Таңға жақын, қайдан келгені белгісіз, бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға лап берді. Жел шекпеннің етегін көтеріп, бөз көйлекті дүрілдетіп, Отамалының бүйірінен өтіп кетті.
Ол бірдеме деп күбір ете қалды. Әлгі жел жалғыз келген жоқ екен, аспанның сол жақ шетіндегі жұлдыздар жайын жұтқан шабақтардай жоғала берді.
Отамалы енді қойдың алдына шықты. Итін дауыстап шақырып, оны ық жаққа жөнелтті. Бірақ қойлар шашыраңқырап кеткен екен, тез қайырылып болмады. Аспандағы жұлдыздар сөнгіштеп жатыр. Бұлттар жабылған түндіктей аспанды