарма

тілінің   көркемдік   сипатын   аша   түсуге   септігін   тигізіп   тұр.   Бояуы

бөтен, бөгде стильдік элементті жазушының сөзімтал қаламы сөйлеу

тіліне   жаңастырып,   «тірілтіп»   отырады  (шала   піскен   мәселе,   күйіп

тұрған мәселе т. б.).

Жазушы өзге стильдік элементтерді дайын күйде «көшіре» салмай,

қауызынан   айырып   барып   қолданады.   Сондықтан   бөгде   стильдік

элементтер   негізгі   қызметінде   ғана   (коммуникациялық   функцияда)



жұмсалмай,   эстетикалық   мәнге   ие   болғанда,   көркем   тіл   кестесіне

лайық   түрге  енеді.   Көркем   әдебиет   стилінің   ерекшелігіне   бағынып,

жазушы   идеясына   тәуелді   болады.   Ал   оларды   «шикізат»   күйінде

жұмсау шығарма тілінің көркемдік өрімін бұзады.

Стильдік   контраст   –   кейіпкер   тілін   даралаудың   бір   тәсілі.   Оның

айқын   көрінетін   жері   –   көркем   диалог.  Көркем   диалог   –   драманың

негізгі компоненті болса, ал прозалық шығарманың құрамдас бөлігі.

Сондықтан стильдік контраст тек драмалық туындыларда ғана емес,

көркем проза жанрында да кездесуі заңды. Көркем әңгімеде стильдік

контраст   жасай   білудің   әсері   айрықша.   Енді   жазушының   «Атақты

әнші Майра» әңгімесіндегі мынадай диалогты еске түсіріп көрейік:

— «Шешей! – деп бастады Е р ж а н   ( . . . . ) .

— Шешей,   біз   арнаулы   мемлекеттік   жұмыстармен   Орынбордан

Қерекуге келе жатқан студенттер едік. Ең алдымен...

Әйел оның сөзін бөліп жіберді.

— Бұл қонак түсетін үй емес, – деді үзілді-кесілді.

Ержан да бөгелген жоқ.

— Ең алдымен сіздің үйге кездескенімізге қуанып тұрмыз. Өйткені...

Оның қуанғанына әйелдің іші жібімеген екен.

— Қуанып   тұрғандай   бұл   үйде   не   нағашың,   не   жиеніңді   көріп   тұрған

жоқ шығарсыңдар! Қөз барда сол нағашыларыңды тауып алғандарың

дұрыс болар! – деп өзі шыққан есікті каттырақ жауып жіберді.

Ержанның   батылдығы   әлі   мойырылған   жоқ   екен.   Тағы   сөйлеп

кетті.


— Өйткені,   шешей,   Қазақстан   қызыл   тулы   ел   болып,   өзінің

экономикалық   байлығын,   ұлттық   рухани   байлықтарын   жаңа   жинап

жатқан   дәуірінде,   –   дей   берді   де,   тілі   байланғандай   окыс   токталып

қалды».


Сырт қарағанда, осы келтірілген микротексте мен мұндалап тұрған

«әшекей»   (автор   қаламына   тән   метафора   теңеу,  эпитет.   т.   б.)   жоқ,

бірақ   әсері   айрықша.   Ержан   үй   иесі   әйелдің   алдыңда   митинг

мінбесінде   тұрғандай   афоризммен   сөз   бастайды.   Асқақ   сөзбен   әсер

етем деуі еріксіз езу тартқызады. Егер Ержан жиында, топ алдында

дәл   осылай   сөйлесе,   әсері   езгеше   болып,   басқаша   эффект   тудырар

еді.   Өйткені   сөздің  «дағдылы»   ортада   қолданылуы   бар   да,   тосын

ортаға   тап   болуы   бар.   Егер  Мемлекеттік   жұмыстар...   Қазақстан



қызыл тулы ел болып, өзінің экономикалық, рухани байлықтарын жаңа

жинап жатқан дәуірде тәрізділер публицистика стилінде қолданылса,

онда   бұл   олардың   дағдылы   үйреншікті   ортасы   болар   еді.   Ал   бұл

тәрізді   патетикалық   тізбектердің   сөйлеу   тілі   ыңғайында   құрылған

көркем   диалогта   қолданылуы   –   сөздің   тосын   ортаға   тап   болуы.

Сөздердің,   сөз   тізбектерінің   стиль   сферасын   ауыстырып,   стильдік

бүтін ретінде осылайша «бөтен» ортада «жерсіндіре» отырып, нәзік



юмор жасауы – суреткер қаламына тән ерекшеліктің бірі. Осылайша

«сөз   жезін   алтындай   қылып   келістіру»   нағыз   қаламгер   болмаса,

екінің бірінің қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Сонымен, сөздің бөтен

ортада   тосын   жұмсалуы   айрықша   эмоция   тудырады.   Сөздің

экспрессиялық   қуатын   арттырады.   Суреткер   қаламы   сөздің

жайшылықта көрінбейтін отын тұтандырады.

Бөгде   стильдік   элементтерді   белгілі   бір   мақсатқа   орай   әдейі

жұмсап,   стильдік   бояуларды   «дәл»   бере   білсе,   көркем   шығарма

тілінің   жарасымы   арта   түседі.   Жазушы   сөздердің   стильдік

нақышында   болатын   небір   нәзік   бояуларды   сөзе   білуге   тиіс.   Сонда

ғана   бұл   тәсіл   керкемдік   сипатқа   ие   болып,   шығарма   тіліне

тартылған   жаңа   желідей   көрінеді.   Ал   әр   түрлі   стильдердің   парқын

ажыратпай,   әйтеуір   осылай   екен   деген   желеумен   көркем   әдебиет

тілінде   қолдана   беру   автордың   тіл   түйсігінің   темендігін   көрсетеді.

Әдеби тілдің жүйеге түскен стильдік нормасымен санаспай, әр басқа

стильдік   элементтерді   көркем   шығарма   тілінде   мақсатсыз

араластырып   жіберу   эклектизм   деп   аталады.   Тіл   бояуы   бұзылған

ондай   шығарма   өмірдің,   шындықтың   көркем   суретін   дұрыс   бере

алмайды.

Жоғарыда айтылғандарға қарағанда, тіл әсерлілігі жеке сөздер мен

сөйлемдер   төңірегіндегі   әңгімедей   көрінуі   мүмкін.   Сөз   әсерлілігі,

шындығында,   сөз,   текст   (абзац),   тарау,   бөлім,   тіпті   шығарманың

өзіне   тұтастай   қатысты.   Текстен   белгілі   бір   сөйлемді   «үзіп»   алып

мұнда   бейнелеуіш,   көріктеуіш   тәсілдер   жоқ   деп   мансұқ   етуге   әсте

болмайды.   Текстің   ондай   «айшықсыз»   тұсы   өзге   де   қасиетімен

әсерлі   шығып   жатуы   да   ықтимал.   Шығарманың   кейбір

бөлшектерінде айшықты қолданыстардың әр түрі (метафора, эпитет,

теңеу, синтаксистік параллелизмдер, антитеза т. б.) кездесіп отырса,

сондай-ақ   бейнелеуіш   тәсілдердің   дәстүрлі   не   төлтума   түрлерінен

қаға   беріс   тұратын   тұстары   да   ұшырауы   мүмкін.   Соған   қарап

шығарманың ана жері әсерлі, мына тұсы әсерсіз деуге де болмайды.

Ғ. Мүсіреповтің «Болашаққа аманат» драмасында небір айшықты сөз

үлгілерін   ұшырата   отырып,   сонымен   бірге   мына   тәрізді   әшекейсіз,

әдеттегідей сөз өрімдерін де кездестіресіз.

«Б ө к е й – Сырым аға, мен де хан боламын ба?

С ы р ы м – Боласың, кезегің келгенде.

Б ө к е й – Онда мен сіздің ауылға хан болайын, жарай ма?

С ы р ы м – Е, болсаң бола ғой.

Б ө к е й   –  Сіздің атыңызды суарып жүрейін. Қолыңызға су құйып

жүрейін.


С ы р ы м – Бәрекелді, жақсы хан болады екенсің...».

Шындығында, жазушы эпитет, теңеу, метафораларды т. б. шектен

тыс көбейте берсе, сөз бояуы аса  қоюлап, ондай шығарма тілі тым


«тәтті»   көрінер   еді.   Ал   жайшылықта   айтылатын   әдеттегідей   сөз

өрімдері шығарма тілінің «қанттылығын» азайтуға септігін тигізеді.

Сөздің шығармада образды жұмсалуы бар да, шығарманың жалпы

образды   болуы   бар.   Бейнелеуіш,   көріктеуіш   тәсілдер,   стильдік

қолданыстар   аркылы   сөз   образды   қасиетке   ие   болады   да,   бұлар

қарапайымдылығымен баурап отыратын әдеттегідей қолданыстармен

ұштасып   жатады.   Осылардың   бәрі   бір-бірімен   ұласа   келуінен

шығарма тілі тұтастай эсерлі көрінеді.

Тіл (сөз) әсерлілігі тек бейнелеуіш, көріктеуіш элементтерде ғана

деп   ұғынған   кейбір   автордың   кейіпкерлері   шешенсіп,   суырыла

сөйлеп тұрады. Бастан аяқ сөз жарқылына құрылған ондай шығарма

оқушысын мезі етеді.

«Темірді   –   от,   адамды   сөз   балқытады».   Айтарлықтай   айшықты

болмаса   да,   тыңдаушысын   тәнті   ететін   қарапайым   кейбір   сөздер

адамды баурап отырады. Ондай сөздің кұдіреті айтылған ойдың аса

мәнділігі,   өзгеше   нанымдылығы,   алақанда   жатқандай

айқындылығында болса керек.

Табиғат   қорғау   жайында   өткен   үлкен   жиналысқа   қатысқан

журналист   қарапайым   орманшының   мына   сөзін   орынды   келтірген:

«Орман   үшін   өрттен   үлкен   қатер   жоқ.   Бір   ағаштан   миллион   тал

сіріңке шиін жасауға болады, ал бір тал ши – миллион ағашты құрта

алады»;   «Тайгадағы   алтыннан   бұғының   миллион   мүсініп   құюға

болады. Бірақ соның бәрінен бірде-бір адам бір ғана тірі бұғы жасап

бере алмайды» (газеттен).

Дәлелді, мазмұнды айтылған осындай қарапайым сөздің оқушысы

мен тыңдаушысына тигізер әсері өзгеше.

«Тіл әрқашан қырналып, мінеліп, өңделіп  отыруға тиіс. Бұл үшін

ол халықтан жазушы  мен филологқа өтіп, ал олардың қалам тезінен

шыққан  сон, халықтың өзіне  қайта   келіп,  жалпы  халықтық  игілікке

айналуы   керек»   (В.   Гумбольдт).   Осы   айтылғанға   қарағанда,   көркем

әдебиеттің   небір   озық   үлгілерінен   оқушы   идеялық   тәрбие,

эстетикалық   нәр   алып   қоймайды,   одан   тіл   жұмсаудың   қыры   мен

сырын   да   үйренеді.   Сондықтан   сөз   әсерлілігі   жайында   әңгіме   бола

қалса, көбіне сөз желісі көркем әдебиет тілі мәселелерімен ұштасып

жатады.

Көркем әдебиет  тілінде  жұмсалатын  метафора, эпитет,  теңеу, сөз



мағыналарын ауыс мәнде құбылта қолдану т. б. ертеден келе жатқан

көріктеуіш тәсілдер. Сөз кестелеудің бұл тәрізді дәстүрлі түрлерінің

ауыз әдебиеті, байырғы әдеби тіл мұраларында жаңа әдеби тілімізде

жасалған небір айшықты, классикалық үлгілері бар. Көріктеу қуаты

мол,   қолданылу   мүмкіндігі   шексіз   мұндай   өміршең,   дәстүрлі

тәсілмен қатар, сондай-ақ соңғы жылдары әдеби процестерде пайда

болған,   көркемдік   қолданыста   кеңінен   пайдаланыла   бастаған


тәсілдер   де   бар.   Олар   әдеби   тілдің   стильдік   салаларының   саралана

түсуіне орай дүниеге келді.

Коғамдық   қызметінің   өрістей   түсуіне   байланысты   әдеби   тіліміз

көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ғылыми стиль, ресми

стиль делініп, стильдік арналары саралана түсті. Осы процесс жаңа

бір   көркем   тәсілдің   пайда   болып,   көркем   үлгі   ретінде   сөз

шеберлерінің   қаламында   өңделе   түсуіне   бірден-бір   себеп   болды.

Көркем әдебиет тіліне тән тіл ресурстарын (экспрессиялы-эмоциялы

сөздер,   эстетикалық   мәндегі  образды   қолданыстар,   фразеологиялық

тіркестер, мақал-мәтелдер т. б.) , көріктеуіш тәсілдің дәстүрлі

үлгілерін асқан шеберлікпен қолдана отырып, әйгілі қаламгерлеріміз

өзге де функциональдық стильдерден тіл бояуынын соны түрін, сөз

өрнектерінің жаңа нақышын тапты.

СӨЗ ӘДЕБІ

(тіл этикеті)

Жақсы сөз – жарым ырыс.

Халық  мәтелі.

Адам   баласы   белгілі   бір   қоғамда   бірлесіп   өмір   сүріп,   бірлесіп

еңбек   етеді.   Қандай   да   болмасын   қоғамның   көпшілік   қабылдаған

әдет-ғұрып, қарым-қатынас жасау дәстүрі болады. Адамдардың бір-

бірімен   араластығы   сол   қағидаға   негізделеді.   Одан   ауытқу   өзара

қалыптасқан қарым-қатынасқа қаяу түсіруі мүмкін. Сондықтан әркім

белгілі   қоғамның   бір   мүшесі   ретінде,   көпшілікке   аян   дәстүрлі

қағидалар мен әдет-ғұрыптарды құрметтеп отыруға тиіс.

Адамдардың   өзара   қарым-қатынасы   алдымен   тіл   арқылы   жүзеге

асады. Тіл пікір алысу құралы ретінде адамның тек ойын ғана емес,

сөзімін де білдіреді. Сөйлеудегі ізет, құрмет, сыпайыгершілік кісінің

сөзіміне   әсер   етеді.   Өмірде   жиі   қолданылатын   амандасу,  қоштасу,

ризалық білдіру, кешірім сұрау, құттықтау, көңіл айту... т. б. сөйлеу

этикеті деген ұғымға саяды. Адамдардың дидарласуына, ең алдымен,

дәнекер болатын да – осылар. Туған-туысқан, жора-жолдас, тамыр-

таныстармен кездескенде – амандасу, кетерде – коштасу қаншалықты

дәстүрлі   әдетке   айналса,   біреудің   қуанышына,   қайғы-қасіретіне

ортақтасу соншалықты табиғи да. Адамның жанына жағымды, жылы

сөздер   оның   көңіл   күйінің   пернесі   сияқты.   Жылуы   мол,   жан

жадыратар шуақты сөздің мағынасын «сіз деген – сөздің сынығы, сен

деген – сөздің анығы» деген қазақ мақалы да аңғартса керек.

Сөйлеу этикетінің өзіне тән нормалары мен ерекшеліктері болады.

Оған   жете   мән   бермесек,  жылы   шырай,   жақсы   қарым-катынасқа

жарықшақ түседі.



Күнделікті   қарым-қатынас   жасауда   сөз   әдебін,   сөйлеу   этикетін

сақтап   жүрміз   бе?   Елемей-ескермей   жүргендеріміз   бар   ма?   Бүгінгі

күннің талабына лайык жандандыра түсетін түрлері жоқ па?

Байыптап   қарасақ,   сөйлеу   этикеті,   сөз   әдебі   жайында   әңгіме

қозғауға түрткі болар жайттар аз емес тәрізді. Жақсы сөз де жарық

сәуле   сияқты   айналаға   жылылық   сеуіп,   көңілді   қуанышқа   бөлейді.

Адамдардың ынтымағын күшейтеді. Коллективте дәстүрге айналған

ізетті сөз, сыпайы мінез еңбек өнімділігіне де әсер етпей қоймайды.

Сөз   арасында   қолданылатын  кешіріңіз,   ғафу   етіңіз,   мүмкін   болса,

қажет   деп   тапсаңыз,   рұқсат   етсеңіз,   мақұл   көрсеңіз,   лайық   деп

қарасаңыз, қалауыңыз білсін  т. б. сөздер елеусіздеу керінгенмен, тілге

сыпайылық үстеп, ізеттілікті білдіреді. Мұндай майда сөздер үлкенге

де, кішіге де жарасымды болып, адамның кішіпейілділігін білдіреді.

Естіген құлаққа майдай жағады.



Шырағым, қарағым, шырақ, қарындас, інішек, ағай, апай, атай, әжей

тәрізді   қаратпа   сөздер   үлкен   мен   кішінің   арасындағы   ілтипатты

білдіреді. Тәрбиелі адамның  сіз  бен  сен  сөзінің жұмсалу дәстүрінен

жөнсіз ауытқымайтыны да этикет сақтауға жатады.

Сөйлеу   этикетіне   жататын   сөздердің   тілімізде   сан   алуан   түрлері

бар.   Тіл   жұмсау   дағдымызда   мұндай   сөздерді   жиі   қолданамыз.

Сондықтан болар, бұл сөздер тілімізге еш қиындықсыз орала кететін

оп-оңай   нәрседей   көрінеді.   Мәселен,   амандық   сұрасудың   еш

қиындығы   жоқ   тәрізді  (Сәлеметсіз   бе?...   Аман-есенсіз   бе?,   Армысыз!

Сәлем бердік! Ассалаумағалайкум! Кеш жарық т. б.).

Алайда,   бұлардың   толып   жатқан   түрлері,   синонимдері,

варианттары бар. Сондықтан оларды талғап, таңдап қолдануға тура

келеді.   Олардан   туатын   ерекшеліктерге   мән   бермесек,   онда   сөз

қолданысымызда еш мүкістік жоқ деп айта алмаймыз.

Амандық сұрасу – тұрмыста жиі айтылатын, құлаққа жиі естілетін

сөздеріміз.   Бірақ   бұлардағы   мағыналық,   стильдік   реңк   оларды

талғап,   таңдап   өз   орайында,   өз   орнында   қолдануды   қажет   етеді.

Мысалы,  Сәлеметсіз   бе?  деп   амандасу   үлкен-кішіге,   таныс-

бейтанысқа,   ресми   жағдайда   да,   еркін   жағдайда   да   қолданыла

беретінін байқасақ, ал Ассалаумағалайкум!  деп амандасуды ауылдағы

кейбір жасы үлкен ақсақалдар ұнатып тұрады.

