Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет72/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   107
ҮШІНШІ ТАРАУ
АЗАП ТАУЫНАН АСУ
ТЫРНАҒЫН ТЫҚҚАН АҢДАР
Қызылжарда мен, бұдан бұрынғы тарауда аталған ағайыным —
Қасқұлақтың үйіне түстім. Бұл жолы ол, құшақ жая қоймағанмен,
ытырыңған да жоқ. Елге қайту жабдығын кеңескенде, өзі апарып салуға
мүмкіндігі жоғын айта кеп:
— Сен Абылай хажы деген кісіні білесің бе? — деп сұрады ол.
— Білем,— дедім мен. Өткен жазда ол кісіні, біздің елден солдат сұрап
келген алашорда адамдарына еріп, Əлти хажының үйіне келгенде көруім
оқушылардың есінде. Кейін, алашорда газеттерінен керген хабарларына
қарағанда, ол — Абылай Рамазанов, Петропавлдағы үйездік алашорда
комитетіне мүше боп өткен, «Талап қауымы» деген атпен алашорда
адамдары құрған қоғам басқармасының мүшесі болған, қоғамның мақсаты,
— Алаш пайдасына үгіт - насихат жүргізу, қаражат жинау; Алаш жастары
«Жас азамат» атты жастар партиясын құрып, Қызылжарда сол атпен газет
шығарған, газет, «қарыз серіктігі» аталатын ұйымының мүшелеріне
жиналған қаражатқа шыққан соған мол жарна берушінің бірі Абылай.
— Білсең,— деді Қасқұлақ,— ол кісі қазір осы Қызылжарда жатыр.
— Не жұмысқа келген екен?
— Земствоның жиналысына келсе керек. Сен соған барып жолық. Ол ер
адам, хал-жайыңды айтсаң, сені сөз жоқ, еліңе ала кетеді.
Сұрастырып тапсам, жиналыс «Сухотинское русско - киргизское
двухклассное училище» аталатын екі этажды зор қарағай үйде екен. Үйдің
жанында шанаға жегілген аттар тұр.
Үйге кірсем үзіліс жаңа ғана жарияланып, коридорға шыққан жұрт гу-гу
кеңесте. Тартылған шылымның түтіні мен адамның демінен қырауытқан
суық коридор бұп -буалдыр. Қалың адамның арасынан Абылайды тауып,
қазақшалап сəлем беріп, қолымды ұсынғанда, ол менің сəлемімді де
алмастан, қолын да берместен:
— Сен кімсің? — деді даусы күрілдеп.
Жердің қысаңқылығын еске алып мен аз сөзбен ғана жайымды
түсіндіргеннен кейін, Абылай маған жауап берудің орнына, үсті-басымды
қабағын түйген көзбен бастан - аяқ шолып өтті. Содаң кейін, жақындап кеп
амандасқан біреулерге кеңескісі келген қалпын көрсетіп:


— Сен далаға бар,— деді маған.— «Кемікпайдың Ғабдолласы
бармысың?» — деп айғай сал. Ол менің атқосшым. Ешқайда кеткен жоқ
шығар. Соны тауып ал да, «сені Абылай шақырады» деп алып кел.
«Кемікпайдың Ғабдолласы» деген адам аласалау бойлы, сақалы мен
мұрты жирен, шикіл сары кісі екен. Мен оны Абылайға шақырып кеп ем:
— Сен,— деді Абылай Ғабдоллаға,— мына баланы қасыңа мінгізіп
барахолкаға бар. Содан бұған пальто, костюм əпер. Аяғына етік ал. Үстіне
екі пар көйлек-дамбал, басына құлақшын ал. Содан кейін екеуің моншаға
барыңдар. Моншаға түсер алдында, мына жалбыраған шашын подполька
ғып қырықтыр. Ұқтың ба?
— Ұқтым,— деді Ғабдолла.
— Содан кейін,— деді Абылай Ғабдоллаға,— екеуің моншаға түсіңдер.
Сабын ала барып, өзін жақсылап шомылдыр,— етіне жабысқан қырсығы
кетсін. Моншадан шыққан соң, мына жаман түйенің жабуындай
шоқпыттарын бір жіппен бу да, моншаның ар жағындағы терең жыраға
лақтырып жібер! Ұқтың 6а?
— Ұқтым.
— Барыңдар ендеше! Моншадан шыға біздің пəтерге келіңдер!
Ішімнен «бұл не деген жақсы кісі еді!» деп ойлап қойдым мен.
Ғабдолла екеуміз Абылайдың арғымақ қара көк айғырына жегілген
жеңіл кошевамен барахолкаға кете бардық. Барахолка түбіне барған соң,
Ғабдолла айғырдың аяғын кісен деді де, мені алып ішіне кірді... Бұл
барахолка да Омбынікіне ұқсас екен,— ескі - құсқы киім-кешек толып
жатыр, іске татыры аз. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, мен
тəуірлеу киімдерді алайын десем, Ғабдолла бір ретте «оңы қойшы» деп
менсінбеген боп, енді бір ретте «ойбай, мынау қымбат қой деп, тəуірлеу
заттардың маңына жолатқысы келмейді, менің жөнсу киімді алғым
келмейді. Ақыры, екеуміз керкілдесіп жүріп, киюге жарайтын бір сыдырғы
ішкі - тысқы киім алдық. Абылайдың өзге тапсырмалары да орындалды.
Моншадан кейін Ғабдолла екеуміз шанаға қатар мініп Абылайдың пəтеріне
келе жатырмыз. Бұрынғыммен салыстырғанда жұнттай боп киінген маған
Ғабдолла жымия қарап қояды да, əуелі:
— Сен өзің неғылған бала едің, хажының ықласың осынша түсірген? —
деп, мəн-жайымды сұрайды. Мен қысқаша баяндасам, ə, солай ма?—деп
ыңылдап отырып, ім-м-м, мұнда да бір гəп болар, бала,— дейді маған,—
біздің хажы пайда түспейтін жерге шығындала қоймайтын еді.
— Не пайда? — деп сұраймын мен.


— Қызылдар кеп қала ма деп, бай атаулының бəрі сасулы ғой,— дейді
Ғабдолла,— олар келсе, сен сияқты жоқ - жітіктерді əкім қойып, байларды
қатты ұстайды дейді ғой. Біздің хажы да соны ойлайды ғой деймін тегі. Ол
алыстан болжайтын кісі,— ертең қызылдар кеп қалса, сені де бір керегіне
жаратуға ойлаған ғой ол. Сол үшін, сені аз ғана дүниемен алдағысы келген
ғой, əйтпесе, осынша киімді тегін əперетін кімісің оның? Ешкімі де емессің
ғой?
Бұл кеңесті ішіме түйіп қоям да, мен оның ата-тегін, шаруа күйін
сұраймын.
— Көшебе деген рудан ғой, бұл хажы,— дейді Ғабдоллал,— оның
ішінде — Үмбет. Бұның аталары асып кеткен бай болмаған, бірақ, атақты
би болған. Екінші атасы — Майлы Абылай ханның оң тізесін басатын
биінің бірі екен, бұл Абылайға əкесі, сол Абылай ханның атын қойған. Өз
əкесі — Жамақ Бұқардан оқыған үлкен ғұлама кісі екен.
Есіме түсе кетті: біздің елде айтылып жүретін бір өлеңде:
Піскен асқа кім келмес табақтағы,
Молдадан хат біледі сабақтағы.
Оқуы дариядай ғұлама еді,
Кешегі өтіп кеткен Жамақ тағы..
дейтін. Мына Жамақ сол боп шықты.
— Абылайдың əкесі Жамақ болса, фамилиясы неге Рамазанов — дедім
мен Ғабдоллаға.
— Рамазан Жамақтың туған ағасы. Абылайды ол бауырына салған.
— Бұл Абылайдың өз дəулеті қалай болды?
— Жас көзінде шағын болды.
— Ендеше, хажылыққа қалай барған?
— Онда, көп мəн бар.
— Иə?..
— Бұл хажы жас күнінен қағына шыққан. Он бес жасында біреудің
қалың мал беріп отырған қызын алып қашып, əкесінің, көп малың шығынға
ұшыратқан, елде беделін түсірген... Он сегіз жасында, көп жылдар би
болған Сəмти дейтін адаммен билікке таласып, қанша малын шығын
қылған. Сөйтіп жүріп, Көшебеде Аңдамас дейтін момын баймен танысып,


ақшасын ұстап, саудасын жүргізген. Содан өзі де байыған. Хажылыққа
Аңдамастың күшімен барған.
— Ие, не, естігем оңы,— дедім мен, Аңдамастың хажылыққа қалай
баруы туралы бала көзімде естіген бір əңгіме есіме түсе қап.
Құрметті оқушы, айтып келе жатқан əңгімеміздің желісін үзе тұрып, осы
қызық əңгімені айтып беруге рұқсат етіңіздер!
Ғасырлар бойы көшпелі өмір сүрген қазақ ауылдарына ислам діні ерте
кіргенмен, халықтың санасына соңғы ғасырларға дейін сіңбей келген ғой.
Шоқан Уəлихановтың (1837—1865) айтуынша, кешегі он тоғызыншы
ғасырға дейін ауыл қазақтарының көпшілігі Мұхамметтің оқуын білмек
түгіл атын да естімеген.
Мұхамметтің атын естімеген адамның біреуі, — жоғарыда атаған
Аңдамас. Ол, молданың алдын көрмеген, əліпті «таяқ» деп білмейтін, намаз
оқымайтын, ораза ұстамайтын, діннің ешбір шартын сақтамайтын, мал
бағып байлығын өсіруден басқада жұмысы жоқ кісі екен.
Жасында мұсылманша да, аздап орысша да оқыған Абылай, Аңдамастың
саудасын жасап жүреді де, оның мол ақшасын пайдаланып, Мекеге барып
қайтуға ойлайды. Осы ойын Аңдамасқа айтса, ол Мекені де, Мұхамметті де
білмейтін кісі боп шығады. Абылай оған Мекені де, Мұхамметті де мақтап,
кеп күн үгіттегеннен кейін, барып қайтуға көндіреді.
Ол кезде, ақшасы аздау байлар Мекеге атпен кетіп, Каспий теңізінің
күнгейі арқылы Иранды, Иракты, Құддысты басып сапарлап, хажылықтан
жыл, жыл жарым уақытта əрең оралады екен.
Мол ақшалы Аңдамасты, Абылай əуелі поезбен Одессаға, одан кемемен
Қара теңіз, Жерорта теңіз, Қызыл теңіз арқылы Мединеге апарып түсіреді.
Қызық əңгіме осы арадан басталады.
Медине мен Мекенің арасы түйемен жүргенде, он екі күндік жер екен
дейді. Абылай мен Аңдамас та хажыға бара жатқандарға еріп түйеге мінеді.
Мұхаммет Мекеде туып-өсіп, сонда пайғамбарлық құрам дегенде, Меке
халқы оған бағынбай, өлтірмек боп қуған ғой. Сонда Мұхаммет түйеге
мініп Мединеге қашып келе жатқанда, шаршаған түйесі бір жерде шөксе
керек: хажыға баратындар сол араға түйелерін шөгеріп, тұрғызатын сияқты.
Ал, Аңдамастың ұғымында, «жүріп келе жатқанда түйені шөгеру,—
жамандықтың нышанасы».
Аңдамастарды бастап бара жатқан, араб, əлгі жерде түйелерді
шөгергенде «қырсық шалды» деп түсінген Аңдамас, тұра төбелеседі.
Жанжал жасадың деп, жергілікті үкімет оны абақтыға жауып қояды, көп
пара беріп, Абылай оны əрең құтқарып алады.


Екінші жанжал, Мекедегі «қасиетті тас»— қағбаның басында шығады.
Хажылар ол арада тырдай жалаңаш шешінеді екен де, абыройларына
алжапқыш қана байлап, қағбаны жеті айналады екен. Өзгелер шешінгенде,
Аңдамас шешінбейді.
— Неге? — десе:
— Жат елге кеп, абыройымды ашар жайым жоқ,— дейді ол,— жəне күні
күйіп тұр, киімдерімді тастасам ыстық өтіп ауырам.
Абылай да, басқалары да:
—Ендеше хажылығың қабыл болмайды,— десе:
— Болмаса болмасын, хажы болам деп абыройымнан айрылар, күнге
күйіп өлер жайым жоқ,— дейді.
Үшінші жанжал Ғарафа тауына шыққанда басталады. «Мұхаммет
төбесіне шығып, құдаймен сөйлесіпті» деген бұл тауға хажылар да шығады
екен. Бірақ, ислам төрт мазһапқа бөлінеді, солардың бірі, «қазақтарда
жатады» дейтін — имам - ағзам мазһабы. Бұл мазһаптағылар Ғарафаның,
орта тұсынан əрі көтерілмейді екен. Аңдамас оған қарамай, төбесіне қарай
тарта жөнеледі. Абылай оған:
— Ойбай, бұдан жоғары көтерілуге болмайды! — деп етегінен тартса:
— Аналар неге кетіп барады? — дейді Аңдамас.
— Оларға бұйрық солай. - — Басқа дінде ме олар?
— Осы дінде.
— Ендеше, олар барған жерге мен де барам! — деп, етегінен тартқан
Абылайды тұмсыққа қойып жібереді де, таудың төбесіне кете барады.
Төртінші жанжал құрбан шалғанда шығады. Аш - арығы көп Мекеде,
қайыршылар, хажылар құрбанға шалатын қойлардың аяғын ұстап отырады
екен де, бауыздаған соң-ақ сүйреп алып кетеді екен. Аңдамас бауыздаған
қойды да олар сөйтейін десе, қарулы Аңдамас қойып-қойып жіберіп, қойын
қолдарынан тартып алады.
— Неге өйттің? — десе:
— Келгенімізге көп күн болды,— дейді Аңдамас,— біреуі бір лақ сойып
қонағасы бере білмейді. Енді өз қойымды өзіме Жегізбей ме?
— Құрбанға шалған қой, кəріп - қасардың сыбағасы емес пе? — десе:
— Ол сыбағаны елге барғанда берем, бұларға ерегіскен соң түк те


татырмаймын,— дейді.
Бесінші уақиға, зəмзəм құдығының басында туады. «Смағұл
пайғамбардың туған жеріне шыққан екен, бұл суды ішкен жұмаққа барады
екен» деген аңызбен, хажылар ол құдықтың суын үлкенді - кішілі құтыға
құяды екен де, еліне апарып таратуға алып қайтады екен.
Абылай мен Аңдамас та сол құдықтың басына келсе, жұрт құтылап алып
жатыр.
— Бұл не су? — деп сұрайды Аңдамас.
— Қасиетті су,— деп Абылай мəн-жайын түсіндіреді. Аңдамас татып
жəне иіскеп көреді де:
— Біздің арадағы «Ит балық» көлінің суы сияқты сасық қой, мынауың!
— дейді.
— Сонда да, алу керек,— дейді Абылай.
— Алсаң ал,— дейді Аңдамас, бұл қу - аяқтың елі, хажыларды ақымақ
көріп, сасық суын да бұлдап сатайын деген екен. Онымен, бізден бай
болмайды бұлар. Алған соң мол ал,— үлкен бір бөшкесін ал!..
Алтыншы уақиға, Мекеден қайтар алдында басталады. «Ертең жүреміз»
деген күні, Аңдамас Абылайға:
— Осы, біз іздеп келген адамның аты кім еді? — дейді.
— Мұхаммет,— дейді Абылай.
— Сен қаланы көп аралап жүрсің ғой,— дейді Аңдамас, — со кісіден
тұқым бар ма екен?
— Бір, қырық шақты үй бар екен,—Дейді Абылай қуланып.
— Ендеше сен соларға бар да, он шақты үйіне менің есебіме біздің елге
көшіп жүр де!
— Оларды қайтесіз?
— Елінің де, жерінің де ұсқыны жаман екен. Жері, күні оттай лаулап
күйіп тұрған əрі ыстық, əрі жап-жалаңаш тақыр құм. Елінің көбі аш-
жалаңаш. Мұнда тұрып не күн көреді олар? Одан да біздің елге көшіп
барсын! Күллі Керей боп, үстеріне үй тігіп, алдарына мал салып берейік,
«Мұхаммет ауылы» деген бір ауыл боп отырсын!..
Соңғы қызық Аңдамас аулына келгенде болады. Бай адам хажылықтан
келді деген соң, амандасуға жан-жақтағы дос-жарлары, құда-анда, тамыр-


таныстары жиналады. Олар Аңдамастан:
— Жері қалай екен? Елі қалай екен? — деп сұраса:
— Менің тілімді алсаңдар,— дейді Аңдамас,— о жаққа барам деп əуре
болмаңдар. Ит байласа тұрғысыз жер ол?..
«Момын» байдың есесіне, Абылай, хажылыққа, бірінші рет солай барса,
екінші рет,— бірінші империалистік соғыстың алдында, біз білетін
миллионер,— Əлти Көкеновті ертіп апарады. Оның мол ақшасына қолы
жеткен Абылай, ретіне қарай поезбен де, пароходпен де, самолетпен де жер
шарының шығыстық жартысын түгел аралатып түсіреді.
— Осының бəрі рас па екен? — деп сұраймын мен Ғабдолладан,
моншадан Абылайдың пəтеріне шаналы атпен келе жатып, жоғары
жайларды қысқаша баяндап.
— Оның бəрін біле беретін мен оқыған кісі емеспін,— дейді Ғабдолла.—
Естуімше, дүниеде кезбеген жері жоқ деседі бұл кісінің.
— Қазіргі шаруасы қалай?—деп сұраймын мен.
— Жаман емес. Былтырдан бері сауда-саттыққа айналып, бұрын əлсіздеу
шаруасын нығайтып алды. Қазір үйінде жиырма - отыздай жылқысы, екі-
үш жүз қойы, жиырмаға тарта сауын сиыры бар...
— Сауда ақшасы?
— Ол жасырын сөз ғой,— дейді Ғабдолла күліп,— бірақ, ақшада құн
болмай кетті ғой. Бұ кісі қазір ақшаны емес, бұлдығын жоймайтын
бұйымды көбірек жинайды...
Кеңесіп отырып Абылайдың пəтері — Дүйсенбайдікіне кеп қаппыз.
Еңсесі биік, көп бөлмелі, бір этажды қарағай үй. Абылай отырған кең
бөлме лық тола кісі екен. Бəрі де сəкіге жайған кілем мен оның үстіне
төсеген көрпелерге малдасын құрып қазақша отыр, қисайған кейбірінің
шынтағында жастық... Біз кіргенде олар əлденені айтысып, самбырласа
кеңесіп, сыңқылдаса күлісіп отыр екен... Есіктен кірген маған, Абылайдың
көзі түсе кетті. Мен төрдегілерге сəлем беріп, қолдасуға ыңғайланғанда:
— Уай, пұштиған мұрныңды ұрайын,— деді Абылай күліп,— жылтиып
қапсын, ғой, əп-əдемі боп!.. Кел, мұнда кеп отыр!
Ол сырылыңқырап, қасынан маған орын нұсқады.
— Кім еді мұның? — деп əркімдер таңданайын деп еді:
— Менің бір жақыным,— дей салды Абылай.


Сол күні кешке Абылайға елге қайту жайын сөйлесіп ем:
—Асықпа бала,— деді ол,— мұнда бір жұмалық жұмысым бар, соны
бітірген соң қайтамыз.
«Бір жұмалық жұмыстың» жайын ертеңінде - ақ білдім: ол да, баяғы
мені Қызылжарға əкелген серіктерім — Бəкен мен Боржабайға ұқсап,— «ел
атынан» кооперация ашуға приговор əкелген екен. Бірақ, ол сəтсіздікке
ұшырамай, əлдекімдерді сатылап отырып, мол товар алыпты да, алдын
бірнеше ылаумен еліне жөнелтіп, артын жинауға қалыпты.
Абылай ылауларын еліне қазақ ауылдары арқылы жөнелтті де, өзі
Есілдің күнгей жағын бойлай отырып, Андағұл болысындағы қайнының
үйіне соға кетпек болды.
Оның қайны: Бескөл (Бишкул), Дəнежін (Надежька), Кегерін (Ново-
Николаевка), Мүсін (Явленко), Ақжар (Петровка) атты станциялар мен
поселкелерді басып жүргенде, Қызылжардан сексен бес шақырым жерде
екен.
Күн райы сол бір кезде жылынып, жерді жапқан қалың қардың беті
қабыршықтанып жіпси бастады.
— Биыл қар ерте кетеді екен,— деді Абылай, оны көріп,— осы марттан
қалмас тегі.
Біз жүріп келе жатқан жолдың үстінде қазақ ауылдары да бар екен.
Абылай солардың байларына қона, түстене асықпай жүреді, олардың бəрі
Абылайға таныс болып шығады. Не туралы сөйлесетінін кім білсін, — қай
байдың үйіне түссе де, аздап жайланғаннан кейін, Абылаймен екеуі
оңашаланады да, ұзақ уақыт сөйлеседі...
Қайын жұртының бұрын қандай болғанын, қазір қандай жағдайда
екенін, Абылай Мүсінге жақындаған кезде былайша баяндап кетті:
— Зілғара, Шопан деген адамдарды естуің бар ма? — деп сұрады ол
менен.
— Естуім бар.
— Кім деп естідің оларды?
— Сондай бір байлар болды десетін.
— Рас. Менің қайным — Шопаннан жеті ұл туған, солардан жалғыз
Сандыбай ғана Александр второйдың таққа отырған тойына барып,
патшадан шен-шекпен алған көп жыл болыс болған. Өзгелері момын
байлар екен. Шопанның бір баласы Сəлік. Одан Жүсіп. Менің əйелім
Жүсіптің қызы. Оның Білəл, Əбу деген екі інісі бар. Əбуі — өзін,


Қызылжарда көрген,— Алашорда комитетінің оқу инспекторы, Білəлі
ауылда. Біз соған келе жатырмыз. Мен апасын алған кезде үйі бай
болғанмен қазір кедей.
Жолшыбай біз саяси жағдайды да кеңесіп қоямыз. Қамқорсып елге алып
келе жатқанмен, маған сенбегендей, саяси мəселеде Абылай əрдайым
менен бойын тарта сөйлейді. Алашорданы да, оның бір мүшесі — өзін де
ол бейкүнə жандар ғып көрсетпек болады.
— Патшаға қарсы болдық қой бəріміз,— дейді ол,— таяқ та жедік қой
содан. Патша түсіп, бостандық алғанда, қазақ та жеке ел болсын деп, Алаш
туын көтергеніміз рас. Енді заман мынадай аумалы-төкпелі боп барады.
Жасыратыны жоқ, қызылдар бері жылжып келеді. Егер Совет өкіметі орнай
қалса, ау - жəйін байқармыз, қазаққа тиышты өкімет болса, біз де қолдай
кетерміз.
— «Қазақ» дегенде бəрін емес, кедейін жақтаса қайтесіз? -— деймін
мен.
— О, мұрнын, бар болсын, пұштиған! — дейді Абылай қуланған боп,
мені бүйірден түртіп қап,— кім айтты саған мені бай деп? Кісі ақшасымен
қажыға барған кісі бай бола ма екен?.. Жəне сен біздің елге барып сұрашы,
кедейге мен қалай қайырымды екем? Қайырымды болмасам, мен сені осы
ақ қар, көк мұзда атыма ауыр ғып алып келем, неге əкелем? Содан
байқамаймысың, кедейге қалай қарайтынымды?.. Совет өкіметі осының
анығына жетпес деймісің?.. Сендер жеткізбейсіңдер ме, ə?
— Бізден сұраса, жеткіземіз ғой,— деген болам мен. Ауызша солай дей
отырып, ішімнен «менен жəрдем күткенің, сыртыңа сыр бермегеніңмен,
іштей қысылғаның - ақ екен!» деймін.
Абылайдың іздеп келе жатқан қайны —" Білəл шыныңда да нашар
тұратын кедей кісі екен. Інісі Əбудің əйелі, онымен бірге тұрады екен. Тағы
бір бойшаң жəне өте көркем əйел, Əбудің немере қарындасы боп шықты!..
Абылайдың түсуі — қайнының үйі болғанмен, күтуі сол арадағы
байларда болды. Олар Абылайды күндіз-түні кезекпен қонаққа шақырысты.
Абылай мені үйіне апарып, біраз жатқызып, содан кейін маңайындағы
бір ауылға мұғалімдікке орналастырмақ еді, оның сəті түспеді, менің,
алыстан аңсап жүретін бірнеше туыстарым осы маңайда боп шықты. Мен
Абылайдан рұқсат ап, оларға бара кетпек болдым.
Іші - бауырына кіре қоймауымнан, бойымды жинақ ұстауымнан,
күдіктенетін сұрауларды көбірек беруімнен сескенді ме, немене,—Абылай
да маған «бірге жүре гөр!» деп жабысқан жоқ.
Туыстарыма төз жетудің сəті түсе қалды. Білəл отырған ауылдың бір


жігіті, менің апам — Дəмештің тұратын ауылынан келіншек алуға барады
екен. Қар сол кезде күрт еріп, Есілдің үсті жуық арада жүргізбеу қаупі
туған соң қалыңдығын төз алып қайтуға күйеу мен қосшылар екі-үш
шанамен аттанды. Мені олар ала кетті. Есілдің ар жағыңдағы Пыласкеу
қаласынан айрылмақ боп, Абылай да бізбен бірге аттанды. Пыласкеуге
дейін, мен оның шанасына отырдым.
Мұзының үстіне «қызыл - су» жүгірген Есілден біз малшынып əрең
өттік. Пыласкеу арғы қабағында жақын екен. Соған кіре бере:
— Уа, жездеке, тоқтай тұр! — деп күйеу - қосшыларды бастап бара
жатқан Қожахмет Абылайды бөгеді де, — үстіңіз суланды ғой, осы
поселкеде Семен Сычной деген бай тамырым бар еді, үйі жылы, соған
барайық та үсті-басымызды кептіріп, жылынып алайық,— деді.
— Болсың,— деді Абылай.
Үйлерінің көбі саманнан салынып, шатырлары қамыспен жабылған бұл
үлкен поселкенің əр тұсында сорайып тұрған қарағай үйлердің біреуі
Семен Сычнойдікі екен: Қожахмет қақпасын қаққанда, ар жағынан
бойының биіктігіне орталау адамның созған қолы əрең жететін, екі иығына
екі кісі мінгендей кең, жуан денелі, қаба сары сақалды, жирен өңді орыс
шыға келді. Қожахметпен ол шүйіркелесіп амандасып жатыр. Семен
Сычной осы екен.
Ол бізді қорасының ішіндегі ас үйіне түсірді. Үй аса жылы екен. Киімі
суланғандар кептірініп жатқан кезде, үстім құрғақ мен, Сычнойдың
қорасын аралап кеттім. Оның бір қорасында əрқайсысын жеке үйшікке
қойған бес-алты арғымақ семіз жылқылар тұр. Əрқайсысының биіктігіне
адамның ұсынған қолы əрең жететін.
Оларға қайран қап, біраз тұрып, ат қораға жалғаса салынған сиыр
қорасына барсам, үлкендігі атан түйедей қызыл қасқа сиырлар мен өгіздер
екен. Ірілерінің саны қырық -елудей. Оның ар жағындағы бұзау қораны
есігінен сығалап көрсем, торпақтарының үлкендігі қазақы сиырдың құнан
егіздеріндей...
Одан арғы бір қорада қорсылдаған шошқа даусы естілген соң, есігін
ашып кіріп барып едім, үлкендігі кіші-гірім өгіздей бір қабан, үлкендігі
етектей екі құлағын кезек-кезек желпіп, «жарып тастайын ба» дегендей
маған қарай жылжи берді, мен қорыққаннан есікті жаба қойдым.
— Ну, как, кабан добрый? — деп сұрады менен қасыма келе қалған,
жұмыс киіміндегі орыс жігіті.
— Конечно добрый,— дедім мен, — қанша пұт болады бұл қабан?
— Əнеугүні,— деді жігіт,— бұдан кішірек бір қабанды өлшегенде отыз


сегіз пұт шықты. Бұл қырық пұттан артық болмаса кем емес.
Сол араға: басына жеңілдеу шəлі ораған, сыртына қолдан тоқылған қара
шекпеннен белін бүріп шапан киген, аяғында жуан етігі бар, биік бойлы,
толық денелі, қаны сыртына тепкен қызыл бетті, аяқ-қолдары сом балғадай
жас əйел шелек көтерін келді де, шошқалар қорасының есігін ашып кіріп
кетті.
— Кім? — дедім мен, жігітке сыбырлап.
— Хозяйннің қызы.
— Ұзатылмаған қыз ба?
— Осы қыста ұзатылмақ еді, күйеуі армияға кетті, онда офицер боп
қызмет істейді. Үйленуі алдағы жылға қалды.
— Жасы нешеде?
— Жиырма төртте,— деді жігіт жымиып.— Оны неге сұрадың?
— Мен келіншек пе деп ойлап ем.
— Неге олай ойладың?
— Денесі тым толық, қызға лайықсыз екен!
— Ха-ха-ха! — деп жігіт күлді.
— Неге күлесің?
— Ия, толыққан қыз!
Жігіттің өзі осы үйдің жылқышысы екен. Сымбатты, кескінді, ойнақы
жігіт. Бойжеткен қызы бар байдың үйінде тұратын бұл сияқты
жалшылардың жəйі қалада да, ауылда да өзіме мəлім, со жағынан жігітке
сөз тастап көріп ем, ойнақы жігіт бұлтақтап, қолымды лектірмеді. Көз
құбылысы мен қылжақ жауабы,— «үстімнен түстің» деген сияқтанады.
— Шаруасы ауыр үй көрінеді ғой,— деймін мен,— қалай басқарады?
— Хозяйннің өзі басқарады да,— дейді жігіт жымиып.
— Жұмыс істейтін кісілерді айтам.
— А-а-а... жетеді олар.
— Кімдер сонда?
— Осы селода не кеп, кедей көп, əсіресе қазір, соғыс көзінде. Патша


тұсындағы соғыста, одан кейінгі соғыста, жұмысқа жарайтын еркек
таусылуға жақындады. Ендігі жұмысшылар — қатын-қыздар. Көбі —
солдатқа. Олардың көбінде көлік те жоқ, соқа да жоқ. Сондықтан егін
екпейді. Ендеше, немен күн көреді олар? Əрине, осындай кулактардың
жұмысын істеп!.. Кулак аз, кедей көп. Кулактардың жұмысы егін себу, шөп
шабу, егін соғу сияқты маусымды кезде ғана. Сондай кезде кедейлер
олардың жұмысына таласып кіреді. Кулак олардан таңдағанын алады жəне
арзан бағаға!.. Біразы тамағы үшін жүреді... О – о - о, біздің бұл Сычной
ма? Бұның, жалмауыздығы қабан шошқадан да жаман...
— Барлық бай атаулы солай ғой! — деймін мен,— ал өзің солдаттан
қалай қалып жүрсің?..
— Менің саған ғана құлағым бар,— дейді жігіт күліп,— былайша түк
естімейтін кереңмін. Ұқтың ба?
— Ұқтым.
— Ұлдары бар ма Сычнойдың? — деп сұраймын мен, жігіттің
«кереңдік» себебін əрі қарай қазғыламай.
— Төртеу еді, үшеуі жеке үй боп кеткен, біреуі үйленген жоқ-ты. Төртеуі
де солдатқа кетті бəрі ақтардың армиясында жəне қатардағы солдат емес,
офицерлер... Біреуі под -полковник.
— Ім-м-м,— Дедім мен,— мына қызды осынша бой жеткізіп ұстап
отыруы содан екен ғой.
— Не-е-е-ет! — деді жігіт.— Тіпті олай емес. Ұлдары бар көздің өзінде
Сычной қызының алдын отызға келтірмей ұзатпайтын. Мына қызын да
күйеуге төз бере қоймас еді, еріксіз көндірді. Бірақ сорлы қыздың бағы
жанбай, тойға жиналып жатқанда күйеуі соғысқа алынды.
Жігіт екеуміз тағы да Сычиойдың шаруа халін əңгімелеп кеттік.
— Қойы көп пе мұның? — деп сұрадым мен.
— Екі жүзден артық — деді ол, — жəне қандай қойлар олар,— бір -
біреуі қазақтың бес қойына тұрады. Бəрі меринос, əрқайсысы сегіз, он
қадақтан жүн береді жəне қандай жүн ол,— жібектей!..
— Өзге не малы бар?
— Түйені,— деді жігіт күліп,— бұл кулак асырамайды. Ешкіні де жек
кереді. Құсты жақсы кереді. Сен бұның қаздарын, үйректерін, тауықтарын
кердің бе? Кейбір қаздары қойыңнан артық.
— Құсы қанша?


— Қазы жүзден артық. Үйрегі де сол шамалы, тауығы екі есе көп.
Көресің бе?
— Көрейік.
Жігіт екеуміз құстардың қорасына беттей беріп ек, Көшікпайдың
Ғабдолласы мені шақырған айғайы естілді. Үйге қайтуға ыңғайланған мен
жігіттен:
— Мұның астығы да кеп пе? — деп сұрап ем:
Биыл қырық - ақ, десятина екті, — деді жігіт.— Шығымы жақсы
болды — сексен бұттан айналды, содан ішімдігі мен малдарыңа керек
жемін алып қалды да, өзгесін түгел қазынаға берді.
— Қай қазынаға?
— Өй, ақмақ! — деді жігіт,— Колчактан басқа қазына бар ма бұл арада
қазір?
— Ия, солай екен ғой. Еркімен берді ме сонша асықты?
— Əрине. Əлі ақшасын да алған жоқ.
— Тағы не берді?
— Осы қыста 30 шошқа, 12 өгіз, 50 шақты қой берді...
— Бəрін де кредитке ме?
— Енді қалай? —деді жігіт күліп,— қолма-қол төлеуге Колчактың
сандығы əлі бос деседі ғой.
— Соншама неге шығынданады бұл Семен Сычной?
— Енді қалай? — деді жігіт, бұл жолы салмақты дауыспен,— қызылдар
келе ме деп байларда зəре жоқ, сондықтан, қызылды жеңуге қажет десе,
мал-мүлік түгіл, қойныңдағы əйелін де береді.
— Сычной жеңеміз дей ме, қызылдарды?
— Əрине, солай дейді. Бірақ, сөзбен жеңу бар да, іспен жеңу бар ғой.
— Бұлар қайсысымен жеңетін сияқты?
— Əзірге сөзбен.
— Түбінде?
— Оны мен білмеймін...


Одан əрі тағы бірдемелерді сұрауға ыңғайланып келе жатқанымда, бір
бүйірден Абылай мен Сычной шыға келді. Тегі олар да қора-қопсыларды
аралап келе жатқан сияқты.
— Ия, қайда болдың? — деп сұрады Абылай.
— Осы үйдің қорасын араладым,— дедім мен.
— Ия, несі бар екен?
— Малдары ғажап екен!
— Уа, көзің бар болғыр, сондайды көргіш - ақсын,- ау! — деді Абылай
күліп.— Рас айтасың, мен де көрдім. Біздің қазақта мұндай мал мал ма
тəйірі. Малдың асылы орыста. Қазақтың жылқысымен алыс жолға шықсаң,
жиырма пұттан артық жүк сала алмайсың, ал, мұның жылқыларына елу-
алпыс пұтты еркін сап жорта бересің. Қазақтың сиыры екі-үш-ақ литр сүт
береді, ал, мұның, сиыры жиырма-отыз литр сүт береді.
Сол араға Қожахмет те келе қалды. Сычнойдың шаруасына қайран
қалған ойын Абылай оған да айтты.
— Жобаңызға қарағанда өзіңіз де осылай қарай беттеген көрінесіз ғой,
жездеке,— деді Қожахмет жымиып.
— Беттеп қанша ендіреді дейсің, бірер жылдан бері ғана ғой менің
бұндай шаруа бағуға кіріскенім.
— Алда да өмір бар ғой.
— Сол «өмір» дегенің болса жарар еді-ау! — деді Абылай күрсініп,—
бірақ, болмай жүрмесе!..
— Неге болмайды? —деді Қожахмет, не түсінбегендей, не түсінсе де
Абылайды сынағысы келгендей.
— Дүниенің өзі сынаптай толқып тұрған жоқ па,— деді Абылай тағы да
ауыр күрсініп ап.— Бүгін ғой жасап отырғаныңмен, ертең не боларына
көзің қалай жетеді!
Үйден біреу кеп, астың əзір болғанын хабарлады.
Тамаққа жұрт кірісерде, Қожахмет кідіріп жымия бастады. Оған көңіл
аударған Абылай:
— Иə, балдызым, неге тоқтадың? — деді.
— Жəй, əншейін,— деп Қожахмет тағы бір жымиып алды да —
хажылығыңызға қарасам айтар сөзім емес, бірақ жездем деп еркелеп


айтатын болсам, күн болса салқын,
өзіміз суға малшынып тоңынқырап та қалдық, ептеп бірдеме...
Қожахмет ар жағын айтпай, Абылайға жымия қарап еді.
— Құлқыныңды түсіндім, сен Қызылжарға бір арба, не бір шана ағаш
кесіп апарып сатып, содан кейін пивнайға кіретін Атығайдың баласы
емеспісің, құлқының құрып отырса, несін сұрайсың менен, ал да іше бер!
— деді Абылай.
— Жақсы,— деп Қожахмет стол шетінде отырған Сычнойға көзін қысып
еді, ол бойы өзінен екі есе аласа болғанмен, көлденеңі екі есе жуан əйеліне
көзін қысты. Олар өзара күн бұрын түсініп қойған ғой деймін,— əйел де
жымиып шығып кетті де, аузы тығындаулы үлкен бір сары құмыраны алып
кіріп Қожахметке ұсынды. Қожахмет құмыраның тығынын ашқанда,
самогонный, қышқылтым исі бөлме ішіне бұрқ ете қалды.
— Кəне, бұны құяйық,— деп шəшкелерге Қожахмет самогонды
шүпілдете құйып болды да:
— Ал, жездеке,— деді Абылайға қарап.— «Молданы жықпас па, аузына
тықпас па» деген сөзді айтқан мен емес, молданың өзі. Хажы, молда —
бəріңнің атан, бір. «У ішсең, руыңмен» депті, мына жұрттан сіз де
қалмайсыз - ау деймін. Алғашқы шəшкені сізге ұсынғым кеп отыр.
Абылай «жоқ, атай көрме» деп қашқалақтағанмен, үстел айнала
отырғандар «алыңыз» деп шулап кеткен соң, «қап, Атығайдың баласы - ай,
Есіліне бір батырып жібере жаздадың, енді күнəға да батырайын деген
екенсің» деп қынжылған болды да, шəшкеге толтыра құйған самогонды
шіміркенбей жұта салды...
Шай артынан ет келді. Онысы — қаз бен үйректер екен. Құстар семіз де
жəне мол да. Жəне жуан жеңгей етке жақсылап тұрып жұқа нан салып,
кəдімгідей бесбармақ жасапты.
— Бұл Сычнойдың несін айтасың,— деп мақтап қойды Қожахмет,— қоң
етінде мейірім жоқ, мырза кісі. Қазақуарлығы да тамаша,— байырғы
қазағыңның ешқайсысынан қонақасыны кем бермейді.
Астан кейін Абылай мен Сычной тағы қораның түкпіріне оңаша кетті де,
əлденені ұзақ сөйлесті. Өзге жолаушылар асыға бастады, өйткені бұл кезде
аттар суарылып, шалып тыныққан, киімдері кеуіп, тамағы тойып, иелері
жайланған. Асыққанның біреуі:
— Ауыздары неге жабыса қалды, бұлардың, сонша кеңесіп!?.. Бірін-бірі
танымайтын адамдар сонша неге шүйіркелесе қалды?! —деп таңданған
наразылығын айтса, қу мінезді Қожахмет мұртынан күледі де:


— «Ойда отыз сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі
сырқырайды» демей ме? Қызылдың дауылы күшейген сайын, Колчак
ордасының солқылдауы да күшейіп бара жатқан жоқ па? Ойдағы байдың
да, қырдағы байдың да мүйіздерін сырқыратып жатқан жоқ па сол? «Айлас
қатын мұңдас» деп, қазақтың байы мен орыстың байы ертеңгі күндерін
кеңес қып мұңдасып жатыр да! — деді.
— Олар жəй ғана мұңдасып тұрған жоқ,— деді біреу,— қайткенде
қызылдарды келтірмеу шарасын да ақылдасып тұр. Қолдарынан күш кетіп
бас имесе, былайша бас имейтін сұмдар емес пе? Біздің көзімізге
мүлəйімсіп тұрғанмен, олар тырнақтарын ішіне тыққан аңдар, кішкентай
ғана мүмкіндік берілсе, талап жеуге тарпа бас салады...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет