Ол ішін жел кеулей бергесін, қаттырақ буынып алды. Шақпақ тасын, пышағын тағы бір ұстап көрді. Білте салған қалтаны қымтаңқырап жапты. Су болып қалса, от жаға алмайды ғой.
Жел баяғыдай зуылдап тұр. Қаттылығы соншалық, көздің тұсынан өткен қар қиыршығы көрінім жерге жеткенше құламайды, сол бағытпен ұша береді. Жел Отамалының шекпенінің етегін көтеріп, тізесін аймалайды. Жүн шалбардың тесіктерінен шапшып кіріп, денеге инедей қадалады. Бірақ Отамалы оны ойлап келе жатқан жоқ. Күдігі — ауыл бағдары. Шамасы, ауылдан тайыңқырап кеткен болуы керек, әйтпесе, жететін уақыты болған-ды.
Отамалы көп сескенбейтін. Егер таныс төбеге кездесе қалса, жөн табатыны анық. Тек қойларды желге қарай айдау қиын болатын шығар. Я бір жырада иіріп қойып, жел тынған соң айдап апаруға болады ғой. Көкек айында қар ұзақ жатпайды. Бір шай ішімнен кейін-ақ еріп сала бергенін көресің.
Ит те жарық болғасын тынышталыпты. Мұз қатқан құйрығын сүйретіп ық жақта келеді. Күн суыта бастағандай болды. Енді қар еріп жауғанын қойып, өзінің құрғақ қиыршық күйінде Отамалының шекпеніне тиіп, тық-тық қайта ыршып түседі.