Өмірзақ айтбайұлы



Pdf көрінісі
бет7/27
Дата05.02.2017
өлшемі1,46 Mb.
#3428
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   27

«тіл ҮШіН КҮрЕС – 
тӘУЕлСізДіК ҮШіН КҮрЕС»
(Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына – 20 жыл)
–  Қадірлі  Өмірзақ  Айтбайұлы!  Үстіміздегі  жыл  әлеу- 
меттік-мәдени өмірімізде, Тәуелсіздік тарихында айрықша 
орын алатын түрі бар. Мұның басты себебі – ана тіліміздің 
мемлекеттік  тіл  мәртебесін  иеленгеніне  20  жыл  толып 
отыр. Дәлірек айтсақ, 1989 жылы қыркүйектің 22-сі күні 
тұңғыш  «Тіл  туралы»  Заң  қабылданған  болатын.  Бұған 
қоса  Өзіңіз  жетекшілік  етіп  келе  жатқан  Халықаралық 
«Қазақ  тілі»  қоғамының  құрылғанына  да  20  жыл…  Және 
бұл  екі  оқиғаның  егіз,  өзара  тығыз  байланысты  екені  де 
мәлім. Ендеше осынау екі бірдей ерекше атаулы күн – мереке 
мемлекет  тарапынан  да,  сіздер  тарапынан  да  ескерусіз 
қалмайтын шығар…

84
  –  Әрине,  бұл  жиырма  жылдықтың  ел  тарихындағы 
елеулі  оқиға  екені  рас.  Сөз  жоқ,  бұл  күн  –  қыркүйектің 
22-сі  –  ұлт  өміріндегі  Ұлы  күн.  Мұны  елеусіз  қалдыруға 
болмайды, кімнің тарапынан болса да. Өйткені мемлекеттік 
тіл  барлық  мемлекет  мүшесіне,  қазақстандықтарға  ортақ. 
Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал халық, оның тілі – мәңгілік. 
Дағдарысты  сылтау  етіп,  тілімізді  төрге  шығара  алмасақ, 
басқа істеріміздің барлығының да мәні шамалы. 
Қазақ  тілінің  қалай  мемлекеттік  тіл  мәртебесін  алғаны 
күні бүгінгідей көз алдымызда. Ол оңайлықпен келген жоқ. 
Талай  айқас,  тіпті  рухани  шайқас  болды.  Өйткені  тілдің 
тағдыры – қазақтың тағдыры еді. Тегеурінді қарсылықтарға 
да ұшырастық. Әйтеуір, түбі қайыр. Қазақ тілі мемлекеттік 
мәртебе алды. Әлі бодан ел кезімізде, міне, сондықтан бұл 
жеңіс бізге қымбат. Енді алдымызда сол жетістікті баянды 
ету, іске асыру міндеті тұрды. Бұған қоса елдің көңіл күйі 
де, рухы да түлеп, үлкен қозғалысты қажет етті. Сол жылы 
академик  Әбдуәли  Қайдардың  бастамасымен  «Қазақ  тілі» 
қоғамы құрылған еді. 
Содан  бері  тіл  майданында  толассыз  күрес  жүргізіп 
келе  жатқан  «Қазақ  тілі»  қоғамына  да  биыл  20  жыл 
толайын деп отыр. Осыған орай мен Елбасының атына хат 
жолдаған едім. Маусым айында Елбасының тапсырмасымен 
мені  Мемлекеттік  хатшы  Қанат  Саудабаев  қабылдап, 
осы  мәселелерді  жан-жақты  талқыладық.  Қанат  мырза 
Елбасының ана тілімізге ықыласының ерекше екендігін және 
атаулы күндерді тиісті деңгейде атап өтуге қолдау білдіретінін 
жеткізді. Әлбетте, бұл шара аясында ат шаптырып, аста-төк 
ас  берілмейді.  Мәнді,  мағыналы  шаралармен  шектелген 
жөн  деп  білеміз.  Сөйтіп,  біз  Қанат  Бекмырзаұлымен  биыл 
күзге  салым  Астана  қаласында  тіліміздің  мемлекеттік 
мәртебе  алғанына  20  жыл  толуына  орай  республикалық 
конференция өткізбек болып бәтуаластық. Мұны Мәдениет 
және  ақпарат  министрі,  қайраткер  азамат  Мұхтар  Құл-
Мұхаммед  мырза  да  қызу  қуаттап,  конференцияның  бүкіл 
ұйымдастыру,  өткізу  міндеттерін  өз  мойындарына  алып 
отыр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 20 жылдығына 

85
арналған  конференция  Астана  қаласында  биылғы  жылдың 
22 қыркүйегінде өтеді. 
– Ұстаздар туралы әйгілі әнде: «Қалдырған ізің мәңгілік, 
жадымда тұрар жаңғырып…» демей ме? Жасырып-жабары 
жоқ,  «Қазақ  тілі»  қоғамы  да  20  жыл  бойы  туған  тіліміз 
жөнінен  халықтың  ұстазы  болды.  Қазақстандықтардың 
мұғалімі.  Ендеше  Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамы 
ұрпақтан ұрпаққа ұласар қандай іздер қалдырды? Дәлірек 
айтсақ, не бітірді?!
–  Халықтың  ұстазы  болды  деу  асыра  бағалағандық  деп 
білемін.  Зиялыларымыздың  кейбір  тобы  осылай  бағалап 
жатса, оған рахмет. Бәрібір өзімізге-өзіміз баға беру қиындау 
дүние. Осы орайда Қоғамның ІІ құрылтайында сөз сөйлеген 
белгілі  ғалым,  профессор  Кеңесбай  Мұсаевтың  пікірін 
келтіргенді  жөн  көріп  отырмын.  Ол:  «Осы  уақыт  ішінде 
Қоғамның  тындырған  ең  үлкен  жетістіктері  не  дегенде  –  
Қоғам қазақтың қазақтығын дамытатын қоғам екенін дәлел- 
деуі  дер  едім.  Екіншіден,  қоғам  қазақтардың  ертеңге  сені- 
мін  арттырды.  Үшіншіден,  ұлтшылдық  қорқынышынан 
құтқарды,  соны  әлсіретуге  көп  көмектесті»,  –  деп  пікір 
білдірген  еді.  Бұл  пікірдің  орындылығын  уақыттың  өзі 
көрсетіп отыр ғой деп ойлаймын. 
Елдің санасын оятуда, ұлттық рухты көтеруде баспасөздің 
ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыған байланысты біздің 
де  әуелгі  қолға  алғанымыз  баспасөз  болды.  1990  жылғы 
наурыздың 22-сінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының 
үні  ретінде  өмірге  келген  «Ана  тілі»  атты  үнқағазымыз 
содан  бергі  аралықта  республикамыздағы  таралу  мөлшері 
көп  беделді  басылымдардың  қатарына  шықты.  Бүгінде 
«Ана тілі» мемлекеттік басылымға айналғанынан баршаңыз 
хабардарсыздар,  газеттің  құрылтайшыларының  қатарында 
Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамымен  қатар  Қазақстан 
Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі бар. 
Құрылтайшылар  қатары  өзгергенімен,  «Ана  тілі»  өзінің 
өзекті тақырыбы, негізгі нысаны – тіл мәселесі деп танып, 
бұл  бағытта  елеулі  дүниелер  жариялаудан  танбай  келеді. 
Тіл тағдырын ту етіп отырған бұл басылымды кешегі Ахмет 

86
Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің рухани жалғасы 
деп айтуға әбден болады. Бұдан бөлек «Қазақ тілі» қоғамының 
жер-жердегі ұйымдары мен бөлімшелері шығарған мерзімдік 
ақпарат құралдарының саны 30-дан асып кетеді. Бұлардың 
бәрі де қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық жадымызды 
жаңғыртуда елеулі қызметтер атқарғаны ақиқат.
Жалпы қазақ тілінің 1989 жылы мемлекеттік тіл мәрте- 
бесін  алуы,  «Қазақ  тілі»  қоғамының  құрылуы  қоғамдық 
пікірге айрықша ықпал беріп, ұлттық сананың дүр сілкінуі ел 
тәуелсіздігіне алып келді десек, артық айтқандық болмайды 
деп білеміз.
Дүниежүзі  қазақтарының  Құрылтайын  өткізу  идеясын 
көтергендердің  бірі  –  «Қазақ  тілі»  қоғамы  болатын.  Өзге 
қоғамдық ұйымдармен бірге мұны ұйымдастырудың басы-
қасында «Қазақ тілі» қоғамы жүрді. 
Сол кезеңдерден бері толассыз жүргізіліп келе жатқан тіл 
майданы әлі тоқтаған жоқ. Тілге байланысты қабылданған әрбір 
құжаттың  астарында  осындай  күрестер  ізі  жатыр.  Өйткені 
тәуелсіздіктің басты шарттарының бірі – тіл тәуелсіздігі деп 
білеміз. 
– Тағы да ақиқат, үлкен шындық деп ойлаймыз: алғашқы 
жылдары  бұқара  түгіл  биліктегілер  де  «Қазақ  тілі» 
қоғамымен қатты санасты. Бесіктен белі шыққан баладан 
бастап 60-тан асқан ақсақалға дейін, қатардағы педагогтен 
Президентке дейін қоғам жұмысына қатысып, көмектесті. 
Тіпті  шетелдердегі  қазақтар  да  бастауыш  ұйым  құрып, 
бізді  қоғамдық  мүшелікке  алыңдар  деп  жатты…  Ақыр 
соңында Тіл комитеті тұсау кесті.
–  Дұрыс  айтасыз.  Қоғам  қызметінің  алғашқы  жылдары 
ерекше  қарқынды  әрі  қызу  болды.  Еліміздің  бүкіл 
аймақтарын, тіпті шалғайдағы ауылдардың өзін де қамтыды. 
Көптеген  өндірістік  кәсіпорындар  да  бұл  елдік  істен  шет 
қалмады.  Қазақ  халқы  бұл  Қоғамға  айрықша  үміт  артты. 
Тәуелсіздіктің  тірегіндей  көрді.  Қауымдасып  мүше  болды, 
тілеулестік  танытты,  демеушілік  көрсетті.  Өз  беттерінше 
бастама  көтеріп,  жергілікті  ұйымдар  мен  бөлімшелерді 
ашты. Ел қамы дегенде жалтақтамайтын, саясаттың ығына 

87
жығылмайтын, осы жолда жаным пида деп бастаушы бола 
алатын  нағыз  көсем  табылса,  жұмылып  қолдауға  дайын 
екендіктерін көрсетті. Соның дәлелі ретінде Өзбекстанның 
Тамды ауданынан келген мына бір хатты келтіре кетейін: 
«қазақ тілі» қоғамының президенті 
академик Ә.т. қайдаровқа
Құрметті президент!
Өткен  айда  қазақ  тілін  және  Қазақстанда  тұратын 
басқа  да  халықтардың  тілдерін  дамытуға  жәрдемдесуге 
тиісті  қоғамның  құрылтай  съезінің  материалдарын  басқа 
республикада тұрсақ та қалдырмай оқып жүрміз. 
Қоғамның бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – жеткіншек 
ұрпақты ұлт тілдерінде оқытудың комплексті жүйесін жасау 
екенін  білдік.  Мәлім  болып  отырғанындай,  алғашында 
қоғамды «Ана тілі» деп атау ұсынылған болатын. Құрылтай 
жиналысында  көпшілік  дауыспен  қоғам  «Қазақ  тілі»  деп 
аталыпты. Оның өзге міндеттерінің арасында республикадан 
тысқары жерлерде тұратын қазақтардың өзіндік ерекшелігін 
сақтау  міндетінің  көрсетілуі  бізді,  Өзбекстанға  қарасты 
Бұхара  облысының  Тамды  ауданында  тұратын  қазақтарды 
да, шексіз қуанышқа бөледі.  
Ауданымыздағы  барлық  мектептер  Қазақ  ССР-нің  жос- 
пары  және  программасымен  жүргізіледі.  Біз  ана  тіліміз  – 
қазақ  тілі  мен  қазақ  әдебиетін  үйренуді  өзіміздің  қасиетті 
міндетіміз, абзал борышымыз деп білеміз. 
Біз  Қазақстанда  ұйымдасқан  «Қазақ  тілі»  қоғамына  мүше 
болғымыз,  «Қазақ  тілі»  қоғамының  бөлімшесін  ұйымдасты- 
рғымыз  келеді.  Біздің  Бұхара  облысында  бір  ғана  Тамды 
ауданы  емес,  қазақтар  жасайтын  Канимех  және  Үшқұдық 
аудандары  бар.  Осы  үш  ауданнан  біріктіріліп  «Қазақ  тілі» 
қоғамының бөлімшесін ұйымдастыру керек пе, әлде әр аудан 
өзінше ұйымдастыруы керек пе, бізге жол-жорық керек болып 
тұр.  Сонымен  бірге  егер  «Қазақ  тілі»  қоғамының  бөлімшесі 
ұйымдасқан  күнде  ол  нелерді  істеуі  тиіс,  қандай  міндеттерді 
атқару керек, осыларды бізге жаздыртып жіберуді өтінер едік. 

88
Сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамының ереже, уставын алсақ, өте 
орынды болар еді.
Біздің адресіміз: Өзбек ССР-ы, 
Бұхара облысы, Тамды ауданы. Микроаудан, үй № 2. 
Біз  төменде  өзімізді  Қазақстанда  ұйымдасқан  «Қазақ 
тілі»  қоғамының  Тамды  бөлімшесінің  алғашқы  мүшелері 
деп есептеп қол қоямыз». 
Сондай-ақ  Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамын  мемле- 
кеттік  деңгейдегі  аса  ауқымды  істі  қолға  алған  іргелі, 
көп  тармақты  қоғамдық  ұйым  деуге  де  болатыны  анық. 
Өйткені Қоғамның жарғысын алғаш Қазақ ССР Министрлер 
Советінің  төрағасы  бекітті.  Бастапқы  жылдары,  атап  айт- 
қанда, 1993 жылға дейін мемлекеттік бюджеттен қаржылан- 
дырылып келді. Қоғамға «Тіл туралы» Заң мен мемлекеттік 
бағдарламаны  іске  асыру  міндеті  артылды.  Алайда  Қоғам 
арнайы  ресми  мемлекеттік  мекеме  болмағандықтан,  бұл 
міндетті  ойдағыдай  атқаруы  мүмкін  емес  еді.  Бұл  іс 
кейіннен  Қоғамның  ұсынысы  бойынша  құрылған  Тіл 
комитетіне  жүктелді.  Мұның  өзі  «Тіл  туралы»  арнайы  Заң 
қабылдағанымен, тіл саясатын тиянақты, жүйелі жүргізуге 
тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміздің өзі дайын 
болмағандығын  немесе  мүмкіндігінің  шектеулі  екендігін 
көрсетеді. Соның салдарынан еліміздің тіл саясаты белгілі 
бір  уақытқа  дейін  ғылыми  түрде  негізделместен,  сол 
тұста  қоғамда  орын  алған  ахуалға  орай  стихиялы  түрде 
жүргізілді. Тіл комитеті ашылғаннан кейін барлық облыста 
тіл  басқармалары  құрылды.  Бұл  шаралар  мемлекеттік  тіл 
саясатының пәрменді жүргізілуіне айтарлықтай серпін беріп 
отырғанын ашып айтуға тиіспіз. 
Қоғам тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің 
тіл жоқшысы, бірден-бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп 
отырды.
–  Қоғамның  өзінің  қоймай  сұрауы,  табандылықпен 
көтеруі  арқасында  Тіл  комитеті  құрылып,  қалыптасты. 
Қазір  күллі  елімізде  мемлекеттік  тілге  қатысты  жүйелі 
жұмыс  жүріп  жатыр.  Ендеше  осы  арқылы  «Қазақ  тілі» 

89
қоғамы  тарихи  міндетін  атқарып,  бүгінгі  таңда  керегі 
шамалы болып қалған жоқ па?
–  Мұндай  пікірді  естімей  жүрген  жоқпыз.  Егер 
Қазақстанның  барша  азаматы  қазақ  тілінде  сөйлеп,  ана 
тіліміз  өз  деңгейіне  сай  биігіне  көтеріліп,  «Қазақ  тілі» 
қоғамы қажетсіз болып қалатын болса, мен қуанатын едім. 
Бірақ қазақ тілінің жай-күйі қандай деңгейде екендігін өзіңіз 
де  көріп-біліп  жүрсіз  ғой.  Мен  сізге  бір  мысал  келтірейін. 
Біз 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрайын деп жатқанда, 
«Эстон тілі» қоғамы өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатты. 
Ал  Ататүрік  негізін  қалаған  «Түрік  тілі»  қоғамы  әлі  күнге 
қызмет етіп, Түркия мемлекетінің ұлттық идеологиясының 
ошағына  айналып  отыр.  Ал  биыл  құрылғанына  20  жыл 
толып  отырған  «Қазақ  тілі»  қоғамы  қажет  пе,  қажет  емес 
пе?»  деген  мәселенің  күн  тәртібіне  қойылуы  әлі  ерте  деп 
білемін.  Сондай-ақ  елімізде  осыншалық  уақыт  қызметін 
жалғастырып  келе  жатқан  қоғамдық  ұйым  жоқтың  қасы. 
«Қазақ тілі» қоғамының осы уақыт аралығында бағдарынан 
ауытқымай, өз қызметін қалыпты түрде жалғастырып келе 
жатуы ұстанған бағыты мен іс-әрекетінің оң екендігін тағы 
да бір дәлелдей түспей ме?!
Базбір  ағайындарымыз  көбіне  мемлекеттік  сектор  мен 
үшінші  (қоғамдық)  сектордың  аражігін  ажырата  алмайды 
ғой  деймін.  Нақтырақ  айтатын  болсақ,  үкіметтік  емес 
ұйымдардың міндеті қоғамда қордаланып қалған мәселелерге 
жұртшылықтың,  тиісті  органдардың  назарын  аударту, 
қозғау салу, қоғамдық пікір қалыптастыру, ұсыныстар беру, 
мемлекеттік  мекемелердің  қызметіне  қоғамдық  бақылау 
орнату. Осыған орай «Қазақ тілі» қоғамы да өз Жарғысында 
көзделген міндеттерін тиісінше атқарып келеді. 
–  Сонда  «Қазақ  тілі»  қоғамының  қазіргі  ахуалы 
қандай?  Нақты  жұмыс  істеп  жатқан  қандай  жергілікті 
ұйымдарыңыз бар?
–  Ашығын  айтсам,  «Қазақ  тілі»  қоғамының  қазіргі 
жағдайы  кісі  қызығарлықтай  емес.  1993  жылдан  бастап 
мемлекет  тарапынан  қаржыландыру  тоқтағаннан  кейін  өз 
күнімізді өзіміз көруге тырысып келеміз. Жекелеген ұлтшыл 

90
азаматтардың  демеушілігі,  ірі  компаниялардың  гранттық 
жобаларын  атқару  арқылы  өзімізді-өзіміз  қаржыландырып 
отырған  жайымыз  бар.  Жеке  баспанаға  әлі  де  қол  жеткізе 
алмадық.  Кезінде  Алматы  қаласының  әкімі  болып  тұрған 
кезде марқұм З. Нұрқаділов қалалық әкімдіктің бір бөлмесін 
ақысыз қоныстануға берген болатын. Қазір де қала әкімдігінің 
қамқорлығындамыз. 
Ал  жергілікті  ұйымдарымызға  келетін  болсақ, 
Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамының  орталық  аппараты 
тарапынан оларға моральдық қолдау болмаса, материалдық 
тұрғыдан  жәрдемдесіп  отырған  жоқпыз.  Олар  да  өздері  өз 
күндерін көруде. Ал бүгінгі таңда да белсенді қызмет етіп 
жатқандарының  қатарында  Батыс  Қазақстан,  Павлодар, 
Ақтөбе,  Маңғыстау,  Шығыс  Қазақстан  облыстық 
филиалдарын,  Байқоңыр  қалалық  «Қазақ  тілі»  қоғамын 
атауға болады. 
– Айналып келгенде Қоғамның да, үкіметтік орындардың 
да  көздегені  –  бір  мақсат,  илегені  –  бір  терінің  пұшпағы. 
Ол – Қазақ Елін шынайы демократиялық, құқықтық, белді, 
бәсекеге  қабілетті  елдің  қатарына  қосып  қана  қоймай, 
күшті,  мәдениетті,  көшбасшы  ел  болдыру.  Ал  қазіргі 
дамыған, тіпті үлгі-өнеге болып отырған елдерге бақсақ – 
оларда  мемлекеттік  тіл  мәртебесі  деген  мәселе  жоқ. 
Бірден дау-дамайсыз шешілген…. Мектебі де, мәдениеті де 
ұлттық, ұлағатты…
– Әрине, Сіз айтқандай жағдайға жетсек, қанекей. Алайда 
біздегі  өмірлік  шындықтың,  қол  жеткен  деңгей-өрісіміздің 
жайы  бәрімізге  белгілі  ғой.  Десек  те,  қазақ  тілінің  өрісін 
кеңейту  жолындағы  мемлекетіміздің  атқарып  келе  жатқан 
істеріне  көз  жұмып  қарасақ,  бұнымыз  «көрмес  түйені  де 
көрместің» керін келтіргендік болар еді. Сондықтан да әрбір 
іске, әрқандай әрекетке баға бергенде, әділеттің ақ жолынан 
ауытқымағанымыз орынды. 
Қазақ  тілінің  қолданылу  аясын  кеңейту  үшін  еліміз 
не  атқарып  келе  жатыр  дегенге  келсек,  мемлекеттік  тіл 
мәртебесіне  ие  болған  қазақ  тілінің  мәселесі  Елбасының 
назарынан  ешқашан  тыс  қалып  көрген  жоқ.  Мысалы,  ана 

91
тілімізді  ардақтау  мақсатында  17  жылдың  ішінде  Елбасы 
5  жарлық,  3  өкімге  қол  қойса,  Үкімет  мемлекеттік  тілді 
өркендету тұрғысында 22 қаулы қабылдапты. Арнайы Заң, 
Мемлекеттік  бағдарлама  бар.  Тіл  комитеті,  облыстық  тіл 
басқармалары  қызмет  етуде.  Тәуелсіздік  алған  18  жылдың 
ішінде  елімізде  883  қазақ  мектебі  ашылыпты.  Аралас 
мектептерді санамағанда, еліміздегі барлығы 7 721 мектептің 
ішіндегі 3 788 мектеп таза қазақ тілінде білім береді екен. 
Бұдан бөлек елімізде қазақ тілінің оқыту жүйесін жетілдіру 
мақсатында  16  аймақтық,  15  қалалық,  аудандық  тіл  орта- 
лықтары  ашылған.  Елбасы  бұндай  оқу  орталықтарының 
санын  150-ге  жеткізуді  тапсырды.  2005  жылы  мемлекеттік 
тілді  дамытуға  бөлінген  қаржы  мен  бүгінгі  қаржыны 
салыстырып  қарасақ,  арасы  жер  мен  көктей.  2005  жылы 
133 миллион қаржы бөлінсе, 2008 жылы мемлекеттік тілді 
дамытуға  5  миллиардқа  жуық  қаржы  бөлінген  екен.  Міне, 
осының өзінен-ақ көп жағдайды аңғаруға болады. 
Мұның  бәрін  айтып  отырғаным,  қалай  болғанда  да 
ілгерілеушіліктердің  бар  екендігін  көрсету.  Дегенмен, 
бұлар  –мүмкіндіктерімізге  қарағанда,  құқықтық  тұрғыдан 
келгенде  тіпті  де  аз,  қанағат  емес.  Оның  үстіне  қазақта 
«Жыламаған  балаға  емшек  бермейді»  деген  сөз  бар.  Қол 
жеткен нәтижелеріміз тілім, елім деген асыл азаматтардың 
намысқа  шауып,  жан-жақтан  тіл  мәселесін  тұрақты  көте- 
руінің,  табандылық  танытуының,  мәселені  Елбасының 
түсіністікпен  қабылдауының  арқасы.  Қазір  айтуға  оңай. 
Әрбір  қазақ  мектебін  ашу,  қазақ  тілін  мемлекеттік  тіл  ету 
қаншалықты күшке түскені жұртшылықтың жадынан шыға 
қоймаған болар. Бұл бағыттағы істерді тоқтатуға болмайды. 
Жалпы  еліміз  тіл  мәселесіне  қатысты  асығыс,  үстірт 
шешімдер  қабылдамай,  алысқа,  болашаққа  бағытталған 
салмақты  саясат  ұстанып  келеді.  Елбасының  ұлт,  ел 
тағдырына  қатысты  қабылдаған  кейбір  соны  шешімдерін 
жұртшылық  бастапқыда  байыбына  бара  алмай,  тосырқап 
қабылдағанымен, жылдар өткеннен кейін оның дұрыстығына 
көздері  жетуде.  Мұның  бәрі  де  уақыт  өте  келе  өз  жемісін 
беріп жатыр. 

92
– Соңғы жылдары «Қазақ тілі» қоғамының ықпалы әлсіреп, 
көзге түспей қалуына тіл сардарлары мен сарбаздарының өз- 
дері кінәлі емес пе?! Атап айтқанда, тіл проблемасы әлі де шаш 
етектен болса, Қоғам онда Мемлекеттік тіл бағдарламасы- 
ның  орындалуын  тексерумен  неге  шұғылданбайды.  Басқа  да 
күн  тәртібінде  тұрған  осындай  өзекті,  өткір  мәселелер 
жеткілікті емес пе?!
– Жасыратыны жоқ, Қоғам жұмысының бәсеңдегені рас. 
Қазақта «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сөз бар. 
Айбынбай теңдік сұрау үшін де Қоғамның ешнәрсеге мұқтаж, 
ешкімге кіріптар болмауы шарт. Әрине, бұл шартыңды біреу 
келіп  толтырып  бермейді.  Және  осы  Қоғамды  қайтсең  де 
ұстап тұр, оның жұмысын жүргіз деп зорлап отырған да жан 
жоқ. Сондықтан өзгеге өкпе арту, міндетсу, кінәлау орынсыз 
деп білемін. 
Қарапайым мысалмен айтсақ, айдын көлді жел тербемей, 
үнемі бірқалыпты, орнықты күйінде тұра берсе – борсиды, 
жан-жақтан  өзендер  келіп  құйып  тұрмаса  –  сарқылады. 
Осыған  бақсақ,  Қоғам  ісіне  өзіндік  ойы  бар,  пікірлі,  істің 
көзін білетін жандарды тарту, жігерлі жастарды топтастыру 
қажеттігі білініп тұр. Алда болатын кезекті құрылтайымызда 
осы мәселелерді жан-жақты қарастырмақпыз. 
Және  бір  айтарымыз  –  біздің  тікелей  тексеріп,  шара 
қабылдауға  құқымыз  бар  ма?  Алдағы  уақытта  мұның  да 
жолын тауып, тетігін қарастыруды ойластырамыз… 
–  Бір  бүтіннің  екіге  жарылуы  –  қашанда  жөнсіз  ғана 
емес,  жеміссіз.  Ал  мұның  өзі  қоғамдық  тұрғыдан  болса, 
қауіпті. Айталық, бүгінгі күні бізде билік өз алдына, бұқара 
өз алдына. Әйтпесе ұлттың екіге бөлінуі – таза қазақтар, 
шала  қазақтар;  қазақ  тілді  қазақтар  және  орыс  тілді 
қазақтар…  Бұған  қандай  ем  бар,  тығырықтан  шығар 
қандай жол бар деп ойлайсыз?!
–  Сіз  қоғамда  қалыптасқан  нақты  жағдайды,  қазақ 
қоғамының дертін айтып отырсыз. Қандай бір дерт болсын 
оның емі болатыны сөзсіз. Ол үшін дерттің пайда болу көзін, 
негізгі себептерін анықтап алуымыз қажет. Назарды салдарға 
емес, себепке аударғанымыз абзал. Ал біздің қазіргі әреке- 

93
тіміз – көбіне салдармен күреске жұмылдырылған. Әрекеті- 
міздің нәтижесіз болатынының бір сыры да осында. Мұның 
басты  себебі  қазақ  тілінің  болашағына  сенбеушіліктен 
туындап  жатыр.  Егер  қазақ  тілінің  болашағына  нық  сенім 
болатын болса, Қазақстанның барлық азаматы өз ұрпағының 
қазақ  балабақшасында  тәрбиеленіп,  қазақ  тілінде  білім 
алуына мүдделі болар еді. Ондай сенім өзге ұлт өкілдері мен 
орыс тілді қазақтарды былай қойғанда, қазақ тілді қауымның 
өзінде де кемдеу. 
Есіңізде  болса,  тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарында 
елдің  қазақ  тіліне  деген  талпынысы  қандай  еді.  Тіпті  өзге 
ұлт  өкілдерінің  өзі  балаларын  жаппай  қазақ  мектептеріне 
бере бастап еді ғой. Қарамановтың әйгілі қаулысы, Консти- 
туциямызға  орыс  тіліне  қатысты  енгізілген  бап  жұртшы- 
лықтың  көңілін  су  сепкендей  басқан  жоқ  па?!  Бұл  жағдай 
көп адамның қазақ тілінен теріс айналуына алып келді. Біз 
соның зардабын әлі тартып жатырмыз. 
Сондықтан  мәселені  Конституцияның  7-бабын  қайта 
қарау  қажет  деп  төтесінен  қоятын  кез  жетті.  Мемлекеттің 
өзі мемлекеттік тілге қатысты заң талабын орындамағаннан 
кейін, қарапайым халықтан не сұрайсыз?! Заңды ең алдымен 
заң шығаратын орынның өзі орындауы керек. 
–  Бүгінгі  жастар  –  болашағымыз.  Міне,  сол  жастар 
мемлекеттік тілді қаншалықты игерген? Әсіресе балалар- 
дың, тіпті бөбектердің тілді білуі нешік?!
–  Шындығын  айтсам,  қолымда  жастардың  тілді  білу 
деңгейлеріне  қатысты  нақты  дерек  жоқ.  Шамалап  айтатын 
болсам, қазақ мектептеріне баратын жастардың үлес салмағы 
жылдан-жылға артып келеді. Алайда үлкен қалалардағы қазақ 
мектептерінің үлесі әлі де аз. Мысалы, Алматы қаласында 
қазақ  мектептері  қаладағы  орыс  тілді  мектептермен  сан 
жағынан  әлі  де  теңесе  алмай  келеді.  Осыған  байланысты 
біз 2007 жылы арнайы зерттеу жүргіздік. Алматы қалалық 
Білім департаментінің осы жылғы берген мәліметі бойынша, 
Алматы қаласында барлығы 174 мектеп бар. Оның ішінде: 
қазақ мектебі – 38; орыс мектебі – 89; аралас мектеп – 44; 
ұйғыр мектебі – 3.

94
Алматы қаласы бойынша жалпы оқушылар саны – 161 145 
те,  қазақ  балаларының  жалпы  саны  –  92 905.  Енді  қазақ 
балаларының мектептердегі үлес салмағына назар аударайық: 
қазақ мектептеріндегі қазақ балаларының жалпы саны – 38 415; 
орыс мектептеріндегі қазақ балаларының жалпы саны – 30 739; 
аралас мектептердегі қазақ балаларының жалпы саны – 23 751.
Бұл  орайда  аралас  мектептердегі  қазақ  балаларының 
барлығы  бірдей  қазақ  сыныбында  оқымайтынын  ескеру 
керек. 
Келтірілген деректер қазақ балаларының басым бөлігінің 
орыс  мектептерінде  білім  алып  жатқандығын  көрсетеді. 
Оның  үстіне  қаладағы  қазақ  мектептері  өте  аз.  Оқушылар 
сыймай,  екі-үш  ауысыммен  оқуда.  Жылына  екі  мектептен 
салып  отырған  күннің  өзінде  қазақ  мектептерінің  санын 
ұлғайту  мүмкін  емес.  Ал  орыс  тілді  мектептердегі  жағдай 
бұған  керісінше.  Қалада  орыс  мектептері  көп  әрі  онда 
оқитын оқушылардың саны да мектептің сыйымдылығына 
сәйкес  емес.  Атап  айтқанда,  оқушылар  мектепке  толмай 
жатыр. Сондықтан қазақ тілді мектептердің санын көбейту 
үшін кейбір орыс тілінде білім беретін мектептерді біріктіре 
отырып,  соның  есебінен  қазақ  мектептерін  ашу  қажет. 
Сонымен  қатар  орыс  мектептерінің  көпшілігін  аралас 
(қазақ-орыс)  мектептерге  ауыстырып,  басшысын  ұлтқа 
жаны  ашитын,  білікті  қазақ  азаматтарынан  тағайындау 
керек.  Өйткені  орыс  мектептерінің  70-80  пайызын  қазақ 
балалары  толықтырып  отыр.  Мұның  сыртында  түркі 
тілдес  халықтардың  балаларын  былай  қойғанда,  еліміздегі 
барлық  өзге  ұлт  өкілдерінің  балалары  да  түгелімен  орыс 
мектептерінде  оқып  жүр.  Аралас  мектеп  ашылса,  олардың 
да  көпшілігінің  қазақ  сыныптарына  баратындығына  сөз 
жоқ. Сөйтіп, аралас мектептерді бірте-бірте қазақ мектебіне 
айналдыру қажет. Ал еліміздегі өзге ұлт өкілдері балаларының 
ұлттық тілдерін оқыту жайына келсек, бұл мәселенің кезінде 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен ұлттық 
мәдени  орталықтар  жанынан  жексенбілік  оқу  курстарын 
ұйымдастыру  арқылы оң  шешімін тапқандығын тілге  тиек 
етеміз. 

95
Біздіңше, қазақ тілінің өркен жаяр өрісі – қазақ мектеп- 
терін  көбейтудің  ең  дұрыс  шешімі  осы  болмақ.  Егер, 
жағдайды  осы  қалпында  қалдыра  беретін  болсақ,  істеп 
жатқан ісіміздің ешқандай нәтижесі болмайды. Бұл мәселе 
алдымыздан  үнемі  қайталанып  шығады  да  отырады. 
Сондықтан елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын 
аштырмайтын қолдан қалыптастырылған тұйық шеңберден 
шығудың  осындай  жолын  таңдап,  тиісті  шараларды  жедел 
қолға алуға тиіспіз. 
Ал  орыс,  ұйғыр  мектептерінде  қазақ  тілі  пәнінің  сағат 
санын  барынша  ұлғайтып,  оны  біліктілігі  жоғары  маман-
педагогтармен қамтамасыз еткен жөн. 
Осында  айтылған  ұсыныстарды  бір  ғана  Алматы 
қаласында  емес,  бүкіл  республика  аумағында  орта  білім 
беру саласында қолдану қажет деп білеміз. 
Жоғарыдағы  деректі  келтіргенім  –  білім  саласындағы 
жағдай содан бергі уақытта көп өзгере қойған жоқ. 
Ал орыс тілінде оқып жатқан қазақ балаларына келетін 
болсақ,  балаларын  орыс  мектептеріне  апарып  жүрген 
халықты  кінәлаудың  реті  жоқ.  Ел  ұлттың  бас  көтерер 
адамдарына, мемлекеттік билікке қарайды. Ойын да, бойын 
да  соларға  қарап  түзейді.  Биліктің  тілі  орысша  болса,  ұлт 
зиялылары немерелерін орыс тілді мектептерге беріп жатса, 
қарапайым халық оларға еліктемей қалай тұрсын. Елге айтар 
сөзі бір басқа да, ісі бір басқа болып отырған зиялылардың 
өзі  сенбеген  нәрсеге  халықты  қалай  сендірмек  болып 
отырғандарына  таңым  бар.  Сондықтан  елдің  бас  көтерер 
адамдары өз дерттерінен өздері арылғандары жөн. 
–  Біздің  қазақ  тарихи  тағдыр,  отаршылдық  саясат 
себептерінен  туған  Отанына  қоса  алыс-жақын  40  елде 
тұрады.  Әрқайсысында  әртүрлі  проблема  бар.  Солардың 
жастары қазақ болып қала ала ма? Оның үстіне үш түрлі 
жазуы бар. Бұл тұрғыдан не айтасыз?!
– Бұл – үлкен мәселе. Еліміз шеттегі қазақтар мәселесімен 
90-жылдардан  бастап  айналыса  бастады.  Содан  бергі 
кезеңде елге миллионға жуық қандасымыз оралыпты. Бұл – 
өте қуанышты жағдай. Былтыр «Нұрлы көш» бағдарламасы 

96
қабылданды.  Сөйтіп  көші-қон  мәселесі  жүйелі  жолға 
түскендей  болды.  Алайда  бір  ғана  бағдарлама  аясында 
шеттегі бар қазақты толық көшіріп алу таяу жылдарда іске 
аса  қоймайды  деп  ойлаймын.  Оның  үстіне  Еуропадағы 
қазақтардың  келе  қоюы  да  қиын.  Ресейдегі  қазақтар  да 
жылы  орнын  суыта  қоймас.  Сондықтан  негізгі  назарды 
Қытай  мен  Өзбекстандағы  қазақтарға  аударған  орынды. 
Ал  Моңғолиядағы  қазақтарға  тікелей  төніп  тұрған  қатер 
жоқ. Арнайы еларалық деңгейде келісім жасап, Қытайдағы 
қазақтардың  елімізге  оралуына  қам  жегеніміз  абзал.  Ал 
қалған елдердегі қазақтарға сол тұрған жерлерінде қазақ тілі 
мен мәдениетінен ажырамайтындай жағдай тудырса болады. 
Бір  жағынан  оларды  Қазақстанға  әкеліп,  қара  орысқа 
айналдырғаннан гөрі сол отырған орындарынан қозғамаған 
да жөн бе деп ойлайсың. 
Қазір  шетелдегі  қазақтардың  рухани-мәдени  мәселеле- 
рімен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» айналысып 
отыр. Ол – қоғамдық ұйым. Сондықтан оның да мүмкіндігі 
шектеулі.  Жер-жерде  кіші  құрылтайлар  ұйымдастырып,  ел 
аралап, жағдайларын білгеннен мәселе шешілмейді. Шеттегі 
қазақтардың  мәселесін  жүйелі  шешу  үшін  Ресейдегі 
«Русский  мир»  қоры  секілді  арнайы  мемлекеттік  ұйым 
құрылғаны жөн деп білемін. 
Жазу  мәселесіне  келсек,  Қазақстанның  латын  жазуына 
көшкенін қолдаймын. Неғұрлым тезірек көшсек, соғұрлым 
жақсы болар еді деп санаймын. 
– Қандай бір нәрсенің де басы мен аяғы бар. Қазақ Елі 
мықты  мемлекет  болып  қалыптасып,  Мемлекеттік  тіл 
қасиетті  Ту,  Елтаңба,  Әнұран  секілді  қапысыз  қастер- 
ленетін кез де туатын шығар. Сонда Сіздің қоғам қайтеді?!
– Сөз жоқ, қазақ тілі Қазақ Елінде барынша басымдыққа 
ие болады. Бұған сенімім кәміл. Ал тілде қалыптасу, болу-
толу  деген  болмайды.  Өйткені  тіл  –  жанды  құбылыс. 
Халықпен  бірге  жасап,  бірге  дамып,  бірге  түлеп  отырады. 
Сондықтан  тілге  қатысты  атқарылар  шаруа,  бітірер  іс 
ешқашан тамамдалмайды деп білемін.
Ал  «Қазақ  тілі»  қоғамына  келетін  болсақ,  Қоғам  бізге 

97
атадан  қалған  мұра  емес.  Халықтың  өз  қажетінен  туған, 
өз  қолдауымен  құрылған  ұйым.  Оған  ешкімнің  жеке 
монополиясы  жүрмейді.  Қоғам  заман  алдымызға  қойған 
мәселелерге  орай  өз  жұмысын  демократиялық  негізде 
жалғастыра беретін болады. Егер заман сұранысына жауап 
бере  алмаса,  өмірдің  өзі  қажетсіз  деп  тапса,  Қоғам  да  өз 
жұмысын тоқтатады. Қысқасы, бұған – уақыт төреші. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бақыт Сарбалаұлы 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет