ІІ тарау
Мен жауап қайыруға асықпай, қалияныма темекі толтыра бастадым.
Інімнің одан арғы саяхаты туралы не естідіңіз? – деп сұрады өз кезегінде сэр Генри.
Бар білерім мынау, – дедім мен. – Бұл туралы осы уақытқа дейін тірі жанға айтқан емеспін. Мен сол кезде-ақ естігем, олар Соломон1 патшаның кенішіне аттанды.
Соломон патшаның кенішіне! – деді екеуі бірдей таңырқай дауыстап.
Ол қайда?
Білмеймін, – дедім мен. – Ұзынқұлақтан ғана естігенім бар. Рас, бірде əлдеқандай бір асқар таудың сеңгірін көзім шалған еді. Соломон кеніші соның ар жағында-мыс деп естідім; бірақ мен кірген тұстан ол тауға дейінгі аралық жүз отыз миль бетпақ шөл болатын; менің білуімше, бұл шөлді бұрын-соңды ақ нəсілді жалғыз адамнан басқа бірде-бір тірі пенде кесіп өткен емес. Бəлки, сіздерге Соломон кеніші туралы естіген аңызымды əңгімелеп беру қажет шығар? Ол үшін осы арада айтылған сөздің ешқайсысын менің рұқсатымсыз тістен шығармауға уəде бересіздер. Келісемісіздер бұған? Мұндай өтініш жасауға аса маңызды себептерім болып отыр.
Сэр Генри келіскен рай танытып, басын изеді.
Əрине, əрине, – деді капитан Гуд те.
Ал онда тыңдаңыздар, – дедім мен. – Бəлки, естулеріңіз бар шығар, піл аулаушы аңшылар – тұрпайы, дөкір халық, күнделікті тұрмыс мəселесі, кафрлардың əдет-салты сияқты басқа ештеңеде шаруасы жоқ. Рас, ара-тұра олардың арасынан түземдіктердің ескі аңыздарын жинастырып, таңғажайып құпияға толы осы бір елдің көне тарихынан үзік-үзік болса да мағлұмат алғысы келетін кісілер ұшырасады.
Соломон кеніші туралы аңызды мен алғаш, міне, осындай адамнан естідім. Бұл – бұдан отыз жылдай бұрын, менің Матабеле Жерінде піл аулауға шыққан сапарымда болған жай. Ол адамның аты – Иванс еді.
Байғұс келер жылы қаза тапты. Ажалы жаралы буйволдан келді. Замбезидегі сарқырамалардың маңына жерленді.
Əлі есімде, бірде түнгі тыныста Ивансқа қазір Трансваальдің Лиденбург ауданы аталатын өлкеде куду1 жəне канну2 бөкендерін аулап жүріп, күтпеген жерден кен өндірісі болған орындардың үстінен түскенімді айттым. Естуімше, алтын іздеушілер жақында бұл кен орындарын жаңадан ашқан көрінеді, ал мен оны баяғыдан білетінмін. Бітеу жартасты қақ жарып, қара жол салынған, ол жол кен қазу нəтижесінде пайда болған үңгірге барып тіреледі. Үңгірдің ішінде ұсатуға əзірленіп қойылған алтын жынысты тастар үйіліп жатыр.
Бұған қарағанда, белгісіз жұмысшылардың кен орнын асығыс тастап шыққаны байқалады. Əлгі үңгірдің түп жағында көлденең қазылған, қабырғалары асқан шеберлікпен мықтап шегелделген тағы бір үңгір бар.
“Ал енді, – деді Иванс, – мен саған бұдан да гөрі таңғаларлық бірдеңе айтып берейін”.
Содан соң ол маған алыста, елдің ішкі түкпірінде жүрген шақта ойламаған жерден қираған көне қаланың үстінен түскенін айтты. Оның ойынша, бұл – библияда айтылатын Офир шаһары болса керек. Иванс байғұс қаза тапқан соң көп уақыттан кейін ғалым адамдар бұл пікірдің ақиқаттығын дəлелдеді.
Иванстың ғажайып əңгімесін демімді ішіме тарта, үлкен құмарлықпен тыңдағаным есімде, ол кезде мен жас едім, осы өлкеде болған көне өркениеттер, мəдениеті кері кетіп, қайтадан жабайы қалыпқа түскен өңірден иудей жəне финикия авантюристері өндіріп алған қыруар қазыналар туралы əңгіме менің қиялыма қатты əсер етті.
Кенет Иванс менен:
Достым, Мушуклумбве Жерінің1 солтүстік-батысындағы Сүлеймен тауы туралы естігенің бар ма? – деп сұрады.
Мен ештеңе естімегеніміді айттым.
Міне, – деді ол, – дəл сол жерде Соломон патша қазған кен өндірісінің орны бар. Мен Соломонның алмас кенішін айтам.
Оны қайдан білесің? – деп сұрадым мен.
Оны қайдан білем? Білмейтін несі бар екен! Сүлеймен – бұрмаланып айтылған Соломон деген сөз емес пе. Жəне бұл туралы маған Маника Жеріндегі бір изанузи кемпір айтқан еді. Осы таудың ар жағында тұратын халық – зұлыстардың4 бір бұтағы, зұлыс тілінде сөйлейді, бірақ олар кəдімгі зұлыстармен салыстырғанда денелілірек, əрі сұлу келеді, – деді маған бақсы кемпір. – Олардың арасында дəулескер сиқыршылар көп. Ал бұл сиқыршылар құпия өнерді жер-дүние тегіс қаратүнек болған бағзы, бағзы заманда ақ адамдардан үйреніпті-мыс. Оларға “жалтылдақ тастар” шығатын кен орындарының құпиясы да жақсы мəлім көрінеді”.
Бұл əңгіме маған қызықты болғанымен, қисынсыз көрінді, өйткені ол кезде алмас кені əлі ашылмаған еді. Екеуіміз айырылысып кеткен соң Иванс байғұс көп ұзамай-ақ қазаға ұшырады, айтылған əңгіме сол жерде қалды.
Арада жиырма жыл өткен соң, ал бұл, мырзалар, өте көп уақыт, піл аулау – аса қатерлі кəсіп, соншама уақыт пəле-қазадан аман жүру – бірлі-жарымды адамның ғана үлесіне тиетін сирек бақыт. Сонымен, арада жиырма жыл өткен соң Сүлеймен тауы, оның арғы бетінде жатқан ел туралы əуелгіден гөрі нақтырақ əңгіме естідім.
Маника Жерінің сыртындағы Ситанди краалінде жатқам.
Бұл – азық-түлігі тапшы, аңы, құсы жоқ бір оңбаған жер. Безгекке шалдыққам, хəлім нашар еді.
Міне, сол кезде Ситандиге қасында жалғыз-ақ қызметші метисі бар бір португал келді. Айта кету керек, мен Делагоалық2 португалды жақсы білетін ем, өз құлдарының қанын сорып семірген мұндай жалмауыздар жер бетінде жоқ шығар.
Алайда бұл – маған сыралғы жандардан мүлде өзгеше кейіптегі адам еді. Өзім кітаптардан оқыған сыпайы испандарға ұқсас көрінді. Қара көз, ширатылған бурыл мұртты, ұзын бойлы, арықша кісі. Мен ептеп португалша түсінетінмін, ол ағылшынша шəлдіректеп сөйлейді екен, екеуіміз біраз əңгімелестік. Ол маған өз атының Хозе Сильвестр екенін, Делагоа шығанағының маңында меншікті жері барын айтты.
Ертеңіне, метис қызметшісімен бірге жолға аттанар сəтінде басындағы қалпағын алып, қадыми əсем рəсіммен қоштасты.
Көріскенше, сеньор, – деді ол. – Егер тағдыр жазса, сізбен қайта кездесерміз, ол кезде мен əлемдегі ең бай адам болам жəне сізге шапағатым тиер.
Бұл сөзге көңілім жадырап қалды, ауру əсерінен қарқылдап күлерлік шамам жоқ еді.
Əйткенмен, мен оның батысқа, медиен шөлге бағыт алғанын көрген соң, өзінің ақыл-есі дұрыс па, ол жаққа не іздеп барады деген ойға келген едім.
Арада апта өтті. Мен дерттен айықтым. Кешқұрым өзіммен қоса алып жүретін кішкентай шатырымның алдында, əйтеуір, адал іс аты бар шүйкедей құстың шибиген сирағын мүжіп – жай уақта осындай құстың жиырмасына татитын бір кез матаға əлдебір түземдіктен сатып алған асыл тағамым еді, – шетсіз, шексіз шөл тұңғиығына батып бара жатқан, балқыған темірдей қып-қызыл күнге қарап отырғам. Кенет, қарсы алдымдағы, менен үш жүз ярдтай жердегі төбенің бетінен əлдебір адамға көзім түсті. Киіміне қарағанда еуропалық тəрізді.
Əуелде төрт тағандап, еңбектеп келеді екен, содан соң түрегелді де, тəлтіректей басып біраз жүрді. Сосын қайтадан құлап, манағыдай еңбектеуге көшті.
Бейтаныс адамның мүшкіл хəлін аңдаған соң мен оған көмектесуге өзімнің аңшыларымның бірін жібердім. Ол көп ұзамай жаңағы адамды алдыма жеткізді. Сөйтсем, бұл – қалай ойлайсыздар, кім екен?
Əрине, Хозе Сильвестр! – деді капитан Гуд оқыс дауыстап.
Иə, Хозе Сильвестр, дəлірек айтсақ, соның құр сүлдері. Безгектен өңі сартап болған. Арықтығы соншалық, қара көздері ұясынан шыға жаздап бақырайып кетіпті. Сап-сары тері астындағы сүйектері жіліктеп санап аларлық. Шашы аппақ қудай.
“Су, су, құдай үшін су!” деді ол ыңырсып. Ерні жарылған, тілі қап-қара боп, ісіп кеткен екен. Мен оған аз-маз сүт қосылған су бердім. Аптыға жұтып, екі квартын1 бір-ақ ішті. Бұдан артық беруге қорықтым.
Содан соң безгегі ұстап есінен танды да, Сүлеймен тауы туралы, асыл, алмас тастар туралы, бетпақ шөл туралы сандырақтай бастады. Мен оны өзімнің шатырыма жатқыздым да, хал-қадерімше азабын жеңілдетуге тырыстым.
Əрине, менің қолымнан келетін қайран аз еді. Ақыры немен тынатынын көзбен көріп отырмын.
Сағат он бір шамасында біраз тыншыды. Мен де төсегіме жантайдым.
Таң бозара оянған едім, алакөлеңкеде оның аруақ сияқты сүлдесіне көзім түсті. Басын көтеріп отыр екен. Шөл жаққа қадала қарап қалған. Кенет, жаңа туып келе жатқан күннің алғашқы шапағы алдымызда керіліп жатқан иен шөлді нұрға бөледі де, бізден жүз мильден астам арыда тұрған Сүлеймен тауының ең биік шоқыларының бірінің басына түсті.
“Əне! – деді кенет тірі аруақ португал тілінде, қызара құлпырған алыс шыңдарға қарай өзінің ұзын, арық қолын созып. – Əне! Бірақ мен ол араға енді ешқашан да жете алмақ емеспін! Ешқашан да! Жəне оған ешқашан ешкім жете алмайды! – Кенет ол үнсіз қалды. Əлденеге ойланып тұрған тəрізді. – Достым, – деді сəлден соң маған қарай бұрылып, – сіз осындамысыз? Менің көзім қарауытып барады”.
“Иə, – дедім мен. – Мен осындамын. Жатып дем алыңыз”.
“Мен ұзамай-ақ дем алам, – деді ол. – Дем алуға жетерлік уақытым болады. Біржола дем алам. Мəңгі бақи тыншимын. Достым, мен өлемін. Сіз маған көп қайыр жасадыңыз. Мен сізге бір құжат берем. Менің жəне бейшара қызметшімнің басын жұтқан шөл арқылы өтетін азапты сапарға шыдасаңыз, бəлки, сол араға жетіп те қаларсыз”.
Содан соң қойнын ақтарды да, қылышты бөкеннің терісінен жасалатын бурлардың темекі сауытына ұқсас бір нəрсе алды. Сыртынан біз “римпи” деп атайтын тері таспамен шандып байланған екен. Өзі шешпек болып еді, дəрмені жетпеді.
“Байлауын шешіңіз” деп маған берді. Мен өтінішін орындадым.
Сауыттың ішінен бетіне темір таты түстес сиямен əлденелер сызылып, əлденелер жазылған, əбден сарғайып кеткен, жұлым-жұлым бір жапырақ мата шықты, арасында бір жапырақ қағаз бар.
Ол ерні əрең қыбырлап, дерт жеңген, əлсіреген баяу үнмен сөзін жалғастырды.
“Қағаз бен матаға жазылған жазудың мазмұны біреу-ақ. Осының бəрін танып, оқу жолына мен талай жыл өмірімді сарп еттім. Ал тыңдаңыз. Менің бабам, Лиссабоннан шыққан саяси эмигрант – осы жағалауға түскен алғашқы португалдардың бірі болған. Бұрын-соңды ақ адамның аяғы басып көрмеген таулардың арасында өлім аузында жатып осы құжатты жазған – сол кісі. Аты – Хозе де Сильвестра. Бұдан үш жүз жыл бұрын жасаған адам. Таудың бер жағынан күтіп алуға тиіс құлы оның өлігін ғана тауыпты да, Делагоадағы үйге хат пен картаны əкеліпті. Содан бері бұл құжат атадан балаға мирас боп үйде жата береді, ешкім оны оқуға тырыспайды. Ақыры, құпияның кілтін мен таптым. Есесіне өмірімді беріп отырмын. Бірақ бұл деректер екінші бір адамның бақытқа жетуіне, оның дүниедегі ең бай адам болуына себін тигізуі мүмкін. Тек бұл қағазды бөтен ешкімге бермеңіз, ол жаққа тек өзіңіз ғана аттаныңыз!”
Байғұс қайтадан сандырақтай бастады. Бір сағаттан соң бəрі де бітті. Жаны жəннатта болсын! Өлімді сабырмен қарсы алды. Терең қазып көмдім де, қабірді шибөрілер аршып жей алмайтындай етіп үлкен тастармен бастырып қойдым.
Ізінше өз жөніммен кеттім.
Ал құжатты қайттіңіз? – деді мені қызыға тыңдаған сэр Генри.
Иə, иə, бұл құжаттарда не жазылған екен? – деді капитан Гуд.
Жақсы, мырзалар. Қаласаңыздар, мұны да айтып берейін. Құжаттарды ешкімге көрсеткен емеспін, ал мен оқытып, аудартып алған маскүнем кəрі португал саудагері оның мазмұнын ертеңіне-ақ ұмытып қалды. Құжаттың түпнұсқасы – ескі мата мен сол матадағы жазудың дон Хозе байғұс жасаған аудармасы менің үйімде, Дурбанда қалды. Бірақ жанымда оның ағылшынша тəржімасы жəне картаның, егер мұны карта деп атауға болатын болса, көшірмесі бар. Міне, мынау. Ал тыңдаңыздар.
“Мен, Хозе Сильвестра, 1590 жылы, өзім Сау-ханшаның1 Анары деп атаған қыземшек таудың түстік биігінің терістік жақ құлай берісіндегі іші қардан таза кішкене үңгірде аштан өлгелі жатып, үстімдегі киімнен жыртып алынған алақандай матаға сүйектің сынығын қалам, қанымды сия етіп, үшбу хат жаздым. Менің құлым осында келген кезде осы хатты тауып алып, Делагоаға апарса, менің досым (аты танылмады) хатта айтылған жайттарды корольге хабарласын. Король көп əскер жіберсін. Ол əскер шөл мен таудан аман өтіп, ержүрек кукуан қолын талқандап, жын-сиқырды ауыздықтаса – бұл үшін көп етіп діни қызметкерлерді ала жүру қажет, короліміз Сүлеймен заманынан бергі ең бай əмірші болмақ. Мен Ақ Ажалдың ар жағындағы Сүлейменнің қазына тыққан қоймасында тау боп үйіліп жатқан асыл тастарды өз көзіммен көрдім, бірақ дуагерлер аңшысы Гагуланың зұлымдығы нəтижесінде олжадан қағылдым, тіпті өз басымды əрең алып шықтым. Ол жаққа аттанған адам осы картада сызылған жолмен жүріп өтсін де, қар мен мұзды басып, Сау-ханшаның сол Анарына шықсын.
Биіктің терістік бетінен Сүлеймен салған Даңғыл жол басталады. Король иелігі осы арадан үш күндік жерде. Гагула өлтірілсін. Менің атыма дұға оқыңыздар. Хош. Хозе да Сильвестра”.
Мен құжатты оқып болып, кəрі португалдың қанын сия етіп, күш- қуаты тайған əлсіз қолдарымен сызған картасының көшірмесін көрсеткен соң каюта ішінде өлі тыныштық орнады. Əңгіме екеуіне де қатты əсер еткен еді.
Иə, – деді ақырында капитан Гуд. – Мен жер жүзін екі рет айналып өттім, болған жерім де, көрген хикметтерім де көп, бірақ күні бүгінге дейін осы іспеттес əңгіме естісем, мүрдем кетейін.
Иə, бұл ғаламат қорқынышты хикая, мистер Куатермэн, – деді өз кезегінде сэр Генри. – Əрине, сіз бізді мазақ етіп тұрмаған боларсыз? Мен білем, кей-кейде жаңадан келген адамдарды бүйтіп қалжыңға айналдыру айып саналмайды.
Егер олай ойласаңыз, сэр Генри, бар шаруамызды осымен тəмамдайық, – дедім мен шамданып. Қағаздарды қалтама салдым да, кетуге беттеп, орнымнан тұрдым. – Мен өзімді жұрттың өтірік айтуды өнер көретін, жаңадан келген адамдардың алдында ешқашан басынан
кешпеген таңғажайып аңшылық хикаяларын айтып мақтанатын ақымақтардың қатарына қосуын қаламаймын.
Сэр Генри басу айтқан раймен, өзінің үлкен қолын менің иығыма салды.
Отырыңыз, мистер Куатермэн, – деді ол. – Кешіріңіз мені. Əрине, жалған сөйлемейтініңізді жақсы білем, бірақ ойланып көріңізші, сіздің əңгімеңіздің ғажайыптығы соншалық, оның ақиқаттығына күмəндану
əбден табиғи нəрсе.
Карта мен құжаттың түпнұсқасын Дурбанға барғанда көресіз, – дедім мен аз-маз сабама түсіп. Шынында да, өзім айтқан əңгімені ақылға салып қарасам, сэр Генридің сөзі қисынды. – Алайда, – дедім мен қайтадан орныма отырып, – сізге ініңіз туралы əлі ештеңе айтқам жоқ. Мен оның сапарға бірге аттанған қызметшісі Джиммен таныс ем. Өте есті түземдік кісі. Бечуандық. Жақсы аңшы-тын. Онымен мистер Невилль аттанар күні таңертең сөйлестім. Менің күймемнің қасында, қалиянға арнап темекі кесіп тұр екен.
Джим, – дедім мен, – қайда барасындар? Піл аулауға ма?
Жоқ, баас1, – деді ол. – Біз піл сүйегінен гөрі құндырақ бірдеңе іздеуге шықтық.
Бұл не болуы мүмкін? – деп сұрадым мен əуестігім қозып. – Алтын ба?
Жоқ, баас, алтыннан гөрі қымбатырақ нəрсе, – деді де, жымиып күлді.
Мен бұдан ары ешқандай сауал қоймадым, əуесқой адам боп көрініп, қадір-қасиетімді түсіргім келмеген. Əйткенмен де, жаңағы сөздер маған əсер еткен еді. Кенет Джим темекі турағанын қойды.
Мен естімеген сыңай таныттым.
Баас, – деді ол қайталап.
Иə, достым, не шаруа? – дедім мен.
Баас, біз асыл тас іздеуге шықтық.
Асыл тас іздеуге? Онда сендер мүлде қиыс кетіп барасыңдар – кенді жыныстар жаққа беттеу қажет.
Баас, Сүлеймен тауы туралы бұрын-соңды естуіңіз бар ма?
Иə.
Сол жақта алмас, асыл тастар көп деп естіп көрдің бе?
Бұл туралы əлдебір сандырақ əңгімені құлағым шалғаны бар, Джим.
Бұл сандырақ емес, баас. Мен сол жақтан өтіп, Натальға жеткен бір балалы əйелді көріп едім бағзы кезде. Маған сол айтып еді. Қазір ол əйел өліп қалды.
Джим, – дедім мен, – егер сенің қожайының Сүлеймен еліне барам деген райынан танбаса, ит-құсқа жем болуы анық. Сен де сол кепті киесің, əрине, сенің қу сүйегіңнен олардың тіс, тырнағына ілінер бірдеңе табылса.
Ол езу тартты.
Мүмкін, баас. Бірақ өлімсіз пенде жоқ. Жаңа бір кəсіппен бақ сынап көрейін. Жуықта бұл арадағы піл жойылып бітеді.
Онда мейлің, достым, – дедім мен. – Көп ұзамай-ақ “қуқыл өңді ақ шалдың”1 тырнағы сенің сорайған кеңірдегіңе ілінеді, қалай сайрағаныңды сонда көреміз.
Жарты сағаттан соң жолға аттанып бара жатқан Невилльдің күймесін көрдім. Анадай жерге шыққан соң кенет Джим кері бұрылып, маған қайта жүгіріп келді.
Тыңда, баас, – деді ол, – қоштаспай кетуге дəтім шыдамады, сірə, сенің айтқаның жөн болар: біз ешқашан қайтып оралмаймыз.
–Сенің қожаң шынында да Сүлеймен тауына аттана ма, əлде сен өтірік айтып тұрмысың?
Жоқ, – деді Джим. – Шыны солай. Қайтсем де дəулет құрауым керек дейді. Асыл тастар іздеу арқылы талайын сынамақ.
Сəл аялдай тұр, Джим, – дедім мен. – Қожайыныңа хат ал. Бірақ уəде ет, Айнайтиге жеткенде ғана бересің (Бұл осыдан жүз мильдей жер еді).
Жақсы, – деді Джим.
Мен бір жапырақ қағаз алдым да: “Ол жаққа аттанған адам... қар мен мұзды басып, Сау-ханшаның Анарына шықсын. Биіктің терістік бетінен Сүлеймен салған Даңғыл жол басталады”, деп жаздым.
Мəселе былай, Джим, – дедім мен. – Қағазды қожайыныңа берген кезде осында айтылған жөннен таймау керектігін ескерт. Ұмытпа, қағазды қазір бермейсің, өйткені мен қайта оралып, жауап қайырғым келмейтін сауалдармен басымды қатырғанын қаламаймын. Ал бар енді, жайбасарым, күйме көз ұшына кетіп қалды.
Джим хатты алды да, күйменің соңынан жүгіре жөнелді.
Міне, сэр Генри, сіздің ініңіз туралы менің бар білетінім осы. Бірақ мен қорқамын, сірə...
Мистер Куатермэн, – деді сэр Генри менің сөзімді бөліп, – мен інімді іздеуге аттанам. Оның ізін қуып, Сүлеймен тауына дейін барам, қажет болса, одан да ары кетуге əзірмін. Іздеп тапқанша, не өлгеніне анық көзім жеткенше тоқтамақ емеспін. Сіз менімен бірге жүремісіз?
Мен, жоғарыда айттым ғой деймін, өте сақ, оның үстіне монтаны, жұпыны адаммын, сондықтан күтпеген ұсыныс əрі таңырқатты, əрі қорқытты. Менің пайымдауымша, мұндай сапарға шығу – қапысыз ажалға қарсы аттану. Басқа анау-мынауыңды былай қойғанда, мен ұлымның аяғын қаз басуына мүмкіндік жасауым керек-ті, сондықтан мұншама тез өле салмауға тиіс едім.
Жоқ, рахмет, сэр Генри, мен сіздің ұсынысыңызды қабылдай алмаймын, – дедім мен. – Кім үшін болмасын, менің байғұс Сильвестр досым киген кеппен аяқталатыны күмəнсіз, мұндай əумесер іске атсалысатын жастан өтіп кеттім. Менің жалғыз ұлым бар, оған сүйеніш керек, сондықтан басымды қатерге байлауға хақым жоқ.
Сэр Генри де, капитан Гуд те меселі қайтқандай басылып қалды.
Мистер Куатермэн, – деді сэр Генри, – мен алған ниетімнен қайтпаймын. Мен дəулетті адаммын. Көрсетер қызметіңіз үшін қанша сұраймын десеңіз де еркіңізде. Жəне қалған сомаңыз аттанып кеткенге дейін толық төленеді. Сонымен қатар біз қаза тапқан жағдайда балаңыз қаражаттан тарықпауы үшін қажетті шаралар тағы қолданылады. Осы айтылғандардың бəрінен қолға алған іске сіздің
қатысуыңыз қаншалық қажет деп есептейтінімді аңғарарсыз. Егер жолымыз боп, Сүлеймен кенішіне жетіп, асыл тастар тапсақ, барлығын Гуд екеуіңіз тең бөлісесіздер. Маған ештеңенің керегі жоқ. Біздің Сүлеймен кенішіне жетіп, қазынаға қарық бола қалатынымызға қатты күмəнданам, бұған үміт аз, жоқтың қасы. Бірақ жол бойы біз піл сүйегіне кенелерміз деп ойлаймын, оған да менің ортағым жоқ. Сіз маған өз шартыңызды қойыңыз, мистер Куатермэн. Жаңағының бəрінің үстіне, əрине, жол қаражаты менен.
Сэр Генри, – дедім мен, – маған ешқашан мұншама жомарт қолды ұсыныс жасаған емес, сондықтан кедей аңшының жақсылап ойланбасқа шарасы жоқ. Жəне бұрын-соңды мұндай үлкен іске араласпаған едім. Осының бəрін ойлап, салмақтау үшін біраз уақыт керек. Қайткенде де мен жауабымды кеме Дурбанға жеткенше берем.
Өте жақсы, – деді сэр Генри.
Мен екеуіне қайырлы түн тіледім де, өз каютама қайттым. Түнде баяғыда-ақ сүйегі қурап қалған Сильвестр байғұс
жəне асыл тастар түсіме кірді.
Достарыңызбен бөлісу: |