Назар аударыңыздар! 2016-2017 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің түлектерін қорытынды аттестаттау мен ҚР жоғары оқу орындарына іріктеу тесті өзгереді. «Білім туралы» ҚР Заңына орта білім беру ұйымдарындағы қорытынды аттестаттау рәсімін бөлу және жоғары оқу орнына оқуға түсу туралы түзетулер енгізілді.
Түзетулер 2017 жылы күшіне енеді.
Әдістемелік-нұсқаулық хатǀ2016-2017 оқу жылы
Мемлекеттік бітіру емтиханы – орта білім курсын бітіргені туралы куаландыратын мемлекеттік үлгідегі құжатты алу шарты болып табылатын орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың бір түрі. Емтихан мектептерде өткізіледі.
Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына оқуға түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір түрі. Тестілеу жоғары оқу орындарының базасында өткізіледі.
Емтихан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілген ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 суәрдегі № 115 бұйрығымен бекітілген 10-11-сыныптарға арналған жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарының оқу бағдарламаларына негізделеді.
Қазіргі таңда мемлекеттік бітіру емтиханы мен Ұлттық бірыңғай тестілеу рәсімінің форматын ҚР Білім және ғылым министрлігі әзірлеуде. Ақпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің www.control.edu.gov.kz сайттарына орналастырылатын болады.
Сонымен қатар, емтихан тапсырудың ұсынылып отырған формаларының бірі эссе жазу екеніне назар аударуларыңызды сұраймыз. Эссе жазуға қойылатын талаптар әдістемелік әдебиетте көрсетілген, оған қоса мұғалімге көмек ретінде әдістемелік-нұсқау хаттың тиісті тарауында эссе жазуға қойылатын талаптар бір үлгідегі талаптары барынша нақты көрсетілген.
Заманауи қоғамның ақпараттандыру жағдайында пән мұғалімдері АКТ-құзыреттілігін біліп, қосымша ресурстарды пайдалана отырып , соның ішінде интернет және пән бойынша ақпаратты табу мен өңдеу білігін қалыптастыруы керек.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің, оқушылардың оқу жетістігін сырттай бағалау, мемлекеттік аттестаттау мен талапкерлерді кешенді тестілеудің тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген оқулықтардың материалдары негізінде іске асады. Сондықтан ұлттық емтихандарға және мониторингілеуге дайындық кезінде оқушылар жоғарыда көрсетілген ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген оқулықтардың материалдарына сүйенуі тиіс.
Оқыту ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде жүргізілетін жалпы орта білім беретін мектептерде аударма оқулықтар немесе оқушылар мен ата-аналардың қалауымен қазақ тіліндегі оқулықтар қолданылады.
Білім мазмұнын жаңарту шеңберінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалып отыр.
Функционалдық сауаттылық әр мектеп пәнінің негізінде қалыптасады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және оның қалыптасуын тексеру құралы шығармашылық сипаттағы тапсырмалар (зерттеу жұмыстарына бейімделген тапсырмалар; экономикалық, тарихи мазмұндағы тапсырмалар; тәжірибеге бағытталған тапсырмалар т.б.) болып табылады.
Әдістемелік-нұсқаулық хатǀ2016-2017 оқу жылы
БҒДМБ қазақстандық жалпы білім беретін мектептердің PISA (15 жасар оқушылардың математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын, сонымен бірге әртүрлі типтегі мәтіндерді түсінуін салыстырмалы бағалау), TIMSS (4-ші және 8 -сынып оқушылардың математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын салыстырмалы бағалау) және PIRLS (мәтінді оқу және түсіну сапасын зерделеу) халықаралық салыстырмалы зерттеулеріндегі нәтижесін жақсарту қажеттілігі көрсетілген.
Осыған орай, Қазақстандағы мектептегі білім беру жүйесі балалардың дағдыларын дамытуда әртүрлі оқу және өмірлік жағдаяттар, тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастар білімін қолдануға бағытталуы тиіс.
Оқушылардың оқу жетістігін сырттай бағалау (бұдан әрі – ОЖСБ) аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығы бағаланады. Функционалдық сауаттылықты тексеруге арналған тест тапсырмалары алғаш рет 2014 жылы ОЖСБ тапсырмаларына қосылды.
Достарыңызбен бөлісу: |