Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет98/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   94   95   96   97   98   99   100   101   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ҚАТЕРЛІ ТҮНДЕ
Күрес адамды неше түрлі тəсілге үйретпейді дейсіз!.. Ревкомда қызмет
істегелі, өзімізді қауіптен қамтамасыз ету үшін, біз де шама - шарқымызша
тəсіл қолданғанбыз, соның біреуі - қашып жүрген бандиттердің қай кезде,
қай тұстарда жүргенін шамалап отыру, нелер ойлап, нендей сөздер
айтатындарын біліп отыру.
Бұл жөнде қызмет істейтін біздің адамдарымыздың ішінен ерекше
ептілік көрсеткен адамның жұрт бертінде қойған аты «Бүкір». Шын аты
Шабал, фамилиясы Сəрсенбаев. Б:-рақ, «Сəрсенбаев» десе, немесе атын
айтса жұрттың көпшілігі білмейді де, «Бүкір» десе бəрі біле кетеді.
«Бүкір» дегенде, ол құныс емес, денесі тіп-тік жігіт. Тек, жаурынының
үсті ғана аздап күдістеу жəне басын салбыратып бүкшиіңкіреп жүреді.
«Бүкір» деп сондықтан қойған ғой деймін. Сол атқа дағдыланып кеткен ол
намыстанудың орнына күле қарайды. Кішкене бойлы ол, жаяу жүрсе
ұршықтай үйірілген епті, ал, атқа мінсе со кіп-кішкене қалпымен, оны
үлкен жігіттер аударып ала алмайды, өзі соқтауылдай жігіттерді аударып
əкетеді. Көкбар тартқанда да оның тақымы тас сияқты.
Дене ептілігінің үстіне, ол аса ойнақы жігіт. Жолыққан адамның
мінезінде кездесетін оғаштықты ұстап ап, сықақ қып жүреді. Үлкенмен де,
кішімен де құрдас оның сықағын ауырлаудың, орнына жұрт қызық көріп,
көбіне əдейі түрткілеп істетеді. Жасы со кезде жиырма төрт, жиырма
бестерге келгенмен, ол əлі өзіндік үй-күй де, шаруа да жоқ, салт басы, сабау
қамшысы ғана бар жігіт. Кəсібі, ел аралап, ойын-той сияқты сауықтарға
қатынасу, солардың күлдіргісі болу. Өзіне тəуелді шаруасы болмағанмен,
қайдан табатының кім білсін, киімді ол ауыл салтымен бір сыдырғы жақсы
киеді, тəуір ат мінеді. Оның бізге əкелетін хабарлары да көп.
Неғметжан аулына бара - сала, Бүкір маған үйіріле кетті. Мен оған
алғашқы кезде сынай қарап, бойымды тежей ұстап жүрдім. Жүре келе
байқасам, таптық сезімі бар, адал жігіт сияқты. Сол ойымды бекітуге, оны
қиын істерге жұмсап көрсем, ебін тауып орындап қайтады. Мен оны қашып
жүрген бандиттер арасына жіберіп көрдім. Артына бақылау қойғанда,
тапсырманы орындауына көзім жетіп отырды. Біраздан кейін ол екеуміз дос
боп алдық. Содан кейін қайда жіберсем де сеніп жұмсаймын.
Бурабай сапарынан оралғаннан кейін, Əбутəліпті қызмет жөнімен
Көкшетауға жіберуге тура келді. Асан мен Мұқанды əлдене шаруалармен
елге шығардым. Елжас рұқсат сұрап бірер күнге аулына кетті. Шəймерден
мен Əміржан да ел арасының қызметінде жүр. Кеңсе маңында Бүкір
екеуміз ғана қалдық. Бірақ біз қорықпаймыз, қауіптер туа қалған күнде,
оқып жатқан курсанттарға сенеміз.


Сондай жайбарақат жүрген күндердің біреуінде, Бүкір жаман сөздің
шетін шығарды.
— Сенің бүгін бұл ауылдан кетуін, керек,— деді ол, мені оңаша алып
шығып.
— Неге? — дедім мен, қуланып тұр ма деп ойлап.
— Қалжыңы екен деп ойлап қалма,— деді ол,— рас ай¬там жəне жаным
ашып айтам, бүгін мұнда қонсаң, сені өлтіреді.
— Кім?—дедім мен оның сөзіне енді илана бастап.
— Бандиттер бүгін түнде сені қапыда басып өлтірмек бопты.
— Неге?
— Неғметжан мен Мұқылай үйінен салыққа деп кеше егізі, ту сиыры
аралас қырық қара айдаттың ғой. Шымбайларына сол батып кетсе керек.
Енді ғана сене бастап:
— Ия, қайда өлтірмек бопты? — дедім əлі де қуланған боп.
— Дина, Ірəш дейтін бойжеткен екі қызы бар Кəрібайды білесін, ғой?—
деді Бүкір байсалды кескінін өзгертпей.
— Білем...
— Ірəшіне қыңыратқып жүрсің ғой, сен?
— О-о, ш-шай-тан, соны қалжың қылғын, кеп түр екен ғой?
— Қалжыңым емес, расым. Сені бүгін сол үйге қонаққа шақыртпақ та,
сонда жайратпақ.
— Мен осында өлтіреді екен десем, — дедім əл.і де қалжың ба деп
ойлап,— басқа жерде екен ғой. Олар менің шақырған жерге бара
«.оятынымды қайдан біледі?
— Екі жағын да ойлапты олар: біреулері Кəрібайдың үйінде тоспақ, енді
біреулері — осы ауылдың маңында торымақ...
— Кімдер сонда?
— Неғметжан мен Мұқылайдың біреуі Кəрібай маңында болады дейді,
Бескөздің Сағиті мен енді біреуі осы маңайды ториды дейді...
Бүкір сөзіне мені иландырды. Одан басқа ақылдасар кісім жоқ.
Курсанттарға бұл сырды сездіруге Бүкір ақыл бермеді.


— Жасаған жау, қарумен тап берсе, курсанттар жалаңаш қолмен сені
қорғап қала алмайды. Олардың ішінде бандиттерге тілектесі жоғын қайдан
білесің? Одан да, дабыра қылмай, бас қорғау қамына білдірмей кірісу
керек.
Енді шын мəн беріп:
— Анық қой өзі? — деп Бүкірді шегелемек болып ем:
— Анық — деді Бүкір.— Осы істің жуан ортасында жүрген біреуден
естідім. Ол менің, көлгірсіген сөзіме сеніп қалды. Мен оған «бірге
өлтірісем» деп уəде бердім.
— Ал, сендім онда. Өтірік дүрліктірсең, ұятын сен көтересің.
— Болсын. Өтірік болса, қаматып қоюыңа да, аттырып тастауыңа да
бейілмін.
Екеуміз төмендегідей ақылға келдік: Кəрібайдың үйінен шақырушы
келсе, «барамыз» деп уəде береміз де түн жамыла аттанып, былай шыға
Көкшетау қаласына тартып кетеміз. Шақыру келмесе де, со күні түнде
басқа бірдемені сылтау ғып аттанамыз да, əуелі қиғаш кетіп, бетімізді
Көкшетауға солай шыға түзейміз.
Бандиттер аттанбай тұрып басып қалмаса, аттанғаннан кейін қолдарына
түспеуге сенеміз, өйткені, менің астымда,— бұл маңайдағы елге соңғы бес-
алты жылда бəйге бермей, «ерен - жүйрік» атанған Неғметжанның ақбақай
күреңі бар. Осы ауылға келгелі, ол атты мен үнемі кісендеп ұстап, сұлымен
жемдеп, жараулау ғып мініп жүргем. Бүкірдің астына мінетіні,— Аққоян
аталатын бедеу көк бие. Ұзаққа қаншалық шабатынын кім білсін, «шу» деп
жөнелгенде, ол да құстан басқаға шалдырмайтын ұшқыр жылқы... Осы екі
аттан қапыда айрылып қалмайық деген ниетпен, күндіз астық сарайына
кіргіздік те, қақпағын замоктап қойдық...
Енді, бізге ауылдағы адамдардың көңіл күйін білу керек. Ол үшін — ең
сенімді бірер адамдарымызды елеусіз, бытыратып, əркімдерден сыр
тарттырып көрсек, ешкім ешнəрсе білмейтін сияқты. Курсанттарымыз да
сондай.
Ауылдан күдіктенуге мүмкіншілігі бар екі-ақ жағдайдың исі шықты,
біреу — ертерек кезде осы ауылда молда болған, кейін мұғалім болған,
бандылар жұмысына араласып, біз келген кезде қашып жүрген
Қожахметтің Нұрышы дейтін кісі, осы ауылға өткен түні қонып кетіпті...
Екіншісі — Неғметжанның тоқал шешесінен туған інісі, ешуақытта үйінен
шықпайтын, момын мінезді адам көрінетін, құлағы саңырау сияқты боп
жүретін Мұхаммедияр, бүгін əлдеқайда аттанып кетіпті. Осы екі күдіктен
басқа дүние, тып-тыныш, қаз - қалпында сияқты...


Түс ауа, Кəрібай аулының шақырушысы келіп қалды, келуші — оның
туған інісі Əбділман. Шоқша сақалды, күрең өңді, қызғылт көзді, жасы со
кезде қырықты алқымдап қалған бұл жігіт пен оның жылмаңдаған əйелі
Ұрқиямен, мен Ірəш жөнінде танысқам. Бір сыдырғы кескіні де, сымбаты
да бар, ақ жарқын ашық мінезді, еркелеу қылықты бұл қызға менің
қыңыржақтайтыным рас та. Сонымен сезе қалған Əбділман мен Ұрқия
жеңгетай боларлық қалыптарын көрсетіп, ол ауылға соққан сайын мені
емексітетін. Бұл жолы да Əбділман сөзін емексітуден бастап:
— «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей,— деді маған, амандық - саулық
сұрасқаннан кейін,—сенің, Ірəшта көңілін, барын осы елдің бəрі біледі.
Тіпті, біреулер сырттан жорып, екеуіңді осы елден бірге аттанады деп те
жүр. Енді жасырынар рет қалған жоқ. Қонаққа шақыра келдік өзіңді. Соны
жамылтқылап, қарындасыммен қауыштырып жібермекпін. Қатын көндіріп
қойыпты. Сенен артық жігітті қайдан табамыз. Бүгіннен бастап қыз сенікі.
Қашан əкетем десең де даяр...
Іш пікірді ішке сақтай отыра, «түнделетіп барам» деп Əбділманға уəде
бердім. Ол аттанып кетті. Бүкір айтқан бір жорамал дəл келді.
— Енді кідірудің реті жоқ сияқты,— деді Бүкір, ымырт жабыла тағы
ақылдасқанда,— саған ғана емес, маған да күдіктеніп қалған сияқты осы
ауыл. Күдіктерінің басы, біздің екі атты сарайға кілттеуімізден шыққан
тəрізді. Оны əрқайсысының ішкірнелеп сыр тартқысы келуінен байқадым.
Со сөздің сарынын Неғметжанның бəйбішесі Шəриядан да, Мұқылайдың
шешесі Қатшадан да естідім. Осы ауылға мана, өзіне белгілі Азнабай
дейтін саңырау шал келген екен, со да бір ретте «бұл аттарды сарайға неге
қамап жүрсін,- дер?» деп сұрап қалды.
Бүкір екеуміз іңірде сарайдағы аттарды шығарып, суарып алдық та,
баппен ерттеп, «Кəрібай аулына барамыз» деп аттанып кеттік. Менің
иығымда винтовка, он, жақ бүйірімде қабурдағы наган. .Бүкірде қамшыдан
басқа қару жоқ...
Ауылды айнала өскен қалын, ағаштың ішімен Кəрібай аулына қарай
тартатын жолға түстік те, былай шыға бетімізді Көкшетауға қойдық. Бүкір
аса жолшыл жігіт болатын, қандай тас қараңғы түндерде де, жолсызбен
қалаған жеріне апаратын. Егер, қасымда ол болмаса, көзге түртсе көрмейтін
мынадай қараңғы түнде, мен əрине, жол таба алмас ем.
Кеңеспен жортақтап келе жатып, Бүкір ара-тұра «анау тұсқа кеп қалған
екеміз, мынау тұсқа кеп қалған екеміз» деп əрбір қараңдаған ағаштың,
əрбір жарқыраған судың жобасынан қай тұста келе жатқанымызды айтып
отырады. Бір кезде:
— Апыр-ау, Сəбит - ау, жортақтап отырып, кеп жер кеп қаппыз ғой,—
деді Бүкір.


— Оны қайдан білдің?— дедім мен.
— Алдымызда жалданып көрінген ағаш, Асан аулының қыстауы...
— Бəсе, айтам ғой,— деді Бүкір жақындап келгенде,— со қыстау. Аулы
Бурабай жақ беттегі бұлаққа қонды деген. Қоралар есіз болу керек.
Қыстаудың желкесіндегі жал -ағаштың жол жүретін сайында жаз ортасы
ауғанша қардың суы жатады, өзі терең болады. Үзеңгімізді қайырып өтуге
тура келеді...
Расында су терең екен. Үзеңгіні қайырғанмен, аттың қапталдығына
жетіп, бүккен тізеге тиіп қалды. Сулы ағаштан шықсақ, ар жағы жалаңаш
дала... Аз жүргеннен кейін:
— Сəбит, сен ештеңе көріп келесін, бе?— деді Бүкір.
— Жоқ...
— Аттар құлағын неге елеңдетеді?!..
— Қайдам,—- дедім мен, жүрегім қобалжи қап.— Сонда бір
қарайғандар, менімше, осы аранын, əр жерінде кездесе беретін тастар ғой
деймін.
— Мүмкін, бірақ жылқы жануар құлағын жай тікпейтін сияқты еді!..
— Не де болса тəуекел, пысығырақ жүрейік.
Атымызды тебініңкіреп, жортып келе жатсақ, жолдын, үстінде бір
жылқы тұр!.. Жақындап келсек, құйрық-жалын күзеген, ерттеулі бие!..
Одан да жақындай берсек, — бір адам дəреттен тұрған сияқтанып, түзеліп
жатыр!.. Сол сəтте қауіп естен шығып, қасына таяна тоқтай қап ек, адам
атына міне берді. Жобасына қарасақ — басында тымағы, үстінде күпісі бар,
аяғында жуан етігі бар, бет-аузын сақал жапқан жабайы қазақтың біреуі
сияқты.
— Ия, кім боласың?— дедім мен, оның қарсы алдынан кеп.
— Жылқы қарап жүрген кісімін,— деді ол маған қарсы жақындай түсіп.
— Қай ауылдың адамысың?— дей бергенімде, сақалды адам мені ат
үстінен шап беріп ұстай алды...
— Ойбай, мынау Мұхаммедияр! — деді Бүкір де тебініп кеп...
Құшақтаған адам, салған жерден менің иығымдағы винтовкама
жармасты... Қолы мұндай қарулы болар ма,— егер, жанталасып
тартыспасам, атымның үстінен мылтық -сылтығыммен суырып алып
кететін. Мен аттың жалын құшып, жанталасып тырмысқан кезде, Бүкір


жанаса кеп, сақалдыны қамшымен бастан тартып - тартып жіберді де:
— Ойбай, Сəбит, ат наганыңмен!.. Мұхаммедияр!— деді.
Қайдан ата аласың, аттың жалынан қолыңды босатсаң - ақ аударып алып
кететін. Сол тіресте тұрғанда, винтовканың қайысы үзіліп кетіп, мылтық
Мұхаммедиярдың қолына кете барды, мен атымды тебініп жіберіп, қаша
жөнелдім. Со кезде артымнан винтовка сатыр-күтір атылып қалды... Мен
аттың жалын құшып бұғып қалдым... Жүйрік ат бар шабысымен сілтеп
барады... Енді былай қарасам, жанамалай шауып Бүкір келеді екен... Бетіміз
— беталды құла - дүз... Қалай қарай шауып бара жатқанымызды Бүкір
болмаса, мен шамалай алмаймын... Жері тастақты бұл аранын, əрбір тасы,
маған енді не қамалап қуып келе жатқан, не алдымнан тосып тұрған
адамдар сияқтанады...
Аз жер шапқаннан кейін, алдымыздан бір топ салт атты адам дүрсе қоя
берді!.. Сатыр-күтір мылтықтар атылды... Біз бұрыла қаштық...
— Құдай ұрған екен,— деді Бүкір қатарласа беріп,— жолдан тосқан екен
бізді. Менің байталым атыңа ере алмас, сен енді тəуекел деп тарт, атың
жеткізе қоймас!..
—- Сен қолда қаласың ғой!
— Оған уайымдама, сені ұстай алмаса, мені өлтіре алмайды бұлар.
Ұстаса - ақ екеумізді де өлтіреді... Тарт, тəуекел деп! Бетін, Бурабай тауы
ғой деймін.
— Ал, ендеше!..— деп мен атымды айдай жөнелдім...
Жүйрік жылқыдан садаға кетсең болмай ма!.. Аз шапқанға тақымын
жазып алды ма, немене, тебіне жөнелгенде атым құс боп ұшып кеткен екен
деп ем!.. Оның екпінінен, жаңа ғана тып - тымық боп тұрған алдымнан
дауыл соғып кетті!.. Тақымымды қаттырақ қысып, тізгінді нығырақ
ұстамасам, аттың екпініне шыдамай, үстінен ұшып кететіндей əсер пайда
болды!.. 
Жануардың 
со 
шабыспен 
шалдырмайтынын 
ұққандай,
қуғыншыларым сатыр-күтір мылтық атады... Желдің зуылы ма, оқтың,
зуылы ма, құлағымды жанай əлдене ысқырып өтіп жатады... Мен аттың
жалын құшып қалам...
Бір кезде үлкендігі қазақ арбаның доңғалағындай боп, көкжиектен қып-
қызыл түспен ай да көтеріле бастады... Бойым бұ кезде жиналып қалса
керек, арт жағыма көз салсам, қуғыншылардың қалың, тобы алыста қалған
сияқты, тек ағараңдаған атты біреу, түнге үйренген көз жетердей жерде
көрінеді... Ойыма келе қалды. Мұқылайдың жүйрік көк айғыры бар,
жаратып мініп жүр, деп естігем. «Сол болар ма?» деп жорыдым ішімнен...
Ай көкжиектен көтерілген сайын бозара түсіп, арқан бойы көтерілгенде


ағарып апты. Оның бозамық сəулесі түннің түнегін жеңіп, айналадағы
дүниені шамалауға келді. Со кезде көрдім, алдымда бірдеме жарқырайды,
«шамасы көл - ау!..»
Со кезде менің қуғыншыларым дала жақ қабырғамды ала, көлденеңдеп
тартты. «О несі!»—деп ойладым мен,— əлде, мені көлге қамамақ па?»
Сол қауіппен бойымды жинағырақ ұстадым да, атымды тыныстатайын
деген оймен, тізгінін тежеңкіреп, қалтамдағы орамалыммен екі көзін
сүрттім. Қуғыншыларыма қарап қоям, олар əлі де жамбастай, қиялап
тартып барады...
Осылай шауып келе жатқанда, алдымнан ұшы-қиырына көз жетпейтін
кең жəне терең жыраққа кездесе кетті. Мұндай жырақалар, əдетте, сортаң
келдің маңында кездеседі. Оның, ұшы алыстан жіңішкере басталып, сай-
саланы иректеле қуып кеңіп отырады да, сорға құяр сағасында далиып
кетеді, оның үстіне, құстан басқа мақлұқ жүре алмайтын, миы шыққан
қорыс болады... Менің алдымнан кездескен жырақа да осындай екен... Мен
кеп киліккен тұсынан, жүректі ат екпіндей шауып келсе қарғып өтуге
болатын. Жоғарғы жіңішкелеу жағынан етуге, қуғыншылар со беттен
қусырып келеді. Сор жақ бетке бұрылсаң қайтып шыға алмастай қамауда
қалатынсың.
Қуғыншылардың неге қиялай шауып келе - жатқанына енді ғана
түсіндім. Жер тығыл -таян, боп қалды. Төз қимылдамасаң аз уақытта
қоршауда қаласын,. Атыңды осы тұстан қарғытпасаң, басқа бұрыла қашып
құтылар жер жоқ. Не істеу керек?
Əрине, атты қарғыту керек. Шауып келе жатқанда болмаса, тұрған
жылқы қарғып ететін жырақа түгіл, аттап өтетін жырақаға да аяғын
баспайды. Ендеше, шегініп барып шауып келу керек те, атты қарғыту
керек. Бірақ, жылқы атаулы жырақадан қарғи бермейді, жүрексіз жылқы
қарғудың орнына кілт тұра қап, не өзі омақаса құлайды, ие үстінен сен
ұшып кетесің... Менің астымдағы ат сондай жылқылардың қай түрі екенін
кім біліпті!..
Менің дағдарғанымды сезгендей, қуғыншылар бері қарай ойысты.
«Əйтеуір елім,— деген ой келді маған,— жай өлгеннен де тəуекел деп
қарғытайын!..» Соған бекіндім де, жалт бере кейін бұрылып шамасы екі
жүз метрдей жерден атты борбайға қоя, жырақаға қарай тарттым...
Жырақаға таяна берген кезде, жан қысылған белгімді көрсетіп, жандай
серік боп келе жатқан атымның сауырына қамшыны көміңкіреп жібердім...
Атым да, не өлу, не тірілудің жері таялғанын сезгендей, зымырап келген
қалпымен жырақадан атып кеп кетті. Аттың үстінен ұшып кете жаздадым,
аттың дік ете түскен екпінімен астыңғы ернімді қыршып алдым... Біріне-
бірі сақ ете түскен тістерім қирап қала жаздады... Оған қарауға уақыт бар
ма, əрі қарай тарта жөнелдім... Енді далақтауда мəн жоғын түсінгендей,
қуғыншыларым жырақаның ар жағында ошарылып қала берді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   94   95   96   97   98   99   100   101   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет