4.3.5. Шетел зерттеулерiндегi этнос мəселесi.
Қазiргi шетел зерттеулерiнде этнос мəселесi қалай қойылған?
"Этнос" терминiнiң өзi ғылыми əдебиетте ХVIII-ХIХ ғасырлардың аралығында пайда
бола бастады жəне оның қолданылуы осы сөздiң өзiнен туындайтын "этнография",
"этнология" деген терминдермен шектелдi. Тек ХIХ ғасырдың соңынан бастап ғылыми
əдебиетте "этнос" ұғымы əртүрлi мағынада қолданыла бастады: адамзат тарихының ерте
кезеңiн белгiлеу үшiн (Л.Г.Морган), тарихи-мəдени провицияларды (А.Бастиан),
қарапайым мəдени бiрлiктердi (Ж.В.Ляпуж), жəне т.б. белгiлеу үшiн. Этникалық
терминологияның қазiргi ұғымына жақын түсiнiктi ХIХ-ХХ ғасырлардың аралығында
француз антропологы Ж.Деникер бердi. Ол "этникалық топтар" ретiнде тiлi, өмiр сүру
тəртiбi мен жүрiс-тұрысы жағынан бiр-бiрiнен ерекшеленетiн халықтарды түсiндi. Бiрақ ол
өз жұмыстарында "этнос"терминiнiң орнына "нəсiл", "халық" ұғымдарын көбiрек
қолданады.
Этникалық терминологияға деген келесi бiр қызығушылықтың толқыны бiрiншi
дүниежүзiлiк соғыстан кейiн жандана түстi. 1919 жылы Францияда осы мəселемен
айналысқан Ф.Рено "этнос" жəне "үлкен этнос" ұғымдарын ажыратуды ұсынды. Дəл осы
уақытта Германияда бұл мəселемен белгiгi əлеуметтанушы М.Вебер айналыса бастады.
Оның "Шаруашылық жəне қоғам" еңбегiнiң жеке бiр тарауы этникалық қауымдар
қатынастарына арналды.
Этникалық терминологияның таралуы мен қалыптасуындағы ерекше қарқынды даму
60-жылдары орын алды жəне бұл, ең алдымен, батыс əлемiндегi этносаралық
қатынастардың өрши түсуiмен байланысты болды. Бұл кезең этникалық терминологияның
мəндi түрде жасақталуымен сипатталады. Əсiресе "ethnos", "ethnische Gruppe" (немiс
тiлiндегi ғылыми əдебиеттерде), "еthnic" (француз тiлiндегi əдебиеттерде), "ethnic group",
"ethnic community", "ethnic unit" (ағылшын тiлiнде) сияқты ұғымдар кеңiнен тарала
бастады. Сонымен қатар, бұл сөздерден туындайтын "ethnic identity" (этникалық
идентификация), "ethnic relations" (этникалық қатынастар), əсiресе ағылшын тiлдес
ғылыми əдебиетте көп кездесетiн "ethnicity" (этникалық) терминдерi де кең танымал
терминдерге айналды. Осы уақыттан берi қандай да болсын бiр ұғымды жалпы
қабылданған деп айту қиын, этноболмыстың ұғымдық жүйесiнiң көптеген маңызды
мəселелерi бойынша осы күнге дейiн толық келiсiм, бiрауыздылық жоқ. Осыған
қарамастан Ф.У.А.Риггс, Дж.Сартори сияқты əлемдiк ғылыми қауымдастықтың өкiлдерi
этносфераны терең əрi жан-жақты зерттеу үшiн этникалық терминологияны
универсалдандыруды ұсынады.
Қандай да болмасын бiр этникалық бiрлiктi анықтаудағы бұл алуан түрлiлiк ең
алдымен субъективизмге негiзделедi. Мысалы, канадалық əлеуметтанушылар Р.Бретон
жəне М.Пинард этнос - бұл "эмоционалдық жəне символикалық байланыстармен
бiрiктiрiлген адамдардың қауымы" деп есептейдi, немiс этнологы В.В.Мюльманның
пiкiрiнше, этнос – "бұл адамдардың өзiндiк сана-сезiмiмен бекiтiлген тұтастық", ал
француз зерттеушiсi М.Маже этносты "кейбiр құндылықтық сипаттамаларды өздерiне
ұжымдық жəне бейсаналық түрде таңатын физикалық тұлғалардың бiрлiгi" тұрғысынан
қарастырса, американдық зерттеушiлiр Л.Вернер жəне Л.Срола этнос ұғымы "өзiн белгiлi
бiр мəдениетi бар топтың мүшесi сақтайтын жəне сол топтың əрекетiне қатыса алатын"
кез-келген адамға қатысты қолданыла алады.
Алайда, этностың субъективтiк негiздерiне баса назар аудара отырып, шетелдiк
зерттеушiлiрдiң оның объективтiкқырларын да терiске шығармайтынын ескерген жөн.
Бұл тұрғыда əлеуметтiк психологтар Т.Сибутани мен К.Квананың позициялары ерекше
қызығушылық тудырады. Олар өздерiнiң "Этникалық стратификация. Салыстырмалы
тəсiл" дегн еңбектерiнде былай деп жазады: "Этникалық категориялар субъективтi,
өйткенi олар тек адамның ойында ғана өмiр сүредi, бiрақ адам өзiн қалай болса солай
жариялай алмайтындығы себептi объективтi. Бұл категориялар объективтi, өйткенi олар
сенiм ретiнде адамдар арасында терең тамырлаған жəне жекелеген индивидтердiң
қалауынан тыс өмiр сүредi. Олар этносты "шығу тегiнiң ортақтығына қарай өздерiн туыс
деп есептейтiн жəне оларды өзгелердiң де солай деп санайтын адамдардың жиынтығы"
деп қарастырады. Алайда, Т.Сибутани мен К.Кван да жалпы қабылданған субъективтiк
тəсiлден тысқа шығып кете алмайды. Олар берiлген ұғымды онан ары анықтай отырып,
былай деп жазды: "этникалық топ эмоционалдық байланыстармен бiрiккен жəне өздерiнiң
типiн сақтап қалуға ұмтылатын адамдардан құралады". Шетел əдебиетiнде этнос
ұғымына неғұрлым толық анықтама бергеннiң бiрi американдық зерттеушi Энтони Смит
болып табылады. Ол мынадай анықтама ұсынады: этнос - "бұл шығу тегi мен тамырының
ортақтығы туралы мифтi ұстанатын, ортақ тарихи, бiр немесе бiрнеше ерекше мəдениетi
бар, территориялық бiрлiгi мен топтық ынтымақтастық сезiмi ортақ белгiлi бiр ұжым.
Бүгiнгi күндерi ұлтшылдық идеяларының көрнектi авторларының бiрiне саналатын
Э.Смиттiң позициясын сипаттауға К.Г.Юнгтiң ұрпақтар жадында сығымдалып сақталып
қалған "ұжымдық бейсаналық" ұғымы неғұрлым сəйкес келедi. Э.Смиттiң пiкiрiнше,
этникалық топ қоршаған ортаның талабына жауап ретiнде қалыптасады жəне бұл
ұжымдық тəжiрибе этникалық топтың дамуын анықтайтын этникалық мифтер мен тарихта
сақталады. Ұжымдық жадыда, əдетте, мына нəрселер сақталады: топ пайда болған
өздерiн этникалық территориясына алып баратын жол, өздерiнiң жəне өзгелердi қарсы
қою арқылы этникалық топтасуға жағдай жасайтын топтар мен соғыстардың шығу тегi
жөнiндегi мифтер.
Қазiргi жағдайларда этносаралық байланыстардың қарқынды дамуына байланысты
этносаралық процестерге деген қызығушылық өсе түстi. Бiрақ бұл саланы зерттеуде
шетелдiк қоғамтанулық əдебиетте жалпы қабылданған этнос теориясының жоқтығынан
қиындықтар туып отыр. Осыған байланысты, əсiресе ағылшын тiлдес, оның iшiнде
американдық ғылымда этникалық концепциясы кеңiнен қолданыла бастады. Алайда
мұнда да осы терминге қатысты бiрауызды пiкiр жоқ. Зерттеушiлердiң бiр бөлiгi
этникалықты нəсiлдiк, дiни, ұлттық немесе аймақтық бiрлiкке негiзделген топтың ұжымдық
сезiмi ретiнде қарастырады. Д.Робертсонның "Саяси сөздiгiндегi" берiлген этникалықтың
анықтамасы осы түсiнiкке сəйкес келедi: "Этникалық дегенiмiз нəсiлдiк, мəдени жəне
тарихи сипаттамалардың негiзiнде қоғамның уақыт өткен сайын жекелеген, кейде бiр-
бiрiне жау саяси достастықтарға бөлiнетiн күрделi құрылымы болып табылады". Өзге
зерттеушiлердiң пiкiрiнше, этникалықты тұлғаның этникалық қасиеттерiн белгiлеу үшiн, ал
үшiншiлерiнiң ойынша этникалық бiрлiктердi белгiлеу үшiн қолданады. П.Ван ден Берг
этникалықты əуел бастан адамзатқа тəн қасиет ретiнде сипаттайды. Өзiнiң "Этникалық
феномен" кiтабында ол этникалықты табиғи сұрыпталу принципiне негiзделген əлеуметтiк
биологиялық құбылыс ретiнде қарастырады. Оның пiкiрiнше бұл сұрыпталу бiр-бiрiне
жақын əрi ұқсас ағзалардың топтасуына жəне дұшпандық əлемде өздерiнiң сақталынып
қалуына жағдай жасайды. Ол адамдардың бiрiгуiнiң бастапқы формасы қандас-туыстық
байланысқа негiзделген ру жəне үлкен отбасылық қауым болып табылады жəне ол
кейiнiрек өзiнiң мəнiн жоғалтып, этникалық топқа айналды деп есептейдi (Знаменский А.А.
Этнонационализм: основные концепции американского обществоведения // США., 1998,
№8, 6-бет). Бiрақ, жоғарыда айтылғандай, соңғы 10-15 жылда ғылыми қоғамтанулық
əдебиетте американдық ғалымдар терминологиялық шатасушылықты игерiп, келiсiмге
келу барысында "этникалық" терминi құрамына қауымдастықтар, процестер, əрекет
түрлерi енетiн əлеуметтiк объектiлердiң ерекше класы – этникалық шамалар жүйесiндегi
ұғымдардың бастапқысы ретiнде қолданыла бастады. Қазiргi шетелдiк қоғамтанулық
ғылымда
этникалық
қауымның
былайша
жiктелуi
мойындалған: "этникалық
қауымдастықтың" өзi "этникалық категория", "этникалық топ", "этноұлт" деген түрлерден
құралады.
Соңғы
анықтамалық
басылымдар
мен
американдық
қоғамтанушылардың
зерттеулерiн талдай отырып, Т.В.Таболина этникалық бiрлiктерге мынадай анықтама
бередi: "этникалық категория" барлығының бiр əлеуметтiк сипаттаманы – мойындалған
əлеуметтiк категорияның мүшелерi ретiнде бiрегейлендiретiн индикатор мен маркердi
кабылдайтын адамдарды қамтиды. Мұндай маркерлерге нəсiл, терiнiң түсi, тiл, дiн,
географиялық шығу тегi жатады. Р.Х.Джонсон былай деп жазады: "Индивидуумға мұра
болып қалған маркерлердi олардың өздерi мойындамаған жағдайда да бұл маркерлер
этнткалық категорияларды жедел түрде таныта алады". Сонымен қатар маркерлер – бұл
объективтi нақтылықтар. Қалай болғанда да этникалық қауымның басым бөлiгi мұндай
сипаттамалардың бiреуiн немесе бiрнешеуiн бөлiсетiн тұлғалардан құралады. Бұл
тұлғалар материалдық теңсiздiк жүйесiнде жалпы платформаны иеленетiн тұлғалардың
тобын бiлдiретiн əлеуметтiк тап сияқты жалпы этникалық платформада орналасады.
