Митоздың биологиялық маңызы. Көпжасушалы организмдерде генетикалық материал сақталмаса, мүшелер мен ұлпалардың құрылыстары мен қызметі тұрақты болмас еді. Митоз тіршілік үшін қажетті: эмбриондық даму, өсу, зақымданғаннан кейін органоидтар мен ұлпаларды қайта қалпына келтіру (регенерация), ұлпалардың қызметі кезінде тіршілігін жойып отыратын жасушалардың орнын толықтыру (тіршілігін жойған эритроциттердің, түлеген тері, ішек эпителии жасушаларының орнын алмастыру) сияқты құбылыстарды қамтамасыз етеді.
Тіршілік дамуының негізгі қасиеті – көбею. Көбею тіршіліктің маңызды қасиеті ретінде организмдердің құрылымдық-қызметтік ерекшеліктерінің ұрпақтарға берілуі мен өмір бойы сақталуын қамтамасыз етеді. Көбеюдің басты маңызы – ДНҚ молекуласында нуклеотидтер реттілігі түрінде жазылған генетикалық ақпараттың сақталуы, іске асырылуы және ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдануы.
Табиғатта көбеюдің екі негізгі формасы белгілі: жынысты және жыныссыз. Жыныссыз көбею кезінде қарапайым, жыныссыз жасушалардың бөлінуі арқылы жаңа түр пайда болады. Жыныссыз көбею әртүрлі жолдармен жүзеге асады. Балдырлар, саңырауқұлақтар, мүктер, қырықбуындар, қырықжапырақтар тәрізділерде көбеюдің спора түзу жолы кеңінен тараған. Қолайлы жағдайда әрбір спорадан бір дара түзіледі. Әдетте, споралар тығыз қабықпен қапталған, ол спораны қолайсыз жағдайлар әсерінен қорғайды. Спора түзу қарапайымдыларда кездеседі.
Жыныссыз көбеюдің тағы бір түрі – бүршіктену арқылы көбею кезінде аналық жасушада алдымен ядросы бар кішкентай төмпешік пайда болады. Бүршік өсіп, аналық жасушаның мөлшеріне жеткен кезде одан бөлініп кетеді. Мысалы. ашытқы саңырауқұлақтары, кейбір инфузориялар. Көпжасушалы жан-уарларда (тұщы су гидрасы) бүршік дене қабырғасының екі қабаты энтодерма мен эктодермадан тұрады. Бүршік ұзарып, оның алдыңғы ұшында қармалағыштарымен қоршалған ауыз тесігі түзіледі. Бүршіктенудің соңында кішкентай гидра түзіледі. Ол аналық организмнен бөлініп, жеке тіршілік ете алады.
Өсімдіктерде жыныссыз көбею вегетативті дене бөліктері арқылы жүреді, мысалы, қалемшелер (ағаш, тал), мұртшалар (таңқурай), түйнектер (картоп), пиязшықтар (қызғалдақ), т.б. Мұндай көбею вегетативті көбею деп аталады.
Кез келген жыныссыз көбеюде барлық ұрпақтарда аналыққа ұқсас генотиптері болады. Жыныссыз көбеюде тек нақты бір түр санының өсуі жүреді, ол түр ішіндегі генетикалық әртүрліліктің болуына әсерін тигізбейді. Қоршаған орта жағдайларының өзгеруі әсерінен түзілетін пайдалы, жаңа белгілер тек мутация нәтижесінде болады.