1841 жылыЖәңгірдің өз бастамасы бойынша алғашқы зайырлы мектеп ашылды. Мектепте орыс, араб, парсы тілдері, сонымен қатар математика, география, тарих, дінтану пәндері де оқытылды. Ол мектептің бүкіл шығынын өз қаржысының есебінен өтеген. Жәңгір хан қазақ балаларының Ресейдің оқу орындарында оқуын жақтап қана қойған жоқ. Сонымен қатар балаларды Санкт-Петербургта, Мәскеуде, Астраханда, Саратовта, Қазанда және Орынборда оқытуға жеке өзі көп күш-жігер жұмсаған. Мәселен, өзінің қол астындағы халықтың балаларын оқыту үшін Орынбордағы Неплюев кадет корпусынан 10 орын берілуіне қол жеткізген. Бөкей Ордасына барып оқығандардың бірқатары кейінірек көрнекті инженерлер, орманшылар, әскери қызметшілер, ғалымдар ретінде даңққа бөленді.
Жәңгір хан барлық жерде ісқағаздарын жүргізу тәртібін енгізді, жеке өзінің мұрағат қызметін құрды. Денсаулық сақтау саласында хан жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгізді. Оның күш-жігер жұмсауы арқасында Ішкі Ордада аурухана және дәріханаашылды.
Ол далалық жағдайда бірінші болып Ішкі Орданың топонимикалық және географиялық картасын жасатты. Жәңгір хан аң аулаудыөте жақсы көрді. Ол қару-жарақ палатасын ашу жөнінде де бастама көтерді. Бірақ оны жасау ұзақ жылдарға созылды. Онда сирек кездесетін қару-жарақ түрлері, соның ішінде орыс патшаларының қазақ хандары мен сұлтандарына сыйға тартқан мылтықтары мен қылыштары да болды. Палатада қымбат бағалы, әшекейлі ер-тұрмандар, ат әбзелдері, жүгендер, сауыттар, дулығалар, қалқандар сақталды. Қару-жарақ палатасында Жәңгір хан өзі бас болып, экскурсиялар өткізіп тұрды, тіпті Хан ордасы жанындағы мектептің оқушыларынан өзі емтихан қабылдап та жүрді.
Белгілі зерттеуші М.-С. Бабажанов ханның енгізген жаңалықтары туралы былай деп жазды: «Петербург, Орынбор, Мәскеу, Астрахан және Саратов қалаларына барған сапарларында хан өзімен бірге біраз адамды жанына ертіп жүрді. Ондағы мақсаты өзге елдің жетістіктерін қазақтарға өз көздерімен көрсетеді... Хан Ордаға ағаш шеберлерін, алтын-күміс зергерлерін, темір ұсталарын шақыртып, қазақ балаларын шәкірттікке берді». Хан мерекелерде Ордада отшашуларұйымдастырды, хайуанаттар бағын шақырды. Ол үйіне бильярд орнатты. Ордада ішімдік ішуге үзілді-кесілді тыйым салды.
Бөкей хандығының билеушісі көшпелі қазақтардың отырықшылық өмір салтына көшуін қолдап, көтермелеп отырды, шөп шабуды үйретті. Ол мал тұқымын асылдандыру ісіне де белсене араласты. Осы мақсатпен Кавказдан және орыс зауыттарынан асыл тұқымды жылқылар алдырды. Олардың бірқатарын төңірегіндегілерге сыйға тартты. Ресейдің еуропалық бөлігінен ауыл шаруашылық құрал-саймандарын көптеп жеткізуге нұсқау берді. Жәңгір ағаш отырғызу ісіне көп көңіл бөлді. Оның тікелей нұсқауы бойынша 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, көгалдандырылды. Сөйтіп бір кездегі құм басқан шөл дала гүлденген алқапқа айналды.
Жәңгір хан прогресшіл мемлекет қайраткері ретінде сіңірген еңбектері және Бөкей хандығын басқару ісіндегі жетістіктері үшін I дәрежелі Қасиетті Анна орденіменмарапатталды. Жәңгір хан генерал-майоршеніне ие болды, Қазан университеті Ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Орыс императоры өз құрметінің белгісі ретінде оған арнайы жасаттырып күйме және сәйгүлік сыйлаған.