Нахдж әл-Фарадис ескерткіші. Орта түркі дәуіріндегі құнды жәдігерліктің бірі-Махмуд бин Али ас-Сараидың “Нахдж әл-Фарадис” шығармасы. Біздің дәуірімізге бұл ескеркіштің бірнеше көшірмесі жеткен. Ең көне көшірмелері Стамбулда және Қырымда сақталған. Басқа да көшірмелері Татарстанда кездеседі. Ірі прозалық шығарманың мазмұны төрт тараудан тұрады: бірінші тарауда Мұхаммед Пайғамбардың өмірі мен қызметі суреттеледі, екінші тарауда Хулафай Рашиддиннің, Али мен Фатиманың және төрт имамның өмірі мен қызметі сипатталған, үшінші тарауда адамдардың игі істері, ал төртінші тарауда адамдардың зұлымдық істері кеңінен әңгімеленеді. Мұрағат Хорезмидің “Мұхаббат-намесінен” үш жылдан кейін, 1358 жылы жазылған. Бұл ескерткіш туралы ең бірінші 1885 жылы татар ғалымы Шихаб ад-дин Марджани хабарлаған болатын. Оның қолында “Нахдж әл-Фарадистің” ең көне көшірмесі болыпты. Өкінішке орай қазіргі таңда бұл көшірме із-түссіз жоғалған.
1930 жылы Ялта шығыс музейінің ғылыми қызметкері Якуб Кемаль 1928 жылы табылған Қырым көшірмесінен үзінді жариялады. Ялта көшірмесі 549 беттен тұрады. Әр бетте 13 жол бар. Орта ғасырларда көне Қырымдағы Салхат қаласы ірі мәдени орталық болатын. Я.Кемалдың пікірінше Қырым варианты осы қалада көшірілген. Қолжазба негізінен қырық бөлімге бөлінген, төрт тараудан тұрады. Қырым көшірмесінде бастапқы екі тарауы ғана болатын.
1928 жылы Зәки Уәлиди Тоған Стамбулдағы Яниджами кітапханасынан бұл шығарманың көнелеу көшірмесін тауып алды. З.У. Тоған Стамбул көшірмесін жан-жақты зерттеп, бұл шығарма Хорезмде жазылған деп қорытынды жасады. Стамбул нұсқасы Қрым нұсқасынан диакритикалық белгілері арқылы ерекшеленеді. Оны көшірген Мухаммад бин Мухаммад ибн Хосрау әл-Хорезмидің айтуынша шығарманың авторы көшірменің бітуіне үш күн қалғанда қайтыс болған.
Жақсы сақталған Стамбул көшірмесі 444 беттен тұрады. Әр бетте 17 жол бар. Жазуы анық. Насх үлгісімен жазылған. Харакаттары қызыл сиямен белгіленген. Мұның өзі харакаттардың кейін басқа біреудің қолымен қойылғанын көрсетеді. Көшірменің бір беттерінде оның ХҮ ғасырда Египетте болғаны туралы мәлімет бар. Яғни мамлюктардың дәуірінде Алтын Ордадан жеткізілгенге ұқсайды. Ал автордың шұбалаңқы есімінен оның Бұлғарға, Сарайға және Күрдеріге қатысы бар екені анық көрінеді. Күрдері - ортағасырлық Хорезмнің ен ірі мәдени орталықтарыныың бірі болды. Аталмыш ескерткіштің туралы Ә.Наджип мынандай мәлімет келтіреді: “Известно, что многие казахские племены и роды, входивщие состав “киши жуз”, в период создания этого памятника кочевали на нижнем Повольже. Среди этих племен был и род Курдер”. Бұндағы Күрдері дегені өзіміздің Кердері руы болуы керек. Бұл дәуір Жәнібектің баласы Бердібектің хандық құрған кезімен тұспа-тұс келеді. Автордың шыққан тегінің кердері руына қатысы бар сияқты. Бірақ бұл әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
Ал ескерткіштің тілі қарапайым стильмен, түсінікті тілде жазылған. Кейбір тарауларындағы сөз саптаулары өз дәуірінің көркем прозасының тамаша үлгісі десе болады. Оның тарихи-мәдени құндылығыда осында. Белгілі түркітанушы Н.А.Баскаков Алтын Орда мұраларын Египетпен ұштастыра отырып, шығыс алтынордалық з̣ (z) типті тіл, батыс алтынордалық және Мәмүлік – египеттік й типті тіл деп екіге бөліп қарастырады. Мұнда “Нахдж әл-Фарадис” шығыс алтынордалық з̣ типті әдеби мұралар қатарына енеді.
Жәдігерліктің лексикасында көнерген элементтер ұшырасады. Мысалы, авушқа “старик”, етмак “нан”, ас “жаулап алу”, ас-“ашығу”, егер “ер”, азақ “аяқ”, азақ “кесе”, азрыл “айрылу”, езгу “мейірімді”, ези “қожайын”, азіна-“жұма”, артынга “соңы”, ағыр “қадірлі”, ағырла-“сыйла”т.б.
Көне жазба мұраның тілін анықтауда тек оның лексикалық немесе фонетикалық қана ерекшелігі емесе, сонымен бірге морфологиялық та ерекшеліктерін ескерген жөн сияқты. Мұрағаттың морфологиясында да көне элементтер байқалады: андағ бітілліш “солай жазылған”; мысырға изабердім “мен оны Мысырға жібердім”; ман бу бітікіні бітмедім “мен бұл хатты жазған жоқпын”; сені өлдүрдүр біз “сені өлтіреміз”; мусулман болмышдан сонғ “исламды ол қабылдаған соң”; “хатину иіглайы башлады”әйелі жылай бастады” т.б.
Мұрағаттың лексикасы мен грамматикасында кейбір көне элементтердің, атап айтсақ тіс арасынан шығатын шуыл дыбыс з мен сөз соңындағы ғ-дыбысы, көне жалғаулардың кездесуі өз дәуірінің заңдылығы. Шығарманың тілінің түсініктілігі оның басқа тілдерге қарағанда қыпшақ тіліне жақын екенін аңғартады.
Бұл жазба ескерткіштердің қатарына көне қыпшақ тілінің кейінгі дәуірдегі дереккөздері ретінде тағы біршама жәдігерлікті қосуға болады. ХІV-ХVІ ғасырларда ыдыраған империяның орнында қалған түркі халықтарының ұлттық даралану үдерісі жүріп жатты. Осы кезеңдерде Орта Азия мен Қазақстан территориясында «Таварих гузида-и нусрат нама»(авторы белгісіз), Өтеміс қажының «Шыңғыснама»,Әбілғазының «Шежіре-и түркі», Жалайыр Қадырғали Қосымұлының «Жамиғ-ат тауарих» (Жылнамалар жинағы) атты еңбектері дүниеге келді.
«Жамиғ-ат тауарих» шығармасын татар ағартушысы Ибрагим Хальфин 1819 жылы Қазақ университетінің кітапханасына тапсырады. Бұл жәдігерліккке алғаш назар аударған шығыстанушы Х.Д.Френ болды. «Жылнамалар жинағын» ғылыми қауымға кеңінен таныстыруда шығыстанушы И.Н.Березин көп еңбек сіңірді. Ол шығарманың көшірмесін басып шығарып (1854ж.), тарихи тұрғыдан талдап, жоғары баға берді. «Жамиғ-ат тауарих» ескерткішін зерттеуде татар ғалымы М.А.Усмановтың еңбегі зор. Бұл еңбектің қазақ топырағында зерттелуі Ш.Уалихановтан басталады. Ш.Уалиханов шығармаларына берген түсініктемелерінде академик Ә.Марғұлан Қадырғали би еңбегінің деректік құндылығы туралы тың пікірлер берген. Ал этнограф-ғалым Э.А.Масанов бұл “Шежірені” қазақ-шағатай тілінде жазылған деп есептейді.
«Жамиғ-ат тауарих» жазба мұрасының транскрипциясын жасап, тілдік ерекшелігін зерттеуде академик Р.Сыздықованың еңбегі зор. «Шежіре» үш бөлімнен тұрады: 1) Борис Федоровичке арнау; 2) Рашид-ад-Дин еңбегінің қысқартылған аудармасы; 3) Орыс ханнан Оразмұхаммедке дейінге Шыңғыс тұқмдарының тарихы. Шығарма 24 дастанға бөлінген. Шежіренің тіл өте бай, шешендік сөйлеудің үлгілері мол. Мысалы, ... айналасы алты хан, төгүрегі төрт хан, иетімлерге рахым қылыб, чығайларны тойдүрған хан т.б. Бұл өз заманындағы ғылыми әдебиеттің үлгісі, тарихтан мәлімет беретін шығарма. Қадырғали бидің тілі қазақ тіліне өте жақын екені анық көрніп тұрады.
Академик Р.Ғ.Сыздықова “Жамиғат ат-тауарих” еңбегін тілдік тұрғыдан зерттеп шын мәнінде қазақ тіліне қатысын дәлелдеп, ескі қазақ жазба әдебиі тілі деп тұжырым білдірді139,137].
Алтын Орда дәуіріндегі көне қыпшақ мұралары көркем шығарма болса, ал “Жамиғ ат-тауарих” тарихты баяндайтын ғылыми әдебиет үлгісі. ХІV ғасыр жазба мұрағаттарының тіліндегі тұрақты тіркестер мен “Жамиғ ат-тауарих” тіліндегі тұрақты тіркестерде көптеген ортақтықтар мен ұқсастықтар бар. ХІV ғасыр ескерткіштерінде кездесетін йети иқлим ичинде, арслан йүрәк, қуш салды, раст сөз фразеологизмдері өзгерген күйінде “Жамиғ ат-тауарихта” (бұдан былай Жт) кездеседі: йети иқлим қашур (жан жақ), аш арслан тек, қуш чүйді, раст көңүл. Бұлар тура мағынасынан айырылып тұрақты эпитетпен жасалған.
Екі кезеңге ортақ күрделі атаулар да ұшырасады: ХІV ғасырда йылқы қара “жылқы үйірі” мағынасын берсе “Жт”-та туар қара “ірі мал” мәнін береді. ХІV ғасыр мұраларында ер қарындаш (ұл) қыз қарындаш (қарындас) күрделі атауларынан қарындаш сөз жалпы “ағайын, туыс, тайпалас” мағынасына қолданылғанын байқаймыз. “Жт”-да ер оғул (ер бала), қыз қарындаш (қарындас) атаулары бар.
“Қарындас” сөзінің “ел, жұрт, ағайын, туыс” мағыналары жыраулар поэзиясында да жиі ұшырасады.
“Мн”-де терминдік сипаттағы қоңрат уруғы, шабдиз уруғы, хан уруғы тіркестері “Жт”-ғы меркіт сүнәклік, керейт сүнгәклі сияқты адамның шыққан тегін білдіріп қазақ тіліндегі сүйегі байұлы, сүйегі арғын деген сияқты қолданыстарға ұқсас келеді. Бұлар фразеологизмдерден гөрі лексикаланған тіркестерге жақын.
ХІV ғасыр жазба жәдігерліктерінде етістік тіркестер өте мол. Олар есім мен етістіктен құралып, тұтас бір әрекетті білдіреді. Яғни сыңарларының біреуі, кейде екеуі де тура мағынасын жоғалтып, метафораланып бейнелі сипат береді. Мысалы, патшаһлық тайды (патшалық дәурен бітті), шерик тарт (жорыққа аттану), көңүл берді (көңіл қойды, есіне сақтады), ел бол (достасу), бір йашады (бір жасқа толды), йолдын азды, көңүл бағла (көңіл қой) тіркестері сәл-пәл өзгеріспен “Жт”-та да бар: падшаһлық тайды, ләшкәр тартты, көнүлде тут, ел бол (еркімен бағыну), бір йашады, йолдын чық, йаман көнүл бағла (жаман ниет ойлау) т.т.
Келесі бір маңызды кітап Әбілғазы Баһадур ханның “Шежір-и түрік” атты кітабы. Бұл “халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы …ру, тайпалардың өрбуін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми жазба шығарма” [ҚСЭ,12-т,231]. ХVІІ ғасырда жазылған, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін, әдеби және тілдік маңызы зор бұл ескерткішті, орыс ғалымдары А.Н.Кононов пен С.Н.Иванов зерттеді.
Қазақ топырағында Ғ.Айдаров пен Б.Әбілқасымов “Шежіре-и түрік” жәдігерлігінің жазылу, зерттелу тарихына шолу жасап, тілдік табиғатын қарастырды. Б.Әбілқасымов “Шежіредегі” тұрақты, бейнелі сөз тіркестерін арнайы зерделеді. (Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі.-Алматы: Арыс, 2001.-246 б.)) “Шежіре” тілінде толыққанды, бейнелі бір мағынаны білдіретін фразеологизмдер бар. ХІV ғасыр мұраларында от салу, ант ічті (ант ішу, уәде беру), умынчын үзді (күдер үзду), бойны берик (мықты, батыр) тұрақты тіркестері “Шежіреде” де сол күйінде кездеседі. Ал құлақ түт, қылычың йарар, ат қоймақ (шабуылға шығу), бойун сунду (бағыну), иүрәк тебрәнді, арқа чәвруб (сүйеніш ету) тұрақты тіркестері сәл-пәл өзгеріске ұшыраған күйінде “Шежіреде” қолданылады: құлақ салу, қылычдын өткерді, ат салу, бойун толғау, йүректері йарылғандай, арқа берді. Бұл екі дәуірде тұрақты тіркестердің дені есім мен естістіктен жасалып сыңарларының кейбіреулері көмескіленіп, мағыналары солғындап, тұтаса бастағаны байқалады.
Ал екі кезеңде қолданылған абадан болу//абадан қылу (тамаққа тойғызу), ғалыб келу (жеңу) тұрақты тіркестерінің бір компоненті (абадан) араб тілінен енген.
“НФ” ескерткішінен бір мысал келтірейік: айтур нәтәк ким отун сәбәб турур от йанмақға бу ғаммазлық сәбәб турур екки ким әрсә арасында душманлық оты йанмаққа. Осы сөйлемдегі үш компонентті “араздасу, ерегесу, қастық ойлау” мағынасындағы душманлық оты йану тұрақты тіркесі “Шежіреде” де сол күйінде қолданылған: Сүйініч ханның заманында мұғұл бірлән татар елінің арасында дұшманлығ оты андағ көб йанды.
Жоғарыда келтірілген салыстырма мағлұматтардан байқағанымыздай ХІV ғасыр мен ХVІІ ғасырдағы жазба мұрағаттар тілі бір-бірінен алыс емес, сабақтаса дамыған. Әр кезеңге сай ерекшеліктері болса да, тіл заңының тұрақтылық қасиетінің арқасында ұқсастықтарын бойына сақтаған. ХVІІ ғасыр “Шежірелер”-нің тілі орта ғасырдағы көне қыпшақ тілінің таза ұлт тіліне, қазақ тіліне жалғасуына көпір іспетті қызмет атқарған. ХІV, ХVІІ ғасыр ескерткіштерінің тіліндегі фразеологизмдер қыпшақ тайпаларының салт-санасын, ойлау жүйесін, ұлтқа жіктелу тарихынан сыр шертеді.
ХVІ ғасырдың бірінші жартысында жазылған Өтеміс қажының “Шыңғыснама” – қолжазбасы қазақ тарихы мен тілі үшін аса маңызды еңбек. Шығармада Жошы әулеті тарихы баяндалады. «Шыңғыснаманы» алғаш рет зерттеп, аударып, транцкрипцсиясын жасаған қазақстандық ғалым В.П.Юдин (1967) болды. Қолжазбаның лексикасы негізінен көне қыпшақ тілінің сөздік қорынан болғандықтан қазіргі қазақ тілімен ортақтықтары, ұқасастықтары көп.Сонымен қатар, моңғол империясының тарихы баяндалғандықтан моңғол сөздері де ұшырасады. Олар негізінен әскери-әкімшілік, дәреже атаулары. Ал туыстық атаулар түркі және моңғол тілдеріне ортақ келеді: нәбәрә, оғлының оғлы «немере», қарындаш «ағаын, туысқан», ұғыл, әулад «ұл», ата «әке», ана «шеше», зәғифә «әйел», қыз «қыз», аға «аға» т.б. Қазақ ғалымы Е.Ж.Өмірбековтің пікірінше, мұндай деректер қолжазбаның тілін қазақтың ескі жазба тілі деп тануға мүмкіндік береді
Достарыңызбен бөлісу: |