Ойынның мақсаты: шапшаң жүгіріп барып, жалаушаларды көп мөлшерде тез жинауға үйрету.
Керекті құралдар: кішкентай тақтайшаға орнатылған 10 жалауша.
Мазмұны.
Балалар тең екі командаға бөлінеді. Ойыншылар өз таңдаулары бойынша екі капитан сайлайды. Ұзындығы 40-50 м алаңның дәл ортасынан ара қашықтығы 2 м параллель екі сызық сызылады. Солардың ортасына шахмат ретімен 10 жалауша тігіледі.
Ойынды бастауға берілген ысқырықтан кейін әр командада бірінші тұрған ойыншы тез жүгіріп келіп, үлгергенінше жалаушаларды жинап алып, тез орнына барып, барлық балалар бірігіп санауы үшін қолындағы жалаушаларды жоғары көтереді.
Капитандар оларды қайтадан орнына апарып тігеді.
Содан кейін екінші бала жүгіреді. Ойын осылай командадағы барлық балалар жүгіріп келгенше созылып, әр команданың қанша ұпай жинағаны анықталады.
Ойын келесі жолы қатардың соңында тұрған ойыншыдан басталады. Ойын осылай үш рет қайталанады.
Ойынның ережесі.
1. Әр ойыншы неғұрлым көп жалауша жинауға тырысады.
2. Бұрын алған баланың қолынан жалаушаны тартып алуға болмайды.
3. Жалаушаны алу үшін сызықтың ішіне кіруге болмайды.
Әдістемелік нұсқаулар.
Көлеміне қарай алаңды 6 ойын алаңына қысқартып, ұзартуға болады. Жүгірістердің арасында көп тұрмай, тез жалаушаларды тігіп отыру қажет. Санауға ойыншылардың барлығы бірдей қатысып отырады. Жүгіруді кім қалай бастағысы келсе, солай бастай алады.
Ойынның педагогикалық маңызы.
Бала тез, тура жүгіру кезінде бар күшін салуға дағдыланады. Шапшаң, епті қимылдауға үйренеді. Ұйымшыл болып, команданың мүддесі үшін жақсы нәтиже көрсетуге тырысады.
Айналаны бағдарлап, аз уақытта өзінің және қарсыласының әрекетін байқап үлгереді.
Доп капитанға.
Ойынның мақсаты: допты бір-біріне қарсылас команда ойыншыларының кедергі жасауына қармай лақтырып ұстауға үйрету.
Керекті құралдыр: резеңке доп немесе волейбол добы, ысқырық.
Мазмұны.
Ойыншылар екі командыға бөлінеді. Әр команда өзіне капитан сайлайды.
Ойын алаңының қарама-қарсы бұрыштарынан 1 метр қашықтықта екі сызық жүргізіп, капитанның тұратын жерін басқа ойыншылардан бөліп қояды. Қалған ойыншылар араласып алаңда тұрады.
Ойын бастаушы алаңның ортасындағы сызықтың үстінде тұрып командалардың екі ойыншысының арасынан допты лақтырады.
Допты қағып алған ойыншы өз капитаны жақта жақын тұрған ойыншыға лақтырып береді.
Қарсылас команда ойыншылары өз капитанына лақтыру үшін допты ұстап алуға әрекет жасайды. Осындай тартыс кезінде қай команда капитанына допты лақтырып бере алса, соларға бір ұпай жазылады.
Ойынның ережесі.
1. Капитан тұрған жердің сызығын басуға болмайды.
2. Капитанға ұшып келе жатқан допты ғана ұстауға болады.
3. Ойыншы доппен тек екі қадам ғана жасай алады.
4. Доппен жүгіруге, жерге соғып ыршытуға болмайды.
5. Доп үшін бірін-бірі итеруге, жұлқуға болмайды.
Әдістемелік нұсқаулар.
Бұл ойынды оқушылар доппен орындайтын жаттығуларды жақсы меңгергенде ойнатса, ойын қызықты өтеді. Әр команданың киетін киімдері немесе қолдарына байлайтын арнаулы байлағыштары болуы қажет. Ойын ережесінің дұрыс сақталуын қадағалап отырған жөн.
Ойынның педагогикалық маңызы.
Ойын барсында тез, шұғыл шешімге келуге үйренеді. Жан-жағын жылдам барлап, өз командасының ойыншысына допты дәлдеп лақтырып, әр уақытта одан допты тосып, қағып алуға дайын тұрады. Жасаған жұмысын мұқият, тиянақты орындауға жаттығады.