Бөкей сұлтан бастаған қазақтардың 1801 жылы Жайықтың оң жақ бетіне жаппай өтуі. 1799 жылы Бөкей сұлтан Ресей императорының атына хат жазды. Хатында өзінің қол астындағы қазақтардың бір бөлігінің Жайықтың оң жақ бетіне көшіп баруына рұқсат сұрап, өтініш жасады. 1801 жылы Ресей монархы I Павелдіңжарлығы шығып, Бөкей сұлтан мен оның қол астындағы қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне көшуіне рұқсат етілді.
Көшіп барған қазақтардың қоныстанған аумағы 70 мың шаршы шақырым шамасында болды. Бұл аймақ Ішкі Орда деп аталды. Ішкі Орда батысында Астрахан, солтүстігі мен шығысында Саратов және Орынбор губернияларымен шектесті, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Каспий теңізі мен Жайық шекара шебіне барып тірелді. Әкімшілік тұрғысынан алғанда Ішкі Орда Орынбор шекара комиссиясына бағынышты болды.
1801 жылы Жайықтың оң жағасына 5 мыңға жуық отбасы көшіп барды. Олардың басым көпшілігі таяуда ғана болып өткен көтеріліске қатысқандар еді. Сырым Датұлы қазақтардың Жайықтың оң жағалауына қоныс аударуына қатты қолдау көрсетті. Ол тіпті халық арасында атақонысқа көшу жөнінде ықпалды үгіт жүргізді.
Жайықтың оң жағалауына көшіп барушылардың саны бірте-бірте арта түсті. Мәселен, 1897 жылғы Ресей империясының Жалпыға бірдей алғашқы халық санағының көрсеткен нәтижесі бойынша, Ішкі Ордада 207 мың қазақ болды. Кейінірек қазақтардың Ресеймен шекаралық шептің ішкі жағына өтуіне тыйым салынды. Сонымен қатар қазақтардың кең-байтақ қазақ даласына қайтып келуіне де рұқсат берілмеді. Далалық қазақтардың да Ішкі Ордаға өтуіне шек қойылды. Аймақ тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Климаттық-топырақтық жағдай жер кәсібімен шұғылдануға мүмкіндік бермеді.
1812 жылы Бөкей сұлтанға хан лауазымы берілді. Жартылай тәуелді жаңа мемлекеттік құрылым ендігі жерде Бөкей хандығы (Ішкі Орда) деген атқа ие болды. Патша үкіметі келешекте одан империяға толық тәуелді мемлекеттік құрылым жасамақ ниетте еді. Бұл ретте хандықтың жаңа билеушісі Жәңгірге үлкен үміт артылды.