ББК 74.04 я 73
Қ 39
Пікір жазғандар: Ш. И. Жанзақова – педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
К. Ж. Қарақұлов – педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
Т. Ә. Ботағариев – педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
С. Е. Қаңтарбай, Ж. А. Жүсіпова Қ 39 Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесі. Оқулық. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір» 2011 ж. – 219 бет.
Оқулық Қазақстан Республикасының жоғары кәсіби білім берудегі жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына сәйкес 5В010200 – «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», 5В010300 - “Педагогика және психология” мамандықтары бойынша “Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі” курсы жалпы кәсіби пәндердің қатарына жатады.
Даму инновациялық үдеріс, жаңалықтарды табу және игеру процесі арқылы жүзеге асады. Қазіргі мұғалім үлкенді-кішілі мәселелерді шешетін зерттеуші болып табылады. Сондықтан әдіснаманы меңгеру және ғылыми ізденістің әдістемесін игеру мұғалімдер даярлаудағы маңызды іс болып саналады.
Пәннің аты – ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесі. Осында ғылыми зерттеу, педагогикалық зерттеу, әдістеме деген ұғымдар бар.
Ғылыми зерттеу – танымдық үдеріс, оның өзінің логикасы және құрылысы бар іс-қызмет (проблеманы анықтау, тақырыпты белгілеу, мақсаты, обьектісі, пәні, болжам, міндеттер, әдістер).
Ғылымның мақсаты мен қызметі – адамның өзі және оны қоршаған әлем жөніндегі білімдерді жасап шығару болып табылатын адамзаттың іс-әрекет шеңбері, қоғамдық сананың бір түрі.
Қазіргі ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды (тұлғаны) қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және жеке адамның шығармашылық, рухани және тәни күш қуатын жетілдіру, жеке тұлғаның жан-жақты толысуына жағдай жасай отырып, зерделі азамат даярлау міндеті көзделген. Демек, студенттерді қоғам өмірінің барлық саласында да, соның ішінде білім алуда да тек деректер жинап, жалпы ақпарат алумен шектелмей, терең білімді ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын, бәсекеге түсе алатын маман ретінде тәрбиелеу уақыт талабынан туып отыр. Ғылымның бүкіл саласында білім мазмұны тереңдеп, оның ауқымы қауырт өсіп отырған қазіргі ғылыми-техникалық өрістеу кезеңінде бұл міндеттердің жүзеге асуы әрбір шәкіртте танымдық ізденімпаздық қалыптасуына тікелей байланысты.
Қазіргі жастар жоғары кәсіби деңгейде даярлығы болуымен қатар, ол өзін қоршаған дүниені ізденімпаздықпен (шығармашылық) танып-білуі тиіс.
Педагогикалық жоғары оқу орындарында студенттерді ғылыми- педагогикалық, зерттеушілік қызметке даярлау, шын мәнінде әлеуметтік-педагогикалық мәселеге айналып отыр.
Курстың мақсаты – студенттерге ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесін меңгерту. Міндеттері: болашақ мұғалімдердің іздену-зерттеу іс-әрекетіне бейімділігін дамыту; педагогикалық процесс міндеттерін шығармашылықпен шешу; зерттеудің әдіснамалық негіздерін игеру; түрлі ақпараттық көздермен жұмыс істеу біліктері мен дағдысын қалыптастыру; зерттеу нәтижелерін өңдеу, жинақтау және ғылыми ұсыныстар беруге үйрету.