3-сабақ
Қызыл кітап
1.Берілген сөздердің мағынасын түсіндіріп, сөйлем құраңыз.
дәуір, егіс, күрт, ластанған, қаңқа, үйір, тарпаң,
|
омыртқалы, жорғалаушы, бекіре, құру, қырылды.
|
Оқыңыз.
Жер бетіндегі хайуанаттар мен өсімдіктер миллиондаған жылдар бойы даму барысында қалыптасты. Адамдардың шаруашылық әрекетіне байланысты жер бетіндегі организмдердің тіршілік жағдайы тез өзгере бастады. Әсіресе жабайы жануарлар көп қырылды, себебі адам баласы аң аулаудың неше түрлі тәсілін қолданды. Ормандағы ағаштарды қырқып, өртеп, орнына егіс екті, жабайы аңдар мен құстардың бұрынғы табиғи жағдайы күрт өзгеріп, мекенін өзгертіп, кейбір түрлері құри бастады. Мысалы, ХІХ ғасырда жер бетінен жануарлардың 10 түрі жойылып кеткен болса, ХХ ғасырдың бірінші жартысының өзінде-ақ 40 түрі құрып кетті. Қазіргі уақытта тек омыртқалылардың 600-ден астам түрінің жойылып кету қаупі төніп отыр. Айталық, Х ғасырдың басында Еуропа жерінде қаптап жүрген жабайы "тур" сиырларының Польша жерінде ең соңғысы 1627 жылы өліп бітіпті. Витус Беринг экспедициясы құрамында болған зоолог Стеллер ашқан су сиыры бар жоғы 28 жыл ішінде жер бетінен мүлдем жойылған.
1741 жылы Командор аралынан табылған су сиырының тұрқы (көлденеңі) 8 м, салмағы 3000 кг шыққан. Ең соңғы су сиырының тұқымы 1768 жылы құрып біткен. Қазір оның қаңқасы Харьков университетінің табиғат музейінде сақтаулы тұр. ХУШ ғасырға дейін дала зонасында үйір-үйірімен жайылып жүретін жабайы жылқы тарпаңның ең соңғы тұяғы 1879 жылы құрып біткен. Осындай жағдайларды ескеріп, өсімдік пен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 1962 жылы Халықаралық табиғат және табиғи ресурстарды қорғау одағы құрылды. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, айырықша қорғау шараларын қолдануды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктер түрлері тіркелген арнайы кітапты "Қызыл кітап" деп атайды. Алғаш рет Халықаралық "Қызыл кітап" 1966 жылы басылып шықты. "Қызыл кітапқа" енген түрлер екі категорияға бөлінеді. А тобы жойылып кету қаупі төнген түрлерді, Б тобы сирек кездесетін түрлерді қамтиды. "Қызыл кітапқа" тіркелген өсімдіктер мен жануарларды қорғап, қорын молайтып отыру жауапкершілігі солар өсетін елге жүктеледі. Сол себепті соңғы кезде әр елде өздерінің ұлттық "Қызыл кітаптары" шығарылуда.
Қазақстан ғалымдары да республикамыздың "Қызыл кітабын" жазды. Бұл "Қызыл кітап" екі бөлімнен тұрады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі 1978 жылы жарық көрді. Кітапқа кең байтақ даламызды мекендейтін, саны сирек жойылып кеті қаупі бар сүтқоректілердің 31 түрі, құстың 43 түрі, балықтың 4 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі енгізілген. Олар: сүтқоректілерден - қара кірпі, көк суыр, құндыз, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, ТяньШань қоңыр аюы, қара күзен, орта азия сілеусіні, т.; құстардан - алтай ұлары, қара ләйлек, қарабай, бүркіт, лашын, ителгі т.б.; балықтардан - сырдария тас бекіресі, арал албырты, каспий албырты және т.б.
Екінші "Қызыл кітапта" (1981) құрып кету қаупі бар 308 түрлі өсімдік тіркелген. Олардың арасында Шренк шыршасы, Грейг қызғалдағы, Шренк тобылғысы, Жетісу недзвенциясы т.б. өсімдіктер бар.
Тапсырмалар:
Мәтінді оқып, түсініңіздер
Мәтінге жоспар құрыңыздар.
Мәтінді баяндаңыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |