Белбеуіндегі шақпақ тас пен білтені алып, от тұтатты. Кепкен баялыш пытырлап, зу-зу етіп жана бастады. Үш жақты ошақтың жанында басын төмен салбыратып жіберіп Отамалы отыр. Оның үйінде ешкім жоқ-ты. Өзінің бар өмірін осы ескі ошақтың жанында өткізген. Ес біліп, етек жиғалы бай үйі осы ошақты еншіге беріп, жаман лашыққа көшіріпті. Сол лашық қазіргі тесіктерінен жұлдыз санауға болатын тозығы жеткен шұрқ-шұрқ киіздер де, сол ошақ осы алдындағысы.
Отамалы өмір бойы жалғыз келе жатыр. Ол үйленген жоқ. Бір рет, шамасы бұдан отыз жыл бұрын, мұның жігіт кезінде бай, қазіргі Жапанның әкесі, үйлендіремін деп бір айтып еді. Бірақ ол марқұм сөзін ұмытып кеткен болуы керек, артынан ауызға алмай дүние салды. Ал Жапанның мұнымен тіпті ісі болған жоқ. Қаншама ауылдармен қатар отырып, қаншама қасына сүрме жаққан, қолына сыңғыр білезік таққан қыздармен кездескенмен, Отамалы малы жоқ болғандықтан үндемеді. Сөйтіп жүріп елудің үстіне шығып та кетті. Өмірден бар көргені осы ошақ, лашық, иттері, байдың үйі. Отамалының дүние тануы осымен шектеледі. Бірақ ол кең даланың етене баласы еді. Ол қайғырғанда қарлығаштар маңайлап ұшып жұбатқандай болатын. Ол жадырағанда күн де күліп, нұрын шашатын. Төбелері, өзендер, қырқа-сайлар, жусан, қияқ, дала гүлі — мұның әкесі де, шешесі де, сүйген жары да еді.