"Этникалық топ" – бiрегейлiк пен ұйымдасушылықтың қосымша сипаттамаларына ие
болатын этникалық категория. Бұл жерде бiрегейлiк тұлғаның əлеуметтiк категорияға
қатысын өзiндiк саналы түрде сезiнуi мен бағалауын бiлдiредi. Американдық зерттеушi
Дж.М.Уингердiң пiкiрiнше, этникалық топтар мынадай параметрлерi бойынша
ерекшеленедi: тiл, дiни наным-сенiмi, нəсiлдiк белгiсi жəне шыққан отаны. Бұл берiлген
топтың мүшелерi өздерiнiң қауымы мен қоғамның арасындағы айырмашылықты жете
сезiнедi (Смелзер Н. Социология.М., 1994, 306-бет). Бұл түсiндiрме бiздiң ғылыми
əдебиеттегi этникалық топ ұғымымен сəйкес келедi.
Этникалық категория мен этникалық топтың арасындағы айырмашылық былайша
сипатталады: егер этникалық категория белгiлi дəрежеде перманенттi жəне өзгерiссiз
(немесе өте жай өзгеретiн) əлеуметтанымдық феномендер болса, ал этникалық топтар -
əлеуметтанымдық емес, өзгерiстерге түсiп отыратын тарихи шамалар. Р.Х.Джексон
"Этникалық категориялар саяси қысымға өте берiк болса, этникалық топтар басқа күйге
ауыса алады, реттеле алады жəне жойылып кетуi де мүмкiн" деп саналады. Этникалықты
бақылаудағы негiзгi тарихи қажеттiлiктердiң бiрi əлеуметтiк тұрғыда берiк этникалық
категорияларды неғұрлым кең мəдениеттiң құрамына сiңiру саясаты болып табылады.
"Этноұлт" елдiң iшiнде жеткiлiктi саяси статусқа ұмтылатын этникалық топты бiлдiредi.
4.3.6. Этникалық қауымдардың жiктелуi.
Кеңестiк жəне кейiнгi кеңестiк қоғамтанушылық ғылыми əдебиетке талдау жасау
этникалық қауымдардың бұрынғы жiктелуiнiң қазiргi этноболмысты бейнелей алмай
ескiргендiгiн немесе бiржақты сипат алатындығын көрсетедi. Əсiресе, экономикалық
детерминизм мен формациялық принципке негiзделетiн этникалық қауымдардың
дəстүрлi жiктелiсi қазiргi кезде өзiн-өзi ақтамайды. Бұл бiрiншiден, қоғамдық-
экономикалық формация теориясының дағдарысы себептi этникалық қауымның тайпаға,
ұлтқа бөлу көзқарасы ескiрiп қалса, екiншiден, тек экономикалық детерминизмге
негiзделу нақты шындықтың толық емес, қиылған кейпiн ғана бiлдiредi. Сол сияқты, өзiнiң
қалыпты жақтарының бар екендiгiне қарамастан, Ю.В.Бромлейдiң ұсынған этникалық
қауымдардың жiктелiсi де қазiргi талаптарға толық жауап бере алмайды, өйткенi ол,
жоғарыда көрсетiлгендей этникалық қауымдағы табиғи бастаудың рөлiн төмендетiп, оны
əлеуметтiк құбылыс ретiнде ғана сипаттайды. Соңғы қазақстандық жұмыстардың iшiнде
этникалық қауымдардың типологиясы туралы мəселенi қарастырған К.Е.Көшербаевтың
"Қазақстанның этносаясаты: жағдайы мен келешектерi" (А., 1996) еңбегiн атап өтуге
болады. Бұл жұмыстың авторы Ю.В. Бромлей жəне оның iзбасарларының көзқарасын
ұстанады. Бiрақ К.Е.Көшербаев өзге де авторлармен қатар этникалық топтың iшкi
бөлiнiсiн (этникалық азшылықтың) ирридентке жəне диаспораға жiктей отырып, берiлген
классификацияны
толықтырды.
Л.Н.Гумилевтiң
классификациясы
(жiктелiсi)
жаратылыстанымдық-ғылыми
принципке
негiзделiп,
өзiнiң
даралығымен
ерекшеленгенiмен, ол этникалық қауымның əлеуметтiлiгiн терiске шығарғандықтан өзiнiң
шектеулiгiмен көзге түседi. Жоғарыда айтылғандай, этникалық қауымның субъектi,
тасымалдаушысы адам болғандықтан оның табиғи бастауын əлеуметтiк негiздерден
ажыратып алу мүмкiн емес жəне адамның табиғи қасиеттерi де терең əлеуметтендiрiлiп
кеткендiктен оның табиғи қасиеттерi мен əлеуметтiк қасиеттерi бiр-бiрiнен ажырағысыз.
Адам этнофор болғандықтан, яғни белгiлi-бiр этникалық қасиеттерге ие
болғандықтан, ол осы екi жақтың да ажырамас тұтастығы түрiнде көрiнедi.
Л.Н.Гумилев этникалық қауымдардың күрделiлену деңгейiне қарай өзiнiң
классификациясын жасады, оның iшiнде ең қарапайым этникалық бiрлiк консорция болып
табылады. Алайда, оның анықтамасына қарап, консорцияны этникалық бiрлiкке жатқызу
қиын. Оның пiкiрiнше, консорциялар "əр түрлi тұрақсыз бiрлестiктер - үйiрмелер,
артельдер, секталар, содырлар жəне т.б., тез пайда болып, тез жойылады, кейде бiрнеше
ай ғана өмiр сүредi. Консорциялар бұл бiр тарихи тағдырлармен бiрiккен адамдардың
тобы". Келесi таксономикалық бiрлiк конвиксия болып табылады, оның қатарына "не
этностық өзегiне, не бiр субэтностың құрамына кiретiн бiр сипаттағы тұрмыспен жəне
отбасылық байланыстармен бiрiккен адамдардың тобын жатқызуға болады" (Гумилев
Л.Н. Этнос –состояние или процесс? // Этносфера: История людей и история природы.
М.,1993, 210-бет). Конвиксиялар бiрнеше ұрпақтардың алмасуында өмiр сүредi. Келесi
таксономикалық бiрлiктерге ол субэтнос, этнос, суперэтнос, гоминидтi жатқызады.
Этникалық қауымдардың бұл түрлерi жалпыға мəлiм болғандықтан, оларды толығымен
қарастырудың қажетi шамалы. Бұл берiлетiн жiктелуден көрiнетiнi, таксономикалық
бiрлiктердiң алғашқы екеуiн этникалық бiрлiкке жатқызу қиын, дұрысы бұлар этносқа
дейiнгi түзiлiмдер, сол сияқты екеуi де жеке этникалық қауымға жатпайды. Мұндай
жiктелiстiң нəтижесiнде этнографиялық топтар, этникалық топтар, метаэтникалық қауым
жəне т.б. этникалық түзiлiмдер мен оның маңызды түрлерi классификациядан тыс
қалады. Сондықтан да бiз бұрынғы жiктелiстердi талдау барысында ашылған ақтаңдақтар
мен кемшiлiктердiң орнын толтыратындай этникалық қауымның классификациясын
беруге тырысамыз.
Демек, кеңестiк, кейiнгi кеңестiк жəне қазiргi шетелдiк қоғамтанулық ғылыми
əдебиеттерге талдау жасау бар этникалық терминологияны универсалдандыру мен
унификациялауға ұмтылудың, этносаланы терең жəне жан-жақты зерттеу мақсатында
оларды тəртiпке келтiру мен жүйелеуге талпынудың барысында, əлемдiк ғылыми
қауымдастыққа тез жəне бейiмделе ену үшiн төмендегiдей классификация жасауға
мүмкiндiк бередi.
Этникалық қауымдарды жiктеуге кiрiспес бұрын "этникалық қауым" жəне "этнос"
ұғымдарының айырмашылығын бiлу қажет. Осыған байланысты "этникалық қауым" ұғымы
этникалық түзiлiмдердiң барлық түрлерi мен олардың таксономикалық деңгейлерiнiң
(субэтностардың, негiзгi этникалық бөлiктер мен метаэтникалық қауымдардың) "тектiк"
ұғымы ретiнде көрiнедi деп есептейтiн Ю.В.Бромлейдiң жəне В.И.Козловтың пiкiрiмен
келiсуге болады. "Этнос" терминi болса этникалық қауымдардың негiзгi бөлiгiн белгiлеу
үшiн ғана қолданылады. Этникалық қауымдардың классификациясын құрастыруда бiз
қарапайымнан күрделiге өту принципiн басшылыққа аламыз. "Этникалық категория" жəне
"этнофор" ұғымдары бiр мағынаны бiлдiредi, бiрақ "этнофор" түсiнiгi авторлардың
өздерiнен басқа əдебиеттерде қолданылмағандықтан бiз шетелдiк этнологияда кеңiнен
қолданыс тапқан "этникалық категория" ұғымын пайдаланамыз. Бұл ұғым жоғарыда
көрсетiлгендей өздерiн белгiлi бiр этноспен бiрегейлендiретiн бiр немесе бiрнеше
маркерлердi мойындайтын тұлғалардан құралатын этникалық қауымды бiлдiретiнi
белгiлi.
Күрделiлiгi жағынан келесi бiр таксономикалық деңгейдiң қатарына "этнографиялық
топтар" жатады. "Этнографиляқ топ" ұғымы айқын өзiндiк санасы мен өзiндiк атауы жоқ
этностың iшкi бөлiгiн белгiлеу үшiн пайдаланылады. Оларға, мысалы, солтүстiк жəне
оңтүстiк орыстарды жатқызуға болады. Келесi этникалық қауым да iшкi бөлiнiспен
байланысты, бiрақ бұл күрделi қауым, өйткенi олар этностың негiзгi массасынан ауызекi
тiлi, мəдениетi мен тұрмысы жағынан жергiлiктi сипатта ерекшеленедi жəне кейде өзiндiк
атауы мен дүбара болса да өзiндiк санасы болады. Мұндай этникалық қауымды
"субэтнос" ұғымымен белгiлейдi жəне олардың қатарына мысалы, орыс халқының
субэтностары ретiнде казактарды, поморларды жатқызуға болады. Мұндай бөлiнiстiң
барлығына тəн емес екендiгiн ескерте кеткен жөн, бұл көбiне өткенiнде де, қазiргi уақытта
да тiлдiк-мəдени қатынасында бiртұтас бүтiндiктi бiлдiрмейтiн iрi этностарда болады. Бұл
этникалық қауымдармен салыстырғанда "этникалық топтар" барлық этностарға тəн.
"Этникалық топтардың этностан, өзiнiң негiзгi массасынан ешқандай айырмашылығы
болмайды, бiрақ олардан алшақтап кеткендiктен, олардың территориялық тұтастығы
болмайды. "Этнос" пен "этникалық топ" арасындағы ең басты айырмашылық осымен
сипатталады. Этникалық топтар ұйымдасу жолдарының айырмашылығына орай, өз
кезегiнде, ирридента жəне диаспора деп бөлiнедi. Ирридента – бұл өзге мемлекеттiң
территориялық экспансиясының негiзiнде бөтен этникалық аймақтарды қосып алу
нəтижесiнде құрылған этникалық топтың бiр бөлiгi болып табылады; диаспора - өзiнiң
негiзгi этникалық территориясынан бөтен этникалық аймаққа миграция жасаудың негiзiнде
түзiлген этникалық топтың бөлiгi. Этникалық қауымдардың бiрлiктерi арасында "этноұлт"
ерекше көзге түседi. Бұл белгiлi бiр саяси құқықтарға ие болуға, ең алдымен жергiлiктi
өзiн-өзi басқару мен тiлдiк құқықтарды мойындатуға ұмтылатын этникалық топтың
саясаттандырылған бөлiгiн бiлдiредi.
"Этнос" барлық этникалық қауымдардың iшiндегi орталық таксон болып табылады.
Себебi, бiрiншiден, дəл осы "этностан" этникалық қауымдардың, этникалық жəне
этносаралық қатынастардың күрделiлену жағына қарай жəне қарапайымдану жағына
қарай өзгеру процесi басталады; екiншiден, барлық этникалық қауымдар арасында
"этнос" ең шатасып кеткен жəне пiкiр талас тудырушы этникалық бiрлiк болып табылады
жəне ол туралы осы уақытқа дейiн бiрауызды келiсiм жоқ.
Бiздiң пiкiрiмiзше оған мынадай анықтама беруге болады: этнос - өздерiн өзге
қауымдарға қарсы қоятын, шығу тегi жөнiнде ортақ мифi бар, өзiндiк сана-сезiмiмен,
өзiндiк атауымен (этноним) жəне өзiндiк бiрегейлiгiмен өзгелерден ерекшеленетiн күрделi
динамикалық жүйе. Бұл берiлген анықтама жүйелiк тəсiлге негiзделген, ол қасиеттердi,
сипаттық белгiлердi iздеуге емес, байланыстарға сүйенедi, өйткенi белгiлер этногенез
барысында өзгерiп, уақыт өте келе оның кейбiреулерi өзiнiң өзектiлiгiн жоғалтады.
Сондықтан бұрынғы анықтамалар этноболмыспен қайшылыққа келiп, олардың талабына
жауап бере алмайды. Сонымен, этнос ең алдымен күрделi, динамикалық жүйе, бiрiншiден
күрделi, өйткенi бұл географиялық, биологиялық, психологиялық, əлеуметтiк
құбылыстардың жиынтығы, олардың күрделi қосындысы; екiншiден динамикалық, өйткенi
ол дамудың барлық сатыларынан өтетiн, өркендеу мен құлдыраудан өтетiн өзгермелi
құбылыс; үшiншiден арнаулы жүйе бола отырып, ол арнаулы байланыстарға негiзделген
адамдардың бүтiндiгi. Бұл жүйелiк байланыстағы маңызды нəрсе "өзiмiз" жəне "бөтендер"
деген ажыратушылық принципке негiзделген өздерiн өзге этникалық қауымдарға қарсы
қоюшылық болып табылады. Əрбiр этностың өзiнiң щығу тегi жөнiнде мифi бiр. Оның миф
деп айтылатын себебi – бүгiнгi күнгi барлық этностардың өз негiздерiнде метистер
(будандар) екендiгi даусыз. Этностарды бiр-бiрiнен ерекшелендiретiн басты алғышарт
бейiмделудiң жоғарғы формасы болып табылатын жүрiс-тұрыс стереотипi. Жүрiс-тұрыс
стереотипi ұғымын түсiндiруде Л.Н.Гумилевпен келiсуге болады: "жүрiс-тұрыстың бұл
ерекше тiлi М.Е.Лобашев көрсеткендей, қан арқылы емес, шартты рефлекске негiзделген
сигналдық мұрагерлiк тетiгi арқылы берiледi жəне кейiнгi ұрпақтың ата-аналары мен қатар
құрбыларына елiктеу арқылы алынған жүрiс-тұрыс стереотиптерi сонымен бiр мезгiлде
бейiмделушi əдетi де болып табылады" (Этносфера, 101-102 беттер).
Қоғамтануда
жүрiс-тұрыс
стереотипi
əлеуметтiк
өзара
қатынастардың
модификациясы жəне дəстүр ретiнде белгiлi. Əрбiр этнос үшiн өзiнiң жүрiс-тұрыс
стереотипi өмiрқамының жалғыз тəсiлiн бiлдiредi, сондықтан да жүрiс-тұрыстың бұл типi
берiлген этнос үшiн қалыпты болғанымен, өзге этностар үшiн ауыр болып саналады. Бұл
мынадай қызықты тарихи айғақтармен дəлелденедi: "Иудейлер римдiктердi шошқаның
етiн жегенi үшiн жек көрсе, ал римдiктерге олардың сүндетке отырғызу дəстүрi ерсi
көрiндi. Палестинаны жаулап алған серiлер (рыцарлар) арабтардың көп əйел алу
дəстүрiне қарсы болса, арабтар француз əйелдерiнiң бетi ашық жүргенiн ұятсыздықтың
көрiнiсi деп есептедi". Жəне, ақырында өзiндiк сана-сезiм мен өзiндiк атаудың болуы
этностың ерекшелiк белгiсi болып табылады, өйткенi кез-келген халық өзiн этнос ретiнде
сезiнiп, өзiн өзгелерден этноним арқылы ажыратып алмаса, онда ол этнос ретiнде
қалыптаса алмайды.
Өзiндiк бiрегейлiк (самоидентификация) берiлген қауымның өзгелерден ерекше
жүрiс-тұрыс стереотипi бар, өзiн айрықша халық деп анықтауын бiлдiредi. Əрбiр этностың
болуы немесе болмауы, өрекендеуi немесе құлдырауы ондағы пассионарийлер мен
субпассионарийлерге байланысты. Пассионарлық теориясын Л.Н.Гумилев тiрi ағзаның
өсуi, көбеюi жəне барлық типте əрекет етуi тiрi заттың биохимиялық энергиясына
байланысты деген В.И.Вернадскийдiң жаңалығына негiздеп ашқан болатын. Адамзат
ұжымдарында (этностарда) энергияның тасқыны тарихи материалдарда пассионарлық
нүктелер ретiнде сипатталатын мақсатты түрде белсендiлiктiң оянуын тудырады.
Пассионарийлер – бұл сыртқы ортадан энергияны өз өмiрқамына арналған мөлшерден
артық ала алатын қабiлетi бар этностың бiр бөлiгi. Бұл энергия мақсатты түрде əрекет
етуге бағытталады, сондықтан берiлген этностың дамуы пассионарийларге бағынышты
болады. Бiрақ бiрде-бiр этнос үнемi даму жағдайында бола алмайды, ертелi-кеш
құлдырауға ұшырайды жəне бұл сол этникалық ортада субпассионарийлердiң, яғни
инстинкт қажеттiлiгiн реттеуге керек мөлшерден аз энергия қабылдайтын мутанттардың
пайда болуымен байланысты.
Этносқа қарама-қарсы антижүйе ретiнде Л.Н.Гумилев "химералық этнос" деген жаңа
ұғым енгiздi. Бұл сəйкес емес этноспен байланыс жасаудың нəтижесiнде пайда болатын
терiс дүниетанымдағы "деэтникалық қауымды" сипаттау үшiн қолданылды. Химералық
этностың негiзгi ерекшелiгiнiң бiрi, оларда "этникалық аннигиляция" орын алып, дамуы
мен онан ары өмiр сүруi тоқтатылады. Сондықтан этникалық қауымның бұл түрi онан ары
тармақталмайды.
Макроэтникалық немесе метаэтникалық қауымдар көпұлтты (полиэтникалық)
мемлекеттердiң құрамында қалыптасады. Бұл iшкi бөлiнiстер сақталғанымен этностар
мен этникалық топтар жалпы өзiндiк сана-сезiмге ие бола отырып iрi қауымға бiрiккен
жағдайда жүзеге асады.
Этникалық қауымдардың келесi деңгейi суперэтнос болып табылады. Суперэтнос өз
менталитеттерi жағынан бiр-бiрiне жақын бiрнеше этностардан құралады жəне үнемi
саяси бiрлiгi болмағанымен идеялық-дiни немесе мəдени жағынан бiртұтас болып келедi.
Суперэтнос туыс, дiнi мен мəдениетi бойынша жақын этностардан құралады.
"Суперэтнос" терминiнiң Л.Н.Гумилев ғылыми айналымға енгiзгенге дейiн бұл этникалық
қауым "өркениет", "мəдениет" немесе "əлем" ұғымдары арқылы анықталып келедi,
мысалы, "ислам əлемi", "шығыс өркениетi" жəне т.б. Суперэтнос жəне метаэтникалық
қауым сатының ең жоғарғы таксоны болып табылады. Этноспен салыстырғанда
метаэтникалық қауым жəне суперэтнос этноинтеграциялық байланыстың да,
этнодифференциялық байланыстың да баяу қарқынмен сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |