Мольер «Сараң» (1668) комедиясының сюжетін ежелгі Рим комедияшысы Плавттың «Күзе» («Көмілген қазына») комедиясынан алған. Бірақ, Рим драмашысы сомдаған сараң образы Эвклион кедей, ол бір күзе алтын тауып алған соң ғана дүниеқоңыздыққа салынады. Мольердегі сараң Гарпагон байлық жинауға ден қойған ақша дүниесінің өкілі.
«Сараң» - Мольердің типтік «характерлер комедиясы». Бүкіл мақсат бас қаһарман характерінің жалпы жақтарын емес, ал Гарпагон бойындағы негізгі қасиет болған сараңдықты ашуға бағытталады. Пьесаның орталығында Гарпагон образы тұрады.
Өте сараң Гарпагон өз байлығын барлық жаннан қызғанады. Ол байлықты тіпті өз перзенттерінің тойына да жұмсамайды. Гарпагоннан біреу ақша сұраса, оның жүрегіне қанжар салғандай болады. Сол үшін Лафлеш оны «адамдар ішіндегі ең залымы, арсызы» деп атайды. Сараңның қызы Элиза Валер есімді жігітті сүйеді. Бірақ ол Элизаны саудагер Ансельмге бермекші болады. Өйткені, саудагер қыздың жасауын сұрамайды. Бірақ Гарпагон өз ұлына тұрмысқа шығатын қыздың жасауын сұрайды. Ұлы Клеант Мариананы сүйеді. Бірақ онда қызға беретін қалыңмал жоқ. Сондықтан жақында әкесінен қалатын мұрадан қайтарамын деп басқа байдан несие алуға бел буады. Бірақ қарыздан 25 пайыз талап еткен байға Клеант «Бұл нағыз тонаушылық қой!» дейді. Несие беруші мен несие алушы кездескенде, олар әкелі-бала Гарпагон мен Клеант болып шығады.
«Сіздің ше, кім қылмыскер?»,- дейді ызаға булыққан Клеант,- жоқшылыққа кездесіп, үлкен пайызбен несие алуға мәжбүр болған жан ба, әлде айла-шарғымен оны қолға түсірген дүниеқоңыз ба?». (57. 308).
Гарпагон айналасындағы адал жастар Клеант, Элиза (сараңның перзенттері), Валер, Мариана (Ансельмнің перзенттері), епті қызметкерлер Лафлеш, Жак, Клод, Фрозина және басқаларға кездеседі.Жастарақшанымұқтаждықтанқұтылып,бақыттыөмірсүру үшін пайдалануға ұмтылады. Олар Гарпагонның мейірімсіздігіне, ақшақұмарлығына қарсы қойылады. Қызметкерлер сараң әкеге
емес, жас Клеанттың сүйген қызына қосылуына жәрдемдеседі. Осы мақсатта Лафлеш сараңның алтындарын ұрлайды. Бұл комедияның кульминациясы болып табылады. Байлықтан айрылған Гарпагон есеңгіреп қалады, енді өмір сүру ол үшін өз мәнінен айрылады. Ол ұрыны іздейді. «Тоқта! Бұл кім!» деп өз қолын ұстап алады. Бірақ ұры әлі табылған жоқ. Барлық адамға күдікпен қарап, ұры деп ойлайды. Барлық адамның дарға асылуын тілейді, егер алтын табылмаса, өзін де дарға аспақшы болады.
Шығармада белгілі дәрежеде болса да классицизм принциптеріне тән абстрактілік пен қаһармандардағы шарттылық көрінеді. Бас қаһарман айналасындағылар жақсы адамдар, бірақ олардың (Клеант, Элиза және Мариана) тартқан азаптары сол жарамсыз ортаның нәтижесі екендігі толық ашылмайды. Гарпагон бойындағы сараңдық тек жағымсыз мінез ретінде ғана беріледі.
Гарпагонның дүниеқоңыздыққа салынуы, сараңдығы, өзімшілдігі оны адамгершіліктен шығарады, байлық үшін ол өз балаларынан да бас тартады. Жазушы сараңдықты адам мінезіндегі кемшілік сипатында бейнелейді. Әлем әдебиетінде сараңдықтың апатты әсерін суреттеген бірнеше образдар бар. Бұлар Шекспирдегі Шейлок, Бальзактағы Гобсек пен Гранде, Пушкиндегі сараң сері, Гогольдегі Плюшкин, Абайдағы Ескендір және тағы басқалар. Бұл жазушылар дүниеқоңыздықтың әлеуметтік себептері мен оның жиіркенішті жақтарын ашып көрсетеді. Мольер Гарпагон образы арқылы сараңдықты мінез кемшілігі сипатында беріп, оны сынға алады. Гарпагонның басқа мінездері ашылмаған. Сондықтан да Пушкин Мольердің характерлер жасау әдісін сынға алып, оған бойында көп кемшілігі бар, қайратты жандар характерін жасаған Шекспирдің реалистік әдісін қарсы қояды. «Шекспирдегі Шейлок – сараң, кекшіл, перзентсүйгіш, шешен, Мольердегі сараң – тек сараң ғана», дейді.
Мольердің соңғы комедияларының бірі «Жалған дертте» (1673) жазушының реалистік шеберлігінің едәуір өскендігін байқаймыз. Шығармадағы сәтті шыққан образдардың бірі - буржуа Арган образы. Оның аяр, байлықтан басқа ештеңені ойламайтын жан екені жарқын бейнеленген. Кейінгі комедияларында суреттелген қарапайым адам мінезіндегі жақсы қасиеттер ақшаға құл болған өзімшіл, айлакерлерге (Арган, Белина, Диафуарус, Пургон) қарсы қойылған Туанета образында айқын көрінеді. Ол өзі тәрбиелеген
Арганның балаларын жақсы көреді, оларға анасы сияқты қамқорлық жасайды. Оларды қорғап, бұзық ниеттегі адамдардың жаласын әшкерелейді. Туанета жазушының «Скапеннің ойраны» (1671) комедиясындағы бас қаһарман қызметкер Скапен сияқты жастарға мейірімді. Пьесада адамды байлыққа қызығушылық апаттан сақтап қалатын әлеуметтік өзгеріс болуы керек деген қорытынды келіп шығады. Бұл шығарма драмашының реалистік таланты толыса түскендігін көрсетеді.
Француз ұлттық драматургиясының негізін салушылардың бірі болған Мольердің әдеби мұрасы өте құнды. Өйткені, Мольер сол замандағы әдебиет теорияшылары «төмен» деп атаған комедияны жоғары сатыға көтеріп, оны халықтың сүйікті жанрына және феодалдық-ақсүйектік озбырлықты, діни зұлымдықты, ақшаның апатты әсерін сынға алған өткір күрес құралына айналдырды.
ХVІІ ғасырдың аяғы және ХVІІІ ғасырдың басында өмір сүрген драмашылар Лесаж, Вольтер, Бомарше, ағылшын жазушылары Драйден, Фильдинг және басқалар Мольердің реалистік дәстүрлерін терең үйреніп, одан кең түрде пайдаланды. Мольердің комедиялары Ресейде ХVІІ ғасырдың аяқтарында сахнаға қойыла бастады. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жазушының негізгі комедиялары атақты орыс драмашыларының пьесалары қатарында халық назарын өзіне аударды. Пушкин, Гоголь және Белинский Мольер комедияларындағы қайшылықтарды, реализміндегі шектелгендікті айта келіп, оның шығармашылығына жоғары баға берді. Оның пьесаларын сахналандыруда К.С. Станиславскийдің еңбегі ерекше болды.
Қазақ сахнасында «Тартюф», «Скапеннің ойраны», «Cараң» комедиялары сәтті қойылып келеді.