Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет94/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   90   91   92   93   94   95   96   97   ...   107
AЗАЛЫ КҮНДЕРДЕ
Госпитальға түскен күндерден бастап жарамның сыздауы жеңілдене
түсті, температурам төмендей түсті. Бір жұмадан кейін мен балдаққа
сүйеніп түрегелуге жарадым. Одан төрт-бес күн кейін жылжып жүруге
жарадым.
Жалпы халдің қандай түрде жүріп жатқанын, біз жергілікті газеттердің
хабарларынан жəне госпитальға келіп-кетіп жатқан адамдардың сөздерінен
білдік. Бұл хабарларға қарағанда, Қызылжар маңынан сырылған
бандылардың, ендігі топтала бет алған жағы Көкшетау көрінеді. Оларды
Қызыл Армия бөлімдері жан-жақтан қыспаққа алып, бөлшектеп жойып
бара жатқан көрінеді. Тағы бір хабарларға қарағанда, бандылардың арғы
бетінен (Атбасар, Ақмола жақтан) Қызыл Армия бөлімдері қарсы
шыққандықтан Көкшетауға беттеген бандылар Шығысқа қарай бұрыла
тартып, ендігі бетін Ереймен тауы жағына қойған көрінеді. Жалпы
мəліметке қарағанда Қызылжарға жан-жағынан шабуыл жасап, ішіне кірген
бандылардың саны қырық мыңдай екен, қазір олар бөлшектене таусылып,
Сухотинодан (Қызылжардан 90 километр) əрі шыққанда жиырма мыңдар
шамасында ғана қалды деседі. Жорамалшыл адалдардың шамалауынша,
ілгері жылжыған бандылар Ерейменнен əрі аспауға тиісті.
Бұл хабарларға біз қуанамыз. Өйткені, ақ гвардеецтердің тіліне еріп,
көтеріліс 
жасаған 
байлар 
мен 
кулактардың, 
оларға 
алданған
крестьяндардың жанжалы төз бітіп, Советтік құрылыс өзінің өркендеу
жолына түсуге тиісті ғой...
Газеттер мен госпитальға қатынасқан адамдар, бізге қуаныш
хабарларымен қатар қайғылы хабарлар да əкеледі. Со кезде Қызылжарда
шығатын «Мир труда» газетінің күн сайынғы сандарында, көтеріліс
шыққан жерлерде коммунистер мен советтік активтерді бандылардың
қандай азаптармен өлтіруі туралы хабарлар жарияланып тұрады. Кейде
азаппен өлген коммуналардың тізімдері беріледі. Солардың ішінде,
өзімізбен сан рет кездескен немесе жақын болған адамдар да ұшырайды.
Бұлардың бəрі, əрине, жанды ауыртады, кейде көзіңе жас алдырады...
Сондай қайғылы хабарлардың ішінде маған аса ауыр естілген қазаның
біреуі, бізге мəлім Жақып Қыстаубаев пен оның үй ішіндегі жандарының
аса аянышты өлімге ұшырауы туралы болды.
Жəмпейіс үйіне тығылып жатқан кезде, Қызылжарды қолына алған
бандылардың түрмедегілерді босатып жібергенін естіген едім. Сонда маған
«Жақып не халде екен?» деген ой келген еді. Сол ой госпитальға түскен
күндерімде де басымнан шықпаған.
Оның не халге ұшырағанын мен госпитальда Вера Сакиялова дейтін


əйелден естідім. Бұл əйел Қызылжардан алпыс шақырым жердегі Становая
станицасында қызмет атқаратын партиясыз учительница екен, ері
Ревкомның мүшесі жəне коммунист. Көтеріліс шыққан кезде Становаяның
коммунистері мен Совет қызметкерлері ұйымдасып бандыларға қарсы
тұрады. Партиясыз адам болғанмен Сакиялова да сол отрядқа қосылады.
— Біз,— деп бастайды Сакиялова əңгімесін,— алғаш жиырма шақты
адамнан ғана отряд құрдық. Бандылар кеп, біз азбыз. Беттесіп соғысуға
күшіміз келмейді. Сондықтан, бізге орман арасына паналауға тура келді. Со
күннен бастап, біздің қатарымыз көбейе берді, олар əрине жан-жақтағы
ауылдар мен поселкелерден келген коммунистер мен советтік активтер. Бір
жұма уақыттың ішінде біздің санымыз жүзден асты да, содан кейін біз
əлденеше отрядқа бөлініп бандылармен ашық күреске кірістік...
— Сондай арпалыс күндерінде,— дейді Сакиялова,— бір қазақ жігіті
өлшеусіз ерлік істермен ерекше көзге түсті. Қандай қиын тапсырмалармен
аттанса да оның орындамай келген күндері жоқ. Өзі де айта қалғандай
сымбатты, кескінді жігіт еді...
— Аты мен фамилиясы кім?— деп сұрайды тыңдаушылар...
— Жақып Қыстаубаев!..
Бұл сөздерге мен əрине елең ете қалдым. Сонымды аңғарған
жолдастарым «оны қайдан білесің?» деп сұрағанда, мен білгендерімді
айтып бердім.
— Түрмеден ол қалай босанған екен?— деп сұрадық біз Вера
Сакияловадан.
— Ол жайын Жақып бізге айтты,— деді Сакиялова.— Бірақ, қысқа
айтты. Оның айтуынша түрмеде ол жарты айға жақын жатады. «Бір күні,—
дейді Жақып, — түрменің ішінде: Совет өкіметі жақын арада құлайды,
ақтар өкіметі қайтадан орнайды» деген хабар тарай қалды. Қасымдағы
адамдар əр түрлі сотқарлық істермен қамалған қылмыстылар еді. Олар
«Совет өкіметі құласа тамаша болды!» деп қуанады. Мен үндемеймін... Аз
күннен кейін түрме бастықтары бізді аса қатаң ұстап, қажетті уақыттарда
ғана болмаса, камераларымыздан шығармауға айналды... Кімнен естіліп,
қалай таралатынын кім білсін, менің қасымдағылар «қаланы ақтар бүгін-
ертең алады» деп қуанысады... Олар бұл арманына төз жетті: февральдің 23
күні түнде қалада шу көтерілді. Ол кезде мен ояу жатыр едім. «Ақтар келді,
ақтар!» деп қуанып өре түрегелісті қасымдағылар... Бір пəленің болғанын
мен сездім... Егер, қаланы ақтар ала қойса, не істейтін іш - пікірім ішімде...
Бір уақытта қалың шу түрмені орап алды... Аздан кейін ол шу түрме
қорғанының ішіне кірді... Енді аздан кейін коридорға кірді... Қатарланған
камералардың темір есіктері сатыр-күтір ашылғаны естіліп жатты. Біздің де
камерамыз ашылды... Ол арада біреу мен біреу жауаптасып жатуға уақыт
жоқ.. Сыртқа шуласып жүгіре шыққан ығы-жығы адаммен мен де жүгіріп


шықтым...»
— «Содан кейін не істедің?» деп сұрадық біз Жақыптан,— дейді
Сакиялова,— Жақыптың оған да жауабы қысқа болды. «Не істеуші ем,—
деді ол,— мен əрине, бандыға еріп банды бола алмаймын. Өтірік жаламен
мені абақтыға қаматқан алашордашыларға өкпелеп Совет өкіметін сата
алмаймын. Сол қорытындыға мен абақтыда отырғанда да келгенмін.
Тыныштық уақыт болса ақтығым анықталуына көзім жеткен. Ал, көтеріліс
шығып кеткеннен кейін, егер, абақтыдан аман босана алсам, мен əрине,
өзімнің коммунистік, партизандық міндеттерімді атқаруға белімді буғам.
Сондықтан, абақтыдан шыға мен өз жөнімді таптым да, сіздерге кеп
қосылдым...»
— «Ия, содан кейін не болды?— деп сұраймыз біз. Сакиялова əйелдік
қалпына бағып, Жақыптың одан арғы халін айтудың орнына, қалтасынан
орамалын суырады да өксіп -өксіп жылап алады. Қасындағы жолдастардың
жұбату сөздерінен кейін Сакиялова:
— Мен жазушы адам емеспін,— дейді, көзін сүртіп, күрсініп ап, — егер,
жазушы болсам, оның ерлік істерін ұзақ романға айналдырар ем. Дегенмен,
тіршілік болса ол туралы жəне бізбен бірге болған коммунарлардың ерлік
істері туралы көрген білгенімді мен жазам да. Əзірге оның қандай жағдайда
өлгені туралы ғана қысқаша айтайын...
— Өлді ме ол?—деп шу ете қалады тыңдаушылар. Бұл хабарға ерекше
мен елеңдеймін... Менің жүрегім сыздай қалады...
— Ия, қалай болды?— деп сұрайды бірнеше адамдар.
— Былай болды,— дейді Сакиялова, ауыр күрсініп aп.— Біздің отряд
үнемі шабуылда жүрді. Төңіректегі жалпы халдің не боп жатуынан
хабарымыз болмаған мен, айнала қоршаған бандыларға біз тұс-тұстан
үнемі шабуыл жасадық та отырдық. Сөйтіп жүріп, отрядымыздың саны бес
жүзге жетті. Бізде енді, саны аз болғанмен, пулеметті ішіне қоса бірталай
құралдар да жиналып қалды... Сондай арпалыста жүргенде, біз
«бандылардың Совет өкіметін құлатқаны өтірік екенін, бандитизм осы
маңайға ғана шыққан екен, оларды жан-жақтан келген Қызыл Армиялар
бөлімшелері құртып жатыр екен» деген хабар алдық. Кешікпей
құлағымызға алыстан атылған зеңбіректердің де даусы шалынды. Ол,
əрине, Қызыл Армия бөлімдерінің құралы... Осындай жағдайды көргеннен
кейін біздің отрядтың командованиясы, бетті Қызылжар жаққа бұрып,
Қызыл Армия бөлімдеріне қосылуды міндет қып қойды. Осы
беталысымызда біз Надежна станицасына шабуыл жасадық та, екі қанаттан
қоршай кеп алдық. Бандылар бұл арада бізге аса қатты қарсылық корсетті.
Көп жолдастарымыз қазаға ұшырады.
— Станицаны алғаннан кейін,— деп жалғастырды Сакиялова əңгімесін,


— байқасақ, ішінде топталып біраз банды қалыпты. Аса қатты қарсылық
көрсеткен олар əр көшеден, əр бұрыштан аңдыса атысып отырып, амалы
құрығанша атысты да, шіркеуге кеп тығылды. Осы шіркеудің төбесінде
құрылған пулемет бары, біз станцияны алуға жақындағанда байқалған.
Біздің адамдар ашық алаңда тұрған шіркеуге шабуыл жасаймыз деп
ұмтылғанда, пулемет сөйлей жөнеліп, бірталай адамдарымыз шығын боп
қалды. Байқаймыз — бандылардың бізді шіркеуге жолататын түрі жоқ.
Сонда аранын ашқан ажалға қорықпай барған адамның бірі Жақып
Қыстаубаев...
Оған арғы жағын айтуға жасқа булыққан Сакиялова жолдастың əлі
келмей, орамалымен бетін басып біраз өксіп алды да:
— Қысқасы,— дейді ықылық атқан дауыспен,— пулеметтің үнін
өшірген Жақып екен... Сол арада бір бандит оны да револьвермен атып
жығыпты... Шіркеу төбесінен біз оның өлігін ғана алдық..
.
Жақыптың өз халі сондай болса, үй-ішінің не халге ұшырағанын, оның
жақын досының бірі Өстемірдің Сыздығы баяндайды.
— Сол күндердің біреуінде,— дейді менің госпиталыма келген Сыздық,
бандылар басып алған көздің ауыр халін айта кеп,— түн жамылып
Қыстаубайдың үйіне бардым да, бандылардың ол үйге де қастық жасайтын
ниеттері барын айттым. Оны өзің білесін, ғой,— кісінің ала жібін
аттамаған, өмірін жалшылықпен өткізген, еңбекші момын адам еді ғой. Өзі
кəрі кісі. Жақыптан басқа балалары да өзі сияқты. Сондай қалпына бағып,
Қыстаубай 
менің 
сөзіме 
елеңдей 
қоймады. 
«Менде 
жұмыстары
қанша?»дейді ол, «өшіккен Жақыптарын ұстатып тынды, қалғанымыздан
қиянат көрген ешкім жоқ. Үйде отырған момын адамның бəрін қыра берсе,
тірі кісі қала ма?..» «Бір жан, екі жан болсақ тығылып та байқар ек, осынша
кеп жанмен қайда тығыламыз?» Мен оған «əйелдер мен кішкене балаларға
тимес, естияр еркектерін, тығылыңдар» десем, ол «бізді аямаса, бала -
шағаны аяй ма олар? Бала-шағаны өлтіртіп, өзіміз аман қалғанда не
болады? Одан да бір тəуекелге сыйынып, келетін ажал болса үйде күтіп
аламыз» деп көнбейді.
— Сонымен, қысқасын айтқанда, халдері не болды олардың?— деймін
мен асығып.
— Не болушы еді! — дейді Сыздық күрсініп aп, — бір күні бандылар
Қыстаубайды іздеп келеді. Ол кезде Қыстаубай мен Бейсембай далада
үйілген сабаннан азғана малына шанамен азық əкелуге кеткен екен. Үйдегі
жандардың бəрін шанаға салып алған бандылар. Қыстаубай мен
Бейсембайды да қуып барып ұстайды...
— Ия, не істейді, сонымен?! — деймін мен, асығып.


— Не істеуші еді,— дейді Сыздық, қабағын қалыңырақ шытып ап.—
Есілдің мұзы қатып жатқан көз... Бандылар Қыстаубайды бар семьясымен
Есіл бойына алып барады да, бəрінің де мойындарына темір байлап тірідей
Есілдің ойығына батырмақ болады. Қыстаубайдың да, басқа жандарының
да зарланып жылаған даусына бандылар құлақ аспайды... Ақыры
Қыстаубай «өлтірсеңдер естиярларымызды өлтіріңдер, жас балалардың
жазығы не?.. Оларды қалдырыңдар!..» деп жалбарынса, сол арада
бандылардың ішінде тұрған Құлым хажы мен Қожан хажы «артында тұқым
қалдырып, ертең түбімізге жетсін дейсің бе?.. Біз сені тұқымыңмен
құртамыз!..» деп рахымшылық етпейді...
— Сонымен?!..
— Сонымен, не болушы еді, бандылар барлығын ойыққа батырады да
жібереді!..
— Бесіктегі баланы да ма?..
— Қозкеде ұл бала жоқ еді ғой,— дейді Сыздық, жаңағы бесіктегі бала
ұл бала екен. Туғанына со кезде үш-төрт - ақ ай болған екен... Қыстаубай
үйінің өңге жандарын бандылар суға батырып жатқанда, Қозке жас баланы
қолына алып, «осыны өлтірмесек қайтеді, обал ғой» депті. Сонда, əзіңе
мəлім, шолжың тілді Құлым хажы «шен не қыяйын деп ең оны?.. Бая қиып
ашылып аяйын деп пе ең» депті. Қозке асыраса несі бар? Бұ бала нені
біледі? Кім асыраса соның баласы боп кете барады» десе, Құлым хажы
«сүйтейін, бай, бұндай ішке неге киіштің?.. Шен қойныңа жыян шаям
дегенмен, мен шая алмаймын, əкей бей!..» деп баланың Қозкенің қолынан
тартып алыпты да «бай шен де тұқымдайыңның шоңынан!» деп мұздың
ойығына жөргекке оралған қалпымен батырып жіберіпті...
— Міне, оқушы жолдастар, ешбір өтірігі, қосары жоқ, шындықта дəл
болған Қыстаубай үйінің хал-жайы осындай!.. Taп дұшпандарының
осындай 
сұмдықты 
істеуге 
де 
жүректері 
тітіренбейді!.. 
Шын
мағынасындағы фашистік қылық деп осындайды айтады...
Бұл хабарды ауырлап жүрген күндерімде мен екінші бір қайғылы
хабарды естідім. Оны маған өзімнің, қанды көйлек жолдасымның бірі
Гриша Веренько айтты. Қай селодан екендігі есімде жоқ, маңайдағы
селолардың біреуінен көтерілістің алғашқы күндері қашып келген Гриша,
со кезде он жеті, он сегіз жастағы комсомол. Өзі керемет балалайкеші жəне
сырнайшы, оның үстіне қулықшы. Қандай ауыр жағдайларда Гриша сені,
не бір күлмеуге болмайтын қулық айтып, немесе əлденені музыка құралына
айналдырып жіберіп, көңілді ашпай қоймайды. Кондратьевка жорығынан
қайтқаннан кейін Гриша мен Баймағамбет менен бөлінді. Одан кейін
Гришаға госпитальда ғана жолықтым. Госпитальға ол менен төрт-бес күн
соң кеп түсті, жарасы,— сол жақ қолының, тоқпақ жілігін мылтықтың оғы
үзіп кеткен.


Ол екеуміз столовойда кездесіп қалдық. Алғаш көргенде ол, дағдылы
ойыншыл қалпымен:
— Сен əлі «могиловская губернияға» бармай мұнда жүр ме ең?—деп
қалжыңдай келді де, аз уақыт солай сөйлесіп тұрып, мен Баймағамбет
жайын сұрағанда, қабағы қатуланып түйіле қалды.
— Ия, не болды?—дедім мен, əлде не бір жаманат хабарды айтарын
абайлап.
— Тірі адамдардың қатарында жолдас Ізтөлин жоқ! — деді де, ол көзіне
жас іркілген қалпымен теріс айналып кетті.
— Не деп тұрсың?! Қайда?.. Қашан?..— деген менің сұрауларымның
біреуіне де ол ұзақ уақыт жауап бермей, қабағын қарс жапқан қалпымен
əрірек жерде ерсілі - қарсылы жүріп алды.
Біраздан кейін ғана болған уақиғаны айтуға Гришаның халі келді.
Психологиялық жəне драмалық жақтарынық бəрін қоя тұрғанда, Гришаның
айтуынша, уақиға төмендегідей болған: бандылар қаланы алған күні
Ізтөлин ішінде болған взвод түрмені күзетеді. Аз уақыттан кейін
күзетшілер мен штабтың арасындағы байланыс үзіледі. Түрменің телефоны
қызмет істемей қояды. Барлаушы жіберіп байқаса, көшелердің халі қиынға
айналған. Бірнеше барлаушы қайтып оралмайды. Кейбіреулерін əлдекімдер
атқылап түрме қорығына қуып тығады. Соған қарағанда, қалаға бандылар
кіргені əзірге сезілмегенмен, қала ішіндегі бандиттердің қимылға кіріскені
байқалады...
Не істеу керек?.. Бір жағына қарай бұзып-жарып шығуға күштері
азғантай... жəне штабтан бұйрықсыз күзетті тастап кетуге болмайды...
Сондай халде отырғанда, қалада шу көтеріледі... Бандиттердің қалаға
кіргенін күзетшілер аңғарады... Енді олар ақылдасады да, түрмені тастап
бандылардың қоршауынан шығу амалын істемек болады... Өткен күні, егер
қаланы бандылар ала қалса, ЧОН-ның адамдары Омбыға қарай беттеп
шығуға қажеттігі туралы штабта сөз болғаны күзетшілерге мəлім. Олар осы
мақсатпен түрмеден шығуға беттегенде бандиттер қоршап алады. Сол
арада екі жақтың қарама-қарсы атысы басталып кетеді...
— Біз ұзақ уақыт атыстық, — дейді Гриша Веренько,— біраз адамымыз
оққа ұшты. Біз де оларды өлтірген жоқпыз өйткені, олардың қолында айыр
мен тырнауыш, бізде винтовка!..
— Бір кезде,— дейді Гриша, — командиріміз Хасен Маназаров оққа
ұшып құлады. «Команданы мен алам!» деді Ізтөлин... Біз бандылармен
түрме қорғанының бір бұрышындағы мұнараға кіріп атыстық... Со кезде
қорғанның іш. жағынан да, сыртынан да қалың банды бізді қыспаққа алып
кетті. Олар өлгеніне қармай, мұнараның жан-жағынан қара құрттай


өрмелеп, шыға бастады... мұнараның ішіне кіре бастады... Сол кезде,
Ізтөлиннің «Жасасын революция!» деген саңқ еткен даусымен қабат,
наганный, да шаңқ еткен даусы қатар шықты... Өзін-өзі атқанын біле
қойдым... Əлдекім менің алдыма құлап түсті... «Ізтөлин болар» деген
сөзіммен оны құшақтай алдым... «Баймағамбет!» дедім мен... «Гриша,
хош!» деді ол... Одан əрі жауаптасуға уақыт жоқ... Көрдей қараңғы
мұнараның, ішіне лық толған бандылар «ұстаңдар!» деп арадай шулайды...
Кімді кім ұстап жатқанын жан білер емес... Осындай берекесіз ың -
жыңның ішінен мен қашып құтылдым,— дейді Гриша.
— Эх, Ізтөлин!.. Жақсы адам еді ол! — деп Веренько ауыр күрсініп
қояды...
Мен одан да ауыр күрсінем!.. Өйтпегенде ше!.. Өзімнің идеялық есу
жолымда зор міндетті адамның біреуі, көп қалтқысыз көңілмен жолдас
болған қымбатты досым, қанды көйлек жолдасым, партияның адал мүшесі,
құрметті Баймағамбет Ізтөлиннен айрылу оңай боп па!..
Жалғыз ол ма, менің айырылған жолдастарым?.. чон отряды құрылғанда,
барлық саны жеті жүзден астам коммунистерден, бандылар көтерілісі
біткенде екі жүзден аз-ақ астам коммунист қалды!.. Ауыл - селоларда өлген
коммунистер қанша!.. Мен олардың да талайын білем...
Қызылжарда 
құрбан 
болған 
коммунарларды 
жерлейтін 
шақта
госпитальдан мен де жазылып шықтым. Əр жерлерде өлген коммунарларды
жинасу жұмысына мен де араластым. Жиналатын орын,— Қызылжардың
өрт командасы тұратын ұзынша, кең, кірпіш сарай. Əрбір табылған өлікті
сарайға алып келу, ең кемінде бір жылдық өміріңді жойғандай болады,
өйткені, бір өліктің, де адам бейнесі сақталмаған: бандылар олардың кейін
күйдірген, кейбіреулерін бөлшектеп шапқылаған, біреулерін аралаған,
бəріне жуық,— бет-аузын танымасын дегендей,— бас сүйектерін қиратып,
сындырып тастаған!..
Советтік Россияда барлық тіректерінен айрылған қанаушы таптың
қалдықтары — бандиттердің хайуандық қимылдарының түрі осындай еді!..
Əліктерді жинаса жүре Оспайбай екеуміз Баймағамбетті де іздедік. Оны
таптық та... Сонда, оны кескінінен таныған жоқпыз, тек қана, үстінде
қалған жалғыз киімі,— ақ -шұбар ситсадан қазақша тіккен, өзімізге таныс
дамбалы мен оң жақ санында тізесінен жоғары біткен үлкен қара меңінен
таныдық. Бұл екі белгі, тайға. таңба басқандай, күдіксіз айқын белгілер...
Сонымен, Баймағамбеттің де өлгені күмəнсіз анықталды. Бұл, əрине,
халық үшін əсіресе, мен үшін, аса ауыр өлім!..
Бірер күннен кейін, бұл елімнің былай да ащы күйігі, жанымды одан да
ауыр жаралай түсті. Баймағамбеттің табылған денесін, өлген өзге
коммунарлардың арасына апарып, табытқа орналастырған мен, олар


көмілгенше, Баймағамбет өлең жазып жүретін қалың кінешкені тауып
алмақ болдым. Ойым — жергілікті орыс жəне қазақ газеттеріне оның
революциялық тақырыпта жазған өлеңдерін жариялау.
«Кінешке» дегенім, қалыңдығы екі елідей, ұзындығы екі қарыстай,
көлденеңі бір сүйемдей, қағаздары сапалы жəне қалың, əрбір қағазының оң
жақ беті ақ, сол жақ беті жазулы дəптер. Бұл, патша өкіметінің көзінде,
түндік 'басынан жиналатын раматшығынды төлеушілерге ауылдық
старшын беретін квитанцияның түбірі( корешок). Баймағамбетке бұны,
патша көзінде бірнеше жыл старшын болған əкесі Қанапия берген.
Менде де сондай бір кінешке бары, оқушыларға өткен тараулардан
мəлім. Баймағамбет те, мен де елеңдерімізді сол кінешкелерге жазамыз.
Екеуміздің кінешкеміздің форматы да, түсі де, түптелуі де бірдей. Тек қана,
айырмасы — Баймағамбет кінешкесіндегі қағаздардың сол жақ бетіндегі
бланкелер түгел толтырылып, квитанцияларға кімнен қай кезде қанша
рамат, шығын алынғаны жазылған; ал, менің кінешкемдегі бланкелер
толтырылмаған таза.
— Саған толтырылмаған кінешке түскен екен,— дейтін маған
Баймағамбет,— сондықтан, ол күнəсыз кінешке. Ал, менің кінешкемнің іші
бықып тұрған күнə.
— Неге?
— Бұл өзі ең алдымен, 1915 жылы төленген раматшығынның кінешкесі.
Ол, халыққа ауыртпалықты үдете жүктеген жыл,— империалистік
соғыстың аса ауыр жылы. Сол жылы біздің Аққусақ болысында, үшінші
номерлі ауылнайға старшын болған əкемнің кімнен не шығын алғаны осы
кінешкеде айқын көрініп тұр...
— Міне, қарашы өзін,! — деп Баймағамбет шығын төленген
квитанцияларды маған ақтарып көрсетеді де, шығынның əділетсіз
жиналғанын оның ауыртпалығын кедейлер көтергенін, байлардың көбі
шығын төлемегенін конкретті цифрлармен дəлелдеп береді.
— Бұл кінешке,— дейді ол, түгел ақтарып болғаннан кейін,— жай ғана
кінешке емес, барып тұрған тарих. Менің өлеңдеріме де бұл кінешке көп
азық береді. Заман тынышталып, жайымызға келгеннен кейін, бұл
кінешкенің материалдарынан мен əлі көп нəрсе жазам. Мұнда талай
трагедиялық та, комедиялық та, драмалық та тақырыптар бар...
Көтеріліс шыққаннан кейін, осы кінешкені Баймағамбет, менің көзімше,
сенімді дейтін бір таныс үйіне апарып тыққан. Мен де кінешкемді өзім
сенетін бір үйге жасырғам.
Баймағамбеттің өлігін тапқаннан кейін, мен оның кінешкесін іздеп
барсам, тыққан үйі отқа жағып жіберіпті.


— Неге жақтыңдар?— десем:
— Бандылар үйді-үйге тінту жасады, солар тауып ап жазаға тартады
екен деп қорықтық,— дейді.
Амал нешік!.. Бұл уақиға маған Баймағамбеттің өлімінен кем батқан
жоқ. Өйтпегенде ше?
Бүкіл қазақ совет əдебиетінде, Октябрь революциясы туралы, советтік
құрылыс туралы Сəкен Сейфуллинге ілесе өлең жазған адам Баймағамбет
екені, жоғарырақ мысалға келтірген оның өлеңінен көрініп тұр. Одан кейін
де ол революциялық, советтік темаға талай өлеңдер жазған, орыстың
революциялық поэзиясынан талай өлеңдерді аударған.
Сол көздің өзінде ол сауатты, мəдениетті ақын болатын. Оның саяси
жағынан да, көркемдік жағынан да жақсы жазылған өлеңдерін оқығанда,
мен өз өлеңдерімнің біразынан қорланатынмын. Маған Баймағамбет
революциялық жəне советтік темада, қазақ əдебиетінің бастаушысы, іргесін
қалап, қабырғасын өсірушісі көрінетін...
Сондай өлеңдердің бəрі отқа күйсе, жан оған ашымағанда қайда
ашиды...
Сонымен, Баймағамбетпен бірге ақын да өлді!.. Ол жазған көп өлеңнің,
кейін азғантай сімілтірі ғана табылды.
Жиналған еліктер ерт сарайына сыймады. Сондықтан, оларды жерлеуге
тағайындалған комиссия, əр коммунарды жеке табытқа салды да,
табыттарды текшелеп бірінің үстіне бірін үйді... Биіктігі сарайдың төбесіне
таянған бұл текшелер, өліктер жиналып болған кезде кең залға əрең
сыйды...
Өліктерді жерлеу күні қалада болған қайғылы халді адам сипаттап та
болмас еді, жəне ол ауыр сипаттың бұл арада оқушыларға керегі де жоқ...
Қаланы басына көтерген қалың у-шу жылаудың ішінде əркім өз
туыстарын, достарын, таныстарын көтеріп алып шығу қамында болды..
Мен Ізтөлиннің табытын көтерісіп шықтым!..
Қызылжардың орта тұсындағы кең алапқа, қазылған туысқандық кей
қабырға, коммунарлардың табыттары текшелене қатар қойылды да, сүйген
жерлерінің топырағымен беттері біртегіс жабылды. Басқа сөзге аузы
келмеген жақындарының тек қана айтқаны «Қ-о-о-ош!!.»
Мен де жасқа булыққан үнмен осы сөзді қайталай бердім!..
Содан бері, Қызылжарға қай мезгілде барсам да, осы құрметті
туысқандық қабырды айналып өтпейтін күнім болмайды... жəне, неге
екенін білмеймін, əрбір айналған сайын сондағы сөзімді қайталап, «қош!..»


деймін мен...
Ия, қош қадірлі жолдастар!.. Сендердің арман еткен істерің, өздерің
сүйген коммунистік партияның басшылығымен, күн сайын кеңи,
жоғарылай, жарқырап жайнай іске асуда!..
Топырақтарың торқа болулы, қадірлі коммунарлар!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   90   91   92   93   94   95   96   97   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет