Жел күшін жинағандай ыңырана бастады. Енді едәуіршік боран болып қалып еді.
Ептеп жарық болды. Енді алдағы кетіп бара жатқан қойлардың дөңгелекше денелері де айқындалғандай.
«Таң...», — деп ойлады Отамалы.
Аяқтың астындағы жартылай мұз, жартылай қарға оранған жусандар мен көкпектер көріне бастады. Отамалы енді қойлардың орта шеніне дейін көз жеткізді. Қар әлі жауып, борап тұр. Жел ішін тартатын емес. Міне, қаптаған қойдың бүкіл өресі қарауытты. Алды маңдайдағы төбенің бауырына өрмелеп барады екен. Бәрінің де арқасында батырлардың сауыттарындай жалтырауық мұз бен аппақ қар.
Таң атты. Бірақ маңай буалдыр. Дұрыс ештеңе көрінбейді. Бәрі де түс көріп жатқандағыдай. Анық көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ. Қойлар буалдыр перденің ар жағында бара жатыр. Жердегі шөп, бұта да сол түс сияқты, белгісіз, буалдыр бояумен боялған. Қардың әлі еріп болмаған бөлігін жел көтере ұшырып, қойлардың үстін, төбелердің баурайын мұнарға бөктіріп барады.
Енді, шамасы, күн шыққан болу керек, жарық бір қалыпта қалды. Соның өзінде де бір төбеден әрі ештеңе көрінбейді. «Енді кішкене жүрсем, ауылға ілініп қалуым мүмкін. Қойларды ауыл сыртындағы кең жыраға қамап, лашыққа кіріп, демалуға, кептірінуге болады», — деп ойлап келеді Отамалы.
Қойлар ерімтік күрпік қардың үстімен, жіңішке аяқтарымен ою сыза, қаптап барады. Артта қалған оюларды жел аяусыз өшіргіштеп, қармен тегістеуде. Қойлар басын төмен салып алған, Отамалыға тек олардың мыңдаған дөңгелек құйрық-тары көрінеді. Олары бір төмен, бір жоғары шығып, ретсіз қимылдасады. Артта кейбір жерлерде қарайып қалып жатқан құмалақтарды жел әуелі бытыратып алады да, кейін қармен көмеді.
Жарық болғалы да біраз болды. Қар басқандықтан ба, төбелердің де түрі өзгеріп кеткен. Таныс төбелер бетін бүркеп, ақ шымылдықтың астында жасырынулы. Әлі қар қалың емес, бірақ таныс жыралар кездеспейді. Бәрі де ептеп өзгерген я жаңа ғана қозғалып, қайта қойылғандай.
Отамалының көңіліне күдік оралды. Осы шамада жерден бір уыс тас аралас топырақ алып байқап көріп еді, одан күдікті ештеңе таба алмады. Және шөптер де тап онша өзгеріп бара жатқан жоқ. Күнде кездесетін, осы маңайдың шөптері. Жу-сан, көкпек, ептеп баялыш, итсигектер, ескі қына...