Оқулық Алматы, 012 ƏОЖ



Pdf көрінісі
бет31/140
Дата16.06.2022
өлшемі3,28 Mb.
#36961
түріОқулық
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   140
Дүниеден біраз тұрып біз де өтерміз.
Ат қалсын кейінгіге деп сөйледім, –


116
деп, ақындық міндетін бағдарласа, “Бұл бір түрлі сөйлегенім” атты 
өлеңінде:
Жұмысым өлең жазу менің дайым,
Қылмаймын бұ жалғанда тіпті уайым.
Өзімді өз басыммен алдандырып,
Осындай күйге салған бір құдайым, –
деп, өз талантының алладан келген пəрмен екендігіне толық сенім 
білдіреді.
Ақынның осы аталған ой-толғау өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің 
жалған дүние əлемінде еркіндікке бастар жол таппай қиналуы терең 
толғаммен сипатталады.
Дүниемен болып жүрмін мен екіұдай,
Əурелік балалығым бұрынғыдай.
Қараумен өз бойыма күнімді өткіз,
Басқаға көз салдырма патша-құдай.
“Патша-құдайға” шын ниетімен берілген Мəшһүрдің осы ойын 
“Патша құдайға” ынталы жүрекпен қарап, “ғаділетті жүректің 
əділетін” бұзбауға бекінген Абайдан да кездестіреміз.
Патша-құдай сиындым,
Тура баста өзіңе.
Бұл екі ақынның діни-философиясындағы, танымдық əлеміндегі 
үндестікке дəлел бола алады. Осы тіркестің мəнінде жұмбақ 
тіршілікті жаратушыға бірінде жалбарыну, бірінде өзіне деген 
сенімділік басым болғанымен адамның танымдық мүмкіндіктерінің 
шектеулілігін мойындау, алла еркіне мойынсұну тұжырымы тамыр 
тартып жатыр. Мəшһүр Жүсіп өлеңдерінің ішінде терең танымдық 
ой-тұжырымға толы “Тапсырдым бір құдайға мен басымды” деп 
келетін “Анама хат” атты шығармасының орны айрықша. Мұнда 
Жаратушыға сенген ақынның терең ойы, түбегейлі сезімі былайша 
көрініс табады:
Нұр жауар хақтан рахман иманды ерге,
Талпынар күн-күн сайын өнерлі өрге.


117 
Ақын өзі мейіріміне бөленген ұлы жаратушыға келесі жолдарда 
шын ықыласпен ризашылығын білдіреді
Ей Алла, айналайын бергеніңе,
Ғибратпен, шын ықыласпен көргеніңе!
Жоғарыдағы өлең жолдарының өн бойынан Мəшһүр Жүсіптің 
шынайы сенім-түсінігі айқын аңғарылады.
Ақынның осы мазмұндас өлеңінің ерекше бір маңыздысы – 
“Мəшһүрдің ақындығымен қоштасқаны”. 
Бізді құдай бар қылып қойды жоқтан,
Құтылмаймыз тура атқан қалақ оқтан.
Жамандыққа келгенде білгіш – ақпыз,
Құлақ – саңырау, көз соқыр – жақсылықтан.
Осы шумақтың алғашқы жолында тіршілікті жаратушыға деген 
нақты сенім бар, яғни ақын “құдайдың жоқтан бар жасағанына” 
ешбір күмəнсіз. Келесі тармақта адам тағдыры бейнелі түрде бедер-
ленген. Ол да алланың қолында. Демек, өмірді беретінде жаратушы, 
алатында жаратушы. Мұндағы дүниетаным шеңбері – тағдырдың 
жазмышы төңірегіне жинақталған. Үшінші жолда жалпы адамзат ба-
ласына тəн қасиет – жақсылықтан жамандыққа бейім тұратындығы, 
соған бейімшілдігі нақты берілген. Ең соңында адамның өзінен 
адалдық, жақсылық, ізгілікті талап еткен жоғарғы ақиқат 
алдындағы дəрменсіздігі сынға алынады. Ақынның дүниетанымдық 
көзқарастары өлеңдерінде осылайша көрініс тапқан.
Мəшһүр Жүсіп өлеңдерінің тағы бір саласы – жалпы ақындық 
болмыстың табиғатын айқындауға, соны байыптауға арналған. 
Ақынның “Қазақ жұртының осы күнгі əңгімесі” атты ұзақ өлеңінде 
өнерді бағалау, эстетикалық талғам-талап пен сөз өнерінің қырсырын 
ұғындыру мақсаты айқын танылады.
Ар жағынан келген соң судай ағып,
Тұра алмайды ақындар ауыз бағып.
Көр соқырлар танымай тез екенін,
“Қисық қой” деп қор қылар отқа жағып.
Өлең тудыру – ақынға артар жүгі ауыр шығармашылық үдеріс, 
ол терең дүниетанымдық қабілет пен сезімталдық қасиеттердің 


118
бірлігінен туып, адамның жан дүниесіндегі серпілістер мен жүрек 
түкпіріндегі ғажайып толқыныстар тоғысынан жаратылады. Ішіне 
сыймай, буырқана сыртқа тепкен серпінді сезімнің қуат-күшін 
ақын еріксіз бұқтырып, тоқтатып тұра алмайды. Мəшһүр ақын жа-
нын осылай түсінеді. Талғамы терең азамат – ақын сөз өнерінің 
нəзік иірімдеріне терең бойлағандықтан, көп өлеңдерінде əдеби 
көркем шығармашылық қиыншылығының құпиясын кең ашуға 
талаптанған. Осы сипаттағы өлеңдерінің ішінен “Мəшһүрдің қырық 
алты жасында сөйлеген сөзі” атты өлеңінің орны ерекше. Өлең 
”Мəшһүрден келе жатыр өнер қайнап”, – деп басталады. Осысымен-
ақ ол ақындық өнердің бар болмысын тап басып танытады. Іштегі 
терең тебіреніссіз, толқынды толғаныссыз өлең тумайтынын, он-
сыз жаралған жансыз өлең көптің көңіліне жол таба алмайтынын, 
оқырман жүрегіне жетпейтіндігін ақын ерекше атап көрсетеді.
Құстай боп қапастағы қалғаннан соң,
Шарыққа бір-ақ шығып кеткен кезіп.
Шабыттың тасқан сəтін ақын Мəшһүр өте дəл əрі айқын бедер-
леген. Ақынның қиналыс сəтін, өлеңінің туу сəтін бейнелеген сұлу 
сурет, көңілден мəңгілік жанды бейнелілік тудырып, кереметтей зор 
эстетикалық əсер береді.
Ақын өз жан дүниесін ғана емес, халқына тəн бар қасиет-
болмысты түптеп тартып түсінбесе бойындағы өнерін бүтіндей 
ашып, ел-жұртына сый ғып тарта алмасы анық. Себебі ақын – 
халықтың төл баласы. Оның тағдыры мен талайы да, бақыты мен 
бағы да халқымен бірге. Мəшһүр – осыны жете түсінген əрі жаны-
мен түсінген ақын.
“Мəшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген сөзі” өлеңі 
Мəшһүрдің ақындық өнер жөніндегі танымдық ой-пікірлерінің 
жиынтығы деуге болады.
Сөз осал бола қалды не қылғанда,
Шақпақтай от шығады шағылғанда.
Көңілдің дəриясында сөз бір гауһар,
Кісісі танып алар табылғанда.
Болмайды сөз болғанмен бəрі тегіс,
Келтірер иесіне кей сөз сөгіс.


119 
Бас қосқан мерекеде жақсы-жаман,
Шешендер – мəуелі ағаш, сөз – бір жеміс.
Бұл – əйтеуір өлеңнің қадір-қасиетін тізе беруді көздеген талап 
емес, өлең сөздің құдіретін сөзбен өрген өлең өнерінің сырына 
қанықтыра түсуді көздеген мақсат. Ақын – мəуелі ағаш болса, оның 
сөзден жаралған жырлары – тəтті жеміс. Əдемі сурет! Соның тағы 
бір көрінісі:
Əр жерде бөлек-бөлек жүрген сөзді
Түсірер жұрт көзіне өлең тізіп.
Бұл – өлең шығарудың табиғи құбылысын қарапайымда бол-
са да шынайылықпен жеткізген шеберлік. Шынында: үйлестіріп, 
ұйқастырып, оқырман, тыңдарман “жүрегіне жылы тиіп”, көкірегіне 
қона кетер туынды тудыру үшін қабілет, талант, дарын керек. 
Жоғарғы жолдарда осының шындығы қорытылған. Шығармашылық 
өнер – өнер иелері үшін мазасыз ізденіс, еңбек, бейнет. Мəшһүр осы 
ақиқатты екі-ақ жолға сиғызған:
Жаныма тыныштығы жоқ, өзіме қас,
Бұлбұлдай жұртқа жағып, сайрағаным.
Ақынның ақындық талант, дарыны мен өнерпаздық қуатына бір 
мысал:
Орынсыз жындылық деп күлмегейсің,
Көңілді дүние көріп бөлмегейсің.
Мың түрлі жақсы мінез көрсең дағы,
Кісіге сыналмаған сенбегейсің.
Бұл – “Қалмады ойлай-ойлай басымда ми” өлеңінен алынған 
шумақ. Өте сəтті шыққан ұтымды ой. Мəшһүр өлеңдері мазмұндық 
терең тағылымымен де “жүрекке жылы тиіп” көңілге терең ұялайды. 
“Тілге жеңіл” қарапайымдық өлең бойына ерекше жылылық 
дарытқан. Азамат ақынның жүректен шығып, жүрекке жеткен 
өлеңдерінің қадір-қасиеті – Мəшкеңнің азаматтық тұлғасымен 
тығыз байланысты.


120
Не боларлық сабаздар жүр ғой өспей,
Өмір бойы желкеден жауы түспей.
Мен көрмесем, кейінгі жауы көрер,
Дəметейін түңіліп үміт кеспей.
Осы өлеңі ақынның “68 жасында сөйлеген сөзі” екен, яғни 1926 
жылы жазылған. Азаттық əпереді деп сенген Қазан төңкерісінен 
кейінгі қазақ баласының ой қорытындысын осылай береді Мəшекең.
Мəшһүр Жүсіптің əдеби мұрасы кезінде идеялық қайшылығы 
бар деп саналып, саралауға келгенде талас тудырмай қойған жоқ. 
Алайда М. Əуезовтің төмендегідей тұжырымды сөзі сол тұста орын 
алған əр түрлі кереғар ой-пікірлерге жөн сілтеген түзу сөз болды: 
“Мəшһүрдің ұзақ өміріндегі шығармашылық жолының да талай-та-
лай кезеңдері болған. Соны ескеру қажет еді. Ол кейде патшалықты 
жақтаса, кейде халықтық сарынға да жақындаған. 1905 жылғы 
патшаның манифесінен үміт етіп сөйлеген кезі де бар. Бұл тарихтың 
заңды жайлары, бұндай кезеңдерді мінеудің қажеті жоқ”.
Мұны Мəшһүр Жүсіпті түгелдей ақтаудан гөрі, ғұлама суреткердің 
заман салқынының əсерін ескере отырып, ақын жанын терең түсінуі 
деген жөн. Қалай дегенде де əр ақын – өз заманының түлегі. Оған өзі 
өмір сүрген дəуір лебі жанасып өтпеуі мүмкін емес. Өз заманының 
озық ойлы азаматы – Мəшһүр Жүсіп шығармалары халықты білім-
ғылымға, ағартушылыққа, еркіндік аңсаған азатшылдық рухқа 
шақырды. Өз оқырманының жүрегіне ақын ретінде адамшылық 
дəнін екті.
Мəшһүр шығармашылығының тақырыптық, идеялық бағытын 
бағдарлағанда түйер ой мынау: Мəшһүр Жүсіп Көпеев – діни-
ағартушы ақын. Бірақ ақынның діни-ағартушылық идеясы мен 
азатшылдық идеясы бір-бірімен тығыз байланысты. Олар бірін-бірі 
алға жетелеп, бүкіл шығармашылығының өн бойына желі боп тара-
тылып жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   140




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет