ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»



бет32/79
Дата20.04.2022
өлшемі1,31 Mb.
#31662
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   79
Мен – мен. [ХШ, НФ, Мн, Г] Мен асру бенава – Мен өте бақытсызбын.

Сен – сен. [ХШ, НФ, Мн, Г] Ичим күйди сениң чаксыз назыңдын – Сенің шексіз назыңнан ішім күйді.

Қайсы - қайсы. [Г] Бир залим хаким бир алим ергә сорды ким ибадатлардан фазилрәж қайсы турур – Бір залым хакім бір ғалымнан сұрады: құдайға құлшылық қылудың қайсы дұрыс.

Бұл деректерден байқағандай жәдігерліктер тілінде сілтеу, жіктеу, сұрау есімдіктері қолданылған.

Көмекші есімдер қатары:

Ара – ара. [ХШ, НФ, Г] Тикәнләр арасында гүл төрәтти – Тікендер арасында гүл жаратты.

Арт – арт. [ХШ, НФ, Г] Ол йигит бир карван артына түшүб кетти – Ол жігіт бір керуен артына түсіп кетті.

Аст – аст. [ХШ, НФ, Г) Сениң атақ ағыр таш астындан тәрбренгинчә кәрәк мәним атам жәннәткә кирмши болғай – Сенің әкең ауыр тастың астынан қозғалғанша, менің әкем жаннатқа кіріп болады.

Маң - маң. [ХШ] Йақын бу маңда бар бир йахшы бағым, бүтүн ол бағда тиккәйләр отағым – Осы жақын маңда менің жақсы бағым бар, шатырды сонда тігейік.

Орта – орта. [ХШ, НФ, Мн, Г] Тәкмә бир ай ортасында үч күн руза тутғыл - Әр айдың ортасында ораза тұт.

Жазба жәдігерліктер мен қазақ тіліне ортақ сөздер адам өмірінде жиі қолданылған ежелгі сөздер. Олар қазақ халқының, оның тілінің пайда болуына негіз болған этногенетикалық, глоттогенетикалық құбылыстарының тамыры. Есте жоқ ерте замандардан семантикалық өзгеріске түспей, бүгінге жеткен тарихтың куәгері, байырғы және мәңгі жас лексикалық бірліктер.

Ал мағынасы толық сәйкес келгенімен, тұлғасы ішінара фонетикалық өзгеріске түскен сөздер де өте көп. Олар екі кезеңге сай аралық дыбыс сәйкестіктерін де түзеді. Мәселен, қазақ тілінде ж дыбысымен басталатын сөздер орта ғасыр ескерткіштерінің тілінде й дыбысымен беріледі: жаз - йаз, жазыл - йазыл, жаратқан - йаратқан т.б. Сөз басындағы ж - қазіргі қазақ тілін түркі тілдерінің бір тобынан ажыратып, екінші топпен табыстырып тұрған ерекше дыбыс. Сөз басындағы ж дыбысының тарихи көзі қайда деген сұрақ туады. Біз білетін Орхон-Енисей сына жазулары сөз басында й дыбысының қолданылуымен ерешеленеді. Бұл жазу нормасы қатаң үрдіспен орта ғасырларға жеткен. Бірақ атақты ғалым А.Н.Бернштамның пікірінше, «VI ғасырдың аяғында Батыс түркі қағанатының түріктері дж дыбысымен сөйлеген» (Бернштам А.Н. О древнейших следах джекания в тюркских языках Средней Азии // Сборник института языка и мышления АН СССР.- М.Л., 1938). Яғни, бүгінгі ж-мен сөйлейтін қазақтар дж-мен сөйлеген ежелгі түріктердің мирасқоры екені анық. Көне қыпшақ тілінде қазақ тіліне тән ж белгісі де көрініс береді. Мысалы, жаллад - «жендет», жат - «түс көру», жек - «күйдірілмеген», жүбрәк - «шүберек», жүркә - «орау» т.б.

Көне қыпшақ тілі мен қазақ тілінде ч~ш сәйкестігі байқалады. Ескерткіштер тіліндегі ч дыбысымен келетін сөздер қазақ тілінде ш дыбысымен беріледі. Мысалы, чапан - шапан, сақчы - сақшы, ач - аш т.б. Ч дыбысы орта ғасырларда әдеби норма ретінде сөздің барлық позициясында қолданылған. Бірақ кейбір авторлар өз жазбаларында әдеби нормадан ауытқып, өздерінің диалектілерінде жазып, ш дыбысын пайдаланған. Мәселен, Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасында қашты, ішсе сияқты сөздер көптеп ұшырасады. Көне қыпшақ тілімен жазылған мұраларда ч дыбысының ш дыбысымен жазылып отыруы олардың қазақ тіліне бір табан жақын екенін көрсетеді. С.Е.Маловтың ескертуінше, ч-ның орнына ш дыбысының айтылуы – қазақ тілінің басты фонетикалық ерекшеліктерінің бірі.

Көне қыпшақ тілі мен қазақ тілі материалдарын салыстыра қарағанда ч~ш сәйкестігі сөз басында өте сирек кездеседі: шол -сол, шункар - сұңқар, шум - сұм. Бұл дыбыстардың кері сәйкестігі де байқалады: сач - шаш, сырча - шыны, сучу - шашу, сучун - шешін т.б. Жалпы с мен ш дыбыстарының өзара алмаса жүріп қолданылатын құбылысы өте ертеден басталған. Орхон-Енисей жазбаларында кісі - кіші, болмыс - болмыш тұлғалары жиі кездеседі. Лингвистикалық зерттеулерде Орхон жазуындағы с мен ш айырымы, диалектілік айырым болып есептелінеді. Жалпы территориялық жағынан өзара жақын тұрған түркі тайпаларының біразында с мен ш диалекті тіл күресі беріге дейін келген. С тілі ХІІІ ғасырға дейінгі жерде болашақ қазақ халқына ұйытқы тайпалар тілінің негізгі ерекшелігі болды (Өмірәлиев Қ. Қазақ тілінің тарихи іздері // Қазақ ССР ҒА хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы.- Алматы, 1978. №2.).

Екі дәуір тілінде көзге түсетін сөз басындағы ерекшеліктің бірі – д~т дыбыстарының сәйкестігі. Ескерткіш тілінде д дыбысына қарағанда, т қатаң дыбысы жиі қолданылады. Мысалы, таб - «табу», табан - «табан», табшур - «тапсыр», тавуқ -«тауық» т.б. Бұл құбылыс көне қыпшақ тілінің қазақ тіліне туыстығын анық білдіреді. Өйткені ХІҮ ғасыр жазба ескерткіштерінің тілінде т~д жұптары сөз басында жарыса қолданылғанмен қатаң сыңары т ұяң д-ға қарағанда он есе жиі қолданылады. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде т дауыссызынан басталған сөздер д-дан басталатын сөздерге қарағанда үш есе мол. Диалектологиялық сөздіктен де осы деңгейді аңғарамыз. Қазақ тілі лексикасы - қатпарлы қалың дүние. Біздің ойымызша, қазақ тілі лексикасы үш қабаттан тұрады:

1) жалпы түркілік қабат; 2) қыпшақтық қабат; 3) таза ұлттық қабат. Әр қабатта шамамен мөлшерлесек V-Х ғасыр (жалпы түркілік), Х-ХV ғасыр (қыпшақтық), ХVІ-ХХ ғасырлар (таза ұлттық қабат). Әрбір кезеңнің грамматикалық құрылысы мен сөздік құрамы бір тілдік ұжымдағы ата ұрпақ пен бала ұрпақтың тіліне тән элементтерді бойына сақтайды. Міне, сол элементтер “тілдік қабат” болып табылады және соларды танып–білу, анықтау – тіл білімінің негізгі мәселелерінің бірі. Әр қабат бір-бірімен астасып, тарихтың ұзын жолында дамып, жетіліп отырады. Бүгінгі таза ұлттық қабатты жаңадан көнеге қарай, керісінше көнеден жаңаға қарай зерттегенде көп мәселенің ұшығы анықталады. Лексика қабаттары сыртқы, яғни экстралингвистикалық факторлардың әсеріне табиғи түрде ұшырап отырады. Лексиканың белгілі бір дәуірдегі қалпына талдау жасап, ғылыми тұрғыдан танып-білу үшін тарихи тұрғыдан қарау – әрі міндет, әрі қажет. Бүгінгі толысқан, жетілген тіліміз қыпшақтық қабаттан өзіне тиісті сыбағаны молынан алып, бойына сіңіріп даму үстінде, яғни лексиканың қыпшақтық қабаты мен таза ұлттық қабатын қарама-қарсы қойып қарастырғанда тілдік эволюцияның белгілері анықталады, яғни бұл қабаттар – бір тілдің екі дәуірдегі көрінісі.

Ал бұл құбылыс қазіргі қазақ тілі мен көне қыпшақ тілінің арасында фоно-морфологиялықтан гөрі лексикалық және семантикалық айырмашылықтар мен ұқсастықтарда айқын көрінеді. Мұның өзі қазіргі тіліміздің орта ғасыр жазба ескерткіштерге қатысын тарихи тұрғыдан саралауға көп мүмкіндік береді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет