Жалпы алғанда, билік дегеніміз қоғамдағы тап, әлеуметтік топ, мемлекет, жеке адам, т.б. субъектілердің тарапынан өзіндік ерік-жігерді іске асырудағы қабілеттерін пайдалана отырып, адамдардың қызметі мен мінез-құлқына бедел мен мәжбүрлеу құралдары арқылы әсер ету деп түсінуге болады. Қазіргі саяси ғылыми әдебиеттерде кеңінен белгілі америкалық саясаттанушы Герберт Саймонның билік туралы пікірі таралған. Ол билікті ықпал етудің түрі, А-ның В-ға билік жүргізуі деп түсінген:
В-ның таңдауы мен әрекеттеріне А ықпал етеді;
В-ның таңдауы мен әрекетін А өз қалауынша өзгерте алады;
В-ның қарсылығын А тұқыртып тастауға қабілетті;
А мен В арасындағы 1, 2 және 3 пайымдауларда айтылған өзара қарымқатынас қандай да бір әлеуметтік құрылымның бір бөлігі болып табылады және тұрақты сақталып қалу үрдісіне ие.
Сонымен, билік барлық ғылыми анықтамаларда адамдардың өз ерік-жігерін (бедел, заң, күштеу) әртүрлі құралдар арқылы іске асыру тәсілі мен мүмкіндігі ретінде түсіндіріледі. Қоғамдық қатынаста биліктің пайда болуы мен жүзеге асырылуына төмендегі бөлшектердің болуы шарт:
1. Кем дегенде билік қатынасының жеке адамда немесе топтан тұратын екі өкілі болуы керек.
2. Билікті жүзеге асыру үшін оған бағынбаған жағдайда жазалау шараларын қолданатындығы жөніндегі басқарушының бұйрығы болуы тиіс.
3. Билікті жүзеге асырушыға билігі жүретін адамдардың бағынуы керек.
4. Бұйрықты берушінің оған құқы бар екендігін айқындайтын қоғамдық ережелердің болуы тиіс. Ол бұл бұйрық кімге қатысты болса, биліктің жүргізушіге бағынуға міндеттілігін айқындауға тиіс. Сонымен, саяси билік дегеніміз қоғамдағы адамдардың, не сол адамдардан құрылатын әртүрлі әлеуметтік және институционалдық субъектілердің ісәрекетінің бағытына, сипатына және мінез-құлқына экономикалық, идеологиялық, т.б. механизмдер арқылы ықпал ету, қабілет пен мүмкіндік.
Биліктің мәні оның көріністері арқылы белгіленеді, ол – басшылық, үстемдік, бағындыру, бақылау, ұйымдастыру, қадағалау. Осы тұрғыдан алғанда билік әлеуметтік түрлерді іске асыру құралы да бола алады.
Биліктің белгілері: 1) қоғамдық өмірді реттеушілік монополиялығы; 2) қоғамға және жеке адамға мәжбүр етудің мүмкіндігі; 3) үстемдік ықпалының басымдылығы; 4) басқарушылық аппаратының болуы. Билік күрделі қоғамдық құбылыс. Оның құрылымдық бөлшектері мыналар болып табылады: 1) үстемдік мүдде, 2) осы мүддені танытатын ерік, 3) мүддені іске асыруды қамтамасыз ететін құралдар. Оның өзінің қайнар көздері мен жүзеге асу құралдары бар. Билік – көп қырлы ұғым. Ол қоғам мүшелерінің арасындағы әлеуметтіктабиғи айырмашылықтарға, субъективті-объективті қарым-қатынастарға байланысты қалыптасады. Оның мақсаты – қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету, ал ішкі мән-мазмұны – үстемдік пен бағыныштылықты орнықтыру.
Экономикалық, саяси, құқықтық, әскери, рухани және отбасылық билік түрлерінің арасында қоғамдық дамудың ұйытқысы әрі саяси күрестің негізгі нысаны болып саналатын мемлекеттік биліктің маңызы ерекше. Өкіметтің ерікқалауын топтастыру, айрықша басқару аппаратын иелену, арнаулы органдар дербестігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тұрмысты тәртіпке келтіру ісіне дара иелік ету, қоғам мен жеке тұлға қарым-қатынасында мәжбүрлеу мүмкіндігіне жету билікке тән белгілер болып табылады. Субъектінің мақсатына орай биліктің нысанына ықпал ету үшін пайдаланылатын құралдардың барлығы «билік ресурстарын» құрайды. Мысалы, қоғамдық өндіріс пен тұтынуға қажетті материалдық игіліктер, ақша, құнарлы жерлер, пайдалы қазбалар, т.б. – биліктің экономиялық ресурсы, ал әлеуметтік, әскери, т.б. ресурстарды туындатушы әмбебап қор саналатын адамзат баласы демографиялық ресурс ретінде бағаланады. Саяси биліктің өз ерекшеліктері бар.
Біріншіден, адамдардың үлкен тобының мүддесін қорғайды, ол топтың қоғам экономикасындағы рөлі басым болады да, қоғам сол топ мүддесі тұрғысынан басқарылады.
Екіншіден, қоғамдағы басшылық көбінесе сол топ өкілдерінің қатысуымен мемлекет, қоғамдық-саяси ұйымдар мен саяси көсемдер арқылы жүргізіледі.
Үшіншіден, саяси биліктің арнайы басқару ісімен шұғылданатын ерекше кәсіби топтар болады. Саяси билік қасиеттерінің бірі – оның ең жоғарғы, басты айқындаушы, шешуші күш ретіндегі ықпалы. Екінші қасиет – биліктің иерархиялық сипат 16 алуы. Үшінші қасиет – үстемдікті шоғырландыруға және монополизациялауға ұмтылу. Саяси билік қоғамда көбінесе мемлекеттік билік арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік билік – саяси биліктің бір түрі. Мемлекеттік билік белгілі бір территорияда ерекше аппарат арқылы жүргізіледі, өзінің күштеу аппаратына сүйенеді және монополиялық сипат алады. Биліктің функциялары Ұйымдастырушылық функциясы. Билік адамдар қауымдастығын белгілі бір тұтастыққа ұйымдастырады.Ол осы қауымдастық өзінің тіршілік әрекетін іске асыратын әлеуметтік кеңістікті қалыптастырып, қауымдастық агенттері арасындағы әлеуметтік қатынастардың дамуы мен олардың қажеттіліктерінің қанағаттануына қолғабыс етеді. Идеологиялық функция. Адамдардың тіршілік етуі саналы процесс болғандықтан, билік бірігіп тіршілік етудің керек екенін және қауымдастықта тәртіпті сақтаудың, оның тіршілік әрекетінің перспективаларын айқындаудың мәнін теориялық тұрғыда негіздейді.
Адамдар қауымдастығында іргелілігі мен қажеттілігіне орай билік бағалайтын саяси құндылықтар бар. Мәжбүрлеп көндіру функциясы. Биліктің бұл функциясы «агрессивтілігімен» сипатталады, ол мақсатты және бағынушыдан белгілі бір реакцияны талап етеді, өзінің еркін таңа отырып, шектеулер қою арқылы оның жүріс-тұрысын нормалайды. Мәжбүрлеп көндіру үшін билік жазалау, сондай-ақ марапаттау сияқты ықпал ету құралдарын пайдаланады. Келісім функциясы. Бұл функция биліктің маңызды функцияларының бірі. Билік төреші рөлін орындай отырып, дербес орган ретінде субъект-субъектілік қатынастар жүйесінде әрекет етеді. Басқару функциясы. Бұл функция біріктіруші сипатқа ие және белгілі бір дәрежеде жоғарыда сатылап өткен функциялардың барлығын қамтығанымен, олардың бірде-біреуіне жатпайды. тұтастай басқару процесінің сәттері, тараптары ретінде байқалады. Билік – басқарудың өзегі, басқару жауапкершілігін көрсететін оның белсенді әрі әрекетшіл бастамасы.