қазірГі қазақ қаУымы ЖӘНЕ
мЕмлЕКЕттіК тіл
Қай елдің тарихын қаузасаңыз да, ел боламын деген
мемлекеттің ең алдымен көздейтіні – тіл мен діл мәселесі.
Ал бізде қалай? Егер тарихи шолу жасасақ, әңгіме ұзаққа
кетер еді. Сондықтан түйінді деген кейбір мәселелерге ғана
назар аударғым келеді.
Тіл қамы туралы ойлар қайталанбай тұрмайды. Бұл
жолы менің де қозғағалы тұрғаным тосын жайлар емес.
Қанша қайталасаң таусылмайтын жыр. Қайталап айтпауға
болмайтын сыр.
Мәселенің түп негізін түбірлеп түсіну үшін қазақ тілінің
сан ғасырлық тарихынан жеткен кейбір деректерге де көз
жүгірте отыралық. Бақсақ, қазақ тілі ХІХ ғасырдың екінші
жартысынан пікір объектісіне айнала бастапты. Тіпті,
орысша оқып, орыс тәрбиесін көрген Ш. Уәлихановтың
өзінің қазақ баласын орысша оқытумен әуестене беруден
37
тіксінгені бар. Осыдан 98 жыл бұрын «Айқап» жорналында
Мұсақанов дегеннің тіл, әдебиет туралы пікір толғай келе,
ұлт тілінің тамырына балта шабылмасын деген сыңайлы ой
қозғапты.
Бұдан бергі жердегі Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы,
М. Дулатұлы тәрізді қазақтың рухани көсемдерінің тіл
қамын жеген толғаулары қазақ санасын оятқан өзгеше өре
болатын. Содан кейінгі ғұламалар мен жазушылардың,
қайраткерлер мен қаламгерлердің тілге соқпай өткендері
жоқ. Солардың бәрінде қазақ тілінің байлығын ғана сөз етіп
таңданумен қоса, сол асыл қазынадан қамсыз-қаракетсіз
күйде жүріп айырылып қалмау жағын көбірек әңгіме еткен.
Және тіл тынысының тарыла бастау себептерін көрегендік-
пен толғай отырып, болашақтағы болмыс-бітімін көзге
елестетіп, сақтандыра әңгіме қозғайды. Тарихтың арғы-
бергі тұңғиығында әлі де ашылмай, аршылмай жатқан небір
құпия сырлардың жатқанын байқатады.
Қазақ тіліне қатер төндіріп тұрған себептерді осылай-
ша іздегендер болды. Көрсетті де. Сондағы басты қауіп-
тің бір де болса бірегейі елімізге өзге ұлт өкілдерінің
шамадан тыс ендірілуінде екені мегзеледі. Қараңыз: яғни
сол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ
демография деректерінің көрсетуі бойынша, әсіресе, орыс
ағайындар ХVІІ ғасырдан келе бастаған. Содан бергі жердегі
келгіншілердің жалпы саны шамамен 8 миллионнан асып
жығылады. Бұл демографиялық тасқын процесінің түпкі
себептерін сараламай-ақ, халқымыздың өз мәдениеті мен
өз тіліне деген немқұрайдылықтың қалай, қайдан, неден
басталғанын осының өзінен де шамалауға болады. Бұл
жөнінде талай айтылды да. Лек-легімен, кезең-кезеңімен
ағылған жұрттың ел тұтастығы мен тіл тұтастығына (прог-
рестік рөлінің болғанына қарамастан) едәуір нұқсан келтір-
генін күні бүгінге дейін сезінудеміз.
Қазақ орыс тілі арқылы көп нәрсені үйреніп, көзінің
ашыла түсуімен қатар, өзінің ұлттық тұтастығына көлеңке
түсіріп, қақ жарыла бастағанын сезбей де қалды. Атап айтсақ,
қазір ана тілін аялаушылар мен аямаушылар, жақтаушылар
38
мен таптаушылар, қарсылар мен қамын жеушілердің аражігі
ашылып, айқындала бастады.
Бұл – ұлт басына төніп тұрған қатер. Біз Елбасымыздан
бастап тәуелсіз Қазақстанды қалтқысыз сүйетін нағыз
отаншыл азаматты тәрбилеу қамындамыз. Ал әлгіндей бір
ұлттың қақ жарылып отырған жағдайында ұлттың патриоттық
негізін қалай қаламақпыз. Мұны ұлттық мәдениет, ұлттық
тіл мәселелерін қозғаған сайын сезінудеміз.
бірнеше тілді білу – байлық, өз тіліңді білмеу –
қорлық екенін терең түсінетін кезең келді. Осыны терең
түсінгендіктен де шығар, Қадыр ақынның «Өзге тілдің
бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп жазуы. Өз тіліңді терең
біліп, өзге тілдерді құрметтей жүргеннің де жаман емес
екенін ол білмей тұрған жоқ. Экономикада, білім-ғылымда
әлемдік бәсекелестік деңгейіне жету талабын қолдап
отырған Елбасы саясатын қуаттамау ессіздік болар еді.
Алайда көңілдегі күпті ойлардан арыла алмай жүргеніміз
де ақиқат. Қазір орыс тілі үстемдігінің үстіне ағылшын
тілін үйрену қатты насихаттала бастады. Тіпті ендігі жерде
ағылшын тілі мен компьютерді, интернетті меңгермегендер
мемлекеттік қызметке алынбайтыны ескертілуде. Сөз жоқ,
мұндай талаптан кейін, әсіресе, жастарымыз ағылшын тілін
бес-алты айдың ішінде-ақ үйреніп алады. Үкімет тарапынан
осындай қажеттілік туындатылып отырған соң, ағылшын
тілінің алшаңдай басып қазақ даласының төріне шығатыны
анық.
Басты күдік, қазақ тілі тағы да тасада, босағада телміріп
қала ма, жоқ әлде босағадан да шығып кете ме дегенге саяды.
Ана тілден алыстау арқылы бүкіл ұлттық болмыстан жұрдай
болып бара жатқан ұрпақты көре отыра осылай ойламасқа
қалай дәтің шыдайды.
Ал қазақ тілінің әңгімесі әлі бітер емес. Ағылшын тілі
араласа бастаған сайын тіпті қиындай түсер түрі бар. Өткен
ғасырдың 20-30-жылдарында алыптар айтқан күдіктен
әлі күнге арылар түріміз жоқ. Обалына не керек, қазақ
зиялылары тіл мәселесін назарында үздіксіз ұстап келеді.
50-жылдардағы, одан кейін 80-жылдардағы сілкіністер соның
39
айғағы. Бізде сол ұлылардың айтқан қаупін қайталаумен
келеміз.
Қазақтың жаңалыққа жаны құмар, құйма құлақ халық
екені ежелден белгілі. Әр нәрсенің екі жағы болатыны
сияқты, осы құймақұлақтықтың еліктегіш, солықтағыш
сезімдерді тым асқындырып жіберген тәрізді.
Өткен тарих шеңберінде еліктемеген нәрсеміз қалмады.
Көршілеріміздің болмысында біз үйренбеген еш нәрсе жоқ
тәрізді. Тіпті арақ-шарап ішуді де асыра орындап жүрдік,
басқасын былай қойғанда. Орыс тілін үйрену арқылы
орасан зор қазынаға жолыққанымыз рас. Ойымыз тереңдеп,
қолымыз ұзарды. Білім көкжиегінде еркін қалықтайтын
болдық. Соның нәтижесінде дүниежүзілік мәдениет
қазынасынан дәм таттық. Бұл – ұлы жетістік. Сөйтіп
жүріп біз біртіндеп ұлттық негізден алыстап, тұғырымызды
теңселтіп алғанымызды кеш сезіне бастағандаймыз. Міне,
осы қатерлі қалыптан шығудың жолын іздеудің орнына, ел
сенген қайсыбір азаматтарымыздың ұлт мерейін төмендетер,
болашағын бұлыңғырлатар әрекеттерге бара беретіні
әлгіндей еліктеу мен солықтаудың нәтижесі. Өзі отырған
ағаштың тамырын балталаудың нәтижесі, өз ұрпағының
тағдырына немқұрайды қараудың нәтижесі.
«Бергеніңді айтпа, көргеніңді айт» деген бабаларымыз.
Әйтсе де, қазақ жері мен елінен, қалтқысыз ашық көңілінен,
ықылас-бейілінен көл-көсір жақсылық көріп келе жатқан
көршілерімізге біздің де бір мезгіл қолқа салып, базына
айтар шағымыз әлдеқашан болды-ау деймін. Тілін біліп,
үлгісін алып отырған көршілеріміздің қаншама жылдар бойы
қатар өмір сүріп келе жатса да, қазақ қоңсысына ілтипат
білдірмеуі неліктен деген ойға қаласың. Тым болмаса, қазақ
көршісінің бір-екі ауыз сөзін біліп, тілдесуге жарамай келе
жатқаны бізді, тілді, елді менсінбеуі емей немене? Тағы бір
өкініштісі, осының бәріне орыс ағайыннан гөрі өзіміз де
кінәлі сияқтымыз.
Соңғы жетпіс жыл бойы орыс халқы мен орыс тілінің
насихаты күшті болғаны соншама, өз тіліміз бен өз
мәдениетімізді қажет деп санамайтын халге жеттік. Орыс
40
тілін білген адам ғана қатарға қосылады дегенді бойға
сіңірудің арқасында қазақ мектептеріне орыс мектептері
үстемдік құрды. Бұл дерттен күні бүгінге дейін арыла алмай
келеміз.
Бұл дерттен арылудың сара жолы, ең алдымен, өз тілің
мен өз мәдениетіңді шексіз сүю болмақ. Өзге тіл мен өзге
мәдениеттің де қадыр-қасиетін танып-білу сол арқылы болу
керек. Ата-бабадан жалғасқан текті тәрбиенің желісін сонда
ғана жалғай аламыз.
Қазіргі қазақтардың мінез-құлқында, түсінік-түйсігінде,
пайым-парасатында тіпті кескін-келбетінің өзінде таңғалар-
лық өзгерістер болып жатыр. Содан сескене, үрке қарағанша
ұрпақ тәрбиесін күнделікті қадағалап отыру, ең алдымен,
қазақпын деген әрбір азаматтың түбірлі міндеті болу керек
екенін ұмытпасақ деймін.
Еліміздің экономикасы мен әл-қуаты артып, саяси
әлеуметтік еңсесі көтерілген сайын, ұлттық тіл мен ұлттық
рухымыздың да өскенін, ұлттық мүддеміздің екінші қатар-
дағы қосалқы дүниедей болып қалмауын қадағалау бәрімізге
парыз. Әсіресе, ел басқарған азаматтар мойнынан түспейтін
жүк бұл. Бұлай дейтінім, қазақ тілін менсінбеу арқылы
өзге мәдениетке табынып, ұлттық дүниемізді аяқ асты ету
ағымы белең алып барады. Тәуелсіздік туын желбіретіп,
әлемдік мемлекет қатарына қосыла бастағанымызда ұлттық
құндылықтарымызды аялай алмасақ елдігімізге сын болмақ.
Сол ұлттық құндылықтарымыздың негізгі тірегі – тіл.
Мұны түсіндіріп жатудың өзі артық. Ал осы тіліміз тәуел-
сіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі,
елдігіміз бен бірлігіміздің туы екенін біле тұра неге оның
еңсесін көтере алмай келеміз. Бұған кім кінәлі? Не істеу
керек? деген сауалдар көкейден кетпейді. Бұл сауалдар
көптен қойылып келе жатыр. Зиялыларымыздың көбі шығар
жолдарды ұсынып келеді. Бұларды екі топқа бөліп қарау
керек сияқты.
Тіліміздің бүгінгідей күйге тап болуы қазақтың өздеріне
тікелей байланысты. Олай дейтініміз, өзін сыйлайтын Адам
ғана өзгенің қадірін көре, тани білмек. Яғни өз тіліне селқос
41
жан, өз ұлтының асыл қасиетін танып, біліп, оны қастерлей
білмегеннен не күтуге болады. Осындайлардың қарасы
көбейген сайын халықтың ұлттық сипаты жоғала бастайды.
Ондай халықтың өз мүддесін қорғарлық күрескерлік қа-
білеті төмендейді. Бізге қазір осы қасиет жетіспейтін тәрізді.
Мұны айтып отырған себебім кімді көрсең де көбіне көп
ойлайтыны тіл мүддесі емес, көмей мүддесі мен қалтасын
толтырудың қамы. Әрине, аш баланың тоқ баламен ойна-
майтынын аталарымыз дөп айтып кеткен ғой. Соған
қарамастан ешбір адамзат діл мен тілге қосалқы дүние
ретінде емес, рухани қазына, жан байлығы, ар-ұят байлығы,
адамгершіліктің тірегі деп қараған. Тазалықтың, пәктіктің,
имандылықтың жаршысы іспетті бағалаған тіпті. Міне, осы
қасиет көбімізден алыстап барады. Бұл – бір.
Екіншіден, ел мүддесін көздеймін, халық қамын жеймін
деп атқа мінген азаматтарымыздың арасында «осы менің ел
алдындағы арым таза ма, істеген іс-әрекетімде әділдік бар ма,
маған сенген елдің қамын ойлағаннан гөрі, өз күйімді көбірек
күйттеңкіреп кеткен жоқпын ба» деп өзіне өзі сауал қойып,
өзін-өзі тексеріп отыратындары шамалы ма деймін. Баю үшін
жол таңдамайтын қорқау мінезді жандардың қарасы көбейіп
барады. Кітаптың бетін ашпайтын тоқмейіл тоғышарлар
ортасында тіл тағдырын сөз етудің өзі қорқынышты.
Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, тойынғандарымызға
тәубе, иманын ұмытпаған қалған елге шүкіршілік қажет
сияқты. Тіліміздің тағдырын сіз бен біз ойламағанда, кім
ойлайды. Жаппай қарымды да сауатты әрекеттер тізгінін
ұстау ата-бабалар рухы алдындағы парызымыз екенін
ұмытпалық, ағайын.
Осыдан келіп, міндеттер дегенде мына мәселелерге баса
назар аударғымыз келеді.
1) Ендігі жерде мемлекеттік тілді кім көрінгеннің ермегіне
айналдыра бермей, белгіленген бағдарлама бойынша қазақ
қауымы біртұтас бірлікпен жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Бұл
әсіресе Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мүшелеріне, Тіл
басқармасы қызметкерлеріне тікелей қатысты. Қолына билет
ұстап, мүшелік жарна төлеп дағдыланбасаң да, бойыңда
42
қазақтың қаны бұлқынған қазақ тілін қасиет санайтындардың
бәрінің жұмысы.
2) Қадірлі тіл сүйер қауым, ұлтымыздың тағдырына қатысты
бірде-бір шарадан қалыс қалушы болмаңыздар. Әсіресе, халық
қалаулыларын сайлайтын алдағы жиындарға елді түгел қатыс-
тырып, кімді сайлап, кімге дауыс беретіндеріңізді анықтаңыз.
Өйткені Сіздің тағдырыңыз, тілдің тағдыры өзіңіздің белсен-
ділігіңізге тікелей қатысты. Өткен сайлауда тілдің, елдің
қадірін білмейтін қандай азаматтардың өтіп кеткенін
білдіңіздер ғой. Депутат болатын қазақтардан ғана емес,
Қазақстанда өмір сүріп жатқан (ұлтына, нәсіліне қарамастан)
азаматтардың бәрінің мемлекеттік тілге деген ықыласын ғана
емес, білуін де сұрайтын мезгіл жетті. Тіл үйренемін деген
шын ықылас болса, 18 жыл аз мерзім емес. Тіпті азаматтық
алғысы келетін жандардың бәріне қойылар алғашқы шарт
мемлекеттік тілді білу дәрежесін тексеру болуы тиіс. Мұны
қадағалау да «Қазақ тілі» қоғамының басты міндеті деп
түсінгені жөн.
3) Қазақ тілі туралы жеке өз алдына Заң түзіліп, қабылдануы
керек екенін Елбасы мен үкімет есіне тағы да саламыз. Өйткені
тәуелсіз республикамызда қазақ тілінің басым рөлін айқындай
түсу қажеттігі даусыз. Уәдешіл К. Мәсімовтың берген уәдесінен
неге тайқып отырғаны түсініксіз.
4) Жоғары оқу орындары барлық факультеттерінің
бәрінің де қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсырылуын
талап етудің уақыты жетті.
5) Заңдардың бәрін екі тілде жасау қажет пе? Тілден
бездірудің бір тәсілі осы. Сондықтан Заңның бәрін алдағы
уақытта бір ғана мемлекеттік тілде жазуды талап ету қажет.
6) Қазақ тілінің ішкі өмірімізде ғана емес, сыртқы
саясаттағы беделін де арттыру жайын қарастыру үлкен
міндетіміздің бірі. Мемлекетіміздің саясатын сыртта
жүргізетін дипломаттардан бірінші кезекте мемлекеттік тілді
білу дәрежесі тексерілуі тиіс. Өйткені олар – елдігіміздің
сырт жердегі кескін-кейпі, паспорты.
7) Осы күнге дейінгі жасалған, ұсынылған Заңдардың
бәрінің аудармалары сын көтермейтіні көптен айтылып жүр.
43
Оларды түгел мемлекеттік тіл тұрғысынан саралап беретін
мезгіл жетті. Ол үшін мамандардан арнайы топ, не сарапшы
орталық құрылғаны мақұл.
Қазір тіл майданы өршіп тұр. Өршітіп тұрған кешегі
кеңестік тәрбиенің қазаққа тиімсіз «тағылымын» бойларына
әбден сіңірген «серкелеріміз». Бұлар орысқа жалтақтап
үйренген, сол негізде ұлы-қызын тәрбиелеген мейманасы
тасып, мәртебесі асып жүрген, енді немере-шөберелерін
де өздері түскен «арналы» жолдан тайқымауын көздеп
жүрген «қадірлілеріміз». Олар өсірген кешегі көк шыбық,
қазір буыны бекіп, бұғанасы қатып атқа мінді, билік басына
көтерілді. Ұлты қазақ, сөйлеген сөзі, істеген ісі мүлде жат
бұл ұрпақ ана тіл уызына жарымаған, атамекен мен ана
тілдің қасиеті бойына дарымаған бір алуан топ болып тұр.
Оларды талапсыз, ақылсыз деп айта алмайсыз, араларында
дарындылары бар. Сол дарынның, білік-білімнің қазақ ұлтына
деген қалтқысыз қызметке жұмсалмай, өзге елдің пайдасына
кетіп жатқаны жан ауыртады. Қазақ енді өзімен-өзі күресуді
бастады. Ана тілді бірі керек деп, екіншісі керек емес деп
дүрдараз күн кешу – күрес емей немене?
Баяғы патшалы Ресейдің «бұратана елді бөліп ал да, билей
бер» деген саясаты азулылырамызды, асылдарымыз бен ардақ-
тыларымызды толассыз құртып отыру (Кеңес дәуірінде де)
нәтижесінде осындай күнге жеттік. Тіпті мемлекеттік етіп мәр-
тебелеген АНА ТІЛІМІЗДІҢ өзін аялап тұтына алмайтын,
тіпті ғасырлар бойы армандап жеткен тәуелсіздік тұсында да
өзіндігін қорғай алмай, жан-жағына жалтақтап, мүсәпірлік
күн кешуі барып тұрған масқара, қорлық емес пе?
Міне, осындай жағдайда қаны бар қазақ қалай тыныш
отыра алады. Құдайға шүкір, әзір қазақ түгелдей өзгеленіп
біткен жоқ. Асыл заттың топырақ астында қаншама жылдар
жатқанымен, түсін бермейтіні іспетті халқымыздың ұлттық
рухы төмендеуі мүмкін емес. Ел мүддесін, тіл мүддесін
тереңінен ойлайтын асылдарымыздың сәл ғана қалғып
кеткені болмаса, неше алуан құбыла түскен сыртқы жат
әлемнің жалтырағына әлі арбала қойған жоқ.
Соның мың да бір көрінісі ешқандай бап тілеп, тақ
сұрамайтын, жаяу-жалпы елдің ортасында жүріп, соның
44
мұңы мен шерін жырлап, аяулы қазынамыз – ана тілдің алапат
қуаты мен қасиетін насихаттап, қайтпас жігер танытып келе
жатқан «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ қайраткерлерінің ісінен
байқалады.
Қазір Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы үшін өте
күрделі кезең басталды. Алғашқыда тілім деген миллиондай
мүшелеріміздің біразы өмірдің неше алуан құбылған сәтінде
шыдам таныта алмай, күнкөріс қамымен әлек болып кетті де,
тілге деген ықыласын солғындатып алды. Осы салқындықты
бірден сезген нигилистер, тілқамандар (Р. Бердібай),
әсіресе жас түлектер жүрегін жаулай түсуде. Сол себепті
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының барлық жергілікті
ұйымдарына қазір айрықша белсенділік көрсету керек
болып отыр. Жағдайдың жоқтығын сылтау етер кез емес.
Егер өкіметке, билікке өкпелеп, «әй, қойшы!» деген салғырт
сезім жетегінде кетер болсақ, келер ұрпақ аман болса, сіз бен
бізге лағынет айтуы мүмкін. Сауаттылар оянатын, біліктілер
белсенді әрекетке көшетін сәт туды. Ақылдылар, ана тілін
Іслам Жарылғаповша аялай түсіп, ар-ұяттың арғымағына
қамшы басалық.
Тіл мүддесін өз мүддесі деп таныған қазақтың асыл
азаматының бірі ретінде Іслам Жарылғаповты атар едім. Ол
кісінің қалдырған мұрасы міне осындай ойларға да жетелейді.
Кезінде қазақ сөзін Ахметше сөйлеткен, орыс сөзін Абайша
сайратқан Іслам ағаның еңбегі әлі зерделеніп, сараланған
жоқ. Ахаң туындыларын ауызға ала алмай жүргенде тілдің
майын тамызатын Жарылғапов сынды аударма саласының
дүлдүлін оқып, айызымызды қандыратынбыз. Сондықтан
бүгінгі әңгімемді ол кісінің:
Адамзаттың не ғажап туындысын,
Орысшадан қазақша туындатам.
Ана тілім – анамнан қалған бағым,
Ана тілсіз өмірім – жалған, сағым.
Ана тілше сайраса тіл мен жағым,
Керек емес өзге бақ және тағың! –
деген өлең сөзімен тамамдаймын.
45
мӘСЕлЕНі төтЕСіНЕН қОЯтыН КЕз ЖЕтті
Ең алдымен қазіргі Қазақстанның жер-суларының, елді
мекендерінің тарихи атауларын қайта қалпына келтіруге,
қалалар мен елді мекендердегі ресейлік, советтік атаулардан
арылып, қайта атауға байланысты істерді жүйеге келтіру
тәртібін реттейтін арнайы нормативтік акт қажет. Елімізде
ономастикалық мәселелер әлі де толық шешіліп біткен жоқ.
Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, кеңестік қана емес,
таза орыс отаршылдығының белгісіндей болған атаулар әлі
де сіресіп тұрғанына көз жеткізесіз.
«Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдаудың сәті әбден пісіп-
жетілді. Бұл мәселе ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік тіл
саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның отырысында
бұдан үш жыл бұрын талқыланып еді. Үкімет басшысы: «Осы
заңды қабылдатам, тәулік бойы қазақша хабар тарататын
телеарна ашамын», – деп уәде беріп еді. Содан бері үш жыл өтті.
Екеуі де орындалған жоқ. Өз мемлекеттік тілін қорғай алмай-
тын, телеарналары мемлекеттік тілде сөйлемейтін бұл қандай
мемлекет?! Тіпті федерация деген Ресейдің өзінде мемлекеттік
тіл туралы заң бар ғой. Біз неге тартыншақтай береміз?
90-жылдар мен қазіргі кезді салыстыруға болмайды. Қазақтың
саны 60-пайыздан асты. Түркітілдес ұлт өкілдерімен қосқанда
70 пайыздан асып жығылады.
Қазақ тілінде іс жүргізетін мамандар да жеткілікті. Билік
басындағы қазақша білмейтін азғантай топтың көңілін
табамыз деп, олардың қазақша іс жүргізуіне қолдан кедергі
жасап отырмыз. Ендігі жерде 70 пайыз халықтың талап-
тілегін ескермеу саяси тайыздық болады. Әлеуметтік ахуалды
ширықтырады. Сондықтан шұғыл түрде «Мемлекеттік тіл
туралы» Заңды Парламентке ұсынып, қабылдауды қажет деп
білеміз. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің ықпалды
шарасы – осы. «Мемлекеттік тіл туралы» Заң, билік тара-
пынан табанды талап болмаса, қазақ тілінің адымын аштырмау ісі
жалғаса береді. ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне
бір ұсыныс. Қазіргі кезде компьютерлік бағдарламалық өнімдер
тек ағылшын және орыс тілдерінде. Олардың дені сырттан
46
келеді. Өзімізде шығаратындары да орыс тілінде даярланады.
Бұдан былайғы уақытта елімізге сырттан келетін компьютерлік
бағдарлама өнімдерінің қазақша нұсқасының болуын міндеттеу
қажет. Мысалы, қаржы, зейнетақы, бухгалтерлік есеп, салық
саласындағы автоматтандырылған жүйелер қазақ тілінде
құжат толтыруға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан
азаматтың қазақша аты-жөні бұрмаланып, орыс тілінің
ережесімен жазылады. Ақпараттық технологиялардың қазақша
нұсқасын ендірмеу арқылы қазақ тілінің қолданылу аясын
қолдан тарылту ісі жалғасуда. Егер шетелдік компьютерлік
компанияларға талап қоятын болсақ, өнімнің қазақша нұсқасын
жылдам жасап беретіні сөзсіз. Өйткені оларға нарық, тұтынушы
керек. Бағдарламалық өнімдердің базасы – ағылшын тілінде
жасалғаны мәлім. Ал Ресей соның барлығын – орысша, қытай
– қытайша, араб – арабша алып отырған жоқ па? Техникалық
құрал адам игілігіне қызмет ететін болғандықтан, оны қалай
икемдесек те өз қолымызда емес пе?! Сондықтан Агенттік осы
мәселеге ерекше назар аударып, қатаң ескерсе деген ұсыныстың
туындауы заңды.
мЕмлЕКЕттіК тіл мЕрЕйі –
ұлт мЕрЕйі
Ұлт үшін, ұлт рухы үшін жаны күйіп жүретін азаматтар
болады. «Тұлпарда да тұлпар бар – қазанаты бір бөлек,
жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» демекші,
туған тіліміздің тағдыры үшін күресіп жүрген сондай
қоғам қайраткерлерінің бірі – Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті, академик Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ.
Біз ол кісімен қазақ тілінің бүгінгі ахуалы мен Елбасы
Жолдауындағы кейбір мәселелерге байланысты ой бөліскен
едік.
– Өмірзақ аға, Елбасымыздың осы жылғы Жолдауындағы
қазақ халқына ерекше жауапкершілік жүктеп, сөз арнауы
ненің нышаны?
47
– Елбасының бұл жолғы Жолдауының жөні бөлектеу екенін
елдің бәрі бірден сезінді. Мұнда бұрынғылардағыдай саяси
ұғымдар мен терминдер нөпірі жоқтың қасы. Бұл қарапайым
халықпен өз тілінде сөйлесіп, өз тілінде сырласу секілді
жылылық пен ықыластың нұры төгіліп тұрған Жолдау
болды. Қазағының қамын жеген басшының шын жүрегінен
төгілген сыр сандығы бір тұста «…Сын сағатта мен, әсіресе,
қазақ халқына бөлекше жауапкершілік жүктеп сөз арнаймын.
Қазір алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жеріміз кең, еліміз
бай, істеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетіп жатыр.
Бел шеше кірісіп, білек сыбанып жұмыс істейтін кез келді.
Бір-бірімізге қарайласатын, көмектесетін, ағайыншылықты
танытатын кез дәл осы кез», – деді Нұрекең. Елбасының
қазағына осылайша сенім арта сөйлеуі тегін емес. Келе
жатқан ауыртпалықтың зіл-батпан салмағы тәуелсіздік дәмін
татқанына 20 жыл ғана болған халқының арқасына батарын
алдын ала сезген Президент сөзі бұл. Мән-мағынасының
салмағы ғасырларға татитын жиырма жылдың жемісін
қорғаудың жайын қарастырады. Бұл 20 жыл «…Біз үшін
үлкен кезең, тұтас бір дәуірмен барабар. Олай болатыны,
тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен
өлшенетін армандарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол
себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек,
маңызы айрықша» һәм «туған халқым» деп сөз арнауының
жөні бөлек. Бұрын Президент «қарапайым адамға қарай
қарапайым он қадам» деген ой тастаған болатын. Ал мына
Жолдауда қарапайым халыққа қарай жасалған қадамдардың
нақты көрінісін танығандай болдық.
Елбасы әрбір сөйлеген сөздерінде, баяндамаларында
елдің тұтастығы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы,
қазақтардың бірлігі жайында талмай айтып келеді. Әсіресе,
мемлекет құрушы негізгі ұлт – қазақтардың Қазақстандағы
барлық ұлыстар мен этностарды ұйыстырушы рөлінің
айрықша екеніне мән бермей өткен емес. Мына Жолдауда да
қазақтарға салмақ сала сөйлеуінде өзімсінгендік қана емес,
туған халқының тарихи миссиясын терең түсінгендіктің
салмағы жатыр. Қашанда ынтымақ пен бірліктің қасынан
48
табылып келе жатқан қазағын тағы да сол биіктен көргісі
келеді. Соған сенеді, үміт артады, болашағына бағыт-бағдар
сілтейді.
Елбасының өз сөзіне жүгінсек, «Қиындық атаулыны
жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік». Осы жолдар, шынында,
бүкіл Жолдаудың негізгі өзегіндей болып көрінеді. Бірлік
пен ынтымаққа жететін байлық бар ма өмірде? Ендеше,
жолбасшымыз көрсетіп отырған жолдан таймайық, ағайын!
– Рас, бұл Жолдауда береке-бірлік туралы көп айтылған.
Осы тұтастықты жүзеге асырудағы қазақ тілінің рөлі
қандай?
– Береке-бірлік барлық қиындықтарды жеңетін бірден-
бір күш екені жоғарыда айтылды. Бірлік болмай тірлік
болмайтынын атам қазақ баяғыда-ақ айтып, өсиет қалдырған.
Қазақ елді тұтастырған сол бірліктің нәтижесінде халық
болып қалыптасты, ұлт болып ұйысты. Тіпті ине екеш иненің
де бір іске ілігуі үшін, саусақтың бірігуі керек екен. Осыны
білген халқымыз өмір бойы бірігуді, бірлесуді армандаған.
Арманына жеткен кездері де болған. Біріге білмеудің
зардабын да тартқан. Мұның ұлы күш екенін Елбасымыз
мына Жолдауында қайта-қайта еске алады. Тіпті қандай
қиындық, дағдарыс болса да одан алып шығатын ұлы күш,
ол бірлік, бірлесе, тұтаса білуде деп отыр. Және мұны өзінің
туған халқына арнап айтып отыр. Сенім артып отыр. Бірлесе
қимылдайтын сәттің туғанына баса назар аударып отыр.
Ұлттың осылайша ұйысуының ең басты тетігі тілге байла-
нысты. Өзінің тіліне мықты ел мәдениетін жоғалтпайды.
Әдет-ғұрып, салт-сана, игі дәстүр дағдысын сақтайды.
Тарихын таңбалайды. Тарихын таңбалай алған елдің
шежіресі бай, айтары бар. Ендеше ұлт ішіндегі тұтастықты,
бірлікті қалыптастыруда тілдің алатын орны айрықша. Мұны
ешуақытта ескерусіз, елеусіз қалдыруға болмайды.
– Осы ұлы мұратты жүзеге асыруға тиіс есімі елімізге
танымал зиялы қауым өкілдері мен тіл ғылымы өкілдері
бірден-бір халықтық ұйыстырушы фактор бола алатын
ана тілімізге қатысты Үкіметтің алдына қандай мәселелер
қойып отыр?
49
Өздеріңізге мәлім, Үкімет жанында Мемлекеттік тіл сая-
сатын одан әрі жетілдіру жөнінде арнайы комиссия
жұмыс істейді. Оған Премьер-Министр К. Мәсімов мырза
төрағалық етеді. Мен сол комиссияның мүшесімін. Ұлт,
тіл саласына қатысты қоғамда қордаланған мәселелерді
осы комиссияның назарына тұрақты ұсынып отырамыз.
Басқасына тоқталып жатпастан, тек осы комиссияның соңғы
отырысының күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты
жасаған ұсыныстарымызбен таныстыра кетейін.
1. Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі
комиссия жұмысының 2009 жылға арналған жоспарын
бекіту туралы.
Комиссияның 2009 жылға арналған жоспарында мынадай
мәселелерге орын берілгенін жөн деп санаймыз:
1) Қазақстанның қазіргі жер-суларының, елді мекендерінің
тарихи атауларын қайта қалпына келтіруге, қалалар мен елді-
мекендердегі көшелерді ресейлік, советтік атаулардан
арылтып, қайта атауға байланысты істерді жүйеге келтіру
тәртібін реттейтін арнайы нормативтік акті қажет.
Елбасы Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын
қайта қарау туралы ұсыныс бергенімен, бұл жүзеге аса қойған
жоқ. Егер оны жергілікті халықтың өз шешуіне қалдырсақ,
бұл мәселе ол өңірлерде өзге ұлт өкілдерінің үлесі басым
болып тұрған кезде шешімін таба қоюы қиын. Бұл жерде
солтүстік облыстардың біртұтас Қазақ елінің бір аймағы
екендігін және оның мәселесіне сол өңір халқы ғана емес,
бүкіл қазақ баласының араласуға қақысы бар екендігін ашық
айтуымыз керек. Сондықтан мәселені төтесінен қоятын кез
жетті деп білеміз. Тіпті оларды Кереку, Қызылжар демей-ақ,
Қазақ мемлекеттілігіне өлшеусіз еңбек сіңірген қос ханымыз –
Абылай мен Кенесарының аттарымен атасақ та артық емес;
2) Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің
емле ережесіне сай ресімдеу мәселесінің де бір жүйеге түсе
қоймағаны мәлім. Орыс отаршыларының маңдайымызға
басқан құлдық таңбасындай -ов, -ев, -ин, -ович, -евич, -на
секілді аты-жөніміздегі орысша қосымшалардан әлі де арыла
алмай келеміз. Бұл бірлі-жарым ғана емес, қазақ халқының
басым бөлігінің басындағы жағдай.
50
3) Қазақ әліпбиін латын жазуына негіздеу жайын Елбасы
бірнеше рет көтеріп, осы бағытта едәуір жұмыстар жасалған
еді. Бірақ екпіндетіп басталған іс сұйылып барып тынды.
Әйтсе де мемлекет қолға алмады екен деп қарапайым
халық қарап жатқан жоқ. Халық ұялы телефондары арқылы
SМS хабарларын латын әріптерімен жазуда, шетелдердегі
қазақтармен электронды почта арқылы хат-хабар алмасу
да латын әліпбиімен іске асырылуда. Бұл жерде әркім өз
білгенінше жазып жүр.
4) Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілге қатысты
қаншама заң бұзу фактілері, сот үрдістері орын алды. Алайда
осынау сот процестерінде дауды сот қалай шешсе, солай
шешілді. Сот өзі мемлекеттік тіл бойынша қоғамда қандай
проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Бұған арнайы
талдау жасалған жоқ. Сондықтан Жоғарғы сот осыны талдап,
халыққа жеткізуі керек.
– Сіз тілге жанашыр азамат ретінде, жалпы, ғалым,
қоғам қайраткері ретінде орыс тілді қазақ мектептеріндегі
қазақ тілін оқыту мәселесі қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Әрине, бұл сұрақ осы мәселемен күнделікті айналысып
отырған ҚР Ғылым мен білім министрлігінің тиісті комитет
мамандарына қойылатындай екен. Дегенмен, жер-жердегі
қазақ мектептері мен орыс тілді қазақ мектептеріндегі қазақ
тілін оқыту жайындағы кейбір мәліметтерден біздің де
хабарымыз бар. Бұл жерде, әсіресе, назар аударылуға тиісті
мәселе орыс тіліндегі мектептердегі қазақ балаларының
жағдайы. Бұлар қандай оқу бағдарламасымен, нені оқып жүр,
не үйреніп жүр деген мәселелер көбіне елеусіз, ескерусіз
қалып келеді. Қазақ тілінің сағаттар саны мүлде аз. Орыс
топтарында қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер даярлау
ісі жеткіліксіз. Бұрын мұндай мамандықтар университет пен
пединституттарда арнайы даярланатын еді ғой.
Барлық жүйеде мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі
түбегейлі қойылып отырған бүгінгі таңда бұған деген
көзқарасты өзгерту керек. Неге десеңіз, орыс мектептерінде
оқып жатқан балалардың негізгі құрамы – қазақ балалары.
Оларды мемлекеттік тілде тәрбиелеудің негізгі арналарын
51
қарастыру қажет. Министрлік бас-көз болып, арнайы әдістеме
түзу арқылы оқытылатын сағат санын тиісінше көбейтіп,
жүйеге келтіруге болады. Ұйымдастыра білсе, шешілмейтін
мәселе жоқ. Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанымыздағы мектеп-
тердің қай-қайсысында да ұлттық негізде тәрбие алмайтын
бірде-бір оқушы (қандай ұлт болсын) болмауға тиіс.
– Қазан төңкерісіне дейін қазақтың араб жазуын, ал
кеңестік кезеңде латын жазуын біршама пайдаланғаны
белгілі. Бүгінгі кириллицамен көз ашқан біздер сол жазуларда
қалған ұлттық мұрамызға жете алмай отырмыз. Оларды
халыққа қалай жеткізуге болады?
– Өзінің сан ғасырлық тарихында айналасы жиырма-отыз
жылда үш жазу үлгісін игерген халық аса көп емес. Соның
бірі – қазақ халқы. Табиғи талантының арқасында қазақ бұл
үш жазудың үшеуін де жатсынған жоқ. Үшеуін де игерді.
Үшеуімен де сауатын аша білді. Соның ішінде араб алфавиті
мен латын жазуы біздің тарихымыздың бір белесі болып
таңбаланып қалды. Бұларды ұмыта алмаймыз. Қайта-қайта
соған үңіліп, көңіл соған қарай соғады. Бұл әліпбилердің
соңына қайта-қайта үңіліп, олардың жанымызға жақындығын
сезінгендей боламыз. Білімімізді көтеріп, сауатымызды аша
түскен кириллицаға риза бола отырып, орыстанып бара
жатқан ұрпағымыздың болашақ тағдырын ойлап күйзелеміз.
Ұрпақ болашағын ойламайтын ел бола ма, тәйірі. Әліп-
би мәселесінің қайта-қайта күн тәртібіне шыға беруінде
де осындай негіз бар. Әсіресе, латын әліпбиінің жырының
жырланғанына 20-30 жылдай уақыт болды. Неге көтеріле
береді бұл мәселе. Әрине, әліпби өзгерту оңай шаруа емес.
Алайда тарих алдында жіберіп алған қатені түзетпеу зиялы
қауымға кешірілмес күнә.
Бірақ зиялы қауым әлі күнге бір бәтуаға келе алмай отыр.
Уақыт өтіп барады. Бір келісімге келетін кез келді. Латын
жазуының иі мен илеуі әбден қанды деп білемін. Жазу
бүгінгі біздер емес, болашақ үшін біз жасап кетуге тиісті
шаруамыз. Латын жазуының барлық үлгілері саралана келе
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл
білімпаздары жасаған бір-екі нұсқасы дайын тұр. Соған
тоқтап, кесімді пікір айтар шақ туды.
52
Сонымен бірге «Ана тілі» апталығының бір бетін тек
латын жазу үлгісіне арнап, біртіндеп оқырманды таныстыра
берген мақұл болар еді дейміз.
– Қазақ тілі ағылшын, орыс тілдерінің тасасында
қалып бара жатқан жоқ па? Жалпы бүгінгідей жаһандану
дәуірінде дамып, қанат жаюға бет алған қазақ тілінің
қолданыс аясына көңіліңіз тола ма?
– Ана тіліңді тастап, бірден ағылшын, орыс тіліне көш
деп отырған кім бар. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей,
үрей шақырғанша өзіңе-өзің берік бол. Өз тіліңнің тұғырын
бекітіп ал да, ағылшын тілін құрықта, орыс тілін сәйгүлікше
мініп ал. Одан нең кетті? Ұтылған жерің қайсы?! Қайта, үш
тілді білу арқылы үш құр атқа мінгендей жайнай түспейсің
бе? Елбасының алысты болжайтын көрегендігінің бір тұсы
осы. Алдағы аласапыран заманда қазағының өз үлесінен
айырылып қалмау қамын жеп отырған жоқ па? Үш тіл
білсең қазынаң, ал ана тілің негізің, негізінен айырылып
қалмау әрбір азаматтың өзіне байланысты емес пе? Өзге
тілдің тасасында қалып қою адамның ұлттық намысының
төмендігінен болса керек. Ендеше, намысыңды қайрай түс,
қазағым. Бәрі өзіңе, өзіңнің парасат-пайымыңа байланысты.
– Көшелердегі орыс және шетел тілдеріндегі атаулардан
көз сүрінеді…
– Ол рас. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған мәселенің
бірі. Мұны қадағалайтын арнайы мекемелер де бар. Тіпті
аудандық, облыстық әкімдіктерден артылатын ештеңе жоқ.
Баяғы салғырттық, селқостық. Әрбір аудан, әрбір облыс
басшыларының иек қағуынан қалмайтын мәселе ғой бұлар.
Ат қою мәселесіне ақша араласып, бүлдіретін болу керек.
Әсіресе үлкен қалаларда шетелше жазулардан көз тұнады.
Бұларды ретке келтіретін мезгіл жетті. Әкімдерге құлаққағыс
етеміз.
– Тіл заңына толықтырулар мен түзетулер енгізу
мәселесіне қатысты қандай ойлар айтар едіңіз?
– Сіз өте маңызды мәселені көтеріп отырсыз. Маған салса,
қолданыстағы Тіл заңына түзету енгізгеннен гөрі, жаңадан
«Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң қабылданғаны жөн
болар еді. Бірақ бұл заңның жолы болмай тұр.
53
Ал заңға толықтырулар жайына келсек, бұл мәселе де
жоғарыда аталған мемлекеттік комиссияның 2008 жылғы 27
қарашадағы отырысында талқыланған болатын. Сол жерде
өз ұсыныстарымызды бергенбіз. Соны тағы да осы жерде
келтіре кетейін.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасын-
дағы Тіл туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы:
1) Аталған Заңның 4-бабының екінші тармағын «Қазақ-
стан халқының тұтастығын нығайтушы фактор ретінде мем-
лекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір
азаматының тікелей міндеті» деген редакцияда жазу қажет.
2) Заңның «Орыс тілін пайдалану» деген 5-бабы мемле-
кеттік тілдің қолданылу ауқымын шектейтін және Заңның
басқа баптарын жоққа шығаратын болғандықтан, алынып
тасталғаны жөн. Өйткені Заңның 6-бабында ел аумағындағы
өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тілдеріне мемлекет тарапынан
жасалатын қамқорлықтар белгіленген. Елдегі орыс диаспо-
расының тіліне мемлекеттік тілмен бірдей құқық беру
республикада мекендеп жатқан өзге де диаспоралардың
наразылығын тудырады.
3) Заңның 8, 9, 10-баптары мемлекеттік тілдің қолданыс
аясын шектеуге бағытталған. Бұл баптардың мазмұны
бірін-бірі теріске шығарады. Орыс тілі мемлекеттік тілмен
ресми түрде тең қолданылады делінген. Ал мемлекеттік
органдар қабылдайтын актілерді, қажет болғанда басқа
тілдерге аудара отырып, орыс тілінде жүргізуге де болады
делінген. Міне, осы баптың кесірінен еліміздегі бүкіл
заңдар, нормативтік-құқықтық актілер алдымен орыс тілінде
дайындалып, кейіннен аудармашылар қазақ тіліне аударады.
Ісқағаздары да орыс тілінде жүргізіліп, аудармашылардың
көмегімен қазақ тіліне аударылады. Осының салдарынан
қазақ тілі тек аударма, қосалқы тіл сипатында қалып отыр.
Егер осы баптарға өзгеріс енгізбейтін болсақ, нормативтік
құжаттардың түпнұсқасы алдымен қазақ тілінде дайындалуы
мүмкін емес. Бұған осы Заңның аталған баптары ешбір
мүмкіндік бермейді. Сондықтан аталған баптардағы «орыс
54
тілі мемлекеттік тілмен ресми түрде тең қолданылады»
деген тармақтары алынып тасталуы тиіс.
4) Заңның 15-бабы «Қазақстан Республикасының жеке
және заңды тұлғалары жазбаша жасайтын барлық мәмілелер
мемлекеттік тілде жасалуы тиіс, қажет болған жағдайда басқа
тілдердегі аудармалары қоса беріледі» деген редакцияда
жазылуы тиіс.
5) Заңның 17-бабында да «қажет болғанда ғана орыс тілі
қолданылады» деп жазу керек.
6) Заңның 23-бабының 3-абзацы әлі күнге орындалған
жоқ. Онда мемлекеттік тілді білуі тиіс мамандар тізбесін
белгілеу жөніндегі арнайы Заңның қабылдануы міндеттелген
еді. Бұл Заң жобасы дайындалғанымен, түрлі кедергілерге
байланысты кейінге ысырылумен келеді. Осы бапты іске
асыру мақсатында арнайы Заң жобасының қабылданғаны
жөн деп санаймыз. Бұл Заңда меншік нысанына қарамастан,
барлық мекеменің халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын
қызметкерлері мен бірінші басшыларының, барлық
деңгейдегі депутаттардың қазақ тілін жетік білуі міндеттелуі
тиіс. Өйткені мекеменің бірінші басшысы қазақ тілін өзі
білмеген соң, өз мекемесінде қазақ тілінің өріс алуына
ықтиярлы болмайды. Өз қарамағындағы қызметкерлерден
құжаттарды орыс тілінде дайындауды талап етеді. Жекелеген
аудармашы немесе аударма бөлімін ғана ұстап, қазақ тілін
аударма тілге айналдырады. Ісқағаздары қазақ тілінде жүреді
деген алдамшы ғана тірлік болады. Бұл қазіргі кезде барлық
мекемеге тән жағдай. Бірінші басшы қазақ тілін білмей, сол
мекеменің басқа қызметкерлері істі қазақ тілінде жүргізеді
деген бос сөз. Өйткені басшы қазақша жақсы білетін
қызметкерлердің өзінің қазақша іс жүргізуіне мүмкіндік
бермейді. Сондықтан салдармен емес, себеппен күресуіміз
қажет. Аталғандарды қорыта келгенде, Заң баптарының бір-
біріне қайшы келу фактілерін барынша азайтуды қолға алған
жөн. Баптардың басым көпшілігінде қазақ тілі мен орыс тілі
қатар жүреді. Сондықтан жұртты әуре-сарсаңға салмай,
мемлекеттік тілдің тиісті басымдықтарын барынша нақтылау
қажет. Мәселенің басын ашып беру керек. Заңға енгізілген
55
өзгерістер мен толықтырулардың негізінде Әділет министрлігі
еліміздегі бүкіл заңдарды қайта қарап, онда мемлекеттік тілді
қолдануға қатысты баптардың болуын пысықтағаны жөн.
Былтыр «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң жобасы
дайындалғанымен, ол Парламентке ұсынылмай отыр.
Сондықтан осы Заң жобасын қайта жандандыру қажет деп
санаймыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқандар: Абылайхан Қалназар,
Дәулет Қанатбекұлы
Достарыңызбен бөлісу: |