2-тарау. ҒЫЛЫМИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ ПРИНЦИПТЕРІ
Жоспары: 2.1 Ғылыми зерттеу, оның стихиялық, эмпирикалық зерттеуден айырмашылығы.
2.2 Педагогикалық зерттеулердің деңгейлері: әдістемелік, шығармашылық, эмпирикалық.
2.3 Педагогикалық зерттеулерді топтап бөлу.
2.4 Педагогикалық ғылымның әдіснамасы.
2.5 Әдіснамалық білімнің деңгейліктері.
2.6 Педагогикалық зерттеулерді әдіснамалық принциптер тұрғысынан қарау.
2.7 Мұғалімнің әдіснамалақ мәдениеті.
2.8 Педагогикалық зерттеудің құрылымы және логикасы.
2.9 Зерттеулердің негізгі кезеңдері
Практикалық сабақтар мазмұны: №2 Зерттеу мәселесі мен тақырыбын анықтау – ғылыми ізденістің басы
Мақсаты: Зерттеу жұмысы мәселені анықтаудан басталғандығын дәлелдеу.
Жоспары
Мәселе (проблема) туралы түсінік.
Мәселенің шығу көздері
Тақырып, оны негіздеу
Тақырыпқа қойылатын талаптар
Тапсырма. Мәселенің шығу көздеріне байланысты, белгіленген қайшылықтың зерттеу тақырыбында бейнеленуіне сүйене отырып, өзіңіздің болашақтағы курстық және дипломдық жұмысыңыздың тақырыбын анықтап, негіздеңіз.
Әдістемелік нұсқау Педагогика, психология сөздіктерінен мәселені (проблеманы) қалай түсіндіретінін анықтап алыңыз. Дәріс материалдарына сүйене отырып, тапсырманы орындаңыз.
2.1 Ғылыми зерттеудің стихиялы-эмпирикалық зерттеуден айырмашылығы Ғылым аймағындағы іс-әрекет – ғылыми зерттеу таным үдерісінің ерекше формасы екені белгілі. Белгілі бір нысананы мақсатты зерттеуге бағытталады, оның барысында ғылым құралдары мен әдістері қолданылады. Нәтижесінде зерттеу нысаны туралы білім алынады.
Танымның тағы бір формасы – стихиялы-эмпирикалық. Педагогикада танымның осы екі түрінің айырмашылығы нақтылы көрсетіле бермейді. Болашақ мұғалімдердің оның ерекшеліктерін білгендері жөн. Педагог-тәжірибеші алдына арнайы мақсат қоймай-ақ, ғылыми танымның құралдарын қолданбастан зерттеуші жағдайында болуы мүмкін. Осы тұрғыдан қарастырғанда ғылыми білімді тәжірибелік педагогикалық іс-әрекет процесінде алуға болатындығы алға тартылады. Бірақ бұл тұжырым дұрыс емес. Ғылыми танымдық деген ерекше үдеріс. Ол адамдардың танымдық іс-әрекетінен, таным құралдарынан, оның нысаны мен білімдерінен құрастырылады.
Стихиялы-эмпирикалық білім әруақытта алғашқылардың қатарынан табылады Стихиялы-эмпирикалық білімнің көзі – адамдардың нысаны мен сан алуан тәжірибелік іс-әрекеттері. Адамдар өз тәжірибесі арқылы осы нысананың қасиеттерін біледі, онымен әрекет жасау жолдарын үйренеді. Стихиялы-эмпирикалық білім адамдардың көп ғасырлық тәжірибесіне негізделеді. Педагогика саласында стихиялы-эмпирикалық білім көзі халықтық педагогикада ғасырлар бойы тәжірибеден өткен педагогикалық құндылықтар қалдырды. Мысалы, мақал-мәтел, тәрбие ережелері т.б. оларда белгілі бір педагогикалық заңдылықтар бейнеленген. Мұғалім де тәжірибелік педагогикалық үдеріс барысында білімін толықтыра түседі.
Ғылымдағы танымдық іс-әрекетті арнайы дайындығы бар адамдар тобы жүзеге асырады.
Ғылыми-зерттеу танымдық құралдар, ғылыми зерттеу әдістерін өмірге әкеледі және зерттеуде қолданылады, ал стихиялы-эмпирикалық танымда бұл көрінбейді. Мысалы, ғылыми-танымдық құралдарына модельдеу, теория жасау, болжау, эксперименттеу жатады.
Ғылыми танымның стихиялы-эмпирикалық таным үдерісінен ерекшелігінің бірі тәжірибеде кездесетін мәселелерді ғана зерттеумен шектелмей, сонымен қатар, ғылым дамуы барысындағы анықталған мәселелерді де зерттейді. Сондай-ақ ғылыми білімді стихиялы-эмпирикалық білімнен ажырату мақсатында критерийлер дайындалады. Стихиялы-эмпирикалық таным әруақытта табиғи тілмен берілсе, ғылыми білім табиғи тілмен қатар арнайы символикалық және логикалық құралдарды пайдаланады.
Ғылыми танымның стихиялы-эмпирикалық танымнан ерекше айырмашылығы оның жүйелі және мақсатты сипаты, мәселені шешуге бағытталуы.