ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


«Хұсрау мен Шырын» поэмасы



бет21/79
Дата20.04.2022
өлшемі1,31 Mb.
#31662
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   79
«Хұсрау мен Шырын» поэмасы. Алтын Орда дәуірінің құнды әдеби мұрасы, Низамидың парсы тілінде жазған осы аттас поэмасының еркін аудармасы, Құтып ақын жырлаған «Хұсрау мен Шырын» ескерткішінің түп нұсқасы 1341-1342 жылдары, Тыныбек шаһзаданың тұсында жазылған. Құтып жазған нұсқа сақталмаған. Поэманың біздің заманымызға келіп жеткен бір-ақ көшірмесі бар. Бұл көшірме Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. Оны қыпшақ ақыны Берке Фақих 1383 Мамлюк (Египет) мемлекетінде көшіріп алған. Берке Факихтың өзі былай дейді:

Тарих йеті йыл сәксән бешіндә,

Сафар айының иігірмі бешіндә,

Йол үзрә не болса бітідім кітап.

Көшірмені алғашқы зерттеушілердің бірі А.Н.Самойлович оны Алтын Орда мемлекетінің ең көне ескерткіші деп бағалады. Бірақ мәтінін түп нұсқадан көшіргенде қателіктер жіберілген, нашар қолжазба деп таныған. Қазақ ғалымы А. Ибатов бұл мәселеге өз пікірін білдірді: «...Көшірме дұрыс жасалмады деп айту орынсыз сияқты. Бұлай айту үшін Құтыптың өз қолжазбасын салыстырып оқып, соны ғана сөзге тиек етіп алуға болар еді. Мұндай мүмкіншілік, әрине, жоқ. Көшірменің түп нұсқадан қатесіз көшірілуіне Береке Факихтың үлкен мән бергені өз сөзі дәлелдей түседі:

Бітідім кітабыны қатасын бақыб,

Бу захмед чәккәнім білгәнсән оқыб.

Белгілі түріктанушы Б.Э.Бертельс қолжазбамен Парижде танысып, Құтыптың поэмасын сәтсіз аударма деп бағалады. 1945 жылы қолжазбаның тілін зерттей келе, М.Ф.Копрюлюзада XIV ғасырдағы оғыз - қыпшақ аралас әдеби тілі деп таныды. Өзбек ғылымы А.Т.Тагирджанов 1946 жылы ескерткішті әдеби тұрғыдан зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. «Хұсрау мен Шырын» ескерткішін зерттеу ісіне көп еңбек сіңірген поляк ғылымы, түріктанушы А. Зайончковский болды. Ол поэманы ерекше көңіл бөлетін әдеби мұра деп бағалаған еді. Ғылым ескерткіш мәтінін парсы тіліндегі Низами нұсқасымен салыстырып мұқият зерттеді. 1954 жылы үзінділер (факсимеле) келтіріп, бір кітап шығарды. 1961 ескерткіштің сөздігін және оның стилі мен поэтикасына арналған зерттеу жұмысын жариялады.

1970 жылдардын басында Э.Н.Наджип аталмыш ескерткішті зерттеуді қолға алып грамматикалық очерктер жазады. «Хұсрау мен Шырын» поэмасы лексикасының түркі қабатын негізге ала отырып жазған тарихи- салыстырмалы сөздігінің бірінші томын жариялады.

Қазақ тілі білімі де осы ескерткіштің зерттелуіне өз үлесін қосты. 1974 жылы А.Ибатов Құтыптың поэмасы материалының негізінде қазақ тілінде «Кутбтың Хусрау уа Шірін поэмасының сөздігін» шығарды. Бұл осы ескерткіштің материалына негізделген Кеңес Одағындағы тұңғыш сөздік болды. Сөздікте 4410 сөз қамтылған. Б.Сағындықұлының 1977 жылы қорғалған «ХІV ғасыр түркі тілді ескерткіштері лексикасының салыстырмалы анализы» атты кандидаттық диссертациясында Хорезмидің «Мұхаббат-наме», Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» және Сейф Сараийдің «Гүлстан бит-түрки» шығармаларының лексикасы салыстырыла зерттелді. 1979 жылы А.Керимов «ХІҮ ғасырдағы түркі әдебиет ескерткіштерінің тіліндегі сөз тудыратын аффикстер» деп аталатын зерттеуінде жоғарыда көрсетілген мұралардың тіліндегі сөз тудыратын аффикстерді жан-жақты қарастырды. 1983 жылы «Ғылым» баспасынан А.Ибатовтың «Сөздің морфологиялық құрылымы» деген еңбегі жарық көрді. Бұл монография Орта Азия мен Қазақстан халықтары мәдениетінің тарихынан ерекше орын алатын ХІV ғасырда жазылған «Хұсрау мен Шырын», «Гүлстан бит-түрки», «Мұхаббат-наме», «Нахджәл-фарадис» жене Тоқтамыс пен Темір-Құтлықтың жарлықтары сияқты жазба әдеби мұраларының тілінде қолданылған сөздердің морфологиялық құрылымын зерделеуге арналған. «Хұсрау мен Шырын» поэмасын А.Қыраубаева, Н.Келімбетовтер ежелгі дәуірдің әдеби мұрасы ретінде зерттеп, оқулықтарға енгізді.

Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасы Низамидің парсы тілінде жазылған осы аттас поэмасының еркін аудармасы деп танылады. Бірақ бұл мәселе маңында айтылып келе жатқан әр түрлі пікірлер бар. Мысалы, қолжазбамен Парижде танысқан Е.Э.Бертельс оны Низами нұсқасының аудармасы деп таныса, ал А.Зайончковский Низами нұсқасының аудармасы емес, жарым-жартылай өңделіп барып жазылған туынды поэма деп айтқан. Ғалым бұл пікірге Құтыптың поэмасын парсы тіліндегі нұсқамен жолма-жол салыстыра отырып анықтау нәтижесінде келген.

Белгілі кеңес түркітанушысы Э.Н.Наджип парсы тіліндегі «Хұсрау мен Шырын» шығармасымен түркі тіліндегі нұсқаның өзек арқауы бір екенін анықтай келіп, жартылай оригиналды дербес роман деп таныған. Біз Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасы Низамидың парсы тілінде жазылған осы аттас поэмасының түркі тіліне сол күйі қотарылған, жолма- жол және сөзбе- сөз аудармасы емес, Низамидің композициясы мен сюжетін толық сақтай отырып, еркін және творчествалық жолмен, өз елінің өмір жағдайына сәйкестеп, өз халқының түсінігі мен дағды дәстүріне лайықтап барып жасаған аударма деген А.Ибатовтың пікіріне қосыламыз.

Ал осы жәдігерліктің қай жерде жазылғаны туралы әр түрлі жорамалдар бар: а)А.Н.Самойловичтің пікірінше, «Хұсрау мен Шырын» поэмасы Алтын Орда ескерткіштерінің ішіндегі ең көнесі және Алтын Орда жерінде жазылған, ә)Э.Н,Наджиптің айтуынша, ол Алтын Орда жерінде жазылып, кейіннен Мысырда көшірілген, б)А.Зайончковский бұл ескерткішті Мамлюк мемлекетінде жазылған да, оның авторы Құтып Хорезімнен шыққан ақын деген. Бұл пікірлер белгілі бір тиянақты деректерге сүйеніп айтылған. А.Ибатов тарихи деректерді, әлеуметтік қатынастарды зерттей келіп, «Хұсрау мен Шырын» жазба мұрасы Тыныбектің хандық құрған жері Ақ Орданың өз топырағында пайда болған, тіпті сол кездегі Ақ Орданың орталығы Сығанақта жазылған деп тұжырым жасайды.

Біздің ойымызша, соңғы пікір шындыққа жанасымды секілді. Өйткені тарихта Ақ Орданың өз алдына жеке хандық құрап бөліп шығуы XIV ғасырдың басынан, Алтын Орданың ханы Тоқты (1290- 1312) өлгеннен кейін басталды. Оның астанасы Сырдаия бойындағы қазіргі Төменарық станциясына жақын жердегі Сығанақ қаласы болған. Құтып поэмасын Алтын Орданы билеп тұрған Жәнібекке арнамай, ағасы Тыныбекке бағыштап жазған. Сұл тұста Мысыр мен Алтын Орда астанасы Сарайидың арасында тығыз саяси байланыстар болып тұрған еді. Тыныбек толық билікке ие бола алмады. Ақынның мына бәйіті де мәселені айқындай түседі;

«Иурисун Мысыр у Шамда йарлығыңыз»

(Сіздің жарлығыңыз Мысыр мен Шамда жүрсін)

Осы жолдардан тақ үшін Сарай маңайында қатты күрес болып, ақын Тыныбек тобын қолдаған деп түйіндеуге болады. Тыныбек Ақ Орданы екі- ақ жыл билеп бақталастарының қолынынан қаза тапты. Ал Құтып осы тұста Тыныбекке өзі келіп сарай ақыны болғанға ұқсайды. Оған мына жолдар дәлел

«Мурадым әрди ким бу қапуғла,

Келип йол тапсәмән теп бу тапуғда,

Сафар ранжин коруп кач аийам,

Тапуғқа йеттим эмди ош саранжам».
(Мұратым елі сарайға жетпек,

Сенімге кіріп қызмет етпек.

Ауыр да ұзақ жолдардан өттім,

Соңында, міне, арманға жеттім)


«Хұсрау мен Шырын» поэмасы 280 беттен тұрады. Әр бетте 42 өлең жолы бар. Текст 70 тарауға бөлінген. Э.Н,Наджиптің анықтауы бойынша, Низамидегі 7000 бәйіт орнына Құтыпта 4700 бәйіт болып шыққан. Айырмасы 2300 бәйіт. Орта ғасыр ескерткіштері, соның ішінде Алтын Орда дәуірінде пайда болған жазба мұрағаттар сол кездегі жалпы түркі әдеби мұралардың бәріне тән қараханидтік жазба әдеби тілдің дәстүрлік әсерімен оғыз және қыпшақ әдеби тілдерінің негізі аралас келіп, аралас тілде жазылған. Осы себептен де XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда аймағында пайда болған мұралардың түріктанушы ғалымдардың көбі аралас тілде жазылған ескерткіштер деп қарайды. Э.Наджиптің пікірінше, XIV ғасырда Алтын Орда территориясы мен Орта Азияда, Мысырда аралас тіл пайда болды да осы аралас тілде әдебиет қарқынды дамыды. Осындай жазба тілдің қалыптасуы көлемді, кең танысты әдеби мұралардың жазылуына игі әсер етті. XIII-XV ғасырларда тұтас түркі әдеби немесе жазба тілі қалыптасты деген А.Зайончковскийдің пікірінің маңызы зор.

Дегенмен де Алтын Орда дәуіріндегі мұралар тілі ерекше аралас болса да не оғыз тілінің негізінде, не қыпшақ тілінің негізінде жазылып, қарахнидтік әдеби дәстүр дағдыларын ығыстыра бастаған. Осыдан келіп толық қалыптасқан екі аралас әдеби тіл болғаны аңғарылады: бірі – Алтын Орда жерінде болған түркі тілдерінің з тобының тілі де, екіншісі – мәмлүктер билеп тұрған кездегі Мысыр мен Алтын Ордаға ортақ й тобынының тілі. Э.Н.Наджип бұлардың біріншісін алтынорда-хорезімдік тіл де, екіншісін алтынорда-египеттік тіл деп атайды. «Хұсрау мен Шырын» поэмасы тілінің сипаты туралы пікірлер әр қилы. Э.Н. Наджип алтынорда - хорезімдік, яғни оғыз - қыпшақ тілінің негізінде жазылған, қараханид әдеби дәстүріне ұрынған д тілде мұра деп таныса, Н.А. Баскаков та осы пікірді қостайды. Н. А. Баскаков бұл дәуір мұраларын 1) шығыс алтынордалық д типті тіл, 2) батыс алтынордалық және мәмлүк египеттік й тіпті тіл деп саралайды. А. Зайончковский «Хұсрау мен Шырын» поэмасының тілі қыпшақ диалектісінде жазылған деп тұжырымдаған. Ескерткіштің тілінде қыпшақ элементі өте айқын көрінеді деген пікірді А.М.Щербактан да кездестіреміз. Демек, ғалымдардың бір тобы «Хұсрау мен Шырын» (бұдан былай XIII ) поэмасының тілдік негізін оғыз тілі деп таныса, бір топ ғалым оның тілін қыпшақ тілі негізінде жазылған деп қарайды. Ал поэманың шығыс түркі тілдерінің ішінде д тілді топқа жататыны жайлы барлық ой бір жерге саяды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет