260-сурет. Іш сүзегі. Ми тәрізді ісінген фолликулда түзілген ірі макрофагтық (ішсүзектік) гранулема.
Фолликулдар тобының
некрозы кезеңінде іш сүзегінің гранулемалары да
некрозға ұшырайды. Некроз фолликулдар тобының үстінен басталып, тереңдей
келе, кейде бұлшықетті қабатты қамтып, тіпті сірі қабатқа дейін жетеді
(259-
суретті қара)
. Некрозды ошақтардың айналасы демаркациялық қабыну өңірімен
шектеледі. Өлі тінге өт сіңіп, жасыл реңге енеді. Солитарлық фолликулдар да
тап осылай өзгереді. Интрамуралдық жүйке ганглийлеріндегі жүйкелік
жасушалар мен талшықтарды дистрофия шарпиды.
Ойық жаралы кезеңнің даму барысында некрозды ошақтар секвестрлерге
бөлшектеніп, бөлінеді. Алдымен «лас» жаралар мықын ішегінің төменгі, кейін
жоғарғы бөлімінде қалыптасады. Өлексе бөлінген кезде қан кету қаупі бар,
кейде ішектің қабырғасы тесіледі (перфорация).
Таза ойық жара кезеңде олардың жалпы сипаты өзгереді. Жара ішектің
ұзына бойын қуалай жайғасып, пішіні дөңгелектеу, тегіс жиекті келеді де, түбі
өлекседен толық тазарып, ішектің бұлшықетті немесе сірі қабатымен шектеледі
(259-суретті қара)
. Бұл кезеңде ішектің тесілу қаупі өте зор.
Жазылу кезеңінде ойық жараны нәзік талшықты тыртық жайлайды. Ішектің
лимфалық тіні жартылай немесе толық қалпына келіп, орнына пигмент
жиналып, сәл қоңырқай тартады.
Шажырқай мен әсіресе мықын-бүйен бұрышының
лимфалық түйіндеріндегі өзгерістер ішектің лимфалық құрылымдарындағыдай болып, тап солардың
ретіне сәйкес өрістейді. Тінін қан кернеп, моноцит-фагоциттер мен
ретикулалық жасушалар көбейіп, лимфоциттерді ығыстырады. Сөйтіп,
лимфалық түйіндер алдымен ұлғаяды. Кейін іш сүзегінің гранулемалары мен
некрозды ошақтар қалыптасып, ол жерлер беріштенеді немесе ізбестенеді.
Аурудың даму барысының әр сәтінде оның екі, тіпті үш кезеңіне тән
өзгерістер кездесе береді. Көбінесе ішектің жоғарылау бөліміндегі өзгерістер
«жастау» болып, төменгі бөліміндегілері «көнелеу» келеді. Сол себепті іш
сүзегінің даму кезеңі жайлы тұжырымды аутопсиялық деректерге сүйеніп
жасау үшін мықын ішектің төменгі бөліміндегі «көне» өзгерістерді ойға арқау
еткен жөн.