О ббк 83. 3 (5 Қаз) б 20 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет10/24
Дата31.12.2016
өлшемі1,7 Mb.
#830
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24

сӨз тАлғАУ
Шығарма  тілі  екі  түрлі  болатындығы  жоғарыда  айтылған 
еді.  Оның  бірі  –  ақын  тілі  деп,  екіншісі  –  әншейін  тіл  деп 
аталады  деп  едік.  Бұл  екі  тілдің  арасындағы  айырмасы  мы-
нау:  әншейін  тіл  көбінесе  сөздің  дұрыстығын,  анықтығын, 
тазалығын, дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, 
анықтығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді 
болу жағын талғайды.
Шығарма сөз өңді, ұнамды болу туралы талғаудың қоятын 
жалпы шарттары мынау:
1. сөз дұрыстығы
Сөз  дұрыс  айтылуы  деп  әр  сөздің,  әр  сөйлемнің  дұрыс 
күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек:
Сөздердің  тұлғасын,  мағынасын  өзгертетін  түрлі  жалғау, 
жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын 
өз орнына тұтыну;
Сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс 
ымыраластыру; Сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, 
дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру.
2. тіл тазалығы
Тіл  тазалығы  дейтініміз  –  ана  тілдің  сөзін  басқа  тілдің 
сөзімен  шұбарламау.  Басқа  тілден  сөз  тұтыну  қажет  болса, 
жұртқа  сіңісіп,  құлақтарына  үйір  болған,  мағынасы  халыққа 
түсінікті сөздерді алу.
Орыстың жақсы жазушыларын алсақ, олар көбінесе мынау 
түрлі сөздерден қашқан:
а. Ескірген сөздерге жоламаған;
ә. Жаңадан шыққан сөздерден қашқан;
б. Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан 
қашқан;
в.  Жергілікті  сөздерге  яғни  бір жерде айтылып,  бір жерде 
айтылмайтын сөздерге жоламаған.

166
Қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін 
ескі, жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп ол жағынан 
қатал  қарап,  қашып  тұрмаймыз.  Жалғыз-ақ  біздің  мықтап 
қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік). 
  Біз  сияқты  мәдениет  жемісіне  жаңа  аузы  тиген  жұрт  өз 
тілінде  жоқ  деп  мәдени  жұрттардың  тіліндегі  даяр  сөздерді 
алғыштап,  ана  тілі  мен  жат  тілдің  сөздерін  араластыра-ара-
ластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айыры-
лып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі 
әдебиеттерін,  ғылым  кітаптарын  қазақ  тіліне  аударғанда  пән 
сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, 
сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза бо-
лып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған 
болады.
3. тіл (лұғат) анықтығы
Айтылған  лебіз  ашық,  мағыналы,  түсінуге  жеңіл,  көңілді 
күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы дегеніміз сол болады. 
Лебіз  ашық,  мағыналы  болу  үшін  айтушы  айтатын  нәрсесін 
анық танитын болу керек. Адам анық танитын нәрсесін анық 
атайды да, көмескі танитын нәрсесін көмескі, күңгірт атайды. 
Сондықтан  біреудің  айтқан  сөзін  анық  түсінеміз  де,  біреудің 
сөзін  анық  түсінбей,  жорамалдап,  жорып,  ұйғарып  қана 
қоямыз.
Лебіз анық болуына мынадай орындарда кемшілік келмек:
а) Лебіз мағынасы екіұшты ұғарлық болып айтылғанда. 
М ы с а л :
Жаман қатын алсаңыз,
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай
Тең құрбысы келгенде,
Жөнді жауап таба алмай
Жалғанда қор болады.
Мұнда «жалғанда қор болады» дегенді екі түрлі ұғуға бо-
лады: «Төркініне бере алмай, төсегіне жата алмай» байы «қор 
болады»  деп  те  ұғуға  болады.  «Тең  құрбысы  келгенде  жөнді 
жауап таба алмай» қатыны «қор болады» деп те ұғуға болады.

167
Сол сияқты мынау да екіұшты лебіз:
«Абай  ұрыға  қас  еді,  ұры  ауылының  маңына  жоламаушы 
еді». Мұнда «ұры ауылының маңына» Абай «жоламаушы еді» 
деп те ұғуға болады, ұры Абай «ауылының маңына жоламаушы 
еді» деп те ұғуға болады.
Абайдың мына сөзін екі түрлі ұғуға болады: «Қисық болса, 
закон бар судьяға беруге, ол да уезднай емес қой, алуға теңдік 
сенуге».
ә)  Сөйлемдер  шұбалаңқы  айтылып,  бір  басыңқы  сөйлем 
қасында  көп  бағыныңқы  сөйлем  болса  немесе  сөйлемдердің 
құралу, құрмаласу, сабақтасулары шатақ түрде болса, әйтпесе 
тыныстар орнына қойылмаса.
М ы с а л:
1)  «Өз  әкесі  Құнанбай...  уақытындағы  елдің  құр  мұсыл- 
манмын  дегеннен  басқа  діннің  не  екенін  білмей  қан  жеп, 
неше түрлі ырымдарға табынып жүргеніне қатты тыю салып, 
анық  шариғат  қоспаған  істі  қылған  ғайыры  бұзықшылық  іс 
қылғандарға  бек  ауыр  жаза  салып,  халық  ауыл  басы  молда 
ұстатып,  қадары  қал  ғылымның  жолын  көрсетіп,  үлгі  салған 
еді».
2) Соңғы уақытта Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза 
бастаған соң бұрынғы ақындар надандықпен өлеңді өнер ор-
нына  ғибрат  үшін  айтпай  тіленшілік  орнына  айтқандықтан 
ақындықтың да, өлеңнің де қазақ ортасында бағасы кеткендігін 
айтып, өзін олардың ретінен басқа қылып, алмақ пайда үшін 
емес,  халықты  ұмтылтып,  көңіл  көзін  ашпаққа  ғибрат  үшін 
жазғанын білдіріп, өлең шығарған.
3)  Сол  себепті  жазушылықтың  өзі  де  екінші  дәрежеде 
қалып  салақ  болып,  берірек  ұлғайыңқыраған  кезінде  өкініш 
түсіп, жасында ғылым жолында болмай, қазақтың айқайымен 
жүргендіктен, кешірген өмірінің, жазған өлеңінің ретсіз болып 
яки ғибрат алмаққа жарамайтындығын, ақылға сыйымсыз жері 
болса, кейінгі замандағы сынаушы жастардан өзінің тәрбиесіз, 
үлгісіз  өскен  өмірін  айтып,  надан  елдің  ішінде  неше  түрлі 
машақат,  әурешілікпен  бойды  ыза  кернеп,  өткен  қатам  болса 
аяп, аз сөге көріңдер деп жазғаны – «Өлсем орным қара жер 
сыз болмай ма?..».

168
4)  Сөздер  өз  мағынасында  жұмсалмай,  басқа  мағынада 
меңзеу өрескел болса, мәселен:
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Күмістей сәуле беріп жарқыраған, –
дегеннің  орнына  «таулардан  сарқырап,  жарқырап,  ақ  күміс 
ағады» десе ...
5) Адас сөздерді аңдап айтпаса, мәселен, «ол елдің адамының 
бәрі азулы» дегенде адамның бәрі азып болғанын айтқаны ма? 
Болмаса «адамының бәрі мықты, азулы айғырдай» дегені ме? 
Анық емес.
6)  Сөз  өктейсіз  орынға  қойылғанда,  мәселен,  күндерде 
бір күн Сатемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде 
шаршаған  соң  сүйеніп,  жан-жағына  қарап  жатса,  бір  аяғы 
ақсақ  құмырсқа  тамның  төбесіне  қарай  өрмелеп  барады  да, 
орта шеніне барғанда құлап түседі.
Мұнда «бір аяғы ақсақ құмырсқа» деген сөз құмырсқаның 
бір аяғының ақсақ екендігін көрсете ме, болмаса аяғы ақсақ бір 
құмырсқа деген мағына ма – белгісіз.
4. тіл дәлдігі
Тіл  дәлдігі  деп  ойлаған  ұғымға  сөз  мағынасы  сәйкес  ке-
луі  айтылады.  Ұғымға  сөз  дәл  келу  үшін  сөздің  мағынасын 
дұрыс айыра білу керек. Тіл дәлдігін бұзатын көбінесе амәндес 
сөздер.
Амәндес сөз деп мағынасы жақын сөздер айтылады. Мәсе- 
лен, батырлық, ерлік, батылдық, өткірлік, өжеттік деген сияқты 
сөздер. Мұның бәрі жүректілікті көрсеткенмен әрқайсысының 
өз алдына өңі бар. Өңін танымай яки аңғармай, бірін бірінің 
орнына айтса, лұғат дәлдігіне кемшілік келтіреді. Тіл дәлдігіне 
мынадай орындарда кемшілік келеді
Сөйлем ішіне орын алып, оралғы болудан басқа қажеті жоқ 
сөздер кірсе.
М ы с а л:
а)  Кейбіреулер  дүние  қуғыш,  мал  жиғыш,  пайда  қылғыш  
келеді;
ә)  Өз  көзіммен  көріп,  көз  алдымнан  атқарып  келіп  отыр-
мын;

169
б) Оның қалыптанған ерте тұратын әдеті бар еді.
Бұл үш мысалдың ішінде алып тастаса, орны ойсырамай-
тын  сөздер  «мал  жиғыш»,  «пайда  тапқыш»,  «көз  алдымнан 
атқарып», «қалыптанған» деген лебіздер. Бұлар сөйлем ішінде 
тұрғанда ғана толық болуына келтіріп тұрған пайдасы жоқ.
Ойы  қарайлас  сөйлемдер  қатар  айтылғанда,  мәселен, 
«Мен қартайған шағымда байы жоқ деп баққан жоқ, күйі жоқ 
деп  күйген  жоқ,  қайраты  жоқ  деп  қарасқан  жоқ,  әлі  жоқ  деп 
асыраған  жоқ»  деген  сияқты.  Бұлай  айтудың  сырты  көркем 
сияқты  көрінсе  де,  ішкі  мағынасы  пікірді  толықтырмай,  тек 
сөздің, сөйлемнің қарасын көбейтеді.
5. тіл көрнектілігі
Сөздің  дұрыс,  таза,  анық,  дәл  айтылуының  үстіне  талғау 
сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз зат-
тан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды 
заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде сөзі толық 
түсінікті  болу  үшін  дерексіз  заттарды  деректі  заттарша,  бер-
несіз заттарды бернелі затша сипаттайды, жансыз затты жанды 
заттай ғамалдайды. Ақ көңіл, шолақ ақыл, арам ой деу яки күн 
бүркіп тұр, найзағай ойнады, су қайтты деу я болмаса қазанның 
құлағы, ошақтың бұты, үйдің төбесі деу дерексіз заттарды де-
ректі затша, жансыз заттарды жанды затша, бернесіз заттарды 
бернелі затша қалыптау, ғамалдау, бернелеуден шығып, әдетті 
сөзге  айналып  кеткен.  Мұндай  сөздер  жалғыз  әдетті  түрінде 
емес, әдейі де айтылады. Мәселен, Мағжанның «Толқын» де-
ген өлеңінде толқынның толқығанын бернелеп, түсінікті түрде 
көрсету үшін әдейі жанды нәрседей ғамалдап, былай дейді:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
 
Толқын мен толқын жарысад
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен.
* * *
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,

170
 
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып,
 
Жарға жетер ентелеп.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Осы  сияқты  өң  берілген  сөздер  көрнекі  тіл  делінеді.  Тіл 
көрнекі  болу  үшін  дерексіз  нәрсе  деректі  нәрседей,  жансыз 
нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына 
келіп  түсерлік  дәрежеге  жетуі  керек.  Қалыпты  түріндегі  сөз 
ондай  дәрежеге  жету  үшін  түрлі  әдістер  істеледі.  Ол  әдістер 
негізгі түріне қарай үш тапқа бөлінеді: 1) көріктеу; 2) меңзеу
3) әсерлеу.
Көрнектеу
Бір  нәрсені  көптен  айырып,  көзге  көбірек  түсерлік  етіп 
айтқымыз  келгенде  ол  нәрсенің  атына  айқын  көрсеткендей 
сөз қосып айтамыз. Мәселен, «Қара Мұқан», «Сары Мұқан», 
«Болыс Мұқан» дейміз. Мұнда Мұқандарды бірінен-бірін айы-
рып, әрқайсысын айқын шығару үшін Мұқан деген сөзге басқа 
сөздер  қосып  отырмыз.  Атымтай  Жомарт,  Жиренше  шешен, 
Қаз  дауысты  Қазыбек  деу  де  айқындау  мақсатпен  айтқаннан 
шыққан.
Бұл  келтірілген  мысалдардағы  «қара»,  «сары»,  «болыс», 
«жомарт»,  «шешен»,  «қаз  дауысты»  деген  сөздер  айрықша 
мақсатпен  әдейі  айтылып  тұр.  Сондықтан  айқындаудың 
бұл  түрі  тек  айқындау  ғана  болады.  Мұнан  басқа  көркейту 
мақсатпен айқындау бар. Мәселен, «қызыл тіл», «алтай түлкі», 
«ақ  сұңқар»  деген  сияқты.  Бұлай  айқындау  басында  айыру 
мақсатпен  айтылса  да,  соңынан  көркейту  мақсатпен  айтуға 
айналған. Бұл күнде қызыл түлкі, ақ сұңқар дегенде, «қызыл», 
«алтай»,  «ақ»  деген  сөздерді  көбінесе  көркейту  үшін  айтып 
жұмсаймыз.  Сондықтан  айқындаудың  бұл  түрі  көркейту  деп 
айтылады. Көркейту я жалпы сипатты болатындай етіп айту-
мен болады. Асылында, айқындау нәрсені иә көркейту үшін ай-
тылады, иә лақаптау үшін айтылады. Сары арқа, сары қымыз, 
шалқар көл, самал жел, алалы жылқы, ақты қой, әділ би деген 

171
сияқты лебіздерде сары, шалқар, самал, алалы, ақты, әділ де-
ген айқындау болады. Бұл айқындау көркейту үшін айтылып 
отырған айқындаулар. Асан Қайғы, Ер Тарғын, Қара Қыпшақ 
Қобыланды, Қаз дауысты Қазыбек, Бұғабай басшы, Орынбай 
ақын  деген  лебіздерде  қайғы,  ер,  қара  қыпшақ,  қаз  дауысты, 
шешен, ақын деген сөздер лақаптау үшін айтылып тұр.
Көркейте айқындау ақындар сөзінде көп келеді.
Мысалдар:
1. Ақ таудай аққан ақ бұлақ,
Айдынға құяр аққан су.
Алалы жылқы, ақты қой
Аңдыған бөрі кірмес пе?!
Иесі ұйықтап жатқан соң.
Алтын тақты әділ хан
Адасқан аққу халықтан соң.
 (Байтоқ ақын)
2. Біз кеттік абайсызда елден шығып,
Жол тарттық құба шыңға Жемнен шығып.
Тамызда қызыл мұнар астық шөлге,
Қаз қонған баттауықты көлден шығып.
 (Сүгір ақын)
4. Ақтөбе мен Қорғаншы
Асан Қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
 (Мұрат ақын)
5. Байлауда қалған ақ сұңқар
Бұрынғыдай бола алмас.
Көлден үйрек ала алмас
.............................................
Балдағы алтын ақ болат,
Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес.

172
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жолды алған.
Жасанған жауға қол салған,
Қарт қожақ деген ер едім.
Алла тізгін оңдаса,
Көк сүңгіні салармын.
Балдағы алтын ақ берен
Қызыл қанға малармын.
 («Ер Тарғын»)
Меңзеу
Көрнекілеудің өзі бірнеше түрге бөлінеді: 
теңеу.  Көріктеу  нәрсені  айыра  көрсетіп,  айқын  шығаруға 
жарағанмен, нәрсенің бернесін сүгіреттеп көрсетуге күші жет-
пейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, бел-
гісіздеу  нәрсені  белгілі  нәрсеге  теңеп,  көрнектеп,  ашығырақ 
көрсетеміз.
М ы с а л: 
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, құйын соқса, бір қалыпта
Аралап тау мен тасты арқыраған.
.................................................................
Шапақтан бұлты шығар мұнарланып,
Жаңбырлы күндер түсер тұманданып.
Адамзат нұр ауасын судай жұтар,
Шөл тартқан хайуандарша құмарланып.
..........................................................
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
 (Алтынсары Ыбырай)
Теңеудің  неше  түрлері  ескі  өлеңдерде  көп  кездеседі.  Ер 
Тарғынның  Тарланына  айтқан  сөзінің  ішінде  мынадай  теңеу 
бар:

173
1. От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар оқтаудай.
Жауырыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтайдай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай.
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей.
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей.
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақтай.
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сабақтай.
Екі көзіңе болайын,
Қорықтан жанған шырақтай.
2. Астына мінген Тарланның
Тұрпатына қараса,
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін еріннен
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан,
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан 
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
3. Бұқар барсаң құлан бар,
Құлаңды көр де, шашым көр.
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар.
Түймені көр де, басым көр.

174
Теңеу екі түрлі: 1. Әншейін теңеу; 2. Әдейі теңеу. Екеуінің 
арасындағы айырмасы сол: әншейін теңеу – әдетті теңеу бола-
ды. Мәселен, удай ащы, айдай жарық, күйедей қара дегендегі 
«удай», «айдай», «күйедей» деген сияқты сөздер.
Әдейі теңеу жоғарыда келтірілген мысалдардағы теңеулер.
Ауыстыру.  Сөздің  көбін  өз  мағынасында  жұмсамай,  өзге 
мағынада жұмсаймыз. Арасында түк ұқсастық жоқ екі нәрсенің 
ететін әсері бірдей болса, біріне қас ғамалды екіншісіне ауыс-
тырып айтамыз. Мәселен, «күн құтырып кетті», «аяз қарыған», 
«қырау соққан» дейміз. «Құтырып кетті», «қарыған», «соққан» 
деген  сөздер  нақ  өз  мағынасында  емес,  өзге  мағынада  айты-
лып тұр. «Құтыру» жанды, есті нәрсенің күйін көрсететін сөз. 
Мына  күннің  желдетуі  адамның  құтырған  күйіне  ұқсас  әсер 
ететіндіктен,  жанды  нәрсенің  күйін  көрсететін  сөз  күннің 
күйін көрсетуге ауыстырылып алынып тұр. «Қарыған» деген 
сөз де солай алынып тұр, қарығанда ыссы нәрсемен қариды. 
Аяздың үсіткен жарасы ыссы нәрсенің қарыған жарасына ұқсас 
болғандықтан аяз ғамалына айтылып тұр. Соғудың өз мағынасы 
– бір нәрсені екінші нәрсемен ұру. Қырау бір нәрсеге түскенде 
оны ұрмайды, тек тиеді. Нәрсеге тигендегі келтірген зақымы 
соққаннан  болатын  зақымға  ұқсас  болғандықтан,  «соққан» 
деген сөз қырау ғамалына ауыстырылып айтылып тұр. Осын-
дай  ұқсастығымен  ауыстырып,  өз  мағынасынан  өзгелеп  айту 
– ауыстыру деп аталады.
Сөз  мағынасынан  ауыстыру  түрліше  болады,  көбінесе 
ұшырайтын түрлері мыналар:
Бейнелеу
Бір нәрседе болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күйді 
көрсететін сөзбен айту бейнелеу болады. 
М ы с а л д а р:
1. Бидайлар басы толық иіліп тұр,
Дән берген қожасына сыйынып тұр.
Басында бұл бидайдың дәні болмай,
Кекірейіп көкке қарап бүлініп тұр.
 (Қырық мысал)

175
2. Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып тұрар құбылып кел, деп мұнда.
Көл бұзылып, көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна.
 (Алтынсары Ыбырай)
 
3. Бұл күнде сөйлей берсем, сөз жетерлік,
Білгендер тағылым бар үлгі етерлік.
Кеңестің көзі ашылған бұлағымен,
Ағызып, шұқанақты көл етерлік.
 (Наушабайдың Нұржаны)
4. Науша би, Есенғазы және Тауым,
Сыбанқұл сұңқар еді алған бауын.
Қожамжар Жантемірмен түсін ашып,
Билікке салушы еді омырауын.
 (Сүгір ақын)
5. Атаңыз қиналады кетеді деп,
Қайсы қыз шырағыма жетеді деп.
Көшкенде көштің көркі көгершінім,
Қадірі кетсе мұның өтеді деп.
 (Шернияз ақын)
6. Мен Қырымның ішінде,
Ақша ханның қызы едім.
Атам менен анамның
Асыранды қызы едім.
Жылқыда шаңқан бозы едім,
Қытай менен Қырымнан
Тәмам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
 (Ер Тарғын)
7. Дұшпандар тың салмай ма, шабысыңа,
Тұлпардай дүбір шыққан дабысыңа.
Байұзақ, Батырбекпен екі нусың,
От салма, өзді-өзіңнің қамысыңа.

176
Белбеуді бел қышиды шешеріңде,
Жылқы мал тістеспейді өсерінде.
Екеуің орта жасқа келіп қалдың,
Тастама, жұртқа шала көшеріңде.
Бір дұшпан екеуіңді жанып жүр ме?
Жел сөзге арадағы нанып жүрме!
Басын тарт, тұлпарыңның керістірмей,
Сауырын зорықтырып алып жүрме!
 (Мәделі қожа)
Ауысу да екі түрлі болады: 1) тіл ауысуы; 2) лұғат ауысуы. 
Мұнда да әдетті ауысу тілдікі болады да, айтушының сөзіндегі 
ауысу  лұғаттікі  болады.  Лұғаттағы  ауысу  жоғарыда  келтіріл-
ген мысалдардағы, тілдегі ауысу мәселен, суық сөз, суық жел, 
қызыл тіл, бақыт құс, ми ашыған, ант ұрған, жын қаққан сияқты 
сөздер.
Алмастыру
Арасында  жақындығы  бар  екі  нәрсенің  атын  ауыстырып, 
бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, андай ауысты-
ру – алмастыру деп аталады.
Мысалдар:
«Анау үйдің құдасы келіп жатыр» дейміз. Құда үйдікі емес, 
ол  үйдегі  адамдікі,  үй  мен  үй  иесінің  арасы  жақындығынан 
бірінің орнына бірін айтамыз.
«Ауыл  ұйқыда  жатыр»  дейміз.  Ауыл  ұйықтамайды,  ада-
мы  ұйықтайды.  Ауыл  мен  ауылдағы  адам  екеуінің  арасында 
жақындық барлығынан адамның орнына ауылын айтамыз.
Біреудің  қолы  жүйрік,  шапшаң  жазады  дегеннің  орнына 
«қаламы жүйрік» дейміз (қол мен қалам жақындығы).
«Ет  берілді  ме?»  дегеннің  орнына  «табақ  тартылды  ма?» 
дейміз  яғни  тамағын  табағына  алмастырып  айтамыз.  Сол 
сияқты «Неше аяқ іштің?», «Неше кесе іштің?», «Неше шелек 
құйдың?» дейміз (қымыз орнына аяғын, шай орнына кесесін, 
су орнына шелегін алмастырып айтамыз).

177
Үстіне кигені кілең жібек иә кілең былғары дейміз (киім ор-
нына жасалған нәрсесін айтамыз). Ақсұлу мен Кеншімбайдың 
айтысқан  өлеңінде  Кеншімбайдың  сөзінде  былай  деген  жері 
бар:
Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,
Меймандос, келсе қонақ барша жұрты.
Шығады қыз, бозбала серуенге,
Үстіне масаты мен киіп құлпы.
Мұндағы алтыннан істелген бұйымдардың орнына бұйым- 
дардың  істелген  затын  –  алтынды  айтып  отыр.  Масаты  мен 
құлпыдан істелген заты – масаты мен құлпының өздерін алып 
отыр.
Абайдың сөзінен яки кітабынан көшіріп жаз деудің орнына 
«Абайдан көшіріп жаз» дейміз. Сөзінің орнына иесін атаймыз.
Кейіптеу
Жансыз нәрсені жанды нәрсенің күйіне түсіріп, тұрпаттау 
кейіптеу деп айтылады. «Қылышын сүйретіп қыс келеді» де-
генде қиялыңа қылыш сүйреткен адамның сүгіреті келіп түседі. 
Қыста  қылыш  та  жоқ,  қылыш  сүйрететін  күйі  де  жоқ.  Жан-
сыз  қысты  жанды  адамның  күйіне  түсіріп,  адамның  істейтін 
ғамалын телігендіктен, қыс бізге адам сүгіретінде келіп көрініп 
отыр.
1. Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды.
 (Абай)
2. Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып. 
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп, ұлғайды су.

178
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың суын ішіп ержеткенмін.
Қазбектен ағам сені көксеп шығып,
Кім қақтықса, жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде азаматтың айласына
Көнбей бүкіл күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп айғайласам,
Шын құтырсам шың-тасты тербеткенмін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау-тасқа, адамзатқа келіп жанжал.
Демалайын деп келдім аш, қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, хош көріп ал.
 (Абай)
Бернелеу
Бір  нәрсенің,  көбінесе  адамның  мінезін,  құлқын,  ғамалын 
екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – бернелеу болады.
Бейнелеу  мен  бернелеудің  екі  арасы  жақын.  Бейнелеу  де, 
бернелеу  де  екі  ұқсас  нәрсенің  бірін  бірінің  орнына  айтудан 
шығады.  Бейнелеу  ұлғайғанда  бернелеуге  айналып  кетеді. 
Мәселен, мынау түрлі сөздер бейнелеуден ұлғайып, бернелеуге 
айналып кеткен болады:
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көгі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құр халықтың.
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдардан, құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым, екі аяқты!
Азаттық хайуанға қанша қажет?!

179
Жаратқан малды Құдай не керекке?
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер, қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма, түрткенге айдап?
Есептен жаңылғандай болғандар көп,
Жасықты асыл ма, деп білмей қайрап.
Мағжанның «Шын айт» деген өлеңі де бейнелеуден ұлғайып, 
бернелеуге айналған сөздің түрі болады. Бейнелеу мен берне-
леу арасындағы айырмасын мынадан анық көруге болады.
Бейнелеу мысалы:
Жан еркем, мен жүремін мынау күймен,
Бар ма екен ғашық жарын мендей сүйген.
Сен бір шам, айнала ұшқан мен паруана,
Айналып, аламын деп, отқа күйген.
Мұнда «мен бір шам» дегеннен бастап аяғына дейін бейне-
леу болады. Бейнелеудің тағы бір мысалы:
Отқа ұшар көбелек,
Қарамай сорлы, алды-артын.
Ойына кіріп шықпайды,
Күйдірер, деп от-жалын
Шырқ айналып ентелеп
Жүрер де бір уақ ол қонар. 
Ұмтылған оты сорлыны,
Күйдірер де тез тынар.
Бұл  келтірілген  екі  мысалдың  екеуінде  де  адам  күйінің 
көбелекке  ұқсастығы  айтылады.  Ол  ұқсастығын  қысқалап 
айтқанда, бейнелеу болып, ұлғайтып айтқанда, бүтін мысалға 
айналып, бернелеу болып кетеді.
«Қырық  мысалдағы»  мысалдардың,  Абай  кітабындағы 
мысалдардың  бәрі  бернелеу  болады.  Қазақтың  «бернемен 
сөйлейді»  деуінің  өзі  иә  «пердемен  жасырып  сөйлейді»  де-
геннен шыққан, иә «бернемен сүгіреттеп сөйлейді» дегеннен 
шыққан боларға керек. Бұл екеуінің соңғысынан да алдыңғысы 
болуының  ықтималы  мол,  үйткені  «бернемен  сөйледі»  деп 

180
қазақтар  сөздің  өз  мағынасын  жасырып,  өзге  мағынамен 
сөйлегенде  айтады.  Бернелеу  сол  мағынасы  жасырын  сөздің 
нағыз өзі.
Бернелеу  біткеннің  бәрінің  лебіз  мағынасынан  басқа  ас-
тыртын  мағынасы  болады.  Бернелеу  өте  ұзақ  болса,  айтушы 
баяндап береді, иә болмаса ұшығын көрсетіп қояды. «Қырық 
мысалдағы» және мысалдардың көбінде-ақ бернелеудің астыр-
тын  мағынасынан  баяндауы,  шешуі  бар.  Жоғарыда  айтылған 
Мағжан бернелеуінің де аяғында мынадай баяндауы бар.
Құрбылар, іске бет алсақ,
Ойламай қанат қақпалық.
Анау жарық, алтын деп,
Көрінгенге шаппалық.
Жолымен кетсек қанаттың,
Көбелектей күйерміз.
Алам деп алтын барғанда
Күлден кебін киерміз.
Жоғарыда  көрсетілген  «Адамдық  диқаншысы»  деген  сөз 
бернелеудің  астыртын  мағынасының  ұшығын  көрсету  бола-
ды.  Шетін  сездірген  соң,  ар  жағының  бәрі  түсінікті.  Берне-
леу  шығарманың  неғұрлым  лұғаты  жайнақы,  ойнақы  келсе, 
әдемі болып шығады. Лұғатында жайнақылық, ойнақылық кем 
болса, бернелеу әдемі сөз болмай, әншейін сөзге айналып ке-
теді.  Әсіресе  бернелеу  әншейін  сөзге  айналып  кететіні  лұғат 
жағының  толық  болуына  назар  салмай,  тек  бейнелеу,  ұқсату 
жағына ғана ілтипат еткенде болады. Әдемі бернелеуге қоятын 
сын мынау түрлі болуы керек.
Бернелеудің астарын қоя тұрып, өң жағын алғанда, астыр-
тын  мағынасын  қоя  тұрып,  лебіз  мағынасының  өзін  алғанда 
жолы қанша? Ұқсастығының сәйкестігі қанша? Дәл келе ме? 
Болмаса,  июмен,  бұраумен  келіп,  әдейі  бернелейін  деген  ни-
еті көш жерден көзге түсіп тұра ма, я болмаса ұқсастығы өте 
алыс, көруге тым қараңғы ма? Егер де бернелеудің шешуі бар 
болса, онысының қажеті қанша? Керек болған халде өте ұзын 
емес  пе?  Ақылды  ғана  қанағаттандыра  ма,  болмаса  көңілге 
иә  қиялға  тиісті  сыбағасын  да  бере  ме?  Бернелеудің  өзі  бол-
сын, баяндауы болсын, лұғаттың өте жинақы, ойнақы келгенін 

181
жақтырады. Бернелеудің өзінің де, баяндауының сынына үлгі 
болуға жарарлық «Қырық мысалдағы» «Иттің достығы» деген 
сөз жоғарғы айтылған сынмен сынағанда мұның өз басынан да, 
баяндауынан да сын табылмайды. Мұнда бернелеуге керек бо-
латын лұғат жайнақылығы да, лұғат мағынасын қойып, тысқы 
лебіз мағынасын алғанда да иттің мінезін дұрыс сүгіреттейтін, 
тыңдауға тұрарлық сөз болып шығады:

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет