Ол басындағы тымағын басыңқырап киді. Қолындағы таяғын оңтайлап ұстап, алға ентелей түсті.
Қойлар төбелердің баурайымен қалқып келеді. Маңай түтей бастады. Бұрын қар еріп, боран онша мықты болмай тұр еді, енді қар ұлпадай ұшуға айналды. Итсигектер мен жусандар көмілуге жақын, олардың да ысырылған қарды енді ұстай алатындай қауқары жоқ, тек қылтиып жіңішке ұштары қалыпты.
Қойлар бұрынғыдан да гөрі бір-біріне жабыса тығылып, бірінің-бірі бүйірлерін үйкелей, алға ұмтылады. Жақындағы қойлардың маңырағаны айқын естіледі. Күн түс болып қалған шығар. Енді Отамалы адасқанын анық білді. Бірақ ол мұны барлық дала адамдарындай салқынқандылықпен қарсы алды: үн қатпастан қойлардың соңынан ере берді. Қайырғанмен, қойлар бір ықтасынға жетіп алмай, сірә, тоқтамайды. Сондықтан алдына шығып та керегі жоқ. Мұз-қарға тиіп қайыс етіктің басы мүжіліп, ағарып барады.
Түстен кейін қар бұрынғыдан да гөрі түтіліп, маңай әлем-тапырық болып кетті. Осы шақта алдағы ешкілердің мүйіздері көміліп, қой тобының тең жартысы көрінбей қалды. Төбелер бірте-бірте терең судың түбіне батып бара жатқандай, бірінің соңынан бірі жоғала берді.
Отамалының шекпенінен жел әлдеқашан өтіп кететін еді, үстіне қатқан мұзы абырой болды. Бірақ етек пен мойыннан улеп, пәле боп тұр. Және башпайлары да удай ашығанын сездіре бастады.
Қойлар жүрісті үдетті. Отамалы бұрынғыдан да гөрі ентелеп желіп келеді. Енді айнала бірте-бірте қараңғылана бастаған сияқты. Қар көбейе берді.