Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет25/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ҰМСЫН СҰЛУ
1913 жылдың көктемі. Ауылдың Досқа кеп жаңа үй тіккен кезі...
Нұртазаның үйіне «Ойдағы Сибаннан» Мəшік Ботпай жəне Торсанның
Шериі келіп қонды. Сездеріне құлақ түрсем, олар алыстағы «Сырымбет
тауы» деген жерге жолаушылап барады екен... Мен оларға түнде өлең
айтып. қызмет атқардым. Ертеңіне:
— Осы баланы біз ала кетсек қайтеді, — деді Мəшік Нұртазаға, —
өлеңді де, əнді де жақсы айтады екен қонған жерімізде өлең айттырып
отыруға ермек те болар жəне əн-күйдің қонған елі Атығай-Қарауыл деседі
ғой, со жаққа барып əн де үйреніп қайтар.
Нұртаза «көрерміз, ақылдасармыз» деді де, ертеңіне мені оңашалап ап:
— Қалай, шырағым, бара аласың ба, жоқ па? — деп сұрап еді:
— Барам, — дедім мен.
— Баруын барасың ғой, — деді Нұртаза, бірақ ол жақ — ауыл арасы
емес, жат ел. Жақсы кісілердің жанына еріп барасың. Сонда өзіңді-өзің
ұстай алсаң жақсы, ұстай алмасаң ұят болады ғой.
— Неге ұстай алмаймын, — дедім мен.
— Қайдам, — деді Нұртаза, — сені қылжақбастау, шайқы-мазақтау десіп
жүр ғой. Соныңды жат елде де істесең, сүйекке таңба түсіресің. Сені жұрт
Нұртазаның інісі дейді, өзіңді ұстап жүре алмасаң, маған да ұят
келтіресің...
Осылай біраз шегелеп алғаннан кейін:
— Жарайды, бар, шырағым, — деді Нұртаза, — орынсыз
ұшқалақтанбай, сабырлы болуға тырыс. Өлеңші-өлеңші дегенге бетіңмен
дарақыланып бақыра берме. Айт деген жерде ғана айт жəне дəмін кетіріп
көп айтпа, мөлшерлеп қана айт та, ар жағында өздері жабысып, қаламаса
арам тер болма.
«Істейсің ғой осыны?» — деп маған сөздерін мақұлдатып алғаннан кейін
Нұртаза жол жайын сөйледі:
— Сендердің, баратын жерлерің Сырымбет тауының, ар жағында,
Саумалкөл деген орыс қаласы, орысша аты — Крибазорнай
31 
болу керек.
Атбасар базарына барғанда жолда көргенбіз. Сол қалада мирауай судья
тұрады. Мына кісілерді сол судья шақырып отыр. Сендер Саумалкөлге тура
бара қоймассыңдар, бергі Сырымбет тауында біраз бөгелесіңдер.


— Неге? — деп сұрадым мен.
— Торсан мен біздің Ойдағы Сибан араз кезде, — деді Нұртаза, —
Сырымбет тауын жайлаған елдің жоғалған жылқыларын «Мəшік Ботпай,
Таспай үшеуі ұрлады» деп көрсетеді. Қазір Торсан олармен татуласқан.
Енді тұтатқан өртін сөндірмек боп, Сырымбет тауын жайлаған Шыңғыстың
баласы Қоқыш төреге хат жазып беріпті. Қоқыш — ол маңайдағы орыс,
қазаққа тілін алдыра алатын беделді адам.
Біздің бұл кісілер судьяға Қоқышты бетке ұстап барып көрінер. Қоқыш
судьямен келіскенше, бұлар бой таса ғып жата тұрмақ.
Сырымбетке сапар шегуге əзірленген жолаушылар екі тарантасқа
бөлініп, əрқайсысына пар аттан жекті: бір тарантаса Таспай мен Мəшік
отырды, олардың божысын мен ұстадым; екінші тарантасқа Ботпай мен
Шери отырды, олардың божысын Шоқпыт деген кісі ұстады. Біз жүріп
кеттік.
Шоқпыт туралы бір-екі ауыз сөз: со кезде жасы елулерді алқымдап
қалған, домаланған кішкене денелі, тұтамдай ғана шоқша сақалды, иегі мен
маңдайының арасын қыртыстанған əжімдер жапқан бұл адамның
бойындағы бір үлкен «қасиеті», қандай қабаған иттер оған үрмейді де, оны
қаппайды да. Өзге бөтен кісіні көргенде шабаланып жан таласатын иттер,
Шоқпытты көргенде құйрығын бұлғаңдатып еркелей қалады. Иттерге
«беделі» осындай Шоқпыт, жұрттың айтуынша, құлақ естір жердегі жақсы
ит болса, Торсан үйіне ұрлап əкеп, «иттің ұрысы» атанған. Өтірік пе, шын
ба кім білсін— жұрттың айтуынша Шоқпыттың шешесі туа сала өледі де,
əкесі нашар адам болғандықтан, емізетін əйел табылмай, иттің емшегінен
ауызданады... «Иттің оны қаппайтын себебі, — деседі жұрт, — ит сүтін
еміп өскендіктен».
Əлденеше күн бірге боп сыр түйісе келе, Шоқпыттың үш түрлі қасиетін
көрдім.
Бірінші — қандай көзсіз қараңғыда, жолдан жаңылмайды. Ол кезде орыс
поселкелерінің арасында ғана болмаса, ауыл арасында даңғыл жол
болмайды. «Жол» дегені де сүрлеу сияқты бірдемелер болады да, жаз
үстіне қалың шоп шығып, көрінбей қалады, көрмеген кісіге ондай жолмен
түнде түгіл, күндіз жүруге де қиын. Шоқпыт сондай жолдардан, жортып
келе жатқан аттардың табанын күндіз түгіл, түнде де бір тайдырмайды.
Ол кездің ауылдары бес-он үйден əр бұтаның ығына қыстай береді. Біз
жүріп келе жатқан жол сондай бытыраңқы ауылдардың қыстау,
жайлауларын бұралаңдап аралайды да отырады. Шоқпыт осындай
жолдардан да адаспайды.
Шоқпыттың екінші қасиеті — ағып тұрған əңгімеші: ертегіне балын
тамыза қызық қып айтады, көпшілігі — ит туралы.


Иттер туралы ол неше түрлі тамаша ертегілермен қатар, өзінің қай
жерден қандай итті ұрлап əкелгендігі туралы да ертегі сияқты қызық түрде
айтады. Кеңесіне қарасаң, ол Ұлытаудың бойынан да, Op өзенінің бойынан
да, мына шеті Қарқаралы, Баяннан да, мына шеті Қорған, Қызылжар,
Троицкі сияқты шаһарлардан да ит ұрлап əкелген боп шығады. Сөзіне
нанбайын десең қасымыздағылар түгелімен растайды.
Қазақтың ертегісінде «Құмай» аталатын ит бар, ол қаншықтан емес, «Ит
ала қаз» аталатын құстан туады. Қаз тұқымдас, қара ала түсті бұл құс, —
қасқыр, 
түлкі 
сияқты 
аңдардың 
тастап 
кеткен 
ескі 
апанына
жұмыртқалайды, оны өзіміз де көрдік. Ертегіде «бұл құс төрт жұмыртқа
салады да, шайқағанда екеуі құс, екеуі ит боп шығады, бірақ шешесі, ит
болатын жұмыртқаны шайқамай жарып тастайды. Егер əлдеқалай жара
алмай қалса, құмай атты күшік шығады да, өскеннен кейін ол алмайтын аң
болмайды, өзге аң түгіл, кезігіп қалса, арыстан қабандарды да алады». Күш
бермейтін зорлықшыл біреуді, қазақтың «бұған көкте құдайдың, жерде
құмайдың əлі келмейді» деуі содан.
Ит кеңесін соғып отырған Шоқпытқа серіктері:
— Өзге иттің бəрін көрдің, құмайды көрдің бе? — десе, Шоқпыт:
— Көрдім,— деп иландырады да, қалай көргенін тамаша қызық қып
айтып береді.
«Пəлен жерде бір тамаша ит бар» десе, Шоқпыт соны іздеп кетеді екен
де, күндеп қана емес, жұмалап, кейде айлап жүріп ұрлап алып қайтады
екен. Бір əңгімесіне қарағанда, Жайықтың Орынбордан арғы бетін
мекендейтін бір елде, «қасқырды қояндай алады» деген итті естіп, Шоқпыт
соны іздеп кетеді де, бір жыл жүріп алып келеді. Ит расында да айта
қалғандай боп шығады. Бір жылы он бес қасқыр алады...
Шоқпыттың үшінші қасиеті туралы жоғарыда айтқандай — оған ит
үрмеуі жəне қаппауы... Көрмеген кісіге бұл сөз сенерлік іс емес сияқты, ал,
көрген кісіге қайран қаларлық іс...
Біз беттеп келе жатқан жақтағы елдерде аңшыл жақсы иттер жиі
кездесті. Солардың ішінде ең атақтылары — «Əшімнің көк шолағы»
аталатын иттің тұқымы екен.
Жүні көгілдір, маңдайы ақ қасқа, құйрығы шолақ бұл иттердің үлкендігі
арыстандай бар дерлік. Денесінің, аяқтарының, кеудесінің сомдығы да
арыстан бейнелес, төбесі жалпақтау, тұмсығы сүйірлеу, шашақтала,
салбырай біткен құлағының жалпақтығы өтірік айтқан кісіге, тебіңгідей
дерлік салбырай иегінен төмен түсіп жатқан жоғарғы ұртынан азулары
айқасып шығып тұрады...
Иелерінің айтуынша, бұл иттер қасқыр алу үшің қасына кісі ерудің


қажеті жоқ, жеке жүріп те қасқырды қояндай ала береді, кейде аңшылап
кетіп қап, өз бетімен де ала береді...
Мінез жағынан бұл иттер əртүрлі екен: біреулері — үстін басып өтсең де
үндемейтін жуас, ал, енді біреулері — шынжыр тістеген долы...
Біздің Шоқпыт иттердің жуасынан гөрі қабағанына құмар. Жолшыбайғы
қонатын я түстенетін ауылдарға кеп, қалаған үйдің иесінен ұлықсат алып
түсіп жатқанда, сол үйде байлаулы қабаған ит болса-ақ, Шоқпыт өзгеден
бөлініп соған кетеді, мен қасына ерем. Жат адамдарды көріп шабаланып
тұрған итке Шоқпыт «күшім, күшім!» деп жақындаса, əуелі, «кімсің?»
дегендей ырылдай қарап тұрады да, аздан кейін бəсеңсіп, Шоқпыт тағы да
«күшім!, күшім!» десе, «енді таныдым» дегендей құйрығын бұлғақтата
бастайды.
Шоқпыт итті шешіп алады да, жетектеп біраз жүргізіп байлайды.
Біз, əрине, əр ауылдағы байдың үйіне түсеміз. Олардың ішінде Торсанды
білмейтіні болмайды. Арамызда Торсанның Шериі барын білген үй, қонсақ
та, түстенсек те «өлі ет»
32 
бермей, үнемі қой сояды. Кейбіреулері құлын да
сояды...
Қой сойылсың құлын сойылсың алдымызға табан астау ет келеді. Жас
еттің үстіне, көбінесе, қос қазы тұтас жая сияқты сүр салады. Майлы, мол
етті біздің адамдар тауыса алмайды...
Алдымызға ет келгенде Шоқпыттың əдеті; құйрықтан бір кесіп,
бауырдан бір кесіп, тоқпақ жілікті қоса, алдына алып қояды да, астан кейін
əлгі еттерін сол үйдің итіне апарып береді.
— Торсанның ит ұрлататын Шоқпыт дейтін қарақшысы бар деп еді, осы
екен ғой сол,— деседі жолшыбайғы жұрт. — Шынында керемет екен ғой,
бұл! Иттің əулиесі ғой, мынау! — деп таңданысады жұрт оның итпен тез
дос бола қалуына.
— Итімізді ұрлай көрме! — дегендерге:
— Дəм-тұзын татқан үйдің итін ұрлаған емеспін — дейді Шоқпыт, —
менің ұрлайтыным — дəмін татпағандардың иттері ғана.
Мінезі жəне қылығы осындай Шоқпытты Шери құл орнына жұмсайды.
Өзгесін былай қойғанда, семіз денелі Шери үнемі ішдəрет алып жүреді де,
жасы əлдеқайда кіші бола тұра, дəретін өзі емес, Шоқпытқа алдырады!..
— Мұның не? Өзге қорлыққа көнсең де, бұ қорлыққа неге көнесің?
Осынша кемшілікте жүріп тамақ асырағанша, аштан өлсең болмай ма? —
дегендерге Шоқпыт жүре жауап беріп, сөзін құлаққа аспайды...


Сол кезде елуден асып кеткен Шоқпыт əлі үйленбеген адам екен.
— Неге қатын алмайсың? — дегендерге:
— Ауылда қатын көп емес пе, малымды шығын ғып қайтемін — деп
күле жауап береді, ол.
Өзіне өмір бойы мал біткен кісі емес екен. Торсан үйіне бала кезінде көп
жалшылыққа тұрған екен де, сол үйге ақысыз, пұлсыз қызмет істеп сіңісіп
кеткен екен.
— Бір бұл емес, — дейді менің серіктерім, сұраған кісілерге, — осы
сияқты мал-малданбайтындар, жан-жанданбайтындар, тамағы үшін жүре
беретіндер Торсанның үйінде толып жатыр...
Жаманшұбардан шыға серіктерім аттарын тоқтатты да, түстеніп қонатын
жерлерін ақылдасты. Бұ келе жатқан жолаушылардан, беттеп бара жатқан
сапарға Шоқпыт пен Шериден басқалары ұзап жүрген жоқ екен.
Сырымбетке 
жеткенге 
дейінгі 
жолдың 
қай 
жерде 
қалай
тарамданатындығын, сол тарамдардың қайсысына түсу керек екендігін,
осы жүрген жөнде қай ауылдар отыратындығын, түстенуге, қонуға қай
ауылда, қандай лайықты адам барлығын Шоқпыт алақанындағы сызықтай
санап берді. Бұл план бойынша, атты ыстыққа ұрындырмай, таңертеңгі,
кешкі салқын уақыттармен жүріп отырғанда, Сырымбет тауына төрт-бес
күнде жететін сияқты.
Алғашқы қонатын үй туралы пікір екіге жарылды: Шериден өзгелері
Жансақалдың Жұсыбынікіне қонамыз десті. Шеридің неге қашқалақтауын
олар мен түсінбейтін оспақпен сөйлесіп, біраз күліп алды да, менің
серіктерім Жұсыптікіне, екінші арбадағылар басқа ауылға қонатын боп
кетті. Бөлінер алдында «бері кеп кетші» дегендей Шоқпыт маған көзін
қысты. Оңашаланған маған:
— Сендер барып қонатын үйде жынды келіншек болу керек, — деді
Шоқпыт, — аты Ұмсын. Соған бір нəрсе беріп жіберсем апарасың, ба?
Мен «жынды» дегеннен қорқып, «апармаймын» дегендей басымды
шайқап ем:
— Ой оңбаған, — деді Шоқпыт, — «жынды» дегенге сен оны байлауда
жатқан біреу деп ойлама! Бос жүретін адам, ол: Он екі пəнді тəмəм қылған
молда қыз. Бір есептен қияли боп кетіпті. Əйтпесе, адамға залалы жоқ.
— Неге қияли болған? — дедім мен.
— Со қызды біздің, осы Шери алып қашқан, — деді Шоқпыт, — бірақ
қатыны билік бермей айырды. Қаңғырып қалған Ұмсынды жұрт Шеридің
інісі Бəкенге қосты. Одан бір қыз туды. Шериден алданған қыз, санамен


сарғаюдан, жынды адамдай бетімен сөйлеп қияли боп кетті. Торсан үйі оны
төркініне қайтарғанда, туған қыз Бəкеннің қолында қалып қойды. Қазір
жеті-сегіз жасқа келді ол қыз, аты Күлəмай, со қыздың шешесіне берген
сəлемдемесі бар еді, ешкімге көрсетпей апарып бер, — деді.
Шоқпыт теріс қарай беріп, қойын қалтасынан бүктетілген қызыл жібек
орамалды маған берді де:
— Аналарға сездірме, алғандығыңды. Орамалдың ішінде түйілген алтын
жүзік бар, жоғалтып алма, — деді.
Сол арада тарамданған екі жолдың оң жағына Шоқпыт түсті, сол жағына
біз түстік.
— Бала, Шоқпыт екеуің не сөйлестіңдер? — деп сұрады Мəшік былай
шыға.
— Түк те сөйлескен жоқпын, — деп қашқалақтап ем, ұтқыр, қу Мəшік
менің жасырған сырымды айтқызып барып тынды.
— Бəсе, — деді ол, — өзім де соған жорып едім.
Менің қойныма салған орамалды алып көрсек, айнала жиегінде ақ
жолағы бар, шымқай қызыл жібек екен: Шетіне түйген алтын жүзікті алып
көрсек, жалпақ көзінде «шешеме. Күлəмайдан» деген жазу бар.
— Жетім бала сұңғыла келеді деген рас-ау, — деп қайран қалысты менің
қасымдағылар, — қаршадай боп қарашы! Кімге құйдырды екен бұл
жүзікті? Кім жазып берді екен мынаны?
— Биыл сол үйге зергерлік құрып Базалай серкеш келді деген, соған
жаздырған ғой, — деді Таспай.
— Со бала жеті-сегіз-ақ жаста болу керек, — деді Мəшік — емшектегі
күнінде айрылып еді шешесінен. Кемшілік көрді дейтін, кедейдің қызы
емес, шешесі өгей болғанмен, туғаннан кем күтіп отырған жоқ. Бұл қызға
«сен Ұмсыннан тудың» деп кім айтты екен?
— Кім айтса, ол айтсың — деді Таспай, — жұдырықтай боп шешенің не
екенін білуін қарасайшы! Бұл қыз ба, бұл қыз — керемет қыз болады
екен!..
— Кескін-кейпі Ұмсынның, аузынан түсіп қалған, əттең мұрны ғана
Бəкенге тартып кертештеу келген, əйтпесе, құйып қойған Ұмсын! — деді
Мəшік.
— Орыс, қазақты аралай жүре, — деді Таспай, — əйелдің талай сұлуын
көре жүре, мен Ұмсындай сұлуды кездестірген емеспін. Дəл жұмақтың
өзінен шығып хор қызы келмесе, бет біткен адамда мұндай сұлу адам


болады деп мен ойламаймын.
— Рас,— деді Мəшік.
Ол екеуінің, кеңесін таңдана тыңдаймын деп, аттарды мен жолдан
шығарып жіберіппін. Бұл жөнде Таспай маған:
— Көзіңе қарамай, немене, былжырап отырғаның? — деп ұрысқалы келе
жатыр еді:
— Ұрыспай-ақ қой, — деді Мəшік — бұның өзі сөзге үйір бала көрінеді.
Ұға алса, ұғып қалсың сол Ұмсынның кеңесін мен бұған айтып берейін.
— А, қойшы,— деп Таспай ұнатпап еді:
— Қойғаның не, — деді Мəшік кейіп, — осындай баладан өскен жоқбыз
ба, бəріміз? Біз де бұндай кезімізде қызық кеңес айтқан кісілерді жақсы
көретінбіз.
Мəшік пен Таспай мені ортасына алды да, божыны Таспай ұстады.
— Менің сақа бозбала боп қалған кезім, — деп бастады Мəшік сөзін —
Торсанның үйі ол кезде Ірбіт шабады. Торсан үйі Ірбіттен неше ылау
кездеме, шай, қант сияқты дүниені қотарып алады да, ауылдарды аралатып
саттырады....
— Ауыл арасындағы Торсанның саудасын Шери жүргізіп тұрды, — деді
Мəшік дағдылы қалпымен түкірігін ширата тіс арасынан ытқытып ап, — со
кезде Шеридің жас шағы,— піркəшігі — менмін. Екеуміз ел аралап кете
барамыз. Сауда-саттықты жүргізетін — менмін, Шеридің серілік құрудан
басқада жұмысы жоқ. Қайда сұлу қыз-келіншек болса, сауданы сылтау ғып
со жаққа барады да, тілін алдыратын адамдарға ақша демей, мата демей
төгіп беріп, дегеніне жетеді...
— Сонымен, — дейді Мəшік — тамағын қырнап ап, — бір кезде,
«Жансақалдың Жұсыбында сұлу қыз бар» деген хабар келіп қалды.
Жұрттың айтуынша қазақ баласына ондай сұлу бітпеген. Бұл хабар
құлағына шалынған Шери шыдасын ба, — екеуміз со жаққа кете бардық...
— Жансақал үйінің со кезде күпсіп те тұрған кезі болу керек, — деді
Таспай.
— Əрине, деді Мəшік — со кезде ол үйде мың жарымдай жылқы, екі-үш
мыңдай қойы бар екен. Мал кімге бітпейді. Алалы жылқы, ақтылы қойды
айдай алмай отырған талай байдың үйінде қонаққа сілкіп саларлық
сырмағы жоғын көрдік қой, Жансақалдікі салтанатты екен. Жансақалда
жалғыз-ақ бала бопты ғой, аты — Жұсып. Біз барған кезде Жұсып елулерді
еңсерген, сары сақалды кісі екен. Бір жыл бұрын хажыға барып келген.
Оның бір асыранды, бір тума баласы бар екен. Асырандысының аты —


Қойбағар, тумасының аты — Тілеміс. Тілемістің ол кезде бала кезі.
— Жұсыптың төрт ақ үйі бар екен — деді Мəшік — тағы да шырт
түкіріп ап, — өз үйі, қонақ үйі, Қойбағардың отауы жəне қызына тігіп
қойған отау. Біздің қасымызда көк көз Ыбыш бар да. Ата жағынан ол —
Жұсыпқа ағайын.
— Солай ма екен! — деді Таспай.
— Солай екен — деді Мəшік — Ыбыштың о кезде жүзіктің көзінен
ететін жылпос шағы. Жұсыптың қонақ үйіне барып түскеннен кейін
Ыбышты Ұмсынға астыртын жібердік. Қыз маңайына жолатпапты. Сол
арада жұмаға жақын айналып, қыздың мəн-жайын сұрастырсақ, оған Ақан
сері ғашық екен. Жансақалдың үйінде Бұхардан оқып келген бір хазірет
бірнеше жыл тұрған. Жұсыпта алғаш ұл болмай, бар баласы жалғыз қызы
— Ұмсын болғандықтан хазіретке сабаққа беріпті. Қыз өте зирек боп,
хазіреттің бар оқуын қағып апты дейді. Өтірік расын кім білсін, хазіреттің
өзі «бұ қызға менің енді оқытатыным жоқ»,— депті-міс.
— Оны өзіміз де көрдік қой, — деді Таспай, — біздің арада Баһрам
молдадан оқуы артық кісі жоқ дейміз ғой, со кісі Торсан үйінде Ұмсынға
бір кездескеннен кейін «біздің оқуымыз ширегіне де келмейді, құранға
қазақ тілінен кем түсінбейді» — дегенін құлағымызбен естідік.
— Оның оқымыстылығын еске түсірген себебім, — деді Мəшік — Ақан
сері осы қызды іздеп кеп, арап тілімен сөйлесіпті ғой. Қыз Ақан серіден
асып түсе беріпті. Содан кейін Ақан сері ғашық болып, хат арқылы өлең
жібере бастапты.
— Есіңде қалғаны бар ма, — деп сұрады Таспай.
— Талай заман өтті ғой одан бері, — деп Мəшік аз ойланып отырды да,
— есімде бір-ақ ауызы қалыпты, — деп, айта жөнелді:
«Адамның екі көзі көрер ғайни,
Сəмигон ғала рəі-си уəл үзнəйни,
Мəхбубім сізге ғашық болғаныма,
Ташшаһһун екі иінімде мəлəкəйни!»
— Бұ не деген сөзі болды екен? — деген сұрауға:
— Кім білсін, не сөз екенін — деді Мəшік — сонымен ұзын сөздің
қысқасы, Ақан серіге қыз да ғашық болады. Шери екеуміз оқиғаның осы
бір жеріне кеп киліккен екенбіз.
— Дəл бұ сөзді мен естіген жоқ едім, — деді Таспай, — мен тек,


Шеридің алып қашқанын ғана естіп едім. Қалай алып қашып жүр, ол?
— Оның мəні былай, — деді Мəшік — қызға талай қимас адамдарын
салып, ризашылық жауап ала алмадық. Не істеуге білмей сандалған кезде,
бізге біреу «мұның айласын бір тапса, Есілбайдың Шаймергені табады. Ол
— əрі осы елді билеп тұрған адам, əрі Жансақалдың Жұсыбында өкпесі
бар. Бір жəрдемдессе, сол жəрдемдеседі», — деді.
— Шаймергенді талай көргенмін — деді Мəшік — Торсанмен көңілі де
жақын болатын жəне екеуі құрдас та. Шаймергенге барып жолығып ем,
құшағын жая кетті. «Бықыған мал бітті дегенмен, Жұсыпта қанша күш бар
еді, — деді ол, — ондай жаман немеге жалынбау керек, қыз риза емес деген
сөз — сөз емес, қызығы — қызды алып қашу. Шериге сəлем айт, менімен
астыртын байланысып тұрсын да, реті келген бір кезеңде жігітін жинап
əкеп, басып алсын да кетсін».
— Сол алып қашудың ішінде мен де болдым ғой, — деді Таспай. Осы
күнге шейін обалсынам, қыз «ағатайлар- ау, ризалығы жоқ кісіні қайда
апарасыңдар» деп еңіреп тұрғанда аузын басып алдық та кеттік қой.
Бейшара көндікпей ме деп ойлап ем, тез-ақ көндігіп кетті.
— Көндікпегенде амалы нешік! — деді Мəшік— əйтеуір құтылмасын
білген соң жылайды да көне береді...
Ұзаққа созылған Мəшік пен Таспайдың кеңесін қысқартып алайық:
Ұмсынды Шери алып қашуын қашқанмен, тура үйіне алып бара алмайды.
Оның, əйелі — Ақлима, Торсанмен дəрежесі тең Нұрқан деген кісінің қызы
болады. Шеридің қыз алып келгенін естіген Ақлима қайын атасына
«баласын тия ма, болмаса маған төркініме қайтуға лұқсат бере ме?» — деп
кісі салады. Бұл хабарды естіп, Ақлиманың төркінінен көп адам келеді.
Жауға шыдай алмаған Торсан боп, ел боп Шериге Ұмсынды тастатады.
Ұмсын қиын халде қалады: төркіні безінген, Шериден айырылған Ұмсын
Торсанның ауылында сандалып қалып қояды. Со кезде жұрт оған: «Сен
Шеридің інісі Бəкенге ти» деген ұсыныс жасайды. Бəкен ризаласады, екеуін
ел сүймесе де қосады...
Бірақ бұл қосылу ұзаққа созылмайды. Жоғарыда аталған Күлəмэй
туғаннан кейін Ұмсын шалықтанып, есінен айырылады.
Көлденең жұрттың бұған тағатын себебі біреу-ақ: «Бəкенмен
қосылғаннан кейін де Ұмсын Шеримен жүрісін қоймайды, соған ерегіскен
Ақлима дуа қылдырып, Ұмсын содан жынданады».
— Расында, — деді Мəшік — ұзақ кеңесін аяқтай келе — оның
жындануы дуадан емес, қайғыдан. Қайғырмай қайтсін: ел-жұртынан
айрылды, Шери зорлап алып қашты, онымен де қоймай тастап кетті, барар
жер, басар тауы жоқ сорлы, еріксіз Бəкенге қосылды. Оны жұрт «бұзылған
жүзі қара» деп көзге түрткі қылды, безініп жоламады. Осындай, айналасы


тегіс жау боп жалғыз қалған бейшара кітапты ермек қып оқитын да
отыратын. оқыса жылайтын да отыратын. Сондай ауыр қайғы
жындандырмай қоя ма оны!..
— Жынданғанда да ауыр жынданды ғой, — деді Таспай, еркек болса бір
сəрі, əйел бейшараның жынданғаны да аянышты екен. Үсті-басын жұлып
шыдатпай, аузына келген сөзді айтып жұрттың мазасын кетірген жоқ па?
— Ерте демей, кеш демей, — деді Мəшік — мезгілсіз уақытта байбалам
сап жылай беретін болды ғой, бейшара. Содан безер қылды ғой жұртты,
əйтпесе, кейінгі кезде залалы тиген жоқ еді.
— Жансақалдың үйі жынданған қызын қалай алып кетті? — деп сұрады
Таспай.
— Еркек жақтарының əкеткісі келмесе керек, — деді Мəшік — шешесі
кеп əкеткен көрінеді. Үйіне барған соң бейшараның есі кіресілі-шығасылы
күйге түсті. Бірнеше күн сап-сау жүріп, ара-тұра бұзылып қалады деседі.
Сау күндерінде кітап, құраннан көзін алмай, намаздан басқа уақыттарын
соған ғана бөледі деседі.
Сөзін осылай аяқтап келген Мəшік үлкең кірпігі ұзын, қабағы қалың
қара көзін маған аудара қарап:
— Ұмсынның жайы осылай, бала, — деді. — Біз тегі, Жұсыптың өз
үйіне түсерміз. Ол үйге кештетіп барамыз, түнде көре алмассың. Таңертең
тұрған соң ат суарып кел де, қай үйде отырғанын біліп барып көр.
Қызының, сəлемдемесін бер. Ауыл үйді сұраса білгеніңді айт. Бірақ Шери
бар дей көрме, есіне өткен күнін түсіріп, бұзып аларсың.
Жұсыптың үйіне біз ымырттатып жеттік. Оның үйі расында қазиналы
екен. Ішіне тай шаптырарлықтай кең.
Мен түнде тиышсыз ұйықтадым, оныма себеп, — шамды сөндіргеннен
кейін саңлаусыз қараңғы үйдің ішінде, жатқан төсегімнің қасында жынды
біреулердің бейнесі елестеді де тұрды...
Талығып барып ұйықтағандықтан, көп жатып қалсам керек, біреу
түрткенге басымды көтерсем, осы үйдің жалшы баласы екен түндік
ашылған, үйдің іші түгел тұрған, баладан басқа үйде ешкім жоқ. Күн
шаңырақтан қарап биіктеп қапты.
— Саған ат суарсын дейді, — деді бала.
Киініп далаға шықтым. «Киім» дегенде, менің үстімдегі: қамзол-
шалбарым да, көйлегім де, сыртқы шекпенім де, аяғымдағы қисық табан
шегрен етігім Де түгелімен Таспайдың баласы Қанапиянікі. Бұларды беруге
қимай, Қанапия жыламсырағанда:


— Жылама, — деген Таспай, баласына жекіп, — мен емес, əлгі Мəшік
ағаң осы балаға жабыса қалған. Ертпегей едік ерткен соң жат елге тырдай
жалаңаш қалай апарамыз? Киіп барып қайтсын, шығарма дыбысыңды!
Қанапиядан еріксіз алып берген киімдерді маған кигізерде:
— Қасымызда боласың ғой, — деген Таспай, — бірақ бұ киімдерге, не
етікке дақ түсіретін болсаң, менен жақсылық таппа!
Таспайдың бұл сөзін мен үнемі есте тұтып, киімді баппен ұстап келе
жатырмын.
Далаға шықсам, мені оятқан бала біздің екі атты жүгендеп əкеп арбаға
байлап қойған екен. Бұ бала кешеден бері мені айналдырыңқырап, сықақ
қылғысы келіп жүрген қулау бала көрінген. Со қулығын ол əлі де кейбір
сөзімен, дене қимылдарымен маған көрсетті де, ат суаратын келдің жөнін
сұрағанда:
— Осы бетке тарта берсең, жарқыраған көл жатады, — деп жөн сілтеді.
Бір атты жайдақ мініп, бір атты жетекке алып мен кете бардым.
Бала сілтеген жөнде қырқаланып белес тұрған. Со белестен əрі қарай
ассам, жарқыраған кішірек көл жатыр. Шоқытыңқырап келген қалпыммен
көлге түсіп кетпек боп ем, аттар жалтақтап жоламады. Семізден жарап келе
жатқан аттарды еркіне қоймай, қыл шылбырменен сауырға тартыңқырап
қап ем, көлге түсе кетті.
Көлдің шеті қорыстау, батпақ сияқты көрінді маған. Оған мен қарамай,
аттарды тағы да ілгері айдай бастадым. Таяқтан қысылған аттар ілгері
ұмтылғанмен, саз жылжытпай, қозғалған сайын аттар тереңдеп бата берді...
Аздан кейін аттар қимылдай алмастық халге жетті.
Не істеу керек?
Сазда тұра беруге болмайды. Аттың үстінен түстім де жаяу жетектемек
болдым. Енді өзім батып барам...
Маған қиыны — екі етігім болды: сазға кірген етіктер əлденеге тістесіп
тұрып алады да, қонышынан қолыңмен тартпай шықпайды...
Сол азаппен ес кетті, жан шықты дегенде жағаға жеттім-ау!.. Денемде
де, киімімде де сазға былғанбаған тинақтай жер жоқ...
Жан таласқан аттар да қабырғасынан жылжып, сазды есіп отырып, əрең
дегенде жағаға шықты... Со кезде манаты қу бала да жайдақ атқа мініп
шауып келді.
— Өй, мұрныңды... — деп ол мені боқтай келді. Мен сені көлге қарай


сілтесем, сорға кеп түсіп кеткенің, не қылғаның? Қайта шыққансың, түбіне
батып кетпей!..
Мені оның, алдап жібергенін біліп тұрмын. Бірақ не істейсің, оған! Əлім
жетпейтін, жасы үлкен бала!..
Бала біраз күліп алды да, мені мүсіркеген боп:
— Саған обал болған екен — деді, мына қалпыңмен ауылға қалай
барасың? Аттарды да жуу керек, киімдеріңді де жуу керек. Суы тұщы
қайраң көл бар, жүр, барайық соған!..
Бала шаба жөнелді, мен де артынан жөнелдім.
Көл расында да қайраң екен. Аттар суға қанғаннан кейін бала екеуміз
тазартып жудық, мен киімдерімді жудым.
Мана сазға кірген етікті қонышынан тартып жүргенде, екі ұлтаны
суырылып қалып қойыпты. Бұл арада бала мені аяудың орнына ұзыннан
өші, қысқадан кегі бардай,— «оқасы жоқ, тірі болсаң етік табылмас
деймісің», деп мазақтап, қарқылдайды да күледі...
Ауылға барар бет жоқ!.. Бармағанда қайда барасың!..
Не хал болғанын жорамалдағандай менің серіктерім де тиышсызданып
тұр екен. Біздің қарамызды көрген соң, олар қолын бұлғап шақырды...
ұялсам да келдім-ау!..
Олар мені аттан түсіріп, «не болды, не болды?» деп сұрай бастады.
Сонда қу бала тұрып:
— Мынауың бір қара басып жүрген бала ғой, өзі, — деді серіктеріме, —
көл деп сорға түсіп кетіп, өзі де өле жаздапты, аттарын да өлтіріп ала
жаздапды. Əрең шығарып, көлге апарып жуып қайттым.
— Не дейді, — деп Таспай ызғарланған кескінмен менің киімдерімді
қарады да, ұлтансыз екі етікті көрді.
— Қап, бүлдірген екенсің ғой, — деп Таспай мені сабамақ болып еді,
мінезі жұмсақ Мəшік:
— Ұят болар, жат жерде, баланы бақыртып сабап жатқаның. Ештеме
етпес. Осы ауылда етікші бар шығар, табандатып алармыз, — деп арашаға
түсе кетті. Таспай:
— Қап, сен қырсық па, сен қырсық!.. деп түсін суыта, саусағын безеді де
қойды.
— Кешегі орамал мен сақинаң бар ма? — деп сұрады менен Мəшік.


Қарасам орамал орнында екен тек малшынудан бояуы шығып кеткен
екен.
— Тез кептір, — сөйт те апарып бер. Кешікпей жүреміз. Өзі Тілемістің
отауында көрінеді. — деп Мəшік маған ақ үйдің біреуін нұсқады.
Етігімді ауылдағы етікшіге ұлтандатуға апарып бергеннен кейін манағы
қылығыма бетімнен отым шыққандай, мен сəскелік асқа барған жоқпын.
Қонақтар мен үй иесі асқа отырған кезде, мен «Тілемістің отауы» деген
үйге келдім. Ақ кигізді, баулары əшекейленген өрнекті отау. Түріліп қойған
кигіз есіктен сығалап қарасам, отаудың іші тамаша жасау. Төрге жинаған əр
түсті жібек көрпелер, көк барқытпен тыстаған мамық жастықтар, теңдеп
буған кілемдер, үйдің ішкі баулары да, басқұр, таңғыштары да кілемдей
өрнектеліп тоқылған. Оң жақта үстіне ақ масахана құрған, ақ никельді
кровать, оның үстінде өрнектері ғажап жабу...
Осы кровать пен төрдегі жүктің екі арасындағы кезеңдеу жерде, менің
көзіме қайран қаларлық ғажап көрініс ұшырай кетті: ар жағында керегеге
сүйеніп, адамның бойынан биік айна тұр... Сол айнаның бер жағында, шаш
сияқтанған бірдеме, түрегеп тұрған адам бейнелі əлдененің төбесінен жерге
төгіліп тұр!.. Ішінде əлденемене бүлкілдейді!..
Не нəрсе бұл?.. Адам дейін десем, — мұндай ұзын жəне қалың шаш бола
ма!.. Адам емес дейін десең, — неге жанды мақлұқтай қимылдайды, ол!..
Демімді іштен алып, қайран қап тұрғанымда, ықтиярдан тысқары
жөтеліп қалдым... Сонда, əлгі зат бері қарай бұрылды да, жаңағы төгілген
шаштың орта кезі қақ айрыла берді... Қарасам, əйел!.. Екі қолымен шашын
кейін қарай сілкіңкіреп тастаған ол, мені көрді де, төгілген шашын иығына
салып, басына жұқалау ақ шəліні жамыла қойды. Сөйтті де:
— Келе ғой, шырағым,— деді маған.
Қиссаны көп оқыған жəне ғашықтық қиссаларда талай сұлулардың
сипатын кездестірген, солардың ішінде перінің не хор қыздарының сұлу
сипаттарын оқыған маған, мынау əйелдің қасында олардың бəрі сұлу емес
сияқтанды... Соның: дөңгелене біткен аппақ, жұп-жұқа бетіне, маңдайдан
тура түскен тіп-тік қыр мұрнына, үлбіреген жұқа еріндері мен оймақтай
аузына, ұзындау біткен аппақ мойнына, тостағандай мөлдір қара көзіне,
қайқая біткен ұзын қара кірпігіне, қиыла біткен қою қара қасына, кең
маңдайына,.. дене құрылысы да лайықталып жаралған сияқты: орта бойлы,
кең кеуделі, тар мықынды, тіп-тік əдемі дене!..
Əйелдің сұлулығына есім шыққандықтан, оның кім екенінде жұмысым
болған жоқ, күмістей сыңғыраған дауысымен, «келе ғой, шырағым» —
деген соң үйге кірдім. Əйелдің маған бірінші сөзі:


— «Қақаң ауылының баласымысың?»
33
— Ие, — дедім мен.
Əйел кроватының алдына отырды да, қасымда кімдер барын қысқаша
сұрап ап:
— Қақаң үйінде болғаның бар ма? — деді.
— Болдым, — дедім мен.
— Онда Күлəмəй деген қызды білемісің? — деп сұрады əйел.
Білмегенімді білемін дей алмадым, мен. Сол арада, орамал мен жүзік
есіме түсіп, қалтамнан суырдым да, қолына ұстата бердім.
— Бұ не? — деп сұрады əйел.
— Күлəмəйдің сəлемдемесі, — дедім мен.
Əйел орамалды сабырмен ғана алды да, аппақ ұзын, нəзік саусақтарын
майыстыра жүзік ораған түйінді шешті. Сөйтті де, жүзік пен орамалға
қарап отырып:
— Ол қыз бұл орамалды жылап берді ме? — деп сұрады менен. Мен
жауап бере қоймап ем, — ұйпаланыпты ғой мынау орамал, су болған
орамал ғой, — деді.
Əлгінде келде су боп, далада кептіріп алғанымды айтқан жоқпын.
Сонан кейін үнсіз, аз уақыт тұнжырай қалған əйелдің кескіні жел
үрлеген судың бетіндей қимылдай бастады... Жылағысы кеп қалғанын
көріп тұрмын... Ойымда «Ұмсын осы» деп жорып тұрмын...
Ұмсынның нақ қасында гүрси ағашқа бетін ашып салып қойған сарғылт
қағазды құран тұрған. Ар жағында, жақтаулары ойылған сүйектермен
əшекейленген шкаф, оның ішінде қырынан қаланған жуан-жуан кітаптар...
Бұндай жуан кітаптарды менің өмірде бірінші рет көруім.
Түсі құбылып кеткен Ұмсын жанында тулаған толқынды басуға себеп
болар ма деген адамдай, дірілдеген қолдарымен қасындағы құранды ала
берді де, көтере алмағандай орнына қайта қойды. Содан кейін қызынан
келген қызыл жібек орамалмен бетін баса қойды да, ал, өксіді кеп!.. Бүкіл
денесімен жылағандай, оның тұла бойы қалшылдап кетті!
Мен қайран қап, қасында түрегеп тұрмын... Сөйтіп тұрғанымда, өксіп
жылаған əйел күліп қоя беріп, маған аса қорқынышты кескінмен тесірейе
қарай қойды... Енді менің алдымда, манағы жұмақтан келді ме деп жорыған
хордың қызы емес, сипатынан жан түршігетін, албасты елестеп кетті... Мен


тұра қаштым... Əйел мені тұра қуды...
Сасқалақтап есіктен шыға алмай жүргенде, əйелдің қолына түсіп қалар
ма ем, қайтер ем, — егер, жаулықты жас əйел сол сəтте есіктен кіріп
келмесе. Əйел жындыны құшақтай алды да:
— Қалқам-ай, не болды саған? — деді.
Мен есіктен зып етіп ата жөнелдім.
Артынан білсем, Ұмсын сұлу — осы əйел екен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет