1810-1822 және 1835 жылдары патша үкіметі Жаңаелек және Жаңашекара шебі аудандарын Кіші жүз қазақтарының пайдалануынан тартып алды. Сөйтіп қазақтар 4 миллион десятинаға жуық ең құнарлы жерінен айырылып қалды. Кейін ол аудандар Орынбор губерниясының құрамына өтіп кетті.
1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағыныңдеректері бойынша Астрахангуберниясында - 42,6 мың, Самара губерниясында - 7,4 мың, Орынбор губерниясында - 3,9 мың қазақ тұрған болатын. Астрахан губерниясына қарасты Ішкі Ордадағықазақтардың саны 207,3 мыңға жетті. Қазақтардың аздаған бөлігі Пермь, Уфа, Саратов сияқты басқа бірқатар губернияларда қоныстанды.
Қазақтар Батыс Сібірдің оңтүстік аумағында ежелден көшіп-қонып жүрді. XV ғасыр мен XVII ғасырдың бас кезінде бұл аймақты қазақтардың қыпшақ, жалайыр, арғын, керей және уақ сияқты тайпалық бірлестіктері мекендеді. Оларды Батыс Сібірдің оңтүстік жағындағы аймақтан ХVІІ-ХVIIІ ғасырларда көшпелі жоңғарлар (ойраттар) бірте-бірте ығыстырып шығарған болатын.
1752-1755 жылдары Орта жүздің солтүстік аймақтарының жерлерінде Жаңашекара ауданы құрылды. Соның салдарынан қазақтардың солтүстіктегі шекарасы оңтүстікке қарай 250 шақырымдай жылжытылды. Ол жерлердегі қазақтар күшпен көшірілді. Қайта-қайта үздіксіз өтініш жасаудың нәтижесінде 1771 жылы Орта жүз қазақтары Тобыл және Томск губернияларымен шекаралас аймақтарға уақытша көшіп-қонуға рұқсат алды. Соның өзінде тек «ерекше сенімді», «шын пейілдерімен берілген» қазақтар ғана аманат беру және жерге жалақы төлеу арқылы орналаса алды.
Патшаның 1788 және 1789 жылдары шыққан жарлықтары бойынша Ертіс бойындагы қазақтардың бір бөлігіне өзеннің оң жақ бетінде «мәңгі көшіп-қонып жүруге» рұқсат етілді. Сібір шекара шебінің ішкі жағындағы бос жатқан жерлерді пайдалану мүмкіндігі туды.
Томск және Тобыл губернияларының аумағында көшіп-қонып жүрген қазақтарға 1880 жылы Құлынды даласынан көлемі бір миллионға жуық десятина келетін қосымша жер бөлінді. Қазақтар ол үшін орыс шаруалары сияқты мемлекетке жылына 6 сомнан салық төлеп тұруға міндетті болды.