Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет26/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

АҚАН СЕРІ
Басы əдеттегі адамның басынан əлдеқайда үлкең қоп-қою қара қасы
қалың қабағын түгел жапқан қалың, томпақ үлкен кезді, кең бетті, қоңқақ
зор мұрынды, жалпақтау бетінің шықшытынан басқа жерін түгел жауып
ұйыса біткен, қылы жуан қара сақалды, аузын жаба төмен салбыраған
басылмайтын қою қара мұртты, бықыр, қысқа мойынды, кең жауырынды,
жуан денелі, орта бойлы Мəшікті күні бүгінге дейін еске алсам, менің
көзіме зор денелі қара аюды елестетеді. Жасы кіші адамдар оны «Бəтең»
дейді.
Түрін алғаш көргенде Бəтенді мен мінезі қатал жəне тұйық адам ба деп
ойлаған едім. Жолға шығып етене боп алғаннан кейін байқасам, ол кісі —
əрі жалпаңдаған кішіпейіл, əрі əңгімешіл адам екен. Өзі қоңыр ғана
дауыспен, домбыраның алғашқы төрт пернесіне қосып əн де айтады жəне
əндері өте нақышты келеді.
Сөз əлпетінде, ол жер жұқартып көп жүрген адам. Жас күнінде кедей,
бірақ пысық жігіт болыпты да, Торсанның жəне оның балаларының қасына
еріп көп жерге жолаушылапты. Бертінде орта дəулет бітіп жəне Сибанның
білімді адамының біреуі боп, Торсанға қарсы топқа қосылыпты. Мен
атқосшылығына ерген кезде, ол «Ойдағы Сибанның» ең беделді адамының
бірі екен.
Мəшікпен бір тарантасқа мінген Айтілестің Таспайы жас жағынан кіші
екен жəне екеуі немере екен. Ақсары кескінді, сұйық шоқша сақалды, биік
жəне сом денелі Таспай нығызсыған адам болғанымен, көргені, естігені
Мəшіктен анағұрым аз сияқты. Жолаушылап бара жатқан бетте, жолшыбай
не қонып, не түстеніп аттанғаннан кейін Мəшік əлдене əңгімелерді бастап
кетсе, Таспай тыңдайды да отырады. Бірақ ол солғын тыңдамайды,
сұраулар бере отыра, леп белгілерін араластыра отыра, құмартып
тыңдайды.
Жансақалдың Жұсыбына қонып, Ұмсынды көріп аттанғаннан кейінгі
Мəшіктің біраз кеңестері Ақан сері туралы болды.
Ақан серінің өлеңдерін Мəшік көп біледі екен. Оның өлеңдері араб пен
фарсы сөздері араласа құралады екен ол тілдерді білмеген адам түсінбейді
екен. Мысалы:
«Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,
Көптен көп сəлем айттым гүл-назия.
Тағрифын тəмəм қылып танытқандай,
Ділбердан ділмар керек шаһуазия.


Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия.
Шери зат дұхтар шаһи гүл-назия.
Əр нақыш мəдхамді гүл түстерісің,
Діл арай, діл-хафыза и гүл-нақия.
Садафтың шашыраған жауһарысың,
Көңілімнің заһирасына салдың ұя.
Исімін махбубімнің сұрасаңыз,
Басы «жем», ортасы «мем», аяғы «я».
— Кісі түсінбейтін не сөздер бұл? — деген Таспайдың сұрауына:
— Оқуы үлкен молда болмаса, біз қайдан түсінейік — деп жауап береді
Мəшік.
— Ақанның өзі сонша көп оқыған кісі ме екен? — дейді Таспай.
— Бірталай оқыса керек, — дейді Мəшік. — Өлеңі былай тұрсың жай
сөзінің, өзіне де ол кітап сөзін
34 
араластырмай отыра алмайтын еді.
— Сонша оқумен молдалық неге құрмады екен? — дейді Таспай.
— Оның мынадай бір себебі болған екен— деп Мəшік Ақан сері туралы
естіген аңыздарын əңгімелей жөнеледі.
— Əкесі Қорамса ертеректе бай адам болса керек. «Бай бір жұттық,
батыр бір оқтық» демей ме, қазақ мақалы. Қорамсаның, малы бір жұтта
қырылып, кедейленіп қалыпты да, содан көтерілмепті...
— Ақан əңгімесін айт,— дейді Таспай.
— Ақан Қорамсаның жалғыз баласы екен. Бала күнінде Ақанды əкесі
молдаға сабаққа береді. Бұхар шəріне барып, хатым-қардан боп қайтқан
молда екен.
— «Хатым-қардан» деген не сөз екен? — дейді Таспай.
— Оқуды тауысып қайтқан адамды солай атайды екен мағынасы не
екенін кім білсін.
— Сөзіңді бұздым ғой, айта бер.
— Ақан зирек болса керек, аз жылда молдасының бар оқуын қағып
алады. Құраннан өз бетімен мағына айырып кетеді.


— Япырай! — деп Таспай басын шайқап, таңдайын қағып қояды.
— Содан, — дейді Мəшік көтеріле сөйлеп, — жастықтың əуені ме, əлде
оқу көтеріп кетті ме, — бозбала кезінде Ақан желіге бастайды. Желіккенде
ол шалықтанып желікпейді: жақсы ат мінеді, киімді қыздарша əлем-жəлем
киінеді, қасына өзі сияқты сері жігіттерді жинап, оларға да өзінің аты түсті
ат, киімдері түсті киім кигізеді. Сөйтіп, қайда ойын-сауық болса соған
барып, елді аралайды да жүреді. Барған жері думан!.. Думан болмағанда
ше: өзі əнші, əрі домбырашы...
— Сөйтіп жүргенде, — дейді Мəшік қара мұртын сипап қойып, —
Ақтоқты деген қызға Ақан ғашық болады. Қызды əкесі атақты бір байдың
баласына берген екен дейді. Қырық жетіні қырқа матап берген байдың
баласы қалыңдығын оң жақта көруге ырғап-жырғап ұрын келеді. Ойын-
тойы болады. Содан кейін қызды күйеуге апару керек.
— Ақан қайда екен онда? — дейді Таспай тиышсызданып.
— О да сол тойда екен.
— Апырау, қалай шыдады екен?!
— Қайдан шыдасын, — дейді Мəшік — түнде күйеуге апара жатқан
қызды Ақан сері салт атпен тосып тұрады да, кезегі келгенде, іліп-ала
қашады.
— Бəрекелді! — дейді, кеңілі көншігендей болған Таспай.
— Құтылса «бəрекелді» — дейді Мəшік — құтылмаса ше?
— Құтылмап па?! — дейді Таспай үрейленіп.
— Қайдан құтылсын! Сезіп қалған күйеу жағы да, қыздың туыстары да
тұра қуып, Ақан мен қызды ұстап алады!
— Қап!—деп Таспай санын соғады да, — сонан соң?! — дейді.
— Белгілі емес пе ар жағы, — дейді Мəшік — қызды күйеуіне ұзатады
да жібереді.
— Мына құдайға шараң болса, қыл! — деп кейиді Таспай.
— Ақан серінің «Сырымбет» деген əні сол қызға арналған ғой, — дейді
Мəшік — зарлы да əн ғой өзі.
Бұрын естімеген бе, естісе де мына жағдайда тағы естісі келе ме:
— Қалай келетін еді ол əн? — деп сұрайды Таспай.


Былай келуші еді, қоңырлатып көрейін — деп, Мəшік барқыт
даусымен ыңырсиды:
«Ауылым қонған Сырымбет, саласына-əй,
Ғашық болдым ақ сұңқар баласына-ай, еркем,
Қарындас-ау,
Енді есен бол — əй!
Лашынға лайық сəулем едік-əй!
Бөктергіге қор болып барасың ба, əй, еркем,
Қарындас-ау,
Енді есен бол — əй!..»
Мəшік бұл əннің тағы бір-екі ауызын айтады да:
— Осыған жалғас, Ақан сері «Алтыбасар» деген əнін шығарған ғой, —
дейді.
— Мен естімеген əн, — дейді Таспай. — Қалай келеді
ол?
Басы биік аяғы термеленіп келетін əнді Мəшік қоңырлата бастайды:
Қыз қайда қалқатайдай көңілді ашар!
Көңілім сені ойласам болды нашар.
Айрылып сенен сəулем, қайтқан күні,
Əніне бір басайын «Алтыбасар».
Өй, қалқа, сен маған жоқ, мен саған жоқ,
Шекеңде бұлғақтаушы ед, үкіден шоқ,
Көзіме ұйқылы ояу көрінесің,
Оянып түрегелсем дəнеңе жоқ...»
— Шіркіннің, құмартуын-ай! — дейді Таспай. Мəшік «Алтыбасарды:»
«Ой, қалқа, өлер болдым сені ойлай,
Күйдірді ғашық дертің ерікке қоймай,


Бір жаман мал бердім деп алып кетті,
Жылқы екен қыздың байы сығыр-ойбай! —
деп бітіріп:
— Рас сөз ғой, — дейді Таспайға.
— Ие, сонымен? — дейді Таспай.
— Сонымен, Ақтоқтыдан айрылған Ақан — «атым жақсы болса
құтылып кетер едім, атым жамандықтан тұтылдым» деп ойлайды да,
жылқыға жеткізбейтін ат іздейді, ондай ат табылмайды...
— Ақанның өзі сыншы ма екен? — деп сұрайды Тас¬пай.
— Өзі емес, елінде сыншы болыпты, — дейді Мəшік — аты — Киікпай.
Қайда барса да Ақан сол Киікпайды ертіп апарады екен. Қандай тамаша
деген аттарды іздеп барса да, Киікпай «бұған жылқы жетеді» дей беріпті.
— Жылқы жетпейтін ат бола ма екен? — дейді Таспай.
— Тыңда!.. Сонан Ақан сері ат таба алмай сандалып жүрген кезде,
«Қырық бойдақ» маңындағы нағашысы Атбасардың базарынан сатып əкеле
жатқан төрт-бес жүз атымен кеп, Ақан серінің үйіне қонады.
— Сəті түспесе не қылсын!.. — дейді Таспай дəмеленген кескін
көрсетіп.
— Сонан, — дейді Мəшік сабырлы қалпын өзгертпей, — нағашысы
Ақанға: «Жиен, ат іздеп жүр деп еді сені, айдап келе жатқан аттардан
таңдағаныңды алып қал!» дейді.
— Мырза нағашы боп шықты ғой, — дейді Таспай, — ие, содан?
— Атбасарға арғы өр Алтайдың аттары келеді ғой, — дейді Мəшік —
жылқылары ылғи қаз мойын болады ғой олардың, мына аттар да сондай
екен дейді. Бірақ қандай тамаша аттарды көрсе де Киікпай «бұған жылқы
жетеді» дей беріпті.
— Бір қырсық болмаса игі еді, мынауың! — дейді Таспай кейіп.
— Сонан ұзын сөздің қысқасы, сыншы төрт-бес жүз аттан Ақанға лайық
ат таппайды.
— Жынды неме ме, өзі! — деп тұлданады Таспай. — Қайдан таппақ,
сонда, жоқ атты? Жұмақтың пырағын əкеп бермек пе?
— Сонан, — дейді Мəшік — екеуі көп аттан ат таба алмай сандалып


келе жатса, көлдің жағасындағы құмда төрт аяғы серейіп бір жылқы жатыр
екен. «Неткен жылқы, ыстықта құмда жатқан?!» деп Киікпай қасына келсе:
қысқы жүні түлеп болмай жабағыланып жалбыраған арық Құлагер құнан!..
— Япыр-ай, атақты Құлагер тұлпар осы болмағай да! — дейді Таспай
асығып.
— Құнанды Киікпай орнынан тұрғызады да, айналақтап тұрып алады.
Ақан оған: «Неғып тұрсың?» десе, Киікпай, «іздегенің табылды, Ақаң
шүйінші!» дейді. Ақан «сыншы мазақ қып тұр ма?» деп ойлайды, неге
десең, — «қарны қабақтай, бұты таяқтай» кішкене құнан?.. Сын көтерер
жері жоқ!.. Ең құрыса, жалы да жоқ, тек шоқтығында ғана бір уыс қылы
бар!.. Құйрық қылы да сиырша, — құйымшақтың ұшына қарай ғана
біткен!.. Екі құлагы есектей салбырап жатыр!..
— Ия, сонымен!..
— Сонда, — дейді Мəшік көтеріле түсіп, — Киікпай аттан түседі де,
жуас құнанды ұстап тұрып, Ақанға сынын айтады: — «Кеудесіне көз
салшы, — дейді ол, — тесінің астынан адам жүгіріп еткендей, кең! Жылқы
баласына бітпеген кеуде бұл!.. Осы кеудеге біткен өкпемен өмірде алқына
ма?!.. Ертеден қар кешке шапсаң да, ентікпейтін жылқы болады, бұл!
— Сонан кейін — дейді Мəшік — Киікпай жұдырығын түйіп Құлагер
құнанның сағағына салып көрсе, екі жақтың арасына жұқ болмай ойнап
кетеді. «Көрдің бе, — дейді сонда Киікпай Ақанға, — кеудесі кең
болғанмен, сағағы тар жылқының, тынысы да тар болады. Жүйріктікі ғана
болмаса, жай жылқының сағағына жұдырық симайды да. Ал, мына Құлагер
құнанның сағағына жұдырық түгіл, кішігірім баланың басы сиып кетер!..
Бұның тыныс тартар тамағы да өзге жылқы баласына біткен емес. Ағызып
шауып келе жатып тыныстап отыратын жылқың осы болады».
— Жөн сөз, — деді Таспай, тыңдауға құмарта түсіп, — ия, сонымен?
«Шынтағы сыртына қарай айнала біткенін көрдің бе? — дейді сыншы,
— бұл да тынысты кең алдырудың бір белгісі. Қысыңқы шынтақ шапқанда
қолтықты соғып тынысты тарылтады.
— Жөн сөз, — дейді Таспай.
— «Азулары қабанның азуындай айқаса, кекжие кейін қарай бітуін-ай!
— дейді Киікпай Ақанға, — сарқылмайтын қайраттың белгісі ғой, бұл!..
Қабағын көрдің бе, жұдырықтай боп түйіліп тұрған? Жайшылықта
момақансығанмен, ерегісте қандай құтырынар екен сабаз!.. Ашуы келмей
жылқы шаппайды. Мына қабақпен егесте тұлданып кететін жылқы —
бұл!»
— Жаныма жағып барады сыны! — дейді Таспай.


«Жүйрікті «теке мұрын» деп мақтау бекер, — дейді Киікпай, — текенің
танауы тар болады, тар танау демді аз тартады. Бөкеннен жүйрік аң жоқ. Ең
кең танау соныкі. Мына Құлагер құнанның да танауына қол сиып кетердей
делдие біткен екен. Бұл да демді бөкеннен кем тартпас» дейді.
— Жобасы келе жатыр! — дейді Таспай, сыншының сөзіне елтігендей,
отырған орнында теңселе түсіп.
«Басына түгелімен қарашы! — дейді сыншы Ақанға, — кесіп алар еті
жоқ, тап-тақыр жəне ұшқыр үйректің басындай ұп-ұзын, сүп-сүйрік!.. Осы
басын алдына қарай төсей шапқанда, өзге денесін қандай ілгері алып
ұшады екен шіркін!»
— Пау! — деп қойды Таспай, дауысын көтеріп.
— Ұзақ шауып, не алысқа жортып шаршаған жылқыны «мойны талып
келген екен» дей ме? — деп сұрапты Киікпай Ақаннан, «дейді» депті Ақан.
Сонда Киікпай тəуір атты «қой мойынды» дейтін себебі, — жұмырлана
бітпей, — қалақтана біткен мойын тез талғыш келеді, мойны талса өзге
денесі де талады, мына Құлагер құнанның мойны жолбарыстай жұмырлана
біткен екен бұндай мойынды талдыру қиын-ақ болар» дейді.
— Түп-түгел дұрыс, — деді Таспай.
— Сонан Киікпай Құлагер құнанның алдыңғы жағын Ақанға көрсетіп
боп: «Сен алдынан қарашы, оған!» деп қаратып алады да, «алдыңғы
жағынан қарағанда, бөксе жағы шөмигендеу емес пе, өзінің?» деп сұрайды.
«Солай сияқты» дейді Ақан. «Ендеше, арт жағынан бір көрейікші» деп
Киікпай Ақанды құнанның, артына шығарады.
— Болды қызық! — деді Таспай құмарта түсіп.
— Артынан қараса,— деді Мəшік — жаясының кеңдігі құлашқа жақын
бар екен. Қысқалау жоны бəлкім күдістеу біткен екен. Жотасының
жалпақтығына кісі төсек сап жатқандай.
— Паһ! — деп дауыстап жіберді Таспай.
— Сонда Киікпай тұрып, Ақанға: «Қалай, бөксесі шөмиген бе екен жоқ
па екен?» дейді. «Қайдан шөмиеді? — дейді Ақаң — шөмиген бөксе
осындай бола ма?!» «Шын жүйріктің алды-арты осылай тең келеді, —
дейді Киікпай, — алдынан қарасаң арты жіңішке сияқты, артынан қарасаң
алды жіңішке сияқты. Ал көлденеңінен қарасаң алды, арты бірдей толық.
Жүйрік үш түрлі болады, бірінің алды, бірінің арты биік енді бірінің алды-
арты тең. Арты биік өрге шапқыш келеді, алды биік ылдиға шапқыш келеді,
алды-арты тең ылди мен өрге бірдей шабады, мына Құлагер құнан соңғысы
екен».


— Жеткізді мақтауын! — деді Таспай.
«Əңгіме мұның тірсегінде жатыр, — дейді Киікпай Ақанға, — жүйрік
жылқыны біз «бота тірсек» дейміз ғой. Ботаның тірсегі майысып жатады
ғой. Тірсегі майысқан жылқының артқы аяқтарының серпіні екпінді келеді.
Тегі жылқының алды емес, арты шабады. Ал, мына Құлагер құнанның
тірсегі, «бота тірсек» аталып жүрген жылқылардың біреуіне де ұқсамайды.
Мұның тірсегі жолбарыстың тірсегіндей маймиып қалған. Бұның артқы
аяқтарының бір серпіні, өзге жылқының екі-үш серпініне тұрады. Өзге
жүйріктің екі-үш адымы,— мұның бір-ақ адымы. Сондай серпінмен шапса
ол жылқы шыдата ма?»
— Рас-ау! — дейді Таспай.
«Жылқының өзге мүшесінен бұрын табаны болдырады, — дейді
Киікпай Ақанға, — ұзақ шапқанда жылқының табаны қызып кетеді. Табан
қызса, аяқтарының қаруы қайтады. Мына Құлагер құнанның тұяғын көр!
Төңкеріле, бүрісе, жіліншігінің орта жеріне шейін біткен!.. Мұнша қалың
тұяқ, қанша шапса да қызбайды»...
— Түгін тастамай сынаған екен-ау, сабаз! — дейді Таспай, — сонымен
біткен де болар.
— Қайдан бітсін — дейді Мəшік.
— Тағы да несін айтыпты? — деп сұрайды Таспай.
«Бұның құлағы есек сияқты неге салпы біткен?» — деп сұрайды Ақан
Киікпайдан. Сонда ол — «құлағы аумаған құландікі — деп жауап береді,—
құланның құлағының, түбі бос болады. Шапқан кезде құланның құлағы,
қоянның құлағы сияқтанып, желкесіне қарай жатып қалады, сонда жел
кірмейді оған».
— Желдің, шабысқа бөгет болғаны ма? — дейді Таспай.
— Кім білсін — дейді Мəшік — сыншының сөзіне қарағанда солай
болғаны да. Тегі шапқан хайуанның бəрі құлағын жымитып алады ғой. Тік
құлақтың, бөгеті барлығынан болу керек сол.
— Мұнысына сену қиын екен! — деді Таспай, — есек те салпаң құлақ
емес пе? Бірақ, ол жүйрік емес қой?
Білетіндер есекті құланның азғыны деседі. Оның шабысы қандай екені
«азғын» деген атынан да көрініп тұрған жоқ па?
— Есегі құрысың — деді Таспай, — аузымызға қайдан түсіп кетті кəпір!
Құлагер кеңесін бөліп əкетті ғой. Ия, сонымен, Киікпай тағы да не
айтыпты?


— «Жал-құйрығы неге жоқ?» деп сұрайды Ақан Киікпайдан. Сонда ол:
«Мұның жал-құйрығы жылқыға емес, құланға тартқан. Құланның да жал-
құйрығы осындай ғана болады» депті. «Неге?» деп сұраса, «құлан жылқы
заттас хайуан болғанмен, — депті Киікпай,— семіргенде майын жылқыдай
қазысы мен қартасына, не жалына жинамайды. Оның майы етіне араласа
бітеді, еттен бөлек туырылған май құланда болмайды. Жалғыз құлан емес,
аң атаулының бəрі де майды солай жинайды. Олардың қашусыз, қуусыз
күні бар ма? Еттен басқа май олардың шабысына бөгет жасайтын болу
керек, сондықтан қазы, жал сияқты қалың майды денесіне бітірмеу керек.
Аса бір жұт жылы болмаса, тегі арықтап елетін аң болмайды ғой. Қандай
арық аңды атып алсаң да, етіндегі жылтырарынан айырылмайды, арық
малдың етіндей көкежасық болмайды...»
— Құлагердің жал-құйрығы туралы кеңесін айт! — дейді Таспай, аңдар
туралы кеңесті тыңдағысы келмегендей.
— «Жалдың қылы астыңғы майына өседі, жалында май жоқ құланның
желкесіне қыл қайдан бітсін! — дейді сыншы.
— Қысқасынан қайыр, ендігі сөзді, — деді Таспай, — сонымен, сол
Құлагер құнанды Ақан алып па, нағашысынан?
— Əрине, алады, — деді Мəшік — əлгіндей мақтаған жылқыны алмай
жынды деймісің, ол.
— Бəсе!..
«Бірақ, — депті Ақан Киікпайға — түбінде тұлпар шығатын құнан
болғанмен, осынша көрікті аттардың ішінең осы сияқты жалба-жұлба
құнанды «алған атым осы» деп ауылға апару ұят-ау!»
— Рас-ау, — деді Таспай күліп, — со құнанды апарса. ауылының мазақ
қылатыны рас қой. Киікпай не депті сонда?
— Киікпай Ақанға: «Құнанды мен үйіме алып кетейін де, жаздай
күтейін, қара кемік боп қалған құнан екен. Тегі, кедейдің құнаны болу
керек, əйтпесе жастайынан осылай ғып үйрете ме?» дейді. «Көрерсің, —
дейді тағы да ол, — нағашың бұл құнанды білмей əкеле жатқан жоқ, оның
не өзі сыншы, не қасында сыншысы бар, тұлпар боларын біліп əкеле
жатыр, əйтпесе, мұндай тыртиған құнан оған неге керек?» «Егер олай əкеле
жатса,— дейді Киікпай,— бұл құнанды саған бермеймін деуі мүмкін, олай
десе, құнанды көзінен жытыру керек. Бұл құнаннан өлмей айырылмау
керек. Мұндай жылқы баласы туғанын көрген де емеспіз, тумайды да,
Бағыңа кез келді». Соны айтады да, Киікпай құнанды үйіне жетектеп алып
кетеді. Ақан ауылына қайтады.
— Нағашысы не дейді?


— Жиені құнаныңды алатын болдым деп барғанда, нағашысы:
«Апырмай, жиен-ай, сыншы ма едің?!» депті. Нағашысына құнанның,
тұлпар боларын білдіргісі келмеген Ақан: «Жай ала салдым» десе,
нағашысы шынын айтқызыпты. Ақан шынын айтқаннан кейін нағашысы:
«Менің сыншым да сенің сыншың айтқан сөзді айтып еді. Орыстан сатып
алып ем, кедей орыс екен арзанға сатып еді. Өзге аттан оның алсаң да
бұлай қынжылмас ем, өзіме қисаң қайтеді?» деп жалынады. Ақан: «Осыдан
басқаны алмаймын» деп отырып алады. Сөздің арты дауға соғып,
нағашысы: «Мені ренжіттің, игілігіңе мінбессің» деп назаланып аттанады.
— Сілесі қатты ит болмағай да! — деді Таспай.
— Содан ба, əлде қазасы жеті ме, — əйтеуір Құлагер Ақанға ұзақ
құтаймады ғой, — деді Мəшік. — Тұлпар болуын болды ғой, жануар!
Ертегіде айтылатын тұлпарды көрген жоқпыз, бұл заманның тұлпары осы
Құлагер еді ғой.
— Мен көрген емен, сол Құлагерді, сен көрдің бе? — деп сұрады
Таспай.
— Көрдім, — деді Мəшік — біздің араның «жел жетпес» атанған
жүйріктері: Қисықтың көк шолағы мен Дəуітбайдың, құласы еді ғой?
— Оларды көрдік қой. Рас жүйрік жылқылар еді ғой, олар!
— Жансары Уақта ертеде бір той боп, Қисық көк шолағын апарды. Мен
де бардым, Ақан серінің Құлагері де келген екен. Сонда ерегіс боп, бəйге
аттарын алыстан айдатты. Сол жолы, Құлагер Көкшолақтың алдында,
биенің бір сауымы бұрын келді!..
— Мынау жылқы емес, құс шығар! — деді Таспай.
— Сол шабыстан танбады ғой жануар,— деді Мəшік— ақырда жұрт
оның бəйгесін шаппай беретін болды ғой!.. Со Құлагердің қалай өлгенін
білемісің?
— Білмеймін.
— Мен осы оқиғаның ішінде болған кісінің аузынан естідім.
— Кім ол?
— Ақмола мен Көкшетаудың арасында қалың құрсары керей бар ғой.
Паң Нұрмағамбет деген бар, сонда.
— Естігем.
— О бір жыл Торсанмен Омбыға барсам, Паң да келген екен. Бірінші
көруім еді: кескіні көрікті емес, бірақ мейлінше тəкаппар, ілуде біреу


болмаса үстіне батып кіре алмайды, сəлем бере барғандардың көбіне,
қолдың орнына аяғын ұсынады!..
— Кекір екен-ау, шіркін!..
— Құлагер сол Нұрмағамбеттің əкесі — Сағынайдың асында өлтірілген
екен ғой.
— Ия, қалай?
— Ол бір айта қалғандай ас бопты ғой. Сағынай өлгенде он екі мың
жылқы, жиырма мың қой қалған екен дейді. Нұрмағамбет жалғыз екен.
Сағынай өлерде баласына: «Маған ас бергенде он жылқыдан бір семіз бие
шығар, он қойдан бір семіз тұсақ шығар. Асқа бір шеті — Торғай, Ырғызға,
бір шеті — Аягөз, Қарқаралыға, бір шеті — Кереку, Баянға, бір шеті —
Көкшетау, Қызылжарға сауын айт» деп өсиет қыпты.
— Не деген көп жер! — деді Таспай.
— Асқа екі мың бие, он мың қой сойылған, мың үй тігілген.
— Түһ!..
— Асы бола берсін, Құлагер жайын айтайын!..
— Ия, сөйт!..
— Асқа кеп ат жиналады. Көбі атақты жүйріктер. Бəрінің де озғысы
келеді. Ол үшің күш сынасуға алыстан шабу керек.
— Əрине. Жақыннан аттың күші сынала қоймайды ғой.
— Сонымен, сөйлесе келе, иелері атты елу шақырымнан айдайтын
болды.
— Шырқаған екен!..
— Сол асқа Сармантай — Мұрат жақтан, Батыраш, Қотыраш деген
ағайынды екі кісінің бəйге бермей жүрген қос бозы да келеді. Олар да
сыншысын ерте жүреді. Сол көзі шыққырлар Құлагерді көріпті де,
Батыраш пен Қотырашқа: «Құлагер құстан басқаны оздырмайды,
аттарыңды бұл бəйгеге қоспаңдар» депті.
— Олар не депті сонда? — деді Таспай.
— Аттарын жібермеуге қорланады. Жіберейін десе, сыншының сөзі
анау!.. Не істеу керек?
— Рас-ау!..


— Батыраш пен Қотыраш қаныпезер иттер болса керек. Аттарын бəйгеге
қосады да, Құлагерді өлтірмек болады.
— Қалай?!—деді Таспай.
— Бəйгенің жолында өзен бар екен. Бойына қалың тал өседі екен. Өзен
жаздыгүні құрғап қалады екен. Бəйге аттары қалың талды жарып өтеді
екен. Аттар шабатын жеріне түнде айдалған да, Батыраш пен Қотыраш
елінің бар жүйрік аттарын жинап, қарулы жігіттерді мінгізіп, қолдарына
бір-бір шоқпарды береді де, əлгі қалың талдың ішінде Құлагерді
тостырады.
— Бара жатқанда ма?
— Жоқ, қайтарда.
Одан арғы кеңесті тыңдауға құлағы ауыратындай, Таспай бетін жиырып,
тітіркенген кескін білдірді. Мəшік те қабағын шытып ап, кеңесіне кірісті.
— Сонан аттар шабатын жеріне барсын... Аздап тыныстасын... Сонан
кейін жіберілсін!..
— Япырай!..
— Құлагер жануардың, бір өзгешелігі: шыға тартқанда алдына ат
түсірмейді екен де, содан қайтып арттағы аттарға қарасын шалдырмайды
екен... Со бетімен ол кете барсын!..
— Жануар-ай!..
— Оның əдеті: əбден бүйірі қызып алған кезде, шауып келе жатып
кісінейді екен. Сонда үстіндегі бала тізгінінің түйінін ердің қасындағы
шотаяқ темірге іле қойып, өзі қастың екі қанатындағы тұтқа қайыстан
ұстай қояды екен əйтпесе аттың екпініне шыдамай ұшып кетеді екен.
— Ойпыр-о-о-ой, не деген шабыс еді!..
— Жаңағы бəйгеде шапқан Құлагер қызған кезде дағдысымен кісінейді,
бала да дағдысымен тізгінді ердің қасына іліп, өзі тұтқадан ұстайды. Ат
жұлдыздай аға жөнеледі!..
— Садағаң кетейін-ай! — деп жіберді Таспай. — Анау арам ниеттілер
сондай жылқыны да қиып өлтірді ме екен?
— Өлтірмеуге амалы қанша? — деп Мəшік көңілі босаған қалып
көрсетті де, — сонымен қысқасы, — деді сөзін бөлшектеп сөйлеп, — терге
балқып келе жатқан атқа тың атпен аңдып тұрғандар қосыла кетіп, ұрады
да жығады... Түйдегімен кеп ұрған шоқпардан аттың белі үзіліп кетеді...


Таспайдың көзінен жас шығып кетті. Əңгімені қызық көріп тыңдап
отырған менің балалық сезімім ауырлай қалды...
— Атының құнын ала алған ба? — деді Таспай, аз уақыт тұнжырап
отырып.
— Қайдан алады? — деді Мəшік күрсініп ап, —бай кісі теңдік бере ме?
Батыраш пен Қотыраш бір рудың белді байлары, ал, Ақаң Сағынайдың
асына барғаны болмаса, — беделсіз кедей. Оның сөзін ешкім де
тыңдамаған...
Өлген атының басын құшақтап бірнеше күн жылаған да, теңдікке қолы
жетпеуін көрген соң, атының басын ғана кесіп ап қоржынына салып, өзге
денесін кемген де, еліне қайтқан...
— Басын неге кесіп алған?— деймін мен.
— Үйіне апарып, керегесіне сүйегін іліп қою үшін.
— Ақанның керегесінде ілулі тұрған сол қу басты мен көрдім, — дейді
Мəшік. (Ол басты 1921 жылы, Ақанның тіл-құлақсыз мылқау баласының
үйінде мен де көрдім... Керемет ұзын бас екен!.. Азулары шынында
саусақтай екен!.. Өзге тістері де дағдылы жылқынікінен əлдеқайда сом
жəне ұзын!.. Қу сүйектің басқа сынын əрине біліп болмады).
— Атақты «Құлагер» əнін Ақан осыған шығарған ғой, — деді Мəшік
біраз кідіргеннен кейін — өзінің айтқанын естідім. Көзінен жасы шұбырып
отырып айтады екен... Тыңдауға ауыр екен!..
— Енді қалай?! — деді Таспай ауыр күрсініп, — қайта жынданып
кетпеген сол күйіктен!
— Жынданбағанына қара жер! — деді Мəшік — содан кейін жұрттан
бөлек жайылады... Ел жайлауға кеткенде, есіз қорада жалғыз үй қалады.
— Сонда не істейді? — дейді Таспай.
— Құс салады: жаз — лашын мен қаршыға, ал қыс — бүркіт.
— Бұл да көңіл аулайтын кəсіп қой,— дейді Таспай.
— Əрине, — дейді Мəшік — бірақ, «жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл
кəсіпте де ол бір үлкен қайғыға ұшырайды.
— Қандай?—дейді Таспай елеңдеп.
— Ақанның қолына бір тамаша лашын түседі. Керемет алғыр болады ол
лашын. Үйрек, қаз түгіл, дуадақ пен аққуға да түседі... Ақан оның атын
Көкжендет қояды...


— Қырғын болған соң қойғаны да.
— Əрине... Со Көкжендеттен ол тағы да айрылады...
— Қалай?! —дейміз біз үрейленіп.
— Көкжендетін ұстап алысқа да кетіп жүреді... Бір сапарында ол
Қараөткел 
35
жағына барады. Қараөткел тұсында екі өзен — Есіл, Нұра
жақындап кеп шалқаяды, арасы оң он бес шақырымдай ғана, тұрғын ел бұл
кезеңді
Қозыкөш дейді. Ақан Лашынын осы Қозыкөште жоғалтады...
— Неғып?..
— Қозыкөштің бойында құс отыратын баттауық саздар, қарасулар көп
болады екен. Бұл маңдағы қаршығашы мен лашыншылар сонда жүреді
екен. Солардың біреуі, Ақанның қапысың тауып, іңір арасында
Көкжендетті қағып əкетсе керек!.. Тағы Ақан жалғыз!.. Тағы алыс ел!..
Ақан тағы да теңдік көрмейді, лашынын таба алмайды!..
— Қап!..
— Қайғылы Ақаң атақты «Көкжендет» əнін шығарады...
— Қандай əн еді, сол? — дейді Таспай, естігісі келген бейне көрсетіп...
— Естіп ем, — дейді Мəшік — бірақ ұққан жоқ ем...
— Біздің ауылдағы Жұбандықтын. Кəсені айтатын еді, — деймін мен.
— Ұғып па ең?— дейді Мəшік пен Таспай.
— Шала-шарпы...
— Кəне, айтып көрші...
— Мен айта бастаймын (шырқай басталып, ортасы баяулап кеп, аяғы
тағы көтерілетін бұл əннің сөзі:
«Көкжендет, тұғырың алтың маржан баулы,
Ағаш үйде тұрушы ең асыраулы.
Күніне жетпіс үйрек жүз қаз алған
Болмайды Көкжендеттей мұндар шəулі»,—
деп басталады.


— Шіркін, алғыр екен-ау! — дейді Таспай.
— Бір күнгі алған құсының мамығы қанша болатыны да айтылатын еді
ғой, соны білесің бе, бала? — дейді Мəшік.
— Білем:
«Көкжендет, қазға салып бауыңды аштық,
Бір күн алған құсыңды он күн астық.
Солардың, мамықтарын жиған шақта,
Болып ед бір құс төсек, он құс жастық!..»
— Дəл осылай! — дейді Мəшік.
— Əні де зарлы екен! — дейді Таспай. — Тағы бір ауызын айтшы,
бала!..
«Сусылдап сұқсыр үйрек ұшар кешке,
Көкжендетім түседі сонда еске.
Айрылып Көкжендеттен қалған шақта,
Созылып əрең жеттім Қозыкөшке!..»
— Сонан ол үйіне қайтады да,— дейді Мəшік бұл кеңесті бітіргісі
келген кескінмен, — енді қайтып ешқайда шықпай, ешбір кəсіп істемей
жатады да қояды, — ермегі — зарлы əндер...
— Пері қызын алыпты деген сөз бар ғой, — дейді Таспай, — осы
қайғының, салдары екен ғой, сол!
— Кім білсін!.. Содан кейін жан адамды жолатпай, кісі киік боп алыпты
ғой, өзі... Пері қызын алды дегенді Атығай-Қарауыл сенімді сөз ғып
айтады...
— Осы жолы көрер ме екенбіз, сол Ақанды?
— Кім білсін. Көруге тырысармыз.
Біз Ақан серіні кешікпей көрдік.
Сырымбетке жақындай менің серіктерім екіге бөлінді: Пар пар аттағы
Шери мен Ботпай «хан ордасына барамыз» деп жөнелді, бір пар аттағы
Мəшік пен Таспай Ақан серіге соғамыз десті.
Ақан серінің ауылына жеткенше, Мəшік пен Таспайдың кеңесі сол


туралы ғана болды.
— Білетіндердің айтуынша, — деді Мəшік — Ақан серінің енді көп
жасайтын да жайы қалмаған көрінеді. Аруағы көтерілген адам, көре кетейік
бұдан соң көреміз бе, жоқ па?
— Сен айтқан соң амалсыз келем, — деді Таспай, Мəшікке, — əйтпесе
ел-жұртынан бөлініп, есіз қыстауда жалғыз қалған жындыға не деп
барамыз? Перінің қызын алыпты дегенді жолшыбайғы елдің бəрі айтып
отыр. Сонысы рас та ғой деймін, əйтпесе, түнде түнеу түгіл, күндіз серіксіз
баруға қорқатын иесіз қорада неге мекендеп қалады? Қыстау қасындағы
көлдің жағасына қоғажайдан күрке жасап отыр дейді, жұрт. Сол күркенің
маңайы, қудай біледі, жын-шайтанның ойнағы шығар. Біле тұра жынның
ойнағына ілмей баратын емес ем, сөзіңді қимай келем!..
— Барамыз деп ат басын бұрған соң, несіне қайталайсың, бір сөзіңді? —
деп Мəшік ұнатпап еді:
— Қайталауым, — деді Таспай. Біз оның өз күркесіне тура бармай, со
маңайдағы Дəулеткерей төренің, үйіне түсейік те, Ақанды сонда шақыртып
алдырайық.
— Егер оған келсе! — деді Мəшік.
— Келеді, — деді Таспай, — Дəулеткереймен дос деген.
— Егер келе қалса, — деді Мəшік мені нұсқап, — біздің мына баланың,
аузына түкіртіп алу керек. Осы да өлеңге құмартып жүр ғой. Нұртазаның
айтуынша, атасы Шүкей ақын болғанға ұқсайды. Ақындықтың да аруағы
болады деседі. Ақан серіден бата алса, бұл да ақын боп кетуі мүмкін.
— Қайдам,— деді, «осының өзі əуейі» деп мені ұнатпай жүретін Таспай,
— ақындығын ұстамай, жындылығын ұстап жүрмесе!..
Олардың кеңесін тыңдай отырып, Ақан серіні көруге мен бұрынғыдан
да артық құмарта түсем. Менің қазіргі құмартуым шектен шыққан сияқты...
Мен оған ғашық сияқтымын!..
Өйтпегенде ше?.. Қабамбайдың Ғабдолынан бастап менің Ақан сері
туралы естіген аңыздарымды түгел жазса, қалыңдығы табан қарыс кітап
болар еді!.. Əсіресе əндері туралы аңыздар!.. Расы ма, əлде атағы бар кісіге
жапсыра бере ме, — «Сырымбет», «Алтыбасар», «Құлагер» «Көкжендет»
сияқты, Ақан серінің шығаруы даусыз əндерден басқа да талай əндер елде
«Ақан серінікі» боп жүреді...
Əнге əуестенген күнімнен бастап, əсеріне құмартқан Ақан серіні көруге
мен əрине құмартам, ол маған, менің бұл күнге шейін көрген адамымның
бəрінен де өзгеше боп елестейді. Мен қиялымда оның келбетінің,


тұлғасының суретін жасаймын... Суретте Ақан сері маған адамға емес,
кітаптан, не ертегіден ұққан періге, не періштеге ұқсайды...
Бізді жарқын жүзбен қарсы алып, бір қойын сойған Дəулеткерейге,
Мəшік Ақан серіні шақырту туралы өтініш айтты.
— Құп болады, — деді де, ол бір жігітін салт атпен жұмсады, неге
шақырғанын айтып хат жазды.
— «Бүгін бара алмаспын» деді, — деп келді жіберген жігіт, — «уақытым
болса, ертең таңертең барармын. Бара алмасам өкпелемесін» деді. Мəшік:
— Тағы да кісі жіберсең қайтеді? — деп еді:
— Енді шақыртсақ шамдандырып аламыз, — деді Дəулеткерей. Бір
қиқайса түзелмейді, ол. Өз ықласы түспесе, сүйреп əкеле алмайсың!
Дəулеткерей — көңілді адам екен. Өзі сырнайшы. Қоңырлатып өлең де
айтады. Кеңесінің көбі аңшылық: ит жүгірту, құс салу туралы. Маған оның
біреуі де қызық көрінген жоқ. Менің есі дертім — Ақанды көру. Егер оған
жолыға алмасам, көңілімде зор арман кететін тəрізді...
Дəулеткерей үйі ете кеш жатты. Менің түсіме түні бойы əлдене жаман
нəрселер кіріп, шошып ояна бердім: біресе шайтан, біресе жың біресе
Ақанның пері əйелі...
— Ақанның аруағы торып жүр, мұны, — деді, менің шошуымнан ояна
берген Мəшік.
— Мүмкін, —деді Дəулеткерей. Олай дейтіні: іңірде мен «Қамбар
батыр» жырын жəне білетін бірнеше əндерімді айтып бергем, оныма
Дəулеткерей риза болған.
Түнде елегізіп жатып, ұйқыға таң атқан соң ғана кіріскендіктен,
ұзағырақ жатып қаппын. Егер сол үйдің менімен шамалас баласы мұрныма
шөп жүгіртпесе, одан да кеш оянатын түрім бар екен. Жүгірткен шөптен
мұрнымды уқалай атып түре келсем, күн сəскелікке барып, күлдіреуіштен
қарап қапты... Қаз-қатар салынған төсектерде менен басқа жатқан жан жоқ.
Далаға шықсам бір топ адам келдің жағасында отыр. Серіктерім де сонда
көрінеді. Мен қастарына барсам, олар əлденеменені айтып күлісіп отыр
екен. Біраздан кейін:
— Əне, келе жатыр Ақан! — деді Дəулеткерей көлді ықтай біткен қалың
талды қолымен нұсқап, одырая қарап.
Өзгелері де сол жаққа көздерін тіге қалысты. Жүремнен отыра қап мен
де қадала қарай қалдым... Қалың талдың арасынан салтты адам шыға берді.
Аты — қылаң түсті. Беті — Дəулеткерейдің үйі.


Көл жағасында отырғандар өре түре келісті. Қуаныш па, қорқыныш па,
менің тұла бойым дірілдеп кетті. Тегі қорықтым ғой деймін, өйткені ауылға
беттеген топтың, мен ығын паналай жүрдім...
Салт адам Дəулеткерейдің үйіне біздің топтан бұрын жетіп атынан түсті
де, əлдекім атын байлауға əкеткенде, бізді тосқауылдаған бейне көрсетіп,
орнында тұрып қалды. Қасына барған топпен ол сəлемдесіп амандаса
бастады.
Оның маған қаншалық əсер беруін баяндаудан бұрын, көз алдымда
қалған елесін сипаттайын: орта бойлы, жауырындылау келген ашаң денелі,
сопақтау аққұба кескінді, əжімі қатпарланған кең маңдайлы, жіңішкелеу
қасты, қоңқақтау мұрынды, кішірек көзді, сақалынан басқа жерін
ұстарамен басқаң сұйықтау қара буырыл мұртты, тұтамдай ғана қара
буырыл шоқша сақалды, жұқа ерінді, сүйірлеу иекті, ұзын мойынды, ұзын
нəзік саусақты адам сияқты еді...
Киімдерінен қалған елес: түгі қырқылып ұйпаланған, сарғылт
барқытпен тыстаған дөңгелек құндыз бөрік оның төбесінде, ұлпасы бітіп
қауырсыны ғана қалған үкі... мойнына, тозығы жетіп ені ыдырай бастаған,
түсі сарғайыңқыраған ақ жібек шəріп... сыртында көнетоз түйе жүн
шекпен, оның өңірі мен етегіне айнала жіңішкелеу ғып ұстаған құндыздың
түгі де тақырланып, көп жерінде жалаң терісі ғана қалған, шекпенді
астарлаған қарала батсайы да ыдыраған... Байпақты, қонышы биік етігі де
ескіріп, жұлығына жамау кірген... тозық шалбарының кестелері түтеленген,
тұла бойындағы киімдерінде жаңалау көрінетін жалғыз бұйым, — күміс
зермен шашақталған, ұшын тізесіне салбырата байлаған, шалбарының
батсайы бауы ғана.
Ерте кезде, саятшы Ораздың үйінде қанат-құйрығы, тұяғы тозған, үсті-
басы түтелген, ұшудан қалған кəрі тұйғынды көріп ем, Ақанның түр-
тұлғасы маған аумаған сол сияқтанады...
Қоршаған көпшілікпен ол өте сыпайы, жұмсақ дауыспен амандасты...
Менің балалық сезіміме бұл Ақаң қиялымда жүрген сұлу түлғалы,
көркем кескінді, əдемі киімді Ақан емес, соның, елесі, не мазағы
сияқтанады. Бұл Ақанды мен іштей «менсінбедім», «Ақан» деуге аядым,
қиялдағы Ақанды бұл Ақан деуге қимадым...
Сонда да көпшілікпен бірге, менің көзім де Ақанда. Үйге кіріп оны
ортаға ала отырғаннан кейін жұрт көзін айырмай, сонымен ғана кеңесті.
«Кеңес» дегенде, жүйелі əңгіме Ақанда да, өзгеде де болған жоқ. Ақанға
телміре қарап отырған топтан біреуі əлденені сұраса, Ақан қысқа ғана
жауап береді... Ол «кеңес» сонымен бітіп, тағы да біраз аңырысып үнсіз
отырады да, тағы бір сұрау туады... Оның жауабы да бұрынғылардай тым
қысқа жəне қызғылықсыз болады...


Сұраудың көбін Мəшік беріп отырды. Қоңыр үнмен ақырын ғана
сөйлейтін Мəшіктің жай сөзі де, сұрау, жауабы да орнықты келетіні маған
мəлім. Оның əзіл-оспағы да майда, жұмсақ келеді... Күлгенде де ол
қарқылдамай, дыбысын əлсіз шығарып, денесін ғана солқылдатады.
Осы маймаңдауын ол Ақанға да қолданып, өзгеден гөрі кеңеске көбірек
тартып отырды да, шайдан кейін шақыртушы өзі екенің ол үшін кешірім
сұрайтының шақыруына себеп, нелер болғанын жұқалап сыпайы сөздермен
баяндай кеп, сөзінің аяғын «лебіз шығаруға» тіреді. Көпшілік Мəшіктің
сөзін мақұлдап дуылдай бастағанда, төсек-ағашқа сүйеулі тұрған бапты
домбырасын Дəулеткерей алды да.
— Сері, мені емес, сені іздеп кеп отыр, мына қонақтар; баяғы күйің
жоғын кім білмейді сенің, сонда да, хал-қадарыңша айтып көр! —деп
қолына ұстатты.
— Тастаған шіркін еді, бұл, — деді Ақаң — дауыста да не бап бар
дейсің. Көңілдеріңіз қалмасың шама келсе айтып көрейін.
— Бəрекелді!.. Рахмет!.. — десті жұрт.
Ақан домбыраны қожырлау бұрап ап, əуелі ыңырсып үп қосып көрді де,
дауысы домбыра дауысына үйлесетінін көргеннен кейін тамағын
кенеңкіреп алып:
— Мынау біздің «Дауыс ашар» дегеніміз болушы еді! — деп, қоңырлау
бір əдемі əнді айтты жəне өте нақыштап, сұлу ғып айтып берді. Бұл əннің
тұсында тек Мəшік қана:
— Шіркін тарлан-ай, жүрісіңнен танған жоқ екенсің-ау — деп бір рет
қана сөз қосты да, одан кейін əннің əдемі көтерілетін жəне қайырылатын
тұстарында, ақырын ғана дауыспен «пау!» деп көтермеші болды. Əннің бір
ауызын аяқтағаннан кейін:
— Қазіргі бозбала əн айтамыз дейді, — деді Мəшік əн бе, солардыкі!..
Қайран Ақан-ай, саған біткен өңеш, басқа біреуге бітер ме екен жоқ па
екен!...
Ақанның домбыраны тағы да аздап күйлегенін көргеннен кейін:
— «Құлагерді!» — деп ду ете қалды жұрт.
Ақан домбыраның шегін аздап қатайтыңқырап алып, көтеріңкі дауыспен
«Құлагер» — деп бастай жөнелді... Ол:
«Құлагер жас кезінен керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.


Түбінен Ерейменнің айдағанда,
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді»,
деп бастап, бұл бір ауыз өлеңді əнімен дұп-дұрыс айтты. Тыңдаушылар
зор құрметпен қарсы алды. Одан кейін:
Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, айдаушылар айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер, қайда деймін?
— деген «ауызды» айтқанда, бет-ауызына қайғы бұлты оралғандай
құбыла бастады... Одан кейін:
«Құлагер жаз жайладым, күз...»
— дей берді де, жыламсыраған дауыспен, Құлагердің өлген жерін
айтқанда, «жұлдым да сақал, шашты ойбайладым!» деп өкси жылап қоя
берді... Ақанның кескіні со кезде құйын үрлеген судың бетіндей ойран-
ботқа боп, екі көзінен жас шұбыра жөнелді... Ол домбырасын қасына сүйей
салды да, талықсығандай қисайып жата кетті... Дəулеткерей оны құшақтай
алды да, біреуге: «Жастық əпер» дегендей ымдады. Əперген жастыққа
қисайтқан кезде, Ақан қалғып кеткен адамның бейнесін көрсетті. Біреулер:
«Су бүріксе қайтеді?» деп еді. «Керегі жоқ» дегендей Дəулеткерей басын
шайқады да, көпшілікке тысқа шығайық деген ым көрсетті.
— «Құлагерді» айтқызбайық дегенде болмадыңыздар, — деді
Дəулеткерей тысқа шыға, — оның дертінің иесі осы əн «Құлагерді»
айттырдық, — бүлдірдік оны!.. Енді ол екі-үш күнге шейін басын да
көтермейді, сөйлеспейді де...
Одан кейін мен Ақан серіні көрген жоқпын. Естуімше, со жылдың
аяғында ол қайтыс болған.
Кейін естияр болған күндерде, мен «Ақан серінікі» деген өлеңдермен де,
əндермен де біраз шұғылдандым.
Ол, əрине, ақын адам. Əлеуметтік тақырыпқа жазған оның өлеңдері
бірен-саран ғана. Бұл өлеңдерінде Ақаң өз тұсындағы қанаушы тап пен
оның үкіметіне қарсы. «Ақандікі» деген өлеңнің көпшілігі махаббатқа
арналған, оның көпшілігі əнге арналған өлеңдер. Жалпы стилін алғанда ол
— эстет ақын. Ақанның əнге арнамаған өлеңдеріне араб пен фарсы сөздері
көп араласып, ол тілдерді білмеген қазаққа түсініксіз болады. Көп
өлеңдерінде ол аллитрация мен ассонансты жиі қолданады. «Етегін ақ
көйлектің» деп немесе «Белгісі жүйрік аттың» деп басталатын оның ұзақ


өлеңдерінің, əр шумағы осы сөздермен басталады да отырады...
«Ақаннан қалды» деген өлеңдер көп емес, жалпы саны мың жарым
жолдай ғана. Олардың ешқайсысы советтік дəуірге дейін басылмаған.
Советтік дəуірде (20—30 жылдары) ол өлеңдерді байшыл-ұлтшылдар
жинап бастырып, Ақанды өз адамдары ғып көрсету мақсатымен, пан-
исламдық, пан-түрік сияқты, өз идеяларын да араластырып жіберді.
Кейін Ақанды көрген жəне жақсы білетін адамдардың айтуынша,
ұлтшылдар жамаған идеяның онда өзі түгіл ұшқыны да болмаған. Ол
саясатпен шұғылданбаған. Қанаушы тапқа қарсы тұруға, оны өмірдің өзі
шақырған: үстем тап сүйген қызынан айырған, сүйген атын өлтірген,
сүйген құсын тартып алған. Саяси сауаты жоқ Ақаң бұл қорлыққа жəне
еңбекші көпшілік көріп отырған қорлыққа ұйымдасып қарсы тұруды
білмейді, жеке қарсылығы іске аспайды, сондықтан ол үмітсіздікке түсіп,
қоғам өмірінен өзін алып қашады, одан кейінгі өмірін оңашада əн-күй
шығаруға ғана арнайды, сондағы айтары — заманының, жəне өз қара
басының мұң мен зары...
Ақан өлеңдерімен қазақ əдебиетіне ауа райын жасаған кісі емес, ал, əн
жағын алғанда, ол революциядан бұрынғы қазақ музыкасының ірі
классиктерінің бірі. Оның атына байланысты (расы да солай) жиырма
шақты əннің бəрі де аса көркем саналады, халық ол əндерді күні бүгінге
дейін аса сүйсініп тыңдайды... Ол шығарған əндердің бірталайында өзекті
зор сюжет бар, олардың əрқайсысы бір-бір драмалы немесе трагедиялы
пьеса...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет