Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
ХV-ХVІІ ғасырлардағы армян-қыпшақтардың саяси-әлеуметтік жағдайы
Армян жазулы қыпшақ ескерткіштері
Горковецтің қандай еңбектерін білесің
С.Құдасов зерттеген Дана Хиһар тілі туралы
Армян-қыпшақ тілінің өзіндік ерекшеліктері
Дәріс№-8. Көне түркі тілі мен көне қыпшақ тілінің сабақтастығы
Қазіргі түркі халықтарының, оның ішінде қыпшақ тектес халықтардың тарихын, мәдениетін, тілін сөз еткенде көне түркі руханикалық жазба ескерткіштеріне соқпай кете алмаймыз. Сайын даланы мекендеген, тұлпар мініп, ту алған ата-бабамыздан қалған асыл мұра барлық түркі халықтарына ортақ. Көне түркі жазуының жанрлық сипаты туралы ғылымда бірнеше пікір бар. Түркітанушы А.Щербак Орхон ескерткіштерін тарихи деректер жиынтығы деп қараса, И.В.Стеблева ақындық дәстүрдің ортасында туған тарихи ерлік поэмасы деп таниды. Қазақ ғалымы М.Жолдасбеков осындай көптеген пікірлерді елеп- екшеп келіп: «Орхон ескерткіштерін жалаң тарихи фактілер тізбегі деп қарамай, түркі халқының ізгі арманын, кескілескен соғысын, айбынды батырларын өзгеше әуезбен жыр еткен ерлік эпосының ең әдепкі үлгісіне жатқызу орынды» (М.Жолдасбеков. Асыл арналар. -Алматы, 1990.) деп қорытты.
Көне түркі тайпалары руханикалық жазуды VІІ-ІХ ғасырларда кеңінен пайдаланған. Әлемдік мәдениеттің қайталанбас жарқын белгісі боп табылатын бұл жазба жәдігерліктер тіілнде осы күнгі түркі халықтарының іздері жатыр. Тарихтың бұралаң жолдарында көне түркі жазуынан да бақ тайып, түркітануда орта түркі дәуірі болып саналатын Х-ХV ғасырларда түркі тайпалары араб жазуын пайдаланды. Араб жазуының Орта Азия, Жетісу, Шығыс Түркістан аймақтарында ХІ ғасырдан бастап таралып, өріс алуы руханикалық көне түркі әліпбиін ығыстырып, келесі ұрпақтар санасынан жойылуына әкеп соқты.
Орта түркі дәуірінде түркі тектес халықтар жеке-жеке ыдырап, түркі тілдері дербес тіл болып қалыптаса бастады. Орта түркі дәуірін түркі халықтары тілінің даму ерекшелігін ескеріп, ғылымда қарахандықтар дәуірі (Х-ХІІ ғғ.) және моңғолдар дәуірі (ХІІІ-ХVғғ.) деп екіге бөліп қарау қалыптасқан. Бірақ Х-ХV ғасырлардағы ескерткіштердің жазылу ортасы мен тілдік ерекшелігін ескеріп, түркітанушы Н.А.Баскаков 4 топқа бөліп қарастырады:
Қарахандықтар дәуірі ескерткіштері;
Алтын Орта дәуірі ескерткіштері;
Орта Азияда жазылған ескерткіштер;
Мәмлүк қыпшақтарының ескерткіштері.
Қалай атаса да бұл орта түркі дәуіріндегі көне қыпшақ жазба ескерткіштерінің тілі көне түркі тілдерінің заңды жалғасы. Сөзіміз мәйекті болу үшін көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі мен көне қыпшақ жазба ескерткіштері тілінен сабақтастық деректерін зерделеп көрейік. Өйткені көне түркі тілін қазіргі қыпшақ тілдерімен салыстырғаннан гөрі алғашқы кезекте көне қыпшақ тілімен салыстыра зерттеп алған дұрыс.
Орхон-Енисей ескерткіштерінің орнатылғанына мың жылдан аса уақыт өтті. Сонда да оның лексикасындағы көптеген сөздер мағыналық, тұлғалық жағынан көне қыпшақ жазбаларындағы сөздермен өте ұқсас болып келеді. Көне түркілік және көне қыпшақтық сөздерді мынадай лексикалық топтарға бөліп қарастырайық:
1) Адамдарға және семьялық қатынастарға байланысты сөздер: ата (ата), өчі (әже), оғул (ұл), қатун (қатын), қыз (қыз), іні (іні), сіңлі (сіңлі), йегін (жиен) т.б. Мұндай сөздер көне қыпшақ тілінде кездеседі: Әй ата ачлық адамини өлтүрүр - Әй, әке, аштық адамды өлтірер (Г, 84 а 7). Көне түркі тіліндегі ечі (әже) деген сөзі көне қыпшақ тілінде еш (жолдас) түрінде кездеседі: Ош андын кім бу сурат болды ешім – Содан бері бұл сурет болды жолдас (Г, 86 - 31). Көне түркі тілінде оғул сөзі көне қыпшақта оғул // оғлан вариантында ұшырасады. Оғлан варианты - тіл дамуының жаңа кезеңдегі көрінісі. Синонимдердің пайда болып, сөздік қордың күрделене түскенін көрсетеді. Мысалы: оғланлары улғаймыш – ұлдары өсті (Г, 135 а 10).
2) Табиғат құбылыстарына байланысты көне түркі тілінен мынадай сөздер келтіруге болады: йер (жер), тағ (тау), йыл (жыл), суб (су) т.б. Осы сөздер орта ғасырда да қолданылады: чечэк йабрақлары йерге түшүптүр – гүл жапырақтары жерге түсті (Мн, 294 б 9). Орта ғасырда тағ сөзі тағ//тау вариатында, суб сөзі суб//су түрінде қолданыла бастаған. Мәселен, толун айтек қылур бир қатра суны – су тамшысын толған айдай көрді (Мн, 240 б 5).
3) Қоғамдық-әлеуметтік қатынастарға байланысты сөздер: йурт (жұрт), қаған, йабғу (дәреже), иығай (жарлы), төру (заң). Осындай сөздер орта көне қыпшақ тілінде де баршылық: тутар ерди атасының төрәсин - әкелерінің салт-дәстүрін тұтты. (ХШ, 8 а 4). Төру сөзінің бұл мағынасы қазіргі қазақ тілінде кездеспейді.
4) Әскери лексика. Сү (әскер), шерік (шеру), уруш (ұрыс), сүңгі (сүңгі), йағычы (қолбасшы) т.б. Көне түркі тіліндегі бұл сөздер көне қыпшақ тілінде де кездеседі; Мәселен, сүңгі сөзі сүңу, сүңгу, сунуг варианттарында кездеседі, мұның өзі орта ғасырда түркі тілінің әртүрлі тайпалық диалектілік ерекшеліктерге ыдырай бастағанын көрсетеді.
5) Шаруашылық тұрмысқа байланысты сөздер: бедіз (ою-өрнек), ағыл (қора), қапығ (есік, қақпа), еб (үй), барқ (жай) т.б. Көне қыпшақ тілінде аталмыш сөздер көптеп ұшырасады. Бұл дәуірде қалуғ сөзінің қапу варианты да қатар қоданылады. Тіпті Құтыптың «Хұсрау уа Шырын» поэмасының тілінде қапуғ сөзімен қатар ешик сөзі де ұшырасады: сарайы ешигин бағлатты мухкәм – сарай есігін берік жабуға бұйрық берді. (ХШ.80 а 7).
6) Жан-жануарлар аттары: адғыр (айғыр), ат (ат), буқа (бұқа), тай (тай), інгек (сиыр), йылқы, йонт (жылқы), учуқ (құс), бічін (мешін) т.б. Мұндай сөздерді көне қыпшақ тілінен де, қазіргі қыпшақ тілдерінен де таба аламыз. Көне қыпшақ тілінде адғыр сөзінің айғыр, азғыр варианттары да көрініс береді. Әсіресе, «Хұсрау уа Шырын» ескерткіштерінде з мен й дыбысының жарыса қолданылуы байқалады. Сонымен қатар «Хұсрау уа Шырында» йылқы сөзінің көне түркіде кездеспеген «жылдық өмір» деген мағынасы да кездеседі. Мәселен, бу еклик йылқы йашқа болма мағрур – елу жылдық жасқа мақтанба.
7) Заттардың сын, сапасын көрсететін сөздер: үрүң (ақ), қызыл, сары, иегрен (жирен), йашыл (жасыл), улығ (ұлы), бедүк (биік), йұйқа (жұқа) т.б. Көне қыпшақ жазбаларында сын-сапаны білдіретін сөздер көп өзгеріске ұшырамаған. Бірақ көне түркі тіліндегі үрүң (ақ) сөзі кездеспейді.
Жоғарыда ескерткіштерден келтірілген сөздерден орта түркі дәуіріндегі көне қыпшақ жазбаларында көне түркі тілі заңды жалғасын тапқанын көреміз. Орта ғасырларда сөздердің әртүрлі варианттары қолданылып, синонимдердің көбейіп, жаңа сөздердің пайда болуы айқын көрінеді.
Көне қыпшақ жазба ескерткіштерінің сөз құрамын ажыратып, көне түркі тілінің материалдарымен салыстырғанда, көптеген мәселелердің ұшығы ашылып, түбір мен қосымшалардың даму жолдары айқындалады. Мәселен: сүр – көне қыпшақ ескерткіштерінде «айда, қу, аулақ кетір» деген мағына береді: Ажын сүрді на хал теб маны бу – атын айдады, не хал деп маған бұл (ХШ. 91р-17). Осы көне түбір негіз көне түркі тілінде дербес күйінде бірнеше мағынада қолданылады: 1) алып жүру, 2) қуу, қудалау, 3) айналысу, орындау, 4) сүйреу, тарту. Чік бодунығ бықым сүра кілті – Шик халқы менің мыңдаған әскеріммен қуылды. Ал қазақ тілінде келе-келе «қуғын-сүргін» (сүр - гін) тұлғасында келіп плеонастық құбылыс жасап, яғни бір мағынадағы екі сөз қосарланып айтылып, бір сөз ретінде қолданылғаны байқалады. Сүр – тұлғасы қазіргі қазақ тілінде дербес қолданылмаса да, әзірбайжан, түрік, татар, тува, хақас тілдерінде жеке кездесіп, «қуу, айдау, жер аудару» ұғымдарын береді.
Көне қыпшақ жазба ескерткіштерінде «түгет, тауыс» мағынасында түг түбірі кездеседі: Бағ ічра чічак қоймаса, түгса – бау ішінде еш шешек қоймаса, түгетсе (ХШ. 14 в 12). Бұл түбір – негізі қазақ тілінде түгет (түг - ет) сөзінің құрамында көне түбір. «Хұсрау уа Шырын» поэмасында осы түбірден түгал (түгел, біржола), түгәллік (түгелдік) сөздері туындаған. Белгілі түркітанушы Юнусалиев бұл сөздің түбірін түге – деп шешеді: «каждая новообразованная форма может стать, подобно корню, основой для дальнейшего словообразования. Так же, как и корень, производная форма может утратить лексическую самостоятельность; ср: кир. түген «кончаться, иссякнуть»; түгөт – «кончать, завершить»; каз. түгес – «кончать, издержать»; кир. түгөл, каз. түгел «все на лицо», восходят к ныне мервой в киргизском языке форме түге - // түгө ; ср: бур. монг. түгэ – «расходиться (по рукам)», тугэс, түгэд «полный, полностью, все целиком». Но основой для образования в каждую историческую эпоху служит новая форма (түгөт -) а не та, которая утратила лексическую самостоятельность (түгө)» (Юнусалиев Б. М. Киргизская лексикология. - Фрунзе,1959. Ч.1). Ғалымның бұл айтқанын көне түркі тілінде дербес сөз дәрежесінде кездесетін түкә көне түбірі де дәлелдей түседі: ыш түкәді – іс аяқталды. Сонымен қатар осы мағынада мүлде көне тұлға тү (түгел, әркім) түбірі де кездеседі. Соған қарағанда жоғарыда келтірілген түбірлердің түпкі түбірі осы тү – болса керек. Яғни, орта ғасырда осы түбірге - г,-к элементтері қосылып, ескерткіштердің өзіне тән түг // түк сөзі қалыптасқан.
Ал өтрү сөзін өт – рү деп екі компонентке бөліп қарауға болады. Мысалы, адырды андын өтрү ана шаһдын – айырды одан бұрын оны шаһтан (ХШ. 72 р 9). Осы сөйлемнен көріп тұрғанымыздай, орта ғасырларда бұл түбір «бұрын, ерте» мағынасын беріп, қазақ тілінде кездеспейді. Бірақ, «ерте» сөзі осы өтрү – ден дыбыс алмасулары әсерінен қалыптасқан болу керек. Мысалы, өтрү-өртү-ерте. Ал көне түркі тілінде өтрү тұлғасы көне қыпшақ мұрағаттарындағы мағынасын бермей, керісінше «сосын, сонан кейін» мағыналарын беріп тұр. Мысалы, улуғ тыңды өтрү оғулқа бақа айур – ол көпке дейін үндемеді, сосын ұлына айтты (2,393 - б). Осы тұлғаның бойындағы - ру // - рү жұрнағы көне түркі ескерткіштерінде барыс септігінде қолданылған. Мысалы, басқару – маған қарай; ебрү келүртім – үйге келтірдім. Ал «Хұсрау уа Шырын» поэмасында өтрү тұлғасында түбірімен сіңісіп кеткендіктен, бұл қызметі байқалмайды.
Жоғарыда келтірілген деректер көне түркі тіліндегі сөздер, олардың лексикалық мағынасы, сөз құрамы орта ғасырларда, көне қыпшақ жазбаларында заңды жалғасын тауып, үздіксіз даму үстінде болғанын көрсетеді.
Қазіргі қыпшақ тілдерінің қай-қайсысыда көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымымен толық сәйкес келмейді. Тіл үнемі даму үстіндегі құбылыс болғандықтан, бұл – табиғи-лингвистикалық заңдылық. Қазіргі қыпшақ халықтарын құраған тайпалар көне тұркі қағанатының құрамында өмір сүріп, тамырын тереңнен алғанын білеміз. Сондықтан тілдің, мәдени байланыстарды іздестіргенде көне жазба мұралар тілін қазіргі түркі тілдерінің макротоптарының тілдік деректері негізінде салыстыра қарастырса нәтижелі болмақ. Сондай түркілік макротоптардың бірі – көне түркі бірлестіктерінің құрамында болған қыпшақ тайпаларымен тікелей генетикалық-тарихи жалғастықта қалыптасқан, қазіргі түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайтын – қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, қырым татарлары, башқұрт, құмық, қарайым, қарашай-балқар халықтарының тілдері. Кеңестік түркітануда көне мұралар тiлiн оғыздық сипатта тану қалыптасты да, ежелгі мұраның қыпшақ тiлдерiне қатысы ескерілмеді.
Тіл тарихында оғыз, қыпшақ тілдері сараланып шыққанға дейін жалпытүркілік қыпшақ-оғыздық, оғыз-қыпшақтық аралас тілдік жағдайдың орын алғаны белгілі. Қыпшақ тобына кіретін тілде сөйлейтін түркі халықтарының тіліндегі ортақ белгілердің біразы қыпшақ бірлестігі кезінде қалыптасса, енді біразы Алтын Орда дәуірінде қалыптасты. М.Ескеева «Тіл эволюциясының түрлі хронологиялық кезеңдерін қамтитын тарихи қабаттарының белгілері микроареалдық топтардан көрініс беруі мүмкін. Сондықтан қазіргі қыпшақ тілдерімен ескерткіштер тіліндегі моносиллабтардың тұлғалық ерекшеліктерін ажырату мәселесінде тек әдеби тіл ғана емес, олардың микроареалдық топтары да қамтылуы қажет»,- дейді. Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің сабақтастығын түбір сөздердің құрамындағы дауытылардың сәйкестігінен байқауға болады. Көне түркі тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің арасындағы сабақтастықты, жалғастықты, туыстықты іздестіргенде екі кезең, екі дәуір тіліндегі деректерді салыстыра отырып жүгінеріміз, ең біріншіден дыбыстық өзгерістер. Бүгінгі түркі тілдерінің бойында көрінетін альтернация құбылысының екі саласын принципті түрде ажыратып алған дұрыс. Дыбыс алмасулары бір тілдің ішкі деңгейінде ғана болып, белгілі бір фонетикалық заңдылықтарға (сингармонизм, ассимиляция, диссимиляция) байланысты болатын құбылыс. Бір тіл ішінде де, туыстас тілдер арасында да, өлі тілдер мен тірі тілдер аралығында да дыбыстардың ешқандай фонетикалық ықпалсыз тарихи өзгерістерге ұшырау құбылысы дыбыстар сәйкестігі. Тарихтың терең қатпарларынан, ежелгі түркі дәуірінен де арғы замандардан келе жатқан дыбыстар, дыбыстық өзгерістер түркі ру-тайпа тілдерінің дамуына, бергі заманда ұлт тілдерінің қалыптасуына, әр халықтың лексикалық қорының түзілуіне тікелей игі ықпал еткені анық. Көне түркі тілі мен қыпшақ тілдерінің материалдарына сүйеніп тіл туыстығын зерттегенде біздің ең бірінші жүгінеріміз дыбыс. Тілдерді бір-бірімен салыстырып, олардың ұқсастығы мен айырым белгілері арқылы жақын-жуықтығын анықтауда, ең алдымен фонетикалық ерекшеліктеріне сүйеніп, дыбыстық жүйеге баса мән бергеніміз абзал. Өйткені, сөздің сыртқы қалыбы болып есептелетін дыбыстар, мағынаға да өз әсерін тигізеді. Сол себепті Л.Блумфилд: …изучение языка следует начинать с фонологии и формы, звучания, а не со значения, - деп ескертеді (Блумфилд Л. Язык. –Москва,1968.-465с.).
Дауыстыларының жуан, жіңішке болып жіктелуі Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілінде айқын көрініс тапқан: «қой», «қон», «ол», «тоқ», «көз», «күн», «сөз», суб «су», «сүр», «түн», төп(е)-«төбе». Бір буынды сөздердің құрамындағы ерiндiк дауыстылардың табиғаты да олардың сөз мағынасын ажыратуға қабiлеттi дербес фонемалар деңгейiнде қолданылғанын көрсетедi.
Ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасындағы u ≈ о сәйкестiгi байқалады: ур «істеу, жасау»–ор, уз «шебер, ұста» - ос(та) «ұста», ут-от, ул-ол . Бұл сәйкестік негiзiнен қыпшақ-бұлғар топшасындағы тiлдерге тән.
Достарыңызбен бөлісу: |