Дәстүрлі қазақ қоғамының өмірінде мерекелердің, ұлттық ойындар мен спорт жарыстарының алатын орны ерекше. Мерекелерде адамдар жаппай бас қосып, бір-бірімен сөйлесуге, қарым-қатынас жасасуға мүмкіндік алды. Ұлттық ойындар мен спорт жарыстары жастарды төзімділікке, ұстамдылыққа, тапқырлық пен ептілікке баулиды. Олар кез келген дене еңбегі мен ауыр сынаққа әрқашан әзір болып өседі. Сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Мерекелер. Қазақтар көктемгі күн мен түннің теңелуін Жаңа жылдың басы - Наурыз мерекесін атап өтеді. Наурыз парсының «новруз» - «жаңа күн» деген сөзімен мағыналас. Ол - бағзы заманнан келе жатқан қасиетті мереке. Бұл күні ұрыс-керіс, соғыс атаулы тоқтатылады. Бұрын бір-бірімен ренжісіп қалған адамдар қайтадан татуласады, өткен-кеткен өкпе-реніштердің бәрі де кешіріледі. Әркім өз үйлерін тәртіпке келтіреді, сыпырып, тап-таза етіп қояды. Адамдар сәнді киініп, бір-бірін құттықтайды, қонаққа барады. Ақсақалдар үй-үйді аралап, өмірден өткен ата-бабаларға, аруақтарға, марқұм болғандарға арнап Құран бағыштайды. Әйелдер ежелден келе жатқан салт бойынша құрамында жеті түрлі тағамдық зат бар наурызкөжені мол етіп пісіреді. Одан көрші-қолаң, туған-туыстар мен үлкен-кішілер және үйге келген қонақтар түгел дәм татады. Жастар бір-біріне ескерткіш сыйлықтар ұсынады. Бұл күні ұлттық ойындар мен спорт жарыстары өткізіледі. Қазақтарда наурыздан өзге қымызмұрындық, соғымбасы, сүндет той, тоқымқағар сияқты басқа да толып жатқан мереке-тойлар болған.
Ұлттық ойындар. Қазақтың ұлттық ойындарының терең тәрбиелік, әскери-спорттық, салт-дәстүрлік, өзара қарым-қатынастық және көркем-эстетикалық сипаты бар. Ұлттық ойындар денешынықтыру, жастардың ақыл-ой қабілетін арттыру сияқты міндеттер атқарған.
Балалардың ең көп тараған ойыны - айгөлек. Ежелден бар ойындардың бірі - ақсцйек. Бозбалалар мен жігіттердің ойыны аударыспақ кезінде олар екі-екіден ортадағы алаңға шығып, бірін-бірі ат үстінен аударып түсіру үшін күш сынасады. Ептілік пен төзімділікке тәрбиелейтін ойынның бірі ат үстінде шауып келе жатып жерден күміс алу болатын. Ер адамдардың кеңінен тараған ойыны - көкпар тарту.
Бәйгеге ондаған, кейде тіпті жүздеген бас мал, әсемдік әшекей бұйымдар, күміс және алтын тайтұяқтар тігілетін. Ат жарыстарына қазақтар ерекше мән беретін. Халық арасына кеңінен тараған спорт жарыстарының бірі - қазақша күрес. Күрестің бұл түрінде балуандардың жас мөлшеріне де, салмағына да шек қойылмайды. Халық өзінің балуандарын төбесіне көтеріп, құрмет тұтқан. Қазақ тарихында Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ сияқты басқа да балуандар ұмытылмастай болып есте қалды. Үлкен мерекелерде, жиын-тойларда әр ру өз балуандарын күреске шығаратын.
Қазақтарда бұлардан өзге алтыбақан тебу, тоғызқұмалақ, асық ойнау, жамбы ату, қыз қуу, жілік сындыру сияқты ұлттық ойын түрлері мен спорт жарыстары да болды.