Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет71/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

КӨТЕРІЛІС СОҢЫНАН
Ешбір жақсылығын көрмегенмен, «ел қазағына» санап, мен ара-тұра,
бізге белгілі Торсанов Қазидың пəтеріне барып тұратын ем. Бір барғанда
ғажап оқиғаға кездестім. Күн кешкірген мезгіл еді, əн-күйге əуестігі бар
Қази, кроватында шалқасынан жатып, маған домбыра тарттырып, өлең
айттырып отырған. Со кезде сырттан Сейтахмет кірді де:
— Қази мырза, сізді сұрап, сыртта шанаға пар ат жеккен екі адам кеп
тұр,— деді.
— Кімдер екен? — деді Қази.
— Бар жақсымыз,— дейді.
— Қайдағы?! — деді, Қази елең ете қап,—біздің елдегі ме?
— Иə. Нүрке деген кісімін дейді...
— Нүрке?! — деп Қази басын кроваттан көтеріп алды да, кескіні
құбылыңқырап кетіп,— не дейді! Түсем дей ме осында? — деп сұрады
Сейтахметтен.
— Оншасын айтпады. Есік алдының қарын күреп жүр ем, тура кеп біздің
қақпаға тоқтады да, сізді сұрады. «Осында» деген соң түскелі жатыр еді,
өзіңізден рұқсат алайын деп, мен «үйде ме, жоқ па, біліп шығайын» —
дедім.
— Ендеше, «жоқ екен» де,— деді Қази.
Мен «оныңыз қалай, ағай?!» деп ем.
— Сенің жұмысың емес ол! —деді Қази маған ызбарлана қарап қойып,
— бар, Сейтахмет, айт соны!..
Сейтахметке мен ере шықтым. Күн райы манағыдан суытып, дала
шаңытыңқырап тұр екен. Қақпа сыртына шықсам, үсті-басы қырауытқан
аттардың буы аспанға шығады. Шана қасында қалың киінген екі адам
түрегеп тұр, бірінің сақал-мұртын қалың қырау жапқан, біреуі сақал -
мұртсыз жас жігіт. Мен оларға сəлем беріп қолдастым.
— Қази мырза үйде жоқ екен,— деді Сейтахмет оларға.
— Қой, шырағым, қате болар оның — деді сақалды,— үйге жаңа ғана
келді деген. Қайта кіріп айт: «Жұмабайдың əкесі Нүрке» де, «сенде аса
қауырт жұмысы бар екен, соны айтады да шығады, басқа пəтерге түседі»
де.


— Мені жауырын көріп тұрмыстық отағасы?—деді Сейтахмет кейіп,—
үйдегі кісіні, неғылам жасырып? Жоқ дегенге илану керек қой!
Мынау қылық, маған барып тұрған иттік көрінді де, Сейтахметтен
көзімді ұрлап, сақалды адамға «бұл өтірік айтып тұр» деген белгі бердім.
Сонымды ұққандай, сақалды адам өршелене түсіп:
— Шырағым,— деді Сейтахметке,— өзің де бөтен адам емессің, біздің
елге күйеусің. Атымыздың мойны қатып алыстан кеп тұрмыз. Қази — түбі
бірге туысым, ол — Шəйгөз, мен — Баржақсы, екеуі бірге туған адам. Əрі,
Қази менің баламмен жасты, тіпті рұқсат. сұрайтын да жөнім жоқ еді,
қаланың салтын сақтап тұрмын. Тілдесем де кетем, бар айтып шық, тағы!..
— Уəй, өзің бір, сөзге түсінбейтін қисық шал екенсің, ғой! О, не
қылғаның айнала сөйлеп?.. Бар, тарта бер жөніңе, сөзге түсінбесең! — деп
Сейтахмет қақпаға қарай бұрылып жүре берді.
— Үйінде! — дедім мен Нүркеге сыбырлап.
— Бар, шал! — деді жігіт,—өзің кіріп шық. Құдай біледі, əлгі итің
айтқан жоқ оған. Егер айтса Қази мұны істемейді.
— Айтты,— дедім мен, Сейтахметтің қақпа ішіне кіріп кеткенін
пайдаланып,— «үйде жоқ деп айт» деген Қазидың өзі.
— Сен өзің қай баласың? — деді сақалды маған.
— Сибанмын.
— Қайдағы?
— Жаманшұбардағы.
— Мұнда қайдан жүрсің?
— Оқудамын...
Тағы бірдеме сұрауға ыңғайланған қартқа:
— Нүрке,— деді жігіт,— күн кешкіріп барады, Қазиға кіріп шығам десең
төз кір, көз барда пəтер тауып алайық.
— Пəтерді мен - ақ тауып берейін,— дедім мен. Ойымда Бексейіт үйі
тұр.
— Ал, онда, кіріп шығайын! — деп қарт жөнеле берді.
— Нүрке осы кісі ме? — дедім жігітке.
— Осы.


Қазидың бөлмесіне Нүркені бастап кірсем, кескіні сұрланыңқыраған ол,
əлдеқайда баратындай киініп жатыр екен. Салқын амандасқан оған, Нүрке:
— Қази шырағым, о не қылғаның үйде бар бола тұра жақпын деп? —
деп екпе айтқалы келе жатыр еді:
— Қазақшылықты қою керек, ақсақал! — деді Қази тігін кеп,— турасын
айтқанда, менің қызмет бабым, сізбен жақындасуды көтермейді. Сіздің
балаңыз большевик, мен большевиктерге қарсы өкіметтің өкілімін.
Сондықтан, менен аулақ болыңыз!..
— М-м, мһ, солай ма?! —деді Нүрке дыбысын сыздана шығарып.—
Тілеміс тұқымы, керек боп қалса, өз балаңды сойып жеуге шіміркеңбейтін
ең, со күйіңе басқын, келді ме?.. Жақсы,— деді түрегеп,— қанжығада
керіскеніміздің алды Осы болсын!..
Нүрке шыға жөнелді. Қази сазарып тұрып қалды. Мен де жөнеле бердім.
— Сен қайда барасың? — деді Қази маған.
— Үйге.
Тысқа шықсам жолаушылар шанаға мініп жатыр екен. Мен оларға
Бексейіттің үйін айтып ем:
— Мін, онда, шанаға! — деді Нүрке,— өзің, бастап апар!..
Бексейіт үйінде екен. Жолаушылардың мəн-жайын қысқаша айтқаннан
кейін, ол құшақ жая қарсы алды. Болмашы қызметіме аса риза болған
Нүрке, «ал, бала, елден келген дəм бар, бүгін осында қон да, содан татып
кет» деп мені ол күні босатқан жоқ.
Мана Қазидің Нүркеге «сіздің балаңыз большевик» деген сөзі менің
құлағымда қалған. Колчак пен Алашорданың большевиктерге еш екенін,
қолына түссе абақтыға жабатынын білем... Сондай большевиктің біреуі,
мына Нүрке қарттың баласы екен!.. «Қайда жүріп большевик боп жүр?..
Қазір қайда ол?..» деген сұрау туды менің басыма, Нүркеден сұрағым,
білгім келді...
Нүрке ақжарқын, ашық мінезді кісі екен. Қона жатып сұрағанда, ол
білген мөлшердегі кеңесін менен іріккен жоқ. Оның большевик баласының
аты Жұмабай екен, жасы со жылы жиырма сегізде, қазір Омбы
абақтысында отыр. Оның қалай большевик боп, тұтқынға қалай түсуі
туралы Нүркенің бар білгені төмендегідей ғана боп шықты:
— Жұмабай деген бала тұла бойы тұңғышым еді,— дейді ол сырласып
отырып,— отымның алды, суымның тұнығы еді. Өзім орыс саудагерлерінің
жазы-қысы малын айдап, жалшылығыңда жүріп, тырнақтап жиған азғантай
тиынымды аямастан, Жұмабайды қаршадайынан орыс оқуына беріп ем.


Əуелі Тілес қаласында алты жыл оқыды да, ауылдық учитель боп шықты.
Екі жыл бала оқытқаннан кейін Омбыға кеп, семинарияға түсті. Одан екі
жыл оқып жазғы демалысына үйге келген баламның аужайына қарасам,
менің құлағыма жат естілетін сөздер айтады...
— Не деп?
— «Патша түседі, бостандық болады» деп. Ауылдағы қараңғы қазақ,
мен не білем. Баламның сөзінен жаным түршігіп, «ойбой, қарағым, естірте
көрме, мына сөзіңді!.. Патша кім? Біз кім?.. Мына сөзің ұлықтардың
құлағына тисе, атпас таң, шықпас күнге қалармыз» деп байбалам салдым.
Балам оқуына қайтып кетті, содан кейін үйге келмеді. «Оқуын бітіріпті,
Ақмола оязындағы Құрсары Керейге учитель боп кетіпті» деп естідік Ара-
тұра хат жазады, бірақ амандық - саулықтан басқа ештеңе айтпайды. Кейін,
патша түсіп, жұрт «ақ», «қызыл» боп бөлініп жатқанда, балам «қызыл
бопты» деп естідім. Тыйым салуға жер алыс, хатыма жауап бермейді...
Сөйтіп жүргенде, ақтардың перевороты боп, Жұмабай қолға түсті деп
естідім. Одан кейін, осы Омбының абақтысына əкелді деген хабар алдым.
«Бала адамның бауыр еті» дегендей, бала шіркінге шыдай алмай «ит
арқасы қияннан», ақ қар көк мұзда атпен келген жайым осы, шырағым...
— Поезбен неге келмедіңіз?
— Үміт дүниесі емес пе, шырағым. Колчак əкімдері параға сатылады,
тұтқындағыларды ұрлап шығарып береді деген сөз естідік, содан үміт қып,
елден жылу жинап біраз даярланып келдім.
Нүркенің, үміті алдады. Күн сайын келіп біліп кетем, əркімдерді
сатылап, өкіметтің əр түрлі адамдарымен сөйлессе, маңайлататын түрі жоқ.
Өткен күзге дейін, абақтыға қатынасы бар кейбір өкімет адамдары, кейбір
тұтқындарды пара алып қашырып жіберген екен, кейін жоғарғы өкімет
оған қатты тыйым сап тастапты.
Большевик боп абақтыға түскендерді жақындарына жолықтырмайды
екен, оларға тек ас-су ғана бергізеді екен. Нүрке Жұмабайға күн сайын ас
апарады, күн ара мен де еріп барам. Ертістің биік жарқабағына салынған
абақтының айналасы зəулім тас қорған, түсі қара сұр... Түстері сол
қорғанға ұқсаған күзетшілер, тұтқындардың жақындарын, қорғанның биік
темір қақпасына жолатпай, апарған астарын алыстан ғана қабылдайды...
онда да жиі емес, анда - санда ғана!.. Сібірдің қысаңқы аязында бүрсеңдеп
ұзақ тұрған адамдардың ыстық астары суып, кейде мұзданып қатып
қалады... Оған, өз жаны мұзданып қатқаннан кем қынжылмайды олар.
Нүрке де сөйтеді... Ұзақ тұрып, жылы асын суытып алған оның кейде
көзінен сорлаған жас сақал - мұртына сүңгі боп қатып қалады!.. Нүркеге
еріп абақтыға барған сайын маңайы тым-тырыс, түсі суық қара сұр
қорғанды 
көрген 
сайын, 
«оның 
ішінде 
қамауда 
отыр» 
деген
большевиктерді, əсіресе Жұмабайды мен көруге құмарта түсем...


Бір күні; со құмарым тарқаудың сəті түсе қалды. Жексенбі күні. Бексейіт
үйіне қыдырып барсам, қонақтары шəй ішіп отыр екен, өзі де үйде екен.
Шайға мен де араласа кеттім. Кешікпей шəуілдеп Бопсик үре қалды. Ол
өршелене үрді.
— Байқашы,— деді Бексейіт əйеліне,— бейсаубет біреу жүр ғой деймін.
Əйел түрегелгенше, аяқ-қолында шынжыр бар, киімі жүдеу, сақал-
мұрты, шашы өскен, кескіні құп-қу біреу есікке кіре берді. Мафтуха жеңгей
«ай, алла!» деді де, қаны ішіне тартылып шегіне берді... Үйдегілер
түгелімен одырая қалысты... Кандалалы адамның артынан мылтықты екі
солдат кірді...
— Неге үрейлендіңіздер? — деді кандалалы есік алдында кідіріп.
— Алла - ау, қарағым - ау, Жұмажанбысың, сен?—деді Нүрке түрегеп.
— Мен танымас деп ойлаған едім,— деді кандалалы.
Енді тіпті айқын танығандай, Нүрке жылап, құшағын жая ұмтылып еді,
екі солдат винтовкаларын көзеуге ыңғайланды.
— Көрісуге болмайды, əке! — деді Жұмабай,— рұқсат жоқ...
Жұмабай боп, үй ішіндегілер боп, екі солдатты шайға отыруға əрең
көндірді. Араларына жарты литр самагон қойылды.
— Бірақ ұзақ отырмайық,— деді солдаттар Жұмабайға.
— Жақсы,— деді ол,— сіздер тамақтанғанша, мен туыстарыммен
амандасып та үлгерем.
Жұмабайдың айтуынша, абақтыдағылар сүзек пен халерадан қырылып
жатыр екен. Үкімет тарапынан оларды емдейтін врач жоқ. Тұтқында
отырған бірен-саран врач, ауруларға дəрі-дəрмек жазады екен де, соны
аптекалардан əкелуге кісі жіберіледі екен. Жұмабай сол қызметпен
шығыпты да, осында туысы барын айтып, солдаттарды соға кетуге
көндіріпті.
Абақтыға бір барғанда, Қази жайын Нүрке маған араб əрпімен қысқаша
хатқа жаздырып Жұмабайға жіберіп еді, оны алған екен.
— Қазиға бекер барғансың,— деп ренжіді ол əкесіне,—бұрынғы
«қазақшылық», «рушылдық» қазір адыра қалған. Қазір жұрт «қанаушы»,
«қаналушы» аталып, екі тапқа бөлінеді. Олардың бір-біріне мейірімі
болмайды. Қази бізге тап дұшпаны. Бүгін ол бізге мейірім істемесе, ертең
өкімет біздің қолға тигенде, біз оған да мейірім істемейміз.
— Сол өкімет тие ме, өзі қолға? — деді Нүрке.


— Əрине, тиеді,— деді Жұмабай.— Абақтыда отырсақ та біліп отырмыз.
Колчак өкіметі келер осы уақытқа жетпей құлайды...
Біраз сөздерді əкесіне оңаша айтқысы келген қалпын көрсетіп, Жұмабай
солдаттардан аз уақытқа тысқа шығуға ұлықсат сұрап еді, бөтелкедегі
самогонға дендеп, қызыңқырап алған ол екеуі:
— Көп айналма, бірақ — деп көне кетті.
Əкесі мен Жұмабай далада недəуір айналып кірді. Менің кім екенімді
Нүрке оған мана қысқаша ескерткен. Тегі, далада молырақ түсіндірген ғой
деймін, үйге кіре:
— Бала, сен, не қыласың мұнша жүдеп оқып? — деді ол маған,— одан
да мына менің əкеммен елге қайт. Алдағы жылы Советтің мектебінен
оқисың. Совет өкіметі, сен сияқты аш - арықтың өкіметі екенін білесің бе
өзің? —деп сұрады ол менен.
— Естимін,— дедім мен.
— Төз көресіңде!.. Шын мағынасындағы білім жолына сонда ғана
түсесің. Білесің бе, ол жолдың атын?
Сұрауға түсінбедім де, басымды шайқадым.
— Ленин жолы!—деді Жұмабай.— Еңбекші адам баласының бақытқа
жететін жолы. Одан əрі түсіндіруге қазір жер де тар, уақыт та жоқ.
Жұмабайды солдаттар алып кетті. Сонша арық дене, сонша жүдеу
кескінде, болашағына соншалық берік сенім барлығы мені қайран
қалдырды. «Большевик дегендер осындай болады екен-ау!» деп таңдандым
мен.
Нүркеге мен одан кейін де қатынасып, қол тигенде Жұмабайға тамақ
апарысып жүрдім. Сонда, маған келетін ой,— «бұл кісі бұлай сарылып неге
жата береді?» Өзінен сұрасам, «амалсыздың күні де, шырағым... Жəй
далбаса да!..» дейді. Оңысы рас та сияқты, ылғи бір салбыраңқы пішін...
Сөйтіп жүрген Нүрке, бір кезде шана - сайманын түзеп, аттарын баптап
жинақылана бастады. Кескін - кейпінде де əлдене бір іске əзірленгендігі
байқалады. Со қалпын бақылап жүріп бір күні сұрау қойғанда, ақ көңіл
Нүрке жатты да қысылды. Əуелі ол:
— Жоға, шырағым, жол үстінде жүргенде жинақы болмауға бола ма? —
деп жалтақтаңқырады да мен:
— Бала да болсам байқаймын, Нүрке жүріске ыңғайланған түріңіз бар.
Менен несін жасырасыз оның? Əлде сенбейсіз бе? — деп қадала сұраған
соң:


— Апыр-ай, балам - ай, жоққа қыстың - ау! — деп қысылып қалды.
— Өзіңіз біліңіз, — дедім мен,— айтпайтын нəрсе болса айтпаңыз. Мен
өзімді сізге ең адал кісі көріп сұраймын да, əйтпесе нем бар!..
Тағы аз кеңескеннен кейін Нүрке шынын айтып қойды.
— Аз күн дəмдес болғанда, өз балам сияқты боп қап едің, шырағым,—
деді ол аса қынжыла сөйлеп,— жанымды суырып берермін, жатқа
аузымнан шығармаспын деген сөзім еді, өзім көріп айтайын, одан əрі
өлтірсең де, тірілтсең де қолыңдамын.
Жанының аса толқығандығы, Нүркенің кескінінде көрініп тұрды: оның
кездері жасаурап, бет-аузы қимылдап кетті.
— Нүке,— дедім мен, аяп кетіп,— айтуға болмаса айтпаңыз. Егер
айтсаңыз, өзіңіз айтқандай, жанымды суырып алар біреу, сырымды суырып
ала алмас.
— Болды, балам,—- деді Нүрке,— жетті! Қысқасын ғана айтайын жəне
білетінім де сол: осы үйдің иесі «жуырда бір жақсылық болады, балаң
босанады, əзірлене бер» деді. Ар жағын айтпады. Бар білгенім осы.
— Мен сұрасам қайтеді? —деп ем.
— Ойбай, атай көрме, қарағым, бүлдіресің! — деп Нүрке зыр ете қалды.
Асыға күткен жұмбақ оқиға ұзаған жоқ. Бір күні түнде ұйқыдан шошып
ояндық: қала іші сатыр-күтір атыс, тасыр - тұсыр шабыс!.. «Не болды?!»
деген сұрауға, Жаңбыршының үйінде үрпиісіп бір бөлмеге жиналған аз
ғана жаннан ешкім жауап бермейді. Тек, орысша əдемі сөйлейтін
Жаңбыршы ғана томпақтау көзін шарасынан шығара түсіп, үрейлі
кескінмен «неужели это восстание?!» дейді.
Оның жорамалы рас екен. Таңға жақын басылған атыстық себебін ертең
естісек, большевиктердің қаладағы жасырын ұйымының басқаруымен,
өткен 
түні 
көтеріліс 
жасалыпты, 
оған 
қаладағы 
заводтардың,
фабрикалардың, темір жолдың жұмысшылары түгел қатыспақ екен, бірақ,
сатқындар өкіметті күн бұрын хабарлап, көп жерде көтерілісшілер еркін
қимылға үлгіре алмай қапты. Дегенмен, көтеріліп үлгергендерді басу,
Колчак 
өкіметіне 
оңайға 
түспепті. 
Көтерілісшілер 
абақтыдағы
большевиктерді босатып алыпты. Əскерлік қару-құралдың бірнеше
складын қапыда басып қапты. Содан кейін Колчактың тұрған жерін алуға
беттегенде, ақтардың қатты қарсылығына ұшырайды. Екі жақтан да көп
адам шығың болады. Көп арпалыстан кейін, регулярлық армия
көтерілісшілердің қалың тобын ыдыратады да, бөлшектеп алып кетіп
жеңеді. Содан кейін жаппай қырғын басталады.


«Бексейіт үйі не халде?!» — деген қорқыныш туды маған.— Нүрке не
халде?!.. Жұмабай не халде? ..
Барып білуге, төрт-бес күнге дейін тырп етер шама болған жоқ. Қалада
күндіз-түні соғыс халі... Күндіз-түні тінту, арест... Газет хабарларына
қарағанда, көтеріліске қатысқандарға жаппай қырғын жарияланған...
Кімдер қолға түсіп, не жаза алғанын да газеттер жасырмайды... Колчак
бұйрық үстіне бұйрық беріп, бағынған адамдарын большевиктерге, оларға
тілектестерге мейірімсіз болуға шақырады...
Төрт-бес күннен кейін ғана барып білсем, Бексейіт үйінің соры қайнап
қапты: көтеріліске қатынасқан Бексейіт қолға түсіпті, оның өлі - тірісін үйі
білмейді. Тінтуге келген ақтар Мафтуха жеңгейді өлімші ғып сабап кеткен,
ол төсек тартып жатыр. Ақтардан қорқып тығылып қалды ма, əлде оны да
ақтар алып кетті ме,— екі-үш күннен бері Мақсұт үйде жоқ. Кішкентай
қызды, көрші үй қолына алыпты. Үй іші, азық-түлік таланған, ат, арбаны
ақтар алып кеткен... Нүрке көтерілістен бір күн бұрын атын жегіп кетіп
қапты, қайда кеткені белгісіз... Жұмабай бұл үйге келмепті...
Одан курсқа келсем, тінту жасалып, бірнеше оқушыны тұтқынға
алыпты. Хатшының айтуынша Мағжан қазір үкіметтің көтерілісті тексеру
комиссиясының мүшесі боп отыр... Қазидың пəтеріне келсем, Сейтахметтің
айтуынша, ол түрмеден қашқан қызылдарды қуып кеткен...
Бір жұмадан кейін басталған курстың сабағы ұзаққа созылмады. Неден
екені белгісіз, курстың үйі бір түнде күйіп кетті, соған байланысты,
курстың оқуы жабылды.
Мен өкінген жоқпын. Несіне өкінем, курс жабылмағанда да, одан əрі
оқитын хал менде жоқ еді.
Тарар алдында, «алдағы жылы оқуды қайта бастаймыз, оған дейін үй
табылмады» деп дирекция жұбатпақ болды. Кім нанады оған?..
Қызылдардың Орал тауынан бері шығып, жаппай шабуылмен жылжып
келе жатқанын, қазір көшеде коньки тепкен балаларға дейін айтып жүр...
Қазір, əр қораның балалары «ақ», «қызыл» — екі дай боп «соғысады», бұл
ойын Колчактың нервасына тиіп, милиционерлері «қызыл» болған
балаларды көрінген жерде сабайды... Онымен, белең алған«ойын» тиыла
ма!..
Ойынға ғана тарыла ма, Колчактың тынысы?.. Оның тынысы шыныңда
да тарылып баратқандығы əрбір қимылынан байқалады. Оған дейін де
халықтың алқымын сыға ұстаған Колчактың уысы, жуырда қалада болған
көтерілістен кейін тіпті қатайып кетті. Қазір екі күннің бірінде күн сайын
тінту, күн сайын əлденені сылтауратқан арест... Біреуге біреу жолыға кетсе
ең алдымен сұрайтыны «жарқыным, арестен амансыңдар ма?.. Иті үрсе де
иесі қалтырай бастайды, өйткені, — «ақ келіп қалуы мүмкін». Соны
сезгендей, Колчактың жендеттері қаладағы иттердің де көбін қырып болды,


сол «құрбандардың» ішінде Бексейіттің Бопсигі де кетті — Бексейіт
ұсталған күні ақтар атып кетіпті... Вокзал барып білсем, Қадыр да сол
трагедияға ұшыраған. Əйелі бұл қайғыны көтере алмай өлген... Күндізгі
тыныс осындай болса, түндегі тыныс одан да тар, өйткені, күн батқаннан
таң атқанға дейін көше көшенің бəрінде мылтықты патруль жүреді.
Қаладағы жағдай қорқынышты - ақ. Пропускасыз жүрген адам тұтқынға
алынады...
Саяси хал сондай болса, азық-түлік жағы ше?.. Көтеріліс болғалы қалаға
кірген -шыққандардың бəріне тінту басталды, сылтауы — «Қызылдар
жасырынып кіріп-шығып жатқан жоқ па?..» Содан қорыққандықтан, қалаға
деревнялар мен ауылдардан азық əкелушілер тоқталды. Қалада азық жоқ.
Колчактың азығы халық түгіл өз қызметкерлері мен армиясына жетпей,
елдегі азық-түлікті зорлықпен тартып алуға кірісті...
Біз оқыған курстың үйі күйгеннен кейін, Колчак пен Алашорданың
халіне көз салсам, олардың бір ғана оқу үйі емес, жалпы бет алған бағыты
өртеніп, болашағы біткен сияқты, ендеше мен не жақсылық күтем
олардан?..
Хал-жай солай болғандықтан, оқыған курстың үйі күюмен байланысты
елге қайтпақ болғанда, мен ренжу орнына қуандым. Ойым,— Жұмабай
Нүркен айтқан жаңа курс ашылғанша, туған еліме бара тұру. Сол ниетпен
Омбыдан Қызылжарға жүріп кеттім...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет