Метафаза. Метафазада хромосомалардың ширатылуы күшті жүреді және полюстерден бірдей қашықтықта орналасқан қысқарған хромосомалар жасуша экваторына бағытталады. Бөліну ұршығының түзілуі аяқталады. Хромосомалардың центромерлі бөліктері белгілі тәртіппен бір жазықтық бойына орналасады. Метафазада центромер аймағында ғана байланысқан екі хроматидадан тұратын хромосома анық көрінеді. Әр хромосома екі хроматидадан тұрады. Экватор жазықтығына жинақталған хромосомалардың әрқайсысы центромерлер арқылы ахроматин (бөліну жіпшесі) жіпшелеріне жабысады. Ахроматин жіпшесіне бекінген хроматидалар жасушаның екі жақ полюсіне жылжиды. Бұл үдеріс анафазаның басталғанының белгісі.
Анафаза. Анафазада центромерлер бөлінеді де, осы кезеңнен бастап ахроматин жіпшелеріне бекінген хроматидалар бір-бірінен ажырап, жеке хромосомаларға айналады. Центромерлерге бекітілген жіпшелер хромосо маларды жасуша полюстеріне тартады, ал хромосома иықтары центромерлерге қарай енжар түрде ілеседі. Сонымен интерфаза кезеңінде екі еселенген хромосомалар анафазада хроматидаларға айналып, жасушаның полюстеріне ажырайды. Жасушаның әр полюсінде бір хроматидадан тұратын хромосома жиынтығы пайда болады. Анафазаның соңында хромосоманың шиыршығы жазылады, хромосомалар біртіндеп жіңішкеріп ұзарады. Бұл телефазаның бастамасы.
Телофаза. Жасушаның митоздық бөлінуін телофаза аяқтайды. Хромосомалар полюстерге жиналып, шиыршығы жазылып, нашар көрінеді. Цитоплазманың мембраналық құрылымынан ядро қабықшасы түзіледі. Жануарлар жасушасында цитоплазма екі кішкене мөлшерлі жасуша денешіктеріне тартылу арқылы бөлінеді. Оны цитокинез деп атайды. Олардың әрбіреуінде бір диплоидты хромосома жиынтығы пайда болады. Хромосомалар екі жас жасушаға тең бөлінеді. Ядрошық түзіледі. Бөліну ұршығы бұзылады. Аналық жасушадан екі жаңа ұрпақ жасушалары түзіледі.
Жасушаның тіршілік циклі митоз – салыстырмалы түрде қысқа кезең, ол әдетте, 0,5–3 сағатқа созылады. Зиготаның алғашқы митоздық бөлінуінен бастап, соңында түзілген барлық жаңа ұрпақ жасушаларында хромосома жиынтығы мен гендер бірдей болады. Сондықтан митоз бөлуге болады – бұл жаңа ұрпақ жасушалары арасында генетикалық материалдар тең мөлшерде бөлінетін жасушаның бөліну әдісі. Митоз нәтижесінде екі жаңа ұрпақ жасушаларында диплоидті хромосомалар жиынтығы пайда болады