Әжелеріміз бен апаларымызға бұлай амандасу қолайсыз жағдайға

душар қылады. Немесе мектеп шәкірті ұстазымен Сәлеметсіз бе? деп

сыпайы   сәлемдеседі.   Міне,   бұл   тәрізді   ерекшелік   амандасуға

жататын   этикет   сөздерде   мағына,   стильдік   өзгешеліктермен   қоса

әлеуметтік   сипат   барын   аңғартады.   Ал   кішінің   үлкендерге  Сәлем

бердік!  деп   қолын   ербеңдетуі,   не   жүрдім-бардым   амандасуы   тым

әдепсіздікке жатады.



Мұндайда   амандық   сұрасудың   қарапайым   этикеті   бұзылады.

Әрине,   сәлемдесу,   амандасу   адамның   бойындағы   сыпайы   мінез,

ізеттілікпен астасып жатса жарасымды шығады. М. Әуезовтің өзіміз

сүйіп   оқитын   «Абай   жолы»   романынан   мынадай   екі   эпизодты   еске

түсірейікші.

«Абай   тоқтаған   қалпында   бойын   тез   жиып,   аттылардың   алдына

жұмысы бар кісідей кәлденеңдеп көп, тосып тұрды. Аттылар мұның

қозғалысын   оқыс   көрді   ме   немесе   таныды   ма,   аттарын   баяу

бастыра бастап, жақындап тұстас келді.

Сол   уақытта   Абай   үлкен   ыкылас   білдіріп,   айрықша   бір

тағзыммен төсін басып, катты дауыстап:

— Ассалаумағалайкум.!.. деп сәлем берді...

Өзге   қазақтан   бөлек,   мына   сияқты,   бір   алуан   сыпайылыққа

Бөжей оң назарын салды білем... атының басын тежей беріп:

— Уағалайкумәссалам, балам!... – деп тоқтай қалды».

Осылайша   кішінің   әдеп   сақтап,   үлкенге   ықылас   қоя   берген

сәлемі   әрдайым   оның   кішіпейілділігін   көрсетіп,   тәрбие-

парасатын аңғартып тұрады.

Ал   сыпайылықтан   алыс   жатқан   даңғаза   амандықты   сәлем

алушылар салғырт қабылдайды.

«Енді   біразда   ауыз   үйдің   есігі   ашылып,   қолына   қамшы

ұстаған,   бет-аузын   қырау   басқан,   табанының   қары   шақыр-

шұқыр   еткен,   аяздаған   бір   жолаушы   кіріп   келеді   екен.   Ол   кіре

бере:


— Ассалаумағалайкум!   –   деп,   мәжіліске   даурыға   сәлем   берді.

Отырған   жұрт   бұның   сәлемін   тосырқай,   жақтырмай,   ақырын

алды».

Сәлем   –   сөздің   анасы.   Жылы   кейіп,   жақсы   сөз   алдымен



амандық-саулықтан басталады.

Сәлемдесу,  амандық   сұрасу   сөздерінің   бірнеше   синонимі   бар

екендігі   айтылды.   Алайда   тілдің   осындай   оралымды

мүмкіндігін   кейбіреуіміз   үнемі   ескере   бермейтін   тәріздіміз.

Кейде   сәлем   алушы   басқа   сөз   таппағандай   сәлем   берушіні

қайталап   жатады. Сәлеметсіз бе?  деп   амандасқан   адамға   оның   өз

сөзін қайталап Сәлеметсіз (бе)? деуден гөрі «Аман-есенсіз бе?»..  деп

жауап қату жарасымды болар еді.

Сөйлеу   этикетіне   жататын   сөздердің   бірі   қоштасуға   қатысты

сөз   легі:  Сау   болыңыз,   қош   болып   тұрыңыз,   келесі   кездескенше,



көріскенше   күн   жақсы,   жайлы   жатып,   жақсы   тұрыңыз,   жолыңыз

болсын,   сапар  сәтті  болсын  т.   б.   Ситуацияға   орай   қолданылатын

мұндай   сөздерде   де   мағыналық   ренк,   айырма   бар.   Мәселен,

бүгін-ертең   немесе   таяу   күнде   кездесетін,   хабарласатын

қызметтес адаммен көріскенше күн жақсы, аман барып, сау қайтыңыз!



деп   коштаспайтынымыз   белгілі.   Ал   алыс   жол,   ұзақ   сапарға

аттанып   бара   жатқан   танысымызға   сау   болыңыз!  деп   қана   қою

салғырттықты   білдіреді,   сондықтан   мұндайда   сапар   сәтті

болсын!, жолыңыз болсын!  тәрізді   эмоция,   экспрессиясы   басымдау

сөз орамдарын қолданамыз.

Тіпті  сапар   сәтті  болсын   мен  жолың   болсын  дегеннің   өзінде

елеулі   айырма   барын   сөз   мәдениетіне   жанашыр   жазушымыздың

бірі   өте   орынды   көрсеткен:   «Алматыдан   тоғыз   тарау   жол

шығады.   Солардың   бәрінің   жағасында   «Сәтті   сапар!»   деген   игі

тілекті жазулар тұрады. Бұл – соның қатарындағы «Счастливого

путидің»   аудармасы.   Дәлме-дәл   тәржіма.   Түсінікті   болғанмен,

қазақша   емес.   Халқымыз   жолаушыға  «Жолың болсын!»  деуші   еді.

«Сапарың сәтті болсын!»  деуге   де   болады.   Тек   мынаны   еске   түту

керек:   жолаушылап   кайту   мен   сапарға   шығу   бір   емес.   «Сапар

жолы   –   қиын   жол»   дейтін   мәтел   тегін   айтылмаған.   Бірақ   әлгі

тақтайларды   жол   бойына   орнатқан   жолдастардың   оны

ажыратарлық   шамасы   болмаған   шығар.   Ал   қолына   қалам   ұстап,

газет-журнал   бетінде   бірді-екілі   мақала   жариялап   жүрген,   яки

жазсам   деп   талаптанып   жүрген   адам   мойынға   бұлардан   гері

үлкенірек жауапкершілік алуға тиіс» (газеттен).

Сәлемдесу,   қоштасуға   байланысты   сөздер   тілімізде   мол

болғанымен,   олардың   әрқайсының   жұмсалу   аясы,   қолданылатын

орны   бар   екен.   Сөйлеу   мәдениетіне   ысылған   адам   ондай

ерекшеліктерді аңғара отырып, олардың жігін тауып қолданады.

Сөйлеу   этикетіне   жататын   эмоция,   экспрессияға   аса   бай   сөз

легінің бірі – кұттықтауға қатысты сөздер. Қазіргі өмірімізде қуаныш

дара   сипатты   емес,   коғамдық   мәні   бар.   Қызметтес   адамның

қуанышты   жүзі   айналасын   жақсы   әсерге   бөлеп,   көңілін   көтереді.

Ондай адамның қуанышына әрдайым ортақтасып, ықылас тілегіңізді

білдіресіз.   Әсіресе   жасы   үлкен   кісілерден   небір   сөз   асылын   естуге

болады.   Олар   үйленген   жастарға   «Қосағыңмен қоса ағар!», «Босағаң

берік,   шаңырағың   биік   болсын!»,   «Қадамдарыңа   гүл   бітсін»,   «Н ұ р

жаусын!»  деп   ақ   тілеу,   адал   ниеттерін   білдіріп   жатады.   Шын

көңілден шыққан сөз жүрек тебірентеді.

Алайда аузымыздан шыққан құттықтау сөздің бәрі бірдей жүрекке

жол тауып, жарасымды шығып жата  ма?  Көбімізге белгілі мынадай

оқиғаға   назар   аударайықшы.   Өзімізге   жақсы   таныс   ата-аналардың

бірі   тұңғышының   мектеп   табалдырығын   аттағанын   қызық   көріп,

көңіл   жақын   жора-жолдастарын   шақырып,   сәбидің   тілашар   тойын

жасайды. Мұндайда қуанышқа жиналған жұрт құтты болсын айтып,

тәтті   тілек,   ыстық   ықыластарын   білдіретіні   сөзсіз.   Алайда   тойға

келген   жастардың   бір   алуаны   сәбиді  Мектепке   баруыңмен!  деп

құттықтап жатты. Мағына үйлесімі жоқ, әсер, реңнен жұрдай мұндай


күрмеулі   құттықтау   сәби   жүрегіне   жетті   ме   екен   деп   күдіктенесіз.

Осылайша   көңілге   күмән   үялап   тұрғанда:  Қадамың құтты,  болсын,



құлыным!  деп,   жүзі   балбұл   жанған   немересінің   маңдайынан   иіскеп

айтқан ақ жаркын әже сөзі бәрінен де мейірімді естілді.

Алыс   жол,   ұзақ   сапардан   келген,   кезекті   демалысынан   оралған

жора-жолдас,   қызметтес   әріптестерімізбен   қауышып,   қуаныш

білдіріп,   көнілін   аулаймыз.   Мұндайда   кейбіріміз  Келуіңізбен!  деп

құттықтауды   дағдыға   айналдырдық.   Әрине,   қызметтес   жора-

жолдастардың   көңілін   көтеріп,   жақсы   әсер   қалдыру   өте   орынды.

Қерек   десеңіз,   мәдениетті   адам   үшін   аса   қажет   дәстүр.   Алайда



Келуіңізбен!  деп   үйлесімі   жоқ   емеурін   білдіру   осы   ниетімізбен

қабысып   жата   ма?   Ал   ата   буын,   тілге   ысылған   адамның   сөз

қолданысына ден қойсақ, мұндай жасанды сөзден гөрі Ат-көлік аман

ба, аман-есен келдің бе?, Аман барып, сау қайттыңыз ба? т.  т. тәрізді

тігісі жатық, дәстүрлі сөз орамдарын тұтынатынын байқаймыз.

Құттықтау сөздер экспрессия, эмоцияға бай болса, сөздің де әсерлі

болатыны белгілі. Кейде сөздердің қолдану аясын саралай білмесек,

ондай әсерді әлсіретіп аламыз. Мәселен, өзіңіз қадірлейтін қарияны

Пенсияға   шығуыңызбен!  деп   құттықтамас   едіңіз.   Себебі   мұндай   сөз

орамының (пенсияға шығу сөзінің) көбіне ресми стильде, іс-қағаздары

тілінде   қолданылатынын   сөзінесіз.   Сөзіңіз   бейтарап   шықпас   үшін

Құрметті демалысыңыз құтты болсын! тәрізді еркін сөз орамдарының

бірін   талғайсыз.  Пенсия  сөзін  құрметті демалыс  деп   атап,   сөзіңізге

жағымды рең үстейсіз. Бұл – өте орынды талап. Өйткені құттықтау

сөзіне   аса   қажет   эмоция,   экспрессиясыз   сөз   тосын   құлаққа

салқындау естілуі мүмкін.

Алайда   эмоция-экспрессиялық   әсерге   бай   екен   деп   сөздерді

талғаусыз кез келген жерде қолдана беруге тағы болмайтыны белгілі.

Екі   бүктеліп   еңкейіп   отырмаса   да,   кей   ерлі-зайыпты   жас   жұбайлар

бірін-бірі  шал!,   кемпір!  деп   отырады.  Шалың   келді   ме?   Кемпірің

қайда? тәрізділерді әзілі жарасқан құрбылардың айтып отырғанын да

ара-тұра   естіп   қаласыз.   Мұндай   сөздерді   қолдану   кейбіреуге   тіпті

тұрпайы   көрінеді.   Әрине,   «мына   сөзді   айт,  мына   сөзді   айтпа»,   деп,

біреудің   аузына   біреу   қақпақ   бола   алмайды.   Мұндай   сөздерді   егер

қатар-құрбы,   ерлі-зайыптылар   өрескел   көрмесе,   кемсіту   деп

түсінбесе,   өзара   ғана   қолдана   беруіне   болатын   да   сияқты.   Ал

бейтаныс ортада, үлкен-кіші аралас отырыста, қоғамдық орындарда

әлгідей   «іш   тарта»   айтылған   сөзді   араластырып   сөйлеу   жағымсыз

эмоция   тудырады.   Ондайды   үлкенді   сыйламағандық,   кішіні

елемегендік   деп   түсінеді.   Осы   тәрізді   бір   алуан   этикет   сөздер

ортамен есептесіп, санасып отыруды талап етеді.

Егер   шындыққа   жүгініп,   өткенге   кез   салсақ,   «мықтылар

қауымынан»   гөрі   әйелдер   ізетті   ме   деп   қаласыз.   Өйткені   олар


еркектер   тәрізді  Әй,   пәленше!,   Әй,   түгенше!  деп,   зайыбының   атын

атап,  Әй-ді  қосақтап айтуға  ауыздары бармайды.  Болаттың көкесі-



ау!,  Асқардың әкесі-ау!  Біздің  үйдегі  кісі  деп  сыпайы  үнмен  сынық

сейлеп   отырады.   Бұлайша   атауға   бұрынғы   замандағы   әлеуметтік

теңсіздік мәжбүр еткен. Сондықтан болар, әйелін жек керіп айтпаса

да, біразға дейін еркектер «әй» деп сейлеуге әдеттеніп кеткен. Дөрекі

біреу болмаса қазіргі кезде «әй»-ді ешкім айта қоймайды. «Әй»-дің

заманы алыстаған. Қазіргі заманда ерлі-зайыптылар бірін-бірі қалай

атаймын   десе   өз   еркі.   Сондықтан   да   болу   керек,   отбасында

отырғанның   өзінде   кейбіреулер   бірінің   атын   бірі   «паспорттағыдай»

атап   отырады.   Дегенмен   ынтымағы   жарасқан   отбасының   өз

этикетінің болуы жарасымды емес  пе? «Жаным десе, жан семіреді»

дегендей   ерлі-зайыптылар   бірінің   атын   бірі   тура   атап,   «пәленше»,

«түгенше»  дегеннен  гөрі,   сыпайылықпен  іш  тарта   атаса  несі   айып?

Ондай   жылы   шырай,   сыпайы   рең   үстейтін   тәсіл   тілімізде   бар   ма?

Ерлі-зайыптылар бірін-бірі қалай атағаны жөн?

Мысалды   алыстан   іздемей-ақ   қояйық.   Сонау   соғыс   жылдарында

майдангерлердің   зайыбымен   жазысқан   хаттарын   еске   түсірейікші.

Сәлем   хаттағы  «Дүйсенжан,   Сейсентай,   Бейсеш,   Майраш,

Жамалжан,   Жұмажан»  тәрізді   ыстық   сөз   солдаттың   сарғайған

сағынышы іспетті емес пе?

Сыйластығы   мол,   тату-тәтті   кейбір   ерлі-зайыптылар   осындай

түрде Сәулені – Сәулеш, Нұрбекті – Нұржан т. б. деп атайды.

Кейбіріміз   қолдансақ   та,   кейбіріміз   елей   бермейтін   мұндай

жаңамалап   атауды   от   басының   әдебіне   айналдырсақ,   сыйласымға

сыпайылық үстемей ме? Оның үстіне кісі есімін бұлайша жаңамалап

атау   –   атты   бүрмалау   емес.   Халық   дәстүрінде   баланы   кішкене

кезінен еркелетігі атау дағдысы бар. Осындайдан барып Құдайберген

– Құдыш, Тәңірберген – Тәкен, Әбдірахман – Әбіш, Еламан – Елен,

Сәдуақас   –   Сәкен,   Сақыпжамал   –   Сақыш  болып,   дербес   есімге

айналғаны көбіміздің қаперімізге келе бермейді.



Дәулетбекті – Дәулет, Нұрғалымды – Ғалым, Әміртайды – Әмір,

Ақбаянды   –   Баян,   Айманкүлді   –   Айман,   Ақжамалды   –   Жамал   деп

атау  да   есімді   ықшамдап,   эмоциялық   өң   дарыту   мақсатынан   пайда

болған.   Ал   дербес   есімге   айналған   соң,   бұлардың   эмоция,

экспрессиялық   реңі  солғын   тартады.   Алайда   мұндай   есімдерді



Құдышжан,   Тәкентай,   Сақыштай  деп,   «жан»,   «тай»   тәрізді

тұлғалармен   түрлендіріп   отырса,   сөздің.   шырайы   ашылып,   эмоция-

экспрессиялық рең қайта жаңғырып, құбыла түседі.

Халық дәстүрінде жақсы ниет, адал тілеулестікті білдіретін этикет

қаншама?! Олардың қазіргі тіл қолданысымызда жандандыра түсуге

болатын түрлері де аз емес.



Әскер   қатарында   болып,   азаматтық   борышын   абыроймен   өтеп

келген   баласын,   ұзақ   жыл   сыртта   жүріп   оқудан   келген   ұл-қызын

көргенде, ата-ананың қуанышында шек болмайды. Ондайда тілеулес

адамдар Балаң келіп, көзайым болдың ба?  деп қуанышқа ортақтасады.

Бұлайша жақсы ниет танытып, көңіл көтере түсу үлкенге де, кішіге

де лайық.

Егер   халық   тілі   байлығына   зер   салып,   зейін   қойсақ,   бұл   тәрізді

алуан түрлі сөз орамын кездестіреміз. Бірак, амал не, бұлардың көбі

жастардың   сөйлеу   дағдысына   енбей,   елеусіз   қалып   бара   ма   деп

күдіктенесіз.

Этикет сөздің молдығынан ешбір тіл зиян көріп, зардап шекпейді.

Ондай   сөз   орамдарының   елеусіз   жүргендерін   ескеріп,   ескісін

жаңғыртып   отырсақ,   сөйлеу   этикетін   байытып,   бояу   нақышын

құбылта түсеріміз сөзсіз.

Қырман   басына   келген   қария   сөз   сабақтамастан   бұрын  Қырман

тасысын!,   Қызыл   көбейсін!,   Дик,ан   дарысын!  дейді.   Бұйымтайын,

шаруа жайын қозғамас бұрын шопанға Бағар көбейсін!, Қөгенің қозылы



болсын!  деп, алдымен жаксы тілегін аңғартып алады. Мұндай этикет

әдептілікті,   сыпайылықты   аңғартумен   қоса,   тілге   тиек   те   болады.

Ақжарқын   кейіпті   танытып,   жақсы   ұғынысуға   жол   ашады.   Осы

тәрізді тілек бүгінгі күннің мүддесіне де үйлесімді, заманымызға сай

келеді. Малшы болсын, дикан болсын халық дәулеті үшін еңбек етіп,

молшылық   үшін   күресіп   жатыр.   Олардың   еңбегін   дәріптеп,

жақсылықка   балап   айтылған   сөз   еңбек   адамының   мерейін   өсіреді.

«Өз көңіліңді көтерем десең, өзгені де көңілдендіре біл» деген Марк

Твеннің ұтқыр сөзі осы орайда еске түседі.

Алайда   диканға   жақсы   ниет   аңғартам   деп   кейбіреулер  Жаңбыр



тілеймін!,   Ашық   аспан   тілеймін!  тәрізді   жасанды   сөзге   бой   ұрады:

«Ендеше   қош   бол,   қарағым!   Үш   жарым   апта   бойына   шүйке   бұлтсыз

ашық   аспан   тілеймін»  (газеттен).   Мағына   –   сөздің   жаны.   Сөзді

бұлайша   қолдану   жанынан   айырып,   сүлдесін   қалдырумен   бірдей.

Егер   тілде   барды   елеп,   ескеріп   отырсақ,   әлгіндей   сөздің   орнына

«Нұр  жаусын!», «Күніңіз ашық, күзіңіз жайдары болсын!»  тәрізді   сөз

орамдарының бірін қолдануға болмас па еді?

Уақыт   өткен   сайын   кей   дәстүр   ескіріп,   жаңасы   өмірден   орын

тебеді.   Алайда   ескі   дәстүрдің   бүгінгі   күнге   қажеті   жоқ   деп   бәріне

теріс   қарауға   болмайтыны   белгілі.   Жаңа   заманға   орай   олардың   да

жаңа мазмұн, жаңа сипат алатындары болады. Заман талабына лайық

өміршең дәстүрді таңдай біліп, жаңа мазмұн үстеу рухани өмірге нәр

береді.


Халық   арасында   ертеден   тараған   бата   беру   дәстүрі   бар.   Жасы

үлкен   кей   адамдар   дәмнен   соң   дастарқан   қайырып,   бата   береді.

Жақсы ниет білдіреді. Бірақ сөз арасында үйренген дағды бойынша


Тәңір   жарылқасын,   құдай   тілеуіңді   берсін  тәрізділерді   қосып   қояды.

Сондықтан   ба,   кейбіріміз   мұндай   дәстүрді   қалай

кабылдайтынымызды   білмей   дағдарып   қаламыз.   Мұндай   сөз

орамдарының мазмұны қазіргі заманымызға үйлеспейтіндігі белгілі.

Бірак   ондай   діни   орамдардың   орнын  еңбекте   табысты,   өмірде

бақытты бол  дейтін айшықты сөз өрнегімен толтыруға қазақ тілінің

қуаты әбден-ақ жетеді. Заманға лайық батаға жаңа мазмұн үстеп, үй-

иесінің дәм-тұзына алғыс білдіріп, риза көңілмен тілек айту этикетке

айналса, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз.

«Әр   елдің  заңы   басқа»   демекші,  бір   елде   бар   этикет   екінші  елде

кездесе   бермейді.   Бір   тілден   екінші   тілге   сөз   ауысуы   тәрізді,   бір

халықтан   екінші   халыққа   этикет   ауысуы   да   мүмкін.   Қандай   халық

болмасын,   өзінде   жоқты   өзгеден   алып,   өз   топырағында   жерсіндіре

біледі. Кейде жаңаны жатсынбасақ та, дәстүрде жоқ нәрсе тосындау

көрінуі мүмкін.

Көптеген мәдениетті елде дәм алып отырған адамға тілек білдіру

дәстүрі   бар.   Соның   әсері   болу   керек,   тамақ   ішіп   отырған   танысын

көргенде,   кей   адам  Ас дәмді болсын, тағам тәтті болсын, тәбетіңіз

ашылсын  тәрізді   тілектер   айтып,   шүйіркелесіп   жатады.   Ал

қайсыбіреулері   «қазақтың   онсыз   да   тәбеті   мықты   ғой»   деп,   мұндай

тілек білдіруді таңсық көрмейді. Ондай тілек айту дәстүрде жоқ деп

біледі. Бірақ қазіргі кезде ел мен елдің, халық пен халықтың қарым-

қатынасы,   мәдени   байланысы   ерістеп   отырған   заманда   көркем

шығармаларда   кездесетін   бұл   тәрізді   этикет   сөздерді   бәрі-бір   ана

тілімізге   аударуға   тура   келмей   ме?   Олай   болса,   жұмған   аузымызды

ашпай,   үн-түнсіз   қалғаннан   гөрі   дәм   татып   отырған   танысымызға

ілтипат   білдіріп,   құрмет   көрсетуді   этикетке   айналдырудың   ерсілігі

жоқ.


Оқушылар,   студенттер   қадірмен   ұстаздарына   қарап  ағай,   апай

деген   сөздерді   көп   қолданады.   Бұлар   аты-жөнің   білмеген   кісіге

айтылатын  ресми   қаратпа   сөз   сияқтанып   кетті.   Халқымызда   тағы

сондай   құрмет   нышаны   ретінде   ер   аттарының   басқы   буындарын

қысқартып   алып,   оған   –   еке,   (ақа)   сөзін   қосатынымыз   бар:  Әлеке,

Жұмеке,  Есеке,  Мәке,  Жәке,  Нықа,  Сәке  сияқты   қаратпаларды   әдетте

тонның   ішкі   бауындай   жақын,   жасы   үлкен   адамдарға   айтамыз.

Мұндай   дәстүрлі   қаратпалардың   ыңғайымен   Иван,   Виктор,

Константин,   Гарибальди   тәрізді   өзге   ұлт   өкілдерінің   аттарын

қысқартып   «қазақыландырып»   айту   да   өрескел   көрінер   еді.

«Гарибальдидің   көзі   –   қос   сұрақ,   ол  менің   көзім   болуы   мүмкін,   ал



Гарекеңдікі  әншейін   қос   сызық»   (кітаптан).   Автордың   бұл   тәрізді

«жаңалығын»   жарасымды   деуге   болмайды,   Мұндай   орайда   да

қадірмен кісілердің аты-жөнің атаған дұрыс.


Қоғамдық   өмірдің   әр   саласында   қызмет   етіп   жүрген   адамдардың

сіңірген   еңбегіне   лайық   әр   түрлі   атақ,   дәрежелері   болады.

Мәдениетті   елдің   дәстүрінде   ондай   атақ,   дәрежелерді   кісі

фамилиясымен   қоса   атайды:  Лениндік   және   СССР   Мемлекеттік



сыйлығының   лауреаты   М.   О.   Әуезов,   СССР   Ғылым   академиясының

академигі Қ. И. Сәтбаев, СССР Халық артисі К. Байсейітова, полковник

Б. Момышұлы.  Бір   адамның   бірнеше   атақ   дәрежесі   болуы   ықтимал.

Ондай атақ, дәреженің бәрін тізе беру мүмкін болмаған жағдайда ең

үлкен  атақ, дәрежесін ғана атауға болады. Әр түрлі атақ,  дәрежені,

мамандықты   ресми   жағдайда   кісінің   фамилиясымен   қосып   атаған

жөн: профессор Қасымов, доктор Дарханов, механизатор Дүйсенов  т. б.

Себебі   мұндай   этикетті   жұрт   атақ,   дәрежені   сыйлап,   мамандықты

құрметтегендік деп қабылдайды,

Тіл мәдениетіне ден қойған адам сөйлеу этикетіне айрықша көңіл

бөледі.   Сөйлеу   ізетінің  өзіндік   кыр-сырын   аңғара   біледі.

Шаруашылығы мен мәдениетіне, ғылымы мен өнеріне аса зор еңбек

сіңірген әйгілі қайраткерлерді халық зор құрмет тұтады. Мәңгі есте

қалдырады. Ондай адамдардың есімін жай ғана атай салмай әр түрлі

эпитеттермен   атайды:   Ұлы  Абай,   жыр   алыбы   Жамбыл,   күй   атасы

Құрманғазы  т.  б.   Қоғам   қайраткерлері,   әйгілі   ғалымдардың   айтқан

пікірлеріне сүйенгенде: «Ұлы жазушы М. Әуезов айтқандай..., әйгілі

ғалым   Қ.   И.   Сәтбаевтың   зерттеулерінде...»   тәрізді   сөз   сабақтау   –

оларды тек бедел тұтқандық қана емес, құрметтегендіктің белгісі.

Өзге  де  ұлттың  прогресшіл  қоғам қайраткерлерін, халық  мүддесі

үшін   күрескен   ұл-қыздарын,   адамзат   мәдениетіне   еңбек   сіңірген

әйгілі   адамдарды   ізетпен   атау   –   оларды   қастерлеудің   белгісі.   Бұл

тәрізді ерекшелікті тіл этикетіне сіңіре білу енегелікті көрсетеді.

Адам   баласы   табиғатында   темірдей   тезімді,   гүлдей   нәзік.

Қапелімде   айтылған   бір   ауыз   сөзбен   кісіні   ренжіту   де,   қуанту   да

оңай.   Сөз   қуаты   шексіз.   Не   бір   сөз   асылын   айтпағанның   өзінде,

күнделікті   қатынаста   жүрген   этикет   сөздердің   қолданылуында

қаншама   қыр-сыр   жатыр.

  Сөйлеу   этикетін   әдеппен   қолданып,

мүмкіндігін   аша   білсек,   ізгілікке   нұсқап,   ізеттілікке   бастайтын

жақсы   жақтарын   жетілдіре   берсек,   адамдар   арасындағы

ынтымақтыққа ұйытқы болады. Жас ұрпақты адамгершілікке баулып,

коллективизм рухында тәрбиелеуге септігі тие ме деп ойлаймыз.

Сөз  мәдениетінің  сан  алуан  қыры   бар.  Әрине,  біз   олардың  бәрін

емес, кейбір мәселелерін азды-көпті сөз еттік. Бұл орайда профессор

М. Балақаевтың қазақ тілі мәдениеті жөніңдегі зерттеулері, сондай-

ақ   өзге   де   тіл   мамандары,   жазушылар   мен   журналистеріміздің

баспасөз   беттеріндегі   пікірлері   де   бұл   жұмыстың   орындалуына

тікелей   септігін   тигізді.   Соңғы   жылдарда   орыс   тілінде   сөз

мәдениетінің   теориялық   мәселелеріне   арналған   кітаптар   (Л.   И.



Скворцов.   Теоретические   основы   культуры   речи.   М.,   1980;

Б.Н.Головин. Основы культуры речи. М., 1980) жарық көрді. Тиісті

жерінде   сонда   айтылған   теориялық   тұжырымдарға   да   сүйеніп

отырдық.


Сөз   қолданудың   үлгісі   ретінде   байырғы   өлең   жырлардан,   қазіргі

көркем   шығармалардан   мысалдар   келтірілді.   Оқырмандар   сын

кезімен   қараса   деген   мақсатпен   берілген   мысалдар   да   түгелдей

дерлік   газет-журналдар   мен   кітаптардан,   микрофон

материалдарынан алынды.

Қазіргі кезде  қазақ  әдеби тілінің қоғамдық  өмірдің әр саласында

жұмсалып,   жазбаша   түрдегі   де,   ауызша   түрдегі   де   қызметі   өрістей

түскен   сайын,   сөз   мәдениетіне   ден   қою   бұрынғыдан   гөрі   артады.

Сондықтан   оның   күрделі   мәселелерін   әрдайым   тілге   тиек   етіп

отыруға   тура   келеді.   Бұл,   әрине,   жұрттың   бәрін   көмекейі   кесілген

шешендікке   тәрбиелеу   деген   сөз   емес.   Әйтсе   де   қоғамдық   өмірге

қызу   араласу,   социалистік   Отанымыздың   жан-жақты   жетілген

азаматы   болу   үшін   сөз   мәдениетінің   жұрттың   бәріне   ортақ

қарапайым шарттарын игеру кімге де болса аса қажет. Өндірістің қай

саласында   жүрмесін,   өз   ой-пікірін,   сөзімін   айқын,   әсерлі   жеткізе

алатын азамат қоғамдық өмірге де белсене араласа алады.



М А З М Ұ Н Ы

Алғы сөз...................................................................................

Сөз басы...............................................................................................................

Сөз жатықтығы (әдеби тіл нормасы).............................................................

Сөз байлығы.......................................................................................................

Сөз тазалығы......................................................................................................

Сөз дәлдігі............................................................................................................

Сөз әсерлілігі.......................................................................................................

Сөз әдебі (тіл этикеті).........................................................................................

УАЛИЕВ НУРГЕЛЬДИ

Культура языка



(на казахском языке)

Редактор А. Мендекеев 

Худ. редактор К. Утебаев 

Тех. редактор К. М. Абдикаримова 



Корректор Б. Жагыпаров

Document Outline



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет