ЖЕТІНШІ ТАРАУ
«ІС ҮСТІНДЕ»
АБДОЛЛА АСЫЛБЕКОВ
Азалы күндердің артынан Ояздық Партия Комитеті мені шақырып алды
да, Көкшетау қаласына жүретіндігімді хабарлады, атқаратын қызметім —
Омбыдан Қызылжарға келіп, одан Көкшетауға баратын революциялық
трибуналдың күзет командасында болу.
Трибунал алғашқы мəжілістерін қызылжарлық театрдың залында еткізді.
Мəжілісті тыңдаушылар қаптап кетіп, залға сыймайтын болған соң,
орындар санына лайықтап пропускалар үлестірілді. Мен, əрине, бұл
тізімнің ішінде болдым. Зал лық толып, шақырылғандар орныққаннан
кейін соттың келуі жарияланды да, сахнаға бірнеше адам шықты, солардың
ішінде киімдерімен көзге ерекше түскен біреу болды. Оның аяғында бұғы
терісінен жүнін сыртына қаратып тіккен, қонышы қара санынан келетін
байпақ тəрізді жуан етік, үстінде сол сияқты қорбиған шолақ тон, басында
да сол сияқты, төбесінде шошайған екі мүйізі бардай құлақтары салпиған
бөрік...
Бұндай киімді адамды менен басқа да көрмеген адамдар залда көп болу
керек, əр жерден «анау кім?!» деген сыбырлар естіліп қалды. «Якут»,
«бурят», «экимос» десті біреулер.
— Кім де болса, Қиыр шығыстан келген адам.
— Абдолла Асылбеков деген осы болар,— деп қалды біреу.
Ашылған мəжілісті ол күні Полюдов басқарды. Қаралатын мəселе біреу-
ақ: қолға түскен бандалардың, əсіресе бастаушылардың қылықтары.
Соттың сұрауларынан, куəлардың бекітулерінен ұғылатын нəрсе, анау тор
көзге қамалған «банда» аталатын адамдардың істері аңның, я құстың
жыртқыштарынан əлдеқайда асып кеткен, олар естіген құлақ түршігетін
хайуандық жасаған. Залда отырғанға ерік берсе, бандаларды табан аузында
түтіп, жоқ қып жіберетін.
Өйтуге мүмкіндік жоғын көрген залдағылар, ызаланған уақыттарында
«аң!.. жыртқыш!.. хайуан!.. лағнет!..» деген сияқты сөгістерін айтып шу ете
қалады... Соттың қоңырауы ол үндерді əрең басады. Мен, ішімнен, тап
жауы дегендер осылар екен ғой!» деймін де, оларға ең қатаң жаза берілуін
тілеймін.
Екінші күннің мəжілісін бұғы киімді ашты. Ол «Абдолла Асылбеков»
болып шықты...
Трибунал мəжілісі əділ: «банда» дегендердің істерінің анығына жетіп,
біреулерді қатал жаза — елімге бұйырды да, біреулерін абақтыға кесті (ол
кезде абақтыда бес жылдан артық отыру жоқ екен) ал, дақпыртқа ерген
біреулері жазадан босады.
Трибуналдың Қызылжардағы мəжілісі жұмаға жақын өтті де, содан
кейін Көкше жаққа қашқан бандалардың ізін қуа жүреді деген қауесет
естілді.
Ол расқа шығып, бір «үні мені уездік партия комитеті шақырды да
«трибуналды Көкшетауға дейін күзетіп баратын салтты отрядқа
қосыласың, Полюдов Омбыға осы арадан оралады, Трибунал председателі
Асылбеков болады» деді.
Отрядта екі қазақ бар болдық: бірі — Омбыдан Асылбековке еріп келген
жас коммунист—Шəріп Есенов, бірі — мен. Шəріп қулықты, қалжыңшыл,
пысық жігіт екен. Ол менімен бір керіскеннен дос болып алды да,
Көкшетауға аттанар алдында Асылбековтың пəтеріне ертіп апарып
таныстырды. Қызылжардың байлары мен саудагерлері «қатал» деп «қаһар»
деп үріккенмен, «өзім» деген кісіге Абдолла қатал адам болмаушы еді. Ол
мені бірден жақыны керіп бауырына тартты да, содан бастап, 1937 жылдың
жазында ажырасқанға дейін, ең жақын, ең сенімді досымның бірі болды.
Біздің Қызылжар мен Көкшетау арасындағы жолымыз жердің
саздығынан, аттардың əлсіздігінен жарты айға жақын уақытқа созылды.
Осы қиын жəне ұзын жолдың үстінде біздің отряд Трибунал көшінен озып
та, кейін қалып, маңын шолып жүреді дегенмен, оған ұшырасатын
сағаттарымыз да аз болмайды. Жолшыбай ұсталған бандалардың
қылмысты істерін трибунал табан аузында тексеріп, үкімін шығарып
отырды. Сол кезде «ату» деген сөздің орнына «Могилев губерниясына
жөнелту» деген сөздерді қолдану бар. Істері қаралған талайлар жеке де,
жұпталып та, топталып та сол губернияға жөнелтіліп жатады.
Кейбір қауіпсіз күндер мен түндер де аз болмайды. Сондай уақытта,
тоқтаған ж;ерде əңгімелеріміз бен ойын-күлкілеріміз де аз болмайды.
Абдолла мейлінше кеңесшіл адам. Оның басының аздап қалтағы бар. Оң
қолының үлкен бармағының үстіне тағы бір бармақ өсіп, жұрт оны «алты
бармақ» деп атаған. Өзі ауыз жаппайтын шылымшы жəне барып тұрған
шайшыл. Қолы бос көзінде жолдың қалайы шəйнегін оттан түсірмейді де,
мол ғып алған «мыңдық» маркелі тақта шайды сүтсіз қою құйғызып,
«сахарин» аталатын тəттіні қосып, сораптаудан, «япондардан олжаға түсті»
деген сигарет шылымды ағаш мүштіке қыстырып сорудан дамыл таппайды.
Өзі тершең адам, шайға рахаттанған кезде жалпақ бұжыр бетінен тер
сорғалап, əңгімеге кіріседі.
Мен Абдоллаға əлденеден жаға қалдым. Ол маған жолда əлдекімнен
қалап алған домбыраны тарттырды, үнемі қиссаларды, жырларды
айттырады. Оларға жаны құмар.
Өзінің айтар əңгімелері көп, əсіресе, партизандар тұрмысынан.
Кейбіреулері кейінірек оқыған Всеволод Ивановтың немесе Александр
Фадеевтің осы тақырыпқа жазған əңгімелері сияқты өте қызық.
Мысалы, Абдолла араласқан партизан қосыны Владивосток маңында
жүргенде, қолдарына қасында атқосшысы бар Японияның Микаво есімді
полковнигі ілігеді. Бұларды отряд атады да, документтерін, киімдерін
барлау ісіне пайдаланады. Владивосток ол кезде япон басқыншыларының
қолында екен. Солардың хал-жайын барлап қайтуға, атылған полковниктің
киімдерін кигізіп, фотосын өзгерткен документтерін қалтасына салып,
қасына япон тіліне жетік партизан якутты қосып, отряд Абдолланы
жұмсайды. Ебін тауып қалаға кірген бұлар қаланың қай жерінде
япондардың несі барын түгел барлап, партизандардың бұл қаланы
шабуылмен алуына себепкер болады.
Бұл ұзақ хикая боларлық қызық материал. Абдолланың басқа да қызық
кеңестері толып жатады.
Оның жазушылық қабілеті де бар адам еді, оған, 1917 жылы жазылып,
1922 жылы кітапша болып жарық көрген, Октябрь революциясының
Ақмола қаласында қалай жасалғанын баяндайтын «Біздің де күніміз туды»
дейтін жап - жақсы хикаясы куə. Ол партизандық күндерінен де көлемді
шығарма жазу ниетінде еді, толып жатқан себептердің салдарынан үлгере
алмады.
Жарты айдай жолдас болған күндерде, мен Абдолла Асылбековтен
өлшеусіз көп өнеге алдым, əсіресе, адал коммунист болу жайында. Сонда
оның айтары:
— Қандай саяси жолды ұстау. əрбір саналы адамның еркі. Бірақ
қайсысын ұстаса да соған адал болу керек, ең қажеті, екі жүзді болмау
керек.
Қайда жүріп үлгергенін кім білсін, Абдолла Лениннің еңбектерін көп
оқыған кісі еді. Ол əрбір пікірін Ленин сөздерімен бекітуді жақсы көретін.
— Коммунист болсаң, осы айқын жолға шаң жолатпа, оны таза ұста! —
дейтін ол.
Өзі өл - өлгенше осы жолдан тайған да жоқ, кірлеткен де жоқ.
Сондықтан мен Абдолла Асылбековты өл - өлгенше өзімнің комунист
ұстазымның біріне санаймын.
Біз асықпай жүріп отырдық, оған себеп — барар жеріміз екі жүз елу
шақырымдай, жолшыбай көліктерімізді алмастырмай, осы аттармен ғана
барамыз. Ендеше, оларды қыспаққа алмау керек. Əрі қардың жұмсаруы,
одан кейін еруі күн санап үдей түсті.
Аттардың бабына қарап, түсте жəне кешке ұзағырақ тоқыраумен біз
ілгері жөнеп отырдық. Трибуналдың алдын шолатын салт атты — жиырма
бес шақты адам, мен солардың ішіндемін, өзгелері трибунал мүшелері
мініп келе жатқан экипаждар бізден үнемі бес-он шақырым кейін жүрін,
алдағы жайды шолғыншымен біліп отырады.
Бірнеше күнге дейін біз жүрген бетте қауіп кездескен жоқ. Жолшыбайғы
елдің бəрі тынышталған. Қай ауыл мен қай селоға барсаң да бандиттердің
айуандық қылықтарын айтып зарлап қоя береді. Көпшілігі оларға қарғыс
айтады.
Осылай тып-тыныш жатқан бетімізде, бізге бір жаман сыбыс естіле
қалды. Жолда жолыққан əлдекімнің айтуынша, алдымызда жақын жерде
ұшырасатын Царицыно дейтін селода бандиттер тобы бар, саны бірталай
кісі, олар өзінше штаб құрып, жан-жақтан кісі жинап жатыр жəне қолға
түскен коммунистер мен советтік активтерді өлтіріп жатыр.
Барлаушы жіберіп білдіргенде, бұл хабар рас болды. Женя Данилов
мұндайда батыл кісі екен. Бұл хабарды ол трибунал маңайындағы
адамдарға естіртпей, бандиттерді өзі барып жоюға белін буды. Сол
мақсатпен түнде кеп қалаға шабуыл жасағанда, қопаңдап отырған
бандиттер əрі қарай үркіп шыға келісті. Оларды біздің аз ғана салттылар
əрімен қарай асырып тастап қайтты. Қалада хабарлаушы айтқандай қауіп
жоқ екен. «Бандиттер» дегенінің айналасы жиырма шақты - ақ кісі екен. Со
қалпына қарамай чэлар, бір үйге штаб құрыпты да, маңдайшасына ескі
шүберектен жасыл жалау байлап қойыпты. (Күн бұрын ескертуге ұмытып
кетіппіз, бандиттер өздеріне «жасыл» деген ат қойып, қолдарына жасыл ту
ұстайтын). Тұрғын адамдардың айтуынша саны аз бандиттер жұртқа
өздерін көп қып көрсетпек боп, «біз тек штабтың ғана адамдарымыз.
Қалың қолымыз жан-жақтан келе жатыр. Өкіметті біз қолға қайтадан
алдық. Совет өкіметін тағы да жеңдік» деген хабар таратқан. Онымен ғана
қоймай жан-жақтағы жақын поселоктерге кісілерін жіберіп, «қайтадан
көтеріліңдер, қолдарыңа түскен коммунистерді штабқа алып келіңдер» деп
бұйрық беріпті.
Данилов Царицыноға тоқтады да, кейінгі келе жатқан кісілерімізге хал-
жайымызды баяндауға хабаршы жіберді.
— Қызық уақиға болуы мүмкін,— деді ол хабаршы кеткеннен кейін,—
əлгі қашқан бандиттердің тіліне сенген біреулер, мұнда қолына түскен
коммунисті алып келуі мүмкін.
Даниловтың болжалы дұрысқа шықты. Таң сібірлеп атып келе жатқан
кезде, жан-жаққа жіберген барлаушылардың біреуін, «салт мінген
мылтықты үш адам, жаяу төрт кісіні айдап əкеле жатыр» деп хабарлады:
— Болды қызық,— деді Данилов, қуанып санын шапалақтап.
Көрерсіңдер, ол салт аттылар бандиттер, айдап əкеле жатқаны
коммунистер.
Біреулер «олай болмас» деп күдік айтып еді, Данилов оз сөзін қуаттады
да:
— Бұдан бір қызық комедия жасайық,— деді күліп.
— Қалай? — деді біреулер.
— Былай: олар бұнда бандылар штабы бар деп келеді. Бірнешеуіміз
крестьянша киініп, осы үйден оларды тосып алуымыз керек. Ар жағын
өзіміз біле жатамыз.
Даниловтың ол жорамалы да дұрысқа шықты. Қауіпті ешкім көріне
қоймаған соң, қаннен-қаперсіз бандиттер айдаған адамдарымен көшені
бойлай жүріп отырып, ту тігілген үйдің алдына кеп тоқтады. Крестьянша
киінген Данилов жəне тағы бірнешеуіміз оларды «құрметпен» қарсы
алдық. Салт мінген үш бандиттың біреуінің үстінде тозығы жеткен
офицерлік шинель, оның иығына погон тағып алыпты. Папахасының
маңдайына қиғаштай жасыл шүберек байлап апты. Қолында кабурына
саптай ұсынған маузер, өзі қапсағай жауырынды, имектеу ұзын денелі,
мұрны қоңқиған, сыртына тепкен үлкен көк көзді, қалыңдау ұзын сары
мұртты, жүдеу пішінді бір адам. Қасындағы екеуі — сақал мұрттары өскен
қарапайым біреулер.
Біздің «құрметімізді» шын көрген офицер, тосып тұрған бізге анадайдан
мақтанған дауыспен айқайлай келді.
— Коммунистермен біз есептесіп жеткен жоқпыз əлі,— дей келді ол.
Төртеуін əкелдік, тағы да табамыз...
Бейғам ба, болмаса ақымақ па, мастық па, немене екенін кім білсін,
офицердің де, оның екі серігінің де қылықтары түкке тұрмайды. Əйтпесе,
мынадай қаупі зор қысаңқы кезде, тым аңқалаңдамай, байыбына барып
алып іс қылмай ма? Оны істеген жоқ олар. Аңқалаңдап келген
қалыптарымен, айдап келген коммунистерін бізге тапсырды да, сол
аңқалаңдаған қалыптарымен штабтың үйіне кірді. Ішінде даяр тұрған
адамдар əрине, оларды бассалып ұстады да, қаруларын тартып алып,
қолдарын байлап тастады...
Олар шынында мас екен, жəне, анау-мынау емес, мейлінше мас екен.
Сондықтан де біздің адамдардың мына қылықтарына мəн бермей, əлденені
айтып қалжыңдасып, əлде не боқтауларды айтып сөгіп жатыр. Мастықтан
мұнартқан милары, бізді қызылдың адамы дегенге əлі де сенбей отыр.
Данилов зор денелі, байсалды мінезді адам болатын. Офицер оттай
бастаған кезде, ол комедиялық қылықтарының бəрін сырғытып тастады да,
«міне саған қызылдар емес!» деп офицерді жуан жұдырығымен жақтан
салып кеп жіберді. Сонда ғана ананың есі кіргендей боп:
— Ой, что ты, батюшка мой?—деп жасқанып, басын қорғай берді.
— Енді кіммін мен? Ақпын ба? Қызылмын ба? — деп Данилов сыртқы
крестьянның бүрмелі тонын сыпырып тастады. Оның қызыл командирге
тəуелді ішкі киімін көргенде, офицердің де, оның серіктерінің де кездері
шарасынан шығып кетті.
— Мен қызылмын, қызылдың командирімін!.. Ал, сен ақтардан қалған
аш күшік, алданып қолға түсіп отырсың. Мен саған қазір бар шыныңды
айтқызам,— деді.
Оларға шынын айтқызардан бұрын, Данилов айдалын келген
коммунистерді шақыртып алды. Не уақиға болғанын білгенде, қуанғаннан
оларда ес-түс қалған жоқ.
Манағы жұдырық батып қалған ба немене, офицер Данилов берген
сұраулардың бəріне де дəлме-дəл жауабын қысқаша айтты да отырды.
Оның фамилиясы Кирчик екен.
Ұлты белорус. Помещиктің семьясында туыпты. Бірінші империалистік
соғыстың алдында прапорщиктердің курсын бітіріпті. Соғыс күндерінде
кіші офицерден лейтенантқа шейін көтерілген ол, революция күндері
генерал Корнилов армиясында болып, Петроградқа шабуыл жасапты.
«Тағдырдың айдауымен» Колчак армиясына қызметке кірген ол, Колчак
əскері Петропавлдан шегінген кезде жасырынып қалып қойыпты.
Жергілікті кулактардың біреуінің офицер баласы мұнымен көп жылдан дос
екен. Соның запискесін алып келгеннен кейін, əкесі мұны қолына ұстайды
да, басқа бір фамилиямен жүре береді. Сөйтіп жүріп ол бандылар
көтерілісін ұйымдастыруға қатынасады, көтеріліс күндері өзі офицер боп
қызмет істейді... Бандылар бұл арадан қашқанда, ол тағы да жасырынып
қалып қояды...
— Иттің ғана баласы - ау, дейді оған Данилов, сөзінің осы тұсында,—
бұндай адам болған соң сол бандылармен неге қашып кетпедің?
— Біз əлі болашақтан үміт үзген жоқпыз,— дейді ол.
— Ə-ə, с-с-солай ма!—деп Данилов түйіліп бір қарады да, тағы да қойып
жіберуге ыңғайланып, көтеріле, ұмтылыңқырай беріп, қайта шегініп
отырады. Бұл кезде оның бар ашуы тісіне жиналып, қатты тістенген оның
жағының еттері түйін - түйін боп кетеді...
Данилов офицермен көп мылжыңдасқан жоқ. Қажетті сөздерін қысқа-
қысқа сұрап алғаннан кейін бандиттерді қамауға бұйрық берді. Оларды
Данилов ұзақ қаматқан да жоқ. Олар үйден шыға салысымен, «сөз қысқа»
деді Данилов, қылжақтасып жүреміз бе солармен, қазір шығару керек те,
аттырып тастау керек. Біреулер:
— Трибуналды тоспаймыз ба?— деп еді:
— Бұған не трибунал керек?— деді Данилов жекіп, тексеретін түгі де
жоқ. Мəселе ашық. Қазір шығарамыз да атамыз.
Командирдің бұйрығына қарсы келуге болмайды. Ол енді қалай атудың
тəртібін айтты.
— Қасындағы екеуін мына тұтқын боп келген коммунистер атады,—
деді ол.— Ал, анау офицердің өзін мына Мұқанов атады.
— Басқа біреуге бұйырсаңыз қайтеді,— дедім мен.
— Неге? —деді Данилов.
— Дəл мұндай бетпе-бет кісі атып көрген жоқ ем...
— Жағыңды бұзып жіберейін бе, өзіңнің! Не оттап тұрсың, кісі атуға
жүрмей, қонақта жүрмісің?!—деп Данилов мені біраз ұрсып алды да:— сөз
болуға мүмкін емес! — деді бұйрығын шегелей айтып,— атасын, жəне өзге
мылтықпен емес, өзінің маузерімен атасың.
Мен енді тіл қайыра алмай қалдым.
— Əкел маузерін,— деді Данилов.
Қолына əкеп ұстатса, темірі көкпеңбек жаңа маузер екен. Ішін ашып
көрсе, бір обойма толы оқ.
«Маузер» атты мылтықты мен бұдан бұрын ұстап та көргем. Оның
автомат мылтық екенін білем,— бір атқаннан кейін тілін жібермей тартып
тұрсаң, кезекпен барлық оғын бірінің артынан бірін шығарады. Маузердің
салынатын кабуры ағаштан жасалады. Кабурдың тұмсығында маузердің
өзін жалғастыра қоятын тетігі бар. Солай жалғастырса, кабур құндағы
болады да шығады. Бұл түрінде ол кіші гірім винтовка сияқтанып кетеді.
— Бұның не мылтық екенін білесің бе?—деді Данилов.
— Білем,— деп мен білген тіліммен маузер жайын айтып шықтым.
— Молодец,— деді Данилов.— Бірақ, сен маузердің бір ғана оғын
шығарасың, өзгесі кейін де керек болады. Егер бір ғана оғын шығарын,
Кирчикты сонымен жықсаң, бұл маузерді мен саған сыйға берем. Оны істей
алмасаң маузерден айрыласың.
— Жақсы,-— дедім мен.
Бірақ, дəл Данилов айтқанды түгел орындай алған жоқпын. Расында,
менің бірінші рет бетпе-бет кісі атуым осы ғана еді. Сондықтан ғой деймін,
— Даниловтың тұспалды бұйрығы болған кезде, Кирчикке ұсынған
маузерді мен бір емес, екі рет атып жіберіппін... Кирчик алғашқы атқанда
да, омақата құлаған еді, екінші рет неге атқанымды өзім де білмеймін...
Бірақ, оны ойлауға ол жерде уақыт бар ма!.. Қатемді кейін ғана аңғарып,
командирімнен кешірім сұрайын деп ем:
— Сен енді маузерден айрылам деп тұрсын, ғой,— деді ол күліп,—
қалай, беруге ме, саған, бермеуге ме?
— Оны өзіңіз біліңіз.
— Екінші жолы да осылай орындайсың ба, бұйрықты?
— Жоқ,— дедім мен.— Мен сізге «бетпе бет кісі атуым бірінші рет»
дедім ғой.
— Екінші ретте ше?
— Онда, бұйрық бұлжымай орындалады да.
— Мұндай шартпен маузерді беруге болады,— деп Данилов қолымдағы
маузерді алып: айнала біраз қарап отырды.
— Жақсы маузер — деп қойды ол, біраздан кейін.
— Бізде əлі тап жауы көп,— деді ол маған тура қарап ап,— олар
біткенше бұл маузер бізге керек болады. Егер, дұрыс сақтап, дұрыс ата
алам десең мен саған берем.
— Жақсы, жолдас Данилов, тырысайын,— дедім мен.
— Тырыспа, орында! — деді ол.
— Орындаймын!
— Ендеше, мə! — деп маузерді ол сол қолыма ұстатты да, оң қолымды
ұстап қысып тұрып,— тап күресіне керек құралды мықты ұстауыңа сенем,
— деді.
Маузерге тағы бір қарасам, сабының қабырғасында «210759» цифр тұр
екен. Осы номерлі маузер менде күні бүгінге дейін құрметпен таза
сақтаулы.
|