О19 Обручев Владимир


ЖАҢА СІБІР АРАЛДАРЫНЫҢ АРАСЫНДА



Pdf көрінісі
бет3/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

ЖАҢА СІБІР АРАЛДАРЫНЫҢ АРАСЫНДА
Ертеңгісін  елең-алаңда  керуен  қайта  жолға  шықты.
Аралдың түстік жағасын бойлап батысқа қарай бес шақырым
жүріп, олар мұз жарларды осының алдындағыдай тағы да
барлауға  мүмкіндік  алды.  Онан  әрі  теңізге дейін  көсіліп,
аралдың  төрт  шыңының  бірі  –  Кигилях  құзды  тауымен
көмкерілетін ұзыннан-ұзақ батыс түбек арқылы созылған асуға
тап  болды.  Таудың  состиып  тұрған  себебі  бұрын  айнала
белдеулеп жататын аралдың бір бөлегі опырылып, ұзынша,
тар қылта ғана қалған. Жолды отыз шақырымдай қысқарту
үшін қылта басталысымен-ақ онан асып түсу керек еді.
Кигилях таулары өз атын аспанға тік шаншылған діңгек
сияқты жел мүжіген ғажайып шыңдарының көптігінен алған.
Кәсіпкерлер бұл діңгектерден қиялында адам мүсінін табады
да, тауды киелі деп қастерлейді (киги-адам, кигилях-адам
сияқты).
Мәселен,  олар  Бунге  балғамен  шекіп,  жартастан  тау
жынысын алып көргенде, бұл батылдығы басына бір тиеді
деп қатты наразылық білдірді. Сондай-ақ олар мына шыңға
шығуға болмайды, бейәдеп жолаушы өркөкіректеніп шықса-
ақ бітті, қою тұман орап алып, ол құздан құлап өледі дейді.
Шынында  да,  тұман  бұл  араны  қас-қаққанша  тұмшалай
қояды,  сондықтан  соқыр  сенімділердің  сандырағы  аяқ
астынан ақиқат  болып кетеді.  Шыңға қалай  әлектенсе де
шыға  алмаған  Бунгенің  серіктері  тауға  бақыр  мен  күміс
теңгелерден садақа тастап құтылған.
Қылтадан өткенде жиһангездердің тәуір-ақ терлеуіне тура
келді: әуелі нарталарды жағаның құлама жарына сұғынған

38
терең сайдан сүйреп шығарды, одан бірнеше шақырымнан
кейін адырдың келесі бетіне тік жардан тағы құлдилады.
Асудан асқан соң каюрлар Кигиляхқа бетін беріп, сәт сапар,
табысты кәсіп тілеп, тағзым етті. Түксиген шыңдары түнере
түсіп,  қарға  бөгіп  дөңкиіп  жатқан  тау  асудан  жиырма
шақырымдай қашық болғандықтан, каюрлар садақаға тиын-
тебен тастамай, бірер шөкім темекі шашумен ғана құтылды.
Қараңғы руластарына қарағанда көкірегінің саңылауы бар,
саналы Гороховтың өзі садақа беруге араласпағанмен:
– Қап, мына соқыр сенімділер қыруар темекіні рәсуа қылды-
ау! – деп мырс еткен Никифоровқа ала көзімен ата қарады.
Еңіске түскен соң олар аралдың терістік-батыс беткейін
жағалай  отырып  терістік-шығысқа  бет  алды,  бұл  беткей
айналасы  жүз  шақырымға  жуық,  сүйір  басы  солтүстікке
бағытталып қисық сызылған үшбұрыш сияқты. Жол оншалық
ауыр болған жоқ, мұз шоқылар көбінесе жағамен жарыса
жатқандықтан, арадағы ашық айдынмен, аракідік ұшырасқан
белестерді басып жүре беруге жағдай туды. Каюрлар аспанға
қарап қойып, иттерін қыса айдады. Казачьеден шыққанда
тып-тынық, ап-ашық ауа райы бұзыла бастады: күн түтін
түстес ұлпа бұлт шымылдығының ішінде буалдырланып тұрды
да,  терістік-батыстан  ауық-ауық  ызғырық  жел  соқты.
Қоналқаға қолайсыз жерде боранға ілікпес үшін асығу керек
болды. Жағалаудан табылатын салынды ағашқа сеніп, отын
да ала шықпаған еді. Қылтадан жиырма шақырым жерде
тар да құлама мұзарт тап болды. Оның бір жерінен Горохов
жиһангездерге көзге  түсе  бермейтін  аңғарды  көрсетті,  бір
кезде  әжептәуір  айдынды  Жекекөл  осы  арадан  теңізге
қотарылыпты. Түлеген кезінде аралда жаз жайлап қалатын
жабайы  қаздардың  сүйікті  орны  да  осы  көл  еді.  Оған
кәсіпкерлер де көп келіп, түлеп жүрген қаздарды
1
 жүздеп
таяқпен  ұрып  ала  беретін.  Көл  құрып  кеткен  соң  қаздар
1
 Қаздар түлеген кезде қауырсының жүні түсіп, ұша алмайды.

39
басқа жаққа ауып, кәсіпкерлер өздеріне де, иттеріне де нәпақа
болып тұрған олжасынан құрамай қапты.
Үлкен Қыстақ өзенінен асқан соң арал жағасы тегістеніп,
қиырынан орталық Хаптағай тауы көрініп тұратын тұсқа қарай
біртіндеп биіктейді. Осы өзеннің сағасынан бастап алыстан
әрең көрінген Кіші Ляховский аралының терістік пұшпағына
шығу үшін бірте-бірте жағадан жырылып, оңтүстікке қарай
ойыса беру керек еді. Алайда каюрлар батыс көкжиекті көзбен
шалып алды да, жағаның тура өзін бойлай жүрген жөн деп,
иттерін бұрынғыдан да қыса айдады.
– Күн бұзылғанша бұлардың Ванька мүйісіне жетіп алғысы
келді, – деп түсіндірді олардың ойын каюрлармен бірер сөз
қатысқан  Горохов.  –  Мүйістің  арғы  жағында  бораннан
қорғануға да, отындық ағаш табуға да болады.
Түс ауа Адасқақ өзенінің  сағасынан аса-ақ батыс желі
жебей  соғып,  сеңгір-сеңгір  сеңдер  басындағы  ұлпа қарды
ұйтқытып, алақұйындатып айналаны шаңыттырып жіберді.
Еңкейген күн осы алақұйынның арасынан зорға сығалайды.
Күн  суытып  кетті.  Тегіс  жерде  иттер  бар  пәрменімен
жүгіріп, шаңғылы адамдар әрең ілесіп келеді, мұз шоқыларға
тап болып, нарталарды сүйреп шығару үшін қолмен жұмыс
істегенде ғана сәл табан суытып алады.
Жел сәл саябырланып, көз көріне бастағанда алдан Ванька
мүйісінің қарауытқан тұлғасы шалынды. Тир өзенінің сағасынан
асқан соң теңізге дендей сұғынып мүйісті айнала берді олар.
Бұл тұста батыс жақтан аспан қорғасындай сұрланып алып,
ұйтқып-ұйтқып кеткен жел жығып кете жаздайды, қар көз
аштырмай,  өткір  инесін бетке  қадайды,  иттер  басын  оңға
бұрып, тұмсығын жерге төсей жүгіреді.
Мүйісті  әупіріммен  орап  өтіп еді,  тыныс  та  кеңіп  сала
берді, тасада жел онша ексімдей алған жоқ. Тас төбеде қар
бұлтын іріккен аспан да сүттей аппақ, төменде сол бұлттан
үзілген бірер қар қапалағы ғана қалқиды.

40
Күн әлі ерте болғанымен, бұдан әрі жылжу жайын тіпті
ойлаудың  өзі  артық,  мүйістен  әрі  ақтүтек  боран  қойнына
сүңгимін  десең  де  қия  бастырмайды.  Мүйістен  шығысқа
таман көсілген терең бұғаз да ақтүтек арасында ғайып болған.
Мүйістің панасы өз төңірегіне ғана  жетіп тұр. Бұл жерде
қашаннан да баспана жоқ, сондықтан жаз жардан құлап тоң
болып қатқан қыртыстылау жер тауып, құламаның етегіне
шатыр  тігуге  тура  келеді.  Каюрлар  болса,  өздеріне  басқа
орын сайлап алды, балтамен шауып, тік жапсарлас күртік
қардан үңгіп үйшік жасады олар. Горохов жиһангездерге де
солардан  қалмай  қардан  күрке  жасап  алыңдар  деп  ақыл
берді, себебі жел терісыңғай шығып, мүйістің пана болмай
қалуы мүмкін. Боран бір басталса, тәулік бойы, тіпті екі күн
соғуы да ғажап емес.
Балта тиісімен тақта-тақта болып түсіп жатқан қасат қардан
апан қазу қиындық келтірген жоқ. Жел бағыты өзгерсе қалқа
болсын деп олар қар тақтасын дестелеп, апан аузына үйді.
Сосын жағалаудағы мұз шоқылар мен күртік қарды қазып,
отынға салынды ағаш тауып алған соң ғана нарталарының
жүгін  түсіріп,  тар  болса  да  жайлы  үйшіктеріне  жайғасты.
Нарталар мен сирек мұз тасасында байжарақ арасында ас
берер кезді күтіп, қалаштай бұратылып иттер жатыр. Отты
олар қар күркенің ішіне емес, жар қабырғасының тасасына
жақты,  өйтпегенде  жылудан  үйшіктің  іші  еріп,  кісілердің
төбесінен тамшы ағатын еді.
Боран түні бойы соғып, тек келесі күні түсте ғана тынды.
Жел  саябырлап, аспан  сәл ашылғанда ғана олар жолға
жиналды. Ванька мүйісінен он шақырымдай тұрған терістік-
батыстағы Кіші Ляховский аралының тура тұмсығына бағыт
ұстады  олар.  Бұл  арал  Үлкен  Ляховскийден  көп  кіші,
терістіктен  түстікке  қарай  қырық-елу  шақырым  созылып
жатқан айта қалардай құзар биігі жоқ, адырлы жота. Жағаны
бойлай отырып, аралды айнала орап олар терістік тұмсыққа
жетпей қоналқаға тоқтады. Жауын-шашыннан жалғыз-ақ пана

41
– сеңгір-сеңгір сең шоқылар, бірақ бұлардың бақытына қарай
тымық болды.
Келесі  күні жолдың  ең қиыны  –  Кіші Ляховский  мен
Қазандық аралдары арасындағы жетпіс шақырым жерді жүріп
өтуге тура келді. Қиын-қыстаулығы сол, бұл арадан шығыстан
батысқа қарай теңіз ағымы өтеді де, күзде көпке дейін қатпай
жатады, қатқан күннің өзінде де дауыл болса, мұзы ашылып
кетеді.  Соның  салдарынан  көшкін  мұздар  жиі  қозғалып,
сеңдер тау-төбе болып көп тізіледі.
Теңізде қонса қажет отын, ол-пұлын артып олар Қазандық
аралындағы ең түстікте тұрған Аю мүйісін бетке алып терістік-
батысқа жылжыды. Қазандық аралы көкжиекте төңкерген
қазан сияқты дөңкиіп көзге шалынады, аты да осы көрінісінен
алынса керек. Аралдың ең биік нүктесі Молақатын тауының
шағын шыңы сол қазанға шығып тұрған тәрізді.
Бастапқы жиырма шақырым жол тіпті жеңіл болды, сеңдер
сирек  әрі  аз.  Алайда  ағым  мен  күзгі  жылым  алқабында
бірінен-бірі  сұсты  сеңдер  басталды.  Кейбір  мұз  шоқылар
шоғыры мен жеке сеңдердің биіктігі жиырма метрге жетеді.
Балта қолданып жолды қиып салуға, әбден титықтаған иттерге
көмек беріп, нарталарды арқанмен (өрме қайыс арқан) сүйреп
шығаруға тура келді. Кей сеңдерге бір, иә жарым сағат кетті.
Сондықтан күн батқанша жолдың жарымы ғана және бір
жақсысы, ең қиыны артта қалды. Асу бермеген бір сеңгір
сеңнің  түбіне  түнеуге  мәжбүр  болды  олар.  Бірнеше  мұз
шоқыны ықтап шатыр құрды да, апыл-құпыл ауқаттанып
алып  жатып  қалды.  Күні  бойы  қалжыраған  олар  қатты
ұйықтады.
Түн ортасында төбесінде шатырдың қатты сықырлағанынан
оянған Горохов:
– Тағы да ұйтқып кеткені ме? – деп міңгірлеген қалпы
келесі жамбасына аунап жатпақ еді, шатыр быт-шыты шығып
жыртылардай, шайқалып-шайқалып кетті.

42
«Шамасы, жайшылық емес» деп ойлаған Горохов төсек
қаптан шығып ауызға барып, қалың матаны әрең ысырып,
басын сыртқа шығарды. Мұздақ қар бетін сабалап, көзді
аштырмайды. Шатыр ұшқалы қомданған құстай желпілдеп
бір орында тұрар емес.
«Не лаж бар, бәрін де оятып, беркіне беру керек, – деп
ойлады кәсіпкер, – әйтпесе жазым болуымыз кәдік».
Ұйықтап жатқандарды ол шайқап оятып, бесеуі де төрт
тағандай еңбектеп сыртқа шығып, шатыр іргесін ұстап тұрған
темір қазықтарды мұзға тереңдете қағуға кірісті. Сонан соң
үшеуі  де  еңбектеп  жүріп  жүк  тиелген  нарталарды  сүйреп
әкеп,  үшеуін  шатырдың  үш  жағына  қойып,  арқанмен
матастырып байлап тастады. Осының өзіне көп қайрат-күш
жұмсауға тура келді: жел аяқтан шалып, тынысты тарылтып,
қар көзді аштырмады;  төңірек түгел қап-қараңғы, үш адым
жерден біріңді бірің тани алмайсың. Сеңгір-сеңгір сеңдердің
саңылауынан өкіріп, өксіп, ұлыған, ысқырған желдің арасынан
он қадам жерде тұрған каюрлар шатырынан балта тоқылы
келді. Олар да оянып, бекініп жатқанға ұқсайды.
Қолдан келген амалдың бәрін жасап болып, ұйықтағалы
қайта қисайғанда олар ұзақ уақыт жылына алмады, әбден
жел  өтіп,  қойны-қонышына,  тіпті жеңіне  дейін  қар толып
қалыпты. Таң ағара бірінші болып оянған Горюновтың боран
басылмасына көзі жетті. Бірақ шатыр қозғалмай, үстін қар
басып бүйірі тысырайып, ауыр  салмақтан үрген қарындай
жарылғалы шақ тұрды. Тағы да сыртқа шығып қарды аршуға
тура  келді.  Горюнов  жолдастарын  оятпай,  бұл  жұмысты
күрекпен өзі-ақ жайғап тастады. Буалдыр мұнар арасынан
маңайдағы  мұз  шоқылар көріне  бастады,  жел  бәсеңдеген
сияқты, оның есесіне жылбысқы ұлпа қарды үйіпті де салыпты.
Қырылдаған айқай мен қатты ыңқыл Горюновты каюрлар
шатыры жаққа жалт қаратты. Шатыр әлгінде ғана қарауытып

43
тұр  еді,  енді  көрінбей  кетті.  Бір  пәленің  болғанын  іштей
сезген ол адым сайын қарға көміліп қалған иттерге сүрініп
жүгіріп  келді.  Бақса,  бұлардың  шатыры  ескі  екен,  ауыр
салмаққа шыдамай жыртылып кетіп, ұйқыда жатқандарды
қар  басып  қалыпты.  Олар қар  басқан  көрпесінің  астында
тырп  ете  алмай,  ауа  жетпегеннен  тұншығып,  ыңырсып,
барлығып жатыр екен.
Горюнов  шатырына  қайта  кеп  жолдастарын  оятып,  өзі
күрекпен  қар  көмген  каюрларды  аршып  алуға  кірісті.  Іле
жеткен Горохов пен Ордин де оған көмектесіп, шатырды
қарымен басқа жерге көтеріп қойып, кісілерді құтқарып алды,
біреуі талықсып қалған екен, оның есін енгізуге тура келді.
Өстіп әуреленіп жүргенде жарық болып, боран басылып,
күн ашылды, қар жаууы сиреп, жел аракідік қана ұйтқып
кетіп тұрды, шығыстан өлеусіреп күннің көзі көрінді. Иттерді,
нарталарды аршып алып, шай ішіп олар қайта жолға шықты.
Жаңа түскен қар жабысқақтанып аяққа едәуір тұсау болды,
ол  ойлы-қырлы  жердің  бәрін  тегістеп  жіберіп,  иттер  де,
нарталар да оппаларға түсіп кетіп отырды. Иттерге жол төсеп
отыру үшін екі адам алда шаңғымен жүрді.
Қазандық  аралының  жотасы  алда  көкжиектің  ширек
бөлегін алып жатты, енді онан менмұндалаған шыңдар мен
жаға  жарын  айыруға  болатындай,  қар  көрпенің  арасынан
жеке-жеке ноқат құсап құзтастар қарауытады. Одан оңға
қарай арасы онша қашық емес Фадеев аралы көкжиектен
болар-болмас қана көзге шалынып жатыр.
Күн батқанша қыруар мұз шоқылар шоғырын артқа тастап,
олар Аю мүйісіне жетіп, одан соң оңтүстік-шығыс жағалаудағы
лашыққа дейін жеделдетіп бес шақырым және жүрді. Бұл
жаға  Үлкен  Ляховский  аралының  жағасындағыдай  мұз
құрсанған емес, қатты тау жыныстарынан тұрады екен, ол
жыныстар  кейде  мұз  үстіне  қабырға  боп  қаланып,  кейде
күртік қармен қалқаланып теңізге шымылдық боп ұсталғандай.

44
ҚАЗАНДЫҚ АРАЛЫН ЖАҒАЛАЙ
Жағадағы лашық жартылай құлап қалған екен. Олжа онша
болмағандықтан бұл аралға кәсіпкерлер онша келмейді және
жетуі де оңай емес. Сондықтан аралдарға ғылыми-зерттеу
жүргізген  кезде  жөнделетін  лашыққа  жылдап  адам  қолы
тимейді, сонан шатырынан тамшы ағып, төбесі опырылып,
қабырғалары құлайды.  Бірақ түнеп шығу  үшін жөндеудің
ретін таппай, күн жақсы болған соң олар мұзға қонды.
Елең-алаңда бәрі иттердің абалағанынан оянды.
– Аю болып жүрмесін! – деп Горохов шала-шарпы киінген
бойы мылтығын алып шатырдан ата шықты. Қалғандары да
оған ілесе  шығып  ғажап бір  көріністен  аңтарылып  қалды.
Иттердің арғы жағында он қадамдай жерде батылсыздана
қарап үш ақ аю тұр. Байлаулы сексен иттің бәрі қарғысында
шапшып, артқы  аяғынан тік  тұрып, шаптыға  шабаланады.
Ырылдаған, қырылдаған ызы-шуынан тірі тұрсын, өлі адам
оянғандай.  Зады,  аюлар  екі  жақ  бүйірден  ешбіріне
жұлмалатпай қай итті тарпа бас сап бүктеп тастауды ойлап
тұрса керек. Байлауы матасып бір жерге топырлап, сонда да
шабаланып  жатқан  иттердің  шеткі  жегініне  аюлар  бұрыла
беріп еді, сол сәт екі шатырдан да мылтық гүрс етті. Ординнің
атқан оғы тиген бір аю мұзға мұрттай ұшты да, қалған екеуі
қан-жоса із тастап тұра қашты. Каюрлар бар, Горохов пен
Горюнов  бар,  шамасы,  қатты  жараланған  бір  аюды  қуып
жетіп, соғып алды. Үшінші аю сеңдердің арасына кіріп жан
сауғалады.
Аяқ астынан түскен олжа кісілерді де, иттерді де етке
кәре  ғып  тастады  және  аралдың  теріскей  шалғайынан
салынбақ  қоймаға  қыруар  сақтық  сүр  қалдыруға  жағдай
жасады.
Етті мүшелеп бөлу аз-ақ уақыт алды да, ұзамай керуен
терістікті бетке  ап ілгері жылжыды. Арал жағалай саяхат
жасауға табаны күректей төрт күн кетті, себебі ол ұзынынан

45
жүз сексен шақырым болғанымен, жаға бойлай жүргенде екі
жүзден асушы еді. Іштей қарағанда арал түгел таулы, тастақты
тундраға ұқсайды.
Арал жағалай ақырғы асудан асарда түс ауа Решетникова
өзенінің сағасынан өтер тұста күн кенеттен тағы да бұзылды.
Аспанды әудемде бұлт торлап, оңтүстік-батыстан жел тұрды
да, қар төпеді. Аяз күшті болмағасын қарға қарамай олар
ілгері тарта берді, ойға алған Қазандық аралының терістік
тұмсығы таяу еді.
Аралдың бұл тұмсығы біртегіс мүйіс тәрізді. Қыстап қалсақ
қажет болар деп Толль экспедициясы қойманы соған тақау
салған. Құрлыққа қайтар жолда қыстауға тура келе ме деп
Горюнов та қоймасын сол лашықтан сайламақ болды.
Лашық тәп-тәуір екен, онан іздестіру аяқталған соң қажеті
болмай қалдырып кеткен біраз азық-түлік табылды;  оның
ішінде әжептәуір сүр, бірнеше жәшік консерві мен кепкен
нан, бір теген аю майы, тіпті қатып жатқан тұтас бұғы еті
бар. Аралды жаз көп бұғы жайлайды, олар ерте көктемде
мұз  үстімен  келіп,  күзде  су  қатқан  соң  құрлыққа  қайта
оралады.  Олар  осынау  қиын  сапарға  ата  жауы  адамнан
сақтанып бас тігеді, әйтпесе күз терістіктен қайтқанда жел
құлап, жұқа мұздың ойылып кетуі кәдік. Оның үстіне арал
емін-еркін жайлауына жақсы және құрлықтағыдай адамды
да, хайуанды да мезі қылатын маса-сона жоқ.
Бұғылардың  аралға  өтуі  басталғанға  ұқсайды,  Кіші
Ляховский маңында ара-тұра олардың ізі көзге шалынды.
Каюрлар болса келуі енді жиілеуге тиіс бұғыларды қайтар
жолда  ауламақ.  Сондықтан  олар  нарталарындағы  жүкті
түсіріп,  жиһангездермен  қош  айтысып,  қалған  күнді
пайдаланып бұғы аулау үшін қоналқаға қолайлы жер іздеп,
Қазандық  аралының  шығыс  жақ  жиегін  бойлай  тартты.
Олардан экспедиция барысын баяндап, Горюнов Шенкке
хат жазып жіберді. Бұл Горюновтьң жіберіп үлгерген ақтық
хабары еді, оның өзі астанаға тек күзде ғана жетуі керек.

46
Жиһангездер каюрлармен көңілі құлази қоштасып, қашан
олар қылтадан бұрылып көзден ғайып болғанша ту сыртынан
қарап тұрды. Өзге әлеммен бұларды жалғастырып тұрған
ақырғы жіп те үзілді. Олар енді өздеріне өздері ғана сүйеніп,
басқа бір көмек жайын тіпті қаперіне де алмай, беймәлім
тірліктің табалдырығында жападан-жалғыз қалды.
Ауыр ойдан арылу үшін олар қоймаға қалдырмақ мүліктері
мен азық-түліктерін реттеп сұрыптай бастады, ертеңіне күн
жақсы болса, терістікке қарай жедел жол тартпақ. Мезгіл
наурыздың  аяғы,  күннің  ұзақтығы он  үш  сағаттан  асады,
ашық  болса  жер  жіпсіп,  жол  бұзылуы  ықтимал.  Олар
жәшіктерді сұрыптап белгі салып, дестелеп лашықтың түкпіріне
тықты, соның өзінде оларға қонып шығар орын қалды.
Кешкісін басылған жел түн ортасында қайта күшейіп, аяз
40 градустан асты, онымен қоймай боран көтерілді. Таң ата
иттерге ас құйғалы тысқа шыққан Горохов пен Никифоров
тоңып жаурап келіп, жол жүру мүмкін емес екенін хабарлады.
Мұндайда тырп етпей тек жату керек, жатпаса тандырдан
түтін шалқыған күңгірт лашықта отырып барқадар таппайсың.
Олар тек ас әзірлегенде ғана тұрып, қалған уақытта жамбастап
жатты да қойды.
Бораннан  амалсыз  отырып  қалған  күннің  ертеңіне
Никифоров  тандырға  от  тұтатып  жүріп,  лашықтың  бір
бұрышына үйілген отынның арасынан сырты бұдырмақты,
сәл иілген, бір ұшы істік ап-ауыр әлдене тауып алды. Оны
қолында аударыстырып тұрып, жанатынына шүбәланған ол
Гороховқа көрсетті.
– Бұл эксекю құстың тырнағы болса керек, – деді якут.
– Тырнақ? Қой, бұл менің қолымнан сәл ғана қысқа ғой,
–  деп  таңданды  казак.  –  Тырнағы  мынадай  құс  біздің
лашығымыздан да  үлкен болуы керек  қой онда.  Бұл құс
қайда мекендейді?
–  Қариялар  ол  Қазандық  аралында  болған  дейтін.
Алғашқы  кәсіпкерлер  оны  көрсе  керек.  Осы  дұрыс  деп
ойлайсыз ба, қалай, Матвей Иванович?

47
Горюнов  олжаны аудара  қарап  мырс  етті  де,  Ординге
ұсынып жатып былай деді:
–  Бұл  –  мамонттьң  тұстасы,  ұзын  қылшықты
мүйізтұмсықтың  мүйізі.  Мұндай  мүйіздерді  мен  Якут
музейінде де, Петербургта Ғылым академиясының музейінде
де көргенмін.
– Онда мұны неге алып құстың тырнағы санайды?
–  Себебі  бұл  түрімен  де,  бетіндегі  бұдырмағымен  де
тырнаққа ұқсайды. Біздің өлкедегі юкагир, ламут, тұңғыстың
бәрі де осылай ойлайды. Оны айтасың, кейбір оқымыстылар
да  осы  пікірге  тоқтаған.  Новосибирь  аралдарын  алғаш
зерттеуші Геденшторм «Сібір туралы үзік ойлар» кітабында
әлгі тырнақтар жайында құстікі екеніне еш күмән келтірмей-
ақ айтады. Қазандық аралында Толль Қымбат өзегіне таяу
Эксекю қырқасына шыққан, сонда оны да жолбастаушылары
әлгі құстың осы арада тіршілік ететініне иландырған. Олар
құстың  үлкендігі сонша,  ол ұшқанда  күннің көзі  көрінбей
қалушы еді дейді. Қазандыққа бірінші келген кәсіпкерлер
қырқаға шыққанда жаңағы құс «маук», «маук» деп шаңқылдап
ұша жөнелген. Төбеден олар жұмыртқа қабығы мен үлкен-
үлкен қауырсындар тапқан. Бірақ содан қайтып құстың өзін
көрген тірі пенде жоқ.
–  Айтуға қарағанда  оның  екі басы  болған,  – деп  сөз
қыстырды Горохов.
– Иә, иә. Бәрінен де біздің бақыр теңгелердегі екі басты
бүркіттің юкагирлердің ойынша, эксекю құсы болуы ғажап.
Врангельдің  айтуынша,  оларда  құс  туралы  таңғажайып
аңыздар  көп.  Кейде  мүйіздердің  қасынан  табылатын
мүйізтұмсық бассүйегін олар эксекюдікі деп те салады.
– Сібірдің тұрғын халқы мамонт туралы да неше түрлі
ертегі, соғады, – деді Ордин.
Бұл күні жиһангездер Горохов пен Никифоровтан мамонт
және  басқа  жойылып  кеткен  жануарлар  жайында  сұрап,
өздерінің кітаптан оқығандарын айтып уақыт қысқартты.

48
МҰЗДЫ ТЕҢІЗ АРҚЫЛЫ
Жиһангездерді үш тәулік бойы тұтқынында ұстаған боран
да ақыры басылды-ау. Көктемгі күн шұғыласы Қазандық
аралының  терістігіндегі  мүйісінен  басталып,  батысқа  да,
шығысқа да,  солтүстікке де  кең жайылып  кеткен Мұзды
теңіздің шалқар айдынын кіреукелеген ақ қарға шағылып,
сәскеден-ақ айнадай жалтырады да жатты. Көзді қарықтырып
алмас  үшін  барлығының  да  көзілдірік  киюіне  тура  келді.
Әйтпесе Қиыр Солтүстікте көктемде көп болатын көз ауруына
шалдығуы кәдік. Күн әлі аласа тұр, әсіресе соңғы жауыннан
кейін жалтырап кеткен айдын қары құйтақандай мың сан
айнаны шұғылаға шағылыстырып бетке ұстағандай, өткір нұр
жарқ-жұрқ етіп көзді қарықтырады. Ондайда кісі бірнеше
күн түк көрмей қалады да, оның ақыры  жанарды шағып
шымшылаған ауруға ұласып, жаныңды жай тапқызбайды.
Ең күңгірт көзілдіріктің өзі, екі жаны қалың тормен қапталып
бетке жабысып тұрмаса, көмек бере алмайды. Тұрғылықты
жұрт  ортасынан  сәл  ғана  саңылау  шығарып  көзілдірікті
тақтайдан жасайды, алайда ол да ұдайы пана бола бермейді.
Горохов пен Никифоров күртік астынан нарталарды қазып
алып, иттерді жегіп, жүктерді артып болғанша үш жиһангез
маңайды барлап, теңіз арқылы жүрер бағытты болжағалы
мүйістің ту сыртында тұрған жатаған төбеге көтерілді, ашық
күн алыстың өзін алға жайып тұр.
Қыс  боран  білгенін  істеген  теңіздің  қарлы  айдыны  әр
жерден бұзылып, сеңдер үздік-создық созылып ана тұстан
бір, мына тұстан  бір состиып,  қар  қаптаған жылтыр  ұшы
жасыл тартып, айнадай жарқыраған басқа мұз шоқылардан
оғаш көрінеді. Кейде ақ киіздің арасынан қоңыр жолақтар
шалынады,  бұл  –  жылым  емес,  қарын  жел  сыпырып,
жалтыратып  тастаған  мұз.  Төменде  қырық  шақырымдай
қиырда ғана бозамық тұман арасынан ашық теңіз – көкжиекті
тұтас  алып  жылым  жатыр,  оны  тіпті  айналып  өтуге  де

49
болмастай. Аспан бұлыңғыр болғанда ашық су қара дақ құсап
көрінеді, себебі оған сұр бұлттың көлеңкесі түседі.
Жылымнан  әрі  жатқан  алқапты  тұман  басып  терістік
көкжиектің  тап  түкпірінен  мұнардан  қылтиып  бір  қара
бұлдырайды.
– Дәу де болса Беннетта аралы анау, – деп оған
бірінші болып көзі түскен Ордин дауыстап жіберді.
Ол нұсқаған жаққа Горюнов пен Костяков жалт қарады.
Горюнов бірден компасқа жармасты.
– Беннетта аралы бұл емес, – деді Горюнов. – Ол арал
шығысқа қарай бұрыс және Қазандықтан көрінбейді де. Зәуде
бір сағым болмаса, біздің  көріп тұрғанымыз – Санников
жері.  Толльдің  айтуына  қарағанда,  ол  осы  жақта  болуға
тиіс.
Жалма-жан екеуі дүрбісін суырып, біреуі «Санников жерін
іздеу үшін» Шенк берген көне қарауыл тұрбаны қолға алды.
Жылым тұманының ар жағынан әлгі қара бірде қылаң етеді,
бірде көрінбей кетеді. Соған қарамастан оның басында қар
жатқан сүп-сүйір шыңдар тізбегі екенін, бөлек-бөлек болып
көрінгенімен, тұтас қарлы дала екенін көріп білді олар. Жаңағы
сілем біраз жерге дейін жалғасып барады да, екі жақ еңіске
қарай  сіңіп  жоқ  боп  кетеді.  Тура  жүрсе,  оған  дейін  жүз
жиырма-жүз отыз шақырым жер.
– Анау, сөз жоқ, жер!
– Жер болғанда да жоғары, таулы жер!
– Қалайша, оны қар тұтас басып жатқан жоқ?
– Сірә, тау баурайы бар тұсы бірдей қар ұстамайтын тік
жар болуға тиіс.
– Ондай құзар биік тауларда қаз-үйрекке де, онкилондарға
да орын болмасқа керек.
– Таулардың ортасында жазық жер бар.
– Қайткенмен де бұл сағым емес, Санников жері, – деп
мәлімдеді Горюнов. – Ол көкжиектің Толль мен Санниковтың
өзі көрген тұсында тұр. Сағым болса ұдайы бір орында тұруы

50
тиіс  емес, ол  жылымның үстінде  іркіліп, жылымның орын
ауыстыруына қарай түр көрінісін де өзгертіп тұрады.
Жақсы дүрбіден қарауыл тұрба тәуір боп  шықты, оны
ұстап тұрған Костюков екі тау сілемін көріп, алдыңғысының
аласа әрі бастан-аяқ аппақ екенін, аржағындағы биігінің қара
құз, шың екенін ажыратып та берді.
– Екі жотаның арасы жазық екенінде шек жоқ, бәлкім,
кең де жазық болуы.
–  Оны  мекендеген  онкилондарға  адам  аяғы  жетпеген
десеңші, – деп сөз қосты Ордин.
– Ал біз барып қой, олардың тыныш тіршілігінің шырқын
бұзамыз, – деп қосарланды Костюков. – Былайғы дүниеден
бірнеше  ғасыр  бөлініп  қалған  адамдарды  көз  алдыңа
келтірудің өзі қиын.
Иттердің үргені, ұлығаны, қыңсылағаны қырқаға да жетіп,
әңгімені үзді де, жолға шығу керек екенін еске салғандай
болды. Боран иә қатты аяз болмаса ғой, бұл ит бейшаралар
шапшаң жүргенді қалап, бәрі дайын болған кезде, осылай
үріп, ұлып өздерінше қуанышын білдіріп жатады. Горюнов
компасын жаңағы жұмбақ дүниеге қарай тағы бір бағыттап
алды да, үшеуі де еңістегі, үйшікке беттеді.
– Дегенмен жер бүгін көрінді ме? – деп Горохов оларды
сауалмен қарсы алды.
– Тамаша көрініп тұр, ешқандай күмән енді болуы да
тиіс емес, – деді Горюнов.
–  Көру  керек  екен  өзін.  Сіздер  шай ішкенше  қырқаға
жүгіріп шығып та келемін. Мен бір-ақ рет көрдім, оның өзі
де шала-шарпы.
Жиһангездердің  дүрбісін  алып,  екі  кәсіпкер  қырқаға
жөнелді. Біреулер лашыққа, біреулер төбеге қарай тартқанын
көріп тыншыққан иттер жегілген қалпы жата-жата кетті.
Төбеден түскен Горохов пен Никифоров та Санников жері
өте жақсы көрінетінін өздері оны бұрын да сол бағдардан
байқағанын айтты.

51
Ұзамай кішкентай керуен мүйістен теңізге түсіп, тұп-тура
терістікке  тартты.  Үш  күн  тыныққан  иттердің  жүрісі
нарталарға  бір  аптаға  жетерлік  отын  сияқты  үстеме  жүк
тиелгеніне қарамастан ширақ-ақ. Жұмбақ жерге арада үш-ақ
қонып жетуге болар еді, бірақ боран көтеріліп кетіп, тағы да
аяққа тұсау болуы кәдік. Өйтсе үскірік аязда шай қайнатып,
ас-су ысытып іше алмайтын жерге түнеу де қиын.
Тегіс жермен олар тез жүріп, сең кездескенде шабандап
қалып келеді. Кешқұрым қырық шақырымдай жол жүріп
сеңгір-сеңгір сеңдер арасынан мұз шоқылардан панасы бар
жазық тауып, қоналқаға тоқтады. Шатырды шапшаң тігіп
жіберіп, от жағып, ас пісірді, сонан соң қып-қызыл алауы
мұз үстінде ойнаған оттың басында сағат шамасы, отырды.
Күн батысқа сүңгіп ғайып болды, түстікте алашабыр бұлт
арасынан ай көрініп жоқ боп, көрініп жоқ боп жүр, терістікте
сарғыш доға мен діңгекке ұқсас әлжуаз солтүстік шұғыласы
ойнайды. Ай бұлтқа енгенде ол ап-айқын көрінеді.
Ұйықтар алдында Горюнов көкжиекті және бір шолғалы
мұз шоқыға шықты. Ай сығалап, қарлы жазықты, төбе-төбе
сіреу сеңдерді көгілдір жұмсақ бір нұрға малып тұр. Түстіктен
суық  жел  соғып,  көкжиекте  қара  бұлт  түнереді,  оның  ар
жағында Қазандық аралының жотасы қарауытады.
Ертеңінде күн түнеріп, түстіктен жел күшейе түсті. Горохов
пен Никифоров бораннан секем алып, иттерді қыса айдады.
Бірақ мұз біртегіс емес, шақырым сайын мұз шоқылар тізбегі
тап келіп, бұрынғыдай болмай, жүріс шабандап кетті. Сұрқай
аспанда таң атқаннан бері бір жолақ тұр, бұл – алда кең
шалқар жылым жатқанының белгісі. Кешке қарай жылым
тіпті жақын қалды, құлаққа толқын шуы келді. Биік бір мұз
шоқыдан асқанда қарсы алдан жарты шақырымдай ашық
теңіз шыға келді, айдыны – ақшулан толқын, көшкін мұз.

52
Теңіз тіпті көкжиекке дейін көсіліп кеткен. Боран көтеріп
кетпесе, ертең енді осыдан өту қажет.
Сондықтан байдарқаларды тез түсіріп, жүк тиеуге оңтайлы
болу үшін мұздың жиегіне жету керек, жел және түстіктен,
теңіз мұзды бұл жақтан бұзар деп қауіп ойлауға болмайды.
Қоналқаға олар ашық айдынға жүз елу қадамдай ғана мұз
шоқының іргесіне кеп тоқтады, оның өзінде шатыр, нарталар
мен иттер әрең сиятын алаңқайды зордың күшімен тапты;
бұл – батыс пен түстік жақтан түксиген биік мұзарттар төнген
жер, жалпы, бұл ара соңғы соққан терістік желі бүкіл сеңді
қуып кеп бірінің үстіне бірін үйіп кеткенінің айғағы секілді.
Сең пана болып әрі есік аузынан от жағылған шатыр жылы
да жайлы еді. Онысы не керек, түнге қарай жел күшейіп,
боран  көтерілді.  Шатырдан  бес-алты  метр  жоғарырақ
қапалақтап, ұйтқи соғып, үйіре борап қар қалай төпеп тұрғаны
от жарығымен айқын көрінеді. Желдің екпінімен қалың мұз
қақырап, ызыңдаған, ұлыған үндерді сап жұтып, ауық-ауық
гүрс еткен дыбыс құлақ тұндырады.
– Бұл несі тағы да? – деп гүрсіл алғаш естілгенде шошынған
Костяков айғайлап та жіберді.
– Мұз жарылып жатыр, – деп жауап берді Горюнов.
– Иә, мұз жарылды, – деп қоштады Горохов сабырмен.
– Егер жел теріс айналып терістіктен соқса, ол да ықтимал,
онда толқын біз тұрған тұсты жиектей ұрып, мұзды сөгіп,
көтере бастайды ғой. Ал әзір жел түстіктен – қауіп ойлар
жөн жоқ.
– Қалай дегенмен де, қорқынышты-ау, Матвей Иванович,
– деді Никифоров. – Ойлап қараңызшы, біз ғой шылым
шегіп, әзіл айтып қаннен-қаперсіз отырмыз, ал астымызда
небары екі-ақ аршын мұз, онан әрі түпсіз тұңғиық емес пе!
Аралдар арасы сәл алаңсыздау – теңіз терең емес, жер тиіп
тұр.

53
– Астымызда қандай тереңдік барының қажеті не бізге,
мейлі жиырма, қаласа жүз метр болсын! – деп мырс етті
Ордин. – Мұз жарылса, онда да, мұнда да қарық боламыз.
– Дегенмен мұнда қауіптірек, теңіз де, жер де көрінбейді
өйткені.
– Тоныңа қымтанып ұйықтай қалсаң, бәлкім, бәрін түсіңде
көрерсің, – деп қалжыңдады Горохов.
–  О  да  дұрыс,  әйткенмен  жаталық,  таң  атқанша
ұйықтайық, күн шыққан соң көңіл де тыншыр.
Алайда олар алаңдап ұйықтады, себебі мұзда жатқанда
оның алыс-жақын жарылғанының бәрі жақсы естіліп тұрады
екен. Иттер де әдеттен тыс тынымсыз ұйықтап, бірде бірі,
бірде басқасы маңқылдап, ырылдап мазаны алды. Горохов
әлденеше тұрып, шатырдан сығалап жел бағытын өзгерткен-
өзгертпегенін бақылады. Жарық түсіп барлығы оянғанда басу
айтқан да сол болды.
– Түк те жоқ, жел сол бағытынан соғып тұр, қозғалмай-
ақ жата берулеріңе болады.
Сәскеге дейін жатты да, қарны ашқан соң барып бір-ақ
тұрды бәрі. От жағып, шай қойды. Горохов пен Никифоров
иттерге ас құюға кетті. Иттердің қаперінде тіпті түк жоқ, екі
сеңнің арасында желдің не екенін білмей бір жерге ұйлығып
жатыр  бәрі.  Боранның  беті  жаман,  бірде  бес-он  минут
басылады да, бірде екпіндеп ұли ала жөнеледі. Оның бір
тынған кезінде биік мұзға шыққан Горохов жан-жағын шолып
шығып, ысқырып айғай салды.
– Алайда, ағайындар, біз жүзіп бір жаққа маңып кетіппіз,
айнала – су.
Барлығының  да  зәресі  ұшып,  оған  ілесе  әлгі  мұзартқа
шықты:  кеше  мұзбен  келген  түстік  жақта  қарлы  мұнар
арасынан жойқын теңіз қарауытады, терістік жағы да су, ал
батыс пен шығыс тізбектеліп жатқан сеңгір-сеңгір сеңдер,

54
шетіне тіпті көз жетпейді және ештеңе айырып болмайды.
Көп тұруға мұрша келмеді, екпіндей жөнелген жел қапалақ-
қапалақ  қарымен  соққылап,  бәрін  еңіске  қуып  шықты.
Шатырға оралуға тура келді.
– Менің ойымша,  біз тұрған мұзды алқап  қалған мұз
айдынына нашар кіріккен, – деді Горюнов. – Мұз жарылған
кезде желдің ырқымен бұл жер бөлініп, теңізге қуып тасталған.
– Сонда қай жаққа?
– Әрине, солтүстікке, жел қайдан соғушы еді.
– Теңіздің бұл тұсында ағым болса ғой, бізді алысқа,
батыс болмаса шығысқа да айдап әкетеді.
– Әлбетте әкетеді.
– Енді не істейміз?
–  Ештеңе  істеуге  болмайды.  Ауа  райы  бұлай  болып
тұрғанда біздің байдаркамен жүзу қатер. Боранның басылуын
күтуден басқа лаж жоқ.
– Біз тұрған мұзды тағы да быт-шыт қылса ше?
– Осыған дейін быт-шыты шықпаған жалпақ мұз алда да
аман сақталар деп сенуге болады, тек басқа бір мұзартқа яки
сіреу сеңдерге соқпасын де.
– Ол үшін байдарқаларды сайлап, оларға керек-жарақты
артып қойған артық болмас.
– Дұрыс-ақ! – деп құптады Горохов.
Таңғы тамақты ішіп алып, нарталардың жүгін түсіріп, олар
байдарка құрастыруға кірісті. Құрап болып оларға жүк пен
нарталарды тиеді, қалғаны тек шатыр мен төсек орын ғана,
оларды да алғаш қатер төнгенде жиып алу қиын емес. Ара-
тұра жел саябырлаған сайын олар мұз шоқыға шығып, жан-
жақты  шолады,  бұрынғыдай  терістіктен  де,  түстіктен  де
теңіз көзге түседі, ара қашықтық – екі жақтан да жүз метрдей
жер.

55
Осылай бір күн өтті. Бұрынғысынша боран ұйтқып тұр.
Кешкі асын ішіп алып, жанып біткенше оттың жарығымен
отырды. Көңіл қобалжулы, кейде аяқ астындағы мұз ойнап
тұрғандай сезіледі. Алайда мұзда жаңа жарық пайда болғанын
білдіретін гүрсіл таң атқалы естілген жоқ. Шамасы, бөлініп
шыққан мұзарт берік болса керек, түнде олар кезек күзетісті
– жаман айтпай жақсы жоқ. Жел саябырлап, ара-арасында
күңгірт ай да сығалап қояды.
Күзет кезегі соңынан тиген Ордин ұйықтап кеткен екен,
бетіне шағылған күн шапағынан оянды. Ол көтерілген күн
мен  көгілдір  аспанға  таңырқай  қарады,  күн  айығып,  жел
бәсеңдепті, жаңа қар көз ұялтып жалт-жұлт етеді.
Ордин жалма-жан мұз шоқыға шығып, түстікте көкжиекке
дейін  көсіліп  жатқан  көк  теңізге,  оның  бетінде  шұғыла
ойнатқан  майда  толқынға  көз  тастады,  бұлар  тұрған  мұз
алаңының  батыс  жағы  жарты  шақырымдай  да,  шығысы
әлдеқайда келте. Теріскейде су танабынан әрі осылай қарай
баяу  жылжып  келе  жатқан  алып  мұзарт  көрінді.  Ордин
жалма-жан  жатқандарды  оятты,  бәрі  жүгіріп  жоғарыға
шықты.
–  Бәлкім,  шыққан  күн  бірден  көрсетпегенде  түстіктің
қайда, терістіктің қайда екенін білмей, мен бұрынғыдай теңіз
солтүстік  жақта  деп  тұра  бермек  екем!  –  деп  дауыстап
жіберді Костяков.
– Иә, біздің жолымыз болды, – деді Горюнов та. –
Байдаркамен  жүзіп,  жүк  тиеп,  түсіріп  жүрудің  орнына,
шатырда тыпыр етпей жаттық та, боран бізді теңізден өзі
өткізіп салды.
– Өзеннен салмен өткен сияқты десейші, – деп қойды
Горохов.
– Және қазына есебінен, ештеңе төлетпей өткізді ғой, –
деп күлді Никифоров.

56
– Алда әуейіленбей есте ұстасын деп боран-көкеміз аздап
қорқытып алды, – деді Костяков.
– Бұл бізді жағаға апарып тірер ме екен, әлде байдарканы
түсіруге тура келе ме? – деп сөз қозғады Ордин.
– Жағаға апарып тіреуге тиіс. Жүзуге көп те қалған жоқ,
жел тұрса мына мұз шоқылар – жақсы желкен.
– Әзір ауқаттанып алалық, сосын жолға қамдану керек,
– деп ұсыныс білдірді Горюнов.
Жел бәсең болғандықтан, экспедицияға аса сәтті паром
болған мұз алаңы алға қарай баяу жылжыды. Ас ішіп боп,
байдарканы  бөлектеп,  нарталарды  құрып,  олар  паромның
қозғалмайтын бір мұзды алқапқа барып тірелуін күтіп шоқыға
қайта шықты. Сағатқа жуық күтті, кенет мұздың шайқалғаны
байқалып, шет жағы сөгіліп, сең сынықтары бірінің үстіне
бірі шығып қалды. Ақырын соғылғаннан сеңдер елеусіз болып
шықты, паром шапшаң сап болды.
– Айлаққа әкеп тіреді, – деп айғай салды Горохов. Қолына
балта, күрек алып жол аршымақ оймен жиһангездер паромның
шетіне шықты да, біртегіс жер тауып алып, қозғалмайтын
мұзға әп-сәтте-ақ көшіп алды.
  Никифоров  келекелі  бір  кербездікпен  әлгі  келген  мұз
алаңына тағзым етіп, айғай салды.
– Рахмет, жігітім, жеткізіп салғанына! Айтары не, жақсы-
ақ серуендеттің!
Мұз паромның бағыттан онша ауытқымағанын ескеріп,
Горюнов биігірек бір шоқыдан Санников жерін көру, сөйтіп,
жолын  айқындап  алу  үшін  нарталарды  терістікке  қарай
бастады. Жол алғаш аса қиын болды, бір сеңнен кейін бір
сең кезігіп, түске дейін он-ақ шақырым жылжыды. Және
бұл сеңгір мұздар қиыр көкжиекті мүлдем көрсетпей тастап
қиын қылды. Әйтеуір түс ауа тегіс мұз басталып, көкжиекте
мұнар  арасынан  жұмбақ жердің  әлі  алыс  болса  да үшкір
шыңдары көзге бір шалынды-ау.

57
– Міне, үшінші күн жүріп келеміз, сонда да бір бар болғыр
қарасын көрсетер емес! – деді аса бір өкініш үнмен Горохов.
Оның торығыңқы үні қасында тұрған Горюновтың назарын
бірден аударып алды.
– Көмейіңде бір түйткіл бар-ау, Никита, – деді ол.
– Дұрыс айтасың. Күмәндануға айналдым. Әлгі мұзарт
бізді теңізді көктей өтіп, осында тегін әкелген жоқ, Матвей
Иванович. Маған мұның жер емес, сағым секілді болады да
тұрады. Арбап, алдап мұнартып тұра бере ме деп ойлаймын.
Алыстап кетіп, қайта алмай жүрмейік.
– Сенің  ойыңа  да қайдағы-жайдағы келеді екен, – деп
күлді Горюнов.  – Енді бірер күн  жүрелікші, ол  жер қол
созым ғана болады.
– Ал, меніңше, ертең ол жерің күмән қалдырмайтындай
болып айқын көрінбесе, кешікпей кері қайтқаннан дұрысы
жоқ.
Горюнов  сөзді  доғарып,  жұмбақ  жерге  бағыт  ұстады.
Жұмбақ  жер  енді  терістік  шығыстан  менмұндалады  –
зайыры, паром желдің ырқымен немесе ағыспен бұларды
батысқа  қарай  біраз  апарып  тастаса  керек.  Жол  бағытын
өзгертуге тура келді. Тегісірек мұз шапшаңырақ жүруге жағдай
туғызып,  кешке  дейін  бұлар  отыз  шақырымды  алып  та
тастады. Күн батар алдында көкжиек әбден айқындалып,
жиһангездер  ақ  жотаның  жон  арқасынан  тік  шаншылған
шыңдардың  қарауытқан  үшкір  бастарын  дүрбісіз-ақ  анық
көрді. Енді Гороховтың өзі де тынышталайын деді.
Сол  бағытпен  тағы  да  екі  күн  жол  жүрді.  Бірақ  күн
бұлыңғыр болып, жер көрінген жоқ, шамасы, жер бауырлай
жатқан бұлт оны жауып қалса керек. Ақыр аяғында үшінші
күні түскі үзілістен кейін мұз шоқылар түгел таусылып, аппақ
қар басқан далаға да табан тиіп, олар жоғары қарай көтеріле
бастады. Иттердің жүрісі бірден баяулады.

58
–  Аяғымыздың  астындағы  жер  емес  пе  өзі?  –  деп
дауыстап жіберді Ордин.
– Жер болғанда да тап өзі! – деп діттей түсті Никифоров.
–  Тауға  шығып  бара  жатқанымызды  иттерден-ақ
байқамайсың ба?
Осы кезде сәл сейілген бұлт астынан бірер шақырым алдан
биік аппақ жар шыға келді.
– Әзір бұл жерде қардан басқа ештеңе жоқ! – деп күңк
етті Костяков. – Тау бір жаққа тағы жасырынып қалды.
– Әбігерін қарашы енді! Ақ жардың астынан тауды да
табамыз. Керек болса қардан басқасы да тұр, әне! – деп
Горюнов керуеннен жүз қадамдай жерде қарайып тұрғанды
нұсқады.
Жалма-жан үшеуі де сол жерге тартты. Құз жартаспен
қоян-қолтық айқасқа шығатындай Ордин белінен балғасын
шешті. Қарлы жазықта адыр болып оқшау тұрған бұл жартас
біртегіс  жып-жылтыр  еді.  Үстін  жел  жалап,  боран  сипап
жалтыр мұз етіп тастаған. Шапқыны тастың жарығына тығып
жіберіп, басып қалғанда бір кесек тау жынысы ұшып түсті.
Оны Ордин абайлап аудара қарап:
– Міне, бұл базальт болса керек, – деді.
– Күтеріміздің өзі осы еді ғой, – деп салды Горюнов. –
Зады, бұл жанартау жынысы Мұзды мұхит аралдарынан
көп табылса керек, мұның өзі – бұл арада бағзы бір кезде
ыстық лава атқылағанының белгісі.
– Еһ, шіркін, онда ғой қазіргідей емес, жылы болған бұл
ара, ә! – деп өкінген сыңай білдірді Костяков.
Базальт кесегі Никифоровпен бірге нарталардың қасында
қалған Гороховқа салтанатпен алып келінді. Мұның өзі аяқ
астында жұмбақ өлке Санников жері жатқанының ең жақсы
дәлелі еді, кім білсін, бұған адам табаны тұңғыш тиіп тұрған
шығар.

59
Жылғамен баяу жоғарылай отырып, екі сағат шамасында
керуен тағы бір аппақ құлама жардың түбінен шықты. Жар
қабырғасы селдір тұман арасынан айқын көрініп, екі жақтан
да жылғалана жолды кесіп, көз ұшына сүңгіп барады. Жоғары
қарай енді тік көтерілмей, қиғаштай шығуға тура келді. Боран
таптаған қардың қатқаны сонша, тіпті ауыр нартаның табан
ізі әрең түседі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет