Оқытудағы инновациялық технология – білім берудің жаңа сапасымен қамтамасыз етудің кепілі



бет638/668
Дата24.04.2022
өлшемі5,4 Mb.
#32069
1   ...   634   635   636   637   638   639   640   641   ...   668
Байланысты:
0af59d8244807d5f4ebcfd2f93068a1d

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӘН-КҮЙ ӨНЕРІ
Жимбаева Б.Қ. (Ақтөбе)
Әншілік дәстүр. Ән өнері жеке адам сезімінен бастап тұтас халық тағдырына дейін сергек үн қосуға мейлінше оңтай. Адам қоғамындағы үлкенді-кішілі барша құбылыс әнге арқау бола алады. Ұлы Абай ән өнерінің бұл қасиетін:

„Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең",-деп түйіндеген.

Қазақтың ән өнері, оның көл-көсір мол нұсқалары өзінің өн-бойына айырықша қастерлі қасиеттер жинақтай отырып, шын мәнінде халық болмысының шежірелі сазы бола алған. Кейде творчество адамына замана тұлғасын сомдау керек, өлмес өнер тілімен уақыттың портретін жасау керек деген талап қойылады. Алайда, рухани үрдістердің қай-қайсысы да ең алдымен заманалық нәтиже екенін, уақыттың айғағы болатыны да қаперде бола бермейді. Көркем өнердің барша болмысы тарихи-әлеуметтік жағдайдан тыс болатын үрдіс емес. Тұтас бір тарихи кезеңдерде рухани құлдыраулардың, тіптен рухани ақтаңдақтардың болғаны өнер шежіресінен белгілі. Яғни, өнер түрлері өзінің шырқау биігінде де немесе жер бауырлап құлдыраған кезінде де тек қана өз уақытының айғағы болып қалатыны кәміл. Өнердің осынау заңдылығы қазақ әндеріне де жат емес. Қазақ ән өнерінің тек қана музыкалық бітіміне назар аударып қоймай, оның тарихи тек- тамырына ден қойып, халықтың қатпарлы өмір жолындағы белгі-нышандарын бажайлауға көңіл аударған абзал. Халықтың алыс кезеңдерден бастау алған тарихымен рухани мұраларды шендестіре қарау ең алдымен сол өнер түрінің даму, жетілу диалектикасын саралауға дес берсе, екіншіден - халықтың өмір жолын жалаң хронология тұрғысында емес, тарихи-әлеуметтік құбылыс ретінде өнермен де шендестіре тануға мүмкіндік береді. Конфуций айтты дейтін тұжырым бар: „Егер белгілі бір елдің ахуалын білгің келсе, сол ел адамдарының жөн-жобасын танығың келсе, алдымен әніне құлақ түр",- депті. Ал, Конфуцийдің ізбасары Сюнь-цзы: „Егер музыкасы салмақты да сабырлы сазымен баураса, ол халық - ұжымы жарасқан бақытты халық, егер музыкасы сырбаз да сыршыл болса, онда ол халық кісілікті сүйеді, бүлік шығармайды, егер музыкасы есіңнен айыра еліктіріп әкетсе, сонысымен қауіпті, себебі ондай музыкаға ден қойған халық кісіліктен жұрдай болып, жақсылықты жат санап, күйкілікке көңіл жұбатқыш болып алады... Музыка арқылы біз халыққа жол нұсқаймыз. Сондықтан да музыка- адамдарды басқарудың ең бір сыннан өткен құралы", дейді ( "Музыкальная эстетика...).Осынау ой жосықтары музыканың халықтанытқыштық, халықтәрбиелегіштік және тарихи-шежірешілдік қасиеттеріне мән беріп отыр. Демек, қазақ әндерінің төл сипатын халықтың тарихи болмысымен сабақтастықта қараудың мәні зор.[2]

Қазіргі музыка зерттеуші ғалымдардың тұжырымына қарағанда музыка тілі халықтың рухани мәдениетінің ішіндегі ең бір тұрақты айғағы, өзгеріске оңайлықпен ұшырай қоймайтын түрі болып есептелінеді. Славян музыкасының тарихи тегін зерттеуші ғалым В. Гошовскийдің: „Тарихи жағдайға орай ассимиляцияға түскен белгілі бір халық басқа бір халықтың өлеңдерінен гөрі заттық мәдениетін, тіпті тілін әлде қайда оңай игереді" деген тұжырымы назар аударады.[5]

Қазақ ән-өнерінің тарихи тек-тамырына әзірше байсалды барлау жасала қойған жоқ. Қазіргі танымның деңгейі „ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" кезінде туған „Елім-ай" әнінен әріге бойлай алмай келеді. Аспапты музыка ретінде оқшау жанр болып орныққан қазақ күйлерінің мың жылдық, тіптен одан да көне ("Ақсақ құлан", „Қорқыт", „Ел айрылған", т. б.) тарихының бары белгілі. Бұл жағдайлар ән өнерінің де тек-тамырын аршуға ынтықтыра түссе керек. Басқасын былай қойғанда, XVIII—XIX ғасырлар мен XX ғасыр басында дүниеге келген әндердің тек қана әуендік ерекшеліктеріне ден қойып қоймай, оларды уақытпен шендестіре қарауға мән беретін кез келген сияқты. Әсіресе, музыка мен сөз өнерінің XIX ғасырда аста-төк болып ақтарылып, қазақ халқының рухани әлемдегі айырықша жаңғыруында сыр бар. Ең кереметі, шын мәніндегі төлтумалық (самобытный) сипаттарымен ұлттық мәдени болмысты даралап, біржолата орнықтыратындай қуатқа қандай тарихи-әлеуметтік жағдай себеп болды?

Қолға түскен санаулы ғана фольклорлық айғақ аясында тұжырымдалған осынау ой ұшқыны айтылған қалпында қалмай, қарпып зерделейтін ауқымды да байсалды зерттеу объктісіне айналғаны жөн. Бұл орайла, ән мұраларын этникалық шежіремен шенжестіре саралап, қажет болса көрші ру-тайпалардың, ел-жұрттардың тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани байланысы түрғысында қарастыру жақсы нәтиже беруге тиіс. Сонан соң ән мектептері, олардың типтік және типологиялық қасиеттері білікті жүйеленсе, тарих қатпарларының рухани жік-жапсарын айырудың сәті түспек.

Жасырары жоқ, күні бүгінге дейін қазақтың ән өнерін саралағанда көшпелі өмір салттағы саяси-әкімшілік жағдай тудырған жүздік бөлікке орай үш жүзде үш ән мектебі болды деп оңай қайыра салушылық байқалады. Мұндай саралаудың ұшқарылығына көз жеткізу үшін, қазақтың үш жүзге бөлінуі әлеуметтік-этикалық бөліну емес екенін пайымдаса да болады. Алг барша өмір салты мен арман-аңсары (идеалы) біртұтас қазақ халқының мәдени-рухани бөлшектенуі тіпті де мүмкін емес. „Ақсақ құлан" күйінің Алтай мен Атырау арасында бір қолдан шыққандай тартылуы - рухани ұлы тұтастықтың айғағы. Тек ән мен күй емес, тілдегі, дәстүрдегі, моральдық-этикалық нормалардағы, көшпелі өмір салтындағы ортақтық ең алдымен біртұтас елдіктің жарқын айғағы болды. Демек, рулық, жүздік құрылым, әсіресе соңғы төрт-бес ғасырда саяси-әкімшілік сипатта болғанын пайымдау рухани мәдениеттің біртұтас болмысын тануға дес береді. Бұл тұтастық үлт мәдениетінің орныққан, төлтума бітім иеленген, типологиялық бір арна тапқан қасиетін танытады. Ал енді, біртұтас рухани әлемнің ішіндегі үлгілерді, түрлерді, мектептерді, тіптен ағымдарды халықтың этникалық әр тектілігі деп қарауға әсте болмайды. Өсу, даму үстінде болатын үлкен өнер қашанда үлгі-қалыбының байлығымен, мазмұнының өміршеңдігімен дараланады.

Олай болса, қазақтың музыкалық мұрасы, оның ішінде ән өнері дәл қазіргі жинақталған қыруар айғақтың негізінде үш мектеп емес, басы ашық бес мектепке бөлінеді деп тұжырымдауға негіз бар. Бірінші, Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән әншілік мектебі. Екінші, Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектебі. Үшінші, Қазақстанның батыс өңірін қамтитын әншілік мектебі. Төртінші, Сыр бойының әншілік-термешілік мектебі. Бесінші, Қазақстанның шығыс өңірін, Баян Өлке және Шығыс Түркістанды қамтитын әншілік мектеп. Бүл жіктеулер музыкалық өлшемді дәлелдермен де, естір құлақтың талғам-танымымен де өзіндік бітім-қасиеттері жеке-жеке әуен-сазын, қайырым-нақысын айқын айғақтай алады. Алайда, осынау бес отау әншілік өнері кең аяда қамтылып, типологиялық ауқымымен сараланғанын қаперде ұстаған жөн. Себебі бүл бес мектеп өз іштерінде әр алуан айтулы әнші-композиторлардың дарын-қуатымен әлденеше сала құрап, сан тарау үлгі танытып, өркен жайып жатады. Мәселен, Қазақстанның орталық және солтүстік өңірінде, ғұмыр кешіп, өз өнерінде өзіндік із қалдыра білген Абай, Біржан, Ақан, Жаяумұса, Ыбырай, Әсет, Жарылғапберлі, Уәйіс, Ғазиз, Майра, Мәди, Балуаншолақ сынды біртуар дарындар бір-бірінен мейлінше оқшау бітімдегі әнші-композиторлар. Сөйте тұра, олардың өнерін типтік бітімімен ғана емес, типологиялық болмысы мен тұтастандыратын ортақ қасиеттің бар екенін жоққа шығаруға болмайды.[7]

Дәл осы сияқты, өз ішінен сан тарау арна құрап, сала-сала үлгі танытатын қасиетті Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңіріндегі, шығысы мен батысындағы, Сыр бойындағы әншілік мектептерден де аңғаруға болады. Бір ғана оңтүстіктегі айтылатын әндердің Қаратау маңында немесе Қазықүрт етегінде, Созақ өңірінде немесе Талас алқабында өзіндік дара иірім-нақыспен шырқалатынын кәнігі тыңдаушы жазбай айырып отырады. Сондай-ақ, Алатау баурайында дүниеге келген әндер де өзінің ойлы да ойнақы бітімімен таныла кетеді. Сөйте тұра, Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңіріндегі әндердің ортақ қасиеті, сабақтас бітімі ешкімге шәк келтірмейді. Енді осы бес арна әншілік мектептің біртұтас ұлттық-мәдени айғақ ретінде тұлға танытатыны да зерделі зерттеуші мен зерек тыңдаушыға ден қойғызуға тиіс. Қазақ ән өнерінің біртұтас ұлттық-мәдени қасиеті қандай белгілермен танылатыны сараланса лазым. Әсіресе түпкі тегінің пайда болу, даму, төл бітімді қасиетін орнықтыру жолдарын халықтың қалыптасу кезеңдерімен тұтастықта қарастыру қазіргі талғам-танымға қажет. Осы орайда музыка мәдениетімізге байсалды барлау жасап жүрген дарынды ғалым Болат Қарақұловтың ой-тұжырымы сөз болып отыран проблеманың мәнін аша түседі. „Қазақтың музыкалық тілінің (әуенінің) тарихи даму іздерін табу үшін,— дейді Б. Қарақұлов,— халықтың рухани мәдениетінің басқа түрлері тәрізді, музыкалық творчествосы да қоғамның белгілі бір мұқтажынан туғанын және оны тек қана сол мұқтаждықпен тікелей байланыста ғана зерттеп білуге болатынын ескерте кеткен жөн. Мұның өзі қазақтың халықтық музыка өнері өз бетімен емес, халықтың нақты тарихи талаптарына байланысты, этногенетикалық, әлеуметтік, экономикалық сипаттағы белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты және олардың қапталында өркен жайып, молығып отырды деген сөз". өнерін ұлы Мұхтар Әуезовтің „жанды шежіре" атауында осындай терең мағына болса керек.[7]

Әзірше қазақ музыкасының жанрға, түрге сараланып бөлінуі ауыз әдебиетінің жанрлық, түрлік жіктеулерін көшірме етуден әрі ұзап шыға қойған жоқ. Рас, көшпелі елдің рухани мәдениетіне тән синкреттілік қасиет өнер түрлерін көп ретте ғажайып тұтастыққа бағындырып отырған. Бір ғана эпостың өн бойында мифтен бастап аңызға дейін, лирикадан бастап эпикалық жырларға дейін, бебеулеген құлақкүйлерден бастап алуан нақысты ән әуездеріне дейін, шиыршық атқан драмалық қақтығыстардан бастап орындаушының актерлік қанатты шабытына дейін алуан түрлі өнер түрлері тұтасып жатады. Соның бәрі де бір ғана мақсатқа бағынып, өмір сүйгіштік, өмір танытқыштық қасиетті ту етіп отырған. Өзінің эстетикалық қарым-қуаты жөнінен рухани мәдениет тарихында айырықша орын алатын мұндай өнерпаздық арнайы зерттеп, парқы мен нарқын анықтауды қажет етеді.

Бір шындықтың басы ашық, кез келген рухани өзгерістер халықтың дәстүрлі өнерін түғыр етіп қана ілгері дами алады. Халықтың дәстүрден қол үзген өнер бүгіндері әуезе болып жүрген „поп", „шоу" музыка сияқты бөгде жүрт өнеріне еліктеуге мәжбүр болады немесе ғұмыры қысқа ағымдарға ұрынады. Еліктеушіліктің дәстүрлі өнерді тәрк етуі былай тұрсын, сол еліктеу жолында нағыз өнер деңгейіне көтеріле алмайды. Өйткені, кез келген еліктеуші сол еліктеген ел өнерінің мәңгілік өкшесінде, жүріп кет-кен жолын шиырлап отырады. Демек, әр халықтың дәстүрлі өнерінің шешек ата өркендеуі ғана шынайы рухани толы-суға үлес қоса алады.



Егер кең мағынасында елестетер болсақ, адамзат баласы осы уақытқа дейін қол жеткізген барлық қасиеттері үшін алдымен дәстүрге қарыздар. Мұны өнер атаулыдан, оның ішінде әншілік, күйшілік өнерден де айқын көруге болады. Мәселен, бүтінгі күнімізге ту-у сонау VIII ғасырдан Қорқыт сарындарының жетуі, XIII ғасырдан „Ақсақ құлан" күйінің жетуі, XV ғасырдан Асанқайғының „Ел айрылған" күйінің жетуі, немесе сонау XVIII ғасырдағы аласапыранның айғағындай болып „Елім-ай" әнінің жетуі, міне мұның бәрі әлгі айтқан озық дәстүрдің айғағы. Озық дәстүр қашан да өміршең, ол халықпен бірге жасайды. Әншілік — үлкен өнер. Қазақ халқының талғам-түсінігі ежелден-ақ әншілікті айырықша дарын деп есептеп, биік өнерге балаған. Айтулы әншілеріне төрінен орын беріп, төбесіне көтере әлпештей білген. Бүл, әрине, бір сәттің ғана қолпашы емес, бір кештің ғана „ой, бәрекелдісі" емес, бүл — халықтың қателеспес талғамы қалыптастырған ғажайып дәстүрі. Мұндай жақсы дәстүрдің аясы. Қысқасы, мәселенің мәні, ән өнерінің жанрлық, түрлік, әуендік қасиеттері тек қана ауыз әдебиетімен қабаттаса жіктелуінде емес. Музыкада да ауыз әдебиетіндегі сияқты тұрмыс-салт әндерінің, еңбек әндерінің, балалар әндерінің болғаны аян. Бақсы ойыны, қыздың сыңсуы, жесірдің жоқтауы, жар-жардың айтлуы, жарапазан сарыны белгілі бір жүйедегі сөзіне қоса ән-әуенсіз болмаған. Сол ән-әуендердің жанрлық, түрлік, өлшемдік бітімдері таза музыкалық сарапқа түсіп, таза музыкалық белгілері анықталуға тиіс. Сонда ғана ән өнерінің төл бітімі халықтың тарихи түлғасымен түтастықта таныла-ды. Танылып қана қоймайды, бүгінгі және болашақтағы музыкалық тілдің бағыт-бағдарына мұрындық болады. Ана тілінің төл бітімді тазалықта болуы кез келген халықтың биік мұраттарымен, тарихи жауапкершілігімен ұштасып жатса, музыка тілінің таза болуы да мұндай парасатты жа-уапкершіліктен шет қалмақ емес. Б. Қарақұловтың ой-жосығы мейлінше мәнді әрі қазақ музыка мәдениетінің төл бітімді қасиетін саралауда қолқанат боларлық бірден-бір дұрыс бағыт. Музыкалық мол мұраны ғылыми кемел таныммен зерделеу тек қана сол музыка мәдениетінің парқын тануға себепші болып қоймайы, сонымен бірге халықтың тарихи тұлғасын тануға да мейлінше көмектеседі. Қазақ халқының тарихи болмысы әні мен күйінде, тілі мен дәстүрінде, қол өнері мен моральдық-этикалық қалыптарында тұнып тұр. Ән мен күй. Ән өнеріндегі дәстүр тек қана әуендік немесе орындаушылық үлгіде көрініс тауып қоймайды. әннің шығу себебі, ән сөзінің көркемдік үлгісі, шығарушы-әншінің өнер мен өмірге деген сергек араласы дәстүр табиғатының жарқын айғағы ретінде көрініс табады. Бір сәт Қараөткелден шыққан Ғазиз ақынның „Ғазиздің әні" мен Шыңғыстаудан шыққан Уәйістің „Үш дос" әніне ден қойып көруге болады. „Ғазиздің әні" мен „Үш дос" әндерінде сол әнді шығарушының өз дарынына жалтақсыз сенімнің бары таң қалдырады. „Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан" деп көкірегінде күн нұрындай қызуы бар жан ғана айта алса керек. Сонсоң, осы екі ән де шығарушылық жалпы әншілік дәстүрге мейлінше арқа сүйеп отырады, халықтық ән өнерінің арналы үлгілерін сақтайды. Мәселен, осы екі әннің екеуі де алдымен ән иесінің тегінен, тұрағынан, қабілет-қарымнан хабар береді. Сонан соң ғана арман-аңсарын айтады. Және арман болғанда қандай, мәңгі ескірмес адал сезім, айнымас махаббат, тозбас достық. Өнердегі дәстүрдің озығы дейтін осы болса керек.

Ән өнеріндегі бір қызықты дәстүр — айтыс өнері. Осы айтыс өнерін, әсіресе бұрынғы өткен айтыс өнерін бүгінгі таңда радио, теледидар арқылы насихаттау талпынысы байқалады. Жеріне жетті, көңілден шықты деуге ертерек Осындайда бір ғана әнімен халқының жүрегіне жолда-ма алған тағы бір әнші еске түседі. Ол кешегі Жамбылдың, Исаның, Кененнің тай-құлындай тебісіп бірге шыққан замандас-тұстасы — Шашубай. Өлең сөздің дүлдүлі, ән мен жырдың бұлбұлы, атақты Қошқарбайдың Шашубайы, Шашекеңнің „Аққайыңы"— қазақ халқының дәстүрлі, клас-сикалық әндерінің үлгісінде шыққан, бір де болса бірегей. Кейін Керей іші тыныштық бермеген соң, Абай өзінің Ақылбайын жіберіп, Уәйісті көшіртіп алған. Сөйтіп, Жидебай мен Қарауылдың арасындағы Ақтоғай деген жерден қоныс берген. Уәйістің зираты қазір осы Ақтоғайда жатыр. ән. Бұл әннің тал бойында шабыттың ауыздықпен алысқан арыны да бар. Мұнда жүректің лүпілі де, уақыттың тынысы да бар. Керек десеңіз тұтас бір кезеңдегі халықтың көңіл күйі де бар. Ең бастысы ақиық Шашубайдың, арқалы Шашубайдың болмыс-бітімі, портреті бар. Міне, ән деген сондай болса керек. Уақыт тынысын әнмен кестелеу тек қана дарыны тегеурінді әнші-композитордың пешенесіне жазылса керек.

Осы орайда қазақ халқының жалпы музыкалық мұрасы, оның ішінде ән өнері, әншілік дәстүрі әлі де болса жеріне жете зерттелмей келеді десек, тырнақ астынан кір іздегендік бола қоймас. Әсіресе, халық музыкасының жанрлық ерекшелігін, көркемдік ажарын ашатын ғылыми тұжырымдар қажет-ақ. Әзірше, „біздерде мынадай бар, мынадай болған!" деп кеуде қағудан аса алмай жүрміз. Одан қала берсе әннің сөзі мен әуенін, күйдің сазы мен авторын өзіміз бытыстырып алып, өзіміз тарқата алмай қызыл кеңірдек боламыз.

Жақсы дәстүрге саналы зерде қажет. Жаман дәстүрдің жұқпалы аурудай таралуы оңай. Әншінің міндеті — әсем сазды әуенмен тыңдаушыға сұлу сезім сыйлау. Бишінің міндеті — мінсіз қимылмен көз қуанту. Осы күні қуыршақтай киініп алып, көзін ойнатып қазіргі би ырғағымен дөңгелене сабаланып, аз тыңдаушыны мәз қылғанға дәніккен әншілер төбе көрсете бастады. Олар асыл өнермен өнеге ұсынбайды. Жалған сый-құрмет дәметеді. Біреу үкісіне, біреу түзу сирағына қол соқса, қошамет деп түсінеді. Әрине, мұндай арзан даңғаза — әншілік мектепке дерт.

Бүгінгі әншілердің репертуарлары да жұтаң. Бірінен-бірі сүйреп таласып жамырай салатын төрт-бес әннің төңірегін шиырлап шықпайды. „Ақкербез", „Еркем-ай", „Ақерке" пәлен терме, түген терме. Осылардың өзі қандай жақсы әндер еді. Қазір жұлмалай-жұлмалай тамтығы қалған жоқ.

Соңғы кезде терме, жыр дегенді желеу етіп, небір парасат-пайымға толы өсиет, үлгі өлеңдерін бірыңғай тасыр сарынға салып айту әуезе бола бастады. Терменің жөні осы екен деп, Асанқайғыдан бастап, Мұқағалиға дейін бәрін бір сарынмен желпілдете беруге болмайды. Тым болмаса, әр ақынның өз әнін, өз сарынын өзіне бұйырту керек. Бүл тәртіп сақталмаса, халық мұрасына ғана қиянат емес, тыңдаушы жұртшылыққа да қиянат.

Қазақ әнді негізінен домбыраға қосып айтады. Бұл өзіндік үлгісі бар, ғасырлар бойы шыңдалған, қалыптасқан дәстүр, Ән өнері болса уақытқа жедел үн қоса алатын бір ілкімді, икемді жанр. Ал, домбырамен айтуда халықтың дәстүрлі эстетикалық-философиялық үлгісі бар. Домбырамен ән айту деген сөз — халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған асыл дәстүрінен қол үзбеу деген сөз. Сол асыл дәстүрдің көсегесінің көгергені деген сөз. Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов бастаған жақсы дәстүр. Садық Кәрімбаевтың сазды әндері, одан берідегі Сыдық Мұхаметжанов, Нұрғиса Тілендиев, Илья Жақанов, Шәмші Қалдаяқов сияқты тамаша композиторлардың творчествосында сәтті жалғасын тауып жүр. Бір ғажабы, домбырамен айтылатын әндер өзінен өзі дәстүрлі әуен сазымен табысып, төлтума қасиетін таза сақтайды. Бүл ретте домбыра аспабын қазақтың дәстүрлі музыкалық тілінің сарапшы сақтаушысы десе де болғандай. Композиторларға домбыра сүйемелдеуіне арнап ән шығару осы түрғыдан да ден қойғызуға тиіс.[2]

Домбыра көмейі жеңіл ырғақ, желөкпе әуен, жылауық сарынды сүзіп тастайды. Ілгеріде құс жолындай сайрап жатқан Ақансерінің сыршылдығына, Біржан салдың, Мұхиттың өр үніне, Жарылғапбердінің, Үкілі Ыбырайдың, Әсеттің сазды әндеріне ұдайы мойын бұрып, сол жақсы дәстүрге жалғас іздеп отыру мейлінше қажет.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   634   635   636   637   638   639   640   641   ...   668




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет