Ќорытынды емтиханныњ баѓдарламасы


Интертекстуалдық құбылысына қазіргі қазақ поэзиясынан мысал келтіріңіз



бет3/6
Дата22.12.2023
өлшемі43,47 Kb.
#142497
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6
Интертекстуалдық құбылысына қазіргі қазақ поэзиясынан мысал келтіріңіз

Интермәтінділік терминін әдебиеттануға 1967 жылы постструктурализм теоретигі Юлия Кристева енгізгені мәлім.
Интермәтін туралы тұжырымдардың астарында дәстүр, даму мәселелері жатқаны белгілі. Әдеби жанрлардың ішінде адамның көңіл күйіне барынша терең бойлайтын поэзияда бағзыдан ауысқан мәтін үзінділері адам баласы пешенесіндегі белгілі бір жайттың, оқиғаның яки көңіл-күйдің ұқсастығының, үндестігінің нәтижесі екенін ескерген жөн. Сан ғасыр азаттық үшін алысқан қазақ халқының басынан кешкен тарихы мен тағдыры ұлттық поэзияда таңбаланып қалды десе де болады. Туған жер, ел тарихы, оның қасіретті кезеңдері ақындар шығармашылығынан маңызды орын алған.
Серік Ақсұңқарұлының жырларында ұрпақтар сабақтастығын, уақыт байланысын арқау еткен поэтикалық идея туған дала және оның жыршысының бейнесі арқылы өрнектеледі. 1997 жылдың тамызында Қарқаралы ормандарының өртенгені белгілі. Осы өрт «Өрт менің өзегімді өртеп, жүрегімді қап-қара ғып тастады», – деп жазады ақын «Қарқаралым – қара орманым» өлең шоғырына кіріспесінде. Туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік ақынның Қарқаралыға арналған өлеңдерінің өн бойынан анық көрінеді. Ақын Қарқаралыдағы өртті ғана емес, бір кездегі қазақ жанындағы дертті де күңірене жырға қосады:
Дегелеңді дерт алды,
Қарқаралыны өрт алды.
Шыңырауда көзі біткен бұлақ – тұл,
Өзегіне өрт кеп түскен құрақ – тұл.
Алматыда
Көшесінде Саиннің
Ұлттық ұят бетін басып,
Жылап тұр.
Қара орман ұлт рухы мен киесінің символдық бейнесіне айналып, өрт те астарлы поэтикалық мән иеленген. Кешегі Мәдидей тағдыр иесі «Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп күңіренткен қазақтың бұл киелі мекенін Серік Ақсұңқарұлы:
Қарқаралы, қайда көктің жасындары, қайтейін,
Сенен бір өрт,
Менен бір дерт басылмады, қайтейін.
Пенделердің көзіндегі құрты болдың, қайтейін,
Салған өрт пен жанған өрттің жұрты болдың, қайтейін.
Ғаламдағы жалғыз пірім, Қарқаралы-ау, қайтейін,
Сенен – бір шер,
Менен – шемен тарқамады-ау, қайтейін...–
деп жырға қосады. Ақын өлеңінің өзегіне алынған Мәди зары енді бүгіннің ақынының қасіретіне ұласады. Кристева айтқандай, бұрынғы мәтін бүгінгі мәтінде дәйексөз мозаикасы болып сап түзегендей.
Кезекті қайталау үлгісімен өрілген бұл жолдар сыртқы айшығының әсемдігімен ғана емес, ішкі көркемдік мазмұнының тереңдігімен де ерекше. Ақынның көркемдік ізденісі дәстүрлі пішінді жаңғырта отырып, жаңаша ой айтумен дараланған. Қарқаралысын өрт алғанда жаны шырылдаған ақын:
Қара орманнан бұрын түсіп отқа кеп,
« – О,Тәңірім, өрт басарың жоқ па? – деп,
Сұрап едім, тіл қатпады ол маған,
Тұла бойым – содан бері соқпа дерт.
Шыбын жаным бір тіріліп, бір өлді,
Көкірегімнен көк аспанға жыр өрді, –
деп күңіренеді. Қазақы ұғымдағы қара орман, Тәңірі сияқты бейне сөздер ақынның қолданысында жаңаша түрленеді. 
Орхон жазбаларында «Төбемде Көк тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралыпты» деп тасқа таңбаланған жолдар ата-бабаларымыздың тылсымға толы кеңістікті пайымдаған танымын көрсетсе, қазақ поэзиясы көшінің көркін келтіріп жүрген бүгіннің ақыны Серік Ақсұңқарұлы:
Өмірде өлең дейтін сел де қалып,
Шеменнен бір арылдым,
Шерге қанып.
Көзімнің тірісінде тезге салды,
Аспанда – Көк Тәңірі,
Жерде – Халық, –
деп тебіренеді. Түркі нәсілі бас ұрған Көк Тәңірі биіктегі жаратылыстың көркем бейнесіне айналып, түрлене сипатталып, ұлттық поэзиямыздың өзегіне сіңгені белгілі. Діни аңыздардағы көк пен жер туралы әңгімелерден, Жазба поэзияда ұлы Абайдың «Күлімсіреп аспан тұр, жерге ойлантып әрнені», «Анамыздай жер иіп емізгенде бейне әкеңдей үстіңнен аспан төнер» деген әйгілі поэтикалық жолдарынан бастау алып барынша кең арнаға ұласты. Аспан мен жер бұл өлеңде, дұрысырақ айтқанда бұл ақында бірі абстрактылы бейне Көк Тәңірінің, екіншісі тұтасқан деректі бейне Халықтың тұрағы ретінде назарға алынып, өмірлік белестері мен асуларында осы екеуінің айрықша орны шабытпен жырланған:
Елу бес ел асырып өмір мені,
Көрпеге отырғызды төріндегі.
Аспанда – Көк Тәңірі,
Жерде – Халық,
Көзіме басқа түк те көрінбеді.
Бұлдырап артта қалып бұлаң жас та,
Айықпай тұрып алды тұман – баста.
Аспанда – Көк Тәңірі,
Жерде – Халық,
Дүниеден түк сезбедім бұдан басқа, – деп толғанады.





  • Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6




    ©emirsaba.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет