ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


Рабғузидің «Қисса –ул-әнбийа» ескерткіші



бет20/79
Дата20.04.2022
өлшемі1,31 Mb.
#31662
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   79
Рабғузидің «Қисса –ул-әнбийа» ескерткіші. Ұлтымызға тікелей қатысты жәдігерліктің бірі түркі өркениеті мен ислам мәдениеті дәстүрлерінің тоғысу кезеңі, Алтын-Орда-Қыпшақ (ХІІІ-ХІVғ.ғ.) дәуірінің әдеби мұрасы, ғұлама ғалым Насыреддин Бұрханаддин Рабғузидің қаламынан туған «Қиссас –ул анбийа» ескерткіші. Қиссаның негізгі мазмұны пағамбарлар туралы қысқаша әңгімелер, ислам дінін таратудағы қиындықтар мен соғыстар, жеңістер туралы мағұлұматтар.

Орта ғасырларда аталмыш мұраның бірнеше нұсқалары кең тарап, оны түсіну, оқу қиындап кеткен. ХІV ғасырда билік жүргізген Тоқбуға бек «Қисас - ул анбийаның» араб, парсы тіліндегі нұсқаларын бір жүйеге түсіруді Рабғузиге тапсырады. Рабғузи Тоқбуға бектің өтінішін орындап, Құран Кәрім сүрелерін, исламдық сарындағы діни әңгімелерді өз жанынан шығарған өлеңдермен біріктіріп, орта түркі әдеби тілінде жазып шыққан. Дәлірек айтсақ орта түркі тілінің қыпшақ вариантында жазылған бұл дүние бүкіл түркі халықтарының рухани қазынасына айналды. Яғни оның тілі қазіргі заманғы қазақ, қарқалпақ, ноғай тілдеріне жақын. Профессор М.Жолдасбеков Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі мұралар туралы «... бұл тұста негізгі тіл қыпшақ тілі болды, сондықтан әдебиет қыпшақ тілінде дамыды», - деп орынды атап көрсеткен.

Рабғузидің бұл шығармасының біздің заманымызға жеткен бірнеше нұсқасы бар. Олар Лондонда, Санкт-Петербургте, Қазанда, Ташкентте сақтаулы. Бұлардың ішінде ең көнесі – Британ мұражайында сақтаулы. Қазақ даласында Рабғузи ескерткішіндегі пайғамбарлар туралы аңыз әңгімелер кең тараған, сонымен қатар қолжазба нұсқалары да болған. Қазан университеті баспасынан шыққан «Қисса – и хазірет Жүсіп ғалайһис-сәләм мен Зылиханың мәселесі» кітабы (1898,1901,1904,1907 ж.) кең тараған.

Рабғузи қиссалары әдеби мұра ретінде өзбек әдебиетінің тарихында ерт еден қарстырылып, 1950 жылы М.Айбектің алғы сөзімен шыққан «Өзбек әдебиетінің антологиясында» жарияланды. Қырғыз әдебиетшілері Темиралы Қунашев, Қамбарлы Ботояров ескерткішті аударып, әр пағамбарға арналған қиссаларды бөлек-бөлек кітап етіп, «Пайғамбарлар баяны» деген атпен жариялады.

Қазақ әдебиеттану тарихында Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» ескерткіші туралы пікір білдірген профессор Б.Кенжебаев болатын. Ол: « «Қиссас-ул анбийа» таза діни кітап қана емес, түгелдей әулиелер, пайғамбарлар туралы хикая да емес. Ерте заманғы түркі текті халықтардың, ру-тайпалардың, қисса-хикаялардың, аңыз ертегілердің, өлең-жырлардың жиынтығы, өңделген түрі, ескі ұрпақ мәдениетінің нұсқасы дерлік көркем шығарма» ,- деп баға берді. Осы бастаманы Х.Сүйіншалиев, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов сияқты әдебиетшілер жалғастырды.

Рабғузи қиссалары 72 пайғамбардың өмірін қамтиды. Соның ішінде ең көне қиссаның бірі – «Жүсіп -Сыдық» қиссасы. Бұл шығарманы Г.С. Асқарова әдеби тұрғыдан зерттеп, «Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» ескерткішіндегі «Жүсуп Сыддық» қиссасы (түп-төркіні мен поэтикасы)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады(2006ж).



Қисса лексикасының түркі қабатын зерттеу арқылы, оның тілінің қазіргі қазақ тіліне қаншалықты жақын екенін аңдауға болады. «Жүсіп Сыддық» қиссасы аралас тілде жазылған. Орта ғасырларда ұлт тілдерінің ара-жігі ажыратылмаған. Тайпа тілдерінің өз ерекшелігі болғанмен, бір-бірімен тығыз байланыста, мидай араласып жатқан. Қисса махаббат, сүйіспеншілік тақырыбында жазылған. Сондықтанда оның лексикасында өмірдің барлық саласына қатысты сөз қоры қамтылмағаны аян. Дейтұрғанмен, жәдігерлік лексикасын лексика – семантикалық топтарға бөліп қарастырсақ, көп мәселенің ұшығы анықталады. Мәселен,

  1. Адамның дене мүшелеріне байланысты атаулар: баш, алын (маңдай), бағыр (бауыр), ағни (иық), алығ (қол,), тиш, йүрек, ерин, ағыз (ауыз), бурун (мұрын) т.б.

  2. Отбасылық, туыстық қатынасты білдіретін сөздер: хатун, ата, қарындаш, оғул, қыз, іні т.б.

  3. Әлеуметтік, қоғамдық саяси атаулар: ел, патша, құл, оғры (ұры), черик (әскер), булун (тұтқын), хан. т.б.

  4. Үй-жабдықтарының атаулары: бешик, чадыр (шатыр), дарваза, төшәк т.б.

  5. Ыдыс-аяқ атаулары: қазан, табақ, бичақ, йанчақ (шанышқы), чырча (шыны ыдыс) т.б.

  6. Кәсіп иесін білдіретін сөздер: отачы (дәрігер), тарығчы (егінші), авчы (аңшы), ашчы (аспазшы) т.б.

  7. Киім-кешекке қатысты атаулар: тон, етәк, бөрк, йақа (жаға), көнләк (көйлек), қурлуғ (белбеу) т.б.

  8. Құрал-сайман, қару-жарақ атаулары: қамчы, үзәңгі, қылч т.б.

  9. Діни наным-сенімге байланысты адмдар: уған (құдай), таңры, тамуғ, йалаваш (пайғамбар) т.б.

  10. Азық-түлік, тағамға байланысты атаулар: ет, етмәк (нан), туз, қағун (қауын) т.б.

  11. Үй хайуанаттарының атаулары: тәуә (түйе), ат, қой, қозы, йылқы, оғлақ (лақ) т.б.

  12. Жер асты байлықтарының, бағалы тастардың атаулары: алтун, кумиш, йухар (жұпар), кафур (камфар) т.б.

  13. Табиғат денелерінің, құбылыстарының атаулары: йер, су, от, топырақ, таш, булт, құм, қар, тағ (тау), ау (ай), күн, йулдуз, теңиз т.б.

  14. Жыл мезгілдерін, уақыт мерзімдерін білдіретін сөздер: кеч, йаз, қыш, күн, тун, йыл, иариндаси (ертеңгі), таңласы (таңертең) т.б.

  15. Өсімдік, ағаш, гүл атаулары: тайақ, ағач, терәк, тал, чечәк (гүл), йапурғақ (жапырақ) т.б.

  16. Әртүрлі жәндік атаулары: сычқан (тышқан), ары (ара), бақа, чайан, қурт, йылан т.б.

  17. Аң атаулары: бөру, арслан, (арыстан), тулки, қойан, қулан, тәуиң (тиын), қундуз т.б.

  18. Құстардың атаулары: әурәк (үйрек), көкәрчин, суңқар, қаз, қу, туты қуш, булбул т.б.

Осындай лексика-семантикалық топтар арқылы қиссадағы түркі сөздерінің қолданылу шеңбері кең екенін байқаймыз. Көптеген сөздер мағынасы мен дыбысталуы жағынан қазақ тіліндегі сөздермен дәлме-дәл. Мұның өзі қазақ тіліне ескерткіш тілінінің өте жақын екенін көрсетеді. Кейбір сөздер бір-екі дыбыс айырмашылықтары арқылы ғана ерекшеленіп тұр. Қисса тілі мен қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалық өзгерістеріне ықпал етіп тұрған фоно-морфологиялық заңдылықтардың бірі ғ,г ~ у,й сәйкестігі, яғни ескерткіштегі сөз ортасы мен сөз соңындағы ғ,г дыбыстары қазақ тілінде у,й дыбыстарына өзгереді. Мысалы, бағыр- бауыр, ағыз-ауыз, бағ-бау, бағла - байла, мундағ- мұндай т.б. Жазба жәдігерлік тілі мен қазақ тілін салыстыра қарасақ осындай дыбыс сәйкестіктерін көптеп ұшыратамыз. Бірақ олар көне мұра тілін біздің тілімізден алыстатпайды. Дыбыс сәйкестіктері тарихи тілдік процесс. Керісінше дыбыс сәйкестіктерін жете білсек тіл туыстығын анықтай түсеміз. Тіпті қазақ тілінін өз ішінде де бірнеше дыбыс сәйкестіктері бар. Мәселен, әдеби тілде бауыздау десек, Сыр бойы қазақтары мауыздау дейді.

Қорыта айтқанда «Жүсіп Сыддық» қиссасы орта түркі тілінің қыпшақ вариантында, дәлірек айтсақ көне қыпшақ тілінде жазылған мұра. Оның тілін кешенді зерттеуге алу алдағы күннің еншісінде.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет